2.1.4 Терминдер және олардың қолданылуы
Қазақ тілінде сөз қолдану практикасында терминдерді мағыналық шатастыру түрлі девиациялық формаларда ұшырасады: орнықты мағыналық жүктемесі бар термин өзге мағынада қолданылады немесе түрлі мағынада қолданылуға тиіс бірнеше термин бір мағынада немесе бір термин бірнеше мағынада немесе бір семантикалық өрістегі терминдер бірінің орнына екіншісі қолданылады. Құбылыс тілдің алдында тұрған үлкен қырсықтардың біріне – қауіпті сырқатқа айналған.
Кең таралған ұғымдар мен термин сөздердi ғылыми дәйектілікке жатпайтын, эклектикалық тәсiлдермен аударудың тұрпатты мысалдары:
– терминдердi күрделі редупликациялық құрылымдармен аудару: «сознание» – «сана-сезім»; «достоинство» – «қадір-қасиет»; «адрес» – «мекен-жай»;
– терминдердi аударуда көпсөздiлiкке жол беру, бiр сөзбен берiлген терминді екi немесе бірнеше сөздермен аудару: «коррупция» – «сыбайлас жемқорлық»;
– терминдердi аудару үдерiсiнде мағыналық қателiкке жол беру. Мысалы, «транспорт» – «көлiк». Көлік – транспорт емес, тасымал құралы, мыс.: автомобиль, түйе, арба, ЛЭП; «Стабильность» – «тұрақтылық». Тұрақтылық – «постоянство», мыс.: Авогадро заңы; π = 3,14;
– қисынсыз ресемантизациялау арқылы жаңа сөз жасап аудару. Мысалы, «ресторан» – «мейрамхана»;
– екi немесе бiрнеше терминдi бiр сөзбен аудару. Мысалы, «абитуриент» – «талапкер», «истец» – «талапкер»;
– өзге терминнiң аудармасы мiндетiн атқарып жүрген сөздi екiншi рет қолдану: «космодром» – «ғарыш айлағы» («айлақ» – «причал» болатын).
Келтiрiлген мысалдардан бiз қазiргi қазақ терминдерінің уақыт талабына сай жетіле алмай отырғанын көреміз. Осылай, ресми ақпарат таратушылар – мемлекет қайраткерлерi, ғалымдар, журналистер, түрлi оқу орындарында сабақ берушiлер, көше безендiрулерiн жасаушылар, жарнама берушiлер, құқық қорғау және қоғамдық тәртiптi сақтау органдарының адамдары, бәрі тілбұзарлықтың өрескел үлгілкерін көрсетіп отырады. Көпшілікке таралатын ресми ақпаратты жеткізушілер солай сөйлейді, қатардағы адамдар соларға ілеседі. Қазақ сөздерi мағыналық жағынан да, пiшiндiк жағынан да өрескел бұрмалаушылыққа ұшыраған. Бұл құбылыс қазiргi қазақ тiлi индустриялы қоғамның әдеби тiлiне қойылатын талаптардың бiрi – тiл стандарттылығы талабын қанағаттандырудан аулақ жатқанын көрсетеді.
* * *
Кең таралған ұғымдар мен ғылыми терминдердің тіл қолданыста бұрмалануының кейбір мысалдары:
1-мысал:
«Топан су Манхэттеннің оңтүстік бөлігіндегі үйлердің подвалдарын толтырды» немесе «топан су Қызылағаш ауылының жанындағы көпірді бұзып кетті» (күнделікті баспасөзден).
Мысалға түсінік:
Топан су – қасиетті кітаптарда сипатталатын, бүкіл дүние жүзін түгел басып кететін су. Тіркестің орнықты мағынасы бар. Топан су қаптағанда тау жоталары ғана көрінетіндей жағдай орнайды. Қазақ журналистері қатты дауылдан кейін мұхит суының көтеріліп, қалалардың көшеліріне қаптауын, нөсер жауыннан өзеннің тасуын, сел жүруін топан сумен шатастырып соға беруді әдетке айналдырып алды.
2-мысал:
«Дүниетаным, дүниеге көзқарас дегеніміз – айнала қоршаған орта, бүкіл әлем, тұтас дүние туралы, ондағы адамның орны, тіршіліктің мән-мағынасы туралы көзқарастардың пікірлер мен түсініктердің жүйеленген жиынтығы» (Рахметов Қ., Сәрсенова Ж. Философия (оқу құралы) – А.: Өлке, 2004. 4-б.).
Мысалға түсінік:
Айқындамада жеке философиялық категорияларды білдіретін дүниетаным мен дүниеге көзқарас бір ұғымды білдіретін терминдер ретінде келтірілген. Орыс тіліне олар, тиісінше, «мировоззрение», «взгляд на мир» деп аударылады.
Бұған қоса, бір сөйлемнің өзінде бірнеше семантикалық түйткіл бар. Сөйлем шашырап жатыр. Логикалық тавтология бір емес, үш рет ұшырасады. Біріншісі – қоршаған орта, бүкіл әлем, тұтас дүние; екіншісі – «көзқарас дегеніміз… көзқарастардың жиынтығы», үшіншісі – «туралы» сөзі. Басы артық екі сөз бар: «дегеніміз», «жүйеленген». Нақты мағыналық жүктемесі бар екі сөзді (мән – сущность, мағына – смысл) себепсіз қосарлап қолданудан ой күңгірттігі туындаған. Бірыңғай мүшелердің арасына үтір қойылмаған.
3-мысал:
«Көзқарастың өмір сүруінің үш формасы бар: сезімдік, рационалдық және еріктік» (сонда. 4-б.).
Мысалға түсінік:
Философиялық ұғымдарды мүлдем қате түсіндіру: сезімдік, рационалдық –көзқарастың формалары емес, дүниетанымның деңгейлері. «Еріктіктің» бұл өріске қатысы жоқ.
4-мысал:
«Аңыз (мифология), дін және философия – бұл көзқарастың үш типі» (сонда. 5-б.).
Мысалға түсінік:
Бұл жерде дүниетанымның үш түрі «көзқарастың үш типі» деп тағы қате түсіндірілген.
2, 3, 4-мысалдарға қорытынды:
Мәселенің мәніне дендеп бара алмайтын, интеллекті төмен, сауатсыз авторлар «Философия, оның қоғамдағы рөлі және зерттейтін мәселелері» деген тақырып бойынша берілген ғылыми категорияларды (дүниетаным, көзқарас, мән, мағына, дүниетанымның деңгейлері, дүниетанымның түрлері) түгел қате түсіндірген, теріс оқытудың теңдесі жоқ үлгісін көрсеткен.
5-мысал:
«Аң шаруашылығы, жiбек шаруашылығы, ара шаруашылығы және балық шаруашылығы да мал шаруашылығына жатады» [СССР экономикалық географиясы: 9-класқа арналған оқулық.- А.: Мектеп, 1987. 71-б.].
Мысалға түсінік:
Мұнда экономикалық терминнiң орнықпағандығынан ақылға сиымсыз тiркестiң оқулықтан орын алғандығы келтiрiледi. Қазақ «мал» деп алдына салып айдап жүрген төрт түлiгiн айтады. Аңды, жiбек құртын, араны, балықты, шошқаны мал санатына енгiзбейдi. Орыс тiлiнде де жоғарыдағы шаруашылық түрлерi мал шаруашылығының (скотоводство) кешенiне қосылмайды. Оларда «животноводство» деген кеудесiнде жаны бардың (қазақша «жануар») бәрiн сиғызатын кең мағынада қолданылатын термин бар. Кеңестік қазақ оқулықтарының авторлары «животноводствоны» да, «скотоводствоны» да «мал шаруашылығы» деп, бұрыс түсіндіріп келген болатын.
Әзірше қазақ терминдері жеке адамның немесе Терминкомның бастығының қалауымен, ұнайды-ұнамайды ұстанымымен жасалып келеді. Ғылымилыққа үш қайнаса сорпасы қосылмай тұрса да, сол сөзді, сол жерде, солай айту сол адамға ұнап тұрғандықтан солай қабылданып кете береді.
Терминді жасанды жолмен немесе ойдан шығаруға болмайды. Терминкомның төрағасының немесе лингвистикадағы беделдінің, ақсақалдың ырқымен жасалған терминнің өмірі ұзақ болмайды. Жаңа термин жасауда немесе аударуда тек тілдің даму логикасы мен заңдылықтарына сүйену лазым. Қоғамның өркениетті өмірдегі орны, күйі, функциялы лингвистика талаптары ескерілуі керек.
Тіл стандарты бірінші кезекте терминнің формалық және мазмұндық жағынан орнықтылығын қалайды.