2. Қазақ тiлiн сыртқы өмiрмен кiрiктiре дамыту

Тіл философиясы шеберінде тіл мен даттың жалпыфилософиялық негіздері және басқа кең ауқымды, толғақты мәселелер зерттеледі.

Тiл – қоғамдық құбылыс болғандықтан оның мәселелерін қоғаммен біте қайнасып жатқан күйінде зерттей отырып қана ақиқатқа жетуге болады. Тiлдiң конститутивтік-онтологиялық құрылымы мен оның сыртқы өмiрмен байланысы қатар, бірі бірімен тығыз байланыста зерттелуi керек.

Бұл тұста қоғамның аграрлы басқыштан индустриялы басқышқа өтуі кезеңіндегі тілдің даму заңдылықтарын зерттеудің іргелі мағынасы бар екенін ескеру керек. Қазақ тілінің индустриялы қоғамның мемлекеттік тілі мәртебесіне сай функциясын атқаруға ұмтылысы қазақша-орысша билингвизм және ұлттың рухани екідайлығы жағдайын ескере отырып, өркениеттердің омырылу теориясы мен қоғамдардың сатылай дамуы тұжырымдамасына сүйеніп зерттелуі керек.

Тіл философиясы аясында жүргізілетін зерттеулердің негізгі бағыттары мыналар:

Сыртқы лингвистика (экстралингвистика) шеңберінде тілдің сыртқы өмірмен байланысы жүзеге асырылады. Тілдің даму жағдайларына және атқаратын қызметіне қатысы бар, әлеуметтік, этномәдени, географиялық, демографиялық, қоғамдық-тарихи факторлар зерттеледі. Тілдің мәртебесіне сай қызметін атқаруы мәселесінің әлеуметтік түйткілдері қарастырылады.

Функциялық лингвистика аясында тілдің репрезентациялау әлеуеті, тиесілі қызметін атқара алу қабілеті, шаруашылықтың түрлі салаларына тілді енгізу мүмкіндіктері тәптіштеледі.

Психологиялық лингвистика қорытып шығарған қағидаларға сүйеніп, зиялы қауымның менталдық лексиконының құрамы мен сапасы айқындалады. Соның негізінде қазақ тілі контентінің тақырыбы мен мазмұнына сипаттама беріледі, көрекм өнердің тоқырауының түпкілікті сыры ашылады.

Ареалдық лингвистика тілдің өмір сүру аумағын, шаруашылық укладтың тілдің дамуына ықпалын көрсетіп береді.

Когнитивтік лингвистика тілдің таныммен, үдерісті ойлаумен байланысын ашып береді.

Тіл философиясының орталық мәселесі тілдің рухани құндылық ретіндегі қажеттігі. Қажеттілік – адамды қандай да бір әрекетке бастаушы, философиялық категория. Контенттің сапасы артқанда, бұқараның тілді үйренуге деген мотивациясы өзгереді, сонда ғана ол тілді біліп алуға тырысады. Қажеттілік ашқандай әкімшілік, қаржылық, еріктік, тіпті заңды қатайтып қоюмен орнықпайды. Бұқараны тіл үйренуге тырысуы тек контенттің заманауи адамның рухани талабына сай бола алуымен ғана жүзеге асырылады.

Қазақ тілінің контенті ұғымы ол тілде келесі негізгі үш арна арқылы таралып жатқан ақпараттардың жиынтығынан тұрады:

а) көркем өнер шығармалары;

ә) мектепте берiлетiн педагогикалық әдебиет;

б) бұқаралық ақпарат құралдары материалдары.