2.1.2 Бейнелілік – аграрлы қоғам тілінің ерекшелігі
Академик Р. Сыздықова «қазақтың, жалпы түркi-моңғол тiлдерiнiң бiр құдiретi бейнелiлiгiнде» [40] деп жазды. Бұл – аталған зерттеушiнiң субъективтi пiкiрi ғана емес, Кеңес кезіндегі және қазіргі қазақ тiлшi ғалымдарының қазақ тiлiнiң «артықшылығы» және «ерекшелiгi» ретiнде қабылдап жүрген бағалаулары болатын. Фольклордың ықпалынан шыға алмай жүрген қазақтар арасында бейнелi сөйлеуге тырысу қастерлей ұстанатын сара бағыт ретiнде әлi қалмай келедi. Бұған ешкiм сын айтпайды, қарсы да шықпайды, керiсiнше, қазақ тiлiнiң «бейнелiлiгiн» әркiм кез келген ұрымтал тұста келтiрiп, «артықшылығын» дәлелдеп бағады. Қазақ лингвистикасында орын алған іргелі қате бағыттарының бірі осыдан бастау алады.
Бейнелiлiк құбылысының қазiргi қазақ тiлiнiң дамуына қатынасын айқындауды алдымен сол бейнелiлiк дегеннiң өзiнiң не екенiн түсiнiп алудан бастау керек. Классикалық түсiнiкте бейнелiлiк деп көркем әдебиет туындыларын жасаушының сипаттап отырған объектiнi, құбылысты, оқиғаны немесе кейiпкердiң әрекетiн шынайылықтан тыс, әсiрелеп көрсетуiн айтамыз. Ондай мақсатқа қол жеткiзу үшiн автор көркем әдебиет туындыларын жасағанда жеңiлдiк пен ыңғайлылық тудыратын, тiлдегі бейнелегiш құралдарды – троптарды (теңеулер, аллегориялар, гиперболалар, метафоралар, эпитеттер, литоталар) пайдаланады. Сөздерді астарлы мағынада қолдануға көбірек барады. Қазақ тілінде күшейткіш коннотациялық реңк беруге тырысушылар аталған троптармен қоса, редупликациялық құрылымдарды, синонимдерді, мақалдар мен мәтелдерді, елiктеуiш сөздерді қолдануға бейімдік танытады
Қазақ лингвистерінің ақсақалы Ә. Қайдаров бірде «қазақ тілінің ерке-бұлан қасиеті, бейнелеушілік, образдық табиғаты кез келген сөзді бұғау салып, термин етіп қолдана беруге көне бермейді» [11: 26] деген тезисін алға тартты. Бейнелі сөйлеуді бетке ұстау әдетінің жетегінде кеткен академиктің бұл тұжырымынан терминдердің оңбай жүруі тілші ғалымдардың зерттеулеріндегі дәйектіліктің жетіспеуінен емес, оған «көнбей» жүрген қазақ тілінің «асаулығынан» деген ой аңғарылады. Демек, бұдан ұғарымыз – өзге тілдердің «еркелігі» жоқ, «бұғау салдырады», термин жасауға «көнеді», ал қазақ тілі «көнбейді».
Қуырдаққа тойып алып, қымызға қанып алып, қыршаңқысына мініп алып, жайлаудан келген қазақтардың, жел диірменге қарсы шабуылға шығатын М. де Сервантестің кейіпкерінше, қаланың зәулім үйлері мен самаладай шамшырақтарына кіжінетін әрекеттерін қазақ арасында сирек ұшырасатын құбылыс еді деуге болмас. Ал донкихоттықты қазақ тіліне таңудың академик А. Қайдаровтан басқа ешкімнің қолынан келмейтінін екінің бірі біле ме екен? Академиктің коннотациясына сүйенсек, өзгелерден «ерке-бұландығымен», «бейнелеушілігімен», «бұғау салдырмайтындығымен», демек, «керемет асаулығымен», өзгелерден озық қасиеттерімен ерекшеленетін қазақ тілі маңдайы жарқырап, өркениеттің алдында, өзгелерден озып бара жатуы керек еді. Өкінішке орай, нағыздық мүлдем керісінше.
* * *
Р. Сыздықова ханым мен Ә. Қайдаров мырзаның тұрғысынан қарап, түркi-моңғол тiлдерiнiң, соның iшiнде қазақ тiлiнiң басқа тілдерден артықшылығы ретінде сипатталатын «бейнелiлiгiнен» туындаған «құдiреттiлiгiне» сенсек, қарапайым логика бiздiң алдымыздан мынадай сұрақтарды алға тартады: бiздiң тiлiмiз «бейнелiлiгiмен құдiреттi» болса, онда бейнелi бола алмағандықтан, құдiреттi бола алмай жүрген тiлдер қайсы? Мүмкін, «құдiретсiздердiң» қатарына ағылшын немесе орыс тiлдерiн жатқызуға болатын шығар. Бұл екеуінің алдымен ауызға ілігуін біздің үштілділік практикасын енгізуді көздеген ниетімізден туындаған деп түсіну керек болар.
Егер түркi-моңғол, соның iшiнде қазақ тiлi «бейнелiлiк құдiретiмен» ерекшеленетiн болса, онда, қисынға сай, мұндай тiлдерде көркемөнердiң теңдесi жоқ туындылары жасалып, бұл жағынан «бейнелi» болмағандықтан «құдiреттiлiкке» қол жеткiзе алмай жүрген Еуропа елдерiнiң тiлдерi қазақ прозасы мен поэзиясынан үлгi алуы керек қой. Бейнелi болмағандықтан, «құдіретсіз» болып қалған ағылшын немесе орыс тiлi көркемөнерде қазақ тiлi жеткен деңгейге жете алмаса керек едi. Өкінішке орай, бұл тезистің ғылыммен қоңсы қонбайтынына көз жеткізу қиын емес. Қазақ және ағылшын тiлдерiнiң көркем өнердi дамыту практикасы бұл тұжырымды растамайды, түсiнiк қандай кереғар болса, салдар да көңілдегіден сондай алшақ.
* * *
Заманауи лингвистика бейнелілікті тілдің ерекшелігі ретінде қарастыруды қуаттамайды. Отандық лингвистикада қағидаланып қалғандағыдай, бейнелiлiк қазақ тiлінің де ерекшелiгi бола алмайды. Бейнелiлiк – тiлдiң тарихи даму үдерісінде көрініс беретін, кезеңдік құбылыс. Дәлірек айтқанда, бейнелiлiк барлық тілдерге тән, бірақ олардың тек дамудың аграрлы баспалдағында болу кезеңінде айшықты көрініс береді. Былайша айтқанда, бейнелілікке үйірлік агарлы қоғам адамының лингвемасының ерекшелігі.
Барлық индустриялы қоғамдар даму сатысының аграрлық баспалдағында болған. Сол баспалдақта өмiр сүрген кездерiнде ол қоғамдағы тiлдердiң бәрiнде бейнелiлiкке үйiрлiк көрiнiс берген. Қазiргi техника мен ақпараттық технология үстемдiк еткен постиндустриялы заманның «қасаң» тiлiнде сөйлейтiн ағылшындардың өздерi де аграрлық қоғамда өмiр сүрiп жатқан кезде ойларын бейнелеп жеткiзуге құштарлық танытқан, күшейткiш тiлдiк құралдарды көп қолданған. Оны Ф. Бэкон былай сипаттаған: «Бiлiмнiң әлi аз кезiнде, ғылымның әлсiз шағында, қазiр жалпыға танымал және жауыр болып отырған түсiнiктер әдеттегiден тыс, оғаш көрiнiп, сирек естiлiп жүрген уақыттарда адым аттаған сайын метафоралар мен теңеулер естiлушi едi» [41: 331]. Аталған ғалымның XVI-XVII ғасырлар аралығында өмiр сүргенi белгiлi. Бұл – Англияның қоғам дамуының аграрлықтан индустриялы сатысына өтiп жатқан, өнеркәсiп пен ғылымның дамуы қарқын алған шағы болатын. Сол заманда ағылшын тілін стандарттау жұмыстары жүргізілген.
Дамудың кезеңдік тұжырымдамасы бойынша, тілдердің өркениеттің даму баспалдақтарындағы қолданылу практикасына қарап отырып, қай елдiң тiлi болса да, бәрiне бiрдей, дамуының белгiлi кезеңінде әмбебап құбылыстарды басынан кешiретiн көруге болады. Солардың бiрi – қоғамдық укладтың тiл қолданысқа әсерiне қатысты. Өмiрдің қарқыны мен қоғамдық еңбектің интенсивтiлiгiнiң аграрлық қоғамда төмен, ал индустриялы қоғамда жоғары болуының тiл қолдануға да тиiсiнше әсерi болады: бiрiншi жағдайда (ауыл қоғамы лингвемасында) тiл бейнелiлiкке бейiмдiк танытады, полисемантизмге жол береді, екiншiсiнде (қала қоғамы лингвемасында) дәлдiк пен қысқалық үстемдiк құрады. Бұған қатысты аталған ағылшын ғұламасы мынадай мысал келтiредi: «гректер күрделi сөздердi қолдануға үйiр болған. Римдiктер, керiсiнше, бұл тұрғыда қатаңдық сақтаған. Бұдан мынадай қорытынды шығаруға болады: гректер өнермен айналысуға, римдiктер болса, практикалық қызметке үйiрлiк танытты. Екеуiнiң арасындағы айырма мынада – өнер күрделi сөздердi талап етедi, ал қауырт iске толы өмiрде қарапайым сөздер қолайлы [41: 319]. Одан ары Ф.Бэкон «ежелгi тiлдерде септеулер, көптеулер, жiктеулер, уақытқа бөлулер көп болатынын, ал қазiргi тiлдер олардан дерлiктей арылып келе жатқанын, көпшiлiк жағдайда олардың орнына предлогтар мен қосымша етiстiктер қолданылатынын» байқаған еді [41: 320].
Индустриялы қоғамда ақпарат алмасуда тiлдiк күшейткiш элементтердi пайдаланып, ойды бейнелеп жеткiзуге тырысу жаппай қабылданатын құбылыс бола алмайды. Онда, керісінше, бейнелілікті сақтауға тырысу – тілді тығырыққа тіреудің бірден бір жолы болып шығады.
Тілдің даму динамикасы қоғамдық укладтың дамуымен үйлесімді болуы керек. Қазақстан қоғамы мен қазақ тілінің арасындағы деидентификацияның салдары көзге ұрып көрініп тұр. Аграрлы қоғамға тән сипаттамаларымен өмір сүріп келген қазақ тілі индустриялы қоғамдық укладпен үйлесе алмаудан зардап шегуде. Тіл «өгей» қоғамға бейімделе алмай сарсаңға ұрынуда. Бұл құбылыс түрлі ұрпақ өкілдерінің сөз қолданысындағы айырмашылықтан көрініс тауып отыр. Атасының тілін немересі түсіне алмай қалатын жағдайлар осыдан туып отыр.
Қазақ тілі қазір XVI ғасырдағы аграрлықтан индустриялы баспалдаққа ауысар шағындағы ағылшын тілі басынан кешіргендегідей ахуалға тап болып отыр. Қазақ тілін аграрлы қоғамның шектеулілігінен құтылдырып, индустриялы қоғамға телу үшін, оны ағылшын тілінің тәжірибелеріне сүйене отырып, стандарттау керек.