ҚОРЫТЫНДЫ

ШЕШІЛМЕЙТІН ТҮЙІН ЖОҚ

Қазақ тілін мемлекеттік мәртебесіне сай дамыту нысаналары

Тілді жарияланған мәртебесіне сай міндеттерін атқаратындай межеге жеткізу үшін белгілі бір шарттар мен жағдайлар керек. Олардың бастыларына мыналарды жатқызуға болады:

– биліктің тәуелсіз тіл саясатын жүргізуге қабілеттілігі;

– тілді дамытудың ғылыми негізделген тұжырымдамасын жасайтын интеллектілі күш;

– тіл саясатын жүзеге асыруға қажетті экономикалық ресурстың жеткіліктілігі;

– мемлекет жүргізіп отырған тіл саясатын қоғамдағы саяси-әлеуметтік күштердің, бұқара өкілдерінің қолдауы.

Қазіргі Қазақстан жағдайында қазақ тілін жарияланған мәртебесіне сай, көпқырлы функциясын толық атқара алатын деңгейге жеткізуге қажетті мүмкіндіктер бар. Қазақстан билігі тәуелсіз тіл саясатын жүргізуге қабілетті, елдің экономикасы осы бағыттағы жобаларды қаржыландыра алады, қоғамдағы саяси күштердің, түрлі әлеуметтік топтардың ешқайсысы мемлекеттік тілді дамытуға қарсы шыға қоймайды.

Осы уақытқа дейін тіл мәселесінің шешілуіне кедергі болып келген бір ғана фактор болды. Ол – индустриялы қоғам шынайылығын ескере отырып, тілді дамытудың ғылыми негізделген тұжырымдамасы жасалмауы. Ал қазіргі жағдайда бұл мәселенің де шешілмейтін түйін емес екенін нық сеніммен айта аламыз.

Қазір қазақ тілін мемлекеттік тiл ретiнде дамытудың жаңа тұжырымдамасы бар. Ол тұжырымдама Батыс ғалымдары жүздеген жылдар бойы зерттеп, қорытып шығарған, индустриялы қоғамда тілді дамыту теориялары мен оны іс жүзінде қолдану практикасын негізге ала отырып, заманауи лингвистика мен философия ғылымдарының жетістіктеріне сүйене отырып жасалған. Жаңа тұжырымдама тілдің тығырыққа тірелуінің конститутивтік-онтологиялық, сыртқы-лингвистикалық және өзге объективті себептерін ашып береді және бар интеллектілі күшті төмендегідей екі нысананы көздеп жұмыс жүргізуге бағыттайды:

а) тiл грамматикасын оның өзiнiң iшкi заңдылықтарына сай жетiлдiру және оны индустриялы қоғам жағдайына бейiмдеу;

ә) тiл философиясының қағидаларына сүйене отырып, тiлдi сыртқы дүниемен кіріктіру.