I бөлім. ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ҚАЗІРГІ КҮЙІ ЖӘНЕ ҚЫЗМЕТІ
I тарау. ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ КҮЙІН ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ-ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ТАЛДАУ
Мен өз отанымды қамшылаймын, оны қынжылтамын, намысына тиемiн. Осының бәрiн тек оны алдамау үшiн жасаймын.
П. Чаадаев
1.1 Аномалиялы қолданыс тілі
Жібекті түте алмаған жүн қылады.
Қазақ мақалы
Қазақ тiлiнiң ауқымды дағдарысының мәнiн тарихқа ретроспективтi шолу жасай отырып түсінуге болады.
Қазақ тiлi XIX ғасырдың екiншi жартысына дейiн қазақ қоғамымен бiртұтас, оның аграрлық болмысына сәйкес дамыды. Оның тоқырауы Қазақстанның Ресейге толық бағыныштылыққа түсуiмен және орыс тiлiнiң келіп, таралуымен байланысты болды. Орыс тiлiнiң экспансиясына Үкімет тарапынан толық жағдай жсалуы қазақ тiлiнiң өмiр сүру ареалын тарылтып жіберді. Қоғамда орыс тілінің ықпалы артқан сайын қазақ тілінің бұқаралық санаға әсері кеми берді.
Бұрынғы Кеңес Одағы XX ғасырдың 20 жылдарынан бастап халық шаруашылығын индустрияландыру бағытын ұстанғаны белгілі. Ол кезде метрополияның тілі өзге халықтардың тілдеріне қарағанда үстемдік жағдайда болды. Индустриялы қоғамның әдеби тіліне айналған орыс тілінде халықтың басым көпшілігі сөйледі. Осы тарихи кезеңнен бастап қазақ тілі қоғамдық-экономикалық өмірден, әкімшілік іс жүргізуден шеттетілді. Тіпті өз аумағында орыс тілімен бәсекелестік қабілетін жоғалтты. Осылай, Қазақстан қоғамы дамудың индустриялы басқышына көтерілгенде, қазақ тілі аграрлы қоғамға тән сипаттамаларымен қалып қойды. Қазақ тілі өнеркәсiпте, ғылым мен техникада мүлдем қолданылмайтын, саясатта, мәдениет пен бiлiм салаларында iшiнара ғана қолданылатын күйге түсті. Тілдің бұдан былайғы тағдыры өркениеттің омырылуының салдары ретінде көрініс беретін Қазақстан қоғамы мен қазақ тілі арасындағы деидентификация құбылысымен айқындалды. Және осы құбылыс кейін қазақ ұлты мен қазақ тілін ауыр дағдарысқа апарып тіреді.
Иә, қазақ тілінде жергілікті ұлт өкілдері сөйледі. Бұл тілде де мәдениет туындылары жасалып, бұқаралық ақпарат таратылып, мектептерде сабақ беріліп жатты. Бірақ бұлардың бәрі автохтонды ұлт өкілдері қоныстанған анклавтағы, тілдің шектеулі қолданылуының ғана көрінісі болатын.
Өткен ғасырдың алғашқы онжылдықтарынан бастап қазақ тiлiнде әлiппелер, грамматикалар және өзге оқу құралдары шыға бастады. Тiлдiң жүйелi грамматикасын жасау iстерінiң басында А. Байтұрсынов, Қ. Жұбанов, Х. Досмұхамедов секiлдi iрi қайраткерлер тұрды. Қазақ тілінің қызметін жолға қою бағытындағы жетістіктер Орта Азияның түріктанушыларының ғылыми ізденістеріне де үлгі болды. Қазақ ғалымдары грамматиканың түрлi салалары мен бағыттары бойынша зерттеу еңбектерiн жүргiздi. 50 жылдарға дейінгі кезеңде, шектеулі жағдайда болса да, тілді дамыту бағыттарында елеулі жетістіктер де болды. Бірақ, 60 жылдары қазақ тілін дамыту теориясы жалғасын таба алмады. Лингвистика Қазақстанда ғылым ретінде тығырыққа тірелді. Большевиктік тіл саясаты қазақ тілінің дамуына үлкен тосқауыл қойды. Саяси қуғындар тiл мәселелерiмен айналысатын ғалымдарды да сырт қалдырмаған еді. Олардың көбі сонау 30-жылдары-ақ опат болып кеткен болатын. Тілді дамыту теориясын жасайтын күш әлсіреп қалды. Қазақстанда лингвистика ғылым ретінде тоқырауға ұшырады. Большевиктердiң тiл саясатында ұстанған кесірлі бағыттары қазақ тiлiнiң де дамуын тығырыққа әкеп тiремей қоймады.
Коммунист идеологтар билік ресурстарын пайдаланып, қазақ тілінің дамуына күрделі тосқауыл қойып отырды. Оның айқын мысалы ретінде төмендегі жағдайды келтіруге болады. 1958 жылы Қазақстанда «Қазақ тiлi мен әдебиетi» ғылыми-әдiстемелiк журналы шыға бастаған болатын. Әдетте, салалық шаруашылық басылымдарын шығару құзiретi Республиканың өз қарауында болса да, дәл осы басылымға қатысты шешiмдi Мәскеу шығарып, екi-үш саны шыққан соң жаптырып тастады [1: 77]. Себеп айқын: ғылыми журнал шыққан соң қазақ тiлiнiң мәселелерi ғылыми-теориялық деңгейде зерттеле бастайды, оның арты тiлге, тиiсiнше, мәдениетке, көркем өнерге, мектептегi бiлiм беруге, тiлдiң саясатта, әлеуметтiк өмiрде, экономикалық айналыста қолданылуына қатысты мәселелер түйдегiмен көтерiлетiн жағдайға алып келеді. Ары қарай оның салдары бұл мәселелердiң шешiлуiн талап етуге апарып тiрейдi. Бұл коммунист идеологтардың қазақ тiлiне қатысты жүргiзiп отырған жою саясатына қайшы келеді. Ал тiлдi ғылыми-теориялық зерттеусiз қалдырып, оның өзекті мәселелеріне көңіл аудармай, практикалық ағыспен қоя бергенде, ол бiртiндеп шаруашылықтағы және басқа салалардағы айналыстан шығып қалады, өзiнен өзi жойылады. Ал тілдің гуманитарлы салалардағы ішінара қызметі оның мемлекеттік тіл ретінде толыққанды қолданылуын қамтамасыз ете алмайды, стагнацияға өзі барып тіреледі. Кеңестік әкімшіліктің ғылымға сүйенген есебі дәл болды, Қазақстан Кеңес Одағының құрамында бола берсе, бұл бағыт толығымен іс жүзінде ақталар еді.
КСРО-да 1962 жылы коммунизм құру бағдарламасы қабылданып, «адамдардың жаңа қауымдастығы – Кеңес халқы» құрылғаны, келешекте «ұлттардың қосылатыны» туралы тезистер күшіне енгеннен кейін, зиялы қауымның қазақ тілін дамытуға бағытталған әрекеттерінен еш нәтиже шықпайтын болды. Бұл бағыттағы әрекеттерінің бәрінің алдынан тосқауыл күтіп тұрды. Кеңес билігінің қазақ халқының тілдік сәйкестігін болдырмау саясаты XX ғасырдың 80 жылдарының аяғына дейін жалғасын тауып келді.
Қазақстан қоғамы дамудың индустриялы басқышына көтерілгенде, қазақтардың басым көпшілігінің ауылды елді мекендерге жайғасып қалуы қоғам мен тіл арасындағы деидентификация құбылысына ұрындырды. Қазақ тілі ауыл социумы лингвемасы сапасында ғана өмір сүруге мәжбүр болды. Тілдің ауқымды дағдарысы осыдан басталды. Ауыл тұрмысы аясындағы бақылаусыз қолданыста тіл ережелерінің сақталуы мүмкін емес еді. Аграрлы қоғам жағдайына лайықталып жасалған тіл грамматикасы сыр берді, тіл ережелері жиі бұзылатын болды. Кейінірек орындалмайтын ережелер пайда болды. Ақпараттық технология жетілдіріліп, қазақ ауылдарына жеткен орыс тілі контентінің көлемі ұлғайған сайын қазақша тіл қолдануышлар индустриялы қоғам тынысын айқындайтын сөздердің эквиваленті болмағандықтан, олардың орысшасын айтуға табиғи бейімдік танытатын болды. Осылай қазақша-орысша гибрид форма дүниеге келді. Сол кезден бастап қазақ тіліндегі сөз қолданысты аномалиялық форма толық иектеп алды.
Бұл тілді дамытудың тұжырымдамалық келісі болмауынан, дәлірек айтқанда, автохтонды ұлттың тілін жоюға бағытталған ғылыми шаралардың салдарынан туындаған, ыдыраудың логикалық үдерісі еді.
Әрине, қазақ лингвистері қол қусырып, қарап отырмады. Тілдің өздері өзекті деп таныған бір қатар мәселелерімен айналысып бақты. Әдеби тіл және оның тарихы төңірегінде ұзақ уақыт пікірталас жүргізді. Кейірірек терминдерді аудару жөнінде талқылаулар жасады, арнайы журнал да шығарды. «Филология» сериясы бойынша Қазақ КСР ҒА-ның хабаршысы» шығып тұрды. Докторлық және кандидаттық диссертациялар да көп қорғалды. Қалың монографиялар да жазылып жатты. Сөздіктер құрастырылды. Оқулықтар жазылып, үнемі қайта басылып жатты.
Алайда, ғалымдардың ұзаққа созылған пікірталастары нәтиже көрсете алмады. Тілдің даму жолын айқындайтын ғылыми дәйекті тұжырым пішінделмеді. Көптомдық еңбектердің салмағы мазмұндағы тереңдікке ұласпады. Тілді дамыту мәселелерін шешуге қатысты нақты шешімдер қабылданбады, ортақ көзқарас орнықтырылмады. Әдеби тілдің айқындамасы қорытылып шығарылмады, оның критерийлері айқындалмады. Долбарлар аспанда қалқып жүрді. Алға қойылған мәселелердің ешқайсысы ғылыми байыбын таппады. Мұның түпкілікті себебі мынада еді: тілші ғалымдар Қазақстанның автохтонды халқының тілін жоюға бағытталған идеология шеңберінде «лингвистік зерттеулерін» жүргізді, соларымен нандарын тауып жеді. Қазір ғалымдардың сырттай қызу көрінген әрекеттері түгелдей сол кездегі ана тіліне қарсы бағытталған мағынадағы қарбалас болғандығы айқын болып отыр.
ХХ ғасырдың 70-80 жылдарында да қазақ тілінің грамматикасы уақыт талаптары ескерілмеген, индустриялы қоғамның жағдайларына бейімделмеген күйде қала берді. «Индустрияланбаған» грамматикамен әрекет етуге тырысқан тілдің ережелерінің бұзылуы және оларды қате түсіндіру үрдіске айналды. Тоқырау кезеңінде ғана емес, Кеңестен кейінгі кезеңде де, қазақ грамматикасында қайшылықты қағидалар, екiұшты, тайғанақ, түсінікті пішінделмеген, бұлдыр ережелер бүрынғыша қаптап жүрді. Сол кезде белең алған бұл құбылыс – тілді ауыл анклавы шеңберінде, ғылыми теріс стратегиямен, стихиялы ағысқа жіберу – оның маргиналдық қолданыстағы күйде қала беруіне әкеліп соқтырды.
Әдеби стильдердің дұрыс ажыратылмауынан, сөйлеудің үлгісін көрсетуге тиісті тіл мамандарының, журналистер мен жазуышлардың өздері ресми ақпаратты бейресми стильде көпірте беретін болды. Олардың сөздерінде коллоквиализмдер толып жүрді. Лингвистика ғылымы тіл қолдану практикасын бақылаудан айырылып қалғаннан кейін, қазақ тілінде берілуге тиісті ресми ақпаратта, педагогикалық әдебиетте, көркем өнер шығармаларында бейресми стиль үстемдігін толық орнатты және бұл құбылыс барлық жерде, тез қанат жайып, өкпшілік қабылдаған нормаға айналып кетті.
Қазіргі қазақ тілінде ақпарат алмасу кеңістігі тіл девиациясы элементтерінің толық иектеп алуымен ерекшеленеді. Олардың ішінде жиі көрініс беретіні сөз қолдану практиткасында синтаксистік қателердің орын алуы болып табылады. Синтаксистік ауытқу көпшілік жағдайда пунктир формасында сөз қолданыстан көрініс береді: ақпарат беруші сөйлемін дұрыс құра алмай қиналады, ойын жалғастыра алмай тұрып қалады, үздік тіркестерді тізеді. Бастаған ойын аяқтамай, екінші, одан үшінші ойға ауысып кетеді. Ақыры сөйлеуші басы жоқ, басы болса аяғы жоқ, аяғы болса баяны жоқ, қойыртпақпен белгілі бір жерге барып тоқтайды. Қазіргі қазақ тілінде сөз қолдану кеңістігінде бастауышы мен баяндауышы бар, тұрлаусыз мүшелері де толық, аяқталған семантикалық-құрылымдық схемаға құрылған, толыққанды сөйлем табылмайды.
Синтаксистік ауытқулар ақпарат берушінің байланыссыз, логикадан жырақ жатқан датындағы аграмматизм, амфиболия (қолданыс үдерісінде сөздердің орналасуына байланысты екіжақты мағына беруі, ұғымдарды алмастыру, түрлі мағынада қолдану), гипербат формаларында ұшырасады. Сөйлеушінің датында сөз бұрмалаудың толық шоғыры – паразит сөздер, будандар (түрлі тілдерден алынған қосынды), тавтология, палимфраздар, перегринизмдер, плеонастикалық тізбектер, сөзге дұрыс жалғанбаған аффикстер,.. әр жерден төбе көрсетіп отырады. Ақпарат беруші тіркестерді шатастырып, төпелеп, төге береді. Ресими ақпарат тарату үдерісінде коллоквиализмдерді (тек бейресми аяда қолданылатын сөздер), непотизмдерді (лингвистикада туыстық қатынастарды білдіретін сөздер), күрделі редупликациялық құрылымдарды, конфликтогендерді, зоонимикалық демеуліктерді қолдану үйреншікті әдет болып кеткен. Орфоэпикалық талаптардың орындалмауы тыңдаушының құлағын тесер факторға айналған. Мұндай келеңсіз құбылыстар ауызша сөз қолдануда ғана емес, жазбаша мәтінде де, соның ішінде тіл мамандары мен журналистердің қолданыстарында да үнемі ұшырасып отырады.
* * *
Тіл ережелерінің жетілдірілмеуінің салдарынан ұшырасатын кемшіліктер:
1-мысал: Аббревиатура жасау және оны ауызша айту ережелерi бiрiздi болмады: АҚШ – қазақшадан, Америка Құрама Штаттары дегеннен, ПНР – орысшадан (Польская Народная республика) қысқартылды. Қытай Халық республикасының атын қысқарту кейде қазақшадан (ҚХР), кейде орысшадан (КНР) аралас алынып жүрдi. Кеңестік идеолектілер СССР, КПСС – орысшадан қысқартылды.
Аббревиатураларға жалғаулар жалғауда да реттілік болмады, қазiр де жоқ. Бұрынғы бiр ереже қиындатылып, қазiр екi ереже болды. Егер аббревиатура қазақша болса, жалғау оны құрайтын соңғы сөзге, ал өзге тiлде болса, аббревиатура тұтас сөз ретінде алынып, әріп-дыбыс құрылымына жалғанатын болды.
* * *
2-мысал: Бiрiккен сөздерге қатысты ережелер бұрыннан бiрiздiлiкке түспей келе жатыр едi. Зерттеушi М.Балақаев кезiнде «Бiрiккен сөздердiң жазылуы жылдан жылға бұзылып барады. Мұның себебi, бiрiншiден, баспа қызметкерлерi дұрыс жазуды құнттамауынан, екiншiден, ережелердің тайғанақтығынан» екендiгiн айтқан болатын [2: 51]. Қазiр де сол үдерiс жалғасуда. Қазақ тіліндегі күрделі сөздерге қатысты ережелердi түсiну де, түсіндіру де бұрынғыдан қиындап кетті. Жүздеген сөздердi әркiм еркiне қарай, кейде бiрге, кейде бөлек жазады.
Шет ел – шетел; бүкiл одақтық – бүкiлодақтық; дүние жүзiлiк – дүниежүзiлiк; iзгi ниеттiлiк – iзгiниеттiлiк; түп нұсқа – түпнұсқа; бiр сыпыра – бiрсыпыра,.. «Алатау», «Оқжетпес» сияқты бiрiккен сөздерден жасалған атаулардың арасына дефис қойып жазу сәнге айналған. «Қарағаш» бiрiктірілiп жазылғанда, «Сары ағаш» бөлек жазылады. Қазақ тiлiнде ұлттар мен халықтардың аттары кiшi әрiптен жазылғанда, ру аттары бас әрiптен жазылады.
* * *
3-мысал: Қазақ тiлiнде соңғы буынында «ы» әрпi келетiн түбiр сөзге тәуелдiк жалғауының үшiншi жағы жалғанғанда аталған әрiп түсiп қалады деген ереже бар.
Ол ереже бойынша жалғаулар жалғағанда «ауыл» – «аулы», «халық» – «халқы», «парық» – «парқы», «дауыс» – «даусы» пiшiнiне келуi керек. Алайда, бұл ережеге бағынбайтын, мысалы, «дауыл», «салық», «нарық», «жарық», «сауыр», «ырыс», «шығыс» сияқты жүздеген сөздер бар. Оларды ешкiм де, ешқашан да, аталған ережеге салып, «даулы», «салқы», «нарқы», «жарқы», «сауры», «ырсы», «шығсы» деп қолданбайды.
* * *
Тіл қолдану практикасында ұшырасатын ауытқулар:
Қазақ тiлiнде ақпарат алмасушылар арасында кең етек алған құбылыс –синтаксистiк қателер. Оның жиі ұшырасатын белгiлерiнің бiрі – логикалық байланысы үзіліп қалып отыратын тiркестермен – пунктирмен сөйлеу. Мұндайда ақпарат берушінің сөйлемiнің бастауышы, тұрлаулы және тұрлаусыз мүшелерi, баяндауышы толық болмайды. Сөйлем тиянақты ойды бiлдiрмейдi, ұзын сонар, байланыссыз, кейде мағынасыз сөздер мен тiркестердiң жиынтығы болып шығады. Мысалдар:
1- мысал (режиссердiң қазақ тележурналисiне берген сұхбатынан):
– Мынау мен тоқсан үшiншi жылы … со жылы… сол кезде мынау театрдың адамдары кейбiр ендi менi жақсы көретiн мына ковычкада… сол… iс қозғап… өзi мынау бiз не боп бара жатырмыз осы… Әбеке осы… сiз мүмкiн кетесiз… Өйткенi мен байқадым… бүкiл ресторанның… ә… театрдың ресторандар ашылып… анау мебельдер сатыла бастады театрдың iшiнде… Нну… Общим… Нарық заманы басталып келедi деген сөз-ғой… Бiрақ нарық осылай келатқан кезде… Ендi қалай мен тастаймын или қоямын егерде Абайды, Ғабит Мүсiреповтың шығармалары, Тахауи Ахтановтың шығармалары… Басқа.. Сәкен Жүнiсовтың, тағы басқа драматургтердiң шығармаларын мен қалай қоямын… Егер де сол нарық… Әлгi… Экономик… сол келсе осы театрға… не болып кеттi өзi… Қазiр бәрi сату, сату, сатып алу… сол.. Ол қандай искусство болады? Содан мен кетуге мәжбүр болсам…
Сонда мен газеттерге жазған бiр мақала бар… Жаңағы Асқардың айтқан сөздерi… «Әй қайда сенiң жазушыларың, драматургтерiң, сендердiң пьесаларыңды қойдым… Сендер неге үндемейсiңдер? Мен осындай жұмыссыз жүрмiн деген сөздi… Сонда бiреуi солар қимылдаған жоқ…
Өзiнiң спектаклiн көрсетiп жатыр, оның үстiне мынау… «Бiржан-Сарамен²… Оны да жұрт көрiп жатыр… Содан кейiн мынау институт ашуымыз керек… Соны ендi Айман Мусаходжаева дейтiн академияның… музыкасы бар-ғой… сол ендi ол ректор-ғой… Сол Айман көмектесiп сол төңiрегiнде өнер факультетiн ашпақ… Қазiр орыс труппасы бар… Қазақ труппасы бар… Соларға дайындық… Төрт жылдан кейiн актер болып шығады… Ол үшiн тағы да режиссерларды дайындап жатыр… Содан маған үлкен қазiр жұмыс келдi… Соған мен өзiм… президенттiң бүгiнгi жаңа саясатын… қабылдауында болдым… Сонда сол айтқан… Бәрi бiздiң искусство оянып, өсiп жатыр… Қандай жақсы спектакльдер алып келдiң мына фестивальдарға…
1 – мысалға түсiнiк: Сұхбат сөз қолданудың пунктирлі формасымен берілген. Сөйлеушi айтар ойын жеткiзе алмай кiбiртiктей бередi. Әр сөзден, тiркестен кейiн сөйлеушi ары қарай ойын қалай жалғастырарын бiлмей тұрып қалып, ыңқылдап, тұтығып, содан кейiн басқа бірдеңелерге ауысып кетеді – екiншi, үшiншi, келесi ой ұшқындарына көшіп отырады, ақыры ешқайсысына да тиянақтамай, ұзын сонар мағынасыз сөздердің жиынтығын бередi. Тiркестердiң өзi көбiнесе ауытқыған формадағы мағынасыз тiзбелерден (Әбеке осы… сiз мүмкiн кетесiз… Өйткенi мен байқадым… Егер де сол нарық… Әлгi… Экономик… сол келсе осы театрға… не болып кеттi өзi…), кейде будан қосақтардан (менi жақсы көретiн мына ковычкада… искусство оянып,.. Нну… Общим…), кейде жалғауы дұрыс жалғанбаған сөздерден (болады ма, келатқан,..) тұрады.
Бұл – қазiргi қазақ тiлiне тән, тұрпатты тұрмыстық қойыртпақтың үлгiсi. Сөйлеушi ресми, соның iшiнде саяси-публицистикалық стильдi бiлмейдi, өзiнiң бүкiл ел алдына шығып, сұхбат берiп отырғанын, тiлдiк жауапекершiлiктi сезiнбейдi.
* * *
2 – мысал. Алматы қаласындағы Төле би мен Амангелдi көшелерiнiң түйiлiсiндегi емхананың есiктерiндегi жазулардан:
Ем қабылдау бөлмесi « Процедурный кабинет;
Қуық, бүйрек дәрiгерi « уролог;
Мамандар бөлiмi « отдел кадров;
Iшкi ауруларды емдейтiн дәрiгер « Терапевт;
Токпен ем қабылдау бөлiмi « Отдел физиотерапии;
Әйелдерге кеңес беру бөлiмшесi « Женская консультация.
2 – мысалға түсiнiк: «емдеу» – «лечениенің», «емхана» – «поликлиниканың» аудармасы ретiнде қабылданған. Ал «процедурный кабинетті» денотатпен өрнектегенде – «ем қабылдау процедурасын жүргізетін кабинет» болып шығады. Оны «ем қабылдау бөлмесі» дей салу мағыналық жағынан да, синтаксистік құрылым жағынан да солғын болып тұр. «Бөлме» – «комната», «кабинет» емес. Уролог қуық пен бүйректi ғана емес, олар орналасқан маңдағы өзге ағзаларды да емдейдi. Аударма қате, «маман» – «кадр» емес, орыс тіліндегі «специалистің» аудармасы. Кадрдың бәрі маман емес, Бiр «терапевт» сөзi төрт сөзбен тұспалдап түсiндiрiлiп берілген. Физиотерапия токпен емдеудi ғана көрсетпейдi. Соңғы тiркесте екi сөз төрт сөзбен аударылып, шұбалаңқылыққа жол берiлген. Келтірілген мысалдардың аудару үдерісінде денотаттық-сигнификативтік ұстанымнан хабарсыз адамдардың қолынан шыққандығы көрінеді.
* * *
3 – мысал:
«ей», «демек», «жаңағы», «әлгi», «сосын», «ненi», «нетiп»,.. (қазақ тіліндегі сөз қолданыстан).
3 – мысалға түсінік: Қыстырма сөздердi көп қолдану. Бұл – алдыңғы тармақта келтiрiлген құбылыспен байланысты, сөйлеушiнiң сөздiк қоры аз болып, синтаксистiк сауаты төмен болғанда ұшырасатын құбылыс. Айтарын жинақтап, ойын жеткiзе алмайтын адам ешқандай мағыналық жүк арқаламайтын қыстырмаларды (орыс лингвистикасында «слово-паразиты») көп қолданады.
* * *
4 – мысал:
«Городской маслихат шешiм қабылдады», «кабинет министров-тiң ұйғаруымен», «телевизорда жақсы передача жүрiп жатыр», «ремонт жасадым», «звон-дадым», «мел-мен доска-ға жаздым», «пол-ды жудым», «стирка-мен айналысам», «Джандосова-дан бар ма?», «шестерка-мен барып, проспект Абая-дан түсесiң»… (Тұрмыстағы сөз қолданыстан).
4 – мысалға түсінік: Орысша мен қазақшаны араластырып, будан құрылымдармен сөйлеу. Мұндайда қазақ тіліндегі эквивалентсіз қуысты толтыру үшін кейбiр сөздер, кейде тiркестер, атаулар орысша айтылады да, олармен тiркескен сөздер қазақша айтылып, аралас құрылым шығады. Орыс сөздерiне қазақша жалғау жалғанған пiшiн де көп көрiнiс бередi.
* * *
Қазақ тілінде сөз қолдану практикасында орысшадан өзге тілдердің де еніп кетуі ұшырасып отырады. Ондай қолданыс қажеттіктен тумайды, сөздік қорда бар болса да, тіл мәдениетінің төмендігінен, автоматты түрде қолданылады.
5 – мысал: «Аталмыш сөздікте 166 мыңнан астам мағына айқындалды» (Уәли Н. Сөз байлығын саралаудың негізгі нәтижелері // Қазақ әдеби тілінің сөздігі. 15 томдық. ХV т. ҚЭ, А.: 2011. 820-б.)
«Аталмыш университетте «Қазақстан тарихы» кафедрасы жеке бөлініп шықты» (Ана тілі, № 11-12, 2017. С. 10).
5 – мысалға түсінік: қазақ тілінде сөз қолдану практикасында өзге тілдегі, көбінесе орыс тіліндегі сөзге қазақша жалғау жалғап сөйлеу жиі ұшырасады. Сөз қолданушылар кездейсоқ естіген сөздерді де қазақша жалғаулармен түрлендіріп қолдана береді.
Бұл жерде «аталмыш» сөзі қазақ тіліндегі «аталған» сөзінің орнына қолданылған. Тіл ғылымының білгірлерінің қисыны бойынша ұқсас сөздерді оңтүстіктегі туысқан халықтардың тілдеріндегідей етіп алмастыра берсек («бергеннің» орнына «бермыш», ары қарай осы сарынмен: «келген» – «келмыш», «тұрған» –«тұрмыш», «барған» – «бармыш», «отырған» – «отырмыш»,..), онда қазақ тілін тұтастай өзге тілге айырбастап алу мүмкіндігі бар.
* * *
6 – мысал:
«Менің шотымда ақша жоқ»; «шенеуніктер жемқорлыққа белшесінен батты» (Тұрмыстағы сөз қолданыстан).
6 – мысалға түсінік: Қазақ тілінде сигнификаты бола тұра, орыс сөзін сингармонизм заңымен, тонын айналдырып қолдану. Батыс лингвистикасында мұндай құбылыс макаронизм делінеді.
* * *
7 – мысал және түсінік: Орыс тілінің ықпалының салдары болып табылатын перегринизмдермен сөйлеу. Баспасөзде «американдық азамат», оқулықтарда «этникалық құрылым» деген тіркестер жиі ұшырасады. Бұл мысалдарда түбір сөздерге қазақ тілінің жалғауы бірден жалғанбай, араға орыс тілінің аффикстері еніп кеткен. Дұрысы – «америкалық», «этностық» болуы керек.
* * *
8 – мысал:
«Армысыздар, қадiрлi ағайын!»; «Жамбыл атамыздың мерейтойы келе жатыр», «Бибігүл тәтеміз ән шырқады», «спортшы қызымыз жарыстан жеңіспен оралды»,.. (Қазақ тiлiнде радио немесе телевидение арқылы ақпарат таратушылардың сөздерінен).
8 – мысалға түсінік: Ресми ақпарат алмасуда коллоквиализмдерді (бытовизмдерді) қолдану. Қазақ арасындағы коллоквиализмдердің кең таралған түрлерінің біріне непотизмдер – туыстықты бiлдiретiн атаулар (лингвистикадағы мағынасы) жатады. Олар мыналар: ағайын, бауырлар, туыстар, ағайлар, қарындастар, немесе жеке адам болса – ата, әке(й), аға(й), тәте(й), iнi, құрдас,..) қолданылады.
«Ағайын» – түбiрi «аға-іні» деген сөздердің бірігіп кетуінен пайда болған, аталас туыстықты бiлдiретiн сөз. Ал бүкiл республика халқы кiмнiң болса да ағайыны бола алмайды. Ресми ақпаратта, ондаған миллион адамдардан, түрлi ұлт өкiлдерiнен тұратын, жасы, жынысы әр түрлi адамдардың бәрiн қосып, оларды «ағайын» деп атауға болмайды. Сол сияқты, Жамбыл ешкімнің атасы, Бибігүл ешкімнің тәтесі, спортшы ешкімнің қызы емес.
* * *
9 – мысал: «1995 жылы Ата Заңымыз қабылданды»; «Әкемтеатрда спектакль қойылды»,..
9 – мысалға түсiнiк: Қазақ тiлiнде «ата заңы» деген ұғым аталар қолданған заң, демек өткен ғасырларда қазақ хандары мен билерi қолданып ел басқарған, реттiлiк орнатқан заң деген ұғымды бiлдiредi. Егер әменгерлiк туралы сөз болғанда, оны «ата заңы» деуге болады, ол дұрыс қолданысқа жатады. Ал қазiргi қолданыстағы «ата заң» деген тiркес тұрмыстық ойлау стилінен туындап отыр. Айтушы ойын тұрмыста қолданылатын сөзбен жеткізіп отыр. Тұрмыста (үйде) ең үлкен адам – ата. Осыдан, ауыл адамының лингвемасы тұрғысынан, заңдардың үлкенi «ата заң» болып шығып отыр. Келтірілген мысалдың екінші бөлігінде «әке» непотизмі ел театрларының ішіндегі үлкені – академиялық театрға қосақталған. Стильдерді ажырата алмауының салдарынан ақпарат беруші непотизмдерді ресми ақпаратта қолданып отыр.
Бұлар – тіл анархиясы жағдайындағы, қажетсіз десемантизацияның, коллоквиализмді ресми аренаға алып шығудың ебедейсіз көрінісі.
* * *
Қазақ тiлiнiң грамматикасындағы жетiмсiздiктер тіл аномалиясы мен анархиясына жол ашты. Девиантты қолданыс бiртiндеп, 80-жылдардың аяғына қараған шақта қазақтілді кеңістікті толық иектеп алды. Тілдегі ауытқулар орта мектептің кейбір оқулықтарында мәтіннің 30 %-ынан 70 %-ына дейінгі көлемді қамтыды. Журналистер де логикадан жырақ, стилистикалық қойыртпақтан шыға алмады. Теледидарда сұхбат берушілердің сөздерінің 90 %-ына дейін семантикалық және синтаксистік ауытқулардан тұратын болды. Көркем шығармаларда бір жарым, кейде екі бетке дейін созылатын байланыссыз тіркестерден тұратын шұбыртпа құрылымдар ұшырасады. Зиялы қауымның, соның ішінде тіл мамандарының сөз қолданыстары да девияциялық ауытқуларға толы. Қазақ тілі сөз сұлулығынан, сонымен бірге ой сұлулығынан да айырылып отыр.
Лингвистика ғылымы қазақ тіліндегі сөз қолданысты бақылай алмайды. Тіл кеңістігінде үлгі тұтарлықай қазақ сөзі жоқ. Өйткені, қазақ тілі индустриялы қоғамның әдеби тілі ретінде қызметын атқарып отырған жоқ. Зиялы санатындағылардың, солардың ішінде, лингвист-ғалымдар мен әдебиетшілердің өздерінің тілі түрлі формалардағы девиациямен шұбарланған. («Қазақ тілін кім біледі?» деген параграфты қараңыз – автор). Ережесіз қолданыстың тілдің синтаксистік құрылымын бүлдіргені сондай, қазақ тілінде көркем шығарма жазу мүмкіндігінің тарылуы байқалуда. Түзу сөздің жоғалуымен, сөз сұлулығы, солармен бірге, ой даналығы мен руханилығы да келмеске бірге кеткен.
* * *
Қазақ руханияты мынадай кереғарлыққа тіреліп отыр. Тіл аномалиясының рухани кеңістіктің терең қойнауларын жайлап алғаны сондай, адамдардың оған еті үйреніп алды, бұзып сөйлеудің өзі тіл білгендікке баланатын психологиялық күй орнады. Қазақ сөзінің қабырғасын қайыстыра ойқастау шешендікке баланатын болды. Бүлдіріп сөйлеуді ешкім аңғармайды, сондықтан тілбұзарға ешкім ескерту де жасамайды. Бәрі психологиялық тұрғыдан қанағаттанарлық және «адам факторынан» болып жатқан табиғи құбылыс деп танылатын болған.
Психолингвистика тұрғыларынан бұған мынадай сипаттама беруге болады. Дұрыстың арасындағы қатені көру қиынға соқпайды, ол бірден көзге түрткі болып шыға келеді. Егер мәтін қателерге толып тұрса, күнде сондайды естіп жүрген құлақ, көріп жүрген көз оларды солай болуға тиісті деп қабылдай бастайды. Ақыры мынадай ахуал орнайды: қателердің батпағына қаншалықты терең батқан адам, өзін дұрыс батып бара жатырмын деп қабылдайды. Сондықтан, бұл жерде және бұдан былай, кез келген қатені «мынау – қате, дұрысы – былай» деп, нұқып көрсетіп, соңынан түсініктеме беріп отыруға тура келеді.