2.2 Мектепте берілетін білім сапасын жетілдіру жолдары
Қазақстан мектептерінде білім сапасын арттыру үшін мына шараларды жүзеге асыру керек:
1. Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жолдауында (2012) нұсқалған бағытқа сай, «Оқыту үдерісіндегі тәрбиелік компонентті күшейту маңызды. Патриотизм, мораль және адамгершілік нормалары, ұлтаралық келісім және толеранттылық, тәни және трухани даму, заңтыңдаушылық – бұл құндылықтар барлық оқу орындарында берілуі керек». Бұл талаптар алдыңғы қатарлы дамыған демократиялық елдер ұстанып отырған, қоғамның үнемі және ілгерілей дамуын қамтамасыз ететін, білім берудің тұлғаны жетілдіру парадигмасы қабылданғанда толық жүзеге асырылады.
Білім берудің тұлғаны жетілдіруге бағытталған стартегиясын жүзеге асыру үшін орта және жоғары оқу орындарындағы білім құрамына өзгеріс енгізіледі. Жаратылыстану-математика циклінің есебінен қоғамдық-гуманитарлық пәндерді оқытатын уақыт 15-20 %-ға дейін көбейтіледі. Оқушылар мен студенттердің саяси-құқықтық мәдениетін көтеру, дүниетанымын кеңейту мақсатында «қоғамдық білім негіздері», «құқықтану» пәндері міндетті емтихан тапсыратын пәндер қатарына қосылады.
Орта мектептің 1-12 сыныптарында және ЖОО-ның 1-2 курстарында ғылыми этика негіздері пәні міндетті оқытылады.
2. Білім контенті тіл үйренуге сұраныс тудырушы негізгі факторлардың бірі ретінде білім алушылардың рухани қажеттігінің өтей алатын, индустриялы даму жағдайындағы азаматтық қоғамда өмір сүру компетенттігін қалыптастыратын, индивидтің функциялық сауаттылығының қамтамасыздығы талаптарына сәйкестендіріледі.
Бұл міндеттердің орындалуы үшін:
– компетенттік ұстанымы бойынша жас адамға берілетін білім мазмұнын құрайтын негізгі үш компоненттің – тәрбие, мәдениет және білім компоненттерінің тиімді симбиозы қорытылып шығарылады;
– білім контентінің құрамы тарихилық ұстаныммен айқындалады, қоғамның үнемі алға және динамикалы дамуын сипаттайтын оқиғалар басымдықпен құрамға енеді;
– қоғам өмірінің индустриялы аяларын сипаттайтын, заманауи адамның өмірлік компетенцияларын қалыптастыратын материалдарға басымдық бере отырып, білім мазмұнын индустрияландыру жүзеге асырылады. Ол үшін білім құрамына қалалықтардың өмірі, тұрмысы, құндылықтары, мәдениеті, ғылым, техника, өндiрiс технологиясы, жалпыадамзаттық және демократиялық құндылықтар, халықаралдық қатынастар, саяси-әлеуметтік құбылыстар, мемлекеттiң басқару аяларындағы оқиғалар туралы материалдар енгізіледі;
– негативті материалдарды білім құрамынан алып тастау (бұл – аймақтағы күңгірт өмір, мал шаруашылығы, ауылдың ауыр тұрмысы сияқты оқушыға психологиялық салмақ түсіретін сипаттаулар, бұған қоса, халықтың соғыста – жеңілісі; көтерілісте – жазалануы; саясатта – бәрін өзгенің шешіп жатқаны; әлеуметтік салада – кедейлігі, аштығы, аурулығы; рухани салада – мәдениетсіздігі мен сауатсыздығы туралы сюжеттер);
– оқушы өмір сүріп отырған әлем мен ол игеруге ұсынылған бiлiм мазмұнындағы әлемнің арасындағы алшақтықты жою (қазіргі мектеп оқушылары бір әлемде – индустриялы қоғамда өмір сүреді, ал мектептен екінші әлем – аграрлы қоғам адамының өмірі мен тұрмысын сипаттайтын білім алады. Бұл оқушылардың санасындағы бітіспейтін қайшылыққа әкеліп соқтыруда).
3. Мектеп өзі атқаруға тиісті табиғи функциясымен – білім берудің республикалық ұйымы бекіткен стандарттар мен бағдарламалар бойынша оқушыға білім мен тәрбие берумен ғана айналысады. Жергілікті биліктің нұсқауымен мектепті бағдарламадан тыс жұмыстарға пайдалануға тиым салынады. Ол үшін Қазақстан Республикасы Білім беру туралы Заңының 3-бабына өзгеріс енгізіп, институционалдық құрылым қалпына келтіріледі: мектеп жергілікті биліктің қарамағынан босатылып, жергілікті білім беру департаменттеріне есепті болады. Мектеп директорын ата-аналардан, мұғалімдерден және аудандық (қалалық) білім беру департаменттерінің өкілдерінен құрылған паритетті комиссия баламалы кандидаттарды қатыстыра отырып, конкурстық әдіспен іріктеп алады және ол аталған комиссия мен аудандық (қалалық) білім беру департаментіне есепті болады.
4. Оқыту үдерісінде білім беру стандарттары мен бағдарламалары талаптарының орындалуы мен регламенттелуі қатаң қадағаланады. Белгілі бір пәнді оқытуға бөлінген уақытты өзге пәнді оқытуға немесе ҰБТ-ге дайындалуға пайдалану Білім беру туралы Заңды өрескел бұзушылық ретінде қарастырылып, кінәлі құқықтық жауапкершілікке тартылады.
5. Білім беру туралы заңның талаптарына сай, түрлі әдістемелік және эвристикалық бағыттарда баламалы оқулықтар шығару жалғасын табады. Оқулықты ата-аналар мен мұғалімдер бірлесе келісіп отырып таңдайды. Жергілікті білім беру департаменттеріне әкімшілік жолмен белгілі бір баспаның немесе авторлардың оқулығын мектептерге жоғарыдан пәрменмен алдыруға тосқауыл қойылады.
ҰБТ сұрақтары баламалы оқулықтардың бірінің мазмұны негізінде құрастырылмайды, олар тек стандарт пен бағдарламаға сәйкестендіріліп жасалады.
6. Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жолдауындағы (2012) нұсқауына сәйкес, «Мемлекет бір мезгілде білім беру қызметі мен оның сапасын тексеруді қарамағына алып алуға тиіс емес». Білім мониторингін объективті жүргізу үшін тексеруші мен тексерілуші бірі біріне тәуелді болмайтын жағдай және оны қамтамасыз ететін механизм жасалады. Ол механизм бойынша елде білім беру саласында қалыптасқан ахуалға дәл, терең, демиургтік баға беруге мүдделі күштерден тұратын комиссия құрылады. Комиссияның білім сапасын нақты көрсетіп бере алатын, дәстүрдегіден тыс әдістемелерді қолданып, әрекет етуіне жағдай жасалады. Ол әдістемелер бойынша оқытушы, оның жоспарлары, білім беру мекемесінің құжаттары емес, түпкілікті нәтиже – мектеп бітірушінің өмірлік компетенттігі тексеріледі.
7. Мектеп ауылды сақтаудың бірден-бір факторы функциясын атқаруға тиіс емес. Білім беруді формалыландырудың бастауы болып келген, білім беру жұмысын ұйымдастырудың шағын комплектілі делінетін тұрпатынан бас тарту керек. Рентабельді бола алмаған, 1-4 сыныптарда оқитын балалардың жалпы саны 32-ге жетпейтін ауыл мектептері қысқартылады.
Тұрғындары аз елді мекендерде тұратын оқушылар үшін оқытудың дәстүрлі сынып-сабақ жүйесінен басқа, келесідей анскулинг формалары білім беру практикасына қарқынды енгізіледі:
– ақпараттық-мультимедиядық технологияларды пайдаланып, қашықтықтан оқыту;
– баланы отбасынан ажыратпай, мектеп бағдарламасын бетке ұстап, хоумскулинг формасында, үйде оқыту (гувернантка жалдап);
– баланы репетиторлық-кеңес беруші пункттердің көмегімен оқыту;
– негізгі пәндер бойынша, оқушыға ыңғайлы уақытта, қатаң күнтізбелік жоспарға сай, цифрлы теледидар арқылы берілетін, оқу бағдарламарын пайдаланып оқыту.
Білім беру туралы заңға қарапайым мектеп беретін білімге көңілі толмайтын ата-аналарға білім берудің анскулингтік формаларының бірін таңдауға құқық беретін өзгеріс енгізу керек. Мұндайда мектептен тыс жүйеде білім алып жүрген баланы жергілікті мектепте тіркеу және жылына екі рет негізгі пәндер бойынша сыныптан көшіру емтиханын жалпы деңгейдегідей тапсырту ата-анадан талап етіледі.
8. Білім беру мекемелерінде қызмет істейтін кадрлардың беделін көтеру қолға алынады. Ұстаздық мамандыққа шынайы қызығушылық танытатын, функциялық міндетін ойдағыдай атқаратын, бар күші мен қуатын өмірлік компетентті тұлғаны даярлауға арнаған адамдардан тұратын, мектепке жаңа импульс әкелуге қабілетті, бұрынғы кадрлар контингентінен өзгеше, нағыз ұстаздардың жаңа толқынын дайындап шығару жүзеге асырылады.
Ол үшін:
– Педагогикалық ЖОО-лардың жұмысы қайта құрылады, саны азаяды, штат кестесі қысқарады;
– ЖОО-лардың білім беру стандарттары мен бағдарламалары заманауи талаптарға сай жетілдіріледі;
– кадрларға сапалық іріктеу жүргізіледі, зінің оқытушылық қызметін сүйетін, жас мамандар дайындау ісіне адал қызмет ететін, интеллектілі, кәсіпқойлар арасынан іріктелген, жұмысқа қабілетті оқытушы-профессорлар ұжымы қайта құрылады;
– ЖОО-лардың жұмысын түпкілікті нәтиже бойынша тексеру механизмі жасалады. Ол үшін абитуриенттер арасынан іріктеп, студент қабылдау құқығы ЖОО-лардың өзіне қайтарылуы, есесіне, түпкілікті нәтижеге олардың өздері жауап беруі тиіс. Негізгі критериі ретінде оқытып шығарған маманның қызметке орналасуы және оның функциялық міндетін атқарудағы біліктілігі көрсеткіші алынады.
– педагогикалық ЖОО-лар мұғалім болуды жүрек қалауымен таңдаған, мамандыққа қызығушылық танытқан абитуриенттерді іріктеп ала білуі керек (ауылдан келген абитуриенттерге артықшылық жағдай жасау тоқтатылады);
– жоғары білімді мамандарды даярлау, ЖОО-лардың саны және оларға оқуға түскендердің жалпы мектеп бітірушілерге қатынасы халық шаруашылығының сұранысына сай реттеледі.
Бюджеттік мекемелерге кадр дайындау қатаң мемлекеттік тапсырыспен және бақылаумен жүзеге асырылады.
9. Өзге сирек мамандықтар бойынша кадр дайындау мұқтаждықтарына қарай, министрліктер мен ведомстволардың, кәсіпорындардың тапсырысымен, олардың өз қаражатымен жүзеге асырылады. Бұл трендті іс жүзіне асыру үшін белгілі бір салаға кадр дайындау міндетін шешуге бағытталған университет-кәсіпорын-мемлекет шоғырын тұтас жұмылдыратын, «үштік спираль» деп аталатын жүйе құрылады. Бұл жүйе бойынша кәсіпорындар еңбекақы қорының 6 %-ына дейінгі мөлшерде кадр дайындауға және квалификация көтеруге арнап, «оқыту салығын» төлеуге міндеттеледі. Білім беруді қаржыландыруға бизнес белсенді қатысатын болады, ол елдегі білім беруге жұмсалатын қаржының 30 %-ына дейінгі көлемді көтеріп алуы керек.
10. Педагогикалық құрамның кемінде 60 %-ы ерлер болуы қамтамасыз етіледі. Осыған байланысты ҚызПУ ерлер мен әйелдер ақылға сыйымды пропорцияда қабылданатын оқу орны болып қайта құрылады. Өзге педагогикалық ЖОО-ларда студенттер контингентінің ерлер мен әйелдердің тиімді қатынасы қадағаланатын болады.
11. Студенттер контингентінің жалпы көлеміне шаққандағы коммерсиялық бөлімдерде оқитындардың үлесі ақылға сыйымды мөлшермен шектеледі және мемлекет тарапынан қадағаланады. Ата-аналардың қаражатына коммерсиялық бөлімге түсіп оқитындардың үлесін пайда табу мақсатында мейілінше арттыра беруге, білім деңгейіне сәйкес келмейтін диплом таратуға тиым салынады.
12. Орта арнаулы кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі кеңейтіледі. Мектеп оқушыны өзінің қызығуына және икемділігіне сай білім алуға, кәсіп таңдай білуге, мамандығы бойынша еңбек етуге үйретеді. Бұған қоса, мектеп оқушының өздігінен өмір сүруге психологиялық тұрғыдан дайын болуын қадағалайды;
13. Білім беру кеңістігінде орын алып отырған әлеуметтік-психологиялық сипаттағы кейбір келеңсіз құбылыстардың пайда болу себептерін және оқыту үдерісіне әсерін анықтау үшін мына бағыттарда ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіледі:
– мұғалім кадрлар құрамының феминизациялануының жеткіншектердің психологиясына ықпалы;
– оқушылардың білім алуға мотивациясының өзгеруі;
– оқу үдерісі кезінде оқушылардың танымдық әрекетке қосылмауы;
– оқушылардың білім алуға резистенттік тұрғы ұстануы (рухани байлыққа қарсыласу психологиясы).
– білім сапасының төмендеуі мен қоғамның діншілдікке ойысуының арасындағы себеп-салдарлық байланыс.