2.1.5 Синонимдерді шұбыртудың мағыналық күңгірттікке ұласуы

Егер оншақты немесе одан да көп сөздер бiр ғана идеяны бiлдiретiн болса, онда одан өткен сорақы байлық болмақ емес.

Д. И. Фонвизин

Қазақ тілінің семантикасын оңдырмай жүрген теориялық дәйексіз бағыттардың бірі – тілтанушы ғалымдардың синонимдер туралы қалыптасқан теріс түсінігі.

Қазақ тiлiн зерттеушiлердiң тұжырымдауынша, бейнелiлiк құралдарының бiрi болып табылатын синонимдердiң көп болғаны жақсы, ол тiлдiң байлығын көрсетедi. «Синонимдер арқылы кез келген тiлдiң қаншалықты дамығандығын, оның оралымдылығын танып бiлуге болады, – деп жазды Ә.Болғанбаев пен А.Османова «Синонимдер – тiл байлығының көрсеткiшi» деген мақаласында,– Синонимдердiң тiлдегi атқаратын қызметi бейнелi образ жасау, бiр ұғымды жан-жақты кеңейтiп түсiндiру екендiгi қолына қалам ұстаған қаламгерлердiң бәрiне аян» [43].

Зерттеушi Ә.Болғанбаев «Қазақ тiлiнiң синонимдер сөздiгi» атты кiтабында Д. И. Фонвизиннiң «егер оншақты немесе одан да көп сөздер бiр ғана идеяны бiлдiретiн болса, онда одан өткен сорақы байлық болмас едi»,– деп жазғанына сiлтеме жасай отырып, «қазақ тiлi синонимдердiң саны мен көлемi жағынан да, синонимдiк қатарларының молшылығы жағынан да өте бай. Бiр ұғымды бiлдiру үшiн кейде 20-30 сөз қолданыла бередi»,– дейдi [44: 5]. Антитеза авторы өзіне өзі қарсы келіп отырғанын аңғармайды, енді сілтеме келтірген орыс жазушысының идеясына кері тұжырымдарын тізе бастайды. «Бiлiктiлiгiн» көрсету үшiн синонимдердi мейiлiнше көп табу жолына мықтап түскен ол, бiр семантикалық өрiстегi мағынасы ұқсас болса да, синоним бола алмайтын сөздердi тiзумен айналысады. Мысал ретiнде автор аталған сөздiгiнде «бет, жүз, түр, түс, келбет, көрiк, өң, ажар, шырай, пiшiн, кейiп, кескiн, дидар, нұсқа, рең, рай, әлпет, ұсқын, мүсiн, нысай, сүрең, сиық, сұрық, тұрпат, бәден, сықпыт, әр, порым, пошым, сыңай, жамал» [44: 72] деген 31 лексикалық бiрлiктi қамтыған «синонимдер» тобын келтiредi.

Синонимдердiң бейнелi образ жасау құралы ретiндегi қызметi айқын. Ал олар, аталған зерттеушiлер тұжырымдағандай, «тiл байлығының көрсеткiшi» бола ала ма? Мәселенің осы жағы  тереңiрек талдай түсудi қажет етедi. Қазақ тiлiнiң қазiргi дамуы мен келешегiне қатысты алғанда өзге әсiрелеушi және күшейткiш тiлдiк құралдармен бiрге синонимдерге қатысты тұрғының басын ашып алу маңызды болып табылады.

Назар сала қарағанда, синонимдердiң көптiгi тiлдiң байлығын көрсетедi деген пiкiрдің белгiлi жағдайда және белгiлi шеңберде дұрыс екенімен келісуге де болады. Белгiлi бiр жағдайда дегенiмiз бiрыңғай мал шаруашылықты уклад үстемдігінде, тұрмыстық аяда, әлеуметтiк өмiрде мәселенiң бәрi ақсақалдың беделiмен, бидің бейнелi сөзiмен шешілгенде, өмiр шындығын ел арасынан шыққан суырыпсалма ақындар бейнелегенде дұрыс болатынын көрсетедi. Белгiлi шеңберде дұрыс болатыны даму қарқыны баяу қоғамда, өмiрлiк қызметтiң интенсивтiлiгi төмен болып, ғылым мен технология жетілмегенде, ақпарат дәлдігі мен нақтылық талап етілмейтін ахуалда және соларға қатысты өмiр шындығы бейнеленгенде синонимнiң көптiгi қолданылып отырған тiлде ақпарат жеткiзуге ыңғайлы болып көрiнуi мүмкiн. Мысалы, Ә.Болғанбаев пен А.Османова синонимнiң көптiгi тiл байлығының көрсеткiшi екендiгiн «дәлелдеу» үшiн мысалдарды тек бейнелi тiлдiң үстемдiгi жүретiн аграрлық өмiр аясынан – ауылға, малға қатысты, тұрмысты бейнелейтін, туысқаншылдықты бiлдiретiн сөздерден ғана iздейдi және өткеннiң мысалынан ғана келтiредi. Олардың бірігіп жазған мақаласында келтірген бiрiншi мысалы «әйел, қатын,..» деп, екiншi мысалы «бала, перзент,..» деп басталатын, туысқаншылықты бiлдiретiн сөздерден тұрады [43]. Өйткенi, қоғам өмiрiнiң өзге аяларынан, өнеркәсiпке, технологияға, ғылымға, техникаға қатысты сөздерден алып, қазақ тiлiндегi «синонимдердiң көптiгiн және оның байлық екенін» дәлелдеу мүмкiн болмас едi.

Синонимдердiң көптiгiн жақтаушылар қазақ тiлiнiң қазiргi қоғам дамуының интеграциясындағы күйiн, өзге тiлдердiң алып отырған орнына қазақ тiлiнiң таласа алар шамасына қатысты жағдайын ескермейдi. Олар өндiрiстi басқаруға және жүргiзуге, қала өмiрiне, нарық қатынастарына, ақпараттық техникаға, технологиялық үдерiстердi басқаруға, қатаң регламентпен есеп жүргiзудi, заңды және өндiрiстiк тиянақтылықты, ғылыми дәлдiктi қажет ететiн шаруашылық салаларына қатысты сөздердiң синонимдерiн ондап тiзiп бере алмайды. Сонысымен олар өздерiнiң әдiстерiнiң абстрактiлiгiн, тұжырымдарының шектеулiлiгiн көрсетiп отырады.

Қазақ лингвистері белгiлi бiр қарастырылып отырған нәрсенiң, құбылыстың, үдерiстiң толық байыбына бара алмай, оның қолға iлiккен бiр пұшпағынан ұстап алып, абстрактi пiкiр айтумен шектелген. Аталған ғалымдардың тiлдiң дамуының белгiлi бiр кезеңiндегi және белгiлi бiр ауқымдағы шектеулi ақиқаттың құйрығынан ұстап алып, оған қазiргi қазақ тiлiн телуге тырысуы да осының мысалы бола алады. Ал тiлдiң бейнелiлiгiне қатысты өзге өркениеттi елдердiң тiлшi, философ, социолингвист ғалымдары бiздiң ғалымдардiкiнен өзгеше тұрғы ұстанады. Олар салихалы ой зерделегенде, әсіре көпіруге құштарлық танытпайды. «Тiлдегi синонимдер жүйесiнiң болуы басы артық нәрсе; бiр ұғымды бiрнеше сөзбен атау қауышуда қиындық тудырады», дейдi [45: 102] индустриялы қоғамның тiлiнде сөйлейтiн зерттеушi.

* * *

Жоғарыда Ә.Болғанбаев келтірген синонимдер қатарына оралайық. Зерттеуші осы мысалында семантикалық өрiстегi сөздердiң бәрiн синонимге айналдыруымен үлкен шатастыруға жол ашқан. Соның салдарынан таяудағы уақытқа дейiн жүз (облик), пiшiн (форма), мүсiн (скульптура), тұрпат (тип), келбет (портрет), түр (вид), рең (оттенок) сияқты сөздер қазақ тiлiнде дәл және орнықты мағынаға ие болу мүмкiндiгi бола тұра, айналыстан шығып қалып, олардың орнына орыс тiлiндегi аудармасы (жақшадағы сөздер) қолданылып келдi. Бұдан бiр ғана синонимдiк топқа енгiзiлген сөздердiң қазақ тiлiнiң орнықтылығына қаншалық кесiр келтiрiп тұрғаны көрiнiп тұр. Сөз тапшылығы жағдайында синонимдер қатарынан алып, универбациялау әдісімен жеке мағыналық жүктеме артып, қолданысқа жіберуге болатын сөздер қазақ тілінде мыңдап саналады.

Әдетте синонимдер екi немесе бiрнеше сөзден тұруы мүмкiн. Келтірілген  синонимдiк топтағы доминанттық жағдайдағы ажар, шырай, жүз, әлпет деген сөздер мағыналық жағынан бiрiн бiрi алмастыра алатын, изосемиялық қасиетке ие, абсолюттік синонимдер бола алады. Ал қалған жиырма екi сөздi транссемантизация әдісімен лексикалық жүктемелерін бірізділікке түсіріп, мағыналық көлемін ұлғайту немесе тарылту арқылы жеке ұғымды білдіретін бірлікке айналдырып, сөздік қорды толтыру мүмкіндігі бар.

Кейде тұжырым дәлелдi болуы үшiн белгiлi бiр амал қолдануға тура келедi. Ә. Болғанбаевтің аталған сөздiгінен алынған, төменде келтiрiлген қатардағылардың синоним емес екендiгiн денотаттық-сигнификативтік келіс арқылы немесе олардың орысша аудармаларын қатар ала отырып, анығырақ дәлелдеуге болады.

Мысалы,

ескi, көне [44: 108-б.];

жарыс, бәсеке [44: 123-б.]

мақсат, тiлек, мұрат, арман, мақсұт [44: 193-б.] синонимдік қатарын алайық. Бұлардың орысша эквиваленттерін келтіре отырып, араларындағы мағыналық айырманы айшықтылығын көруге болады.

ескі – старый;

көне – древний;

жарыс – соревнование;

бәсеке – конкуренция;

мақсат – цель;

тілек, – пожелание;

мұрат – назначение;

арман – мечта;

мақсут – искаженная форма слова мақсат.

Ә. Болғанбаевта:

бәйге, сыйлық, жүлде [44: 66];

бостандық, азаттық, еркiндiк, теңдiк [44, 76-б.] синонимдік қатары тізілген.

№ 2 кестенің сол жақ бағанында жазылған денотаттық сипаттауға қарап отырып, сөздік авторы келтірген (оң жақ бағандағы) сөздердің мағыналық айырмаларын аңғару қиын емес. Мұндағы «бостандық» пен «азаттықтың» ғана  изосемиялық сипаттылығымен келiсуге болады.

Сөздердің мағынасының денотаттық-сигнификативтік тұрғы бойынша айқындалуы

Кесте № 3

Денотат Орысша сигнификат Қазақша сигнификат
Адамдардың іскерлік немесе шығармашылық қасиеттерін, жануарлардың, техникалық құралдың сапалық ерекшеліктерін білу үшін ұйымдастырылатын шара конкурс бәйге
Атаулы датаға байланысты қызметкерге немесе жақын адамға құрметпен берілетін ақша немесе материалдық құндылық подарок сыйлық
Жарыста озып келгені үшін берілетін материалдық құндылық приз жүлде
Бір елдің екінші бір елдің үстемдігінен босауы освобождение азаттық
Адамның өз ойындағысын заң шеңберінде іске асыра алуы свобода еркiндiк
Адамдардың лауазымына немесе өзге тәнділіктеріне қарамай бірдей құқықтарға ие болуы равенство Теңдiк

Осы келтірілген мысалдардағыдай, қазақ сөздері орысша аудармадағыдай жеке мағыналарда, орнықты қолданылса қазақ тілі индустриялы қоғамның талаптарына икемделе бастар еді.

Аталған мысалда: «түс» – омоним сөз. Осы жерде алынған мағынада психологиялық күйді білдіреді (түсi суық, қатулы,..); «көрiк» – эстетикалық категория. «Ұсқынның» «бет» пен «жүзге» қатысы шамалы, бүкiл дененiң тұрған күйiн бiлдiредi. «Мүсiн» дене бiтiмiн айқындайды, «скульптура» сөзiнiң аудармасы. «Келбет» – «портрет» сөзiнiң аудармасы. «Порым» – «форманы» қазақша икемдеп қолданудан туған сөз. Қазақ тілінде осы ұғымды бiлдiретiн сөз – «пiшiн». «Пошым» – «порымның» бүлiнген нұсқасы. «Нұсқаның» өзi заттың немесе туындының көп түрiнiң бiрiн бiлдiредi, «варианттың» аудармасы. «Сиық», «сұрық», «сықпыт» дегендер бiр сөздiң түрлi өңiрлерде түрлi пiшiндерде қолданылуы.

Синоним байлық болады, егер белгiлi бiр ұғымдар мен заттардың баламалары сөз қолданысы кезiнде жетіп, артылып жатса.

Синоним байлық болмайды, егер тiлдегi сөздер бiр ұғымды немесе затты бiрнеше лексикалық бiрлiкпен атағанмен, екiншi бiр оларға жақын ұғымды немесе затты атауға сөз табылмай жатса.

Тілдегі сөздік қор индустриялы қоғамда болып жатқан үдерістер мен құбылыстарды бейнелеуде тапшылық көрсетіп жатқанда, жеке мағыналық жүктеме көтере алатын сөздің потенциялы қабілетін көре алмай, оны белсенді лексикаға қосудың орнына, көп синонимнің бірі ретінде тізімге енгізе салуды тілге жанашырлық деп қабылдауға болмайды.

* * *

Мысалы, қазақ тiлiнде «көйлек», «жейде» деген «синонимдер» бар. Отбасының шеңберiнде бұлар қазақ тiлiнiң «байлығының дәлелi» болып, еркiн қолдануға мүмкiндiк әперетiн сияқты. Ендi бiз түндік астынан шығып, дүкенге кiрiп шығайықшы. Сөредегi жазулардан «сорочка», «рубашка», «платье» дегендердi оқимыз. Бiздiң «байлығымыз» бұлардың екеуін атауға жарағанда, үшiншiсiн атауға жетпейді. Ал сауда тiлiнде аталған бұйымдардың мүлдем бөлек товарлар болып калькуляцияланатыны белгiлi. Қазақ тiлiн тауар айналымында қолдану үшiн мiндеттi түрде олардың жеке атауларын табу қажеттiгi алдан шығады. Бiздiң кедейлiгiмiз осы арада кесе көлденеңдей бередi. Мысалға келтiрiлген жағдайда «платье» – «көйлек», «рубашка» – «жейде» деп қабылдағанда, «сорочканы» аударуға сөз таба алмаймыз.

* * *

Тағы бiр мысал: қазақ тiлiндегi «сұрақ», «сауал» деген «синонимдердi» алайық. Тұрмыстың тар шеңберiнен шығып, ғылымға қарай аяқ аттасақ тағы сол, жоғарыдағыдай, «байлығымыздың» көпе-көрiнеу қолымыздан сусып бара жатқанын аңғарар едiк. «Соқыр тауыққа – бәрi бидай» демекшi, орысша-қазақша екi томдық сөздiктегiдей:

вопрос – сұрақ, сұрау, сауал

опрос – сұрақ

запрос – сауал, сұрақ, – деп [Орысша-қазақша сөздiк. I том. – Алматы: ҚСЭ, 1978., Орысша-қазақша сөздiк. II том,– Алматы: ҚСЭ, 1981] бiз соға беремiз дегенiмiзбен, ғылыми-социологиялық әдебиетте, шаруашылық iсiн жүргiзгенде бұлардың «бәрi бидай» болмай шығады. Узустық мағынасы бойынша «вопрос» – «сұрақ» деп аударылады, бұған дау жоқ. Сонда «опросқа» «сауал» бұйырайын деп тұр. Ыңғайы солай: «анкетный опрос» – «анкеталық сауалдау» дегенге келеді. Ал «запросқа» «байлығымыз» тағы жетпей қалады, сондықтан тiл қолданыста оны «сұрау салу» деген пiшiндiк көптүрлiлiктiң туындысымен, сөз тіркесімен атау ұшырасады.

* * *

Х.Махмудов пен Ғ.Мұсабаев құрастырған сөздiкте:

әдемi – изящный, красивый, прекрасный,

әсем – прекрасный, изящный, красивый,

көркем – красивый, изящный,- деп аударылған [Махмудов Х., Мұсабаев Г. Қазақша-орысша сөздiк. – А., 1987.].

Узустық мағынасы жағынан алып қарағанда қазақ тіліне «красивый» – «сұлу», «прекрасный» – «тамаша», «художественный» – «көркем» болып аударылуы керек. Орысша «изящный» деген сөзде «көздiң жауын алатын, жарқыраған таза» дегендi бiлдiретiн астар бар. Осы жағынан ол қазақтың «мұнтаз» деген сөзiне жақын. «Әсем» қимыл мен қозғалыстағы сұлулықты бiлдiредi. Бұрыннан келе жатқан қазақ ұғымында да солай, сондықтан «грациозный» сөзiнiң аудармасы бола алады. Бiтiм сұлулығы – сұлулық, қимыл сұлулығы – әсемдiк. Әсемдiк пен сұлулық – екi басқа ұғым. Олармен әдемiлiктi де шатастыруға болмайды. Фрагменттерге жiктегенде сұлулық жағынан олқылау болып тұрса да, тұтастай үйлесiм тауып, өзiне тартып тұрған бiтiмдi әдемi деймiз. Ендеше бұл сөз «симпатичныйдiң» мағынасын арқалай алады. Осылай әр тұрақты ұғымның мағынасын алып жүретiн тұрақты лексикалық бiрлiк бекiтiлуi керек:

сұлу – красивый

әсем – грациозный

әдемi – симпатичный

тамаша – прекрасный

көркем – художественный

мұнтаз(дай) – изящный

* * *

Аграрлық қоғамның бейнелi тiлi мен индустриялы қоғамның орнықты тiлiндегі синонимдердің қолданылуы

Кесте № 4.

Аграрлық қоғамның бейнелi тiлi Индустриялы қоғамның орнықты тiлi
Синонимнiң көптiгiмен ерекшеленедi Синонимдер бiртiндеп өндiрiс, технология аяларынан шығып қалады. Тек көркем шығармаларда, сирек қолданылады
  «Синонимдер – тiл байлығының көрсеткiшi» [Болғанбаев Ә. Османова А. «Синонимдер – тiл байлығының көрсеткiшi» // Қазақ әдебиетi, 8 қараша 1991].    Тiл байлығы синонимдердің көптігімен емес, сөздiк қордың көлемiмен өлшенедi
«Синонимдердiң тiлдегi атқаратын қызметi бейнелi образ жасау» [Болғанбаев Ә. Османова А. «Синонимдер – тiл байлығының көрсеткiшi» // Қазақ әдебиетi, 8 қараша 1991]..   Индустриялы қоғамда іс жүргізу тiлiнде ойды бейнелеп жеткiзу жалпылама етек алған құбылыс болудан қалады.
«Бiр ұғымды бiлдiру үшiн кейде 20-30 сөз қолданыла бередi» [Болғанбаев Ә. Қазақ тiлiнiң синонимдер сөздiгi. А.: Мектеп, 1975. 5-б.].   Индустриялы қоғамның әдеби тiлiнiң бiр белгiсi – тiл орнықтылығы. Ол «әр лексикалық бiрлiкке – жеке мағыналық жүктеме» ұстанымымен жүзеге асады.
Синонимдер сөздiгiнен мысал: жұмыс, iс, қызмет, шаруа, еңбек, қарекет [Болғанбаев Ә. Қазақ тiлiнiң синонимдер сөздiгi. А.: Мектеп, 1975. 135-б.] Тiл орнықтылығы ұстанымымен аударма: жұмыс – работа; iс – дело; қызмет – служба; шаруа – хояйство; еңбек – труд; қарекет («әрекет» сөзiнiң бүлiнген түрi) – действие.
Аграрлық тiл ұстанымдарымен құрылған сөздiктен мысал:

действительность – ақиқат, шындық, болмыс, жарамдылық;

смысл – мән, мағына, мақсат, ақыл-парасат [Орысша-қазақша сөздiк. I т. ,– А.: ҚСЭ, 1978., Орысша-қазақша сөздiк. II т.,– А.: ҚСЭ, 1981].

Индустриялы қоғамның тiл орнықты-лығы ұстанымымен құрылған сөздiктен мысал:

ақиқат – истина; шындық – правда; болмыс – бытие; жарамдылық – пригодность;

мән – сущность; мағына – смысл;

мақсат – цель; ақыл – ум; парасат – порядочность.

Егер әр ұғым мағынасы ұқсас бiрнеше сөзбен, тұспалдап берiлсе, синонимдер шұбырындысына ұшыраса, онда ол сөздердi қолдануда қателiктерге, орын ауыстыруларға жол берiледi. Соның салдарынан ақпаратта мағыналық бұлыңғырлықтар орын алады.

Келеңсiздiктiң ең айшықты көрiнiсi мынада болып отыр: ғалымдардың сөздiктерде әр ұғымды аудару үшiн семантикалық өрiстегi сөздердiң бәрiн тiзуi аудармада түсiнiксiздiк тудырып қана қоймай, тiл үйренуді қиындатып жіберуде. Жалпытiлдiк нормаларды бұза отырып, синонимдердi тiзiп жасаған айналымдар нормативті лексикография үшiн сүйенетiн тірек қызметiн атқара алмайды, керiсiнше, әдеби тiлдiң нормалық сипаттамаларының бұзылу қаупiн төндiредi.

* * *

Сонымен қазақ тiлiн қолданып ақпарат берушi орысша орнықты мәнге ие болып тұрған сөздiң қазақша дәл баламасын (сигнификатқа – сигнификат) тауып қолдана алмайды. Қазақ ғалымдарының семантикалық өріс конъюнктурасын ескермеуінің салдарынан квазисинонимдер, коннотативтік синонимдер, гиперонимдер, согипонимдік қатынастағы сөздер – бәрі синонимдерге қосылып кетіп, тіл түсініксіз былықпаға айналған.

Мысал:

еркiндiк, теңдiк, бостандық, ерiктiлiк;

немесе ар, намыс, ұждан, қадiр, қасиет;

немесе революция, қозғалыс, күрес, төңкерiс, бүлiк;

немесе халық, тұрғын, қауым, халайық, әлеумет, бұқара сияқты мағыналары жақын, бірақ синоним бола алмайтын, ондаған мың атаулар мен ұғымдар бiрiнiң орнына екiншiсi қолданылып, бытпырап жүр. Оларды қазіргі қазақ тілінде сөз қолданушылардың кiмнiң қай мағынада қолданып жүргенiн түсiнуі мүмкiн емес. Қазақ тiлiнде қолданылатын сөздер мен тiркестердiң заттың атын бiлдiретiндерiнен басқаларының дерлiктей бәрi мағыналық жағынан да, пiшiндiк жағынан да өрескел бұрмалаушылыққа ұшыраған.

* * *

Қазақ тiлі мәселелерін талдаған еңбектерде өрескел, қисынсыз ағаттықтар үнемі ұшырасады. Лингвистикалық зерттеулерде  категориялық аппаратты меңгермеген авторлардың теріс түсіндірулері үрдісті құбылысқа айналған. Мектепке арналған оқулықтардағыдай, академиялық институттарда дайындалған еңбектердің өзінде лингвистикалық ұғымдарды шатастыру үнемі алдан шығып отырады. Мысалдар келтірейік.

1-мысал:

«Спичка – оттық, сiрiңке, шырпы» Орысша-қазақша сөздiк. II том (О-Я) ,– Алматы: ҚСЭ бас редакциясы, 1981].

Бұл жерде «спичка» – «сiрiңке» аудармасы ғана дұрыс. Шырпы – сiрiңкенiң бөлiгi, басына күкiрт жағылған бiр тал. Оттық – түрлi тектi от көзi (мысалы, газды немесе электр тұтатқыш) болуы мүмкiн. Аталған мысалда тұтастық (сiрiңке) пен компонент (шырпы) синонимге айналып кеткен. Үш сөздi синонимдетiп, бiр сөздiң аудармасы ретiнде тықпалаудан еш ұтыс болмайтыны көрiнiп те тұр. Мінеки, осылай қазақ тілші ғалымдары тұтас пен компоненттiң аражігін айыра алмай шатасуда. Олар үйден терезенi, қаладан көшенi, автомобильден моторды, шапаннан жеңдi ажырата алмай, синоним ретiнде мысалға ала бередi.

* * *

2-мысал: Қазақ тiлiн зерттеушілер гиперонимдер мен гипонимдердi ажырата алмай, оларды да синонимнiң сыпырғышымен сыпыра береді. Мысалы, әдетте жауынның үш түрi болады: қар, жаңбыр және бұршақ. Бұлар – гипонимдер. Бәрiнің ортақ атауы – жауын. Бұл – гипероним, жинақтаушы ұғым. Жауын сөзiнiң түбiрi – «жау», демек, аспаннан жерге түсетiн – жауатын сутектiнiң бәрi – жауын. Ғ. Мұсабаевтiң редакторлығымен жарық көрген орысша-қазақша сөздiкте [Орысша-қазақша сөздiк. I т., – Алматы: ҚСЭ, 1978] «жауын» «жаңбырдың» синонимiне айналып кеткендiктен, «осадкидiң» аудармасын таппай қиналудамыз. «Жауын» «дождьтiң» аудармасы да бола алмайды. «Дождь» – «жаңбыр», «осадки» – «жауын» (кестені қараңыз).

Жауын семантикалық өрісіндегі сөздердің денотаттық-сигнификативтік құрылымы.

Кесте № 5

+ Сигнификат орысша ДЕНОТАТ Сигнификат қазақша +
гипероним осадки Аспаннан түрлі формада жерге түсетін сутекті (H2O) жауын гипероним
ГИПОНИМДЕР дождь Аспаннан тамшы формасында жерге түсетін H2O жаңбыр ГИПОНИМДЕР
град Аспаннан мұз формасында жерге түсетін H2O бұршақ
снег Аспаннан түйіршік формасында жерге түсетін H2O қар

* * *

Қазiргi қазақ тiлiнде көптеген сөздер төл мағынасынан айырылып, көп «синонимдердiң» бiрiне айналып, бiртіндеп айналыстан шығып қалуда. Мұндай құбылыстар тiлдiң сөздiк қорының азаюына апарып соқтыруда. Сөздiк қорды жауапсыз қолданудың салдарынан лексикалық жұтаңдық қолдан жасалуда.

Синонимді жасанды көбейтуге тырысқан сайын тiлде дәлдiктен ауытқу тұрақты орын алады, айтар ой бұлыңғырланады, берiлетiн ақпарат түсiнiктi болмайды, оны қабылдау да қиындайды. Соның салдарынан берiлген жарлықтардағы, бұйрықтардағы, нұсқаулардағы мазмұн күңгiрттiгi ақпаратты терiс түсiнушiлiкке бастап апарады, тиiсiнше, ол  өндiрiсте терiс орындауларға, апаттарға апарып соқтырады, iс жүргiзу, мемлекеттi басқару, заңдар шығару, ресми жиындар өткiзiп дұрыс шешiмдер мен қаулылар қабылдау қиындап кетедi.

Саясатта, ғылымда және iс жүргiзуде бес денотатты бiлдiруге тиiс бес сөз бiр денотатты бiлдiретiн бес синонимге айналдырып, қалған төрт денотатты жеткiзетiн сөз таба алмай, өзгелерден сұрап отыру ақылға сыймайды. Бес денотатты бiлдiретiн бес сөзге ие болып, оларды өзiнше орнықты қолданудың әлде қайда тиiмдi және қажет екендiгiн түсiну қиынға соқпаса керек. Сөздiк қордың тапшылығында тiлдi көркейтуді көздеген сөз қолданушы индустриялы қоғамның тiлiне қойылатын талапқа сай, қайткен күнде бiр ұғымды көп сөзбен беруге тырыспауы, керiсiнше, «әр денотатқа – жеке сигнификат» ұстанымымен, бiр сөзге өзi ғана алып жүретiн нақты мағыналық жүктеме беруге ұмтылуы керек.

Синонимдердi көбейту тiл үйренудi мейiлiнше қиындатады. Қиындық екi жақты болады: бiрiншiден тiл үйренушi белгiлi бiр ұғымды бiлдiретiн бiр сөздi ғана емес, бiрнеше сөздi үйренуге мәжбүр болады және қолданған кезде олардың қайсысын таңдарын бiлмей тағы аңтарылады, сонымен қоса, «синонимдердiң» арасындағы мағыналық күңгiрттiкке жол берiлiп, тiл мүлдем түсiнiксiз, үйренуге болмайтын тiлге айналады.

Әлеуметтік психологияда адамның немесе адамдар тобының әрекеттерiнiң мәнiн олардың мүдделерi тұрғысынан зерттеу әдiстерi бар. Егер белгiлi бiреулер үшiн синонимдердiң көп болуы қажет болса, олар мiндеттi түрде «синонимдердiң көп болуы – тiлдiң байлығының көрсеткiшi» екендiгiн «дәлелдеу» жағына шығады. Қазақ тiлiн қолданатындар iшiнде синонимнiң көп болуына мына екi санаттағы адамдар мүдделi. Олардың бiрiншiсiне дүниетанымы шектеулi ақындар мен жазушылар жатады. Оларға сипаттап отырған объектісін  көпiрте  суреттеу үшiн синонимдердiң көп болғаны, белгiлi бiр сөздiң өздерiнiң айтқысы келген ойын бiлдiрiп тұрғаны керек.

Мысалы, «Сыр сұлуы» деген әнде «жiгiттер әнiн шертедi» деген жол бар. Қазақ ешқашан әнге қатысты «шертедi» демейтiнi белгiлi. Ән салынады, айтылады, шырқалады. Ал автор осы жерде әннiң «шертiлуiне» мүдделi. Оған кейiнгi жолдағы «ерке едi» дегенге ұйқас болу үшiн «шертедi» сөзiнiң «салады» мен «шырқайдының» синонимiне айналғаны керек болып тұр.

Синонимдердiң көп болуына мүдделiлердiң екiншi тобына тiл бiлiмi саласында қызмет ететiн, осы мәселенi «терең зерттеген» ғалымдар жатады. Кезiнде аграрлық қоғамның тұрмыстық шеңберiнде ақиқат болып көрiнген «синонимның көптiгi – тiл байлығы» деген «қағиданы» ұстанушылар, таптаурынға айналып кеткен осы тақырыпта диссертациялар қорғап, атақ алғандар ендi өздерi өмiр бойы «зерттеген», «дәлелдеген» бағыттарын, өздерi көп жылдар еңбек етiп, қорытып шығарған «теорияларын» жоққа шығара алмайды. Сондықтан олар қазақ тiлiнiң қазiргi жағдайындағы дамуына мүлдем жаңа көзқарас қажет екендiгiн iштей мойындап тұрса да, жеке бас мүддесi үшiн синонимдi көбейту идеясынан босанып шыға алмайды.

Әрине, бұл жерде сөз синонимдердi керексiз қып шығару, оларды мүлдем жойып жіберу жөнiнде болып отырған жоқ. Ол бағытты ұстану ақылдылыққа жатпас едi. Тiл болған жерде, көркем өнер болған жерде синонимдер болады, тiптi олар даму қарқыны аса жоғары, техникалық прогрестiң шыңына шыққан елдiң тiлiнде де белгiлi мөлшерде сақталып қалып отырады. Қоғам өмiрiнiң рухани аясында мәдени ақпарат алмасуда, көркемөнер туындыларын жасауда синонимдердiң атқаратын өзiндiк рөлi бар.

Алайда, дәріптеу шектен асып кеткенде синонимдер тiлдiң дағдарысын тудырушы факторға айналады. Бұған жол беруге болмайды. Синонимдер тiл байлығы болады дегендi стратегиялық бағыт ретiнде қабылдап алып, оларды жасанды көбейтуге тырысудың ғылымилықтан аулақтығын, түбiнде тiлдiң дамуына үлкен кесiр келтiретiнiн ешқашан естен шығаруға болмайды. Мәселе әрқашан да қазақ тiлiнiң келешегi мүддесiнен, оның индустриялы қоғамның мемлекеттік тілі мәртебесіне сай қызметiн атқара алуы тұрғысынан шешiлуi керек.

Ә.Болғанбаев айтқандай, «сөздiктердiң тiлдi жүйелендiрiп, ауа жайылушылықтан сақтандыратыны, әдеби тiлдiң өткiр де, таза болуына тiкелей әсер ететiнi»  рас [44: 3]. Алайда, Ә.Болғанбаев және басқалар жасаған сөздiктердiң тiлдi «жүйелендiрiп» те, «тазалап» та қарық қылмағаны тағы рас. Керiсiнше, бар өкініштісі сол, қазiргi қазақ тiлi «ауа жайылушылықтың» теңдесi жоқ үлгiсiн көрсетіп келеді.