2.1.7 Полисемантизм – тіл үйренуді қиындатушы фактор

«Қазақ етістіктерінің бәрі көпмағыналы». Журналистің сұрауымен бір қазақ етістігінің мағынасы туралы сөз болғанда, марқұм Г. Бельгер осылай деп еді. Мұны құптарлықпен емес, әрине, ренжіп айтқан болатын. Қазақ лингвистерінің арасында индустриялы қоғам тілінің талаптарына сай келмейтінтіл перспеғктивасына кереғар көпмағыналылықты дәріптей сөйлеу әдеті бұрыннан бар. Сөз реті келген сайын, олар сөздің көпмағыналы болуы ыңғайды дегенге келтіріп, тыңдаушының құлағына құйып отырады.

Мысалдар:

«Іс қағаздары деген тіркестің ұғымы кең» [С. Аманжолов, Ә. Хасенов, И. Ұйықбаев. Қазақ тілі. 9-сыныпқа арналған оқулық. 21 – бас.– А.: «Рауан», 1998. С. 69].

«Күнделік деген сөздің мағынасы кең» [сонда. 82-б.];

«Дыбыс деген сөздің ұғымы кең» [сонда.108-б.];

«Стиль деген терминнің ұғымы өте кең» [сонда. 100-б.].

Келтірілген мысалдардан авторлардың коннотациясын түсіну қиын емес. «Мағынасы кең» деген тіркес арқылы олар көпмағыналы сөздердің көп болғаны жақсы дегенге сілтеп отырғаны белгілі. Қазақ тілінде сөз қолдану практикасында, оқулық жазғанда бұл постулат ескерілуге тиісті ғылыми бағыт ретінде қабылданған.

С. Аманжолов пен оның қосалқы авторлары бастаған дәстүрді қазіргі қазақ тілтанушылары жалғастыруда. Бұл тұрғыда Ш. Құрманбайұлының термин жасау және аудару ісін жүзеге асыру жолындағы ізденістері мен ұсыныстары көңіл аударарлық.

Профессор мынадай ұсыныс жасаған екен.

«Арыз-тілек (петиция), әл-ауқат (благосостояние), көші-қон (миграция), өлім-жітім (летальность), сауда-саттық (аукцион), штаб-пәтер (штаб-квартира), іс-қимыл (действие), іс-шара (мероприятие), іс-әрекетсіздік (бездеятельность) т.б. Бұл атаулардың кейінгі екеуінен өзгелері тілде бұрыннан қолданыста бар сөздер. Бұрыннан болғанымен бұлардың көбі дәл сол бастапқы мағыналарында қолданылып тұрған жоқ. Мағыналары мейілінше нақтыланып, қосымша мағына үстеп, белгілі бір терминдік мағынаны білдіретін ұғымдарға телінген» [49: 40-41].

Осы бір шағын мысалдан Ш. Құрманбайұлының «тапқырлықпен» келтірген бірнеше «ғылыми ұсыныстарымен» танысуға болады.

Біріншіден, автор 18 сөзді 9 ұғымды білдіруге жұмсап, онсыз да ғылыми лексикасы жұтаң қазақ тілінің жағдайын одан ары мүшкілдікке түсіріп отырғанын аңғармайды. Мысалдағы әр құрауыш сөздің жеке тұлғада тұрып, атқаратын айқын мағыналық жүктемелері бар.

арыз – заявление;

тілек – пожелание

әрекет – действие;

қимыл – шевеление;

шара – мероприятие.

деятель – қайраткер;

деятельность – қайраткерлік;

іс – дело.

Онсыз да қазақ сөздерінің мағынасы күңгірттеніп, тіл үйрену қиынға соғып тұрғанда, автордың лингвистиканың қай заңына, кімнің қай тәжірибесіне сүйеніп, айқын мағыналы сөздерді қосақтап, мағынасы бұлыңғыр КРҚ-ға айналдырып, енді оларды басқа мағынада қолдануды ұсынып отырғаны белгісіз.

Екіншіден, автор айтқандай, сөздің «қосымша мағына үстеп» тұруы мағынаның «мейілінше нақтыланғанының» белгісі бола алмайды, керісінше, сөз қай мағынада қолданылып тұр («бұрынғы» ма, әлде «қосымша» ма?) деген сұрақ тудырып, тыңдаушыны түсініксіздікке тірейді. Бұл жерде, автор «уақыт өткен сайын, әр қазақ сөзі қосымша мағына үстеп, ресемантизцияға ұшырап, полисемантқа айналып отыруы керек» деген идеясымен қазақ тілін көктетпеудің ең кесірлі жолын ұсынып отыр деп бағалау керек. Полисемантизм меңдеген тілді ешкім меңгере алмайды.

Үшіншіден, «штаб-пәтер» – калькамен аударылған, бұрыннан қолданыста бар тіркес, сұрақ тудырмайды. Автор мұны өзі ойлап тапқан жаңалық ретінде енгізуді ұсынып отыр.

Төртіншіден, «сауда-саттық» бұған дейін «торговляның» аудармасы болып келген, қазір де солай. Енді оны екінші ұғымға телумен Ш. Құрманбайұлы термин табудың оңай жолын тапқанын көрсетпек болған. Оның ойынша, қабырғаның жоғарғы қатарына кірпіш жетпей қалса, төменгі қатарларға қаланып кеткен кірпішті суырып алып, қайта қалай салу керек. Әрине, есі дұрыс құрылысшы ондайға бармайды. Ал профессор барған. «Аукционға» балама табылмағанда, «торговляның» аудармасын жұлып алып, қоя салуды ұсынады. «Петицияның» орнына бұрыннан мағыналық жүктемесі бар сөздерді қосарлап, жаңалық ретінде ұсынып отырғаны да, сол «тапқырлықтың жемісі».

Бесіншіден, сөз саптауына қарағанда, автор белгілі бір уақыт өткен сайын қазақ сөздеріне «қосымша мағына үстеп», құбылтып отыру керек деп ойлайтыны көрінеді.

Осы жерде Ш. Құрманбайұлы ғана емес, бүкіл қазақ тілтанушыларының санасын жайлап алған кесірлі кілтипан жатыр. Бұл – транссемантизацияны  әдіс ретінде сауатсыз қолданудің көрінісі. Полисемантизм  – индустриялы қоғамның тілін дамыту заңдылықтарына сай келмейтін, теріс бағыт. Тіл білемін деп есептейтін әркім, қазақ тілі кеңістігіне шығып алып, өзінің семантикалық қойыртпағымен тіл рецессиясын одан ары ушықтыруда. Қазақ тілі, алдымен, өзін тілтанушы маманмын деп есептейтіндердің қолынан зардап шегуде.

Келтірілген мысалдардағы сөздер мен құрылымдардың семантикалық қасиеттерінің денотаттық-сигнификативтік келіс бойынша түсіндірілуі

  Кесте № 7

Денотат Сигнификат орысша Сигнификат қазақша
Адамның және тірі организмдердің өмір сүру формасы Движение Қозғалыс
Адамның, тірі ағзалардың өмір сүру формасы действие әрекет
Күтілетін келеңсіз оқиғаның, құбылыстың алдын алу үшін істелетін әрекет немесе құқықбұзушыға тағайындалған жаза мера шара
Ұжымның қатысуымен, мақсатты өткізілетін жиналыс, отырыс, конференция, съезд, тәни жұмыс, т.б. мероприятие шара
Кәсіпкердің пайда табу үшін айналысатын мақсатты әрекеті немесе субъектінің әрекетін сипаттайтын айғақтар мен құжаттардың жиынтығы дело іс
Тірі организмдердің әрекетқабілеттілігі сила әл
Материалдық игілік состояние ауқат
Материалдық игіліктің жеткіліктілігі благосостояние ауқаттылық
Қызметкердің ұжым басшысынан өзінің алдында тұрған мәселесін шешіп беруін сұрауы заявление арыз
Адамның екінші бір адамға немесе адамдар тобына өмірлік қызметте немесе оның белгілі бір аяларында жемісті нәтижеге жетуіне ниеттестігін білдіруі пожелание тілек

Кестеде келтірілген сөздердің денотатымен таныса отырып, олардың мағыналарының әр түрлі екеніне көз жеткізу қиын емес. Индустриялы қоғамның әдеби тілінде түрлі мағынадағы сөздерді дефиспен қосақтап, жаңа термин ретінде ұсыну құпталмайды.

Иә, термин жасау керек, оны аудару керек. Алайда, бұл бекітілген ережелермен, заңды түрде жүзеге асырылғаны лазым. Егер бекітілген ереже болмаса, онда оны жасау және құзіретті органдарда бекіту  керек. Сонан кейін ғана кодификацияланған ережелермен жұмыс жүргізу керек.

Термин жетіспегенде, кез келген екі сөзді қосақтап, арасына дефис қойып, эквивалентсіз сөздің орнына жаңа термин ретінде ұсына салу ғылыми ойлайтын адамның ісі емес. Лексика бұлай толықтырылмайды. Бұл мәселені ғылыми жолмен шешудің жолы емес.

Қазақ тілтанушылары бірмағыналы сөзді көпмағыналы сөзге айналдырумен көптен айналысып келеді. Олар анық және баршаға түсінікті сөздің мағынасын күңгірттендіріп жіберіп отырғандарын, сонысымен тіл үйренуді мейілінше қиындатып отырғандарын аңғармайды. Бұл олардың іс жүргізуде, зерттеу жұмыстарында, технологиялық әмалияттарды атқару үстінде сөздің нақты, бірмағыналы болуы, адекватты түсінілуі керектігін ескермеуден, индустриялы қоғамның тілінің сипатын түсінбеуден туындаған. Термин деген ұғымның өзі «ғылымда, техникада, өндірісте, өнерде т.б. салаларда қолданылатын арнайы ұғымдарды дәл бейнелейтін сөздер мен сөз тіркестерін білдіреді. Терминдер әдеби тілдің құрамына енеді, абсолютты дәлдігімен, ресмилігімен (нормативті заңдандырылуымен) ерекшеленеді және бір мағынада қолдануға арналады» [3]. Аталған салаларда қолданылатын терминдер мен арнайы ұғымдарды көпмағыналы сөзге айналдыруға болмайды. Ауызша және жазбаша сөз қолданыстағы дәлдік, әдеби тілдің лексикалық нормаларының сақталуы, терминдердің тек бекітілген формада және мағынада қолданылу қажеттігі – әлімсақтан келе жатқан қағида. Оны өркениетті елдердің тілтанушылары бұлжытпай орындайды.

Етістіктердің көпмағыналы болуының тілдің келешегі үшін қандай пайдасы бар?

Ешқандай. Полисемантизм идеясын ұстану, бұл – өрескел қателік, орыстар айтқандай, тілге көрсетілген «аюдың қызметі», тіл білімдерін дамыту қағидаларынан аулақ, кәсіпқойлығы төмен адамдар жіберетін қателік. Көпмағыналылық тілді түсініксіз етеді, тыңдаушының айтылып отырған сөздің қандай мағынада қолданылып отырғанын түсінуін қиындатады. Полисемантизм – тіл үйренуді қиындатушы факторлардың ең кесірлісі.

Қазақ етістіктерінің мағына көлемін кеңейтіп, полисемантқа айналдырудың кесірін тіл практикасынан мысалдар келтіре отырып жете танып, білуге болады.

1-мысал: “ұлы достық ұлықтанды”; «Тәуелсіздігімізді ұлықтап жүрміз» (күнделікті баспасөзден).

Мысалға түсінік: нақты мағынада қолданылып жүрген сөзге қосымша жүктеме үстеп, мазмұнды буалдырландырудың мысалы. Мұндай қолданыстар қазақ журналистерінің мәтіндерінде жиі ұшырасатын, таптаурын  құрылымдардың біріне айналған.

Қазақ тілінде ұлық – бастық (орысша: чиновник) дегенді білдіреді. «Ұлық болсаң – кішік бол» деген мақал бар. Бастық болдым деп кекіреймей, төмендегі адамдармен биязы қатынас жасаудан жаңылма деген мағынада. Осыдан туындаған ұлықтау сөзі инаугурацияның аудармасы ретінде қабылданған. Ел басшысының (үлкен ұлықтың) лауазымына енуін, ресми танылуын ұлықтау дейміз.

Бұл жердегі түйткіл осы мағынада семантикалық жүйеге нық енген сөзді қайта құбылтып, өзге мағынада себепсіз қолданумен тіл үйренушіні шатастыруға соқтыруда болып отыр. Бұған дейін ұлықтау – инаугурация деп санасына сіңірген тіл үйренуші келтірілген қолданыстағы тіркестің мағынасына жете алмайды. Ол санасына синхронды аударма арқылы жеткен «инаугурация великой дружбы» дегеннің не екенін біле алмай, достық қалай ұлықтанады (инаугурацияланады) деген сұрақтың жуабын таба алмай, бас қатырумен болады. «Ұлықтандының» орнына қолдануға құқықты қазақ тілінде сөз жетеді. Ұлы достық дәріптелді немесе уағыздалды немесе қолдау тапты дегендердің бірі қолданылғанда сөйлем нақты мағыналық сипатқа ие болар еді.

2-мысал: «Институт Ата заңның туған күнін тойлады», «Студенттер 8 наурыз – Әйелдер тойын тойлады» (күнделікті баспасөзден).

Тіл анархиясы жағдайында орын алған оқшау құбылыс. Келтірілген десемантизациялық әмәлият қажеттіктен туып отырған жоқ, журналистің ойына келген бір сөздің орнына екіншісін жауапсыз қолдана салуынан бастау алып, таралып кеткен, стихиялы қолданыс. Мереке – той емес, сондықтан тойланбайды, мерекеленеді, атап өтіледі. Той – бірге тұрмыс құруға ниеттенген ер мен әйелдің үйлену сәтін атап өтуге арналған шара. Демек, «тойлау» сөзі тек отбасын құру үдерісіне қатысты ғана қолданылады. («Ата заң» деген тіркеске 1.1 тармақта түсінік берілген).

Қазақ тіліндегі сөз қолданыста «Жамбыл атамыздың 150 жылдық мерейтойын тойладық», «досымның туған күнін тойладық» тектес тіркестер жиі ұшырасады. «Той» сөзі туған күн, мерейлі дата, мерекелік шаралардың бәрінің орнына қолданылатын болды. Өте зиянды полисемантизация. Оның абсурдтіліггі қазақ-орыс билингвизмі жағдайында семантикалық сәйкестікті бұзып, тіл үйренуді қиындатуға апарып соқтыруында.

* * *

Қазақ лексикасын полисемантизациялау үдерісінде онсыз да жетіспей жатқан сөздік қорды жоғалту жағдайлары жиі ұшырасады.

Мысал:

«Астана аймағында мәдениет ошақтары бой көтеруде» (мерзімді баспасөзден).

«Аймақтың» узустық мағынасы астанадан шалғайда жатқан өңір дегенді білдіреді. Тегі латыннан ауысқан, делдал тілде (орыс тілінде) қолданылып жүрген «провинцияның» эквиваленті. Ал Астана аймақ емес – мемлекеттің орталығы. Қазақ журналистері сөздік қорының кемшіндігінен, оны «регион», «зона», «массив» сөздерінің кез келгенінің аудармасы ретінде ала береді. Соның салдарынан, қазақ тілінде осы өрістегі ұғымдарды білдіретін «алап», «атырап», «алқап» деген сөздер қолданыстан тыс қалып отырады. Осылай, біртіндеп ұмытылып қолданыстан шығып қалып отыратын сөздер аз емес.

* * *

«Той» сөзін көпмағыналыға айналдырудың салдарынан қазақ тілінің семантикалық жүйесінің бұзылу мысалы

Кесте № 8

Орыс тілінде семантикалық тұрғыдан дұрыс құрылған сөйлем   Қазақ тілінде семантикалық тұрғыдан дұрыс құрылған сөйлем Қазақ тілінде семантикалық тұрғыдан дұрыс құрылмаған сөйлем
Студенты отметили Праздник – День Конституции. Студенттер  Конституция  Күні мерекесін атап өтті. Студенттер Ата заңның туған күнін тойлады.
Праздновали Женский день – 8 марта. 8 наурыз – Әйелдер күні мерекеленді. 8 наурыз – әйелдер тойы тойлады.
Отметили 150-летний юбилей  поэта Жамбыла. Жамбыл ақынның 150 жылдық мерейі атап өтілді. Жамбыл атамыздың 150 жылдық мерейтойы тойланды.
Отметили день рождения друга. Досымның туған күнін атап өттік. Досымның туған күнін тойладық.

Қазақ тілінде сөз қолданудағы бетімен кетушілік, бұл – алдымен ғылыми ойлауы жетіспейтін тілтанушылардың, кәсіпқойлығы төмен редакторлардың, сөздік қоры жұтаң журналистердің қолы.

Қазақ тілін меңгеру қазір шешілмейтін қиын түйінге айналған. Тілді үйрене алмаудың көп себептерінің бірі осыдан – қазақ сөздерін синонимдер мен омонимдерге айналдырып жіберуден бастау алады.

Қазақ тілінің ақпарат кеңістігінде, тілді аномалиялы қолданыс жағдайында, полисеманттарға бой ұру тілді меңгерілмейтін деңгейге жеткізді. Полисемантизм тілді дамыту үдерісіндегі ең кесірлі бағытқа айналып отыр. Бұл қазақ тілтанушыларының кәсіпқойлықтан аулақ, дөйдалада лағып жүргенін көрсетеді.

Полисемантизмді жақтау, сырттай қарағанда,  қазақ тілін ешкім, ешқашан үйрене алмауы үшін, қай сөздің қандай ахуалда, қандай мағынада қолданылып тұрғанын біле алмау үшін, жалпы, тілді үйренілмейтін деңгейге түсіруі үшін әдейі жасалған диверсияға ұқсайды. Бірақ, диверсия емес. Бұл – сауаттары төмен «мамандардың» шала естігендерін сыртқа шығаруы және әдеттен туындаған бейпіл көпіруінің көрінісі.