5.5 Ұлттық мәдениеттің тоқырауы

Ұлттың рухани кеңістігінде қалыптасқан ахуалды қалай бағалау керек?

Тіл мен мәдениеттің тоқырауының үнемі шиеленісіп бара жатуын немен түсіндіруге болады?

Қазіргі қазақ тілінде жасалып жатқан мәдениетті шектеулі мәдениет және декаданс деп аталатын категорияларды қолдана отырып, объективті бағалауға болады.

Шектеулi мәдениетсубкультура (лат. sub – астында, жанында, шетте) ұғымы шетте, белгілі бір әлеуметтік топтың арасында ғана таралатын, тұйықталған мәдениет дегенді білдіретiнi белгiлi. Субкультураның өзіндік ерекшеліктері бар. Олардың бастылары мыналар:

Біріншіден, субкультура – қоғамның құрамына енетiн белгілі бір топтың мәдениеті болғандықтан, қоғам мүшелерінің бәрі оны қабылдамайды. Мысалы ол топ – жастар болуы мүмкін. Мұндайды білдіру үшін жастардың шектеулі мәдениеті (молодежная субкультура) деген термин қолданылады. Субкультураны кейде ұлттың бір бөлігі немесе халықтың құрамындағы бiр этнос, кейде орналасуына қарай бөлінген топ жасауы мүмкiн.

Екіншіден, субкультура құндылықтарын тұтас ұлт немесе жалпы адамзат қабылдамайды, олар топтың ындыны ретінде көрініс береді. Сондықтан субкультура шығармаларының тақырыбы шектеулі, оны жасап отырғандардың өздеріне түсінікті болғанымен, өзгелерге түсініксіз, сонысымен өзге мәдениеттермен байланыссыз, олармен кірікпейді, байымайды, өзге жұрттарға таралмайды.

Үшіншіден, субкультураны арнайыланған топтың арасынан шыққан, дарынды, бірақ жүйелі білімі жоқ адамдар (жоғары білімнің дипломы болса да), Дж. Локтың сөзімен айтқанда, «өңделмеген алмастар» жасайды.

Ағылшын философының келтіруінше «өңделмеген алмасқа ешкім қанағаттанбайды, айналасына жағымды әсер қалдырғысы келген адам оны сол күйінде тағып жүрмейді. Ол тек жонылып, кемертыс киігізілгенде ғана жарқырайды. Сапа жақсы болса маңыз аларлық жан байлығын құрайды. Тек ізгі тәрбиелілік қана оған кемертыс ретінде қызмет ете алады» [88: 484].

Қазақ арасында «өңделмеген алмас» ұғымын дәл беретін “кесек алтын” («золотой самородок») тіркесі қолданылады. Олар – топқа менталитетi мен дүниетанымы үйлесетiн, топ мүддесін түсінетін, талғамын білетін адамдар. Бірақ дүниетанымы тар, адамдармен жүздесу мәдениеті және интеллект деңгейі төмендігінен олар бұқараны ілестірiп, жалпыадамзаттық өркениетке қоса алмайды, өздері бұқараның соңынан ілеседі. Бұқара алып жүрген идеяларды, құндылықтарды шығармасына тиек етедi, көпшіліктің көкейіндегісін жырлайды, оның қарадүрсiн өмiрi мен тұрмысын сипаттайды, сонысымен топқа жағады.

Төртіншіден, субкультура өзінің өмір сүретін суб-ареалындағы социум ғана  қолданатын жұтаң менталдық лексиконмен жасалады. Суб-культура туындысының авторы сөздік қорының шамасына лайық, тілі жететін тақырыптарды ғана қозғай алады. Ауылшыл субкультура өкілдері арнайылығымен, өздері үшін маңызды, ауыл тұрмысы, малшылық кәсіп туралы жазады, қала, өндіріс, ғылым, саясат тақырыптарына шығарма жаза алмайды.

Бесіншіден, субкультура туындылары көркемдік жағынан солғын, қарадүрсіндігі басым болады, таптаурындарға жол береді. Оларда арзан өткірлік, цинизм, қорқақ фрондерлік жиі ұшырасады. Мәдениеттен гөрі ермекке жақын болады. Топтың эмоциясын ғана күйіттейтiндiктен рухани азық бермейді, уақыт өткізіп, көңіл көтеруге көбірек бағышталады.

Белгілі жазушы, әдебиетші Г.Бельгердің түсіндіруі бойынша, қазақ субкультурасына ұқсас құбылысқа қатысты «неміс әдебиетінде аймақтағы өмірді шектей суреттеу ұғымын беретін «Heimatdichtung» деген термин бұрыннан қолданылады. Мұндайда дүниені сезінудің қамалған нұсқасы алға тартылады. Қазақ тіліндегі әдеби шығармалардың көпшілігі осы «Heimatdichtung» стилінде жазылған. Демек, оларда өмір ауыл маңындағы күлтөбенің биігінен ғана көрініс табады. Тамаша, айқын, түсінікті, бірақ, географиялық, тарихи, психологиялық тұрғылардан қарағанда тұйықта қамалып жатыр. Тұсалудың кібіртіктеудің, омалудың бәрі осындайдан туындайды» [89].

Субкультураның классикалық мәдениетпен үш қайнаса сорпасы қосылмайды, қоғамның субаймақтарында пайда болып, өмір сүріп, өліп жатады. Оларды салыстыру үшін де қатар алып қарастыруға болмайды. Субкультура – мәдениеттегі тоқыраудың меңдегенінің, тұралап қалудың, декаданстықтың көрінісі.

* * *

Егер субкультура рухани әлемді еңсеріп тұрса, оның туындыларын тұрғындардың басым көпшілігі пайдаланып жатса, онда бұл құбылыс сол елдің мәдениетіне декаданстың төніп келе жатқанын айғақтайды. Тиісінше, мәдениеттегі дакаданс субкультураның пайда болуына және оның бұқаралық сананы иектеп алуына жол беріп отырған ұлттың өзін де көрге сүйрейді.

Декаданс – қоқынышты сөз, әсіресе кемшілігін мойындағысы келмейтін біздің халқымыз үшін. Бұрынғының қазақтары «ауруын жасырғанның өлетінін» білген. Қазіргінің қазақтары кемшіліктер туралы объективті ақпараттан гөрі, жалған жетістіктер туралы, құлағына жағатын, қызыл сөзді тыңдай бергісі келеді. Сонда жаны жай табады. Қазаққа «біз бүкіл планетаның алдында, алып адыммен, бәрінен өза шауып, зымырап барамыз. Мәдениетіміз гүлденіп кетті» десең ұнайсың. Солай болса да, алдан күтіп тұрған аяусыз анафеманы сезе тұра, «біздің корольдікте бәрі ретті болмай тұр» дегенді де дауыс шығара айтуға тура келеді.

Қазақ тілі қазақтілді ауылда сақталады деген теорияның өзі қате. Бәрі керісінше. Онда тілдегі девиациялық элементтердің толық жиынтығын –даттағы байланыссыздық, қисынсыздық, аграмматизмдер, амфиболиялар, гипербаттар, будан сөздер, былайша айтқанда, ауытқудың толық букетін арқалаған ауыл лингвемасы үстемдік құрды. Қазіргі таңда қазақ тілінде толыққанды, көпфункциялы, салауатты сөйлейтін үлгілі орта жоқ. Ситаксистік тұрғыдан дұрыс құрылған сөз естілмейтін, аяқталған бастауыш-етістік-баяндауыш құрылымы жоқ, оның орнына тіл аномалиясы толық меңдеген ортада көркем роман жазылуы мүмкін емес. Қазақ тілі репрезентативтік қабілетін сол ауылда жоғалтты. Ауыл оны үйрене де, өзгеге үйрете де алмайтындай табанға түсірді. Біз мыжылып қалған пластилинше, ауылда мейілінше бүлінген қазақ тілін ресми қолданысқа жарата алмай жүрміз.

Шынтуайттап келгенде, мемлекеттік тiлдiң де барлық қиындықтары оның әлеуметтiк тiрегi ауыл болуынан туындап отыр. Қазақ тілінің индустриялы өмірден аулақта қалуы дегенді, оның да, екінші сөзбен айтқанда, тарихтан, мәдениеттен тысқары қалуы деп түсіну керек. Субаумақта ғана таралған тілде келешек болмайды. Тiлді аграрлық уклад қойнауынан суырып алып, қала индустриясына алып келгенде ғана, демек, тіл «қалалық» болғанда ғана қалыпты даму жолына түседі, өзiнiң келешегiн жасай алады. Түптеп келгенде, тілдің тоқырауы – құбылыс, ауыл – себеп, мәдениеттің тоқырауы – салдар.

Тағы да сол, «ауыл мәдениетін көтереміз» деп тыраштану да – далбасалық. Өйткені «ауыл мәдениеті» деген ұғым жоқ, мәдениет қалада жасалады, ауыл оны жетістігін құлықсыз қабылдайды, еріксіз пайдаланады. Қазақ жазушылары қала мәдениетіне балама ретінде «ауыл мәдениетін көтерумен» үнемі айналысып келді. Бұл бағыттан ешқашан айныған емес. Өткен ғасырда марқұм О. Бөкеевтің таралымы көп газеттердің бірінен тұрақты айдар ашып, талайды «ауыл мәдениетін» көтеруге жұмылдырмақ әрекеттерін жасағаны бар. Қазір де әр тұстан осыған бағытталған шараларға топтасулар көрініс беріп отырады. Бірақ еш нәтиже шығып көрген емес, шықпайды да.

Қоғамның даму үдерісіндегі қаланың рөлі Батыс философиясында аз көтерілген жоқ. Танымал Батыс ойшылдарының бірі М.Вебер «мәдениет атаулының бәрі өзінің мәні жағынан алдымен қалалық болады, саяси өмірді құратыны сияқты, өнердің де, әдебиеттің де тасушысы қала болып табылады» [90: 449] деп жазған болатын. Демек, мәдениет тек қалада жасалады. Онда ауыл мәдениеті деген ұғым санада шөлдегі айсберг деген сияқты із қалдырады.

Лексикалық қоры аграрлық салалардағы нағыздықты бейнелейтін қазақ тілінде білім алып, тәрбиеленгендер үшін индустриялы өмір шындығы жат болып шықты. О. Шпенглер айтқандай «Барлық ұлы мәдениеттер – қалалық мәдениеттер екенiн, олардың абсолютты айқындаушы болып табылатынын,.. қала дүниежүзiлiк тарихтың нағыз критериi: дүниежүзiлiк тарих – ол қала адамының тарихы» екендiгiн, «халықтар, мемлекеттер, дiн және саясат, өнер және ғылым атаулының бәрi адамның өмiр сүруiнiң бiрден бiр прафеноменi – қаладан байыз табатынын, барлық мәдениеттердiң бар ойшылдары қалада өмiр сүретiн болғандықтан (тiптi егер ауылда туылған болса да) олар қаланың ғажап тартымдылығын абсолютты алға тартатынын» [64: 92] ұқпады және ұққысы да келмедi. Қазақи сана үшiн қала әлi танылмаған ұшып жүрген объект, қыры мен сыры ашылмаған орта болып қала бердi.

Бұл дискурстың әлеуметтік-психологиялық астары бар. Ауыл мәдениетін көтеруді жақтаушылар мәдениеттің тек қалада жасалатынын, «ауыл мәдениеті» деген тіркесте мағына жоқ екенін мойындағысы келмейді. Бұл тезиске қарсы уәж айтуға тағы дәрмендері жоқ, оған алға тартар аргуметтері мен келтірер айғақтары жетпейді. Ауыл мәдениетін көтеру жолдарын көрсетіп бере алмайды? Өйткені, ондай жол жоқ. Кейбіреулері мұны түсінеді, бірақ ауылын «жамандыққа» қия алмай, еріксіз конформистік психологияға бой алдырып, көпшілік жағына шығып отырады. Оларға ауыл мәдениетін көтерушілердің қатарында екендігін көрсетіп жүре беру ыңғайлы. Түптеп келгенде, ауыл мәдениетін көтеруді жақтаушылардың ешқайсысы қаладан кетпейді, ауылдың өзіне барып, оның мәдениетін көтерумен белсенді айналысуға өз еркімен ешкім адым баспайды.

Рухани дамудың әмбебап заңдылықтарының бірі мынау: мәдениеттің күйреуі қоғамның күйреуіне ұласады. Ежелгі Рим империясының басынан өткен үдерістердің мысалымен бұл қағиданы Макс Вебер қолға таяқ ұстатқандай сипаттап берген болатын. Оның түсіндіруінше, «Рим империясы әлдебір бөгде себептерден – жаулары сан жағынан көп болғандығынан немесе саяси жетекшілерінің қабілетсіздігінен немесе сырттан кездейсоқ келген күшті соққыдан,..  құлаған жоқ… Империяның өзі құлағанынан бұрын Ежелгі Римнің мәдениеті күйреуге ұшырады. III ғасырдың басында Рим әдебиеті үн шығаруын тоқтатқан болатын. Юриспруденция және құқық мектептері ыдырады. Грек және латын поэзиясы өлі ұйқыда жатты. Тарих дерліктей өмір сүруін тоқтатты. Тіпті жазулар да мелшиіп қалды. Латын тілі толығымен мешеуленуге жақындап келді» [90: 447].

Соңғы мың жыл ішіндегі адамзаттың тарихы мынаны дәлелдеді: халық өркениетке, соның ішінде Батыстың гүлденген демократиялы қоғамдарына қосылғанда алаңсыз даму жолына түседі. Шығыс қайраткерлерінің ішінде алдымен Батыс өркениетіне ден қойған, олардың перспективалылығын  жанымен түсінген түрік ұлтының жетекшісі Ататүрік болды. Ол саяси векторды Батысқа бұрды. Өз елінің тағдырын Батыс қоғамдарымен байланыста қарастырды. Саясатшылардың жас ұрпағына елдің болашағын Батыс қоғамдарымен бірге құруды өсиет ретінде қалдырды. Түріктердің көсемі «Біз өркениет салған жолмен жүреміз және соған келеміз. Өркениет – ол күшті от, оны елемеген жанып кетеді, күйрейді. Біз өркениетке қосыламыз және сол үшін мақтанатын боламыз» деп жазды [91: 29].

Осылай Ататүрік Түркияны аграрлық былықтан суырып алып, индустриялы қоғамдар қатарына қосып кетті. Ал, өкінішке орай, мұндай аксиомаға айналып кеткен қағидаларды қазақ зиялылары түсіне алмады, өркениеттен аулақ жүріп, «жанып та, күйіп те» кеткен кездерінен қорытынды шығармады, мыңдаған жыл бойы өркениет алға тартып келе жатқан тәжірибеден сабақ алуды қажет деп таппады.

* * *

Қазақ тілінде жасалып жатқан мәдениетте көрініс беріп жүрген теріс бағыттардың келесі кесірлі түрі – контркультура. Ол ХХ ғасырдың 60-70 жылдары Батыстың буржуазиялық мәдениетіне рухани қарсылық ретінде пайда болған болатын. Көптеген елдерде етек алған бұл рухани қозғалыс Батыс қоғамдарының әлеуметтік құндылықтарынан, моральдық-адамгершілік идеяларынан, стандарттарынан, өмір бейнесінен, бас тарту, олардың респектабельділігіне, материалдық игіліктеріне, жәдігөйлігіне, эгоизміне, қарсылық формаларында көрініс берді. Бір жағынан, пуристік моральді, еңбекті әспеттеп, есірткішілікке, ұжымдық оргияға қарсы бағытталған әрекеттер жасағанымен, тұтастай қарастырғанда, контркультурашылдар адамзаттың маңызды жетістіктерін объективті бағалай алмады, әлеуметттік шынайылықтан шығып кетті. Сонысымен, эфемерлі көрініс деңгейінде, тарихта із қалдырмай, жойылып кетіп отырды. Контркультуралық бағытты белсенді ұстанып аренаға шыққандардың өздері кейіннен заманауи өркениетке қосылып, сіңіп кетіп отырды. Оларды өздерінің ұрпақтары да қолдамады.

XVI ғасырдың соңынан XX ғасырдың екінші жартысына дейінгі кезеңде дүниежүзілік саяси кеңістікте орын алып, адамзаттың арына таңба болып басылып келген, келеңсіз құбылыс отарлық жүйенің пайда болуы мен халықтардың даму бағытын өздері ажырата алмау айғағы болып табылады. Мұны Кеңестік идеологтар Шығыс елдерін Батысқа айдап салатын идеологиялық қару ретінде пайдаланғаны белгілі. Өткен ғасырларда отарда болған елдерде контркультуралық бағыттардың пайда болуы мен жайылуы осымен түсіндіріледі.

Ал қазақ контркультурасының пайда болуына осыған ұқсас, бірақ бұдан өзгеше құбылыс әсер етті. Қазақ мәдениетіндегі контркультуралық идеялар Қазақстан Кеңес Одағының қарамағында болған кезінде көрініс бере бастаған болатын. Қазір сол үрдіс жалғасып келеді. Батыстың алпауыт елдерінің Қазақстанды отарламағаны белгілі. Солай болса да, қазақ мәдениетінде контркультуралық бағыт белең алып, үнемі өршіп отырды. Оның себебі Кеңестің Батысқа қарсы идеологиялық соғысының салдарымен, қазақтардың  Кеңес коммунистерінің соңынан көзсіз ілесуімен түсіндіріледі.

Қазақ мәдениет туындыларына сіңісті болып келген контркультуралық идеялар қазір де бұқараның санасын ылайлауын, халықты Батыстың озық қоғамдарына өшіктіріп қоюын жалғастырып келеді. Мәдениет қайраткерлерінің саяси философиялық бағдарларының терістігінен, тарихи сананың сүртіліп тасталуынан олар ұлтты оңға бастамайтын туындыларын жариялауды жалғастырып келеді.

Қазақ контркультурасы рухани кеңістікте екі бағытта жүзеге асырылуда:

а) кеңестік идеология тұрғысынан Батыстың мәдениеттеріне қарсы;

б) ауылшыл патриотизм тұрғысынан қала мәдениетіне қарсы.

Шын құлшынған адамның шеберлікке ұмтылысына тосқауыл қоюға болмайды. Қазақ алпысыншыжылдықтары да діттегенін оқырманның санасына жеткізу үшін небір ұтымды тәсілдерді ойлап табудан кенде қалмады. Кейбір қаламгерлер шығармашылық қуаты мен дарынын өздерінің контркультурологиялық идеяларын нәсихаттауға – қаланы ғайбаттауға ғана емес, бүкіл адамзат өркениетін құбыжық ретінде сипаттауға бағыштады және жетістіксіз болмады.

Антиөркениеттік, контркультурологиялық идеяларды көтерудің мысалы жазушы Т. Әбдіковтың «Тозақ оттары жымыңдайды» деген жазушылар арасында жақсы аталған повесінде айшықты көрініс берді. «Амазонканы тозаққа айналдырған… кәдімгі цивилизация мен мәдениет апармақ болған «ақ ниетті» адамдар» деп көрсетті ол аталған шығармасындағы ұнамды кейіпкерінің аузымен [92: 371]. Автордың мұндағы тозақ оттары деп отырғаны «ақ адамдардың мекен-тұрағынан қаз-қатар жылтыраған ғажайып оттар. Ерекше сәулелі, сиқыр оттар» [92: 386], демек, өркениетті елдер тұратын қалалардың шамшырақтары.

Автор астарлы экспликациясымен оқырманын дилеммаға әкеліп тірейді:  өркениетті қоғамның азаматы болу керек пе, әлде, өркениетке дейінгі дәуірде өмір сүріп жатқан ерікті хомо сапиенстің өкілі болып қала берген жөн бе?  Өркениет – тозақ, ол халықтарды, елдерді жұтады. Өркениетке қосылмай, табиғат аясында, алғашқы қауымдық құрылыста, өзгеріссіз қала беру адамдардың бір қалыпты, мамыражай өмірін жалғастыра беруін қамтамасыз етеді. Әрине, бұл тұста автор оқырмандарының екінші жолды қалағаны жөн екендігін емеурінмен білдіреді.

Қазақ жазушылары әскери техникаға, от қаруға, мұхит транспортына ертерек қол жеткізген жұрттардың қауымдық құрылыста немесе аграрлық уклад жағдайында өмір сүріп жатқан тайпалар мн халықтарды басып алғанын, қырғанын, езгенін еңірей сипаттауға үйірлік танытты. Осы айғақпен олардың жауыздығын әшкерелеп, оқырманын олардан теріс айналдырмақ болды. Келтірілген шығармада автор ұзаққа созылған тарихи үдерістен расында да болған бір оқиғаны – испандықтардың Амазонкадағы бір тайпа елді қырғынға ұшыратқанын бөліп алып, «өркениет – тозақ» деген қорытынды шығарады. Осы бір оқиғадан алынған түйіннің құйрығынан ұстап алып, қазақты тұтас өркениетке қарсы айдап салмақ болды.

Зиялы қауым адамзат өркениетінде орын алған, бір халықтың екіншісін басып алу айғақтарының астындағы тарихи мағынаны тұтастай көре алмады. Шамасы жетіп тұрса, тарихта кез келген күшті халықтың әлсізді еңіретуінің үрдістілігін; соның ішінде өз бабаларының да айдарынан жел есіп тұрғанда талайды еңіреткенін; Шығыс жиһангерлерінің де басып алған жұрттарына мейірімді бола қоймағанын ескермеді. Батыстың басқыншы халықтарының келесі ұрпақтарының құлдық пен нәсілшілдік сияқты антиадами құбылыстарды жойғанын, дұниежүзілік отарлық жүйені ыдыратқан да солар – Батыс өркениеттері өкілдері екенін, өз халқының да тәуелсіздікті солардың – кезінде «тозақ оттарын жаққандардың» ұрпақтарының көмегімен (осы құбылыс туралы толығырақ осы кітаптың 4.5.3 тармағын қараңыз – Қ.Ж.) алғанын назардан тыс қалдырды. Қазақты Батыс өркениеттеріне мейілінше өшіктіріп қойып, олардан іргені аулақ салып, жайлауда жатып алып, «қой бағып, көтен жеп озатын» күйді көркемдік шеберлікпен жеткізуге тырысып баққан. Тарихи оқиғаларды зерделі саралап алмай, құбылысты тұтастай көз алдыға келтіре алмай, оның мәнін терең түсініп алмай, ақыры, одан өзімізге келер-кетерді бажайлап алмай, оның бір элеметінен үстірт қорытынды шығарып, ұрпақты прогреске қарсы айдап салуға болмаса керек еді.