5.2 Қазақ әдебиетіндегі ауылшылдық дерті
Ақымақтыққа қарсы құдайдың өзі де дәрменсіз.
Фридрих Шиллер
Алайда, осы кезеңнен бастап ұлттық мәдениеттің аяқ алысында екінші, негативті үрдіс көрініс бере бастады. XX ғасырдың екінші жартысында қазақ әдебиетінде бір оқшау бағыт пайда болды. Ол бағыт 60-жылдардан бастап әдебиетке ауыл мектебін бітіріп келген, балалық шақтарын сонда өткізген, ауыл менталитетін тасушы жазушылардың үлкен шоғырының шығармаларынан көрініс берді. Орыс әдебиетіндегі «шестидесятниктер» дегенге ұқсастырып, қазақ әдебиетшілері оларды «алпысыншыжылдықтар» деп атады. Олар дәуір өлшемімен, қазақ ауылының орта және аға буын оқырмандарының талғамы тұрғысынан шамалағанда бірсыдырғы тәуір шығармалар берді. Ауыл тұрмысын, қарапайым еңбек адамдарының психологиясын шынайы сипаттаған повестерді оқырман қауым жылы қабылдады. Сондықтан, XX ғасырдың 60-70 жылдары қазақ әдебиетінің жетістікті жылдары деп бағаланды.
Әрине, қазақ «алпысыншыжылдықтары» дарыннан құралақан емес еді, арасында қалам ұстай білетін, қабілеттілері де аз болмады. Олардың әдебиетке деген ынтасы мен құлшынысы да жоғары болды. Олар шығармашылық объект ретінде өздеріне жақын стихия – ауыл тұрмысы тақырыбын таңдады. Жазғандарында өздері күнде көріп жүрген ауыл адамын бейнеледі, сюжетті солардың істеген әрекеттеріне құрды, тек солардың қолайына жағатын, солар сүйсініп оқитын шығармалар жазуға тырысты.
Сырттай қарағанда, ауылдан шыққан адамның өсіп, оқып, жетіліп, жазушы болғаннан кейін өзі өскен ортасы – ауылы жайлы жазуының және кейіпкерді онда тұратын, еңбек ететін адамдар арасынан іздеуінің өзіндік қисыны бар екені де рас. Бірақ осы дәуірдегі қазақ әдебиетіне тереңірек үңілген адам бұл аяда болып жатқан құбылыстардың астарынан жалпы ұлттың рухани дамуына кері ықпалы бар түйткілдердің болып жатқанын аңғарған болар еді. Алайда, ауылшыл жазушылар әлеуметтік өмірде болып жатқан құбылыстарды натуралистік тәсілмен сипаттаудан арыға бара алмады. Олар ауыл адамының соңынан еруді ғана білді. Жазғандарында оқырманмен кері байланысты жүзеге асыруға септігі тиетін, прогресшіл идея, жаңа ой болмады. Шығармаларының фабуласы бірінікі екіншісінікіне ұқсап тұрды, ауыл тұрғындарынан басқа оқырмандарды қызықтыра алмады.
Оларға айтылар уәж мұнымен шектелмейді. Ең бастысы, «алпысыншыжылдықтардың» көркем әдебиет арқылы халықтың санасына сіңірмек идеясы оқшау болды. Олардың көпшілігі қазақтарды ауылдан шығармау, қалаға жібермеу бағытын таңдауымен, әдебиетке, жалпы мәдениетке ғана емес, ұлттың саяси-әлеуметтік өрлеу жолына тосқауыл қойды. Жазғандарының бәрінде негізгі желі ретінде қаланың көлеңкелі жақтарының фонында ауылды идеалдауды ұстанды, жастарды ауылдан кетпеуге, қалаға қоныс аудармауға үгіттеді, шығармаларын өркениеттен қашу идеясын қазақ атаулының санасына сіңіруге бағыштады.
Ол кезде қазақтар дерліктей ауылды елді мекендерде жайғасып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысатын. Қалада тұратын аз санды қазақтар, тілдік орта болмағандықтан, орысша сөйлеп, тілдік сәйкестілігінен айырылып қалатындай жағдайда өмір сүріп жатты. Қазақтардың өз жерінде ұлттық азшылық жағдайға түсуі, өнеркәсіпті қалалардың дерліктей бәрін өзге ұлт өкілдерінің жайлап алуы, орыс тілінің үстемдігінің жыл өткен сайын арта түсуі, қалада тұратын қазақтардың орыс арасында жұтылып, орыс тіліне ойыса бастауы қазақ мәдениет қайраткерлерінің санасына ұлттық мәдениеттің ендігі өмірлік тыныс алатын жері – тек қана қазақ ауылдары деген түсінікті тудырған едi. Осы түсінік күллі қазақ зиялыларының санасын меңдеп алды.
Ұстанған бағыттарының дұрыстығына мығым сенген қазақ жазушыларының дені діттеген нысанаға жету үшін, тіл мен ұлттық мәдениетті сақтап қалу үшін, қайткенде оның белең алып тұрған мәдениеттермен жұтылып кетуін болдырмау үшiн жанталаса қарману күйін кешті, жанкешті әрекеттерге бой алдырды. Олардың қолындағы бірден бір құрал – сөз болатын. Соның өзінде ол сөз коммунистік идеология шеңберінен шықпауы тиіс.
Осы тұста қазақ жазушыларының діттегені бола қалды. Олардың дөйдала кеткен, кесірлі бағытын Қазақстан Үкіметі ұтымды пайдаланып, «қазақ жастарын ауылды жерлерде тұрақтандыру» туралы қаулы шығарып берді. Қазақ ауылшылдарына даңғыл жол осылай ашылды. Әдебиет пен көркем өнер қазақтың ауылдан кетпеуі керек екендігін нәсихаттайтын бірден бір құралға айналды. Жазушылар енді бар шығармашылық қуаты мен жігерін Қазақты ауылдан кетірмеу үшін сарқа жұмасуға белсене кірісіп кетті.
Қазақ жазушылары ауылдың сүреңсіз тұрмысын суреттейтін, оның қаладан «артықшылығын» жан сала дәріптейтін, шаруадан шыққан «ұнамды» кейіпкерлері бар шығармаларды төпеп бере бастады. Сюжеті, идеясы, кейіпкерлері де бірі бірінен аумайтын романдар мен повестерінде олар боранда қасқырмен алысқан шопанның, жер жыртып жүрген механизатордың, фермадағы сауыншының, кеңестік белсенділердің, сүйгенiн қырманда кездесуге шақыратын тракторшының, бiр кесек нанды досымен бөлiсетiн интернат тәрбиеленушiсiнiң, қаладағы «қатыгез» әке-шешесiнен ауылдағы «мейiрiмдi» қарттарға қашып бара жатқан жасөспiрiмнiң бейнелерiн ұнамды қаһармандар сапасында сомдап, ауыл оқырмандарын қызықтыруға тырысты. Мектеп бітіре салып, қой бағуға шыққан комсомол мүшесінің өмірі олардың сүйікті сюжетіне айналды.
Алайда, жазушылар мейірімділік, ақкөңілділік, аңқаулық, жан тазалығы сияқты ізгі қасиеттерді арқалаған ауыл адамының бейнесінің астында тарих көшінен адасып қалған халықтың қараңғылығы мен артта қалуы дәріптеліп жатқанын сезбеді. Барын салып, жарты ғасыр бойы қала өркениетін оқырман алдында жағымсыз қырынан бейнелеудің түбінде елді қандай орға апарып жығатынын аңғармады. Олардың сипаттауынша, қала – морльдық жағынан азған, мейірімсіз, қатыгез адамдар тұратын, қорқынышты орта. Қалаға бармау керек, барсаң адамшылықтан айырылып қаласың, бойыңдағы ұлттық, отаншылдық сезімдердің бәрі жоғалады.
Бұл тұстағы мәселенің өзектісі ауылшыл авторлардың ойлау стильдерiнiң бiржақтылығында, аймақтық шектеулiлiгiнде, шығармаларының тақырыбында, сомдаған қаһармандарының бейнелерінде ғана емес, бастысы, олар көтерген идеяларында болатын. Олар жазғандарында ауыл өмірін көркемдеп қана қойған жоқ, қазақты ауылдан кетпеуге шақырды, малшылықты дәріптедi, мешеулікті ілтифатпен сипаттады, шығармаларында осы бағытты идеология ретiнде бетке ұстады. Осылай, әдебиеттің ғана емес, тұтастай ұлттық мәдениеттің нысаналайтын идеясы ауыл болып, күллі қазақтың миына сіңіп, санасына бекіп алды. Ауылдың «артықшылығын» пәш етудi дiттеудiң астарында индустриялы қоғамға сірескен, мағынасыз қарсылық жатты. Көркем әдебиетте «ауыл ауруы» немесе «ауылшылдық» деген үрдiс осылай қалыптасты. Бұл жылдары көркем әдебиет арқылы ауылды дәріптеп, әлеуметтің түбінен шыққан «ұнамды» қаһармандарын сомдауда С. Жүнісов, Б. Нұржекеев, Б. Бодаубаев, Б. Мұқаев, Т. Нұрмағамбетов, Ж. Түменбаев, Ә. Сараев, Д. Әшімханов, тағы басқалар ерекше белсенділік көрсетті [79].
* * *
Көркем әдебиетте қазақты ауылда тұрақтандыру идеясын бұқараның санасына сіңіруді қазақ жазушылары негiзiнен үш әдеби тәсiлмен:
а) салыстырмалы ассоциация;
ә) тiкелей үгiт;
б) ауылды идеалдау әдiстерiмен жүзеге асырды.
Салыстырмалы ассоциация әдiсi бойынша ауыл мен қала қарама-қарсы алынып, ауылдың жағымды жақтары мен ауыл адамының ұнамды қылықтары қаланың көлеңкелi тұстарымен, қала адамдарының кемшiлiктерiмен қатар ұсынылады. Қала адамдарының «екіжүзділігі», «қатыгездігі», «сұмпайылығы» ауыл адамдарының «адалдығының», «ізгіліктілігінің» астарында әшкереленеді. Қаланың «буырқанған», «қатулы» өмірі ауылдың «ертегідегідей мамыражай» тіршілігінің фонында салыстыра сипатталады.
Екiншi тәсiл бойынша ауыл тура үгiттеледi, қалаға кетiп қалған жасты ауылға шақыру немесе туған ауылдан кетпеу керек екендiгiн автор арсеналындағы троптар мен гиперболаларды жеріне жете пайдалана отырып, көркемдік шеберлікпен нәсихаттайды.
Ауылды идеалдау тәсiлi бойынша ауыл мен қала қатар алынып қарастырылмайды және кетіп қалғандарға «ауылға келiңдер», «қалаға жоламаңдар» деген ашық нәсихат та жүргiзiлмейдi. Ауыл өмiрi мен тұрмысы ғана алынып, оның салттары мен дәстүрлері көңілге қонымды, жүрекке жылы тиетіндей, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман орнағандай суреттелдi.
В.Г.Белинский «1847 жылғы орыс әдебиетіне көзқарас» деген жыл әдебиетін қорытындылаған мақаласында сол кезеңнің өнерінің «аянышты күйі» туралы қынжыла баяндай отырып, «бұл өнер айналасында қайнап жатқан өмірді көрмегендей, барлық тірі атаулыға, заманауиға, нағыздыққа мойын бұрмай, көзін жұмып алып, шабытты келмеске кеткен өткеннен іздейді, содан адамдар баяғыда суынып кеткен, ешкімді қызықтырмайтын, жылытпайтын, тірі іңкәрлік сезімін оятпайтын дайын идеалдарды теріп алады» [80: 311] деп жазған еді. Тарихи аналогия бұдан бір жарым ғасыр бұрынғы орыс әдебиетіндегі ахуалдың XX ғасырдың II жартысындағы қазақ әдебиетінде қайталанып отырғанын осылай алға тартады. Қазақ өнерінің күйін анықтап беретін бұдан артық объективті сипаттаманы іздеп жатудың қажеті жоқ.
Ауылшылдық бағытты бекем ұстанған, оны сүйікті тақырыбына айналдырып алған жазушылардың кейбір уәждері көңіл аударарлықтай. Ауыл және ауыл адамдары туралы бұған дейін айтылып жүрген географиялық тезистерін қайталай келіп, жазушы Ә. Сараев, ауылдың ауасының таза болатынын қайталап ашып, көне ауылды аңсауын алға жайып, онда қоржын үй мен там салу қажеттігі туралы ұсынысын айтты. Бұған қосымша, ол былай деді: жұртымыздың тарихын, әдебиетін, өнерін, ғылымын – барлық рухани байлығын жасаған ауылдан шыққан түлектер болыпты, халқымыздың ел бастаған қайратты ұлдары, қоғам қайраткерлері, ту ұстаған көсемдері мен батырлары да осы ауылдан шығыпты… Табиғатпен етене ауыл өз перзенттеріне ізгілік, адамгершілік қасиеттерімен бірге қабілет, талант дегенді де молынан сыйлаған…» (Қазақ әдебиеті, 16.11.1984).
Осы жерде ақиқат пен абсурдтың қосақтала өріліп кеткені сондай, енді бұлардың аражігін ажыратып алуға тура келеді. Осы екі философиялық ұғымның арасында қандай айырма бар? Сұрақ қаншалықты терең болғанымен, оның жауабы бетте қалқып тұр. Өйткені, даналық әр қашанда қарапайым болады. Ақиқаттан кейін сұрақ тумайды, бәрі бәріне түсінікті болып, орнына келе қалады. Ал абсурдтан кейін, оны естіген адамның ойына жүз сұрақ ұялайды және ол сұрақтардың жауабын табу да оңайға соқпайды. Абсурдтың абсурдтылығын дәлелдеудің қажеті жоқ. Тек абсурдтың авторына сұрақ қою арқылы түпкілікті мағынаның жоқтығына көз жеткізу тиімді.
Егер жазушы Ә.Сараевтың айтқандары ақиқатты болса, онда мына сұрақтардың жауабын табу қиынға соқпаса керек. Сұрақтар мыналар: «ауылдан шыққан» дегенді қалай түсінуге болады, ауылды елді мекендерде дүниеге келіп, сонда тұрып, өмір сүріп жатқандарды ма? Ауылда туып, кейін кетіп қалғандарды қай санатқа қосамыз? Қоржын үйдің заманауи жайлі пәтерлерден қандай артықшылығы бар? «Халқымыздың ел бастаған қайраткерлері, ту ұстаған көсемдері мен батырларының бәрі ауылдан шықса», өздері «қайратты» болса, онда олар қазақтың отарға түсуіне неге жол берді, халық неге қырылды, неге шетке қашты? Қазақстан барланған табиғи байлықтың қоры бойынша дүние жүзінде алтыншы орында тұр. Солай болса да, қазақ неге кедей, неге бар тауқымет қазақтың басына үйірілген? Ауылдан шыққандардың өзгелерге қарағанда «қабілетті және талантты» (дарынды дегісі келгені болар – Қ.Ж.) болатынын қандай әдіснамамен, кім зерттеген, нәтижелерін қайдан табуға, танысуға болады? Ауылдан шыққан дарындылардың дүниежүзілік ғылымға, техникаға, технологияға қосқан үлесі туралы мәліметтерді қайдан тауып, олармен танысуға болады, статистика қайда? Егер қалалықтар қабілет пен дарыннан кемшін болып туатын болса, онда дүние жүзіндегі қалалық елдер артта қалып, ауылда тұрып мал шаруашылығымен айналысатын елдер (қазақ сияқты) неге тасқа шауып, төске өрлеп, күллі өркениет көшін бастамаған? «Ауылдан ғалым» қалай шығады? Ауылдың өзінің университеттері мен академиялары бар ма? Ауыл кітаптарды, монографияларды қай баспадан шығарып жатыр? «Ауылдан шыққан түлектер жасаған рухани байлықтың» тұтастай тығырыққа тіреліп отырғанын, тілдің теориялық мәселелерінің бірде бірін шешіп бере алмағанын немен түсіндіруге болады?..