5.3 Орыс әдебиетіндегі «деревенская болезнь»
Ол кезде орыс тілін меңгере қоймаған қазақ жазушыларының одақтық мәдениеттің ұланғайыр кеңістігінде не болып жатқанынан мағлұматтары тапшы болатын. Кеңес әдебиетінде болып жатқан құбылыстар мен үдерістерден хабарсыздығын өзі әшкерелеп бергендердің бірі сыншы Б. Сарбалаев болды. Ол сұрақты былай қойды: «Орыстарда неге қалаға қарсылық мәселесі қозғалмайды? Олар неге қалаға араша түсіп жатпайды?». Іле ол өз сұрақтарына өзі дайын жауабын берді. «Өйткені, – деп түсіндірді сыншы,- оларда мұндай толғақты мәселе жоқ. Оларда жоқ болса, бізде бұл алаңсыз жоқ емес пе?» (Қазақ әдебиеті, 10.08.1984.).
Әрине, қазақ сыншысы өзінің ауылындағы киіз үйінің сұлбасындай таным кеңістігімен қала мен деревня арақатынасының орыс әдебиетінде сипатталуының толғақты мәселелерінен хабарсыз болатын. Қала мен деревняны бірін біріне қарсы қоюды алдымен бастаған орыстар екенін, бұл құбылыстың XX ғасырдың екінші жартысында орыс әдебиетінде «деревенская болезнь» деген атпен көрініс бергенін аталған сыншы білмейтін. «Деревня дертіне» ұрынғандар да орыс «шестидесятниктері» арасынан шықты. 60-70 жылдары бұл бағыт оларда кең қанат жайды. «Деревенская проза» деген ұғым пайда болды. Бұл ағымның кейбір өкілдері орыс әдебиетіне көркемдік жағынан бірегей туындылар берді.
Деревняны қызғыштай қорғап, онда тұратын адамдардың адамгершіліктілігі мен арлылығы туралы шығармаларында ғана емес, қойған фильмдерінде де көп өзек еткендердің бірі В. Шукшин еді. Ол Сібірдің тұнық табиғатын, орыс деревнясы адамдарының махаббатын, ар тазалығын, олардың аңқаулығы мен сауатының кемшіндігінен туындап жатқан орашолақ әрекеттерімен қабыстыра, табиғи қалпында, шынайылықпен суреттеді. Деревняны уағыздап, оған қарсы қала өмірінің көлеңкелі тұстарын әшкерелеп, жастарды қалаға кетпеуге шақырған мақалалар жазды. Сондықтан алтайлық қаламгердің шығармаларымен таныс болған қазақ ауылшылдары оны қатты қадірлейтін. Оны бетке ұстап, «ренессанс тұлға» деп, ауыл мен қала туралы сөз болғанда оның кейіпкерлерін үлгі ретінде келтіріп жататын.
Алайда, кейінірек орыс «деревняшылдары» райынан қайтты. Олар деревня тұрғындарының моральдық қасиеттері жағынан қалалықтардан «артықшылығын» уағыздаудың, жастарды деревняда қалуға үгіттеудің, ондағы өмірді идеалдаудың заманауи өркениеттің даму заңдылықтарымен үйлеспейтінін түсінді. Бұған дейін деревняшылдығымен айшықты көзге түсіп жүрген В.Шукшин де бұрын ұстанған бағытын өзгертіп, «…село мәдениеті қалада жасалады. Түптеп келгенде, село мәдениеті деген мүлдем болмайды» [81: 583] деп, деревняда мәдениет болмайтынын мойындаған мақаласын жазды. Ал соңғы сұхбаттарының бірінде ол «Алғашында мен крестянды деревняда ұстап қалуға әрекеттендім. Осы тақырыпқа мақалалар жазуға, үндеу салуға батылым барды. Артынан бұл қылығымның келеңсіздігін түсіндім» деп ағынан жарылған болатын.
80-жылдары орыс әдеби басылымдарында деревняшыл бағыттардың ақылға сиымсыздығын әшкерелеген, өткір пікірлер молынан жариялана бастады. Солардың бірі жазушы Георгий Семенов қала мен деревняның арақатынасы хақында былай деп жазды: «Мен деревняны да, қаланы да бірдей назар сала, қызыға жазамын. Мен «қазіргі заманның адамгершілік тірегі – деревня, бәрі наннан бастау алады, ал нан – деревняда» дегенді естігенде таң қаламын. Және мен, егіншінің алдында басымды ие отырып, неге біз адамгершілікті таза географиялық ұғымға таңатынымыздың мағынасына жете алмаймын?» [82]. Өткен ғасырдың 90-жылдарына қараған шақта деревняшылдық ағым ретінде орыс әдебиетінің аспанынан сейілген тұманша көзден ғайып болды.