5.6 Қазақ театр өнерінің аяқалысы
Қазақ драматургтерi кезiнде «алыптар тобы» аталған, классикалық әдебиеттiң негiзiн салған қайраткерлер үлгiлерiн жасап берген фольклорлық шығармаларды инсценировкалау тәжiрибесiн одан ары спецификалық драма тудыруға ұластыра алмады, драма үлгiлерiн жасаудан өткен ғасырлардағы Шекспир мен Мольердiң деңгейiне жете алмады. Олар дәстүр бойынша, сол бұрынғыша, салыстырмалы тәуiр романдар мен повестердi – Ә. Нұрпейiсовтың «Қан мен тер» романы, Ш. Айтматовтың «Құс жолы», «Жәмила» повестері, тағы сол қатардағы шығармаларды инсценировкалаудан ары дамыта алмады. Пьесаларында iшiнара эксперимент деңгейiндегi драматургияға ұқсас қақтығыстар ұшырасқанымен, олар нағыз драматургияның спецификалық ерекшелiктерi мен тәсiлдерiн меңгермедi. Кәсіпқой театрлардың өздерінде әрекетінен сөзі көп, айбындылығынан мұңы көп бас кейіпкерлері бар, жылауық сентиментализм сарынындағы спектакльдер басым түсіп жатты. Ұлттық театрдың жеткен шыңы осы ғана болды. Репертуар тапшылығынан академиялық атқа ие болған театрлардың өздері аудандық өнерпаздар ұжымдары деңгейінде қалып қойды.
Шынайылығында, қазақ театрлары режиссерлерінің қоржынына түсіп жатқан пьесалар аз емес. Олардың арасынан сирек болса да, Т.Ахтановтың «Ант», Қ. Ысқсқовтың «Қазақтар» сияқты бірсыдырғы, тәуір тарихи драмалар ұшырасатын. Д.Исабековтың замандастар бейнелерін жасаған кейбір пьесалары шет елдерде қойылды. Қазақ театрлары болымсыз жетістігін солармен астастырады. Бірақ бұлар сияқты салыстырмалы тәуір пьесалар Қазақстан театрларын репертуармен қамтамасыз етуге аздық етті.
Қазақ театрлары Орталық Азияда, өзге Шығыс елдерінің театрлары арасында өткен конкурстарда алдыңғы лектен көрініп жүрді. Бірақ, бұл көңіл жұбатудан басқа пайдасы жоқ «жетістік» болып шықты. Арттағыдан озғанға мақтанар дәнеңе жоқ, әрине. Шығыс елдерінің, солардың ішінде мәдениеттен кенже қалып отырған елдердің жетістігі нысанаға алатын эталон бола алмайды. Еуропа театрларымен иық тіресуге ұмтылу болған жоқ.
Заманауи қазақ театрлары мемлекеттің тағдырына қатысты, ұлттың, тілдің, мәдениеттің қордаланып қалған мәселелерін қопара, қотара қозғайтын, әлеуметтік-саяси драмалар қоюға бетбұрыс жасай алмады. Драмаға арқау болуға сұранып тұрған оқиғалардың ішінен өзектісін іріктеп ала білмеді. Биліктің маңайындағы үрейлі қарбалас, өзінде еркі жоқ депуттардың желдің ығына қарай жапырақша жығылғыш күйі, сыбайлас жемқорлықпен байланысты шытырман оқиғалар, әлеуметтік өмірдің төменгі қабаттарындағы сиқырлы құбылыстар,.. бәрі «жабулы қазан» астында қалды. Шуағы мен көлеңкесі қатар жүретін, жылымығы мен ызғары тез алмасатын, кереғар замандағы замандас бейнесі, оның психологиялық толағанысы мен күйзелісі, үміті мен күдігі бұқараның алдына тартылған жоқ, жан дүниесін қозғап, оны ой кешуге итермелеген жоқ. Жайлау мен қыстау арасын шиырлай беруден қолдары тимейтін қазақ авторларының бұл тақырыптарды игеруге қауқары жетпеді. Заманауи қоғамның өзекті мәселелерін қозғайтын, арнайы драматургиямен айналысқандар аз болды (Қ. Мұқаметжанов,..).
Өзін заманауилардың сапына қосатын, идеал театр репертуар саясатын дұрыс жүргізе білуі керек. Ондай театрдың репертуарының ⅔-сі, әдетте заманауи өзекті драмалардан, қалған ⅓-і қазіргі күннің өзекті мәселелерін дөп басатын, классикалық шығармалардан тұрады. Сонда ғана, театр ұлтты тәрбиелейтін мектепке айнала алады. Қазақ театрларының ешқайсысы осы талапқа сай шығармашылық қызмет көрсете алмады. Жайлау мен қыстау арасын таптап жүрген авторлардың дені әлеуметтің төменгі қабаттарынан шыққандықтан, заманауи өзекті тақырыптарды қозғауға шабыты мен дарыны жеткенімен, саяси-құқықтық білімі мен интеллекті жетпейді.
Шекспирдің заманында өмір сүрген қазақ драматургін ондай бола алмадың деп кіналағанда, ол «мен Шекспир емеспін, ағылшынның жоғары қауымының арасында жүрген жоқпын, жайлаудан келдім» деп ақталар еді. Ал ХХІ ғасырдағы қазақ қаламгерін шекспирше жаза алмадың деп сөгуге әбден болады. Өйткені, ол «титанның иығында тұр» (О. Сүлейменовтың сөзімен). Бүгінгі қазақ қаламгерінің Еуропа өнері шыққан биікке көктен қарау мүмкіндігі бар.
* * *
2013 жылдың жазында Астанада жаңа опера және балет театрының ғимараты пайдалануға берілді. Мәдениет министрі сипаттағандай, дүниежүзілік стандарттарға сай, бірегей мәдениет объектісінің сыртқы сәулеті бойынша классикалық, ішкі безендірілуі ультразаманауи екені де рас. Соңғы жылдары Еуропа астаналарында салынған тектес өнер ордаларынан асып түскен «Астана-опера» М. Төлебаевтің бірегей туындысы «Біржан-Сарамен» ашылды.
Бәрі келісті. Сырттай қарағанда, жетістік емес деп айтуға ешкімнің аузы бара қоймайды. Бірақ,..
Бірақ, осы ультразаманауи сарайдың ішіне кіргенде жетесі бар адамның желкесінен ауыр зіл басады, оның көңілі құлазып сала береді. Неге?
Бұл сұрақтың жауабы да сұрақпен беріледі: Енді осы ғажап ғимараттың сахнасына шығаратын қазақ опералары мен балеттері қайда?
Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрының (кезiнде бұл да жойылып кете жаздады) репертуары негізінен шетелдік авторлардың шығармаларынан тұрады. Ішінара өткен ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген қазақ авторларының шығармалары қайталап қойылып жатады. Өйтпеске шара жоқ. Репертуар тапшылығы алдан көлденеңдей береді. Театр тәуелсiздiктен кейiнгi кезеңде қазақ тілінде сонау Кеңес кезiнде жазылған, қазiргi көрермендi тартпайтын, Ә.Кекiлбаев пен Е.Рахмадиевтiң «Абылай ханынан» басқа татымды ештеңе ұсына алмады. Қазақтiлдi авторлар опера мен балет жазатындай, көрермендері оны көріп бағалайтындай деңгейге дейін өспедi.