1.2 Қазақ тілі оқулықтарының жайы

Жалған мен ақиқаттың арасындағы айырма жойылды.

К. Поппер

Қазақ тілінің оқулықтарының сапасы сын көтермейді. Олар адамдарды қазақ тілін үйретуге емес, қазақ тілінен қашуға итермелейді.

Н. Назарбаев

Тіл және оны меңгеру туралы сөз болғанда алдымен сол тілде жазылған оқулықтар ойға түседі. Өйткені, оқулықта тіл нормалары жнақталған, оның ғасырлар бойы қолданылу практикасында дәлелденген, уақыт сынынан өткен, бұлтартпас теориялық қағидалары қамтылған. Тек оқулықтың мазмұнына талдау жасау арқылы ғана тіл мәселелері төңірегінде қалыптасқан жағдайды, оның өткені мен қазіргісін анық көз алдыға елестетуге, келешегіне долбар жасауға болады.

Әдеби тілге, оның критерийлері мен оған қойылатын талаптарға қатысты материалдар жалпы білім беретін орта мектептің 5-9 сыныптарында шашырап берілген. 9-сыныпқа арналған оқулықта қазақ тілінің ғылыми негіздері оқушының санасына қалай жеткізіліп келгеніне көңіл аударып көрейік. Талдауымызды, алдыңғы параграфта ескертілгендей, мысал және түсінік формасында жалғастырайық.

1 – мысал: «Ол (стилистика-Қ.Ж.) тіл материалдарын зерттейді» [С. Аманжолов, Ә. Хасенов, И. Ұйықбаев. Қазақ тілі. 9-сыныпқа арналған оқулық. 21-бас.– А.: «Рауан», 1998. 99-б.].

 1 – мысалға түсінік: Мүлдем теріс түсіндіру. Стилистика тіл материалдарын «зерттемейді» (сөйлемнің өзі семантикалық тұрғыдан дұрыс құрылмаған: «стилистика – зерттейді» – Қ. Ж.).

«Стилистика – тілдің стильдерге ажыратылуын, олардың ақпаратты бейнелеп жеткізу амалдарын, заңдылықтарын, атқаратын қызметін және пайдаланылуын зерттейтін тіл білімдерінің саласы» [3]. Тіл материалдары зерттелетін ғылым саласы лексика делінеді.

* * *

2 – мысал: «Стиль – көркемдеп сөйлеу амал-тәсілдерінің жиынтығы, белгілі бір дәуірдегі әдеби бағыт, көзқарас көрсеткіші, әдеби мектеп, әдеби топ деген ұғымдарды да білдіреді» [сонда: 100-б.].

2 – мысалға түсінік: Теріс оқытудың теңдесі жоқ үлгісі. «Стиль – қоғамдық-әлеуметтік өмір аяларының белгілі біріне лайықталған, тілдік және бейнелелегіштік құралдардың арнайы шоғырын пайдаланып ақпарат жеткізетін, тілдің (даттың) функциялық түрленуі» [3]. Стиль ресми қатынастарда, саяси публицистикада, ғылыми шығармаларда, өндірісте, ақпараттың мазмұнына сай сөз саптау ерекшеліктері. Өндірістік іс жүргізуде көркемдеп сөйлеуге тырысудың өзі стиль бұзғандыққа жатады. Стиль – әдеби бағыт емес, ешқашан болған жоқ, бола алмайды. Қазақ әдебиетінің даму кезеңінде ешқандай бағыт «стиль» деп аталынған емес. Көзқарас – адамның немесе адамдар тобының қоғамда болып жатқан белгілі бір оқиғаға, құбылсқа қатысты ұстанатын тұрғысы. Оған да стильдің қатысы жоқ. «Стиль» деген әдеби мектеп те, әдеби топ та болған емес. Белгілі бір әдеби бағыттың, мектептің, топтың өкілдерінің сөз саптау стильдерінің өзіндік ерекшелігі болуы мүмкін. Жоғарыда келтіріген түсіндіруді оқушыны шатастыру үшін әдейі келтірілген дигрессия түріндегі сөйлеу амалы ретінде қабылдауға болады.

* * *

3 – мысал: «Күнделікті өмірде жазу-сызу, сөйлеу-айту дағдысында көп кездесетіні – іс қағаздары стильдері». «Іс қағаздары, яғни ресми құжаттарға жататындар мыналар: өтініш, хабарландыру, қолхат, анықтама, сенімхат, хаттама, акт, шарт, қатынас, міндеттеме, мінездеме, т.б.» [сонда: 69-б.].

3 – мысалға түсінік: Екі сөйлем де семантикалық тұрғыдан орашолақ құрылған. Қос сөздердің екінші сыңарлары (- сызу; – айту;) артық. «Дағдысында» деген сөз орынды қолданылмаған. Оның орнына «сөз қолдану практикасында» деген дұрыс болар еді. Екінші сөйлемнің екінші сөзіне «на» жалғануы керек (қағаздарына). Авторлар осы жердегі айтар ойын «Тіл қолдану практикасында іс қағаздары стиліндегі үлгілер жиі ұшырасады» деген пішінде беруі керек еді.

Қарадүрсін силлогизм. Мағлұмат шала. Іс тек қағазбен, жазбаша жүргізілмейді. Іс ауызша да, жазбаша да, тура да, делдалдықпен де, жүздесудің вербальды және вербальді емес пішіндерінде жүргізіліп жатады. Оқулықта іс қағаздарының арасынан авторлар негізінен мәнділігі шамалы, тұрмысқа қатыстыларын атаған. Ресми құжаттардың толып жатқан өзге түрлері болатыны ескерілмеген. Ең бастысы, өндірісті жүргізу мен басқару үдерісінде қолданылатын терминдер, ұғымдар, тіркес құрылымдар туралы ештеңе айтылмаған.

* * *

4 – мысал: іс қағаздарының «ресми деп аталатын себебі – көбінесе бір түрде, біркелкі қалыптасқан үлгі бойынша жазылатындығы» [сонда: 69-б.].

4 – мысалға түсінік: Қате түсіндірудің өрескел үлгісі. Іс қағаздарының  ресми деп аталатын себебі олардың «қатаң бір үлгіде жазылатынында» емес, мәтін мазмұнының қоғамдық сипатында. Бұлармен адамдар мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда, кәсіпорындарда өндірістік тапсырмаларды орындау үстінде, ресим қатынаста ұшырасады. Сондықтан ақпарат алмасудың бұл пішіні ресми стильге жатқызылады.

* * *

5 – мысал: Тіл ұстартуға толып жатқан тармақтар (? – Қ.Ж.) кіреді… Топтап айтсақ, ондай тармақтарға әңгіме, шығарма, конспект, мақала, баяндама, рецензия сияқты толып жатқан түрлері (ненің? – Қ.Ж.) жатады [сонда: 70-б.].

5 – мысалға түсінік: Қате түсіндіру. Тіл ұстартудың тармақтары болмайды, әдістері (немесе амалдары) болады. Ал әңгіме, мақала, баяндама, рецензия – көркем және ғылыми шығармалардың жанрлары. Аталған жанрлар – білім алу үрдісінде қолданылатын, оқушылармен немесе студенттермен жүргізілетін жұмыс түрлері ретінде ұшырасуы мүмкін. «Топтап айтсақ» деген тіркес ешқандай рөл атқарып тұрған жоқ.

* * *

6 – мысал: «…іс қағаздарының қай түрін болса да … айтарыңды жалаң, жаттанды, дәрменсіз де жел өкпе сөздермен жазуға әуестенбей,.. баяндайтыныңды… жүйе-жүйесімен қызықтыра, дамыта, тамашалағандай… айтқаның жақсы» [сонда: 70-б.].

6 – мысалға түсінік: іс қағаздары белгілі бір үлгіде, жаттанды, қасаң тілмен жазылады, біреуді «қызықтыра, дамыта, тамашалағандай» ғып, оларды көркемдеп жазудың өзі стиль бұзғандыққа жатады.

* * *

7 – мысал: «фонетика – тіл дыбыстарын тексереді» [сонда: 108-б.]; «осылардың бәрін тексеретін сала – фонетика» [сонда: 109-б.]; «морфология… толып жатқан мәселелерді тексереді» [сонда: 129-б.]; «Тілдің дыбыстық жақтарын – фонетика, сөз байлығын лексикология тексереді» (сонда: 129-б.).

7 – мысалға түсінік: Бұл жерде лингвистикалық терминдердің мағынасын түсіндіру жоқ, объекті мен субъектіні және олардың функцияларын ажырата алмаудан туындаған амфиболия бар. Фонетика, морфология, лексикология, бұлар – тіл білімінің салалары. Олар ешқашан, ештеңені тексермейді, тексере алмайды, жанды мәнділіктің қызметін атқара алмайды, зерттеу объектісі ғана бола алады. «Тексереді» деген сөздің өзі тек субъектінің (адамның) әрекетіне қатысты айтылады, пәнге, нәрсеге, құбылысқа емес. «Толып жатқан мәселелер» дегенде авторлардың нені меңзеп отырғаны да оқушыға түсініксіз.

* * *

8 – мысал: «стиль деген терминнің мәнін ұға білу үшін, тіліміздегі әр түрлі стильдерді санамалап өтсек: мысалдар стилі, аңыз-ертегілер стилі, кітаби стиль, ресми стиль, көркем әдебиет стилі, ғылыми стиль, көсемсөз стилі, жеке адам стилі, жанрлық стиль, т.б.» [сонда: 100-101-б.б.].

8 – мысалға түсінік: Бас ауыртатын былықпа. Санамалап өткеннен стиль дегеннің не екендігі түсінікті болып отырған жоқ. Керісінше, авторлардың әр сөзі ұзақ түсіндіруді қажет етеді, көп сұрақ тудырады. Мысалы, құрылымдық элементтердің иерархиялық қатынастары ескерілмегендіктен, гипонимдер (мысалдар, аңыз-ертегілер) гиперониммен (көркем әдебиетпен) қатар тұр. Ұғымдар мағынасы мен мазмұнына қарай рангке жіктелмегендіктен, ғылыми, публицистикалық және көркем әдебиет стильдері ресми стильмен бір қатарда тұр. Жанрлық стиль жеке қарастырып, мысалдармен түсіндруді қажет еді. Ең бастысы, стиль деген не деген сұраққа берілетін нақты жауап бұл жерде жоқ және оны тұтас оқулықтан да таппайсың.

* * *

9 – мысал: «әр адамның өз өмірбаянын жаза алуы, біреуге хат жаза білуі, көрген-білгендерін,.. баяндап жеткізуі… – шығармашылық жұмыс» [сонда: 71-б.].

9 – мысалға түсінік: Өрескел қате түсіндіру. Ұғымдарды тонын теріс айналдырып беру. Әрине, шығармашылық және шығармашылық емес жұмыстардың арасында айқын шекара жоқ. Бұл ұғымдар туралы психологтар бір мәмілеге келген жоқ. Дегенмен, көпшілдікке таралған айқындама бар. Ол бойынша «шығармашылық деп жаңа сападағы материалдық және рухани құндылық жасайтын немесе обективті жаңа нәрсе ойлап шығаратын қызмет үдерісін айтамыз» [4]. Ал жоғарыда келтірілгендердің шығармашылықпен үш қайнаса сорпасы қосылмайлы. Сот алдында куәгер ретінде көргенін айту, өмірбаянын баяндау немесе хат жазу кез келген шығармашылық кәсіппен айналыспайтын адамның өмірлік практикасында кездесе береді.

* * *

10-мысал: «атадан – балаға, баладан – немере шөбереге, немере мен туажатқа, күллі ұрпақ, үрім-бұтақ атаулыға мың-мың сан жылғы қорек пен өмір қажеті»; «…сөз мағынасын келістіріп құбылту, оларды мейілінше дұрыс қолдану мен әрдайым дәл түсіну керек»; «…өнердің өнері, білімпаздың білгендігі, жүйріктің озып келуі мен топ жарып суырылуы»;.. [сонда: 68-б.].

10-мысалға түсінік: Бұлар – авторлардың лингвистік категория ретіндегі стильдер және сөз саптау өнерінің ұрпақтан ұрпаққа жалғастық табуы туралы түсіндірулері. Олар өздерінің сипаттамаларымен тым кереғар, ұшқары кетіп отырғандарын аңғармайды. Ойындағысын жеткізуге сөз таппаған авторлар, мағынасыз сөзшұбыртпамен оңды-солды жосылады. Бірі біріне қайшы келіп жатқан пайымдарымен ойқастайды. Мұнда ғылыми-публицистикалық стильден адыра қалған, жосықсыз бомбаст, лаққан алогизм, толып жатқан полимфраздар, арзан поэтизм, тақырыптан аулақ, дигрессиялық лағу, ақталмаған импликационалдар, былайша айтқанда, сірескен девиациялық ауытқулар алға тартылады. Авторлар «келістіріп құбылтқан сөздің» … «әрдайым дәл түсінілуін» уағыздап отырғандарын аңғармай, мағынасыз шешендігіне масайраудан жазбайды. Ал оқушыға стиль туралы дәйекті түсініктеме адыра қалған.

* * *

Ғылым тілі – категориялар тілі, ғылыми ұғымдар мен түсініктер тілі. Бала оқытуға арналған ғылыми еңбек алдымен оған ғылыми ұғымдарды нақты түсіндіріп, категориялармен ойлауға үйретуге бағышталуы керек.

Мектептегі тіл оқулығы дегеніміз тіл ғылымы негіздерін оқытуға арналған ғылыми шығарма. Сондықтан авторлар оқушының жас ерекшелігін ескере отырып, мәтінді ғылыми стилде жеткізу қажеттігін қажеттігін алдымен ескеруге міндетті. Алайда, біз қарастырған оқулықтардың мәтіндері стильдік ауытқуларға тұнып тұр. Авторлардың стиль және стилистика жөніндегі түсініктері ғылымилықтан мүлдем аулақ. Терминдер мен ұғымдарды ауыстырып алады, анықтамаларын қате береді, келтірілген мысалдарында тұжырымдарын мағыналық бекіту жоқ, өздерінің сөз саптаулары сәйкессіздіктерге толы. Мәтінде логикалық қисынсыздықтар көп ұшырасады, көпірте сөйлеуге ұмтылу, тіл безеу мейілінше етек алған. Бастысы, авторлар өздері сөйлемдерін дұрыс құра алмайды, оқулық жазып отырғандарын ұмытып, ұзын сонар сөзтізбелікке, орынсыз ділмарлыққа салынып, сырты жылтыр, іші дүдәмал, арзан тіркестерді сапырыстырады.

Кеңес кезінде қазақ ғалымдары тіл білімдері негіздерін осылай қалаған. Аталған кітап 1998 жылға дейін жиыны 21 рет басылған. Бұдан қазақ тілші ғалымдарының бірнеше ұрпақты осылай «оқытып» шығарғаны көрінеді. Бұл – қазақ лысенковшылдығының бір мысалы ғана.

* * *

Енді Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін алғаннан кейін шығарылған, отандық оқулықтардың біріне назар аударып көрейік.

8-сыныпқа арналған қазақ тілі оқулығында қазақтың әдеби тілінің жасалуы туралы мынадай мәлімет келтірілген «Қазір қазақ тілі мейілінше дамып, байып, жетілді. Нақты әдеби тіл жасалды»,– деп жазады авторлар жаңа буын оқулығында [Аманжолов С. т.б., Қазақ тілі: 8-сынпқа арналған оқулық  – А.: «Мектеп», 2004. 3-б.]. Сөздеріне дәлел ретінде «орта мектептер үшін барлық пән қазақ тілінде жазылып жүргенін» [сонда: 3-б.] келтіреді. Сонысымен ғылыми дәйексіз ақпарат беріп отырғандарын аңғармайды. Орта мектептерде оқытылатын пәндер Кеңес кезінде-ақ қазақ тілінде жазылатын. Бұл қазақ тілінің «мейілінше жетілгенінің, нақты әдеби тіл болғанының» дәлелі бола алмайды. Өйткені, білім беру – қоғамның тіл араласып, іс жүргізетін 50 түрлі өмірлік аяларының бірі ғана.

Авторлар оқушыға «Әдеби тіл… – ғылымның барлық саласын қамтитын, халыққа өнер-білім беретін, тәлім-тәрбие үйрететін баспасөздің тілі» [сонда: 4-б.] деп түсіндіреді. Оның дәлеліне «саяси экономия сияқты өте қиын ғылымдардың өздері де қазақ тілінде зерттеліп, жазылатынын» алға тартады.

Бұл – қазақша мәтіндерде жиі ұшырасатын алогизм. Баспасөз – тіл қызмет ететін көп аялардың бірі. Ал саяси экономия, біріншіден, ғылым салалары ішіндегі ең қиыны емес, екіншіден, саяси экономия бойынша зерттеулердің жүргізілуі тілдің әдебилігінің дәлелі бола алмайды.

* * *

Р. Әмір мен М. Атабаеваның 9-сыныпқа арналған қазақ тілі жаңа буын оқулығының «Қазақ тілі – көп стильді тіл» деп аталатын екінші бөлімінің көлемі 96 бет. Бұл жалпы көлемнің жарымына жуық. Демек оқу жылының жарымына жуық уақыты стильдерді оқытуға арналған. «Ол стильдердің бастылары: ауызекі сөйлеу стилі, көркем әдебиет стилі, ресми іс қағаздары стилі, публицистикалық стиль, ғылыми стиль» [Әмір Р., Атабаева М. Қазақ тілі: 9-с. арналған оқулық. – А.: «Мектеп», 2005. 24-б.] деп келтіреді авторлар.

Бұған қатысты алдымен назарға ілігетіні –  ауыз-екі сөйлеу стилі туралы мәселе. Сөз баяндау үдерісінде материалдың мазмұндық маңыздылығы жағынан орналасу алгоритмінің бұзылуы жөнінде болып отыр. Оқулықта ауызекі сөйлеу стиліне берілген сипаттама ресми стильдер туралы мәтіннің алдына шығып кеткен, авторлар оны көбірек тәптіштеген. Сонысымен, қоғамда адамдардың қоғамдық қызметі маңызы жағынан басым болатыны кейінге ысырылып тасталған.

Бұл жердегі маңыздылығы басым мәселе, ресми стильдер – іс жүргізу, саяси-публицистикалық, ғылыми-техникалық стильдер және көркем әдебиет шығармаларының стилі алдымен қарастырылып, көбірек тәптіштелуі керек еді. Өндірістің, оқу үдерісінің қажеттігі тұрғысынан да, дидактикалық оңтайлылық жағынан да, ресми стильдердің алдымен аталуының, олардың ерекшеліктеріне көбірек көңіл бөлінуінің қисыны бар. Ал біздің авторларда бәрі керісінше, арба аттың алдында тұр. Авторлар өздері жасап отырған өнімнің қоғамдық сипатын ескерсе, онда алдымен ресми стильдер мәселелерін қарастыруы керек еді. Мұндай логикалық орашолақтықты авторлардың санасында ресмиден гөрі тұрмыстық ойлаудың басыңқылығының салдары деп қана түсіндіруге болады.

Авторлардың пайымдауынша, «аузыекі сөйлесу стиліне ерекшелік беретін тілдесу сәттері» [сонда: 25-б.] болады екен. Оның біріншісіне «ауызекі тілдесудің адамдардың бетпе-бет кездесуі үстінде» жүретіні, екіншісіне ауызекі тілдесудің «адамдардың жұмыс жөнінде пікірлесуіне, ой бөлісу жөніндегі әрекетіне тікелей қызмет ететіні» [сонда: 25-б.] жатады екен. Бұған қатысты «ауызекі тілдесудің адамдардың бетпе-бет кездесуінен басқа, мысалы, делдалдық (телефонмен) формасы болмай ма?– деп сұрақ қойғаннан басқа не айтуға болады?» Екінші «тілдесу сәтінде» сипатталғандай, «жұмыс жөнінде пікірлесу» ауызекі сөйлесуге жатпайды, ресми іс жүргізу стиліне жатады. Ал «ой бөлісу жөніндегі әрекет» қандай болуы мүмкін? Қандай ой, қай әрекет? Оған ауызекі сөйлеу стилі қандай қызмет етпек? Бұл сұрақтарды авторлардың өздеріне қоюға тура келеді.

«Ауызекі сөйлеу стилі бірнеше түрге бөлінеді» екен. Олардың біріншісіне «дидарластық сөз (әңгімелесу, сұхбаттасу); екіншісіне полемикалық (дауласу) сөз; үшіншісіне көпшілікке арналған сөз (баяндама, лекция) жатады» [сонда: 31-б.] деп тізеді авторлар. Ары қарай бірінші және екінші «түрлерге» мысалдар келтіріліп түсіндірілген. Ал ауызекі стильдің «үшінші түрі» – «көпшілікке арналған сөз – баяндама мен лекцияны» талдап түсіндіру оқулықта жоқ. Өйткені, авторлар баяндама мен лекцияның ауызекі сөйлеу стиліндегі түріне мысал таба алмаса керек.

Авторлардың бұқараға бағышталатын баяндама мен дәрісті, сұхбатты ауыз-екі тіл стилінің бір түріне жатқызуын қалай бағалауға болады? Мұны оқушыны шатастыру үшін жасаған өрескел дигрессия үлгісі емес деп кім айта алады?

Оқулықтың көркем әдебиет стилі туралы сипаттаулары да ғылыми дәйексіз мағлұматтарға толы. «Оқиғаға іс-әрекет, сөз, мінез, келбет қатысады» екен, кейіпкердің өзі емес. «Оқиға болған күн мен жер жағдайын атау» – «оқиғаны образды түрде бейнелеуге» жатады екен. «Көркем әдебиет… автордың әсерін, сезім күйін суреттейді» екен, автор емес. Бұған қатысты тағы мынадай сұрақтар ұмтылып тұр: көркем әдебиеттің бәрінде оқиға бір күнде, қатаң ретпен ғана бола ма? «Күн мен жер жағдайын» атамасаң ол «образды» болмай шыға ма? Оқиға үйде, теңізде, аспандағы самолетте, ғарышта болса ше? Көркем шығарма өмірбаяндық болмаса да, міндетті түрде «автордың  әсерін, сезім күйін қоса» суреттей ме?

Оқулықтан «көркем әдебиет… табиғаттағы ұсқынсыздықты танып, одан жиренуді үйретеді» [сонда: 59-б.] деген тіркесті оқимыз. Ғылымилықтан аулақ, тым ағат пікір, теріс тәрбие. Табиғатта ұсқынсыз немесе жиіркенішті, артық немесе кем элемент жоқ. Ғылым табиғатта бәрі толық баланста және ғажап байланыста екенін баяғыда дәлелдеген. Егер оқулық авторлары ауарайының құбылыстарын – жауынды, желді, немесе көктемнің лайсаңын немесе сусыз шөлді немесе батпақты жерлерді, әлде жануарларды – сусиырды, жыланды, жердің құртын,.. «табиғаттың ұсқынсыздығы» деп танитын болса, онда бұл ғылымның төбесін жерден, аяғын көктен келтіру болып шығады. Жауын жаумай қойса, жер рельефі бір-ақ түрлі болса, жануар атаулы, соның ішінде құрт, құмырсқа, шыбын, шіркей болмаса қайтер едік?

Мәдени революция жылдарында Қытайда көрініс берген антифаунистердің қылықтарының арты мұңлы болғаны белгілі. Оқулық авторларының пайымдары оқушыларды табиғатты сүюге, аялауға, туған өлкенің игіліктерін бағалауды көздеген тәрбие бағыттарына қайшы. Түбі мұны дүниетаным қораштығынан туындап отыр деп бағалауға болады.

* * *

Қазақ тілі оқулықтары туралы сөз болғанда кемерден шығып кеткен деген категорияға сай келетін келесі өрескелдік мынау: оқулық авторлары бұған дейін материалдарын бір емес, екі оқулыққа қатар салып, көлем толтырып, гонорарға белшесінен батып келген және сол қылықтарын әлі жалғастырып келеді. Зерттеуші Қ.Шаяхметұлы оқулық сапасы туралы мақаласында 7-сыныптың қазақ тілі оқулығында (Исаев С., Қосымова Г., Атамұра, 2003) алдыңғы сыныптағы материалдардың қайталанып берілгенін көрсетіп берді. «Оқулықтың толық көлемі 206 бет. Соның 138 беті – 6-сыныптағыны қайталау» [5]. «Қайталау» оқулық көлемінің 67%-ын құрайды.

Қазақ тілі оқулықтарының кейбір авторлары контрафакцияның өрескел және шектен шыққан формасын қолдана отырып, құрастырған оқулықтарымен педагогикалық элитаның арасында тайраңдап жүр. Мұндайдың  үйреншікті құбылысқа айналып кеткені сондай, олар жүздеген беттен тұратын мәтінді бір оқулықтан екіншісіне көшіре салып, өзінің төл шығармасы ретінде ұсынып, қаламақыны қалтаға басып кете беруден тайсалмайтын болған.

Тағы бір мысал:

9-сыныпқа арналған Қазақ тілі (С. Аманжолов, Ә. Хасенов, И. Ұйықбаев. Қазақ тілі: 9-сыныпқа арналған оқулық. 22-бас., – А.: «Мектеп», 2001. – 142 бет.) оқулығы «Өткен материалдардың кейбір жерлерін қайталаумен» басталады. Авторлардың «кейбір жерлер» деп отырғаны 8-сыныпта (қараңыз.: Қазақ тілі: 8-сыныпқа арналған оқулық / С. Аманжолов, А. Аманжолов, Г. Қосымова. – Алматы: «Мектеп» баспасы, 2004)  өтіліп кеткен тұтас екі тараудан тұрады. Олар: «Құрмалас сөйлем» (3-57-беттер) және «Төл сөз. Төлеу сөз» (58-74-б.б.) тараулары. Қоса есептегенде барлығы 72 бет материал сол қалпында 9-сыныптың оқулығына барып түскен. Бұған қоса, курстың соңында тағы қайталау бар. Атауы «V-IX сыныптарда өтілгендерді жинақтап, жүйелеу». Оның көлемі 33 бет. Ал «Тіл ұстарту» және «Тіл туралы мәлімет» деп аталатын жаңалығының өзі күдікті «жаңа материалға» берілген көлем 40 бет қана. Сонда 147 беттен тұратын оқулықтың 105 беті алдыңғы сыныпта өтіліп кеткен материалдарды қайталайды. Бұл оқулықтың көлемінің 72 %-ын құрайды.

Бұдан мынадай сұрақтар өрбиді: Бұрын өтіліп кеткен матералды соншама үлкен көлемде қайталау практикасы қандай стандартқа, бағдарламаға немесе педагогикалық ұстанымға сүйеніп жасалған? Мұны компиляция дейміз бе (авторлар құрамының жетекшіден басқасы әр түрлі) немесе бір материалды түрлі сыныптарға арналған оқулықтарға енгізіп жіберіп, еселеп гонорар алуды көздегендердің қитұрқысы ма?

* * *

Оқулықтардың әдістемелік аппараты туралы бірер сөз. Қазақтілді мектептің 5-сыныбына арналған «Қазақ тілі» оқулығындағы (Қосымова Г., Дәулетбекова Ж., Атамұра, 2001) «теориялық ұғымдардың тәжірибелік дағды арқылы бекітіліп, игерілуін қамтамасыз ететін жаттығулар мен тапсырмалардың қораштығын» айта келіп, зерттеуші Қ. Шаяхметұлы: «мәтінді оқы», «мәтінді мәнерлеп оқы», «мәтінді оқы, түсінгеніңді айт», «мәтінді оқыңдар», «мәтінді көшір» деген тапсырмаларды қайталай беретінін көрсетіп берді [5].

Бұған қатысты алдымен көзге ілігер жай – нәрсе авторлардың әдістемелік аппарат туралы түсініктерінің қораштығы.

Кез келген он жолдан тұратын мәтінді негізге ала отырып, жаттығу жұмыстарының ондаған түрін жүргізуге болады. Мысалы, мәтіндегі оқушылар үшін жаңа сөздерді немесе кілттік ұғымдарды іріктеу, оларды қатыстырып, түрлі конструкциялар құру, сөйлемнің құрылымын өзгертіп көру, сөздерге қосымшалардың түрлерін жалғап көру, мәтінді мазмұндық талдау, мәтіндегі ойлардан туындайтын өмірлік ахуалдарды талқылау, мәтін келтірілген шығарма және оның авторы туралы сөз қозғау,..

Аталған авторлар осы тұрпаттас жұмыстардың алуан түрлерінің бірін де жоспарламаған. Мұның аты – интеллект кедейлігі, педагогикалық- кәсіпқойлық таяздық, әдістемелік сауатсыздық. Осы оқулықты қолданып, «мәтінді оқыңдар» деп қарап отыру «әдісімен» бала «оқытып», жалақы алып жүрген қазақ тілі пәні мұғалімнің санасында қандай саңлау болуы мүмкін?

* * *

Қазақ тілінің оқулықтарын жайлап алған өрескел келеңсіздіктерді мынадай тұрпаттарға бөліп қарастыруға болады:

а) ғылыми дәйексіз ақпараттардың оқулықтардан орын алуы (екінші сөзбен айтқанда, теріс оқыту: лингвистикалық терминдер мен категориялардың мағынасының теріс түсіндірілуі, олардың дефинициясының сыртқы сипаттамасына қарап шалағай құрылуы, бір ұғымды әр оқулықта әр түрлі, кереғар түсіндірулердің ұшырасуы;

ә) мәтіннің синтаксистік және морфологиялық тұрғыдан дұрыс құрылмауы: тұрлаулы және тұрлаусыз мүшелері толық емес, болса, өз функцияларын толық атқармайтын, аяқталған ойды білдіре алмайтын, ұзын сонар тіркестердің жиынтығынан тұратын сөйлемдер;

б) түсіндіру мәтіндері мен жаттығуларда тәрбиелік мәні жағынан теріс ақпараттар;

в) әдістемелік тұрғыдан жіберілген қателер: тіл корпусын құру ұстанымдарының ескерілмеуі; оқулықтарда келтірілген мысалдар мен жаттығулардың мәтіндерінің өмірлік практикадан алыс оқиғаларға құрылуы;

г) ақталмаған қайталаулардың шамадан тыс орын алуы.

Орта және жоғары оқу орындарында пайдаланылып жүрген қазақ тілінің  оқулықтарының сиқы осындай. Президент Н.Назарбаевтің «Қазақ тілінің оқулықтарының сапасы сын көтермейді. Олар адамдарды қазақ тілін үйретуге емес, қазақ тілінен қашуға итермелейді» [6: 299] деген бағасы қазіргі жоғары және орта оқу орындарындағы қазақ тілінің оқытылу күйін әділ сипаттайды, сонысымен өзекті.

Бұл ескерту оқулықтар мен оқу құралдарын дайындауға қатысы бар мекемелердің ұйымдастыру жұмыстарына, әсіресе авторлар ұжымын тағайындауға мұқиат қарауы қажеттігін алға тартады. Қазіргі таңда қазақ әдеби тілі жасалмағандықтан, оның компетнетті мамандары да жоқ.

Дегенмен, тығырықтан шығудың жолы да бар. Жақсылыққа орай, ары таза, еңбексүйгіш, жауапкершілігі мол, бастысы, істің жайын білетін адамдар да бар. Дүниежүзілік лингвистика ғылымының заманауи теорияларына сүйене отырып, индустриялы қоғамның әдеби тілі талаптарына сай оқулық жазу міндетін солар орындап шығар еді. Қазіргі қазақ тілі оқулықтарының жайы осындай келіске баруға мжбүрлейді.