5.4 Тәуелсіздіктен кейінгі кезеңнің әдебиеті
Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігін алғаннан кейінгі кезеңде де қазақ тілінде жасалып жатқан мәдениеттің ұстанған тақырыбы мен мазмұны өзгере қоймады, сол бұрынғыша, шектеулі, ауыл адамдарынан өзгелерге түсініксіз, индустриялы қоғамға кірікпейтiн, ауылдан тыс жерлерге таралмайтын күйiнде қала бердi.
2001 әдеби жыл қорытындысында романдар туралы жасаған баяндамасында Ж. Дәдебаев былай талдау жасады: «жарық көрген романдарды тақырыптық-жанрлық белгілеріне қарай екіге бөліп топтастыруға болады: а) тарихи тақырыпқа жазылған шығармалар; ә) әлеуметтік-тұрмыстық тақырыпқа жазылған шығармалар»… [83]. Солардың ішінде баяндамашы 4 романда адам мен аңның тіршілігі өзара байланыста суреттелетінін атап өтеді.
Баяндамашының Т. Әлжантегінің «Қым-қиғаш тіршілік» романы туралы ілтифатты пікірі тоқталып өтуге тұрарлық. Өйткені, бұл шығарма тағы сол, қала адамы мен ауыл адамын қатар ала отырып, олардың алдыңғысын жексұрын, соңғысын сүйкімді етіп көрсететін салыстырмалы ассоциация әдісімен жазылған.
Баяндамашының түйіндеуінше: автор «әлеуметтік-тұрмыстық, адамгершілік сипаттағы мәселелерді көтерген… Қаладағы үлкен баласының тірлігіне, ісіне ауру әкенің көңілі толмайды. Оны өзінің жаназасына шақырылатын ет жақындарының тізіміне қоспайды…. Бір әке, бір анадан туған екі баланың екі түрлі ісі, екі түрлі қылығы, ауылдағы ұлдың жөнге, жүйеге жүйріктігі, кісілігі, қаладағы ұлдың жаттығы, бөтендігі секілді жайлар оқиға желісін түзеді» (сонда).
Бұл жерде өткен ғасырдың ортасынан бастап қазақ жазушыларының талайының шығармасына өзек болған, үнемі қайталанатын, сонысымен көзқарақты оқырманның ызасын келтіретін, таптаурын сюжетпен тағы ұшырасамыз.
Қазақты аймақтандыру идеясынан әлі бас тартпай келе жатудың келесі бір мысалдарын поэзиялық шығармалардан келтірейік:
«Кедейленген көңілге ем бола ма,
Кеткім келіп тұрады кең далаға.
Көшіп алған қалаға мен де кеще,..
Қала – менің қатыгез өгей анам…» (И. Сапарбай. Барамыз еркек кіндік езге айналып. «Жас Алаш», 2014).
«Бет ауған жаққа шықтым да,
Қаладан қаштым мен зеңіп,..» (Я. Амандықов. Сақ атаның шаңырағын айқалтпай. «Қазақ әдебиеті». 19.09.2014.).
«Пойыздайын зымырап бара жатқан,
Қашып барам далаға қала жақтан,…» (Т. Тұяқбаев. Жұлдыздардың жанарын жасауратып. «Қазақ әдебиеті». 19.09.2014.
Бұл нені көрсетеді?
Бұл Кеңес үкіметінің қазақты қалаға келтірмеу туралы нұсқауының күші жойылса да, қазақ жазушыларының сол, баяғыша, антиурбанизациялық бағыттан айырылмай, ауылды нысаналаудан көз жазбай келе жатқанын көрсетеді. Әдебиеттегі жағдай да қаз қалпында, идея да, әдіс те, сюжет те орнында екенін айғақтайды.
* * *
Әрине, әдебиет кеңістігінде тіршілік тоқтап қалған жоқ. Барлық жанрларда бірдеңелер жазылып жатыр. Белгілі бір мазмұндық құндылық арқалаған, өзінше көркемдік бұлтарыстары мен иірімдері бар шығармалар да ұшырасады. Олар аздаған тиражбен таратылып жатыр. Қазіргі қазақ әдебиетінің үлкен кемістігі – қоғам тынысын аңғартатын, көпшілікті елеңдететін, мазмұнымен, көркемдігімен түрлі пікірлердің таралуына, талқылауға өзек бола алатын, бұқара арасында жанды қыбыр – мимесис тудыратын шығарманың жетіспеуінде
Бұл ретте белгілі қаламгер Мұхтар Мағауиннің соңғы жылдары жарық көрген шығармаларын атап өту керек. Қоғамда болып жатқан құбылыстарға өткір сыншыл тұрғы ұстанатын, адуынды ойлар айта білетін автордың «Мен», «Жармақ» романдары терең саяси-философиялық астары бар толғауларға толы, зиялы өкілінің іздеп жүріп оқитын шығармаларына айналды.
Алдымен қайта құру мен жариялылықтың жариялануы, сонан кейін, ширек ғасырға созылған қазақ тілінің төңірегіндегі дискурс ұлттық мәдениеттің, білім берудің, ғылымның күйін айқындап, мәселелерін шешіп бере алмады. Зиялы қауым «алтын балықты» қойып, «сұр балықты» да аулай алмай, сол жыртық астаудың қасында қалып отыр. Мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін әкімшілік ресурсты жұмсай отырып, тілді, мәдениетті жетілдіру саясатын жүргізу мүмкіндігіне ие болудың да шарапаты тие қоймады. Мол мүмкіндік жағдайында ширек ғасыр бойы тер төккеннен кейінгі жеткен жеріміз тағы сол тағы сол старттық межеден ұзай алмау болып шығып отыр. Бұдан бір қатар алаңдататын сұрақтар туындайды.
Мәдениеттің, соның ішінде әдебиеттің тоқырауы туралы әркім айтады. Бірақ көбі отбасында, іштей сыбырлап айтады. Ашық айтудан қаймығады. Өйткені олар еркін адамдар емес. Ойындағысын айта алмағанына іштей қынжылмай-ақ, үндемей жүре береді.
Дегенмен, соңғы уақыттарда кейбір танымал қайраткерлердің қобалжуын ашық білдіре бастағандары көңілге медеу ұялатады. Өйткені, сөз іске ұласар деген үміт туады. Олардың кейбіреулерінің пікірлері мынадый:
Қ. Ысқақ: «Бүгінгі прозамыз сауатсыз. Бір жолын шаршамай оқып шыға алмайсың. Маған бір қап прозаны әкеліп бергенде, жариялауға тұратын бір шығарма таба алмаймын… Қазіргі жазушыларда табиғатына қонған интеллект жоқ» [84].
Г. Бельгер: «Сұрғылт белдеуге келіп тірелдік (көркем әдебиетте – Қ.Ж.). Мемлекеттік сыйлыққа татитын ешкім де, еш шығарма да жоқ. Обскурация фазасы төніп тұр» [85].
Е. Раушанов: «1991 жылдан бастап 2015 жылға дейінгі аралықта әдеби процесс тоқтап тұр… Поэзияда жаңалық жоқ. Нәтижесінде әдеби өлімге пара-пар жағдайға тап келіп отырмыз» [86].
Ж. Шағатай: «Қазақ әдебиетінің қазіргі кездегі өлмеші, кембағал күйіне бармақ шайнаудамыз» [129].
О. Сүлейменов: «Жиырма бес жыл болды. Цензура жойылды, бірақ әдебиет те көрініп тұрған жоқ. Ал қазақ әдебиетінің жағдайы қорқынышты» [130].
* * *
Қазақ әдебиетін таяудағы онжылдықтарда не күтіп тұр? Долбар көңіл жұбатарлық емес. Тәуелсіз зерттеулердің қорытындылары бойынша, қазақ тілінің қазіргі аномал қолданылу жағдайы көркем әдебиеттің інжуы мен маржандарын ғана емес, әдеби журналдарды толтыруға пайдаланатын, орта қол романдар жазуға мүмкіндік бермейді. Әзірше, салыстырмалы түрде, қалам ұстай біледі, қазақша мәтін жаза алады деген санатқа қосуға болатын, қазақ тілі аномалды белдеуге толық кірмей тұрғанда тілі шыққан, көзі тірі жазушылар – 55-60 жас шамасындағы және одан егделер, «аққу зарын» айтып болғанша, қазақ көркем әдебиеті кеңістігінде бір шама жарияланымдар жалғаса тұрады. Аталған санаттағы жазушылардың соңғы шығармалары тұтастай қазақ әдебиетінің де «аққу зары» болып шығуы мүмкін. Одан кейін, белгілі бір уақыт шамасында, бұл тілде бай жазушылардың (тілі мен елестетуі жағынан емес, сөздің тура мағынасында), иллюстрациясының өзі көлемнің жартысын алатын, мерейлік-өмірбаяндық «романдары» ғана жазылатын болады. Одан кейін, қазір ешкім сипаттап бере алмайтын уақыт келеді. Егер…
Бұл – осы зерттеулердің авторының немесе әлдебір мүдделі топтың қиялынан немесе олардың эмоциясының жетегіне ілесуден туған, асығыс синопсис емес. Бұл – қазіргі қазақ тілінің өмір сүру ареалын, бастысы – қазақ жазушыларының менталдық сөздік қорын және оны қолданыу практикасын – тілдің идея тудырушы және репрезентациялаушы қабілетін бажайлай отырып шығарылған қорытынды.
Г. Тардтың тұжырымдауынша «тіл идеялардың әлеуметтік кеңістігін көрсете алуы керек» [10: 130]. Ю.Хабермас бәрі «тілдің репрезентациялаушы қызметіне тәуелді» [87: 268] екенін ескертеді. Әлемдік лингвистика ғылымында осы бағыттар жеткілікті зерттелген және осыларға үндес тұжырымдар айтқан данышпандар аз емес. Соларға иек арта отырып, ұлттық мәдениеттің, соның ішінде әдебиеттің қазіргі күйін – қазақ тілінің ой тудырушы, идея көтеруші және оларды репрезентациялау қабілетінің мүлдем әлсірегенінің салдары деп түсіндіруге болады.
Біздің зиялы қауымға белгілі бір кеңестер айтпастан бұрын, өзге жанрлардағы жағдайды саралай келіп, әдебиет пен мәдениеттің төңірегінде көрініс беріп отырған констелляцияға ғылыми дәйекті, квалификациялы баға беріп алу керек.