1.6 Тығырықтан шығу жолдарын іздеу

Мен қателесуім мүмкін, сен де қателесуің мүмкін, алайда біз күш біріктіре отырып, біртіндеп ақиқатқа жақындай алар едік.

 К. Поппер

Еңбектің пайдасыз, үміт күттірмей, босқа кеткенінен өткен сұмдық жаза жоқ.

А. Камю

1989 жылдың 22 қыркүйегінде Қазақ КСР-ы Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен қазақ тілі алғаш рет мемлекеттік тіл деп жарияланды. Осылай,   қазақ тілін мемлекеттік тіл ретіндегі дамытудың заңды негізі жасалып, конституциялық деңгейде бекітілуінің тілді одан әрі дамытуға оңды ықпалы болды.

Содан кейінгі кезеңде бірнеше бағдарламалар қабылданды. Президенттің өкімімен қазақшаға толық көшудің мерзімдері бекітілді. Сол кезде орыс тіліне де мемлекеттік мәртебе беру туралы ұсыныстар алға тартылды. Бұл бағытты ұстанудың да саяси түсіндіруі бар болатын. Ол түптеп келгенде, тілдің тағдырын ешқандай мәртебе шешпейді, сол тілдің өзінің қоғам дамуына ілесіп, бірге аяқ аттай алуы және ол тілде рухани өмірге қажетті игіліктердің жасалуы шешеді, орыс тілінің қазақ тілімен қатар тұруы қоғамның рухани дамуына игі ықпал етеді деген топшылаулар шынайылыққа жақын еді. Қазақ тілін қорғаушылар оған қарсы өре түрегелді.

Тіл саясаты да – жалпы саясаттың бір тетігі. Оған қатысты мәселелер кейде билікке таласқан топтардың саяси беделіне ықпал етуі, сонымен қоса, елде саяси ахуалды, оның даму бағыттарын айқындаушы факторға да айналып кетуі мүмкін. Ал 1992-1994 жылдардағы елдегі автохтонды ұлттың саяси сәйкестілігін қалыптастырушы фактор ретінде тіл өзекті мәселеге айналды. Тілге қатыстьы дүбірге қосылушылар көбейіп, құлшыныстар қызып тұрды Қазақстанда шынайылығында әр қайраткердің сөзі мен әрекетінен, тілге қатысты тұрғысын жариялауынан, кез келген ұшқары сөзінен өрт шығып, саяси арандатуға айналып кетуі мүмкін болатындай ахуал қалыптасқаны рас болатын.

Дегенмен, уақыт қазақ тілінің жағдайына қатысты үкімді өзі шығарып берді: әкімшілік шаралардан нәтиже шықпады, автохтонды халықтың тағдырына тура ықпал етуші фактор бола тұра, тілдің жағдайы жақсара қоймады. Содан кейінгі тарих тілді дамыту мәселелері оған мәртебе берумен ғана шешілмейтінін көрсетіп берді.

* * *

Қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілгеннен кейінгі жылдары оны дамыту бағытында мол шаралар жасалды. Жоғары және жалпы орта білім беру жүйесінде тілді оқытуға бөлінетін сағаттар көбейтілді. Қазақ тілінде тәрбие беретін балабақшалар ашылды. Сөздіктер мен тіл үйрету құралдары көптеп шығарыла бастады. Кәсіпорындарда, мекемелерде тіл үйрену курстары жұмыс істей бастады. Тіл үйретуге бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалану сияқты шаралар жүзеге асырылды. Жаңа баспалар ашылып, кітаптар көптеп шығарыла бастады. Бұқараны қазақ тілінде сөйлетуге бағытталған үгіт жүргізілді, жарнамалар пайда болды.

Тіл мәселелері ғылыми-зерттеу институтында зерттеліп жатты. Грамматика бар. Монографиялар жазылып, диссертациялар қорғалып жатты. Орта және жоғары мектепті оқулықтармен қамтамасыз ету шаралары қарқынды жүзеге асырылды. Тілді дамытуға қаражат жеткілікті бөлініп тұрды. Автохтонды халықтың жалпы ел тұрғындарының арасыендағы үлесі үнемі өсіп отырды. Тілді нәсихаттау шаралары да назардан тыс қалмады. Бұл жерде, сырттай қарағанда, бәрі ойдағыдай, жақсы жүріп жатқандай болып көрінді. Былай қарағанда, енді қазақ тілінің алдынан көлденең шығатын кесір болмайтындай сияқты болатын.

Шынайылығында олай емес екен.

Алайда, бұдан кейінгі кезеңде тілді интенсивті дамытамыз деген қуанышты үміт ақталмады. Іс тығырыққа тірелді. Тілді дамытуды көздеп жасалған және қабылданған бағдарламалар орындалмады. Іс жүргізуді қазақ тіліне көшіру және оны жүзеге асыру белгіленген мерзімдерде орындалмай, бірнеше рет кейін шегерілді. Мемлекеттік тілді қолдау бағытындағы шаралардың ешқайсысы нәтиже бермеді.

Сонымен, қазақ тілін мемлекеттік мәртебесіне сай дамытуға бөлінген мол қаражат желге ұшты. Бұқаралық баспасөздің, соның ішінде құласының да, тіл тағдырына жаны ашыған айқайын ешкім естімеді. Мемлекет тарапынан жүргізілген нәсихаттан да түк шықпады. Жиі өңделіп, толықтырылып, жетілдіріліп, қайта басылып шығып жатқан оқулықтардың сапасы жақсармады.  Тіл мәселесін шешуге қатысты түрлі акциялар мен конференциялар тобырдың шулауы деңгейінде қалды. Ширек ғасырға созылған елішілік байбаламнан еш нәтиже шықпады.

Тоқсаныншы жылдардың екінші жартысында қоғамда қазақ тілін үйренуге деген ынта төемндеп кетті. Көпшіліктің құлшынысы бәсеңсіп қалды. Қазақ тілінің келешегіне күдікпен қараушылар көбейе түсті. Жастар арасында қазақ тілінде жасалған мәдениетке деген құштарлық та нараулады. Мемлекеттік тілді үйрету де, оны үйрену де қиындап кетті.. Бәрінен бұрын, қазақтардың өздеріне ана тілін үйретудің өзі асанға айналды. Қазақ тілі сол бұрынғыдай, тәуелсіздікке дейінгідей, өз қызметін атқара алмаған, орыс тілінде жазылған құжаттардың аударма қосымшасы ретіндегі күйін кеше берді.

Баспасөз бетінде қазақ тілін мемлекеттік мәртебесіне лайықты дамыту қажеттігін талап еткен материалдар жиі басылып тұрды. Бірақ, олардың бәрі ұраншылдық сипатта болды. Жалынды сөздер мен демагогиялық ұсыныстар көп болғанымен, олардың арасында тілдің тығырыққа тірелуінің түпкілікті себептерін ашып, оны қалай дамыту керектігін көрсете алатын материал болмады. Не істеу керектігін ешкім көрсете алмады.

* * *

Мәселеге ғылыми тұрғыдан келу болмағанда, басқаша болуы мүмкін емес еді. Тілді дамытудың ғылыми негізге сүйеніп жасалған тұжырымдамасы болмаған жерде оны мәртебесіне сай қызметін атқара алатын жағдайға жеткізу мүмкін емес. Қазақ философтары мен лингвистері құбылыстың осы жағына бойлап бара алмады. Тілді дамытудың дәйекті ғылыми теориясы жасалмады. Соның салдарынан, тіл кеңістігінде болып жатқан құбылыстардың сырлары зерттелмеді, тілдің қоғамдық сипаттағы қызметінің себеп-салдарлық байланыстары ашылмады.

Тіл мәселелері ақылды шенеуніктердің қолымен, жұмысты жоспарлап, қаражат бөліп, сонан кейін істі сол жерде, дер уағында, қажетті сөзді айта білген пысықайға тапсырумен шешілмейитін еді. Алайда, шенеуніктер ұлттың рухани әлемінің терең қалтарыстарын жайлап алған бұл мәселені осылай – кезекті шаруашылық тапсырманы орындайтын әдістермен «шешпек» болды. Қазақ тілін дамыту тапсырылған шенеуніктің көруімен, жоспарлауымен «іске асырылды». Алдымен қаражат бөлінді, содан кейін қазақ тілінде іс жүргізуге көшу мерзімі тағайындалды. Орындалу мерзімі өткенде оның «істі жақсы тындырғаны» жөнінде есебі тыңдалды. Осылай, биліктегілер ғалымдардан тіл мәселесін шешудің ғылыми амалдарын табуды талап етпеді. Мұны отандық лингвистер өз пайдасына асырды.

Тілге қатысты мәселелерді шешуді шенеуніктер өз мойнына алғанына риза болған отандық лингвистер өздерінің төл мінедеттерінен сытылып шықты. Тілді дамытудың ғылыми тұжырымдамасымен бас қатырмайтын болды. Дүниежүзілік философия мен лингвистика ғылымдарының жетістіктеріне сүйеніп, қазақ тілін өз елінде динамикалы қызмет ететін ұлттық тілдер деңгейіне шығаруды көздеп шаршамады. Индустриялы қоғамның әдеби тілінің моделін жасаумен айналыспады. Өздерінің жаңа ортаға бейімделмеген теорияларымен, ескі қағидалардың айналасын таптаумен күн өткізді. Тiлдің ішкі және сыртқы байланыстары зерттелмеді, әдеби критерийлері анықталмады, дүние жүзiндегi дамыған тiлдерге қойылатын талаптар тұрғысынан сараланбады.

Тіл мәселелерін шешуде алда болып, белсенділік көрсетіп, ынталылық танытуға тиісті отандық лингвистер үйреншікті ойлау жүйесінен шыға алмады. Қоғамның даму баспалдағындағы тілдің күйін ескеретiн, ұстанымды өзгерiстерге бара алмады. Грамматика семіп қалған, архаикалық түрде қалып қойды. Ғалымдар қазақ лексикасындағы эквивалентсіз қуысты толтырумен, тілдің ресми аядан тыс кезінде қордаланып қалған экстенционалдарды қазақ сөзімен ауыстырумен айналыспады. Азаматтық қоғам адамы қабылдай алмайтын, нарықтық қатынастар жағдайында орындалмайтын, сiресiп, қатып қалған қағидалар ауыстырылмады. Жаңадан енгізілген ережелер индустриялы қоғамда сөз қолдану үдерісінде орындалуы қиын және қайшылықты болып шықты. Бұған керісінше, ғалымдар заманауи өмірді бейнелуде, ресми ақпаратта қолданылмайтын сөздерді, коллоквиализмдерді санаға тықпалаумен болды. қазақ тiлiнiң «бейнелiлiгiн», полисемантизмді дәріптеп, ресми ақпаратты жеткізу стилі ретінде аграрлы қоғам адамының лингвемасын қолданудан бас тартпады. Оларды қазақ тiлiнiң имманенттi ерекшелiктері ретiнде санаға орнықтырып бақты.

Тілші ғалымдар ескі ережелерге сыншылдықпен қарамады, олардан ауытқығысы келмедi, жаңа көзқарастарға күдiкпен қарады, қабылдауға құлықты болмады, шамасы жеткенінше қарсыласты. Тiлдi дамытудың баламалы бағыттарын іздестірмеді. Тың идеялар iздемедi, ұшырасса бастарын ала қашты. бүлiнiп кетедi деп қорықты. Бар мәселенiң түпкілікті байламын тек ескі ережелерге сiлтеп қойып, өздерiнiң митің тіршілігін жалғастыра бердi. Сондықтан нәтиже мардымсыз болды. Ақыры тілші ғалымдар өздерінің ғылымилықтан аулақ тұжырымдарының бірінен кейін бірін таратып, көпшіліктің назарын басқа жаққа бұрып әкетті.

Тiлдi дамыту стратегиясы ретiнде аграрлы қоғам тіліне тән бейнелiлiктен айырылмау, оның тетiктерi – синонимдердi, елiктеуiш сөздердi, метафораларды, теңеулердi көбейту, мақалдап сөйлеуге үйiрлiк таныту қазақ тiлшi ғалымдарының өркениет баспалдақтарының ауысу диалектикасымен санаспауынан, өмір сүріп отырған уақытты, ол алға тартып отырған қоғамдық-әлеуметтік шынайылықты түсінбеуден туындап жатты. Ғалымдар тiлдi заманауи қоғамның талаптарына бейiмдей дамытудан бас тартты, индустриялы қоғам адамының лингвемасын орнықтыру қажеттігін көре алмады. Тілді қоғамдық укладтың жағдайына бейімдеуді ысырып қойып, керісінше қоғамдық укладты тілдің жағдайына лайықтауды талап ету тілді бұдан ары өмір сүргізуден, оның келешегінен бас тартумен барабар еді.

Бұл жағдай бiздi ерiксiзден қазақ тiлiн зерттеушiлердiң кәсіпқойлық деңгейi, сол Кеңес кезiнде айтып жүргендегілеріндей, жартыкеш күйiнде қала берген деп түйiндеуге мәжбүрлейді. Мұның себептерiн де қазақ лингвистерінің менатлитетімен – жалтақойлығымен, теорияны қалыптасқан ахуалға бейiмдеп құрып, жоқты бар деп «дәлелдеп», ғылымилықтан гөрі, өздерін жұбататын немесе жеке бастарына тиімді нәтиже шығару мақсатын көздегендігімен түсіндіруге болады. Тіл мәселелері төңірегінде қазіргі болып жатқан үдерістер тілдің белсенді субъектілеріне деген ізгіниеттілікті кейін ысыра тұрып, олардың ісіне сырттан араласпаса болмайтындай ахуалға тап болып отырған жайды айғақтайды.

Бұл жылдары отандық лингвистердің құлаққағыс етуімен, қоғамдық сананы қазақ тілін сақтау үшін оған мемлекеттік мәртебе беру, ал орыс тілінің ресми мәртебесін алып тастау керек деген идея меңдеді. Қазақ ғалымдары, бұрынғыша, тілдің лексикалық ресурсы жеткілікті, енді одан іріктеп ала отырып, теминдер мен ұғымдарды орнықтыру керек деген дұрыс бағытта болды. Алайда, қазақ тілін қоғамдық өмір аяларының бәрінде әмбебап қолданумен өндірісің түрлі салаларындағы мамандар айналысуы керек. Демек, тіл зерттеушілері мен оның жанашырлары қазақ тілін мемлекеттік мәртебесіне лайық қызмет етуге дайындау президент әкімшілігінің құзырында болады деген тұрғыны ұстанды. Олардың нық сенімі бойынша, билік қаражатты жеткілікті шығара отырып, саяси, әкімшілік, құқықтық және еріктік амалдармен, тілге қатысты мәселелерді толық өз мойнына алып, шешуі керек. Бұл бағытты бұқаралық ақпарат та қолдады.

* * *

Жылдар зымырап өтіп жатты. Мүмкіндіктер пайдаланылмай кетіп жатты. Отандық лингвистер қазақ тілінің репрезентативтік қабілетін арттыру бағытында, іс жүзінде ештеңе тындырмады. Сөз қолданысты иектеп алған девиацияға тосқауыл қоймады. Заманауи адамның рухани қажеттігін өтейтіндей, жібі дұрыс контент құра алмады. Оның есесіне, бұйығы бақылаушының тұрғысын ұстанып, кемшіліктерді көрсетушіге және «тілдің жауларын» жазалау әдістерін ұсынушыға айналып алды.

Кейінірек қазақ тілін мәртебесіне сай қолдану ойдағыдай жүзеге аспай жатқаны белгілі болды. Шынайылығында, қазақ тілінің тасы өрге домаламады. Оны мемлекеттік басқару аясында, ресми іс жүргізуде, өндірісте қолдану толығымен формалыландырылды. Көркем өнер ұсақтап кетті. Мәдениет өткен ғасырдың 60-70 жылдарындағы деңгейде қалып қойды. Қазақ тілінің прогресіне күдік көбейді, үміт сейілді.

Уақыт өте келе, қазақ лингвистері тілдің жағдайының күн өткен сайын қиындай беруінің себебін өздерінше түсіндіре бастады. Соңдарынан радикалдық бағыттағы тіл жанашырларын ертіп алып, олар қазақ тілінің басқан адымын дұрыстап кете алмауы «орыстілділердің қастандығынан болып жатыр» дегенді ойлап шығарды. «Қазақстанда орыс тілінің өктемдігінің мәңгі-бақи болуын армандайтын, өздерін орыстілділер деп санайтын орыс, қазақ т.б. ұлт өкілдері, қазақ тілінің дұшпаны екендігін ашық танытып келе жатқан бір топ зиялы қауым бар»,- дей келіп, Ә. Қайдаров, оларды,- «қияли, қитұрқы, қияс ойлары бар қаскөйлер» [11: 6] деп әшкереледі. Біртіндеп «қазақ тіліне қарсы шығып жүрген жасырын топ бар» деген қауесет қазақтілді баспасөздің осы мәселе туралы сөз бола қалса арқау ететін негізгі лейтмотивіне айналды.

Мәселені шешуге шамасы келмеген адамның болып жатқан кесірлі қырсықтың себебін таба алмағанда кінәліні іздеуі – кең етек алған құбылыс. Мұндай жағдай Кеңес Одағында жиі көрініс беріп тұратын. Қазақ ғалымдары да енді кеңестік менталитеттің қауашағына кіріп алып, коммунистердің дәстүрі бойынша, кінәліні іздеумен, табылмағанда біреуді тағайындаумен, сонан кейін оған жаза сұрап жоғары жақтарға ұжымдық хаттар жөнелтумен айналысты.

Орманда келе жатқан жаралы жануар алдынан кім кездессе, соған шабады. Өйткені, ол өзін кім жаралағанын білмейді. Онда ес жоқ, жануар болғандықтан сөйтеді. Қазақ ғалымдарының да тілге қатысты істерінде алға баспай жатқанның бәрінің себептерін билікте отырғандар мен орыстілділер бұғып, жасырын қастандық жасап отыр деп есептеуі де осындай ойлаудағы мешеуліктен туындап жатты. Әркім өз «үңгірінен» (философияда «үңгірлік идеал» деген ұғым бар) шамалап тон пішті, өзге пікір айтқандардың бәріне «қаскөй» деген айдар тақты. «Тілдің жауларына» қарсы анафемалар ұйымдастырды, жетілдірілген диатрибалық лексикондарын пайдаланып, «тілдің жауларын» жұрт алдында масқараламақ болды.

Шынтуайтында, орыстілділер де мемлекеттік тілді нығайтуға бағытталған пікірлерін білдіріп жатты. Бірақ олардың сыншыл пікірлері мен ізгіниетті ұсыныстарының ешқайсысы қабылданбады, қазақтар бәріне күдікпен қарады. Өзінде жоқ ізгіліктілікті өзгеде бар деп ойламады, өзгенің ізгіліктілігіне сенбеді.

Содан кейін тілші ғалымдар зерттеулерінің «жаңа долбарларын» жариялады. Бұл жолы олар қазақ тілінің «жауларын» саяси элитаның өз арасынан іздеу керек деген шарғы тастады. Ойдың бұлай өрбуінің де қазақ лингвистерінше өзіндік «қисыны» бар еді. Олардың пайымдауынша, орыстілділердің «жасырын тобын» бүркеушілер мен олардың жасап отырған «қастандық әрекеттерін» қолдаушылар жоғары биліктегілердің арасында. Демек, олардың ойынша, Президент және оның әкімшілігі, Парламент пен Үкімет мүшелері, әр түрлі деңгейдегі әкімдер мен олар жасақтаған жауапты қызметкерлер бәрі қазақшаға қас.

Бұл идеяны да қазақ ғалымдары өздерінің төл мәселелерін шешу бағытындағы ізденістерінің ғылыми нәтижесі ретінде алға тартып, бұқараға жариялап отыратын болды және баспасөзді, көпшілікті осы идеяның айналасына шоғырландыруға тырысты. Шара «нәтижелі» болып, қазақ тілінің мәселелерінің шешілмеуі биліктегілердің қазақша сөйлеуге мүдделі болмауынан туындап отырған, олардың ұйымдасқан қарсылық әрекетінің салдары деген түсіндіру халықтың санасынан белгілі деңгейде орын алды. Қазақ тілінің қырсығы «әр түрлі деңгейдегі шенеуніктер мен ел билігіне араласып жүрген лауазымды азаматтардың, мекеме басқаратындардың қырсыздығы мен енжарлығына тікелей байланысты,- деп өзеурей жариялады Ә. Қайдаров [11: 15-16]. Жалпы, қазақ тілші ғалымдарының бұл «ұсыныстарының» есірткідей әсер еткені сондай, өзін қазақ тілінің жанашырымын деп есептейтін қатардағы нөпір тіл мәселесінің тек саяси-әкімшілік шаралармен ғана шешілетініне иланып, енді пәрменді әрекетті тек Президентке қаратып қоюға толығымен көшті.

Қазақ тілін көктетпей отырғандардың кім екені «белгілі» болғаннан кейін, тілші ғалымдар енді өздерінің төл құзіретіндегі міндеттерін өзгеге еркін аударып, кінәліні көрсетіп, оларды дүрелеп әрекетке қосу керектігін талап етіп, жоғары жақтарға нұсқаулар беруге ауысты.

Бұдан соң қазақ тілінің «білгірі» осы қисыннан туындата отырып, ойын одан ары «үкіметтің барлық қаулы-қарарлары мен заң, ресми құжаттарын мемлекеттік жауапты адамдардың өздері ойланып-толғанып, тікелей араласып жазуы керек» [11: 16] деген «келесі ғылыми жаңалығын» алға тартты. Терминдердің, атаулардың, ерікті тіркестердің дұрыс аударылуын, қолданылуын қадағалауды, түрлі салаларда тіл қолданыстағы ғылыми дұрыс жолды көрсетуді, ресми құжаттардың үлгілерін дайындап беруді қазақ тілші ғалымдары өздерінің төл міндеті деп танымады. «Қайсы біреулер ғылым тілі десе, Тіл білімі институтына қарай ауыз ашады. Тілшілер термин жасамайды. Оны жасайтын мамандар,- деп кескін қайырды Ә. Қайдаров пен Ө. Айтбайұлы, – Мұны түсінбеген жандар бар-жоғын Тіл білімі институтынан іздегісі келеді» [35: 51]. Сонымен, қазақ тілші ғалымдарының меңзеуінше, әр сала, әр мекеме өздері қолданатын теминдерді өздері жасап алуы керек екен. Тіл зерттеу ғылыми мекемелері терминдерді анықтаумен, оларды қазақшаға аударумен, қолданылу жолдарын көрсетумен, салалық сөздіктер құрастырумен,.. айналыспауы керек екен.

Осылай, қазақ ғалымдары индустриялы қоғамның әдеби тілінің нормаларын жасаумен, грамматиканы қоғамдағы өзгерістерге лайықтап жетілдірумен, мемлекеттік тілде берілетін ақпараттың мазмұнын жақсартумен, мәдениет туындыларының көркемдігін арттырумен, оқулықтар шығарумен, қазақ тілінде дұрыс сөйлеудің үлгісін көрсетумен,.. тағы басқа өздерінің құзретіндегі төл істерімен айналысудан өздерін шеттетіп алып кетті. Орыстар айтатындай, «өз басындағы сырқатын өзгеге таңумен» айналысқан, осы қағиданы бетке ұстаған олар енді жарты ғасыр бойы жиналған сөздік қор картотекасын жамбастарына басып алып, басқаларды кіналап мақалалар мен кітаптар жазуды жалғастыра берді. Бұл жырынның астарында өздері шеше алмаған тіл мәселелерін жоғарғы биліктің құзырына аударып тастап, судан құрғақ шығу ындыны жатты.

«Терминді тілші ғалымдар жасамайды, оны жасайтын мамандар» деген мәлімдеме тізбекті реакция тудырды. Енді қолы компьютерге тиетін қазақ термин жасаумен айналысуға мәжбүр болды. Салдар неге бастап әкелді? Ешбір тілдің басына құдай салмасын дейтіндей тіл анархиясына алып келді. Нағыз аномалия осыдан басталды. Стихиялы орнығып алған сөлекет аудармалар, бұлыңғыр тіркестер, мағынасы төңкеріліп түскен конструкциялар тіл практикасына еніп, оны мүлдем түсініксіз етіп жіберді. Осылай, қазақ тіліне есеңгіретер ауыр соққыны өзге емес, ең алдымен өзін қорғайды деген тіл ғылымының профессорлары мен академиктерінің өздері берді.

Мысал:

Түрлі ғылыми кеңестердің төрағалары мен мекеменің директорлары әр диссертацияда ұшырасатын «актуальность» сөзін біреуі «өзекті», екіншісі «көкейкесті», үшіншісі «көкейтесті» деп түрлендіре жазатын болды.

Қала әкімшілігі шеңберінде жүретін құжаттарда «микрорайон» деген сөздi бiр жауапты қызметкер «шағын аудан» деп, екiншi жауапты қызметкер «кiшi аудан» деп, үшiншi бiреу «мөлтек аудан» деп толтыратын болды.

Жоғары лауазымды қызметте отырып, мемлекеттік мәселелерді шешіп жатқанымен, жауапты қызметкер тілші ғалымдардың міндетін атқара алмады. Қазақ лингвистері қалай тіл безеп, түйрегенімен бүкіл елдің кадр корпусы лингвист болып кете алмады, термин жасау теориясын жасай алмады. Өйткені, термин жасауға олар міндетті де, құзіретті де емес еді. Олардың әр қайсысының атқаратын өндірістік міндеті бар. Мамандығы бойынша кәсіпқой болса да (солай дей тұрайық: Қ.Ж.), қабылданған ғылыми ұстаным мен қалыптасқан үлгі болмағандықтан, ресми құжаттарды олар жаза алмайтын еді. Олай талап қоюдың өзі мәселені ғылыми жолмен шешумен үйлеспейтін, құр арандату болатын. Әрине, «барлық жерде іс қазақша жүргізілсін» деп жоғарыдан бұйырылып, бастарына түскен соң, әркім өзінше аударма жасап бақты. Оның салдары қазақ терминдері мен ұғымдарын адам түсініп, үйреніп болмайтындай жағдайға түсірді. Тілді түсіну мен үйрену бұрынғыдан да қиындап кетті. Осылай мемлекеттік маңыздағы рухани мәселені шешудің қиюы келіспей, тіл мен мәдениет жыл өткен сайын құлдырау шыңырауына бата берді.

Тағы бір мысал:

«Сұлулық салоны», «әдемiлiк салоны», «әсемдiк салоны», «сымбат салоны», «сән салоны» (кәсіпорындардың маңдайшаларындағы жазулардан).

Алматы көшелерiнен «сұлулық салоны» дегендi көрiп, оны «салон красотының» аудармасы деп қабылдаған тіл үйренуші екiншi бiр көшеден «әдемiлiк салоны», үшiншi көшеден «әсемдiк салоны», төртiншi көшеден «сымбат салоны», бесiншi көшеден «сән салоны» дегендердi ұшырастырып, ақыры, бұл тiркестiң қазақша байыбын таба алмай, аңтарылу күйіне түседі.

Бiр  атауды бес түрлi формада жазу – қазақтан басқа ешбiр халықтың тілінде, соның iшiнде кең таралған, бай, сөздік қоры жүздеген мың немесе миллион лексикалық бірліктен тұратын тiлдердiң ешқайсысында ұшыраспайтын құбылыс. Неге бұлай? Мүмкiн бұл, расында да, қазақ тілінің керемет байлығы немесе лингвист ғалымдар жүргізген бiрегей зерттеулердiң нәтижесiнен туған керемет тапқырлық шығар?

Жоқ, әрине. Мұның аты – бетiмен жiберiлген тiл сапырыстың өрескел түрi. Осы мысалдағыны жасап отырғандар сұлулықпен айналысатын кәсiпорындардың иелерi. Олар мектепте және ЖОО-да синонимдердi көбейтуді дәрiптеген бiлiм алды. Ендi мекеме атауын қою құқығы өзiне тигенде қазақ тiлiнiң «байлығын» көрсеткiсi келiп, өзгеге ұқсастырмай, «красотаның» басқа синонимiн тауып, өзiнше жазуды мақсат тұтты. Осылай, бiрiншi кәсiпкер «сұлулық салоны» деп жазғанда, оны көрген екiншi кәсiпкер «әсемдiк салоны» дегендi таңдады. Сөйтiп, синонимдетудi мақсат етiп алған олар тiркестiң үшiншi, төртiншi, бесiншi нұсқаларын дүниеге келтiрдi.

Іске саясаттың араласуын діттеген лингвистер қауымы, тіл мәселелерін шешуге бағытталған зерттеу жұмыстарының бәрін тоқтатып қойды. Тілді нормалау, грамматикасын қоғамдағы өзгерістерге лайықтап жетілдіру, тіл контентінің мазмұнын жаңарту, оқулықтардың сапасын арттыру, көркем шығармалардың тақырыптарын өзектілендіру, қазақ тілінде ресми сөз қолданыу үлгілерін жасау және көпшілікке таныстыру,.. сияқты тілші ғалымдардың кәсіптік қызметіне тура байланысты, ағымдағы жұмыстардың бірі де істелмеді. Отандық тілші ғалымдар өздерінің төл міндеттерін, шенеуніктерге аударып тастап, оңай сытылып шықты.

Бұқара да тіл мәселелері тек әкімшілік жолмен шешіледі дегенге сеніп, пәрменді шаралардың қолданылуын тек Президенттен күтті. Қазақ лингвистері енді жарты ғасыр бойы жиналған сөздік қор картотекасын жамбастарына басып алып, зерттеулерін «эпистолярлық жанрда» жалғастыруға ауысты. Басқаларды сынап, кінәліні жазалауды сұрап, құзіретті орындарға хаттар жөнелтуге көшті. Олардың ойынша, мемлекеттік тілдің өрге баспай отыруына «қаскөйлер мен қырсыз әкімдер кінәлі» болғандықтан ол мәселе мемлекет тарапынан жүргізілетін әкімшілік қудалау шаралармен шешілуі тиіс. Бұл жырынның астарында өздері шеше алмаған тіл мәселелерін жоғарғы биліктің құзырына аударып тастап, судан құрғақ шығу ындыны жатты.

* * *

Қазақ лингвистері тілдің мемлекеттік мәртебесіне лайық қызметін атқаруын қамтамасыз етудің «жолдарын» тауып, іс жүзіне асыру үшін билікке ұсынып отырды. Олардың бірі ретінде ежелгі Римдегідей, «қамшы мен күлше» амалы ұсынылды. Оның мәні – мемлекеттік тілде сөйлемейтіндерді жауапты қызметтерге тағайындамау, оларға түрлі тиымдар салу, жазалау, қарсы анафема ұйымдастыру («қамшы»). Тіл білетіндерді қызмет бабында өсіру, жалақысына сыйақы қосу, моральдық қолдау («күлше»). Мұндай шараларды жүзеге асыру үшін, лингвистердің ұсынуынша, алдымен Тіл туралы заңға өзгеріс енгізу, демек, орыс тілін ресми мәртебесінен айыру керек.

Тілге қатысты жайды талқылаған дискуссияларда мәселені әкімшілік қысым көрсету жолымен шешуді жақтап жүргендердің арасынан профессорлар Т. Бурбаев пен А. Қайыржанов ерекше көзге түсті. Олар «қалыптасқан ахуалдан шығудың бiрден бiр жолы келешекте мемлекеттiк тiлде сөйлемейтiн депутаттарды сайламау» – деген [36] кескін ұсыныстарын алға тартты.

Кейіннен осындай, ғылым жағынан ғана емес, құқықтық тұрғыдан да сауатсыз, лаққан ұсыныстарды алға тарту жиі көрініс бере бастады. Мұндай бағытты қолдайтындар қарапайым тіл жанашырлары арасынан ғана емес, әжептәуір ғылыми атағы барлар арасынан да шығып жатты. А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімдері ғылыми-зерттеу институтының бас идеологы Н. Уәлиұлы «іс қағаздары мемлекеттік тілде төмен деңгейде жүргізілетін мекеме, ұйымдардың басшыларына тиісті әкімшілік шаралар қолдану,.. мемлекеттік қызметке алынатын тұлғалардан ең алдымен мемлекеттік тілді білуді талап ету» туралы ұсыныстарын сәлихалы ғылыми тезис ретінде «ҚР Ұлттық ғылым академиясының хабарларында» жариялады [қараңыз: 37: 15-19].

Филология ғылымының докторы, профессор М. Мырзахметовтың талабы да осы мазмұнда болды. Ол былай деді: «Қазақ тілін қолданысқа енгізудің тікелей практикалық жолы – қажеттілік тудыру. Ол үшін тек қазақтарға ғана қысым жасау керек. Билікте отырған қазақтар бір жылда қазақ тілін меңгермесе, қызметінен кету талабын қою керек. Ал жаңадан қызметке алынатын қазақтарға екі тілді білмесе, қызметке алуды доғару қажет» («Мемлекет ваххабиттердің аяғын тұсамаса,..». Жас Қазақ үні, 14-20. 10. 2011). Бұл жерде профессор логикалық-дүниетанымдық және құқықтық тұрғылардан оғаш кетіп отырғанын аңғармаған. Тілді үйренуге қажеттілікті ешқашан қысыммен тудыру мүмкін емес екендігін түсіне алмаған. Тілді үйренуге қажеттілік тудырудың амалдары басқа.

Ал қазақша білмейтіндерді мемлекеттік қызметтерден, депутаттар корпусынан ығыстыру туралы ұсыныстың құқықтық жағына назар салған адам делсалдықта болар еді. Бұл ұсыныс профессорлардың өздерінің аталған мәселе және оның шешу жолдары туралы түсініктерінің қораштығын, саяси қарымсыздығын, құқықтық сауатсыздығын әшкерелеуі болып шықты. Профессорлар Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша тілдік белгілеріне қарап азаматтың депутаттыққа сайлану, демек саясатпен айналысу құқығы шектелуі мүмкін емес екенін білмеді.

Қазақ лингвистері өздерінің ұсыныстарының ақылға қонымсыз және саяси корректілікке жатпайтынын аңғармады. Тіл қолданудағы жаппай девиация жағдайында өз ұлтының адамына, туған баласына үйрете алмай жүрген тілді өзге жұрт адамынан талап етудің қисынға келмейтінін сезетіндей түйтік оларда болмады. Екіншіден, бұл қоқай іске асырыла қалса, ары қарай шынжыр реакциясын тудырып, «тіл білмейтіндерді» депутаттар мен министрліктегі қызметкерлер арасынан ғана емес, қоғам өмірінің барлық аяларынан іздеуге, қай салада қанша адам аласталуға тиіс екенін есептеуге, сол кезде болмай қоймайтын асыра сілтеушілікке, қудалауларға апарып ұрындырар еді. Одан ары аласталғандарды қайтадан еңбекке орналастыру, оларға қосымша мамандық беру мәселелерін шешу алға тартылар еді. Бұл жағдай конституцияны ғана емес, өзге ондаған заңды қайта қарауға мәжбүр етер еді. Осындай оғаш ұсыныс айтудан бұрын оларының салдары туралы ойланып алуға қадірменді профессорлардың интеллекті жетпеді.

Біртіндеп мәселені бұлай қоюға жекелеген тіл жанашырлары ғана емес, баспасөз де жиі баратын болды. Осы идеямен қаруланған радикал-патриоттар қазақ тілін күштеу шараларымен айналысқа енгізуді биліктен үнемі талап ететін болды. Соңғы жылдары бұл бағыт олардың тіл қозғалысындағы басты ұранына айналып алды. Түрлі ұйымдар өткізіп жүрген акцияларда да, ғылыми-практикалық конференцияларда да тіл білмейтіндерді биліктің барлық баспалдақтарынан аластау, олардың орнына тіл білетін адамдарды ғана қою мәселесі үнемі көтерілетін болды. Осы бағытты ұстанатындар арасында атағы дардай ғалымдар, заңгерлер, лингвист-профессорлар мен академиктер де жүретін болды.

Ел Президентіне, Үкіметке, Прламент палаталарының төрағаларына жолдаған 150-дің хатында мәдениет қайраткерлері талапты түйрей қойды: «Он бес жылдан бері қазақ тілін аю да үйреніп алатын уақыт болды»;.. «билік мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеру үшін қажетті ұйымдастырушылық, материалдық және техникалық жағдайдың бәрін жасауға міндетті»;.. «2012 жылдан бастап мемлекеттік органдарда тек мемлекеттік тіл пайдаланылып, іс қағаздары тек қазақ тілінде жүргізілсын»;.. «ҚР Конституциясының 7-бабының орыс тіліне байланысты екінші тармағы алынып тасталсын» (Тамыз, 2011 ж.). «Мемлекеттік тілді қолдау» деп аталған акцияға қатысушылар ҚР Президентіне, парламентіне, үкіметіне мәлімдемесінде мынадай талаптар қойды: «2012 жылдан бастап бірте-бірте мемлекеттік органдарда мемлекеттік тіл пайдаланылып, іс қағаздары қазақ тілінде жүргізілсін»;.. «ҚР Конституциясының 7-бабының орыс тіліне байланысты екінші тармағы алынып тасталсын, оның орнына «орыс тілі этносаралық, халықаралық тіл» деп жазылсын» (2011 жыл 2 қазан.).

М. Шаханов және оның айналасына топтасқан адамдардың да діттегені дұрыс, істері жанкешті, жүректі қозғайтын, шулары жанашырлық сезім туғызатындай болды. Бірақ, олардың шулауынан да дәнеңе өзгеруі мүмкін емес еді. Өйткені, тіл мәселелері қызуқанды отаншылдардың ниеттерінің дұрыстығымен, айғайларының ащылығымен, әрекеттерінің жанкештілігімен шешілмейтін мәселе болатын. М. Шаханов – ірі ақын, нағыз отаншыл қайраткер. Бірақ, ол да тіл мәселелерін шешудің теориялық-әдіснамалық байыбына бара алмады.

Әлімсақтан өзін зиялы деп есептейтін әркімге аян бір ақиқат бар. Ол – қоғамның терең қойнауларында қордаланып қалған мәселелердің қайсысының болса да шешімін ғылыми жолдармен іздестіру керектігі. Ғылымсыз ешқашан, ешбір елде, ешбір күрделі қоғамдық мәселе шешіліп көрген емес. Демек, бәрінен бұрын қазіргі қазақ тілінің жағдайына шынайы баға беретін, сонан кейін оны ары қарай дамытудың жолдарын көрсетіп бере алатын ғылыми теория керек. Онсыз алға басу мүмкін емес. Теориялық қағидаларға сүйеніп тұжырымдама жасалады. Тұжырымдама негізінде бағдарлама жасалады. Тіл мәселелерімен айналысып жүрген шенеуніктерде де, тілпат байқұстарда да бұл болмады. Араларында ғылыми атағы барлар толып жүрсе де, мәселені ғылыми жолмен шешу керектігін ешкім сыбырлап та айтқан жоқ. Сондықтан, олардың тәуелсіздіктің 25 жылы бойы қылып жүргендері – еш нәтиже бермейтін, Сизифтің өрге тас домалатуы болып шықты. «Еңбектің пайдасыз, үміт күттірмей, босқа кеткенінен өткен сұмдық жаза жоқ» – деп А. Камю айтқандай [127: 305], мұны алдымен тарихтың қазақ лингвистеріне және философтарына кескен жазасы деп қабылдауға болады.

* * *

Қарапайым қисын мемлекеттік тіл мәселесін шешуде осындай нонсенстердің орын алуына түрткі болуы мүмкін төмендегі екі себептің бірін алға тартады. Біріншісі – қазақ тілін индустриялы қоғам жағдайында әмбебап қолдануға даярлау және мемлекеттік тіл ретінде орнықтыру мәселесін ғылыми жолмен шешуге қазіргі қазақ лингвистерінің интеллекті жетпеген. Олар шынайылығында, мұны биліктің күшімен, тек саяси-әкімшілік шаралармен шешіледі деп түсінген. Екінші себеп – қазақ тілші ғалымдары өздеріне тиесілі миссиясын  тілді дамытудың ғылыми тұжырымдамасын жасауға шамасы келіп тұрса да, оған зауықты болмағандықтан, бағытты өзге жаққа әдейі бұрып жіберген.

Ендігі алға тартылар сұрақ осы. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне лайық қызметін атқара алмауының себебі не? Ол қазақ лингвистерінің компетенттігінің төмендігінен стратегиялық адасуы ма (бірінші жағдай) немесе тілші ғлымдар тарапынан ағысты басқа жаққа әдейі бұрып отырған ғылыми диверсия ма (екінші жағдай)? Екі болжамның бірі дұрыс.

* * *

Филология – Қазақстан ғылым жүйесіндегі әлсіз буын. Қазақ тілінің мамандары – ұлт зиялы қауымының ең осал тобы. Олардың арасынан шыққан профессорлар мен академиктер балаша инфантильді, сырттай оқитын студентше қателеседі. Қазіргі кібіртіктеген, тұтыққан, буданданған, байланыссыз тіркестермен шұбатылған, аномалиялық тіл – бұл қазақ тілі профессорлары мен академиктерінің және олар түзей алмаған оқулықтармен оқып, филология мен журналистика факультеттерін бітірген жазушылар мен журналистердің тілі. Көркем өнердің, білімнің, эфир мен баспасөздің тілі болуға тиісті қазіргі қазақ тілі, қазақ жазушылары мен журналистерінің қолданысында, көркем өнерді декадансқа апарып тіреп отыр.

ЖОО-лардағы қазақ филологиясы факультеттеріне студент қабылдаудағы сыбайластық пен оқытудағы формализм сонау Кеңес Одағы кезінде-ақ кеңе етек алған болатын. Ол кезде ауылдан келген қазақ жастары топырлап баратын бірден-бір факультет осы қазфилфак болатын. Өзге факультеттерде де конкурс болып жататын. Оларда әр орынға 2, 3, көп болғанда 4-5 адам таласатын. Ал қазфилфакқа түсуге үміткерлердің саны әр орынға 25-30-дан келетін. Бар былықпа осыдан бастау алатын: «Абай деген ақын болған» дегенді шала естігендер осыған түсетін.

Кеңес кезінде ЖОО-ларда дәрісті қазақша оқытатын оқытушылар үшін де орын аз болды. Оқытушылық орын үшін бәсеке қатты болатын. Ондайда кім жеңетіні априори белгілі: сабақ беру құқығына интеллекті жағынан мешеу болса да, жоғарыда сүйеніші бар біреу ие болатын. Сөйтіп, ауылдан келген «аңқауды арамыза молда оқытып», қазақ тілінің «мамандарын» топырлатып шығарып жатты. Осы үдеріс әлі жалғасып келеді.

Жалпы дайындықтарының шалағайлығынан, мәдениеті мен кәсіпқойлығының жетіспеуінен, құзіреттілігінің төмендігінен қазақ ғалымдары дүние жүзі лингвистикасында қабылданған қағидалардың мәніне бажайлап бара алмады. Қазақ лингвистері тілді дамытудың ғылыми теориясын құра алмады, әдеби тіл тұжырымдамасын жасай алмады, оның критерийлері мен оған қойылатын талаптарды ажыратып бере алмады, әдеби тіл мен көркем әдебиет тілінің басқа ұғымдар екенін түсіне алмады. Ол бастағы су айырығынан жіберілген теріс бағыт қазақ тілінің ары қарайғы тағдырына өлтіре соққы болып тиді. Барлық жоғары оқу орындарында, орта мектептерде қазақ тілі пәні оқулықтарында тілге қатысты категориялардың теріс түсіндірілуі жас зерттеушілердің келесі толқынының алдына қойылған тосқауыл болып шықты Олар филология ғылымындағы зерттеу бағдарын дұрыс таңдай алмады. Ол оқулықтармен бірнеше ұрпақ «білім алды». Теріс түсіндірулердің санаға сіңіп алғаны сондай, қазақ тілі мамандары деп саналатын адамдардың арасынан жібі түзу оқулық жаза алатын ұжым құру мүмкін болмады, тілдің қарапайым мәселелерінің мәнін түсінуге қауқарлы ешкім шықпады. Бұл құбылыс Қазақстандағы тіл ғылымын қайта түзеуге болатын белдеуден төмен түсіріп жіберді. Соңғы 25 жылдың ішіндегі далбаса осы құбылыстың айғағы болып табылады.

* * *

Өркениеттің дамуы үдерісі тұнып тұрған адасу мен қателесуден тұратыны белгiлi. Адамзат тарихының практикасында тұтас қоғамдар мен өркениеттердiң ғасырларға, кейде мыңдаған жылдарға созылған адасулары болған. Сол адасулар әлі жалғасын табуда. Дүние жүзі елдерінің ¾-і осындай адасу жолына түсіп алып, жемқорлықтың батпағына белшесінен батып, әлеуметтік мешеуліктің – кедейліктің, сауатсыздықтың, аурушаңдықтың зардабын шегуде.

Адасудың себептері әр түрлі болады: кейде билеуші қателеседі, кейде ғылым терiс жолды нұсқап жiбереді, көбінесе халықтың өзінің саяси-құқықтық сауатсыздығы себеп болады. Адасудың арты қоғамды статикалық күйге түсiрiп қана қоймайды, оны ұлы нәубеттерге, қоғамның мүлдем жойылып кетуiне апарып соқтыруы мүмкiн.

XX ғасырда дүние жүзi елдерiнiң марксизм-ленинизм идеяларының соңына ерген маңыз аларлық бөлiгi дамудың сара жолынан тайды, «коммунизм құрамыз» деген бұлдыр мақсатпен қияс тартып, терiс кеттi. Ол елдер үлкен бүлiнiс кезiнде өз халқын, соның iшiнде ұлттың гүлi мен жемiсiн құртты, өздерiнiң әлеуметтiк-экономикалық тығырыққа тiрелгенiне және «капиталистердiң» озып кеткенiне әбден көздерi жеткен соң ғана, соның өзiнде өркениетті Батыс елдерінің жол көрсетуімен райынан қайтты.

Сол ұлы адасудың iшiнде бiз де болдық. Басымыздың айналып кеткенi сондай, тарихи сана сүртiлiп тасталды, қазақ ақылдысы мен білімдісіне өшігуден, өзін өзі қырудан алдына жан салмады. Тарих ғылымы отансыздықтың, педагогика білімсіздіктің ұрығын екті. Биліктің сойыл соғарына айналып алған философия қоғам дiттейтiн нысананы айқындап беруді сұрауға болмайтындай құлдырады. Бәрiнен де аграрлық-ауылдық-тұрмыстық ойлау шаранасынан шыға алмаған қазақ лингвистерінiң әдіснаманы дұрыс таңдай алмай адасуы аутизм деңгейіне дейін құлдыраған өрескелдік болды, тілді, соған қоса тұтас ұлтты рухани тоқырауға әкеп тіреді.

* * *

Адамдарда кейде ұстанып отырған бағытының терістігін сезе тұра, одан қайта алмайтын күйге жететін, ерікті түрде қателiгiн мойындайтын межеден асып кететін кездер болады. Тәуелсіз елдің мемлекеттік тілін орнықтырудың ғылыми негізін көрсетіп бере алмау қазір қазақ лингвистерінің өздерiн моральдық тығырыққа әкелiп тiреп отыр. Келтiрiлген рухани кесiр ұшан теңiз, тірліктері бiр ұлттың тiлiн, мәдениетiн, тиiсiнше, өзiн жоюға әкелiп тiреген далбасаға ұрындырып отыр. Осыған дейiн тілді дамыту бағытындағы әрекеттерінің ғылыми дәйектi болмай шығуы, жарық көрген еңбектерінің күресiнге күрелiп тасталу мүмкіндігі оларды жанкештілікпен шынайылықтан қашуға – көпшіліктің назарын басқа жаққа аударып, тіл мәселелерінің шешілмей жатуының себебін теріс түсіндіруге («тілге қарсы шығып отырған орыстілділердің қаскөй топтары бар»); құзырындағы міндетін өзгеге аударуға («бәрін биліктегілер әкімшілік шаралармен шешсін»); осыны аңғарған, өзгеше ғылыми шешу жолын ұсынғандарға өре қарсы шығып («тілімізді кемсітіп, тәуелсіздігімізге қарсы шығып жатыр»), ондай ойларды жатырында тұншықтыруға еліре кірісуге итермелеген. Тілші ғалым имиджінен айырылып қалмаудың соңынан түсу қазақ лингвистерін ана тiлiнiң мүддесiн, оның келешегiмен қоса сатып жiберуге мәжбүрлеп отыр.

Негізінде тіл білімдерінің даму стратегиясын айқындап, жөнге салып, әдіснамалық сара жолын көрсету философтардың құзырындағы шаруа еді. Бұған қатысты қазақ философиясының да белсiздiк көрсеткенiн айтып өту керек. Қоғамда болып жатқан келеңсіздіктердің бәріне бірінші кезекте Президенттің саяси кеңесшілері мен философтар кінәлі болады. Қоғамның барометрі солар. Бәрін алдымен солар көре білуге міндетті.

«Бір күн құлдықта болған адам өзінің табиғилығының жарымынан айырылып қалады» деген грек мақалы бар. Осы мақалдың растығының дәлеліндей, «қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ» деген еді Абай [38: 120-121]. Табиғилықтан, ұлтқа сәйкестіліктен айырылу, аут кету дегеніміз осы. Қазақтың екі жүз алпыс жыл отарлықтағы жағдайынан құлдық сананың меңдегені сондай, ұлт бірегей ахуалға – Қазақстанды қазақтардан қорғау, тиісінше, қазақ тілін қазақ тілші ғалымдарынан қорғау қажеттігіне тап болып отырған жай бар. Құндылықтардың төңкеріліп түсу жағдайында осындайлар да болып жататынына таң қалуға болмайды.

Қазір тіл мәселелерін шешуге қатысты екі бағыт айқындалып отыр. Біріншісі – қазақ лингвистерінің тұрғысы. Ол бойынша бар мәселе саяси-әкімшілік пәрменмен шешілуі тиіс. Демек, нәтижелі әрекетті Президенттен, Парламенттен, Үкіметтен күту керек. Екінші бағыт мәселені алдымен ғылыми жолмен шешуді көздейді. Мұндайда, ғылым мемлекеттік тілді дамыту жолдарын саралап береді, оған билік иелері моральдық және материалдық демеушілік жасауы керек, зиялының рухани атсалысуымен, бұқараның қолдауымен іс аяғына жеткізіледі. «Не мен жалғыз есімнен адастым немесе мен жалғыз есімнен адасқан жоқпын, үшінші жол жоқ, біздің бәріміздің есімізден адасып қалғанымызды дәлелдеп беретін ешкім табыла қоймас» [39: 60] деп математик Джон Валлиспен ұзаққа созылған ғылыми айтысқа түскен ағылшын философы Т.Гоббс айтқандай, екі жолдың бірі қазақ тілінің көсегесін көгертеді. Қай жолды қалау керек екеніне әр қазақ зияттылық жетесімен жетуі керек.

* * *

Тек соңғы жылдары ғана А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімдері ииститутының қызметкерлері ғылыми-теориялық зерттеулерсіз мемлекеттік тіл мәселесінің шешілмейтінін түсіне бастаған сияқты. Тіл мәселелерін зерттеудің толып жатқан іргелі бағыттарының бірі – тілді корпустық саралауға көңіл қоя бастапты. 2016 жылы Институт жалпы білім берудегі қазақ тілінің жиілік сөздігін жарыққа шығарды [124].

Бұл туындыға қатысты мыналарды айтуға болады. Біріншіден, ол ширек ғасырға кешігіп шығып отыр. Бұл бағыттағы зерттеулер 1989 жылы қазақ тілі мемлекеттік мәртебе ала салып басталуы керек еді. Бұған қоса, жиілік сөздікті шығару үшін базалық әдебиетті іріктеп алу әдісі жетілдірілуді қажет ететін сияқты. Тіл практикасында жиі қолданылатын 1000 сөзді саралаудың нәтижесі мынаны көрсетті: бұрынғыша, аграрлы қоғам өмірін сипаттайтын лексика қала өмірін сипаттайтын лексикадан басым түскен екен. Мысалы, «ауыл» сөзі жиілігі жағынан 144 – жолда, ал «қала» сөзі 313 жолда тұрақтапты. Бұл фактор, көңілге осы сөздік негізінде құрылған оқулықтардың контенті қалалық елді мекендерде тұратын балалардың рухани сұранысын қанағаттандыра алмауы мүмкін деген күдік ұялатады (аграрлық мазмұндағы контенттің орыстілділердің қызығушылығын тудыра алмайтыны туралы 4.7.7 тармақты қараңыз).