7.6 Пікірталас және журналист этикасы

Этика – өркениеттің тарихи дамуының барлық кезеңдерінде өмір сүрген барлық халықтар үшін мәңгілік өзекті ғылым. Этика туралы Батыс пен Шығыстың барлық ұлы ғұламалары жазды. Олардың басым көпшілігі қоғамның прогреске ұмтылуы немесе регреске ұшырауы этикалық нормалардың, тиісінше сақталуына немесе сақтамалмауына тәуелді болатынын ескертіп кеткен. Неміс классикалық философиясы өкілдерінің бірі И.Кант этиканы қоғамның негізгі қозғаушы күші ретінде сипаттады.

Журналист этикасы – жалпы этика ғылымының негіз құраушы бөлігінің бірі. Бұл тақырыпқа жүздеген авторлар мыңдаған шығармаларын арнаған. Бұл зерттеулерде біз бұл тақырыптың толып жатқан мәселелерінің біріне ғана тоқталамыз.

Біздің елімізде қазіргі таңда рухани аяда бір қатар келеңсіз жағдайлар қалыптасып отыр. Халық летаргиялық ұйқысынан оянбаған, тіл мәселелері шешілмеген, мәдениет құлдараған, жастар жаңылған – барлық ойлау қабілеті бар зиялы адамдар осы тығырықтан шығу жолдарын іздестіруде. Иә, себеп көп. Бұл халықтың әлеуметтік артта қалуынан, отарлық езгіге түсуінен,..

Алайда, мүмкін болмайтын ештеңе жоқ. Халықты кез келген қиын жағдайдан сүйреп алып шығуға болады. Егер сөз Қазақстанға қатысты болса, мемлекеттік тәуелсіздік жағдайында, қазіргі дүние жүзінде қалыптасқан құқықреттілігі жағдайында –  бәрі мүмкін.

Әдетте, әр қашан да, проблеманы адамдардың өздері тудырады. Авторитарлық билік үстемдігінде, жоғарыда аталғандай, «білгендер сөйлемейтін, сөйлегендер білмейтін» ахуалда олар шешілмейді. Бұдан білгенге сөз бермейтін, білмейтінді мінберге шақыратын журналистердің қолтаңбасы айқын көрінеді. Зерттеулердің осы үзігінде біз қарастырып отырған мәселе осы.

Ең өкініштісі, мұңлысы және кесірлісі сол – журналистің бұқаралық сананы лайлаушы құралға айналып алуы. Халыққа кесір осыдан –  адал емес күштердің рупорына айналып алған журналиспен бірге келеді.

Тәуелді журналистер болып жатқан оқиғалар мен құбылыстарды теріс түсіндіріп, олардың кесірлісін жетістікке балап, өтірікті шындай, ақсақты тыңдай сипаттап, оқырман қауымды жүйелі деңгейде топастандыруда. Олар шындықты көрмейді, оны жалғаннан ажыратпайды, контекстен элементті суырып алып, айғақтарды ауыстырып қояды. Мұның бәрін ол жұмыс берушісіне жағу үшін, болымсыз несібесінен айырылып қалмау үшін істейді.

Мұндай ахуалдан сытылып шығу үшін алдымен журналистік этиканы жөнге салу керек. Өйткені, «тек этикалық қозғалыс қана қоғамды мәдениетсіздік күйден құтқара алады» [Швейцер А. Упадок и возрождение культуры (231-386). Избранное. М.: Прометей, 1993. – 512 б. 269-б.]. Сондықтан журналист дерек көздерін қармана іздеуге, жан жақтан түсіп жатқан ақпаратты сындарлы қорытуға, өмірде болып жатқандардан саяси-философиялық қорытынды шығаруға жанталаса, жаңа идеяны табумен және оны бұқараға жеткізу жолдарын іздеумен үздіксіз айналысуы керек.

Журналист өз қағидасын анықтап алуы, өзінің этикалық тұрғысын ұстануы керек. Өйткені, бұқараның санасы БАҚ арқылы қалыптасады. Журналистің талдап түсіндіруі кез келген жоғары рангтағы әкімнің түсіндіруінен өтімді болады. Журналистің қоғам алдындағы жауапкершілігі сонда – ол өзінің дәйексіз мағлұматымен, түсіндіруіндегі үйлесімсіздігімен, айғақтарды ақтаруымен ұлттың рухани дамуына кесір келтіруден бас тартуға міндетті.

Өмірлік практикада журналистерге ғана емес, бүкіл зиялы қауымға табиғаты белгісіз құбылыстар ұшырасып жатады. Ондайда қоғам тығырыққа тіреледі. Алдынан ұшырасқан тылсымдардың сырларын аша алмаған қоғам ондаған, жүздеген жылдар бойы адасып жүреді. Өзінің өзекті ұлттық мәселелерін шеше алмаған қоғам ізсіз жоғалып кетіп жатады. Осындай жағдайда жоғары интеллектілі адамдарды қатыстыра отырып, баспасөзде салауатты талқылаулар жүргізу арқылы қиын түйінді шешуге қол жеткізуге болады.

Журналист өз елінде нелер болып жатқанын толық білуге, оларды дұрыс түсіндіруге, бұқаралық сананы дұрыс бағыттауға міндетті. Сонда ғана ел басқалармен қатар гүлденеді, дүниежүзілік қауымдастықтың толыққанды мүшесі болады, мемлекеттік егемендігін нығайтып, толық өзін өзі басқаратын қоғамға айналатын болады.