6.5 Білім беруден бұрын мотивацияның болмауы

«Білім беру» – мағынасы күңгірт ұғым. Субъект білім алғысы келмегенде бұл тіркес агнонимге айналады. Негізінде, білім берілетін нәрсе емес, алынатын нәрсе. Кімге керек болса, сол барып, білімді бар жерінен алады.

Батыста білім болды. Орыстардың озық ойлылары барып алды.

Ұлы Петрдің Батысқа бүркеншік атпен барып, жұмысшының комбинезонын киіп алып, вервтерде кеме жасау технологиясын меңгергенін еске түсіріңіз. Орыс патшасы, алғашында Батыстың ғылымымен, мәдениетімен инкогнито танысты. Сонан кейін патша тәжін киіп алып, ғалымдармен, сәулетшілермен, өзге мәдениет қайраткерлерімен келіссөздер жүргізді, оларға жағдай жасауға уәде беріп, қомақты жалақымен емексітті, Ресейге келіп жұмыс  істеуге шақырды. Осылай орыстарды ғылым мен мәдениетке үйретті.

Ал сонау қиыр Шығыста жатқан жапондар тағдырдың айдауымен сол жаққа барған әр Батыс адамын ұстап алып, еріксіз-ерікті өздеріне жұмыс істетті. Жағдай жасай отырып,  олардан қажетті ақпаратты сығып алды. Адасып келіп күйреген кемелердің құрылысын зерттеді, жасалу техникасын үйренді, соларды негізге ала отырып, өздерінің кеме жасау технологиясын жасады.

Қазақ хандары барған жоқ, олардың білім алуға ынтасы болмады, бағланның етіне тойып алып, қымызды қанып ішіп, тоқалдарының қойнында ұйықтап жатудан қолы босамады.

Нағыз білім адамға өзінің миын іске қосып, жетістігін тәжірибеден өткізіп, кемшілігін саралап, өзінде барды жетілдіру арқылы келеді. Білім алу саяси режимнен, биліктің әрекетінен, көрші елдердің қырсығынан, халықаралық жағдайлардың шиеленісуінен тәуелсіз нәрсе. Білімді іздеген – табады, тапқан – алады.

* * *

Қазақстан мектебінің алдында тұрған өзекті мәселелердің бірі білім беру психологиясы ғылымының болмауынан туындауда. Соның салдарынан білім беру үдерісінде сыры ашылмаған «ақтаңдақтар» көп болып отыр. Бұл жердегі мәселенің үлкені субъект-объект қатынастарынан, тарата айтқанда, білім алушы субъектінің білімге қатынасынан туындап отыр. Бұл жағдай білім берудің сапасына қатыстыларды анықтауды оқытушының білім беруге тырысуынан емес, білім алушының – оқушының мотивациясынан іздеуге жетелейді.

Әр жас адам алдына өмірін қызықты, мазмұнды өткізу мақсатын қояды. Ол үшін өмір логикасын түсінуге, универсумның мағынасын іздеуге тырысады, айналадағы қоршаған дүниені тануға оны идеал деңгейде меңгеруге құштарлық танытады – бұл адамның іргелі қажеттігі. Ал білім беру мекемелері көпшілік жағдайда оқушының білім алуға деген құштарлығын мұқалтып, мүдделілігін сөндіріп тастайды. Оқушы білім алудың оның тағдырын айқындаушы фактор екендігін түсінбей мектепті «бітіріп» кетіп жатады.

Мектеп алдына баланың дүниеге келген күнінен басталған, айналадағы дүниені тануға деген керемет құлшынысын одан ары дамытуды басты мақсат етіп қоюы керек. Білуге қызығушылық сенситивті жастағағы балаларда айырықша көрініс береді. Мектеп жасындағы балалар табиғат пен қоғамда болып жатқан құбылыстардың сырларына үңілуге ерекше ынтықты болады. Мектептің төменгі буынында, әр қашан да, сабаққа ынталы балалар көп болады. Тәжірибелі мұғалімдер бастауыш сыныптарда озаттардың үлесін 80-90 %-ға дейін жеткізуі ықтимал.

Орта буындарда оқушылардың білімге құштарлығы күрт төмендейді. Бұл құбылыс мектептің оқушылардың рухани мүддесін қамтамасыз ете алмағандығынан болады. Дүниетанымы тар, интеллекті төмен мұғалімдер үнемі оқушыны ғылыми білімдердің жаңа тасқынымен үздіксіз қамтамасыз ете алмайды. Белгілі бір таптаурын ақиқаттарды қайталауымен, баланы алғашында өзінен шеттетеді, кейін алыстатады, одан ары жирендіреді. Ал баланың мектепке бармай қоюға шарасы жоқ. «Оқу керектігін, аттестат алу қажеттігін» жақсы түсінетін ата-ана баланы мектепке қатынауға мәжбүрлемей тұрмайды. Осылай мектеп бала үшін еріксіз қатынауға тиіс мекемеге айналады.

Мұндай құбылыстың тек бізде ғана орын алып отырмағаны да рас. Ол жөнінде француз постмодернистері Ж. Делёз бен М. Фуко «Балалар өздерінің табиғатына тән емес инфантилизмнің және топастықтың құрбаны болуда. Мектеп – задаған абақтыға айналған» деп сипаттаған болатын. [Қараңыз: Фуко Мишель. Интеллектуалы и власть: Избранные политические статьи, выступления и интервью. – М.: Праксис, 2002. 72-б.]. СТ

Бұл құбылыстың сипаты оны Қазақстан мектептерінде қалыптасқан ахуалмен салыстыра қарастырғанда айшықты көрініс табады. Әрине, өркениеттің алдыңғы қатарлы елдерінде де орта және жоғары буындарда оқушылардың білімге құштарлығы белгілі деңгейге дейін төмендейді. Бірақ, олар құбылыстың жаппай етек алып кетуіне жол бермейді. Ал біздің мектептеріміздегі ахуалдың ерекшелігі сол, тәрбиеленушілердің білім алуға деген зауқының соқпай қалуына жеткілікті көңіл бөлінбейді. Орта және жоғары буындарында оқушылардың мектепке деген қатынасы түбегейлі кері жағына өзгерген және ол жалпылама сипат алған. Мектеп баланың оқуға деген ынтасын мұқалтып, психологиялық соққымен есеңгіретіп тастайды. Оқушы үшін мектеп ата-ананың айдауымен, еріксіз барып тұруға міндеттелген орынға, өзінен аулақтататын, жиіркенішті мекемеге  – «нағыз абақтыға» айналған.

* * *

Демек, білім беру жүйесінде қалыптасқан ахуалға қатысты «білімді нашар береді, білім сапасы төмен» деген бағалаулар шынайы бола алмайды. Ауыл мектебіндегі білім берудің сапасын көрсететін термин ойлап табу керек. Қуыс бос болмайды, әрине, мектептер де бірдеңе береді, әрине. Ендігі сұрақтың үлкені – олардың бергенінің не екендігінде.

Ол – оқушының санасынан білім алуға деген мотивацияның сүртіліп тасталуы. Оқуға деген мотивацияның болмауы оқушылардың сабақта танымдық қызмет үдерісінен тыс қалып отыруынан көрініс беруде. Триаданың үшінші басқышында оқушыларда бағдарламалық материалға ғана емес, тұтастай рухани азық алуға деген резистенттік тұрғы ұстануы тұр. Демек, қазіргі мектептер оқушының оқуға деген құлшынысын өшіріп, оларды білім алуға қарсыласу әдістерімен қамтамасыз етіп отыр деген сөз.

Қазіргі ауыл оқушысының көбі мектепке білім алайын деп келмейді, керісінше, білім алуға, мұғалімге қарсы, агрессивті пиғылмен, «қане, біліміңді беріп көрші» дегендей, іштей қарсылықпен келеді. Оқушының әр сөзі мен әрекеті мұғалімге сенімсіздікке, кекесінге, ерегеске толы. Сенситивтік жасында, менталдық деңгейде санасына мығым орнаған резистенттік әдетінен ол ЖОО-ға келіп түскеннен кейін де, тіпті өмір бойы арыла алмайды. Қазақтілді мектептерден келіп, ЖОО-ға түскендер білім алмау үшін күрестің алуан түрлі амалдарымен қаруланған. Сабаққа келмеудің, келсе оқымаудың толып жатқан сылтауларын алға тосып, сытылып кетудің жолдарын жоғары деңгейде меңгерген. Олардың алдауды діттеген көздерінде от жоқ, білімге құлшыныс жоқ, шаруаның арамыза қулығы, топас керенаулық бар.

Санасында рефлексия үдерісі тоқтап қалған оқушы оқулықтарда берілген ғылыми ақпаратты мектеп бітіргеннен кейін өмірлік ахуалдарда, өндірісте, тұрмыста қажет болады деп есептемейді. Бағдарламалық материалды меңгеруді ешкімге қажеті жоқ, құр әуре деп қабылдайды. Мектеп бітірушінің санасына тұлғаның әлеуметтенуі, дүниетанымды кеңейту, мамандық алу, өз ісінің кәсіпқойы болу, ғылыммен айналысу, дүниенің құпияларын ашуға ұмтылу сияқты ұғымдар жат. Оны ештеңе – математика да, поэзия да, жұлдыздар, елдер мен жұрттар, таудан сылдырап аққан бұлақ, гүлдер, тіпті, еңбек пен жетістік те қызықтырмайды. Ол салауаттылық, азаматтық парыз, отбасын құру және оны қамтамасыздандыру сияқты ұғымдармен бас қатырмайды (осы жерде алимент төлемей, қашып жүргендер туралы еске түсіріңіз).

Оның себебін анықтау қиын емес. Оқушы соқыр да, саңырау да емес. Ол айналада болып жатқанның бәрін – кадрлар сыбайластығы жағдайында, бәрі патрон деңгейінде шешілетінін көріп, біліп отыр. Ағашка (немесе тәтешка) табылып, түсімді орын ұсынғанда оның қалтасында тек екі нәрсе болуы керек – жоғары білімнің дипломы және бірдеңе. Орналасу деген осы. Оқушының түсінігі бойынша, кәсіпқойлық, интеллект, мәдениет оның тағдырында ешқандай рөл атқармайды, сондықтан бағаланбайды.

Бұл жөнінде педагогикалық ЖОО профессорлары И. Төленбек пен Ш. Балғынбеков былай дейді: «Бүкіл білімнің негізі қаланатын орта мектептерді бітіргендер көп жағдайда оқи да, жаза да, сөйлей де алмайды»,.. Өйткені, «Жоғары оқу орындарында білім алып жүрген көптеген жастар «біздің мақсатымыз – білім жетілдіру, сапалы кәсіби маман болу емес, жоғары білімі бар деген диплом алу» дейді… Ондайларға мұндай ойдың дұрыс емес екенін түсіндіре бастасаңыз, олар «бұл пікір тек біздікі ғана емес, барлық дерлік студенттер осылай ойлайды» деп жауап береді» (Қар.: «Жоғары кәсіби білім сапасын көтеруді ойлайық» // Жас Алаш. 21.08.2014).

Қазіргі мектеп бітіруші алдына бір ғана міндет қояды. Ол – ҰБТ-ден өту. Оқушылдар тест сұрақтарының жауаптарын жаттаумен ынтасыз, уақытша, өмірлік қызметке керексіз бірдеңе деңгейінде, тек ҰБТ тапсырғанда жоғарылау балл алу үшін ғана айналысады. Олар тест сұрақтарының жауаптарында мектептен кейінгі өмірлік қызметте кәдеге жарайтын рухани азыық бар деп есептемейді. Оқушы алдын ала өзінің орталық жүйке жүйесіне «жаттап алып, емтихан тапсырып болған соң, лақтырып таста» деген команда береді. Оның миы қожасының нұсқауын бұлжытпай орындайды. Соның салдарынан мектептен кейін бітірушінің кәлласы бос болып шығады. Тіпті, ҰБТ-ны жақсы тапсырғандардың өздері мектепте не оқығандарын естеріне түсіре алмайды.

Арнайы зерттеулердің нәтижелері мектепті ауылдан бітіріп келгендердің басым көпшілігінің оқу үдерісінде бір ғана емес, бірнеше сабақта, бірнеше сыныпта, ондаған рет ұшырасатын ұғымдарды білмей келетінін көрсетіп жүр. Көпшілігі логикалық ой түйіндеуге қабілетсіз. Өтілген материалда келтірілген құбылыстар мен үдерістердің себеп-салдарлық байланыстарына үңіле алмайды, өзінше қорыта алмайды, теориялық тұжырымды тереңінен түсініп, пішіндей алмайды.

* * *

Мысал:

Білім сапасы деңгейін арнайы зерттеулердің нәтижелері мынаны көрсетті: кеңістік, қозғалыс, атом, материя, уақыт, реформа, революция, демократия, аристократия, тоталитаризм, авторитаризм, режим, қоғам, тап, нәсіл, субъект, гуманизм, оптимизм, пессимизм,.. деген сөздердің мағынасын студенттер білмейді. Олар мектепте осындай сөздерді естігенін, бірақ, нақты мағынасының не екенін есінде сақтай алмағанын айтады.

Олар абослюттік монархия мен конституциялық монархияның, антик пен ежелгінің, халық пен тұрғынның, парламент пен үкіметтің, сенат пен мәжілістің, конституция мен кодекстің, басқыншылық соғыс пен азамат соғысының, дін мен аңыздың, объективті мен объектінің,.. аражігін ажырата алмайды. Қазақтілді мектептерді бітіріп келген студенттердің басым көпшілігі жаңа эраға дейінгі және одан кейінгі кезеңдегі жыл санаудың реттілігін білмейді, тарихтың кезеңдерге бөлінуін естіп көрмеген.

«Әл-Фараби деген кім?» деген сұраққа студенттермен жүргізілген шолу бақылауларына қатысушылардың 35 %-ы «Алматыдағы көшенің аты», 27 %-ы «университеттің аты» деген жауаптар берді. Бақылауға қатысқандардың дені «мектепте ондай адамның есімін естімеген». Тек 5 %-ы ғана бұл есімді естіген. Бірақ ол адамның қай ғасырда, қай жерде өмір сүргенін, нақты кім екенін айта алмайды.

Оқушылардың мектептен алған білімін тексеру үшін төменгі курс студенттері арасында жүргізілген сауалдамаға қатысқан 484 респонденттің екеуі ғана «республика деген не?» деген сұраққа оның мемлекетті басқарудың сайланып қойылатын формасы екенін айта алды. Қалғандары «ол – мемлекет», «ол – басшысы бар мемлекет», «ол – тәуелсіз мемлекет», «ол – егемен мемлекет» тектес жауап берді.

* * *

Мектеп функциясының өзгеруі оқыту әдістемесін де түбегейлі өзгертіп жіберді. Ғылыми дидактиканың орнын орта ғасырлардағы дін догмаларын жаттату әдісі басты. Автоматты жаттауды қазіргі қазақ мұғалімдері қысқа мерзім ішінде  сүйікті әдістемеге айналдырып алды. Өйткені, жаттату «әдісі» мұғалімге көп жеңілдік әпереді: одан өзі оқытып жүрген пәнін міндетті, терең білу талап етілмейді. Мұғалім пән бойынша бағдарламалық материалды меңгерту үшін оқыту әдістерін іздеп әуре болмайды, педагогикалық шеберліктің, күш пен қуаттың қажеті жоқ. Оқушыға құбылыстың сырын ұғындырамын деп, оның кездейсоқ сұрақтарына жауап беремін деп мұғалім жанталаспайды, теориялық қағидаларды түсіндіру үшін жаттығулар, мысалдар ойлап шығармайды, көрнекі құрал жасамайды. Оқушыға «жаттап алыңдар» деп қарап отыра береді. Оның үстіне, қазақ мұғалімдерінің сөздік қоры тапшы, сөйлемдерін дұрыс құрып, оқшыға ғылыми ақпаратты адекватты жеткізе алмайды. Негізінен қазіргі мұғалімдер тютерлік міндет атқарады.

Реті келгенде айта кету керек, құрғақ жаттату мен трюизмдерді қайталай беруден баланың оқуға деген ұмтылысы жойылады, оны ұғалім айтқанның бәрінен жирендіреді. Жаттату мен белгілі ақиқаттарды үнемі қайталату педтехнология ретінде қолданылғанда, адамның логикалық ойлауға қабілетін көлегейлеп тастайды. Бұлар – адамды алжастыруға бастап апаратын факторлар.

* * *

Тек мотивация білім беруден бұрын болғанда ғана білім беру үдерісінде нәтиже болады. Білім беру философиясының мәні осында. Егер олай болмаса, білім берушілікпен айналысудан еш нәтиже шықпайды. Жастардың жаппай мектепті жек көруі, танымдық қызметке қосылмауы, білім алуға қатысты резистенттік тұрғы ұстануы, жетілуге талпынбауы – бұларды қазақ педагогтары мен психологтары байыбына бара алмай отырған, ұлтты рухани апатқа бастап апара жатқан, қауіпті дерттің симптомы, төніп тұрған рухани апокалипсистің белгісі деп қана бағалауға болады.

Бұдан мынадай сұрақ туындайды: мектеп бітірушілердің сауатының төмендігінің бұқаралық сипат алып кеткенін көре тұра, қазақ ғалымдары неге дабыл қақпайды? Жауап мынадай: психология ғылым саласы ретінде Қазақстанда дамымаған. Ал педагогтар болса, Кеңестен кейінгі кезеңде санының мейілінше артқанына қарамастан, білім беру кеңістігінде болып жатқан әлеуметтік-психологиялық құбылыстардың сырына үңіле алатындай деңгейге дейін өскен жоқ.