2.1.8 Мақалдар мен мәтелдер
Мақалдардың нәр алатын қорегi мешеу қоғамдар екендiгi олардың тек мешеу қоғамдарда ғана сақталып отыруынан көрінеді.
Э.Дюркгейм
Аграрлық қоғамның бейнелi тiлiнде белең көрiнiс беретiн күшейткiш құралдардың келесi шоғырын мақалдар мен мәтелдер құрайды. Олардың сөз саптаудағы рөлi қазақ лингвистері тарапынан әсірелей бағаланады, ойды бейнелi жеткiзуде таптырмас амалдардың бiрi ретiнде дәрiптеледi. Қазiргi қазақ тiлi мен әдебиетi пәндерiнiң оқулықтары мақалдар мен мәтелдерге толы.
Аграрлы және индустриялы қоғамдарда мақалдар мен мәтелдердің алатын орны
Кесте № 9
Аграрлық қоғамның бейнелi тiлi |
Индустриялы қоғамның орнықты тiлi |
«Сөздiң көркi – мақал». Мақалдың көмегiмен айтар ойды ұнамды және ұтымды жеткiзуге болады. Мақалды көп бiлiп, көп қолданатын адамдардың бiлiмi де, ақылы да арта түседi. Мақал-мәтелдердi сүйiп оқып, көңiлдерiңе тоқып жүрсеңдер сендердiң де тiлдерiң байып, сөйлеген сөздерiң сұлу, әсерлi шығады» [Әдебиет: Жалпы білім беретін мектептің 5-сыныбына арналған оқулық // Дайыр Ә. ж. б. – Алматы: Атамұра, 2005.]. | «Қоғамның дамуына қарай мақал-мәтелдердiң азаюы – ұжымдық түсiнiктердiң айқындаушылығының азая беретiнiнiң дәлелi болып табылады».
«Алғашқы қауымдық құрылыс халықтарында мұндай формула көптеп ұшырасады. Батыс Африка халықтарының мақалдары өте көп, олар өмiрлiк ахуалдың бәрiне табыла кетедi. Бұл – оларды өркениетте маңыз аларлық прогреске жете алмаған халықтармен бiрiктiрiп тұрған ерекшелiк. Дамыған қоғамдар тек алғашында ғана оларға бай болады, кейiн жаңа мақалдар пайда болмайды, ескiлерi көмескiленiп, түпкiлiктi мағынасын жоғалтады, ақыры мүлдем түсiнiксiз болып қалады. Мақалдардың нәр алатын қорегi мешеу қоғамдар екендiгi бiздiң заманымызда олардың тек мешеу қоғамдарда ғана сақталып отыруымен дәлелденедi [50: 163].
|
Мысалы, бiр ғана 5-сыныпқа арналған әдебиет пәнiнiң оқулығына жүзге жуық мақалдар мен мәтелдер енгiзiлген. Мұғалiмдер оқушыларға үнемi мақалдар мен мәтелдер айтқызып, жаттатып, сайыстар ұйымдастырып жатады. Қазақ теледидары да мақал мен мәтел айтудан жарыстар ұйымдастырып, оларды тұрақты берiп тұрады (мысалы, «мың бiр мақал» бағдарламасы).
Алайда, республика мектептерінде жүргізілетін қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында мақалдар мен мәтелдерді оқыту практикасы ойдағыдан керісінше нәтиже көрсетуде. Олай болмауы мүмкiн емес те. Өйткені, аграрлы қоғам тiліндегі мақалдар мен мәтелдерге индустриялы қоғамда сұраныс мүлдем азаяды. Мектептегi бiлiм мазмұнына енген және БАҚ арқылы нәсихатталған бейнелiлiк құралдары ғылым, техника және технология аяларында тiл қолдану практикасында болып жатқан үдерiстермен үйлеспейдi. Оқушы он бiр жыл бойы басына керексiз тықпаланған аграрлы тiлдiң бейнелегiш құралын – мақалдар мен мәтелдердi индустриялы қоғам шынайлығында қолдануға қажеттiлiк таппайды. Қажетсiз атаулының санадан сүртіліп, күресiнге лақтырылып тасталуы заңды. Осылай оқушының миы да мектептi тәмәмдағанда керексiз жүкті – мақалдар мен мәтелдерді лақтырып тастайды. Қазақ тiлiнде сабақ оқытылатын мектептi бітірушілердің есінде мектепті бітірерде оқу үдерісінде жаттап шыққан жүздеген мақалдан із қалмайды. Олар мақалдап сөйлегенді қойып, ана тілінде қарапайым ақпаратты жеткізуге шорқақ болып шығады. Осылай, мектепте арнайы бағдарламамен, әдістемемен, жүйелі және мол көлемде оқытылатын қазақ тілін аз көлемде болса да, компетенттікті қалыптастыруға қажетті білім беретін орыс тілі жеңіп шығады.