«Жас Алаштың» 2019 жылғы 19 наурыздағы санында аса көрнекті қоғам және мәдениет қайраткері Олжас Сүлейменовтың тұрағына шабуылдар жасаған келесі материал жарияланған еді. Көңілді құлазытқан осы сындарға мен қарсы пікір білдірген едім. Бірақ, газет оны тұтас жарияламады. Дегенмен, «Олжас Сүлейменов немесе Қазақ зиялылары нені түсінбейді» деген атпен, талдау жасаған еді (11. 04. 2019). Сол мақаланы «ЖА-ға» жіберілген нұсқасын сол қалпында көпшілікке ұсынып отырмын.
САЯСАТШЫ МЕН ЗИЯЛЫ: КОНСЕНСУС КЕРЕК
Өзімді көптен қобалжытып жүрген бір жайға тоқталмасыма болмады. Ол саяси пікірталастар мәдениетіне қатысты. Өйткені, адамдардың арақатынас мәдениеті кез келген игілікті іс тындыруға қажетті үш фактордың (иерархия, қаражат) бірі болып табылады. Мәселені конструктивті талқылау болмағанда ешқандай тиянақты іс тындыру мүмкін емес. Сондықтан бұл жерде саяси қайраткерлер мен зиялылар арасындағы қатынастар мәдениеті туралы бірер сөз айтпақпын.
Біздің арамызда өзгенің өзіне жақпаған пікіріне қарсы уәж айту керек болғанда оған өлтіре соққы беруге тырысу жиі ұшырасады. Сынаушы эмоцияның жетегімен, мәнге қатыстыдан тайқып, қарсыластың жеке басына шабуылға ауысып кетіп отырады. Бұл жолда ол сөз талғамайды. Қайткен күнде, қарсыластың тұлғасын мейілінше тұқыртуға, арына тиюге тырысу алға шығады.
Саяси оппозицияда жүрген жігіттер қоғамның даму үдерісіне ықпал ете алатын зиялы өкілдерімен тіл табыса алмай келеді. Олардың кейбіреулері халық арасында кең танымал, көпшілікті аузына қарата алатын, беделді адамдармен қайтып жүздеспейтіндей бет жыртысты. Мұның арты елдің игі жақсыларының ұлт мүддесі жолында бас біріктіре алмайтындай жағдайға соқтырып отыр.
Қазір бізде алыпқа тасадан тас ату мәртебе саналатын болды. Оның мысалы ретінде О. Сүлейменовтың жағасына жармасудың сәнге айналуын келтіруге болады. Олардың арасында менің «Азат» қозғалысы басталғанан бері ниеттес болып, жорықтарға бірге шығып жүрген серіктестерімнің де болғаны қынжылтады.
Осы жазбаларымда мен соңғы жылдары ұлы ақынның тұрағына бағышталған көп сөзді терейін деп отырған жоқпын. Тек «Жас алаштың» осы жылдың 19 наурызындағы санында жарияланған материалдарға қатысты кейбір ойларымды ортаға салмақпын. Сынаушылардың бірі О. Сүлейменовтың президентке саяси қарсылас болуының себебін биліктің «Невада-Семей» қозғалысының қаржысын тексергендігімен түсіндірген екен. Расында да солай болып па еді?
Жоқ, әрине. Түгел керісінше. Ол жылдары О. Сүлейменов М. Шахановпен бас қосып, партия құрып, кезекті президент сайлауына қатысатыны жөнінде мәлімдегенде халықтың басым көпшілігінің «Халықтық конгрестің» соңынан еріп кету мүмкіндігі туған болатын. Мінеки, дәл осы жағдай биліктің зәресін ұшырды. Жаңа партияның дәуірлеп, халық арасында беделі аспандап кету мүмкіндігін аңғарған билік қарап отыра алмады. Қоғамдық қордың қаржысын тексеруі осының реакциясы ретінде көрініс берген болатын.
Қазақта «өтірікшіге сенбе, оның сөзінің қисынына сен» деген бар. Қисын мынаған меңзейді. Биліктің мұндайда тек былғаныш политтехнологияларға жүгінетіні белгілі. Осыдан полигоннан зардап шеккендер үшін жиналған қаражаттың қолды болуы, оған шодимашибтің араласуы – бәрі биліктің өзі ұйымдастырған әрекет емес пе деп жорамалдаудың жөні бар. Биліктің арандату, іріткі салу, өз қолымен шіріткенін біреуге жабу, жалған іс қозғау, «қатерлі ұйымның» өз ішінен сатқындарды тауып, солар арқылы әрекет ету,.. амалдарын үнемі қолданатыны бесенеден белгілі жайлар.
О. Сүлейменовты, «партиясын, серіктестерін тастап, Италияға кетіп қалды» деп кіналау әділеттілікке жатпайды. Ол өзі құрған партиясы мен серіктестерін тастап, кете беретін, ондай «ұятты нәрсеге» (одан да өткен ауыр моральдық айып) баратын адам емес. Мұндай айыпты биліктің саяси аренада өзімен қарсыласуға қабілеті бар, танымал қайраткерлерді қауіпті күшке айналып бара жатқан кезінде елшілік қызметтерге баруға мәжбүр ететінін білмейтін адамдар ғана тағуы мүмкін.
Осы арада Қазақстан Коммунистік партиясы мен «Ақжолдың» тағдыры ойға оралады. Шынтуайттап келгенде С. Әбділдин де, Б. Әбілов пен оның серіктестері де партияларын тастап кеткен жоқ. Солай етуге мәжбүр болды. Солар сияқты, «Халықтық конгреске» қарсы жасалған қастандықтың барып тұрған қитұрқы формаларына Олжас та төтеп бере алмады. Италияға елшілікке еріксіз кетті. Қазақстан билігі өзіне қауіп төндіруі мүмкін кез келген ұйымды құртудың барып тұрған пасық жолдарын жете меңгергені баршаға аян. Әкімшілік, қаржылық, күштік ресурстардың барлығын қолына жинақтаған биліктің былғаныш әрекеттеріне қарсы тұра алмағаны үшін аталған қайраткерлерді кіналауға болмайды. Ондай күш қазір де жоқ. Бұл жерде біз қаншалықты батыр болса да, олардың мыстанның сұмпайылығына қарсы тұра алмай қалуына ұқсас феноменмен ұшырасып отымыз.
Енді ақынға тағылған өзге кіналардың кейбірінің мағынасына үңіліп көрейік. Сынаушы Олжас «өзінің жеке басын қорғау үшін президентке қарсы шықты» деген екен. Авторитарлық режим жағдайында жеке басын қорғағысы келгендер президентке қарсы шықпайды, керісінше, одан пана іздеп, бауырына тығылады.
* * *
«Толық тәуелділік үлкен қатер» деп айды аспанға шығарды».
Бұл жерде терең мағыналы, философиялық тұжырымды сынаушы түсіне алмай, әділетсіз кіналап отыр. Тұжырымның мәні мынада: адам қоғамнан тыс өмір сүре алмайды. Сол сияқты, қоғам да адамзат өркениетінен жырақ өмір сүре алмайды. Ынтымақтасып өмір сүру – Жер жаһанындағы барлық қоғамдардың маңдайларына жазылып тасталған тағдыр. Тарихта әр кезде түрлі қоғамдардың жабық формаларда өмір сүруге тырысулары болған. Олардың бәрі тоқырауға ұшырады. Олжеке осы тұжырымымен абсолюттік тәуелсіздік дегеннің болмайтынын, барлық қоғамдардың өзара тәуелділікте («взаимозависимость» – О.С.) дамитынын, глобализациядан, интеграциядан еш қоғамның сытылып кете алмайтынын меңзеп отыр. Оны «тәуелсіздіктен бас тартайық» деп отыр дегенге келтіріп, бұрмалап түсіндірудің моральдық салмағын сынаушы ескере алмаған.
* * *
«Әпсәтте оппозиционерге айналып шыға келді»
О. Сүлейменов тумысынан оппозицияда. Оны анық білетін билік иелері тәуелсіздіктен бұрын, сонау 1986 жылы Алматыда жастар наразылығы басталмай жатып, оны үйқамаққа алған болатын.
Олжекең коммунистік биліктің түнек орнатқан дәуірінде найзағайдай жарқылдып шығып, бұқаралық сананы ұлттық идеяларға бет бұрғызды, тоннельдің түбіндегі жарықты көрсетті. «Біртұтас совет халқына айналуды» толық мойындап, сол тезиске шын пейілімен беріліп, ет комбинатына айдалып бара жатқан қойдай жөңкіліп бара жатқан халқына тоқтау салды. Сол үшін Олжекеңді халық қадірледі, сүйді, мақтан тұтты. Ол жастардың ғана емес, бүкіл қазақ қауымының идеалына айналды.
* * *
«Екі ай ішінде саяси көзқарасын өзгертті. Саяси екіжүздігін танытты».
Осы жолдарды оқығанда менің ойыма Қазақстан Компариясының 1986 жылғы желтоқсан пленумы, ондағы ақынның Д. Қонаевқа қатысты тұрғысы оралып отыр. Өзгелер бірден Г. Колбиннің жүзін көре салып, оның етегінің шаңын қағып жатқанда, үзеңгіден аяқ суырып жатқан қазақ саясатшыларының патриархына көзқарасын өзгертпей, адалдығын жариялай танытқан осы жалғыз Олжекең ғана болмаппа еді.
* * *
«Компартияның бағыты оның ұстанымын айғақтайды».
Бүл да – шындыққа жанаспайтын, үстірт байлам. Коммунист атаулының басым көпшілігі сияқты, Олжас та большевиктер партиясына шын берілген жоқ. Кеңес Одағының Коммунистік партиясының серкелерімен ол коммунистердің идеалын қорғау үшін арыстанша айқасқан жоқ. Ол бергісі қазақтың, арғысы ұлы түріктің ежелгі мәдениетін қорғау үшін басын бәйгеге тігіп, күреске шыққан болатын.
* * *
Кейбір репликалардың тасталуының өзіндік себебі болғаны көрінеді. Олжекеңнің Н. Назарбаевтің президенттік өкілеттігін 2020 жылға дейін сайлаусыз ұзартуды қолдауының мәнін де сынаушылар түсінбеген деп есептеймін. Кезінде мен де бұл ұсынысты басқаша қабылдаған едім.
Иә, Олжекеңнің кейбір сөздері сізге ұнамаған шығар. Маған да үнамаған тұстары болды. «Япыр-ай, не себептен осылай айтты екен» деп қынжылған кездерім болды. Қазір ақынның айтқандарының кейбіреулерінің мағынасын көпшілік түсінбегенін көріп отырмын. Жоғарыда ондайдың бірнешеуін мысалға келтірдім. Кейде Олжеке расында да солай деп пе еді деген сұрақтың қойылуында да гәп бар. 1976 жылы «Казахстанская правдада» Олжекеңнің атынан өкінген хаттың жарияланғаны көзқарақты адамдардың есінде болар.
Егер маған ұнамаған сөздері ақынның щынайы тұрғысын білдіргеннің өзінде ол оның жағасына жармасуға себеп бола алмаса керек еді. Осының бәрі Қазақтың мың жылдық тарихындағы тұлғаға, халықтың маңдайына біткен біртуар азаматқа қарсы кім болса – соның жабыла кетуіне жол бермеуі керек еді.
«Өле берсін күншілдер күйігінен,
Өз ғасырым өзімнің иінімде.
Ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты,
Мен өлемін өзімнің биігімде».
Бұл жолдарды Т. Айбергенов Олжекеңе арнап жазғандай. Олжекеңнің рухани күшін, әдебиеттегі дара жолын, ғылымдағы тың соқпағын, саясаттағы адуынды екпінін, Ұлы даласына, халқына деген шексіз махаббатын сезбеген саналы қазақ жоқ. Оның ұлт үшін, Отан үшін еткен еңбегіне тең келер еңбекті әзірше еш қазақ жасай алған жоқ. Оның рухы қазақтың мың жылдық тарихында өмір сүрген ұлылардың бәрінікінен жоғары – өз биігінде қалықтап тұратын болады.
* * *
Осы ойлардан өрбитін негізгі тұжырым мынау: қазақ зиялылары ұлттық мүдде тұрғысынан бас біріктіру қажеттігін түсінетін деңгейге әлі жете алмай келеді. Қазіргі қазақтардың да, XVIII ғасырдың сұлтандары сияқты, ұлы жолда ындыны тоғыспайды. Біз түбінде адамның еркін, қоғамның демократиялы болуы керектігін түсінеміз. Бірақ, ұлттың түпкілікті мүддесі үшін ұжымдық әрекетті бірлесіп атқаруды білмейміз.
Ешкім өзінің экзистенциялық даралық шеңберінен шыққысы келмейді. Бәрі тек менің ойлағанымдай болсын деген эгоистік тоңмойындыққа бой алдырған. Екінші біреудің көзқарасымен, ұсынысымен санасу жоқ. Оппозициялық топтардың жетекшілері өзгелерді тек менің шарттарым бойынша маған қосылсын дейді.
Өсер елдің түрлі идеологиялық нысана көздеген қайраткерлері бағыттары түйіскен тұстармен келісіп іс тындырып жатады. Ал біз біреудің құлағымызға жақпай қалған бір сөзі үшін оны қауып алуға дайын тұрамыз. Ол адам танымал қайраткер болса, тіпті қатты арсылдаймыз. «Кесектігімізді» осылай білдіруге тырысамыз.
Әр зиялы түрлі бағыттардағы әріптестерімен ұлттық мүддеге қатысты ойларының тоғысқан тұсын бетке ұстай отырып, консенсус негізінде достасуды міндет деп қабылдау керек. Қоғамның тағдыры саяси бірлескен күресті конструктивтік ұстаныммен, ынтымақтаса жүргізу арқылы шешіледі. Тек бірлескен әрекет қана түпкілікті мақсатқа жеткізе алады. Мұны түсінбеген адамның саясатқа араласпай-ақ қойғаны абзал.