6.7 Ата-аналардың балалары қандай мектепте, кімнен тәлім алып жүргенін білу құқығы бар
Ал тұрпатты қазақтілді мектептерге төмендегі нышандар тән:
– тоталитарлы режимдер ұстанатын білім стратегиясы – знаниецентризм негізінде жасалған білім стандарттарымен жұмыс істейтін;
– функциясы өзгеріп кеткен, жергілікті әкімшілік жлспарлаған бағдарламадан тыс шараларға қатыстырылатын;
– педагогикалық персоналдың басым көпшілігі жалғызбасты әйелдерден тұратын; өз ісіне берілген, интеллектілі және кәсіпқой мұғалімдерге сұраныс болмайтын, ынтасыз болса да, әкімшілікке жағатын, мектепті күнкөріс көзі деп қана санайтын адамдар жиналған;
– бағдарлама бойынша жоспарланған сабақтар толық жүргізілмейтін;
– білім берудің орнына емтихан тапсырту алға шығарылған, оқыту үдерісі тест сұрақтарының жауаптарын автоматты жаттаумен алмастырылған мектеп.
Бұлардан өзге, жоғарыда аталған факторлар болмағанның өзінде, қазақтілді мектептердегі білім сапасының төмендеуіне әкеліп соқтырып отырған субстанциялық себеп бар. Ол – әдеби нормалары орнықпаған, тіл аномалиясы жағдайында қазақ тілінде берілетін дәрістің мазмұны оқушының санасына адекватты жеткізілмейтіні. Қазақ тілінде бағдарлама бойынша берілуге тиісті ғылыми ақпаратты ғылыми стильмен жеткізілмейді. Тіл аномалиясы жағдайында ғылыми білімдерді дұрыс жеткізу де, адекватты қабылдау да, білімнің сапасын көтеру де мүмкін емес.
* * *
Білім беру жүйесінде болып жатқан былықтар мен көзжұмбайлықтардың бәрінің тасасында сапасыз оқулықты қолына ұстаған, оқыта алмайтын және оқытқысы келмейтін мұғалім тұр. Орта және жоғары буындарға сабақ беретін мұғалімдер мұны байқамаған болады. Бұл туралы ашып айта алмайды. Айтса – өзі бәлеге қалады. Оған «өзің оқушыны оқыта алмайсың» деген кінә тағылады. Ол, шынайылығында, әділетті кіна болып шығар еді.
Мұғалімдердің бағдарламалық материалды оқушының санасына қалай жеткізетіні туралы пікірлер әр түрлі. Кейбір зерттеушілердің қорытулары бойынша, қазіргі мұғалімдердің интеллекті мен білім қорының деңгейі төмен. Өйткені, оларды дайындап шығарған оқытушы-профессорлар құрамының деңгейі сондай. Мектеп мұғалімінің баланы оқытқысы келмейтіні және оқыта алмайтыны сияқты, профессор да студентке – болашақ мұғалімге білім бергісі келмейді және бере алмайды. Қазір орашолақтың жаңа орашолақтарды дайындап шығару құбылысы көпсатылы сипат алып отыр. Оқушыдан Білім және ғылым министрлігінің департамент директорына дейінгі аралықта қызмет бабындағы асыра сілтеушіліктің, квалификацияның төмендігінің, моральдық-этикалық келеңсіздіктердің көп орын алуы орта және жоғары мектептерде ұстаздық кәсіптің игіліктілігінен айырылып, дискредитацияға ұшырағанының белгісіндей көрініс береді.