2.1.6 Редупликациялық құрылымдар – тіл үйренуді қиындатушы фактор

Аграрлық қоғам жағдайындағы қазақ тiлiндегi сөз қолданыста бейнелiлiктi қамтамасыз ететiн кең таралған күшейткiш құралдардың бiрi қос сөздер деп аталатын күрделі редупликациялық құрылымдар (КРҚ) болып табылады.

Орыс тілінде күрделі редупликациялық құрылымдардың бірнеше түрлері бар. Мысалы, сөздің түбірін немесе өзін толығымен қосарлап айтатын құрылымдар: как-никак, всего-навсего, еле-еле, чуть-чуть, едва-едва,.. Күрделі сөздердің құрылымдық тұрпаттары: житье-бытье; молодо-зелено,.. Мұндай формалар двандва деп аталынады. Парные слова деп аталатын құрылымдардың ерекшелігі олар бір сөз екінші сөздің қолданылуын тілеп тұратын штамп-тіркестер түрінде көрініс береді: критика (резкая), проблема (назревшая), рубежи (новые),..

Индустриялы қоғамның әдеби тiлдерінде күрделі редупликациялық құрылымдарға қойылатын талаптар қазақ тіліне қойылатын талаптардан мүлдем бөлек. Оларда тілдің қораштықтан жетілуге қарай даму ұстанымдары бойынша тiлдiң түсiнiктiлiгiне, дәлдiгiне көлеңке түсiретін элементтер әдеби тіл корпусына енбейді. Индустриялы елдердiң қалыптасқан әдеби тiлдерiнде КРҚ ресми іс жүргізуден мүлдем шығып қалған, коллоквиализм санатында, көркем әдебиетте, бейресми ақпараттың өзінде өте сирек ұшырасады. (Бұл жерде сөз «әлеуметтік-экономикалық», «либерал-демократиялық», «тауар-ақша» тұрпаттас қосарланған құрылымдар туралы болып отырмағанын ескерте кету керек).

Қазақ тілінде қос сөздер деп аталатын тұрпаттардың орыс тіліндегі ұқсас құрылымдардан бірнеше мәнді айырмашылығы бар. Олардың бастысы – қазақ тiлiнде қос сөздер тұрмыс аясында ғана емес, ресми сөз қолданыста жиі ұшырасады және соңғы кездерде терминдер жасауға да қатысып, тiлдiң даму үдерiсiне де араласа бастады. Мұны құптарлық құбылыс деп қарауға болмайды. Қазiргi қазақ тiлiндегі қос сөздердiң көбеюi, өзге «күшейткіш факторлармен» қоса, қазақ тiлiн үйренуге қиын тiлге айналдырып отыр.

Ә. Болғанбаев пен А. Османованың тұрғысы бойынша «қос сөздер… құбылыстың, қимылдың әр түрлi қарым-қатынасында болатын көбею, еселеу, күшейту, саралау, бөлiну, топталу сияқты қимылды, жай-күйлердi я көбейтiп топ-тобымен, я бөлiп жiк-жiгiмен, я әсерлеп, саралап, сала-саласымен атап-анықтап, оның мағыналық жан-жақтылығы тiлдi икемдi, бай дәрежеге көтерiп, сол арқылы тiл жүйесiнiң мүмкiндiгiн арттыра түсiп, ойдың ең нәзiк реңктерiн бiлуге, күрделi ойды түйдектеп түсiндiруде ерекше қызмет атқарады» [43].

Бұл тұста алдымен авторлардың ақпарат беру стиліне көңіл аудара кеткен жөн. Бұдан тұрпатты ауыл лингвемасының – сөйлем деуге келмейтін, үзік және пунктирленген тіркестер тізбесінің үлгісін көруге болады. Осында келтірілген үзіндінің өзі 56 сөзден, оның жетеуі қос сөздерден тұрады. «Сөйлемнің» тұрлаулы, тұрлаусыз мүшелерін ажырату қиын. Мұндайды өзге тілге аудару да мүмкін емес. Авторлардың ойын ауыл қазағының өзі тұспалдап қана түсінетін болар. Мөлшермен: қос сөздер… ұйымдастырады, ерекшелейді, жіктейді, жинайды, әсірелейді, күшейтеді, еселейді,.. былайша айтқанда, өте жақсы деген сияқты.

КРҚ туралы айтқанда оларды қолдануды жақтаушылардың тағы да тарихи кезең және қоғамдық уклад факторын ескере алмай, өз тұрғыларын бұрынғыша, малды ауылдағы тұрмыс шеңберiнде ойлаудың салдары ретiнде ұсынып отырғаны байқалады. Олар ресми ақпаратта, оқушыға берiлетiн бiлiмде, ғылымда қос сөздердi қолданып, берiлетiн ақпаратты, аталған мамандар айтқандай, «көбейтуге», «еселеуге», «күшейтуге», «әсерлеуге» болмайтынын қаперiне алғысы келмейдi. Қос сөздерді жақтаушылар өмiрдiң тек қана жайлауда өтпейтiнiн, домбыра тартып, терме айтудан ғана тұрмайтынын түсiне алмайды.

Қазақ тілінде ұшырасатын редупликациялық құрылымдардың басым көпшілігі еліктеуіш сөздерден тұрады. Олар аң, құс, мал және табиғат құбылыстары (аққан су, соққан жел) шығарып жатқан дыбыстарды адамның ұқсастырып қайталауынан тұрады. Қыт-қыт, шиық-шиық, арсы-гүрсі, салдыр-гүлдыр, әлем-жәлем, әлекей-шәлекей, бырт-бырт, бор-бор, шолп-щолп, сылқ-сылқ, селк-селк,.. сияқты қос сөздердің мазмұны бұлдыр. Сөз қолданушының эмоциялық әсерінің дыбыстар түйдегімен берілуі формасындағы ақпарат адекватты бола алмайды.

Қазiргi қазақ тiлiнде қос сөздердiң көбеюi, өмiрлiк практикада жиы ұшырасатын нәрселердi, құбылыстарды, үдерiстердi атауға қолданылуы қазақ тiлiн жетілдірудің жолын бөгеген басты кедергiлердiң бiрiне айналуда. Қос сөздер аграрлық уклад тiлiне тән күшейткiш құрал болғандықтан, индустриялы қоғамда ақпарат беру және қабылдау үшiн қолданылатын тiлдегi нақтылық пен дәлдiктi қаматамасыз ете алмайды. Мағыналық жалпыламалылығымен, тайғанақтығымен, күңгiрттiгiмен даладағы малшының ойы мен әрекетiн бiрсыдырғы бере алғанымен, олар экономикалық айналыста, қала өнеркәсiбiнде, ғылымда, технологияда, тасымалда, қоғам өмiрiнiң өзге салаларындағы қолданыстарда мүлдем ерепейсiз әрi орашолақ. Қос сөздер миллиметр мен секундтiң мыңнан бір бөлігін есептеп шығару қажет болатын лабораториялар мен цехтарға ене алмайды, енсе – апат болады.

Ғылым, техника, технология салаларын былай қойғанда, КРҚ әлеуметтік-гуманитарлық мәтіндердің өздерінің мағынасын түсініксіз етіп, олардағы айтылар ойды күңгірттендіріп жібереді. КРҚ араласқан мәтінмен берілген ақпараттың мазмұны адресатқа толық жетпейді.

Мысалдар келтірейік:

Философ Т. Сәрсенбаевтың «Ұлттық сана-сезiм мен ұлттық қадiр-қасиет» деген кiтабы бар [46]. Кiтаптiң орысша атауы – «Национальное самосознание и национальное достоинство». Демек, бұл жерде «самосознаниенiң» қазақшасы «сана-сезiм», «достоинствоның» қазақшасы «қадiр-қасиет» болып, қоссөздетудің салдарынан мүлдем қате, оқырманды шатастыратын, мағыналық синхизис жасалған. Бұл – біріншіден. Екіншіден, әрқайсының өзiндiк айқын мағыналық жүктемесi бар сөздер («сана» – «сознание», «сезiм» – «чувство», «қадiр» – «достоинство», «қасиет» – «свойство») қосарланып, төрт сөз екi мағыналық жүктеменi алып жүруге жұмсалып отыр. Онсыз да, қазақ тілінің лексикалық қорының жұтаңдығы ескерілмей, үлкен ысырапшылдыққа жол берiлген. Үшіншіден, қазақтың нақты ұғымды білдіретін төрт сөзі жойылып, олардың орнына мағынасы күңгірт, айтуға ауыр, үйретуге қиын, екі қос сөз пайда болып, сонысымен қазақ тілін үйрету қиындатылды.

Н. Романова деген iзденушiнiң философиядан қорғаған кандидаттық диссертациясы «Политические аспекты процесса формирования и развития национального самосознания» деп аталады [47]. Қазақшаға «Ұлттық ой-сананың қалыптасуы мен дамуының саяси аспектiлерi» деп аударылған. Мұнда «самосознание» – «ой-сана» болып тұр.

Қазақша бiр ұғымның түрлі еңбектерде түрлiше аударылуы үрдіске айналып кеткен. «Сана» – мағынасы орнықты философиялық және жалпыпсихологиялық категория, тек адамға тән, айналадағы нағыздықтың психикалық шағылуының жоғары деңгейi. Ал орыс тiлiнiң түсiндiрме сөздiгi «самосознание – полное понимание самого себя, своего значения, своей роли в жизни, в обществе» [48] деп тәптiштейдi. Демек, индивидтiң өзi қайталанбас жүйе ретiнде қабылдаған, тұшынған, өзi туралы салыстырмалы тұрақты түсiнiгi, өзiндiк МЕН-нiң тұтас бейнесi. Қазақшаға бұл сөз «өзiндiк сана» деп аударылады. Бұл екi ұғымды шатастыруға да, теңестiруге де болмайтыны белгiлi.

Онсыз да қазақ тiлiнiң ғылыми сөздiк қоры көп емес, сондықтан, соңғы мысалда келтiрiлгендей, әр терминдi аударуға екi лексикалық белгіден жұмсау жомарттыққа жатпайтынын түсiну қиынға соқпаса керек едi.

* * *

Жоғары дамыған қоғамдардың лингвистикасында КРҚ әдеби тіл корпусына енбейді, коллоквиализмдер тобына енеді. Орыс тілінде олар ресми стиль мәтіндерінен мүлдем шығып қалған. Тек ауызекі сөйлесуде, кейде көркем әдебиетте, соның өзінде, өте сирек ұшырасады.

Қазақ тілінің қолданылу практикасында КРҚ термин жасауға да араласып жүр. Бірақ, ол адым аттаған сайын ерепейсіздіктерге соқтыруда. Мысалы,  миграцияны қос сөзбен – көшi-қон деп бекiтiп тастау әлеуметтанушы ғалымдарды абыржытып тастады. Олар «эмиграция», «иммиграция», «ремиграция» дегендердi қалай жазарын бiлмей аңтарылуда. Терминком «миграция» сөзіне қосылатын терминоэлементтерді (э, им, рэ) қолдану ережесін, «экөшi-қон», «имкөшi-қон», «рекөшi-қон» формаларын қолдануды ұсынған жоқ. Егер бұл түрленулердi бұрынғыша халықаралық термин күйiнде қалдырсақ, онда жалғыз «миграцияны» аударудан не қайыр?

Бұл тұста қазақтың түйесіне жүгін артып алып, жазда жайлауына, қыста қыстауына қарай маңып бара жатқанын ғана сипаттай алатын «көші-қонның» орапайсыздығы тағы алдыңнан шығады. Көші-қон – миграция аударылымы қабылданып жатқанда бұл терминнің эмиграция, иммиграция, ремиграция болып түрленуі қалай болады немесе ол аңдарға, құстарға, балықтарға қатысты қалай қолданылады деген сұрақтың туындамауы сол комиссияда білікті тілші ғалымның болмағанын айғақтаса керек. Осы арада аударма формасын ұсынған, бекіткен және оны дұрыс екен деп қолдап отырған ғалымдар мен жауапты қызметкерлердің ғалымдығы мен жауапкершілігі қандай деңгейде деген сұрақтың қойылуының жөні бар.

Терминді қолдан жасауға, ойдан шығаруға болмайды. Терминкомнің төрағасының немесе ғылымдағы беделдінің немесе қадірлі ақсақалдың  ырқына жіберілгеннен сәтті термин дүниеге келе қалмайды. Немесе сол сөз, сол мезетте, сол терминнің аудармасына келіп тұрған сияқты болып көрінгені үшін алына салуына жол беруге болмайды. Жаңа термин тілдің қоғамдық өмір аяларында қолданылу практикасы үдерісінде, тілдің даму логикасы мен заңдылықтары негізінде, қоғамның өркениет көшіндегі орнын ескере отырып жасалуы керек. Сол заңдылықтарға сүйене отырып, білікті ғалымдар мен саланың нағыз мамандары бірлесіп, аударманы іріктеп алуы керек.

* * *

Қазақ тiлiнде «түрлi-түстi телевидение» деген қолданыс бар. Бұл тек әсiрелеп, қосарлап сөйлеп үйренген әдеттен ғана туған. Осы қосардың бiрiншi сыңарын алып тастап, екiншiсiн ғана қолданған адамға ойы олқы соғып тұратын сияқты болып көрiнедi. Шындығында солай ма? Жоқ. «Түстi телевидение» дегеннiң «түрлi-түстi телевидение» дегеннен ешқандай мағыналық кемшiлiгi жоқ. Керiсiнше, пiшiндiк ықшамдыққа келiп, аударуға да, айтуға да жеңiлдiк әперейiн деп тұр. «Цветная металлургияны» «түстi металлургия» деп аударамыз. Сол сияқты «түстi фотография», «түстi фильм» деп қолдану да аударма логикасына сай болып шығар еді.

* * *

Аударма мәселесi де қазiргi қазақ тiлiнiң дамуы жағдайында өзектi болып табылады. Қазақ тiлiн тiл бiлмейтiндерге үйрету үшiн, экономикалық айналысқа енгiзу үшiн, ол тiлде жарияланған материалдарды дүние жүзiне таныстыру үшiн аударма жұмыстары талапқа сай деңгейде жүргiзiлуi қажет. Ал КРҚ-ның көбеюi аударма жұмысына үлкен кедергi келтiредi. Егер жоғарыда мысалға келтiрiлген «Ұлттық сана-сезiм, ұлттық қадiр-қасиет» дегендi компьютерге жазып, оның автоматты аудармасына салып жiберсеңiз бұл тiркестi «национальное сознание-чувство и национальное достоинство-свойство» деп аударып берген болар едi.

Ал Н.Романованың ой-санасын (осы пішіндегі құрылымды М. Мырзахметов те қолданған болатын: Қ.Ж.) қайта орысшалағанда мысль-сознание болып шығады. Қазақтілді еместер мұндай қолданысты қабылдай алмайды. Орыс тiлiнде осы қосарлаулар қандай өрескел естiлсе, қазақ тiлiнде де солай, әсiресе, ғылыми немесе өндiрiс стилімен сөйлейтін, категориялармен ойлайтын адам үшiн тым тұрпайы және түсініксіз болып шығады. Келтірілген қолданыстар ауылда тұрған, қазақтың «жалпақ тiлiмен», ережесiз сөйлеп үйренген адамдар үшiн ғана өз орнында болып көрiнуi мүмкiн.

* * *

Аграрлы қоғам тіліндегі қос сөздердің индустриялы қоғам тілінде ықшамдалып қолданылуы

Кесте № 6.

Аграрлық қоғамның бейнелi тiлi Индустриялы қоғамның орнықты тiлi
Ем-дом – лечение;

Бала-шаға – дети;

Бала-шағалар – дети;

Азық-түлiк – продукт;

Азық-түлiктер – продукты;

Дәрi-дәрмек – лекарство;

Дәрi-дәрмектер – лекарства;

Сауда-саттық – торговля;

Көйлек-көншек – платье.

Ем – лечение;

Бала – ребенок;

Балалар – дети;

Азық – продукт;

Азықтар – продукты;

Дәрi – лекарство;

Дәрiлер – лекарства;

Сауда – торговля;

Көйлек – платье.

Автоматты аударма мысалы:

Сана-сезiм – сознание-чувство;

Қадiр-қасиет – достоинство-свойство;

Ой-сана – мысль-сознание.

 

Автоматты аударма мысалы:

Сана – сознание;

Сезiм – чувство;

Қадiр – достоинство;

Қасиет – свойство;

Ой – мысль.

Бұл жердегi баса көңiл аударатын нәрсе – келтiрiлген сөздердiң екiншi мағынасыз сыңарларын қолдану қажеттiктен туып отырған жоқ. Бұл – аграрлық сананың шағылуы ретiндегi бейнелiлiктi ессiз дәрiптеуден туған плеонастикалық қойыртпақ. Келтірілген қос сөздердің екінші сыңарларының ешқандай арқалап жүрген мағыналық жүгi жоқ. Мысалдағы – дом, – шаға, -дәрмек, – түлiк, – саттық, – көншек агнонимдерін алып тастап, мағыналы сыңарларын ғана пайдаланғанда, айтар ой әлдеқайда анығырақ және дәлiрек болып шығады.

* * *

Мысал:

қалтақ-құлтақ 1) подр. качающейся, колеблющейся походке 2) перен. едва, кое-как

Қалтаң-қалтаң подр. качающейся, вертлявой походке старого человека, а также неуверенной детской походке

қалт-қалт подр. дрожащему, трясущемуся движению

қалт-құлт 1) подр. шатающейся, колеблющейся походке 2) перен.  едва, кое-как  [казахско-русский словарь: около 50 000 слов / Алматы: Дайк-Пресс. 2008].

Бұлардан басқа, аталған сөздікте осы мағынада қолданылатын төмендегі сөздер келтірілген: қалтақ, қалтақта, қалталақтау, қалтақтау, қалтаң, қалтыр, қалтырақ, қалтырақтату, қалтырақтау, қалтырау, қалшыл, қалшылдату, қалшылдау [сонда].

Осылай, адамның жүрісіндегі мығымдықтың болмауын білдіру үшін құрастырушылар 17 лексикалық білрікті, соның ішінде 4 КРҚ-ны қолданған. Мұның атын өңделмеген лексиканың тіл үйренуді қиындатушы факторға айналуы деп атауға болады.

  * * *

Бейнелi сөйлегеннiң жөнi осы екен деп, асыра, көпiрте, ұйқастыра, желдiрте сөйлеу әдетiнiң салдарынан үлкендi «үп-үлкен», кiшiнi «кiп-кiшкентай», мөлдiрдi «мөп-мөлдiр», тазаны «тап-таза» демесе, қазақтың көңiлi көншiмейді. Осы қолданыстағы «үп», «кiп», «мөп», «тап» қосарларының еш мағыналық мiндет атқарып тұрмағаны көрiнiп тұр.

Сыр өндiретiн заводта «қызыл», «қара»,  «сары»,  «көк» сөздерiн қолдануға қажеттiлiк бар. Ал оларды «қып-қызыл», «қап-қара»,  «сап-сары»,  «көкпең-көк» сияқты коннотациялық реңкпен, лепірте қолдану қажеттігі жоқ. Олардың алдыңғы келтiрiлген формалардан еш артықшылығы жоқ, керiсiнше, калькуляцияланатын тауардың – сырдың түсiн белгiлеу үшiн пайдалануға мүлдем келмейдi. Индустриялы қоғамның өзге аяларында да бұл сөздердi эмоциялық леп берiп (-қып, -қап,  -сап, -көкпең қосымшаларын қосып) қолдану тиiмдi де емес, шынайылыққа да жатпайды.

* * *

КРҚ-ның грамматикасы да өте қиын. Олардың жекеше, көпше болып түрленуi, оларға жалғанатын жалғаулар туралы ережелер өзгенi қойып, қазақтың өзi меңгере алмайтын қиындыққа апарып соқтыруда. Бұл жерде қазақ тiлiн ендi үйрене бастаған адамның алдына мынадай сұрақтар көлденеңдейтiн болады: қос сөздерге жалғау қалай жалғанады?; қос сөздердiң жекеше және көпше түрлерi қалай ажыратылады? (олардың жалпылағыш қасиеті көпше түрдің болуын қажет ете ме?, «азық-түлiк» көпше пiшiн бе, жекеше ме? Егер жекеше болса, көпшесi «азықтар-түлiктер» болып айтыла ма?).

КРҚ өздерінің түрленгіштігімен (алдыңғы сыңары күшейткіш немесе артқы сыңары күшейткіш; бір сыңары мағынасыз немесе екі сыңары да мағынасыз; екі сыңары екі сөзден тұратын немесе екі сыңары бір сөзді қайталаудан тұратын,..) айтуға да, жазуға да қиындық келтіреді. КРҚның қолданылу ережесі регламенттенбейді, ең бастысы, ақпаратты жеткізу үдерісінде мағынаны тұмшаландырып жібереді, тіл үйренуде қиындық тудырады.

КРҚ ғылыми-техникалық прогрестің табиғатына жат, экономикалық айналыс стилімен қабыспайды. Олар индустриялы қоғам тілінің конъюнктурасын сезінетіндей деңгейге жетпеген, ауыл адамының семантикалық қойыртпағымен көпіріп жүргендердің ғана қолайына жағады. Әдеби тіл жүйесінде КРҚ-ның болуын тілді алға бастырмайтын, тіл перспективасын жоққа шығаратын фактор ретінде қабылдау керек.

Индустриялы қоғамдардың тiлдерi грамматиканы мейiлiнше қарапайымдату бағытында дамиды. Демек, қос сөздердi айналыстан шығарып, оларды қарапайым формаға – бір морфемаға келтіріп қолданғанда тiл заманауи стильге түсіп, қолдануға да, үйренуге де жеңiлдей түсетін болады.

← КРҚ тiл үйренудi тым қиындатып жібереді. Қарапайым арифметикадан хабары бар адамға оны түсiну қиынға соқпайды. Қазақ тiлiн үйренгiсi келген адам мынадай қиындыққа тап болады: оған бiр сөздiң орнына – екi сөздi, екi сөздiң орнына – төрт сөздi, он сөздiң орнына – жиырма сөздi, жүз сөздiң орнына – екi жүз сөздi жаттауға тура келедi.

Онсыз да қазақ тiлiнiң ғылыми сөздiк қоры көп емес. Қазақ лексикасының маңыз аларлық кеңістігін эквивалентсіз қуыс құрайды. Соны көре тұра, бір терминдi аударуға екi лексикалық бiрлiктен жұмсаудың жомарттыққа жатпайтынын түсiну қиынға соқпаса керек едi.

* * *

Әдетте тiл үйренудiң қиын емес екенi белгiлi. Орта қабiлеттi адам бойындағы бар интеллект күшiн сарып етiп, маңыз аларлық уақытын жiбермей-ақ ана тiлiнен басқа екiншi тiлдi бiр жыл iшiнде, үшiншi тiлдi алты айда үйренiп ала алады. Ары қарай, тiлдi көп бiлген сайын жаңа тiлдi үйрену мерзiмi қысқара бередi. Ал қазақтар, мектепте орысша оқығандары ғана емес, өмiр бойы тыраштанып жүрiп ана тiлiн меңгере алмай кетедi, мықтағанда тұрмыстық стильмен қожыратып сөйлеген болады, орыс тiлiн бiлгендей деңгейге ешқашан жете алмайды. Бұл жерден тiлдi меңгере алмаудың себебiн үйренушiнiң интеллектуалдық қуаты шамасынан немесе физиологиялық кемшіндігінен iздеу нәтижеге жеткiзбейтiнi белгiлi.

Қазiргi Қазақстан жағдайында қазақ тiлiн оны бiлмейтiндерге үйрету аса өзектi болып, ұлттық мәдениет тағдыршешерлiк жағдайға тiрелiп тұрғанда, онсыз да қиын тiлдi одан ары қиындату, тiл үйренушiлерге жүз сөздiң орнына екi жүз сөздi үйренуге мәжбүр ету – жұмсартып айтқанда, қисынға келмейтін нәрсе. КРҚ-ны қорғаушылардың қазақ тiлiн үйренуге келмейтiндей қиындатуға тырысуын әрекетке автоматты қосылушылықтың, аграрлық сана деңгейiнде жұтаң ойлаудың салдары деп қана бағалауға болар.