Кіріспе
Ұлы өзеннен өткелмен өткен қолайлы.
Конфуций
XXI ғасырдың басындағы қазақ тiлi дегенде бiздiң ойымызға оның қазiргi мезеттегі қарама-қарсы екi күйi оралады.
Бiрiншiден, қазақ тiлi – көркемдiгi және көлемi жағынан дүние жүзiнде теңдесi жоқ, өзге ешбiр халық жасай алмаған, аса бай эпикалық-фольклорлық шығармалар жасалған тiл. Қазақ тiлi – Едiлада мен Шыңғыс хан құрған, аузымен құс тiстеген, бүкiл дүние жүзiн тiтiреткен империялардың мемлекеттiк тiлi болған көне түркi және қыпшақ тiлдерiнiң мұрагерi. Қазақ тiлi – әйгiлi ғұламалар А. Иасауидiң, М. Қашғаридiң, Ж. Баласағұнидiң, Абайдың, М. Әуезовтың, М. Жұмабаевтың Ә. Нұрпейісовтың өлмес шығармаларын дүниеге әкелген тiл. Қазақ тiлi – тәуелсiз Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi.
Екiншiден, XXI ғасырдағы қазақ тiлi заңды түрде мемлекеттiк мәртебеге ие бола тұра, iс жүзiнде мемлекеттiк iстер жүргiзiлмейтiн тіл болып қалды. Кеңес Одағының үстемдігі тұсында ол экономикалық айналыста, өндiрiстi басқаруда, технологияда, әскери қызметте қолданылмайтын, ғылымда, саясатта, бiлiм беруде iшiнара қолданылатын еді. Қазіргі таңда ол ережелерi толық бiрiздiлiкке түсiрiлмеген, стильдерi дұрыс ажыратылмаған, орнықтылығы сақталмайтын, сонысымен түсiнiксiз, өзгелерге үйренуге қиын, сондықтан автохтонды емес ұлттар өкiлдерi мүлдем, ал мемлекеттiң атауын алып отырған ұлттың өзiнiң белгiлi бiр бөлiгi бiлмейтiн тiл жағдайында қалып отыр.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігін алып, халықаралық қатынастар субъектісі ретінде тіл саясатын қалауынша жүргізе бастауы қазақ тiлiнiң көсегесiн көгертуге тиiс едi. Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарында мемлекеттiк тiлге бет бұрған бұқара оны үйренуге ынта бiлдiрдi, қазақ тiлiнде сабақ оқытылатын мектептер мен жоғары оқу орындарындағы оқушылар мен студенттер контингентi күрт артты. Қазақ тiлiнде шығатын мерзімді баспасөз құралдары көбейіп, таралымы артты, кiтап бастыруда бұрын болып көрмеген оңды бетбұрыстар жасалды.
Республика Парламенті қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне лайықты орнын алудың заңды негізін жасап берді. Қазақстан Үкіметі де тілді дамытуға қажетті қаражат бөліп отырды. Орта және жоғары оқу орындарында тілді оқытуға бөлінетін уақыт көлемі арттырылды. Қазақстан Республикасының министрліктері мен ведостволары өмірлік қызметтің барлық аяларын түгел қамти отырып, тұрғындарды мемлекеттік тілге үйрету шараларын жасады. Солардың ішінде жергілікті емес ұлттардың өкілдері де мемлекеттік тілде оқып, еңбек етуге бойсынғанын білдірген болатын.
Алайда, бұл iлгерiлеушiлiктердiң өмiрi ұзақ болмады, қазақ тiлi одан ары қарқынды дамиды деген көпшіліктің үмiті ақталмады. Бұқараның қазақ тiлiн үйренуге, қолдануға құлшынысы тез басылып қалды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қазақ тiлiнде сабақ оқытылатын мектепке ағылу тоқсаныншы жылдардың екiншi жартысында және одан кейінгі кезеңде бәсеңсіп қалды. Қазақ тiлiнде жасалып жатқан мәдениеттiң жастар арасында беделi бұрынғыдан төмендеп кетті. Мемлекеттiк мәртебесi бар тiлдi үйрену де, үйрету де шешуі қиын түйінге айналды. Өзгенi қойып, ұлты қазақ азаматтардың өздерiне тiл үйрету қиындап кетті. Қазақ тiлiнiң экономикалық айналыста, мемлекеттi басқаруда қолданылуы қоғамдық өмiр аяларының көбiнде үстірт жүргізілді. Қазақ тілі орыс тілінде даярланған құжаттардың формалы аудармасы ретінде ғана қызмет ете алатын күйге түсті. Оның келешегiне күмән тудырушылар көбейді. Баспасөзде қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне сай өз міндетін толыққанды атқаруын қамтамасыздандыруды талап еткен материалдар көптеп жарияланатын болды. Алайда, олардың арасында жалаң ұрандар мен дауырықпа ұсыныстар көп болғанымен, мемлекеттiк мәртебесi бар қазақ тiлiнiң терең тоқырауға ұшырауының түпкілікті себебін, алдағы уақыттарда оны қалай дамыту жолдарын ешкiм көрсетiп бере алмады.
Қазақ тілінің терең дағдарысымен өмірлік практикада қоянқолтық ұшырасып отырған адамның ойына Қазақстандағы тіл ғылымы қай деңгейде, лингвист ғалымдар осы уақытқа дейін не тындырған, олардың тілдің жекелеген мәселелеріне қатысты ұстанған тұрғылары қандай, қазақ тілінің өз міндетін толыққанды атқарып кетуі үшін қандай ғылыми-әдістемелік қамтамасыздық қажет деген сұрақтарға тірелуінің қисыны бар.
Әрине, тілтанушы ғалымдар да қол қусырып қарап отырмады. Біраз шаруаның басын шалды. Конференциялар ұйымдастырып, өздерінше теориялық және практикалық маңызды деген мәселелерді ортаға салды. Диссертациялар қорғады, монографиялар бастырды, сөздіктер құрастырды, оқулықтар жазды. Арнайы газеттер мен журналдар шығарып, оларда тілдің өзекті деп таныған мәселелері туралы ойларын жариялады.
* * *
Дегенмен, қазіргі Қазақстан лингвистика ғылымы мемлекеттік тілдің индустриялы қоғамда орнығу және қызмет ету аспектілерін қамтып қарап, тілдің күйіне ғылыми дәйекті баға бере алды деп айтуға болмайтын еді. Көптеген өзекті мәселелер, жеріне жете зерттелмегені, өзіндік лайықты ғылыми квалификациясын алмағаны, олардың ішінде тіл тағдырына тура қатысы бар көптеген мәселелердің лингвистика ғылымының назарынан тыс қалғаны белгілі болды.
Қазақ тілін зерттеуші ғалымдар, бұрынғыша, қазақ тілінің лексикалық ресурсы өте бай, сөзді шетінен іріктеп алып, ұғымдар мен терминдерді жасай беруге толық мүмкіндігі бар деген нықтауынан таймады. Бірақ, лингвистер ол жұмысты өздері емес, шаруашылықтың әр салалық мамандары атқаруға тиіс дегенді де алға тартты. Ғалымдар тіл мәселелерінің бәрі жеткілікті қаражат бөліп, жоғарыдан табанды талап қоя білгенде толық шешіледі деп түсінді. Бұл жолда олар биліктен саяси, әкімшілік, экономикалық және еріктік әдістерді қолдануды талап етті. Жоғары мінбелерден мемлекеттік тілді сыйлауға шақырған үндеулер жиіледі. Қазақ тілінде іс жүргізуге ауысу жоспарлары жасалды және олардың нақты жүзеге асырылу мерзімдері бекітілді. Алайда ол мерзімдер үнемі өгеріске ұшырап, кейін шегеріліп отырды. Тіл білмейтін жеке адамдарға қатысты мәжбүрлеу шараларын жүргізу, оларды депутаттыққа сайламау, үкіметтің және жергілікті билік органдарының құрамына енгізбеу керектігі үнемі бастырмалата қойылып отырды. Алайда олардың ешқайсысынан нәтиже шықпады. Шығуы да мүмкін емес еді.
* * *
Осы мезетте қазақ тілінің күйбең тіршілігінің шырқын бұзушы пайда болды. Бәрі Қанағат Жүкешевтің «Деловая неделя» газетінде жарияланған мақалаларынан басталды (қараңыз: «Далбаса государственного значения» 24.04.2007 г.; «Отрицание ради отрицания или контрадикции человека с кнопкой на спине» 10.08.2007 г.). Өзінің көлемді мақалаларында автор қазақ тілінің рецессиясына лингвист ғалымдардікінен басқаша диагноз қойды және тіл проблемаларын ғылыми тәсілдермен шешуді ұсынды.
Оның қазақ лингвистеріне «еретиктік» болып көрінген идеяларының кейбіреулері мынадай еді.
Қ. Жүкешевтің түсіндіруінше, қазақ тілінің бар қырсығы оның қазіргі замандық қоғамдардың әдеби тілдеріне қойылатын талаптарға сай болмай отыруында. Тіл лексикасы жеткілікті өңделмеген, ережелерінің арасында қайшылықтылары бар, лексикалық бірліктерде формалық және мағыналық орнықтылық жоқ, стильдері талап дейгейінде ажыратылмаған. Былайша айтқанда, тіл индустриялы қоғам өмірінің барлық аяларында әмбебап қолдануға дайын емес. Бұған қоса, Қ. Жүкешев, ең бастысы, қазақ лингвистерінің тілдің әдебилігі туралы нақты орныққан тұжырымдары жоқ дегенді айтты. Бізде әдеби тіл деген ұғымның бірмәнді дефинициясы жоқ. Тіл стихиялы ағысқа жіберілген, сонысымен толық аномалияға ұшырап отыр.
Соның салдарынан, қоғамдық практика көрсетіп отырғанындай, қазақтардың өздері қарапайым ақпаратты дұрыс жеткізе алмайды. Қаншама күш, қаражат, уақыт жіберіп отырып, қазақтар өздерінің баларын тілге үйрете алмай отыр. Одан ары Қ. Жүкешев «салауатты тілдік орта жасалмай, тілді аномалиялық күйге түсіріп қойып, отандасыңды тіл білмейді деп кіналауға болмайды,- деген уәжін айтты.
Аталған мақалаларындағыдай радикал идеяларын Қ. Жүкешев бұдан кейінгі жарияланымдарында жалғастырды. Тілдің ауқымды рецессияға ұшырауының негізгі себебі оның мемлекеттік мәртебесіне сай бола алмауында. Былайша айтқанда, қазақ тілі аграрлы қоғамның тілі ретінде қалып отыр, ал индустриялы басқышта тұрған Қазақстан қоғамына стандартталған тіл керек.
Кенттенудің дүние жүзінің барлық халықтарына тән, ғаламдық үдеріс екенін қазақтар дер кезінде түсіне алмады. Халықтың тағдырын ауыл шеңберінде шешу идеясының өзі ол бастан ақ өркениеттің дамуының барлық қағидаларына қайшы келетін, далбаса болатын.
Лингвистика ғылымы тұрғысынан, қазақ тілінде жасалып жатқан көркем мәдениеттің сапасына ойдағыдай көңіл бөлінбеді. Тілдің дағдарысы мәдениеттің құлдырауына ұласты. Көркем өнер бәсекеге қабілеттілігінен айырылып қалды. Аграрлы уклад тілінде сөйлейтін мәдениет қайраткерлері өздерінің әлеуметтік тегіне лайықты, тек ауыл тұрғындарының – шопан мен таркторшының талғамына сай келетін, аграрлық (шаруаға арналған) субкультураны тудырды. Оған қала тұрғындары тарапынан сұраныс болмады, болуы мүмкін де емес еді. Қазақстанда білім берудің сапасын қамтамасыз ете алатын, ақпараттық кеңістікті қазақ тіліндегі мазмұнды материалдармен толтыра алатын интеллектілі күш іріктеліп, мақсатты бағдарға жұмсалмады.
Қазақ тілінің контенті заманауи адамның рухани талабына сай бола алмады. Осыған байланысты оны үйренуге деген мотивация болмады. Қазақ тілін зерттеуші ғалымдар тіл контентінің сапасын арттыру мәселесімен бас қатырмады. Оның орнына тілді айналысқа әкімшілік күштеу шараларымен енгізуді үнемі алға тартып отырды.
Адамдардың тілді үйренуге құлшынысын тудырушы факторлар ғылыми мәселе ретінде зерттелмеді. Оның үдерістік және пәрмендік аспектілері ашылмады. Сондықтан қоғамдық санада тілді білгізу үшін оған қатысы бар заңды негізді жасау керек, сонан кейін еріктік әдістермен жүзеге асыру керек деген теріс ұғым қалыптасты.
Мұндайды Қ. Жүкешев далбаса деп атады. Қазақ сөзі далбаса ешқандай нәтиже бермейтін, мәнсіз, бос әрекет дегенді білдіреді. Далбасаның сипаты оның бос әурешілік екені қарапайым қисынмен ойлай алатын адам үшін алдын ала белгілі болып тұратынында. Далбаса көбейген сайын қазақ тілінің қоғам алдындағы беделі төмендей берді.
Қ. Жүкешевтің «далбасасы» қазақ лингвистері мен жазушыларының назарына ілікпей қала алмады. Олар дүрк көтеріліп, тізе қоса отырып, «қазақ тілінің жауына» қарсы соққы беруге шықты. Анафема орашолақ, дөрекі, бірақ ауқымды болды. Бөгде пікірге ғылыми талқылау және талдау арқылы баға беру керектігін ешкім ескермеді. Жазалаушылар салауатты тіркес іздеп жатпады, әрекеттеріне де ерік берді. Бәрі іске қосылды, бұқаралық ақпаратта тілдеуден бастап, «мемлекеттің тәуелсіздігіне қарсы шығушыны» парламенттің шешімімен саяси жазалауды сұрауға дейін барды (айта кету керек, Парламент тентек зерттеушінің тәртібін қарау мәселесін күн тәртіне енгізбеді).
* * *
Бұл зерттеулерде индустриялы басқышқа көтерілген азаматтық қоғамда қызмет етуге тиісті қазақ тілінің тағдырына тура қатысы бар мәселелердің үлкен тобы қарастырылады. Олар зерттелу деңгейіне қарай үш шоғырға жіктелген. Олай реттеу тіл кеңістігіндегі түйткілдердің мейлінше толық сұлбасын көз алдыға келтіру мүмкіндігін әпереді.
1-шоғырды құрайтын мәселелерге лингвистика ғылымында қарастырылған, тіл қолдану практикасына енгізілген теориялық қағидалар мен ережелер жатады. Олар тұтас алғанда, қазақ тілінің синтаксисі мен морфологиясын, сөз таптарын, сөз құрау жолдарын, сөйлемді және оның тұрлаулы, тұрлаусыз мүшелерін, түбір сөз бен оған жалғанатын қосымшаларды қамтиды. Пунктуация, орфография, орфоэпия категориялары бойынша анықталған, тіл қолдану практикасына енгізілген ережелер бар. Әрине, бұл бағыттардағы ережелердің ішінде кезінде қажетті болып көрінгенімен, тіл практикасында қолдануға икемсіздері, дау туғызып жүргендері, бұдан былайғы кезеңде үнемі жетілдіріп отыруды қажет ететіндері де аз емес.
2-шоғырды құрайтын мәселелер – қазақ лингвистикасында бар, кезінде талқыланған, диссертациялар мен монографияларға тақырып болған мәселелер. Бірақ жеріне жеткізе зерттелмеген. Мәнін толық түсінбегендіктен, тілтанушылар оларға қатысты дәйекті ғылыми қорытынды шығара алмаған. Сондықтан оқулықтарда қате түсіндіріліп келе жатыр. Аталған топқа енетін мәселелер заманауи лингвистика ғылымы тұрғысынан қайта қарауды, ғалымдар тарапынан әлі ойланып, пайымдап көріп, сонан кейін шешім қабылдауларын талап етеді. Олардың ішінде қазақ тілінің келешегіне тікелей қатысы бар, аса өзектісі – әдеби тіл категориясы.
Бұл еңбекте «Деловая неделя» газетінде шу тудырған мақалалардан басталған әдеби тіл, оның критерийлері мен оған қойылатын талаптар тақырыбы екжейлі қарастырылады. Қазіргі қазақ лингвистері Р. Сыздықтың, М. Балақаевтің, С. Исаевтің, Т. Қордабаевтің еңбектерін, «Қазақ әдеби тілінің сөздігін» [Он бес томдық.- А.: 2011], «Қазақша-орысша сөздікті» [А.: 2008], «Жалпы білім берудегі қазақ тілінің жиілік сөздігін» [А.: 2016] және басқа қайнарларды шұқия зерттей отырып, Қ. Жүкешев қазақ әдеби тілінің теориясы жасалмаған, оның дефинициясы пішінделмеген, әдеби тіл корпусы осы уақытқа дейін анықталмаған деген қорытынды жасайды. Ары қарай орыс лингвистері О. Ахманованың, В. В. Виноградовтың, Р. А. Будаговтың, А. И. Горшковтың, А. Н. Гвоздевтің, А. И. Ефимовтың, Б. Д. Бондалетовтың, Ф. П. Филиннің идеяларына арқа сүйей отырып, зерттеуші әдеби тіл туралы өз тұжырымдасасын ұсынады. Онда әдеби тілге сипаттама береді, оның критерийлерін және оған қойылатын талаптарды нақтылайды. Мұны зерттеушінің осы еңбегіндегі ең тұшымды элемент деп бағалауға болады (айта кету керек, «Әдеи тілдің моделін» автор осы кітап басылып шыққаннан кейін жеке жарияламақ).
Әдеби ілдің орталық ұғымы тілдің стандартталуы болып табылады. Тілдің стандартталуы әдеби тілді дамыту үдерісіндегі ең маңызды буын. Өйткені, «әдеби тіл – нормаланған тіл» [22]. Тілдің нормалануы сол тілдегі сөздерді, терминдерді, ұғымдарды, фрезеологиялық тіркестерді стандарттаудан басталады. Стандарттау – тілдік белгілердің айтылуының және мазмұнының орнықтылығын қамтамасыз ету деген сөз. Тілдегі заттардың атаулары, сөздер, терминдер, ұғымдар, фрезеологиялық тіркестер тіл қолдану практикасында пішіндік және мазмұндық жағынан орнықты қолданылмаса, ондай тілде индустриялы қоғамда мемлекеттік іс жүргізілмейді.
Жоғарыда айтылғандардан басқа, тілді стандарттау шеңберінде бұл бағытта мына шаралар қарастырылады:
– бейнелілік және орнықтылық категорияларының индустриялы қоғамның әдеби тіліндегі орнын анықтау;
– денотативтік-сигнификативтік ұстаным және оның терминдерді тағайындау және аудару үдерісіндегі рөлі;
– стандартталған тілдегі синонимдердің орны;
– тілдің стандарттау үдерісіндегі күрделі редупликациялық құрылымдар;
– стандартталған тіл алабындағы мақалдар мен мәтелдер;
– тілдің стандартталуының семантикалық жүйе бірлігін қамтамасыз етудегі рөлі. Семантикалық синхизистің алдын алу;
– тілдің стандартталуы және мүдделі субъектідердің тілді меңгеруі.
Стандартталу шеңберіне енетін, жоғарыда аталған мәселелер алғаш рет және тек осы еңбекте көтеріліп отыр. Қоғам дамудың аграрлы басқышынан индустриялы басқышына иек артқан, өтпелі кезеңде олар ерекше өзектілігімен, тілге қойылатын арнайы талаптарымен көрініс береді. Өйткені, индустриялы даму басқышында тұрған азаматтық қоғам тілге аграрлы қоғам кезіндегіден өзгеше талаптар қояды.
Бұған дейінгі зерттеулерге қарағанда осы еңбекте мүлдем басқаша қырынан көрінетін, өзгеше классификацияланатын мәселелер де көп. Олардың кейбіреулері мыналар:
– тілдің ресми және бейресми стильдерінің ажыратылуы. Қазақ лингвистикасында стиль және стилистика категориялары жете зерттелмегендіктен, оқулықтарда қате түсіндіріліп келеді. Бұған дейін мемлекеттік тілде іс жүргізу және ғылым тілі стилдерінің сипаты ашылмады, үлгілері жасалмады. Олардың үлгілерін жасау соңғы жылдары ғана, эксперимент дейгейінде қолға алынып отыр;
– тіл білуді қоғам мүшелерінің бәріне міндеттеу. Тілтанушылар бұл мәселені ұзақ және қызу талқылады, бірақ оның құқықтық жақтарын сауатты шеше алмады. Тілді меңгерту алдымен оның заңды негізін жасап, сонан кейін, биліктің күшімен, әкімшілік шаралармен жүзеге асырылатын іс деген қате түсінік орнықты. Тіл үйренуге құлшынысты тек заң талабын қатайтып қойып, репрессиялық әдістермен шешу мүмкін емес еді. Тұрғындардың тілді үйренуге зауқын тіл контентінің сапасының жоғары деңгейімен ғана қамтамасыз етуге болатыны ескерілмеді.
Ғалымдардың тіл түйткілдерінің осы жағын жете тұшына алмауы және тіл субъектілеріне қате түсіндіруі, тілдің ғылыми әдістермен даму жолын кесіп тастады. Қ. Жүкешевте бұл бағыт та түбегейлі зерттелген және саяси-құқықтық платформадан түсіндірілген, оларды іс жүзінде қолдану жолдары ұсынылған.
3-шоғырға осы уақытқа дейін Қазақстандық лингвистика ғылымында зерттелмеген, тілші ғалымдардың қаперіне ілінбеген, олардың когнитивтік картасында белгіленбеген, «ақтаңдақтар» кіреді. Тиісінше, олар бірнеше ірі теориялық және әдіснамалық сипаттағы мәселелерді қамтиды. Олардың кейбір маңыздылары мыналар:
Тілдің репрезентативтілігі. Бұл – тілдің мәртебесіне сай қызметін атқару мүмкіндігін айқындайтын ұғым. Тілдің репрезентативтік қуаты – оның өмір сүру формасы, квалифитативтік өлшем. Тілдің репрезентативтік қабілеті жеткілікті болса, ол мәртебелік міндетін атқара алады, жеткілікті болмаса – атқара алмайды. Тілдің репрезентативтік қабілеті әдеби тілдің мақсаты және оның нәтижесі ретінде алдыңғы қатарға шығады.
Бұл зерттеулерде тілдің репрезентативтік қабілеті екі аспектіде қарастырылады. Біріншісінде – тілдің репрезентативтік мүмкіндігі оның онтологиясы тұрғысынан зерделенеді. Бұған әдеби тіл корпусын ажырату (әдеби және әдебиліктен тыс лексика), эквивалентсіз вакуум (бұл жерде және бұдан кейін де, эквивалентсіз вакуум кең мағынада – қазақ тіліндегі аудармасы жоқ сөздердің бәріне қатысты қолданылады: автор), сөз қолдану үдерісінде әдеби нормаларды орнықтыру, семантикалық жүйе бірізділігін қалпына келтіру, тілді аномалиялы қолданыстан құтқару мәселелері жатады.
Екінші аспектіде репрезентативтілік категориясы тіл философиясы тұрғысынан зерделенеді. Бұл астарда тіл контенті, оның мазмұны, сапасы, сұраныс тудыру қабілеті сарапталады. Тіл философиясы – Қазақстан лингвистикасындағы жаңа, сонымен қоса, ең өзекті және перспективалы ғылыми бағыт болып табылады. Автор зерттеулерінде бағыттың әдіснамалық негізін қалаған және оның пән алабымен, проблематикасымен, лингво-философиялық зерттеу әдістерімен таныстырады және аталған құбылыстардың арасындағы тұрақты өзара ықпалдастықты көрсетіп береді.
Ареалдық лингвистика шеңберінде тіл контентінің сапасы мен мазмұнына оны құрушылардың өмір сүру ареалы мен шаруашық укладтың ықпалы, тілдің қызметін зерделеу, дескриптивтілік құбылыс, тағы басқалар талданады. Қазіргі қазақ тілінде сөз қолданудың бір-ақ – ауылдық лингвемадағы формасы үстемдік етуде. Оның тілдің репрезентативтік мүмкінгіне кері әсері бар. Қазақ тілінің қолданылуының кеңістік-уақыт, тарихи, әлеуметтік аспектілері, аграрлы қоғам адамы мен индустриялы қоғам адамының лингвемаларының арасындағы ұстанымды айырма және олардың тілді үйрену-үйрету үдерісінегі шешуші рөлі ашылады. Ареалдық сараптама көркем өнердің, білім берудің және бұқаралық ақпараттың сапалық сипаттамаларын айқындаушы фактор ретінде зерттелуі керек.
Соңғы жарты ғасырды қазақ әдебиеті индустрия тақырыбын меңгеру ұранымен өткізді. Қазақ жазушыларының алдына өндіріс тақырыбына шығармалар жазу міндеті үнемі қайталанып қойылумен болды. Солай болса да, ауылдан шыққан қазақ жазушылары өздерінің шағын отанынан ұзап кете алмады, отбасы мүшелерін бас қаһарман етіп алып, малшы өмірі, ауыл тұрмысы тақырыбын қозағаудан арыға бара алмады. Көркем әдебиет тығырыққа тірелді. Мұның себебі не?
Ареалды және психологиялық лингвистика қағидаларына сүйене отырып, Қ. Жүкешев осы сұрақтың бұлжымайтын жауабын береді. Аграрлы қоғам адамының лексиконы (социолекті) мен сөз қолдану ерекшелігі (лингвемасы) ауыл өмірін, малшылықпен байланысты оқиғаларды белгілі деңдейде сипаттай алғанымен, индустриялы қоғамда болып жатқан құбылыстар мен оқиғаларды сипаттауға мүмкіндік бере алмайды.
Психолингвистика шеңберінде адамның дат айтуы мен тіл жүйесі арасындағы ықпалдастық, тіл-ой-әрекет детерминациясы; тіл мен сөйлеу жүйесінің психикалық әсері қарастырылады.
Адам өзінің сөздік қорында жоқты жүзеге асыра алмайды деген психолингвистиканың кең орныққан қағидасына сүйене отырып, Қ. М. Жүкешев қазақ жазушыларының менталдық лексиконы олардың өздеріне аграрлы қоғамнан жырақтағы туралы ойлау мен ауылдан тысқары жатқан шынайылықты бейнелеуге мүкіндік бермеген деген кескін қорытындыға келеді. Ұлттық көркем өнердің аграрлық мазмұны қазақ жазушыларының менталдық лексиконымен, лингвемасының аграрлық сипатымен және соған сәйкес келетін ойлау тұрпатымен шарттандырылып тасталған. Ол мазмұн жазушының когнитивтік кеңістігінің айнадағыдай шағылуын көрсетіп береді. Санаға менталдық деңгейде сіңіп алған ауыл идеясынан арылуға жазушылардың интеллектілік қуаты мен ерік күші жетпейді.
Ал өзге әрекет кеңістігінде – индустриялы қоғамда болып жатқан оқиғаларды, үдерістерді, құбылыстарды сипаттап жазу үшін жазушыда ол өмірдің қырларын аша алатын лексикалық корпус және оны индустриялы қоғам адамының лингвемасы (урбанолект) деңгейінде қолдана білу керек.
Зерттеушінің топшылауынша, ауыл социолекті негізінде жасалған шығармалар рентабедльді бола алмайды, қала оқырманының талабын қанағаттандыру деңгейіне көтеріле алмайды. Бұл – әдебиетшілерге шығарылған үкім емес, әлеуметтік-экстралингвистикалық зерттеулерден туындаған қорытынды. Осы қорытындыға сүйене отырып, Қ. Жүкешев сұрақты төтесінен қояды: қазақ тілі индустриялы қоғамның тіліне айналмаса, ол тілде қоғам мүшелері жаппай пайдаланатын контент құру мүмкін емес.
Кейбір жекелеген тілік құбылыстарға қатысты мыналарды ескере кету керек.
Индустриялы қоғамның талабын қанағаттандыратын лексиканы жасау орасан мол эквивалентсіз қуыстың орнын толтырудан басталады. Бұларды қазақ тілінің лексикалық ресурсынан іздеп табу керек. Индустриялы қоғамда іс жүргізуге қажетті ондаған мың түбір сөздерді, жүздеген мың туынды сөздерді, фразеологиялық құрылымдарды іріктеп, олардың мағыналық жүктемесін айқындап, айналысқа қосу керек.
Тілдің семантикалық жүйе бірізділігін қамтамасыз ету, семантикалық синхизистің алдын алу. Бұл жерде сөз жіберілген және қабылданған ақпараттардың түсінілуіндегі сәйкестілік (адекваттылық) жөнінде болып отыр. Қазақ тілін іс жүзінде қолданудың барлық деңгейлерінде бейнелі сөйлеуге тырысу әдетінен, сөздердің узустық мағынасы шетте қалып, ұғымдардың ауысып кету құбылыстары ұшырасып отыратыны белгілі. Семантикалық синхизистің алдын алу үшін денотативтік-сигнификативтік ұстанымның жеріне жете зерттелуі және оның аударма ісінде қолданылуы реттелуі керек.
Когнитивтік лингвистика аясында тілдің санамен және ұдайы ойлаумен байланысы қарастырылады. Бұл бағыттың жеке элементтері мыналар: ойлау үдерісін жетілдіру арқылы тілдің танымдық қызметін қамтамасыз ету; адамның танымдық қызметін белсенділендіру арқылы дүниені игеру үдерісіндегі тілдің рөлін анықтау; тілді когнитивтік құрал ретінде іске қоса отырып, ақпарат құру; жалпы түсініктік категорияларды көрсете алатын, тереңде жатқан семантика; жалпыұғымдық категорияларды сараптау, таным арқылы адамның дүниені меңгеру үдерісіндегі тілдің рөлі.
Сыртқы лингвистика (экстралингвистика) шеңберінде тілдің сыртқы өмірмен байланысы жүзеге асырылады. Бұл бағыт мыналарды қамтиды:
– тілдің даму жағдайларына және атқаратын қызметіне қатысы бар, әлеуметтік, этномәдени, географиялық, демографиялық, қоғамдық-тарихи факторлар;
– қазақ тілі контенті және оның сапасы мен тұтынушыға рухани құндылық ретінде қажеттілігі;
– тілді үйренуге мүдделілік жағдай жасалуы;
– қазақ тілінде жасалып жатқан көркем әдебиеттің, беріліп жатқан білімнің, таралып жатқан ақпараттың мазмұны, идеялық бағдарлылығы, ғылыми дәйектілігі;
– тіл үйренуге мүдделіліктің заңды өзгертіп қоюмен немесе биліктің пәрменімен немесе күштеумен емес, тіл контентінің сапасының жоғарылығымен жүзеге асырылатыны;
– тілді айналысқа енгізудің саяси-әкімшілік әдістерінің нәтижесіздігі.
Қолданбалы лингвистика шеңберінде ғылымның түрлі салаларындағы, адамның практикалық қайраткерлігі шеңберіндегі тілдің жағдайы мен қызметі, өндірістің және ғылымның түрлі салаларында қолданылуын қадағалау ондағы адамдардың қызметіндегі тілдің күйі зерттеледі.
Тіл субъектілері. Бұл бағытта тіл қолданушылар мен оны үйренушілердің интеллект және мәдени деңгейлері, мемлекеттік тілге қатысты тұрғылары, орыстілді және қазақтілді субъектілердің өзарақатынасы, мотивациясы зерттеледі.
Тіл мәдениеті. Тіл субъектілерінің тілді үйренуге ынтықтығын тудыратын мәнерлі, сұлу сөзбен эстетикалық қауышуы. Тіл талғамына сай сөз оны тыңдаушыларды өзіне тартатын қызметін бұл тілде мәдениет және этикалы тілдік қызмет. Қазақ тілін қолданушылардың сөз мәдениеті бұл еңбекте тіл үйренуге ынта тудырушы факторлардың бірі ретінде қарастырлады.
Корпустық лингвистика – бұған дейін тілтанушылардың назарынан тыс қалып келген, лингвистикадағы аса маңызды әдіснамалық бағыт. Бұл әдіснама тіл үйрету-үйрену үдерісінде шешуші рөл атқарады. Осы бағыттың ескерілмеуінің салдарынан, қазақ тілін меңгеру қияметтің ісіне айналды. Бұл зерттеулерде корпустық лингвистиканың негізгі қағидаларына арқа сүйей отырып, автор тілді үйрену мен өзгеге үйретудің ұтымды әдістемесін ұсынады.
Қазақ тілі кеңістігінде сөздер мен тіркестерді адамның өмірлік қызметінде қолданылу жиілігіне қарай іріктеп алып сөздіктер (частотные словари) құрау практикасы кенжелеп қалуда. Соның салдарынан, оқулықтардағы түсіндірме мәтіндерде, келтірілген мысалдар мен жаттығуларда қала адамының лингвемасында жиі ұшырасатын сөздер мен тіркестер (актив лексика) лексикалық минимумға енбей, оның орнына аграрлық тұрмыс аясында ғана қолданылатын, ауыл адамының лингвемасындағы пассив сөздер мен тіркестерден тұратын лексиканың басымдығының қазақ тілін үйренуді қиындатып отыр. Бұл әдістеме бойынша тіл үйрету үдерісінде тіл корпусы минимумы өмірлік практикада көп қолданылатын сөздерден (актив лексикадан) аз қолданылатын сөздерге (пассив лексикаға) қарай іріктеліп құрылуы керек). БАҚ-да, оқулықтарда бұл әдістемені ескермеу адамға ана тілінен кейін екінші тілді үйрету үдерісін тежеуге ұрындыруда. Бұл еңбекте қазақ тілін меңгеру мәселелері корпустық лингвистика тұрғысынан қарастырылған, нәтижелері көңілге қонымды және ғылыми дәйектілігімен байыбын тапқан.
* * *
Қ. Жүкешевтің тұжырымдарының мазмұны мен алға тартқан ойларын зиялы қауымның қабылдауы ауыр болды, игеруі де ұзаққа созылды. Зерттеуші өзінің шулы мақалаларын жариялаған кезде оның басына соққы бірден және жанжақтан жауып кеткен болатын. Ал ол болса, оппоненттерінің шабуылдарына қарамастан, радикал идеяларын алға тартуды жалғастыра берді. Соңғы жылдары ол қазақтілді баспасөзде трансценденталды материалдарын көп жариялады. Бірақ, көптен күтілмегендей, қарсы шығушылардың екпіні таңданарлықтай тез басылып қалды. Бұл зиялы қауымның аталған бағыттарды қорыта бастағанының белгісі болса керек. Ал орыстілді баспасөзде жарияланған материалдарға да резонанс күшті болды және, айта кету керек, пікір білдірушілер Қ. Жүкешевтің радикал ойларын дерліктей құптайтындарын білдірді.
Қазқтілді заиялы қауым тыжырына қабылдайтын, бөгде ойлар мен идеялар бұл жазбаларда да жетіп артылады. Тілдің осы бағдарлы мәселелері қызықтыратындар үшін олардың ішінде кейбіреулерін атап өтуге болады.
Қ. Жүкешевтің зерттеулері – алдыңғы қатарлы Батыс қоғамдарының ғалымдарының теориялық тұжырымдарына сүйене отырып, қазақ тілінің материалыдары арқылы, Қазақстандағы лингвистика ғылымын түпкілікті нәтижелер беретін бағыттарға бұруды көздейді. Салыстырмалы анализ оған тілдердің жалпы-тарихи даму заңдылықтарын ашу үшін керек болды. Қазақ тілінің қазіргі күйі мен келешегін айқындауға болатын, анағұрлым релевантты лингвистикалық концептілерді ол, негізін Батыс лингвистерінен тауып отыр. Олардың тарихи уақыт шеңберінде сыннан өткен, тіл қолдану практикасында ақталған, тілтану теориясының әмбебап заңдарын айналып өту мүмкін емес.
Қ. Жүкешев бұл еңбегінде ХХ ғасырдағы америкалық әлеуметтанушылар Д. Беллдің, З. Бжезинскийдің, Дж. Гэлбрейттің, Э. Тоффлердің, С. Хантингтонның қатысуымен жасалған қоғам дамуының сатылық тұжырымдамасына, өркениеттердің омырылуы теориясына сүйене отырып, Қазақстан қоғамының қазіргі аяқалысына, қоғам мен тіл арасындағы корреляция құбылысына объективті сипаттама берген, болып жатқан рухани дағдарыстардың сырларына терең үңіле білген. Зерттеулерінде қоғамның шаруашылық укладының тілдің күйіне ықпалы ету заңдылықтары ашылған.
Дүниежүзілік өркениеттің омырылуы салдарынан, қазақтар да әлеуметтік және тілдік белгілеріне қарай, екі маргиналдық топқа бөлініп түсті. Халықтың басым көпшілігі дамудың аграрлы басқышында қалып қойғанда, екінші бөлігі қоғамның индустриялы секторына өтіп кетті. Осы ахуалдан Қ. Жүкешев қоғам мен қазақ тілі арасындағы басты қайшылықты – олардың өркениеттің даму сатысының түрлі басқыштарында орналасып қалғанын көреді. Бір кезде рухани тұтастықта болған ұлт енді сирек ұшырасатын күрделі құбылысқа – рухани екідайлыққа тап болды. Тіл қоғамнан бір басқыш кейін, өзінің тақырыптық тобымен ауылда қалып қойды. Қала қазақтары бөгде рухани өмірге өтіп кетті. Қазіргі қазақ тілінің ауқымды дағдарысының басты себептерінің бірі осында жасырынып жатыр.
Қазіргі қазақ тілі аграрлы қоғамға тән сипаттамаларымен қалып отыр. Тіл контенті аграрлы қоғамның шынайылығын бейнелейтін материалдардан тұрады және ол ауыл адамының лингвемасы стилінде берілген. Ал қазақшадан басқа тілді қолданатын тұрғындар аймақтық мазмұндағы материалдарға қызықпайды, онысымен қоймай, олар қазақ тіліндегі материалдарда көтерілген идеяларды қабылдамайды, ойлармен бөліспейді. Қала тұрғындарына индустриялы қоғам өмірін стпаттайтын туындылар керек. Агротропты мазмұндағы материалдарға сұраныс болмағанда, жергілікті лингвистер қалалықтардың тұрғысын қазақ тіліне жарияланған бойкот деп қабылдады. Одан ары Қ. Жүкешев егер қазақтар ауыл халқы болып қала берсе, онда қазақ тілі ешқашан индустриялы қоғамның мемлекеттік тілі деңгейіне көтерілмейді деген қорытынды шығарды.
Тілді жетілдіру сол тілде сөйлейтін халықтың тарихи дамуымен тығыз байланысты. Өркениеттің омырылуы туралы тұжырымдама Қ. Жүкешевке ұлттың әлеуметтік және тілдік белгілеріне қарай рухани омырылуының себептерін ашу мүмкіндігін алып берді. Зерттеушінің топшылауынша, бір қазақ ұлтының ішінде екі маргиналдық топтан ұратын, екі тілде сөйлейтін, дүниетаным деңгейлері де әр түрлі, екі тұрпаттағы мәдениетті жасап отырған екі ұлт өмір сүріп жатыр. Түрлі секторларда болып жатқан өзгерістердің жылдамдықтары әр түрлі, айналадағының өзгеру жылдамдығы мен адамның ол өзгерістерге реакциясының арасында да паритет жоқ. Өзгелердің шаңын жұтып, соңынан ілесе отырып, жасағандарын кешіге пайдалану ғана бар. Келешекте қазақты ыңырсытуға алып келетін фактор ауылда болып жатқан өзгерістердің жылдамдығының төмендігі мен өркениетте болып жатқан өгерістердің жылдамдығының жоғарылығынан көрініс беретін болады. Қазақтардың «жыртылған халыққа айналып» (С. Хантингтонның пішіндеуінше) рухани екідайлыққа ұрынуының салдары тіл мен мәдениеттің қордаланған түйткілдерін шешуге кедергі болып отырғаны былай тұрсын, бұл құбылыс, барлық игі жағдай жасалып отырғанның өзінде, заманауи мемлекет құра алатындай, халықтың тарихи компетенттігіне қол жеткізуге мүмкіндік бермей отыр.
Тіл философиясы аясында зерттелетін мәселелердің қарасы мынадай: тілдің және сөйлеудің жалпыфилософиялық негіздері; қоғамның өркениет дамуының аграрлы басқышынан индустриялы басқышына өту кезеңіндегі тілдің сәйкес даму заңдылықтары; тілдің индустриялы қоғамда қызмет ету шарттылықтары; тіл контенті, оның құрамы мен мазмұны, тілді үйрену қажеттігін тудырушы фактор ретіндегі сапалық қасиеттері; тілдің тоқырауының әлеуметтік астарлары; әлеуметтік және тілдік белгілеріне қарай екі топқа бөлініп, өркениеттердің омырылу сызығының қарама-қарсы жақтарында жайғасып қалған халықтың қазақтілді және орыстілді диглоссия жағдайындағы рухани екідайлығынан – дүниетанымдағы және семантикалық жүйедегі түйткілдерден туындап жатқан құбылыстардың сырлары.
Тіл философиясы шеңберінде тілдің төл мәселесі ұлттың рухани өмірінің ауқымды мәселелерімен біртұтастықта қарастырылады. Осы сапалықта, тіл философиясы Қазақстанда ғылымдар интеграциясында зерттелелетін объект ретінде алғаш рет қолға алынып отыр.
Субъектілердің тіл үйренуге деген мотивациясын тудыру бұл зерттеулерде өз түсіндірулерін тапқан. «Тіл философиясын мектепте міндетті оқытылатын пән ретінде енгізу қажеттігін» айтқан Ф. Бэконның, «оқуға татитын кітаптар жазылған тіл үйренуге де татиды» деген Э. Сепирдің ойларын жалғастыыра келе, заманауи батыстық постмодернистердің бірі Ю. Хабермастың «тілдің өмір сүруі ол тілде жазылған, рухани кеңістікте тарала алатын сапалы контентке тәуелділігіне» еріксіз илана отырып, автор қазақ тілінің де тағдыры тіл контентін жетілдіруге тура тәуелді екендігін үнемі назарда ұстайды.
* * *
Бағзы біреулер сыртқы белгілеріне қарап, көркем өнердің, БАҚ-ның, білім берудің мәселелерін саланың төл мәселелері, олардың тілге қатысы жанама түрде ғана көрініс береді деп ойлайды. Қ. Жүкешев керісінше, аталған салалардың мәселелерін қазақ тілінің контентінің астарында, демек тіл философиясы шеңберінде, тілдің төл мәселелері ретінде қарастырады.
Көркем өнер және тіл. Бұл кітапта, көптеген мысалдар арқауында, дамудың аграрлықтан индустриялы басқышына аяқ артқан, өтпелі кезеңдегі тілдің сыртқы дүниемен арабайланысы айшықты сипатталған. Көркем өнердің контенті арқылы тілдің айналасында қалыптасқан ахуалға терең анализ жасалған.
Қазіргі таңдағы қазақ тілінде жасалып жатқан көркем өнерді объективті бағалау үшін, Қ. Жүкешев субкультура, контркультура, декаданс терминдерін қолданады. Іс жүзінде көркем өнердің барлық жанрларын талдай отырып, автор қазақ тілінің ауқымды деградацияға ұшырау құбылысына терең үңіледі. Ал әдебиеттің бүгінгі жағдайын ол тілдің репрезентативтік мүмкіндігінің шамадан тыс әлсіреп кеткендігінен – зиялының менталдық лексиконының қораштығынан көреді.
Бұл зерттеулерде қарастырылып отырған мәселелердің арқауы тек мәдени құндылықтарды жасаушылардың ойлау стилінің біржақтылығында ғана емес, сонымен қоса, олардың аймақтық шектеулілігінде екені айғақталады. Бастысы, жазушылар көтерген идеядан бастау алады. Қазақ жазушылары өздерінің шығармалдарында қалаға кеткендерді қайта ауылға шақырып қана қойған жоқ, ауылдың қараңғылығын ілтифатпен сипаттады және оны идеологиялық ұстаным ретінде бағдар тұтты. Бұл идея субөркениетті аймақта ұйықтап жатқан халықтың жұтаң санасына дөп келді, қазақтың ауылдық тұрмысымен біте қайнасып жатты. Ауылдың ұнамды жақтарын дәріптеуде мәселенің екінші қыры – индустриялы қоғамға қауіпті және топас қарсылық жатқанын ешкім сезбеді. Осылай көркем әдебиетте «ауыл ауруы» деген атпен белгілі шаруа субкультурасы мен контркультурасы пайда болды. Осылай әдебиеттің, мәдениеттің ғана емес, жалпы қазақ тілінің кемесінің жүзу арнасына жазушылардың қолымен су асты тасы жасырылып қойылды.
Зерттеушінің пішіндеуінше, қазақ тілінің қазіргі аномалиялық күйі көркем әдебиеттің ынжу-маржандарының дүниеге келуін қамтамасыз ете алмайтыны былай тұқрсын, әдеби журналдарды толтыруға жарайтын, орта қол романдарды тудыруға да мүмкіндік бермейді. Ақсақал және кейбір қарасақал жазушылардың соңғы шығармалары қазақ әдебиетінің де «аққу зарына» айналатын түрі бар. Олардан кейін, қазір ешкім долбарлап айтуға шамасы келмейтін уақыт келе жатыр.
Бұл синопсис зерттеушінің немесе әлдебіреулердің ындынынан туған, асығыс қорытынды емес. Қазақ тілі әрекет ететін кеңістікте адамды тітірететін болжамға бастап апаратын факторлар көзге ұрып тұр. Тілдің қызмет ету ареалы, әлеуметтік тірегі ауылда болуының, суб-аумақтарда ілдалдалап өмір сүріп жатуының өзі-ақ ол тілде келешек болмайтынын, болуы мүмкін де емес екендігін айғақтайды. Бұған қоса, зиялының жұтаң менталдық лексиконын, сөз қолдану практикасындағы келеңсздіктерді – жинақтай айтқанда, тілдің ой тудыру, идея көтеру және ол идеяны репрезентациялау қабілетін терең зерттеулердің нәтижелері осындай болжам шығаруға жетектеп әкеп отыр. Г. Тард айтқандай, «тіл идеялардың әлеуметтік кеңістігі ретінде алға тартылады» [10: 130] және ол идеяларды тіл кеңістігіне алып шығады, томағасын сыпырып, қоя береді, одан бүкіл қоғамға таралып кете барады. Ю. Хабермас топшылағандай, «бәрінің тілдің репрезентативтік қызметіне байланысты» [87: 268] екеніне күман тудыруға болмайды. Дүниежүзілік лингвистика ғылымында мұндай құбылыстар аз зерттелмеген, аталған қағидалармен үндес өзге ғұламалардың пікірлері де жеткілікті.
Қ. Жүкешев мемлекеттік тіл барып тіреліп отырған кесірлер мен қиындықтардың себеп-салдарларына үңіліп қана қоймайды. Бұл зерттеулерінде ол, рухани тығырықтан шығу жолдарын да іздестіреді. Көңілге медеу болатын, қараңғының арғы жағындағы жарықтың да қылаң беруін бажайлайды. Оның тұжырымдауынша, тілді аграрлық укладты ортадан суырып алып, индустриялы қоғамның жағдайына бейімдей дамыта, оның ары қарай өмір сүруін қамтамасыз етуге болады. Тек сонда ғана, «қалалыққа айналған» тіл өзінің келешегін жасай алады. «Тіл рецессиясы – құбылыс; ауыл – себеп; мәдениеттегі декаданс – салдар».
Қазақтың рухани кеңістігіндегі контркультура идеясы екі бағытта жүзеге асырылып келеді:
– кеңестік идеология тұрғысына сүйеніп, Батыс мәдениеттеріне қарсы;
– ауыл мәмбетизмі тұрғысынан, қала мәдениетіне қарсы.
Бұқараның қазақ тілін үйренуге зауқының төмен болуының тереңде жасырынып жатқан себептерінің бірі осында – қазіргі қазақ әдебиеті контентінің замандастардың жүрегіне жол таба алмауында жатыр. Ұлт тағдырын тек ауылда шешу идеясының өзі ол баста адамзат өркениетінің дамуының әмбебап заңдылықтарымен үйлеспейтін, ұжымдық алжасушылық болатын.
Мәдениеттегі транценденттілік туралы ойларын ортаға сала отырып, америкалық ғұлама А. Маслоу былай деген еді: «Трансценденция жасап, өзін өзектілендіре алған адам – әмбебап адам. Ол ұлттық мәдениеттен нәр алады, бірақ ол одан жоғары көтеріліп кетеді, көпшілік жағдайда оған тәуелді болып қалмайды» [65: 282]. Осы қағиданы ескере отырып, Қ. Жүкешев өзін өзектілендіре білген адамның төл мәдениетіне қатынасын айқындайды.
Белгілі француз тарихшысы Л. Феврдің «интеллигент адам барлық заманның адамы бола білуі керек» [68: 116] дегенін зердесіне зер тұтқан Қ. Жүкешев, өз елінің зиялыларына үндеу салады. Олардың өз үңгірінде қалып қоймай, индустриялы қоғам адамына ұқсай білуі, трансценденттілікке, рефлексиялылыққа қабілетті болуы, жаңа ортаға бейімделе алуы керектігін өтіне ескертеді.
Өкінішке орай, қазақ жазушылары, іс жүзінде дерліктей бәрі, аграрлық ортағасырлықтың батпағынан суырылып шыға алмады, индустриялы қоғамның талабына сай өмір сүріп, еңбек ете алмады. Тәнімен де, жанымен де, жазда жайлаудағы киіз үйінен, қыста қыстаудағы қоржын тамынан шықпай қойды. Өздерінің ауылдық субкультурасымен, контркультурасымен заманауи азаматтардан, әсіресе қала жастарынан іргесін аулақ салып, сонысымен, ұлттық мәдениетті де, тілді де киіз үй мен қоржын тамға қамап тастады.
* * *
Білім беру және тіл. Кітапта мектепте білім беру мәселелері кең және ауқымды көтерілген. Өйткені, мектеп тілді сыртқы дүниемен байланыстырушы, аса маңызды буын болып табылады. Мектепте берілетін білімнің құрамы мен сапасы мемлекеттік тілді үйренуге қызығушылық тудыратын пәрменді құралдардың бірі болып табылады. Азаматтардың тілді меңгеруге сұранысы сол тілде берілетін мектептегі білім сапасымен тура байланысты. Бұған қоса, тілді арнайы бағдарламамен, оқытушының күшімен, әдістеме қолдана отырып, жүйелі түрде, тілді меңгеру қабілеті тасқындап тұрған, бала жасында, үздіксіз оқыту арқылы меңгерту тек мектепте ғана жүзеге асырылады. Метепте меңгерілмеген тілді одан кейін жүзеге асыру екіталай.
Алғашында солай көрінетін, «таза мектеп мәселесін» қарастырып отырып, автор жалпыпедагогикалық міндеттерді шешуді көздемейді. Мектеп материалдарынан дискурс алаңына әлеуметтік-психологиялық тұйткілдерді суырып ала отырып, оқуышлардың танымдық қызметке қосылмауы, білім алуға мотивацияның олқылығы, оқушыда білімге деген резистенттік көзқарастың пайда болуы, оқушының санасында рефлексияның болмауы, педагогикалық құрамның феминизациялануы, оның ұл тәрбиесіне кері ықпалы туралы мәселелерді қозғайды. Осылардың бәрі мектептегі қазақ тілін оқыту астарында зерттеледі.
* * *
БАҚ және тіл. Қазақ тілінде жарияланатын баспасөздің таралымы неге ойдағыдай болмай отыр?
Қазақтілді баспасөз барып тірелген тосқауылға Қ. Жүкешев былай сипаттама береді: ең бастысы, қазақтілді баспасөздің басым көпшілігі контентінің сапасы ойдағыдай емес. Ол заманауи оқырманды өзіне тарта алмайды, оған сезінетіндей пайда тигізбейді. Әсіресе, қазақ тілді теледидардың халі мүшкіл. Телеарналарды мемлекеттік тілде рентабельді бағдарламалармен қамтамасыз етуге салада қызмет етіп жүрген қазақ тележурналистерінің интеллект қуаты жетпейді.
Құбылыстың түпкілікті себебі мынада: тарих сатысының төменгі басқышынан шыққан журналист, өзінің аграрлы лингвемасымен тарих саптысының жоғарғы басқышында тұрған оқырманның рухани мүддесін қанағаттандыра алмайды. Аграрлы қоғам адамы индустриялы қоғамның проблемаларын көре де, шеше де алмайды. Әрине, қазақтілді журналистер арасында да мықтылар жоқ емес. Бірақ олар аз, ауарайын өзгерте алмай отыр.
Ал орыстілді тұрғындар болса, қазақ баспасөзін оқымағаннан ештеңе жоғалтпайды. Мұның себебі, әсте қоғамдағы орыс тілінің үстемдінен емес. Орыс тілді оқырман үшін қазақ тіліндегі баспасөде (кейбір тәуелсіз басылымдардан басқасында) соны білмей қалса, өзінің компетенттігі ойсырап қалатынын сездіретіндей, адамның рухани өсуіне аса қажетті, құнды материалдар жоқтың қасында.
Қазақтілді басылымдардың басым көпшілігі оқылмайды. Оларда идеологиялық бағыты теріс, психологиялық әсері жағымсыз, мазмұны таяз, тұжырымдары дәлелсіз материалдар көп. Бұл аз болса, қазақтілді басылымдарда орыстілділерді тітіркендіретін, олардың қабылдауы мүмкін емес идеялар өріп жүреді. Мысал үшін, ауылға шақыру идеясын көтерген материалды оқуға кім алтын уақытын бөлмек? Ол ұранға қай орыстілді елеңдеп, оны қолдап жатыр? Қазақтілді баспасөз контентінің мазмұны мен көтерген идеялары орыстілді азаматтың жұмырына жұғын бола алмай жатыр.
Қазіргі қазақтілді кеңістікте «білгендер – сөйлемейді, сөйлегендер – білмейді» деп, көне қытай ойшылы сипаттағандай, психологиялық күй орнаған. Рационалды дәні бар идея көтерген материалдарға тосқауыл қойылады, жариялануға жіберілмейді. Бағынышты басылымдардың редакторлары еріксізден осылай істейді. Осы уақытқа дейін саяси-құқықтық есеңгіреуден арыла алмаудың сыры ашылған жоқ, бұқараны әрекетке қосатын механизм таңдалған жоқ. Қазақтарды әлеуметтік летаргиядан оятатын себезгі іске қосылған жоқ. Ал осы еңбекте автордың қазақ тілінде негізгі үш арна (көркем өнер, білім беру және БАҚ) арқылы түсіп жатқан материалдардың сапасына – олардың контентінің құрамына, мазмұнына және идеялық бағыттылығына ерекше маңыз беруінің астарында бар түйіннің тіл арқылы шешілуімен байланыстыру идеясы жатыр.
* * *
Бұл кітапта зиялы қауым көптен бері жауабын іздеп жүрген сұрақтар көп көтерілген. Зерттеуші олардың жауаптарының өзіндік нұсқасын ұсынады. Мысалы үшін, «қазақ неге оянбады»?» деген «мәңгілік сұраққа» берілген жауап ешкімді енжар қалдырмаса керек. Қ. Жүкешев оны имманентті қазақ сұрағы деп атап, оған Батыс зерттеушілерінің өркениеттік теориясына сүйене отырып, түбін түсіре, нақты жауап береді.
«Тіл философиясына» енген тақырыптардың құшақ жетпес кеңдігі, онда көтерілген мәселелердің ауқымдылығы және тереңдігі сондай, олардың әр қайсысы ондаған диссертациялардың зерттеу объектісі бола алар еді. Мұнда талқыланған бағыттардың әр қайсысы жеке томдар мен монографиялардың мазмұнына арқау болатындай. Әдетте мұндай академиялық деңгейдегі, ауқымды жобалар қомақты кейіпқұрамы бар ғылыми ұжымдарда, зерттеу институттарында жүзеге асырылуы тиіс.
Бұл зерттеушінің еш көмекшісі, тіпті хатшысы болған жоқ. Ол кафедраға немесе факультетке басшылық жасамаған адам. Әдетте, жетекшілік лауазымдағы ғалымдар жұмыстың сәлихалы бөлігін иықтарына іліп қоятынындай, оның аспиранттары да болған жоқ. Осындай ауқымды және ауыр жұмысты бір адамның орындап шығуы көңіл аударарлықтай. Ол бәрімен – проблеманы зерттеумен, материал жинаумен, мәліметтерді салыстырумен, компьютерге терумен, сызбалар, кестелер, слайдтар дайындаумен, мәтінді әрлеумен тек өзі айналысты. Бұл мәселелерді зерттеуге ол күн демей, түн демей, демалыссыз, мерекесіз, бар күші мен қайратын, денсаулығын сарып ете отырып, он жыл өмірін арнады.
П. Чаадаев сияқты, ол «туған халқын қамшылайды, ашындырады, оған жеріне жете ұрсады. Оның бәрін тек халқын алдамау үшін істейді». Мұндайда ол ащы дәрімен, тән ауыртатын уколмен дерті асқынып кеткен науқасты емдейтін сауықтырушыға ұқсап кетеді. Ол өзін еркін сезінеді, жайбарақат ұстайды, кейде албырт жас адамдай екпін көрсетеді, көсіле сөз саптайды. Әрине, іріктеп, нақты мағынаға сыйдыра, бірақ өткір, кейде тым өткір, кейде тіпті аяусыз, сын көтермейтін қазақты есеңгірете және қалшылдата соғады. Абайдың айтқанын сәл өңдеп келтіргенде, «мынау өзі халқын – қазақты жақсы көре ме?» дегендей сұрақ туғызып, бет-жүзіне қарамай, ұрымтал сынайды. Бұрынғыдағыдай, бұл жазбаларда да мінін айтқанға, әділ пікірге аллергиясы барлардың жүректеріне салмақ түсіретін, олардың қадірін жанайтын тұстар аз емес. Сондайдың көкесін көрген отандық линнгвистер мен жазушылардың үлкен тобы кезінде Қ. Жүкешевке тек «тілдің жауы» деп қана емес, «халықтың, тәуелсіздіктің жауы» деген айдар таққан болатын.
Зерттеушінің ұстанымы бар: сынасаң – ұсын. Фрондерлерден айырмасы, ол әр қашан да «олай емес» дегеннен кейін, «дұрысы былай» деп, конструктивті ұсыныс айтпай қоймайды. Оның өзінікінің дұрыстығына, тұжырымының дәйектілігіне сенімі мығым. Лингвистикалық концептілері мықты, өйткені, ол алдыңғы қатарлы лингво-философиялық идеяларға сүйеніп қорытылған. Оның ескертпелері И. Канттың аналитикалық сынына, В. Белинскийдің философиялық сынына арқа сүйей құрылған. Содықтан ол өзінің сөзі мен ісіне берік, ешкімге жалтақтамайды, саспайды. Ол өзінің трансцендентті зерделеулерімен А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімдері институтына барды. Қазақстан лингвистикасының «мүйізі қарағайдай» ғалымдарының қаны тамып тұрған, кеселді сұрақтарына жауап берді. Ол жерде көзсіз батылдығын, анафемдік тегеурінін көрсетті. Дүние жүзілік заманауи философия мен лингвистика титандарының иығынан қараған, ол осал емес еді, өзгелерден алысты көрді, тереңдегіні қозғады. Талқылау аяқталғанда «келесі кездескенде сұрақты мен қоямын» дегенді нықтап, бірақ зілсіз айтты. Оның шақыруында арандату реңкінен гөрі шынайылығы басым еді. Расында да, бұл кітапта лингвистика «абыздарын» есеңгірете және қалшылдата қоятын сұрақтар жетіп артылады.
Кітапта келтірілген тұжырымдар Қазақстан тілтану ғылымының жаңа деңгейге көтерілгенін айғақтайды. Ұсынылып отырған кітап филологтарға, лингвист ғалымдарға, журналистерге, философтарға, қазақ тілінің мұғалім-әдіскерлеріне, солармен қоса, тілдің сипатын зерттеуге және оны дамыту жолдарын табуға тырысушыларға, рухани салаларда қызмет етушілерге, көркем өнердің, білім берудің, бұқаралық ақпараттың мәселелерімен айналысушыларға арналған.
Берік Жылқыбаев.
Филология ғылымдарыының докторы, профессор.