5.9 Ауылшылдық синдромының әлеуметтік-мәдени салдарлары
Қазақ тілінде жазатын жазушылардың арасында Ресейдегідей ауылшылдыққа қарсы дәйекті және тегеурінді қарсылық көресте алатын қала зиялысының болмауы, биліктің қоғамдық ғылым өкілдеріне бұл мәселеге араласуға тиым салуы, баспасөздің осы бағытты үнемі және қызу қолдаған материалдарды төпелеп беріп отыруы ауылшылдық вирусының бұқаралық сананы толық меңдеп алуын қамтамасыз етті. Сол кездегі зиялы қауымның басым көпшілігі қазақтың ауылды жерлерге қоныстанып, тілі мен мәдениетін сонда сақтауы керектігіне шын сенетін болды. Оларға ерген қазақ халқы бiр тектi ауыл халқы болып қалып, әлеуметтiк артта қалудың тұтас кешенiнің зардабын тартты.
Кеңес билiгiндегi қазақ ұлты 80-жылдардың ортасына қараған шақта әлеуметтік артта қалудың барлық қиындықтарын басынан кешіп, ауыр жағдайда өмір сүріп жатты. «Алыс» деп аталынатын аудандарда, экологиялық апатқа ұшыраған аймақтардың маңында тұратын қазақтар, ол кезде ұрпағы мүгедек, мәдениетi тығырыққа тiрелген, моралi тозған, тiлi тұрмыс аясына тықпаланған, саяси тәуелсiздiк пен әлеуметтiк өрлеуден күдер үзген болатын. Келешекте «ұлт пен тілдің жойылатынын», «бiртұтас Кеңес халқына» қосылып кетудi мойындаған, ең бастысы, рухани тозып, географиялық ұғымға айналған, өркениеттен жырақта қалған, ауыл шаруашылық шикiзатын өндiретiн, коммунистік биліктің арзан еңбек ресурсына айналған болатын.
Әрине, бұл бағыттың жөнсіздігін сезген аздаған мәдениет қайраткерлерiнің арасынан қазақ жастарын ауылды елді мекендерде тұрақтандыруға қарсы болғандар да болды. Олар түбінде халықты қала өркениетінен жырақтатып тастауға болмайтынын ескертті. Бірақ олар сан жағынан өте аз болды. Олардың қарсылығын бұқара қолдамады, айтарын бапасөз жарияламады. Осы бағытқа қарсы идеямен баспасөзге шыққан бірен-саран «авантюристер» ауылшыл қара нөпірден оңбай соққы жеді.
Осылай қазақ әдебиетінде мәдениетті азшылықты жеңіп шыққан мәдениетсіз көпшілік осы уақытқа дейін сол үстемдігін жүргізіп келеді. Соның салдары ретінде Қазақстанда Ежелгi Римдегiдей, классикалық мәдениеттің орнына, “бұқаралық” деп аталатын, мазмұны таяз, ермекке көбірек ұқсайтын, шаруаның менталитетiне сай, соның талабын қанағаттандыратын, өзгелерге тарала алмайтын, субкультура үстемдігін орнатты.
Тарихи аналогия
Ежелгі Римде, плебейлер үстемдігі орныққан кезден бастап екі мәдениеттің, екі идеологияның болғаны белгілі. Олардың біріншісі – Рим патрицийлері жасаған классикалық мәдениет. Ол кейіннен дүние жүзіне әйгілі және үлгі болды. Екіншісі – билікке келген плебейлер қолдаған, талғамсыз болса да, төменгі тап өкілдерінің өздері құрайтын әлеуметтік ортадағы тұтынушысының көптігінен таралған субкультура. Талғамы жоғары тұтынушының аздығынан классикалық мәдениеттің орнын субкультураның басуы Рим империясын тығырыққа әкеліп тіреген болатын.
Шынайлығында, плебей атаулының өміршең мәдениет жасауға зауқы да, қауқары да болған емес. Плебей – мәдениетті жасаушы емес, жасалғанды бүлдіруші күш. Плебей мәдениет үшін емес, ермек үшін өмір сүреді. Римнің классикалық мәдениетін бүлдіруімен, қала шаруашылығын ұйымдастыруға құлқының болмауымен, ең бастысы, “нан мен ермекті” ғана өмірлік мақсат тұтқан менталитетiмен, плебейлер адамзат өркениетінің бесігі және үлгісі болған Рим қоғамын құлатқан болатын.
Осылай, қазіргі қазақ әдебиетi негізінен ауыл тұрмысы тақырыбына ғана жазатын, шаруа субкультурасы және контркультурасы деңгейінде өмір сүретін, сонысымен контенті ауылдықтардан өзге бұқараны қызықтырмайтын әдебиет болып қалып отыр. Оның идеялық бағыты ұлттық-мемлекеттік мүдделерге қайшы, тақырыбы шектеулi, тек шаруаға арналған, сол таптың менталитетiне сай (қазір оның талабын да қанағаттандыра алмайтын), шаруадан өзгелер үшін өзектi емес, көркемдiк орындалу деңгейi төмен, бәсекеге қабiлетсiз, сонысымен сұраныс тудыра алмайды. Қазақ тілін үйренуге сұраныстың төмендігінің басты себептерінің бірін осыдан – заманауи қазақ әдебиеті контентінің қоғам мүшелерінің басым көпшілігінің жүрегіне жол таба алмауынан іздеу керек.
Қазақ мәдениетiн, көркем өнерiн басқару тұтқаларын ұстап келгендердің дені қарапайым хрестоматиялық қағидаларды санасына сiңiрiп, ой қорытпады, дүние жүзiнiң өзге халықтары сияқты, қазақтың да өркениеттi қаладан iздеуi керек екенiн, ұлт болу үшiн алдымен ұлттық экономиканың негiзгi тұтқаларын – қала өнеркәсiбiн қолға ұстауға ұмтылу қажеттігін, өнеркәсiпте iстейтiн, әлеуметтiк күш ретiнде көрiне алатын ұлттық техника зиялысы болуы керек екенiн түсiнгісі келмеді.
Аграрлық дүниетаным қарапайым амалдармен көз жеткiзуге болатын ақиқаттардың сырына үңiлуге, кенттенудiң бүкiл дүние жүзi халқына және қазiргi замандағы дамуға тән жалпыға бiрдей, әмбебап үдеріс екенiн түсiнуге ырық бермедi. Соның салдарынан омырылу сызығының ауыл жағынан шыққан жазушылардың басым көпшілігі индустриялы өмірге үрке қарауынан жазбады. Олар қоғамның әлеуметтiк даму заңдылықтары тұрғысынан алып қарағанда бұл құбылыстың қазақ халқының ұлттық мүдделерiне де, адамзат тарихының прогресіне де қайшы екендiгiн түсінбеді. Ұлт тағдырын оны тек ауылда тұрақтандырумен шешу идеясының өзi ол баста бүкiладамзаттық өркениет дамуының әмбебап заңдылықтарына қайшы, ұжымдық аутизм болатын.
Қазақ «алпысыншыжылдықтарының» идеясы ғылыми зерттеудің нәтижелерінен қорытылып шығарылған теориядан да, бұл бағыттың халыққа тиімділігін априори көруден де туындаған жоқ. Бұл идея олардың басына қалыптасқан ахуалдан – қазақтың ауылда шоғырланып қалуынан ғана туындады. Қисын өте қарапайым болды: қазақтың көбі ауылда тұрады екен, ендеше, ауылды әспеттей беру керек. Жалпы дамуға қатысты алғанда онысының абсурд болып шығып жатқанымен олардың ісі болмады, ауылдан шығармауға күш салумен, халқын әлеуметтік прогрестен аулақтатып жүргендерін түсіне алмады.
Көркем өнер қайраткерлерінің көбі жергiлiктi ұлт өкiлдерiн қалаға келтiрмеу бағытын ұстанған коммунистiк әкiмшiлiктiң әділетсіз демографиялық саясатының мәнiн де аңғармады. Олардың шарғысын мойнына iлiп алып, әкесiнiң ақылын тыңдағыш балаша, айтқанына иланып, «қазақ жастарын ауылда тұрақтандыру» үшiн барын салып бақты.
Егер қатардағы шаруа бала кезінде алған білімінің жетімсіздігінен белгілі бір тұйық идеялар шеңберінен шыға алмай, күні өтіп кеткен көзқарасымен қалып қойса, оны кешіруге болады: не сұрайсың, ол қатардағы шаруа ғана-ғой. Ал университет бітіріп, қалаға келіп, жәйлі пәтерге еніп, түсімді қызметке орналасып, романдар жазып, томдап таңдамалы бастырып жүрген жазушы бала кезіндегі ауыл мектебінен алған бұлыңғыр түсініктерінен арыла алмай, халқын ауыл резервациясынан шығармауға күш салып жүрсе – мұндай құбылысты қалай квалификациялау керек?
А. Маслоу мұндай құбылысты мәдениеттегі трансценденттік ұғымын қолдану арқылы түсіндіреді. Америкалық ғұламаның сипаттауынша, «трансценденциялылықпен өзін өзектілендіре алған адам – әмбебап адам. Ол – адамзаттың адамы. Ол өзін қоректендірген мәдениеттен жоғары тұр, оған тәуелді емес… Өзін өзектілендіре алған адамдар қоршаған мәдени ортаның әсеріне қыңбайды…. Оның мәдениетке көзқарасы адам белгілі бір күйге түсетін және оны сыншыл, редакторлық, аяусыз көзқараспен бақылайтын психотерапевтік эффектіге ұқсайды,… Ол (төл мәдениетін – Қ.Ж.) сынға алуы, кейде мақұлдауы, талқыға салуы, басқаруы мүмкін, мұның бәрін ол (төл мәдениетін – Қ.Ж.) оңға бастыру, өзгерту үшін істейді» [65: 282].
Аты дүние жүзіне танымал ғалым-әдіснамашы Л.Феврдың зиялы адам «барлық дәуірдің адамы бола білуі керек» [68: 116] дегені бар. Әрине, барлық адам барлық дәуірдің бел баласы бола алмайды. Ал университеттің дипломын арқалаған, зиялы санатындағы адам ауылда туып, өстім екен деп, есейгенде де көңді ауылында қалып қоймай, жаңа ортаға – индустриялы қоғамға бейімделе алуға міндетті еді. Бірақ қазақ жазушыларының дерліктей бәрі өздері шыққан үңгірінің өкілі болып қалып қойды, индустриялы қоғамның адамына айнала алмады. Саналарында рефлексия, мәдениетте трансценденция жасай алмады, адамзаттың адамы да бола алмады, дәуірдің адамы деңгейіне де көтеріле алмады. Жан дүниесімен жаз болса – жайлаудағы киіз үйінен, қыс болса – сабан жапқан тоқал тамынан шықпай қойды. Барлық жағдайлары – материалдық игіліктері, рухани азығы жеткілікті бола тұра, өркениетті өмірді көре алмады, тани алмады. Жан дүниесін иектеген идиосинкразия психологиясының тұтқынына айналып алып, қалаға, өркениетке қарсы кектенген сезімнің құшағында қала берді.
Халқына жаны ашитын адам оны аймақтан өркениетке қарай бағыттауы – қазақты қаланың зәулім үйлеріне енгізуге, техниканы, технолгияны меңгертуге, осыған дейін өзге жүрттар өкілдері ұстап келген өнеркәсіп және билік тұтқаларын ұстауға таласуға шақыруы керек еді. Халықты ауылдың мешеулігінен, кедейлігінен құтқаруға, қала өркениетін құндылық бағдар ретінде қабылдауға, тіл мен мәдениетті қалаға енгізуге бағыттауы керек еді.
Кеңес кезінде, қазақты қалаға жолатпау мақсатын көздеген, қатаң идеократиялық режимнің үстемдігі жағдайында да, көркемөнер туындылары арқылы халықтың қалаға көбірек ойысуын нәсихаттау мүмкіндігі болмай қойған жоқ. Алғашында гуманитарлық салаларда – білім беру мен мәдениетте, баспасөзде қазақтілді микроортаны қалыптастыруға, біртіндеп өзге салаларға дендеп кіруді нысаналап, бұқараны соған бағыттау керек еді. Ұлт ретінде орнығудың тек қалада, капиталистік өндіріс жағдайында, нарықтық тауар-ақша қатынастары орнағанда жүзеге асырылатынын, оларды шешудің ғылыми және саяси жолдары бар екенін де барлық ЖОО-ның қоғамдық факультеттеріне арналған оқулықтардан тауып алуға мүмкіндік болды. Бірақ, қазақ ауылшылдарының мұны түсінуге интеллект қуаты жетпеді. Олар түгел керісінше әрекет етті, халқын дамудың аграрлық басқышынан көтерілтпеу үшін, шаруашылығын индустриялы әдіспен жүргізетін азаматтық қоғамға жеткізбеу үшін, қалаға, өркениетке кесе көлденең қойып, сірескен, белсенді күрес жүргізді. Өркениетке қарсы оқырманының өшпенділік сезімдерін шабақтауды жалғастыра берді. Әрине, олар өз халқына қастандықты сатқындықтан жасаған жоқ. Ауылшыл қазақ жазуышлары алжасушылықтың тарихи үлгісін білместіктен, рухани қораштығынан, рухани біліксіздігінен, саяси сауатсыздығынан жасады.
Әрине, тарихтан орын алған, қоғамдық сипаттағы қателері үшін кінәліні іздеу, оларды жазалау әрекеттерін жасау ізгіліктілікке жатпайды. Дегенмен, қазіргі қазақтың әлеуметтік-рухани аялардағы мәселелерінің бірін де шеше алмай, «тәуелсіздігімізді сақтай аламыз ба, алмаймыз ба» деп, «сақтай алмасақ, енді кімнің отары болғанымыз дұрыс» деп, омалып отыруына алып келген фактор туралы сөз қозғамау мүмкін емес. Өткенге сарап тарихи қателіктердің келешекте қайталанбауы үшін, ұрпақты тағы адастырмау үшін қажет. Түптеп келгенде, қазақты өркениеттің омырылу сызығының арғы жағында қалдыру бағытын ұстанып келген жазушыларды моральдық жауапкершіліктен ешкім арашалап ала алмайды. Егер кімде-кім, В. Шукшиннен үлгі алып, өз әрекеттерінің келеңсіздігін мойындап жатса, оларға түсіністікпен қарау керек.
* * *
Егер жазушылар ауыл өмірін шынайы сипаттап, айшықты бейнелер жасаған татымды туындылар бере берсе, оған ешкім ештеңе демес еді. Ешкім ауыл туралы неге көп жазасыңдар деген сұрақ қоймас еді. Мәселенің үлкені басқада – қазақ жазушыларының, жарты ғасырдан астам уақыт бойы, халқын артта қалған аграрлы басқыштан шығармай, индустриялы қоғамға қарсы қоя отырып, соның салдарынан ұлтын дамудың барлық параметрлері бойынша артта қалдырып, тағдырын мейілінше шиеленістіру жағдайына әкеліп соқтыруында, сонысымен, туған халқына өзге ешкім жасай алмайтын кесірдің ең ірісін жасауында болып отыр.
Идея мен дүниетаным арасындағы байланыстардың тереңде жатқан сырларын кезінде ағылшын философы Джон Локк талдап, түсіндіріп берген еді. Оның топшылауынша: «Ақылдың ойлауы мен зерделеуінде ол қарайтын және қарай алатын бір-ақ нәрсе бар – ол өзінің меншікті идеялары, өзге төте объект жоқ. Біздің танымымыз тек сол идеяларға ғана қатысты» [96: 3]. Бұл тұстан қазақ ауылшылдарының дүниетаным аясының тарлығының ақылдың зерделеуін тежеу айғағын көруге болады. Тиісінше, зерденің тежелуі оларды идеялық лағуға әкеліп тіреген. Жетекші идея ретінде ауылды нысаналаған олар рухани дамудың өзге аяларында болып жатқан құбылыстарды тани алмады, ауылдан өзге кеңістікте, индустриялы қоғамның өмір аяларында бағыттық қателерге жол берді, ана тілі мен ұлттық мәдениеттің мәселелерінің бірде-бірін тыңғылықты шеше алмады, тиянақты іс тындыра алмады, келешекке, жас ұрпаққа татымды ештеңе ұсына алмады.
Соның салдары ретінде, қазақ көркем әдебиетi барлық жанрлар бойынша мүшкiл халге түсті. Қазiр қай жанрды алсаң да сему құбылысы байқалады, тоқырау белгілері менмұндалап тұр. Көркем өнер мен оның тұтынушылары арасындағы байланыс мүлдем үзілуге жақын. Мәдениет туындыларын, шет жұрттықтарды айтпағанда, Қазақстан қоғамы мүшелерінің, соның ішінде қазақ ұлты өкілдерінің өздері толығымен қабылдамайды, қазақ тілін біледі деп есептелінетіндер, оның да бәрі емес, белгілі бір бөлігі – жастайынан көркем әдебиет оқып өскен егде адамдар, тіл мен әдебит сабағының мұғалімдері,.. ғана тұтынады. Былайша айтқанда, Декаданс келіп, ұлттық мәдениеттің ғимаратының есігін қатты қағып тұр.