2.2 Семантикалық жүйе бірлігі және тілді меңгеру

2.2.1 Семантикалық жүйенің бірлігі деген не?

Семантикалық жүйенің бірлігі, бейнелеудегі форманың әр түрлілігіне қарамастан, тілдің бірлігіне бастап әкеледі.

Н. Конрад

Белгілі ғалым Н.И.Конрад адамдардың өзге ұлттың тілін игеру немесе игере алмауының себептерін былай түсіндіріп берген болатын: «Эллин дәуірінде римдіктер мен гректер бірі бірімен жақсы түсіністі. Оның себебі олардың көбі екі тілді білгендігінен ғана емес, екі халықтың да сол кезде интеллектілік дамудың бір баспалдағында тұрғанынан, олардың мәдениеттерінің біреу болғанынан. Сондықтан олар бірі бірінің тілдерін де тез үйреніп алатын болды. Орта ғасырларда корейлер мен жапондар қытайларды жақсы түсінетін, ол олардың қытай тілін біліп алғандығынан емес, олардың ойларының мазмұны қытайлардікіне ұқсастығынан мүмкін болды. Семантикалық жүйенің бірлігі оны бейнелеудегі форманың әр түрлілігіне қарамастан тілдің бірлігіне бастап әкелген» [51: 313].

Семантикалық жүйенің бірлігі деген не? Қазіргі қазақ тілінің семантикалық жүйесін заманауи орыстілді тіл үйренушінің ойлау және қабылдау ресурстарына қалай сәйкестендіруге болады?

Семантика – тіл білімдерінің бір саласы екендігі баршаға белгілі. Ол «лингвистік бірліктердің мағынасын (мазмұн жоспарын) табиғатын, олардың өзгеру себептерін, өзара әрекеттестігін зерттейді және маңыз, маңыздылық сөздерінің синонимі ретінде де қолданылады [3]. Семантикалық жүйе бірлігі – бұл сөйлемдегі сөздердің, тіркестердің, ФБ-лердің, әр тілде дыбысталуы әр тұрлі болуына қарамастан, мағыналарының бірлігі. Семантикалық жүйелердің бірдейлігі, мәтінді бір тілден екінші тілге аудару үдерісінде, әсіресе, семасиология тұрғысынан қарағанда, ақпараттың адекватты қолданылуын, жеткізілуін толық қамтамасыз етеді.

Қазір біз мынаған – орыс және қазақ тілдерінің семантикалық схемаларының үйлеспей қалуы жағдайына тіреліп отырмыз. Бұл орыс тілі индустриялы қоғамның нормаланған тіліне айналғанда, қазақ тілінің аграрлы қоғамның бейнелі тілі деңгейінде қалып отыруынан туындап отыр.

Сөйлемнің смантикалық құрылымы (ССҚ) – бұл сөйлемнің мазмұны, оның абстрактілі тілдік маңызы, көрініс беретін граммматикалық, индвидуалдық (лексикалық) маңыздылығы. ССҚ-ның аса маңызды құрауыштарының бірі оның құрылу схемасының мазмұны болып табылады.

Қазақ тілін стандарттау жұмысы жүргізілмегендіктен, сөзді аномал қолданушылардың әрекетінен оның семантикалық жүйесі қабынып кеткен.  Бұл қазақ тілтанушыларының полисемантизмнің соңынан түсуінің, бейнелілікті күшейту үшін троптарды шектен тыс қолдануының, сөз саптағанда аграрамматизм мен вербализмге бой ұруының салдары болып табылады. Бастауышы мен баяндауышы бар, тұрлаусыз мүшелері толық, дұрыс құрылымдық-семантикалық схемамен құрылған сөйлем қазақ тілінің сөз қолдану кеңістігінде іс жүзінде ұшыраспайды. Соның салдарынан қазақ мәтінін семантизациялау қиынға соғып отыр. Бұл құбылыс орыстілді бұқараның қазақ тілін үйрене алмай жүруінің мәнді себептерінің біріне айналып отыр.

Қазақ тілінің қолданылу практикасында жеке сөздердің, терминдердің, ерікті тіркестердің, фразеологиялық құрылымдардың көбі өздерінің төл мағыналық жүктемелерін арқалап жүрмейді. Олардың маңыз аларлық бөлігі тіл қолданыс үдерісінде кімнің аузынан шықса, соның санасындағы бұлдыр сұлабаға айнала салады. Айтушының датындағы мазмұн  тыңдаушының санасына барып түскен мазмұнмен сәйкесті бола бермейді. Ақпарат беруші мен оны қабылдаушы арасында толық түсіністік орнамайды. Қазақ тілінде семантикалық жүйе бірлігі орнықпағандығы осылардан көрініс береді.

Қазіргі қазақ тілі семантикасында қалыптан ауытқудың кең етек алуы салдарынан қате мен дұрыстың арасын ажыратудың өзі қиынға айналған. Бұл ахуал келтірілген мысалдарды түсініктемемен беру қажеттігін алға тартады. Дұрыстың арасында аз қате бірден көзге түсер еді. Ал қате көбейгенде оған реакция өзгереді, адамның көзі де, өзі де оған үйреншікті бола бастайды. Ақыры ол қатенің өзі дұрыс сияқты болып көрініп, адам дұрыс пен бұрысты ажырата алмай, бұзылған норманың өзін дұрыс деп қабылдайтындай күйге түседі. Сондықтан әр қатенің соңынан түсініктеме беріп отыруға тура келеді.

Қазақтілділер мен орыстілділердің қолданыстарындағы семантикалық жүйедегі айырмашылықтан олардың арасындағы интеллектілік-мәдени деңгейдегі айырмашылық туындап отыр. Әр тілде сөйлеушілердің бірінің тілін бірі түсінуі олардың интеллектілік-мәдени деңгейлерінің жақындығы негізіне құрылатынын байқау қиын емес. Орыстілді адамдардың рухани сұранысы қазақ тілінде жасалып жатқан туындылармен қанағаттандырылуы тиіс. Олай болмағанда, олардың мәдениеттерінің арасындағы айырмашылық тілді меңгере алмауының басты себептерінің бірі болып қала береді. Бұл құбылыстың сырын Н. И. Конрад былай тарқатып берген болатын: «Өзара қатынас жасауы үшін, бірлесіп әрекет етуі үшін адамдар қасындағы адамның тілін түсінуі керек. Қасындағысы қай тілде сөйлесе де, адамдар арасындағы түсіністік олардың интеллектілік деңгейлерінің, былайша айтқанда, мәдениеттері мен білімпаздығы деңгейлерінің бірдейлігі, тым болмағанда, жақындығы негізінде құрылады [51: 313].

Тілдің семантикалық жүйесінің бұзылуы – қазақ тілін үйрену және үйрету үдерісін қиындатып отырған негізгі факторлардың бірі. Бұл құбылыстың көрініс беру себептері ареалды лингвистика қағидаларына сүйене отырып ашылады.