II бөлім. ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ЖАЛПЫФИЛОСОФИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ
IV тарау. ТІЛ ФИЛОСОФИЯСЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Тіл философиясын мектеп грамматикасынан бөліп алып дамытуды қажет ететін пәндер қатарына жатқызу керек.
Ф.Бэкон
Егер герменевтикалық тәжiрибенiң тiлдiк сипатын түсiнгіміз келсе, онда бiз тiл мен дүние арасында болатын байланыстарды зерттеуiмiз керек.
Х.-Г. Гадамер
4.1 Контент – тiл философиясының зерттеу объектісі
Тiлдiң қалыпты өмiр сүруi оның онтологиялық мәселелерiн шешумен ғана қамтамасыз етiлмейдi. Егер қарастырылып отырған тілде заманауи қоғам мүшелері қабылдайтын татымды мәдениет жасалмаса, онда жетілдірілген грамматиканың болуының өзі тілді дағдарыстан құтылдыра алмайды. Тiл тағдыры оның сыртқы байланыстарына – тiлдiң қоғамдық өмiрмен қабыса арабайланысына тәуелдi. Қазақ тiл ғылымында осы мәселелер – тiл философиясы шеңберiнде зерттелетін, сырттан болып жататын әсерлер ескерусіз қалған. Қазақ тілін дамыту үдерісіндегі келесі стратегиялық адасу осыдан бастау алады.
Тіл философиясы шеңберінде тіл контенті, оның мазмұны, сапасы және бұқараның оны үйренуге қажеттік тудыру мүмкіндіктері зерттеледі. Қоғам мүшелерінің тілге қатынасы көркем мәдениеттің, бұқаралық ақпараттің, мектепте оқытылуға ұсынылатын білімнің мазмұнымен айқындалады. Бұқараның тілді қабылдауы – тілді қажетсінуі немесе қажетсінбеуі, оны үйренуге құлшынысы немесе оған енжарлығы да осы контексте қарастырылады.
Тіл философиясын тіл грамматикасынан бөлек, жеке бағыт ретінде зерттеу Батыс ғылымында бұрыннан бар. Кезінде Ф.Бэкон атап өткендей, Англия үшін «мектеп грамматикасынан бөліп алып дамытуды қажет ететін пәндер қатарына жатқызуға барлық негізі бар тіл философиясы» [41: 320] қазақ лингвистика ғылымында географтар аяқ басып көрмеген аумақты белгiлейтiн ақтаңдақ сияқты болып қалып қойған.
Мемлекеттік тілді мәртебесіне сай орнықтыру үдерісінде ол тілде жасалған мәдениеттiң бәсекеге қабiлеттiлiгi немесе қабiлетсiздiгi, ғылыми шығармаларға сұраныстың болуы немесе болмауы, мектептегi бiлiмнiң сапасының жоғарылығы немесе төмендігі, таралатын ақпараттың бұқараның назарына iлiгуi немесе iлiкпеуi мәселелерi қазақ тiл ғылымының назарынан тыс қалды. Тiлдiң қазiргi заманғы жоғары интеллектiлi, жанжақты мәдениеттi адаммен арабайланысы, азаматтардың қазақ тiлiнде таралып жатқан материалдардың – тіл контентінің сапасына белгiлi деңгейдегi реакциясының көрiнiсi болып табылатын психологиялық фактор да ескерусiз қалды. Көркем өнер мәселелерiн зерттеушiлер жастардың ұлттық өнерден сырттап кетуіне көңiл бөлмедi, оның себептерiн ашуға тырыспады, бұл – жастардың патриоттығының кемшiндiгi деген кiнәлаумен шектелдi. Қазақ тiлiнде таралатын материалдардың тақырыптық және идеологиялық аспектiлерi сарапқа салынбады.
Осыдан мемлекеттік тілдің дағдарысын тудырып отырған басты екінші себептің (бірінші себеп алдыңғы «Тіл онтологиясы» бөлімінде қарастырылған) тiлдiң таралу кеңiстiгiн толтыратын контенттің индустриялы қоғам адамының рухани талаптарын қанағаттандыра алмауынан, сонысымен бұқараның қазақ тiлiн үйренуге мүдделiлiгін тудыра алмауынан болып отырғаны айғақталады.
* * *
Тіл философиясы аясында зерттеледі:
– тілдің және сөйлеудің жалпыфилософиялық негіздері;
– тіл-ой-әрекет детерминациясы;
– тіл контентінің мазмұны, сапасы, қоғам мүшелеріне қажеттігі үш арнадан түсіп жатқан ақпараттар легі мысалдарымен сараланады:
а. көркем мәдениет туындылары;
ә. орта және жоғары оқу орындарына ұсынылатын педагогикалық әдебиет;
б. бұқаралық ақпарат құралдарының материалдары бойынша.
Тілдің сыртқы өмірмен байланысын кейбір орыс ғалымдары сыртқы лингвистика (экстралингвистика) шеңберінде қарастырады. Оған тілдің даму жағдайларына және атқаратын қызметіне қатысы бар әлеуметтік, этномәдени, географиялық, демографиялық, қоғамдық-тарихи факторларды енгізеді.
Мына бір әдіснамалық қағиданы ешқашан ұмытуға болмайды. Қандай мәселе болса да, оны тікелей қарауына алатын ғылым саласы шеңберінде ғана зерттеп, шешуге тырысу сауаттылыққа жатпайды. Қазақ тілінің де мәселелерін, үйреншікті тәсілмен, тек лингвистика ғылымы шеңберінде ғана қарастыру еш тыңғылықты нәтиже берген жоқ, беруі де мүмкін емес. Алдыңғы қатарлы елдердің ғалымдары кез келген ауқымды әлеуметтік мәселені ғылымдар интеграциясында қарастыратыны белгілі. Күллі Батысқа танымал әдіснамашы ғалым Л. Февр былай деген еді: «Пәндердің қабыса келісуі, олардың өзара нәтиже алмасуы, арабайланысы, мінеки, ғылымдағы прогресс осымен айқындалады. Басқаша айтқанда, ірі жаңалықтар көбінесе ғылымдардың түйілісінде ашылады» [68: 97]. qwer
Жалпы, тіл философиясы мен сыртқы лингвистиканың арасындағы шекара сызығы айшықты емес. Бір мәселені екі ғалым ғылымның аталған екі саласы шеңберінде зерттеуі де мүмкін. Осы уақытқа дейін қазақ тілінің шешуі қиын түйіндері философия, тарих, әлеуметтану, демография, мәдениеттану, әдебиеттану, өнертану, этика, экономика ғылымдарының жеткен жетістіктерінің үйлестірілуі астарында зерттелмеді. Қазір соның салдарлары алдан көлденеңдеп шығып отыр. Қазақ тілінің мәселесін зерттеу қазіргі таңда А. Байтұрсынов салып берген арнадан аса алмай, осындай абстракті, тар шеңберде ғана жүргізіліп, жанжақты, кеңінен және тұтасынан қарастырылмай келеді. Билік тарапынан да тиісті талап қойылмай, қазақ лингвистері формалы жоспар қабылдау мен жылдық есеп беру шеңберінде жүргізіп келді. Соның салдарынан мемлекеттік тілді мәртебесіне лайық қызметін атқаруға дайындау үдерісі сылбыр жүріп, келелі нәтижеге қол жеткізу мүмкін болмады.
Шекаралық межеге жақын тұрған, ғылымдар тоғысында қарастырылуға тиісті зерттеу объектілерінің ішіндегі аса маңыздыларының бірі – контенті, оның сапасы және бұқаралық санаға әсері. Қазақ тілінің контентін тұтынушыға рухани құндылық ретінде қажеттілігін, тілді үйренуге мүдделілік және оған көпшіліктің ынтасы болуын зерттеудің өзектілігі өте жоғары. Қазақ тілінде жасалып жатқан көркем әдебиеттің, беріліп жатқан білімнің, таралып жатқан ақпараттың мазмұны, идеялық бағдарлылығы, ғылыми дәйектілігі және олардың қазақ тілін мемлекеттік мәртебесіне сай дамыту үдерісіндегі рөлі әлі ашылған жоқ. Тіл үйренуге мүдделіліктің заңды өзгертіп қоюмен немесе биліктің пәрменімен немесе күштеумен емес, тіл контентінің сапасының жоғарылығымен жүзеге асырылатыны әлі қазақ лингвистерінің қаперіне кірген жоқ. Мәселенің осы қырына терең үңіле алмаған қазақ тілші ғалымдары тілді айналысқа енгізу істерін әкімшілікке аударып қойып, өздері сырттай бақылаушы және сынаушы рөлінде қалып отыр.
* * *
Осы зерттеулерде тіл философиясы шаңберінде қазақ тілі контентінің сапасы және оның қоғаммен арабайланы зерттеледі. Тіл философиясының байыбына тереңірек бару үшін алдымен қазақ тілінің контенті деген не, оның сапалық сипаттамалары қандай деген сұрақтардың басын ашып алу керек.
Контент (content – ор. содержимое) ағылшынша мәтінге енген мазмұн дегенді білдіреді. Белгілі бір тілде түсіп жатқан ақпараттық ресурстың маңыз аларлық мазмұнмен толтырылуы.
Қазақ тілінің контенті құрамы жағынан келесі үш ресми арнадан:
– көркем мәдениет туындыларының мәтіндерінен;
– орта және жоғары білім беруге арналған оқулықтардың мәтіндерінен;
– бұқаралық ақпарат құралдары арқылы беріліп жатқан рухани өнімдердің жиынтығынан тұрады.
Контенттің сапалық қасиеттерін айқындау үшін келесі параметрлер бойынша контент-анализ жасалады:
– тіл материалының құрамы және құрылымын зерттеу;
– тіл материалын тақырыптық және мазмұндық талдау;
– тіл материалының саяси-философиялық бағдарын айқындау;
– тіл материалының ғылыми дәйектілігін нақтылау;
– тіл материалының бұқаралық санаға санаға психологиялық әсерін айқындау;
– тіл контентінің сапа көрсеткіші ретіндегі тіл үйренуге сұраныс тудырушы рөлін зерттеу.
Осы параметрлер бойынша объективті талдау жүргізу арқылы қазақ тілі контентінің сапалық сипаттамаларын толық көз алдыға елестетуге болады.
Контенттің ерекше көңіл аударарлық бір қыры – оның құндылығы. Контенттің құндылығы оның оқырман немесе көрермен үшін пайдалылығында, қызықтылығында және бірегейлігінде. Бұл жерден біз қазақ тілі контентінің – бұл тілде жасалып жатқан мәдениеттің, беріліп жатқан білімнің, бұқаралық ақпараттың сапалық жақтарына тоқтала отырып, олардың рухани кеңістікте өз қызметін шынайы атқарауына, мемлекеттік тілдің онығуына тікелей қатысы мәселесіне шығамыз.
* * *
Тіл контенті дегенде алдымен сол тілде жасалып жатқан көркем мәдениет, әсіресе, өнердің өзге салаларына «құрылыс материалын» беретін көркем әдебиет ойға оралады. Көркем әдебиет көлемі жағынан тіл контенті құрауыштарының ішіндегі ауқымдысы ғана емес, халықтың рухани болмысын айғақтайтын, дүниетанымын, эстетикалық сана деңгейін көрсететін фактор, ұлттық мәдениеттің квинтэссенциясы ретінде көрініс береді. Сондықтан тілге қызығу сол тілде жасалып жатқан көркем әдебиетке қызығудан, тіл үйренуге мүдделілік сол тілде жасалып жатқан көркем өнерді игеруге мүдделіліктен басталады. Көпшілікті көркем әдебиетімен баурап алған тіл ғана құдіретті тілге айналады.
Бұл тезис өркениетті елдердің тілші ғалымдарына ежелден белгілі. Амеркалық зерттеуші Э. Сепир айтқандай, «француз тілін үйренуге адамдар ол тілде оқуға татитын әдебиет болғандықтан құмар» [69: 248]. П Бұл формуланың қазақ тіліне де қатысты қолданымдылығы дәлелдеуді қажет етпесе керек. Қазақстандықтардың мемлекеттік тілді үйренуіне мүдделілігі ол тіл арқылы түсіп жатқан рухани өнімдердің, соның ішінде, көркем өнер туындыларының бәсекеге қабілеттілігіне, мазмұнының тартымдылығына, рентабельділігіне тікелей тәуелді. Өкінішке орай, қазақ лингвистері үшін ғана бұл құбылыс сыры ашылмаған тылсым дүние болып қалып отыр. Олардың ойынша, көркем әдебиет туындыларын жасаушы жазушылар лингвистика ғылымынан тәуелсіз әрекет етеді.
* * *
Тіл тағдырына ықпал ететін екінші фактор – сол тілде сабақ оқытылатын жоғары және орта мектептегі білім контенті болып табылады. Мектеп – тіл үйрену үдерісіндегі ең маңызды буын. Өйткені, тіл мектепте арнайы бағдарламамен, ұзақ уақыт үзіліссіз, заманауи педтехнологияны қолданып оқытылады. Өзге арналар арқылы үйренген тіл, әдетте тұрмыста түсінісу деңгейінен аспайды. Тек мектептен үйренген тілмен ғана адам сол тілде ресми іс жүргізіп, шығармашылық қызмет атқара алатын деңгейге көтеріледі.
Индустриялы қоғамның баласы мектептен постиндустриялы қоғамдағы өмір мен еңбек, ғылым мен технология туралы білім алуы керек. Өйткені, ол мектепті, содан кейін ЖОО-ны бітіріп, еңбекке араласқанда ел дамудың сол басқышына шығатын болады. Егер керісінше болса, балаға мектеп аграрлы қоғам өмiрiн сипаттайтын бiлiмді ғана ұсынса, онда нәтиже де керісінше болады. Бiлiм мазмұны мен қоғамдық практика арасындағы сәйкестiктiң болмауынан, мұғалiмнiң бергендерiнiң өмiрлік практикада пайдалануға жарамсыздығынан, ол мектептен құр қол шығады, мектепті тәмәмдап үлгiрмей-ақ алғанының бәрiн ұмытады. Ең бастысы, бала мектепте дәріс алған тілін де білмей шығады. Мұның себебін тағы сол – өркениеттердің омырылуы теориясын бетке ұстай отырып, іздеу керек. Индустриялы қоғамда өмір сүріп жатқан жас адамға аграрлы қоғам өмірінен алынған білімді ұсынуға болмайды.
* * *
Тіл философиясы шеңберінде қарастырылуға тиісті, оның тағдырына тура қатысы бар келесі мәселе сол тілде таралатын бұқаралық ақпараттың сапасы мен оның бұқаралық санаға әсері болып табылады. Бұқараға таралатын тіл контентінің сапасы қоғамда үстемдік еткен саяси режимнің сипатымен айқындалатыны белгілі.
Үнемі өрлеп отыратын, ашық қоғамның демократияшыл баспасөзінің тілді жетілдіруге тура және игі ықпалы бар. Қоғамда болып жатқан құбылыстарға әділ саяси баға беретін, келеңсіздіктерді өткір әшкерелейтін, халықтың мүддесін діттейтін газетті немесе журналды көпшілік іздеп жүріп, тауып оқиды. Осыдан тiлдiң де демократияның жемiсi екендiгi көрiнедi.
Демократиялық емес қоғамның баспасөзі халықты өзінен аластатады. Айналада болып жатқан нағыздықты объективтi түсiндiре алмау, үрдісшіл баға, жалған және жағымпаз ақпарат бұқараны сол ақпарат басылып отырған басылымнан ғана емес, қолданылу тiлiнен де жирендiредi. Көпшiлiк iздеп жүрiп оқымайтын, өз беделiмен таралмайтын басылымды салық төлеушiлердiң қаражатына ұстап отырып, әкiмшiлiк шаралармен тарату – шын мәнiнде, бұқараны тiлден де үркiту, демек тiлге де берiлген соққы болып табылады. Қазiргi қазақ тiлдi басылымдардың көбi сонысымен бұқараны қазақшадан үркiтушiге айналып, өзiн қоршаған дүниемен байланысын үзiп отыр. Х.-Г Гадамер айтқандай, «егер бiз герменевтикалық тәжiрибенiң тiлдiк сипатын түсiнетiндей дұрыс көкжиекке шыққымыз келсе, онда бiз тiл мен дүние арасында болатын байланыстарды зерттеуiмiз керек» [8: 513].
* * *
Нағыз көркем әдебиет, сындарлы публицистика, гуманистік ғылым, қай қоғамда болса да, пайдаланушыларын табады. «Кітап-оқырман» байланысын тіл мен тіл субектісі арасындағы байланыс ретінде, тілдің мәртебесіне сай қоғамда орнығуын қамтамасыз ететін, былайша айтқанда, тілдің тағдырын шешетін фактор ретінде қарастыру керек.
Өркениет өмірінен жазылған, көркемдігі талғамға сай шығарманы бұқара соңынан түсіп жүріп оқиды. Тақырыбы өзекті, ғылыми жаңалығы бар еңбекті ізденуші іздеп тауып зерттейді, үйренеді, идеяларын жалғастырады. Талапқа сай білім беретін мектепке бұқара баласын өз қолымен жетектеп апарып оқытады. Отанының жетістігін жеткізіп жатқан демократияшыл, шыншыл ақпаратпен, отандастарының қолымен, ақылымен жасалып жатқан көркем мәдениетпен, ғылыммен, мектебі беріп жатқан біліммен бұқара мақтанады, оның еңсесі, демек рухы осылармен көтеріледі. Рух өрлеген сайын тіл де қарыштап дамиды. Тіл философиясы шеңберінде зерттелуге тиісті мәселелер осылар.
Рухани өрлеу тілден бастау алады. Тілі құдіретті халықтың рухы үстем болады. Көтеріңкі рух ұлы істерге мұрындық болады. Тарихи прогресс осыдан басталады. Бұлардың бәрі тіл философиясы шеңберінде зерттеледі.