Мемлекеттік тілдің жеріне жете зерттелмеген, ғылыми дәйекті тұжырымы жасалмаған немесе ғылыми-зерттеу аясынан мүлдем тыс қалған,  өзекті мәселелері көп.  Олар –  әдеби тіл, оның критерийлері; тілдің стандартталуы; тілдің семантикалық жүйесі; тіл контенті, оның сапасы, тіл үйренуге мұқтаждық тудыру қабілеті; ареалды лингвистика, корпустық лингвистика, когнитивтік лингвистика, т.б. «Тіл философиясы» аталатын бұл кітапта тіл мәселелерінің көбі алғаш рет зерттеу объектісі ретінде алынып, лингвистика, философия, социология, мәдениеттану, әлеуметтік психология, тарих, педагогика ғылымдарының түйілісінде зерттеледі.

Кітапта Қазақстан қоғамының дамудың аграрлы басқышынан индустриялы басқышына өту кезеңіндегі қазақ тілі мен мәдениетінің күйі жанжақты талданады. Көптеген мысалдар келтіре отырып, автор қазақ тілінің сыртқы өмірмен байланысын тарихтың қазіргі замандық даму жағдайларымен қабаттастыра зерттейді. Қазақ тілі қызмет ететін аяларды тұтастай қамти отырып, бұған дейін тіл мәселелерін шешуде қолданылып келген теориялық қағидаларға сыни көзбен баға береді. Қазақ тілінің ауқымды дағдарысының субстанциялы себептері әдеттегіден өзгеше, өркениеттердің сатылы даму теориясы тұрғысынан түсіндіріледі. Дүниежүзілік лингвистика ғылымы мен философияның қорытындыларын ескере отырып, автор тілдің іргелік мәселелерін шешудің тың бағыттарын ұсынады.

оқу