6.2 Қазақстандағы білім беру: реформалар мен стандарттар

Иә, бізде Қазақстанда білім беру саласында реформалар жүргізілді. Соншалықты жедел де жемісті болмаса да, құптарлық жақтары да болмай қойған жоқ. Алайда бәрі қисынымен жеріне жете алмады.  ЖОО-ларда басталған жаңа енгізулер кейін өздігінен ағысқа жіберілді. Орта білім беруге қатысты алып қарағанда, ахуал старттық нүктеден кеткенімен, мұратты мәреге жетпей, ілініп қалғандай күйге түсті.

Дәлірек айтқанда, бұлар негізінен құрылымдық реформалар еді. Білім контентінде өзгеріс аз болды, соның өзінде пайдасыз болды. Өйткені, білім берудің құрамы мен мазмұнын айқындайтын ғылыми сарабдал тұжырымдама болған жоқ, қазір де жоқ.

Бір жағынан, игерілмейтін академиялық білімдермен балалардың басын қатыратын, екінші жағынан, оларды қоғамның саяси-құқықтық шынайылығынан ажыратып тастайтын, ескі знаниеценристік жүйенің салдарынан, құндылықтар төңкеріліп түсті, ұлттық мәдениет тығырыққа тірелді, өсіп келе жатқан ұрпақтың мақаулануы жалғасын табуда.

Знаниецентризм туралы сөз болғанда, аттап отуге болмайтын бір ұстанымды нәрсе бар. Ол – білім беруді реформалаудың басты компоненті – базистік оқу жоспарын құру.

Қазақстандық бiлiм стандарттары мазмұны жағынан ғана емес, мемлекеттiк құжатты дайындау процедурасы мен әдiстерi жағынан да ресейлiктердiкiне ұқсас болды. Қазақстандық педагогтар үнемі ресейлік әріптестерінің құжаттарын (кейбір арнайы ерекшеліктерін ескере отырып) көшіріп алумен айналысып келеді.

Реформалар мен стандарттар жөнінде РБА академигі А. Новиков былай деген еді: «дәстүрлі білімдік тұрғы (знаниецентризм: автор) туралы әңгімелерді қорытындылай келе өкінішпен былай деуге болады: барлық мектеп «реформалары» мен «жартылай реформалар», реформаға талпыныстар соңғы қырық жылдан астам уақыт ішінде бірдей құрылып келеді. Алдымен «реформаның» жалпылама, күңгірт және нақтыланбаған мақсаты қойылады, сонан кейін оқу жоспарының «тоқашын» бөлу, демек, «пән мамандарының» қайткен күнде оқытуға бөлінген сағаттарды мейілінше көбірек қамтып қалу әрекеті басталады. «Тоқаш бөлісу» аяқталған соң, оқу курсы бұрынғыдай, ұстанымды ешқандай өзгерісі жоқ, ескі мазмұнмен толтырылады. Соңғы онжылдықтарда жүргізілген мектеп реформаларының тығырыққа тірелуінің түпкілікті себебі осылармен түсіндіріледі» [А. Новиков. Содержание общего образования: от школы знаний к школе культуры // Народное образование, 2005, № 1. 41-бет].

Өзінше ойлап, әрекет етуді үйренбегендігін тағы дәлелдеген қазақ педагогтары, 2002 жылғы қабылданған білім беру стандарттарын да Самарадан «қазақ әріптестеріне көмекке» арнайы келген, профессор Е. Коган басқарған ресейлік педагогтардың қолына ұстата салған болатын. Шығармашылық еріктің орнына әдеттер мен таптаурындар меңдеген олар тағы ресейліктердің ескі жолының  шаңын бұрқыратып кете барған болатын. Пәндерді оқытуға бөлінген сағаттарды жобаны дайындау үдерісін басқарғандар «пышағы бар сүйгенін жейді» ұстанымымен өздеріне икемдеп бөліп алды. Олардың дені жаратылыстану-математика циклінің өкілдері болғандықтан, стандарт автоматты түрде знаниецентристік сипатта болды да шықты.