5.11 Құбылыстың сыры неде? Ареалды лингвистика
Ендігі мәселе қалыптасқан ахуалдың себебін анықтауда және бұдан былай не істеу керек екендігін дұрыс бағдарлап ала білуде болса керек. Соңғы жарты ғасыр қазақ әдебиеті өнеркәсіп тақырыбын игеруі керектігін көтерген ұранмен өтті. Қазақ жазушыларының алдына өндiрiс тақырыбына шығармалар жазу мiндеттерi үнемі қойылып отырды. Бірақ, олар бұрынғыша отбасы мен ошақ қасының оқиғаларынан сюжет құрудан, ауыл өмiрi және туыстар арасындағы қатынастарды сипаттаудан алыстап кете алмады. Қазiргi аласапыран реформалар заманында, әнді қойып, роман мен эпопеяға қақтығысты сюжет боларлықтай оқиғалар күн сайын болып жатқанда, қоғамда көрініс берген бір құбылысты, орын алған бір оқиғаны немесе индивидуум өмірінің бір мезетін саяси немесе әлеуметтік мән шығаратындай, қазақтан басқаға да түсінікті болатындай деңгейде көркемдеп сипаттап беруге қазақ авторларының шығармашылық қуаты жетпеді. Неге?
Бұл құбылыстың сырын ареалды лингвистиканың қағидаларына сүйене отырып, түсіндіріп беру қиын емес. Аграрлы қоғам адамының лексикасы ауыл тұрмысы мен мал шаруашылығына қатыстыларды бейнелеуге жетеді, өзге, индустриялы салаларда болып жатқанды сипаттауға жетпейді. Біздің жазушыларымыздың тілі, тиісінше, ойы мен әрекеті де, сол аграрлы қоғам кемерінен аса алмай, тұйықталып қалған. Ұлттық көркем өнердің мазмұнының агротроптылығы жазушылардың жұтаң менталдық лексикасымен, ауыл адамының лингвемасының аграрлық сипатымен – вилланолектісімен шарттандырылып тасталған. Енді ол мазмұн жазушылардың когнитивтік кеңістігінде айнадағыдай көрініс беруде. Санасына менталдық деңгейде мығым орнаған ауылшыл идеядан сытылып шығуға жазушының интеллектілік қуаты мен еріктік шамасы жетпейді.
Психолингвистика қағидалары бойынша адам өзiнiң сөздiк қорында жоқты iс жүзiне асыра алмайды. Ал өзге кеңістіктегі шынайылықты, индустриялы қоғам өмірінде болып жатқан оқиғаларды, құбылыстарды, үдерістерді сипаттауға адекватты лексикалық корпус – индустриялы қоғам адамының лингвемасы және оны пайдаланып, урбанолект стилінде сөйлей білу қажет. Сол себептен, өркениет сатысының аграрлы басқышында тұрған қазақ жазушылары индустриялы қоғам өкілінің бейнесін жасай алмады.
Авторлар санасында тіл-ой-әрекет детерминациясының болмауынан, олардың индустриялы қоғам өміріне бейімделе алмауынан, өзін өзектілендіре алмауынан, бала кездерінен таныс қой мен қасқырдан, жайлаудағы немесе қыстаудағы оқиғалардан басқаға көз салмады. Ауылдан басқа өзге де елдi мекен болатынын, екi ауылдың ортасын жалғастыратын қара жолдың шаңын бұрқыратып, әлдекімді «сағынып» кетіп бара жатқаннан басқа да өмiр бар екенiн ескермедi. Олардың өзге географиялық кеңстікте болып жатқан жайларды сипаттауына лексикалық ресурсы, ойлау энергиясы жетіспеды, көркем өнерге тиек боларлық өмірлік материалды (ішінара тарихи тақырыптарға қалам тартудан басқаны) көре алмады.
Жалпы, қазақ зиялылары ауылда мәдениет жасалмайды деген қағидамен санасуы керек. Онда білім сапасы да жақсармайды. Ауылдағы білім мен мәдениетің ең төменгі деңгейде қалып отыруы ондағы әлеуметтік жағдаймен шарттандырылып тасталған.
Ауылдан шыққан жазушылардың жұтаң менталдық лексиконы шеңберінде жасалып жатқан туындылар рентабельділікке қол жеткізе алмайды, көпшіліктің сұранысын тудыратындай деңгейге көтеріле алмайды. Бұл – сырттай қарағанда солай көрінетіндей, әдебиетке кесілген үкім емес, социо-экстра-ареалды-лингвистикалық зерттеулердің нәтижелерінен қорытылып шығарылған тұжырым. Мәселе мынада: қазақ тілі индустриялы қоғамның тіліне айналмай, ол тілде индустриялы қоғам адамының рухани талабын қанағаттандыратын көркем өнер жасалмайды. Бар қырсықтың бастауы қазақ тілінің аграрлы қоғам лексикасы аясында, тұйықталған алапта қалып қойып, аномалды қолданылуынан болып отыр.
Шын мәніндегі классика деңгейінде көркем дүние жасаймын деген жазушы бәрінен бұрын өзінде төмендегідей рухани факторлардың қамтамасыздығын ойлауы керек. Алдымен керегі индустриялы қоғам өміріне лайықталған грамматикамен реттелген тілдің жеткілікті лексикалық қорының болуы. Былайша айтқанда, лексикалық ресурс қамтамасыздығы жағдайында, нақты ажыратылған стильде, сөз орнықтылығы сақталатын семантикалық жүйені меңгеру деген сөз. Сонан кейін сананы индустрияландыру, ауыл шеңберінен шығып кете алатын трансцендентті дүниетанымның болуы, өмірде орын алған констелляцияны аңғару, арасынан көркем өнерге объект бола алатындарын іріктеп ала білу керек. Ол үшін жазушыға интеллектілік қарым кеңдігі қажет.
Тілдің сөздік қорын толықтыру, индивидтің интеллектілік қарымдылығын кеңейту – бұлар іске асырылуы асан шаруа емес. Заманауи ақпараттық технологиямен оған қол жеткізу қиын емес. Тек бұлардың маңыздылығын, қажеттілігін тұшынып, сезіну керек, әрекет ету керек. Бірақ, қазақта осы болмай отыр. Әрекетсіздіктің себебі – жеке бас еркіндігінің болмауы. Ол адамды алға жылжытпайды, ерікті адым басуға жібермейді. Рухани жұтаңдық, жариялылықтың болмауы, буалдыр цензура қазақтардың кемшілігін айтқызбауға, мәселені талқылатпауға, пайдалы шешім қабылдаттырмауға жеткізіп отыр. Осылай, қазақ тек билікке қарап ауыз ашып отыра беретін, рухани жүдеуліктің құрсауына түсіп алып. толық әрекетсіздікке әбден бо алдырған.
Тіл-ой-әрекет триадасының бірінші және үшінші буындарының арасындағы байланыстарға көңіл аударған ресейлік профессор В.Харченко «сөздік қордың кедейлігі кедейліктің ең қауіпті түрі – шешім қабылдаудағы кедейлікке әкеліп соқтырады» [Харченко В. Русский язык: бедность или богатство? «Знамя» 2006, № 6. 187-б.] П деп түйіндеген екен. Айтса – айтқандай, ұлттың рухани дағдарысы тіл-ой-әрекет детерминациясының барлық буындарынан көрініс береді, қазақтың жан әлемін түгел қамтыған. Соның салдарынан адекватты ойлай алмау, идея тапшылығы және теріс әрекеттер орын алуда. Былайша айтқанда, қазақтың рухани әлемі тарихи дамудың индустриялы басқышында тұрған, азаматтық қоғам құрған халықтардың жан әлемінен өзгеше болып қалып отыр.
Көркемдiктiң өзi де салыстырмалы. XX ғасырдың екiншi жартысы мен XXI ғасырдың алғашқы онжылдықтарында қазақ тiлiнде жазылған, өзімізде мықты деп бағаланған аздаған көркем шығармалар дүниежүзiлiк деңгейден қарағанда бестселлер қатарына қосыла алмайды, кейбіреулері орта қол туындылардың арасына да кіре алмайды, дүниежүзiлiк нарықта бәсекеге қабiлеттi емес. Өзге тілге аударылған еңбектер көбінесе конъюнктуралық есеппен немесе ақы төлеп аударылған, заманауи оқырманның сұранысына ие бола алғандары шамалы.
Қазақ жазушыларының өздерінің сауат пен талғам тапшылығынан зардап шегiп, ауылда қойшы немесе тракторшы болып жүрген кездерiнде сезiмге бөленiп, тамсанып оқығандары қазiргі қазақ оқырманын сондай сезiмге бөлемейды де, тамсандырмайды да. Кезiнде қазақ арасында тәуiр деп танылған жазушылардың мектеп бағдарламаларына енген шығармалары қазiргi оқушыны селт еткiзбейдi. Қазiр бұл шығармаларды, өзгенi қойып, сол жазушылардың өздерiнiң балалары мен немерелерi де оқымайды. Өйткені, олар жаһандану, кенттену, ақпараттану толқындары iлестiрiп әкеткен, азаматтық қоғамның азат адамы үшiн дәйектi ақпарат көзi бола алмайды, оған әсер бере алмайды, олардың менталитетiне жат, өзектi емес, компетенттiгiн қалыптастыруға септiгiн тигiзбейдi.