2.1 Көркем өнерді дамыту бағыттары

Қазіргі қазақ тілінде жасалып жатқан мәдениеттің декаданстық жағдайы зиялы қауым өкілдерінен өздерінің игілікті қызметінде шұғыл бетбұрыс, батыл қимылдар жасауды талап етеді.

Көркем өнерді құтқару үшін зиялы қауым адамдардың рухани өсуіне селбесіп, оларды саяси үдерістерге араласуға, эстетикалық санасын өсіруге, талғамын көтеруге, саяси мәдениетін қалыптастыруға, көркем бейнелі дүниеге бағыттауы керек. Көркем шығарма қоғамның, ұлттың тағдырына қатысы бар өзекті мәселелерді батыл көтере отырып, сонысымен бұқараны индустриялы, азаматтық, құқықтық және зайырлы қоғам құруға бағыттай білуі керек.

Бұқараны соңынан ертіп, алдыңғы қатарлы өркениетке қосу зиялы қауымның төл миссиясы болып табылады. Қоғам зиялы қауымнан көркем мәдениеттің даму бағдарын заманауи қоғамның рухани сұранысы тұрғысынан зерделей отырып, замандастар өмірінің шынайылықтарын, соның ішінде, әсіресе,  рухани аяны демократияландыруға қатысы бар оқиғалар мен құбылыстарды көркемдікпен меңгеру әдістерін үнемі жетілдіре отырып, өзекті шығармалар беріп отыруды талап етеді.

Ұлттық мәдениеттің қайта жаңғыруына жаңа импульс беру үшін, ең алдымен, көркем өнердегі тақырыптық саясат қайта қаралуы керек. Мәдениет қайраткерлері:

– ұлт мүддесіне қайшы, заманауи тұрғындардың санасына идиосинкразиялық психологияны меңдететін, келеңсіз идея ретінде ауылды әспеттей сипаттаудан, ауыл тұрмысы мен тіршілігін идеалдандырудан, қазақты ауылға қайтаруға үгіттеуден, болмаған ұғым ретінде «ауыл мәдениетін» көтеру туралы жалған теориядан;

– кеңестік идеология тұрғысынан Батыс өркениеттерінің мәдениеттеріне қарсы контркультура жасаудан;

– ауылшыл патриоттық тұрғыдан қалаға және оның тұрғындарына қарсы  идеялар көтерген шығармалар жазудан;

– көркем шығармаға арқау болуға татымайтын тақырып ретінде, әсіресе ән жанрында, туыстарды жырлаудан бас тартуы керек.

Туыстар туралы ән шығару – қазақи отбасылық субкультура. Оның заманауи өнермен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Авторлардың көркем өнердің миссиясы мен мұратын түсінбейтінін айғақтайтын факторлардың салдарынан туындаған оғаш құбылыс. Жеке адамның жақын туысына қатынасы салихалы өнер шығармасы суреттейтін объект бола алмайды. Ол автордың санасының тұрмыс аясында қамалып қалуының «жемісі», оның дүниетанымының тарлығын, интеллектінің шектеулілігін, мәдениетінің төмендігін көрсетеді. Өзін өзі қадірлейтін ақын, композитор бұл тақырыпқа өлең жазып, ән шығарудан, ал әнші оны орындаудан бас тартуы керек.

* * *

Қазақ зиялы қауымы көркем мәдениет аясында төмендегі трендтерді жүзеге асыруға тырысуы керек:

– басқаруда, қаражат аясында, бизнесте, өнеркәсіп орындарында, халықаралық ұйымдарда қызмет етіп жүрген, елдегі саяси-құқықтық, әлеуметтік өмірге белсенді араласатын, өз қолымен азаматтық қоғамды құруға кірісіп жүрген, рухани даму үстіндегі, заманауи қала адамының бейнесі сомдауымен, индустриялы қоғам өмірін көркем сипаттауымен қазақ тілінде жасалып жатқан ұлттық әдебиет пен өнер туындыларына көпшіліктің қызығушылығын туғызу;

– демократиялық үдерістермен байланысты дүние жүзінде болып жатқан iрi оқиғалар мен құблыстарды көркемдiкпен игеру, көркем шығармалар арқылы алдыңғы қатарлы Батыс қоғамдарының құндылықтарын бұқаралық санаға сіңіру;

– қазақ театрлары үшін қазіргі заман адамының өмірі мен қызметін, қоғаммен арақатынасын, әлеуметтік белсенділігін, өмір сүйгіштігін, қысылтаяң шақтарда жол тауып шығатын интеллектін, оптимизмін, көңіл ауанын, арманын, толғаныстарын сипаттайтын көркем драматургия жасау. Шын мағынасында «ұлттың мектебі» деңгейіне жету үшін заманауи театрлар репертуарының -сі өзекті саяси-әлеуметтік драмалардан, қалған ⅓-інің мазмұны қазіргі қоғамның дертіне дәру болатын классикалық шығармалардан құралуын діттейтін, ақталған формуланы ескере отырып, репертуар саясатын дұрыс жүргізе білу;

– классикалық музыкаға – симфонияға, опера және балет өнеріне ерекше маңыз беріліп, интеллекті күштерді жұмылдыру; әндер әр адамның басына келуі мүмкін, өмірдің терең қойнауларындағы тұрпатты ахуалдар жырланатын, замандастардың сезімдері мен армандарын қозғайтын, өзекті тақырыптарға жазылуы және қазақстандықтарға ғана емес, кез келген адам түсінетін және қабылдай алатын деңгейде орындалуы;

– көркем өнердің дәстүрлі түрлерін дамыту қазақ тілінің нормаларына сай ойын жеткізе алатын, жеке бас мәдениеті мен интеллекті жоғары, ЖОО-да арнайы бағдарламамен дайындалған мамандардың күшімен жүзеге асырылуы керек.

* * *

Заманауи қазақ жазушысы алдымен тілін жөнге келтіруі, вилланолект қойыртпағынан арылып, тілді индустриялы қоғам өмірін репрезентациялай алатын деңгейде меңгеріп, шығармаларын қазіргі заман адамы түсінетіндей, оның идеяларын қабылдайтындай және қоғамының рухани мүдделеріне сай келетіндей етіп жазуға міндетті.

Көркем әдебиетте ғана емес, жалпы ұлттық мәдениет аясында қалыптасқан констелляцияны аңғару және олардың даму перспективасын айқындау үшін философтарды, социологтарды, әлеуметтік психологтарды, өзге қоғамдық-гуманитарлық мамандықтар өкілдерін тарта отырып, дискурстар ұйымдастыру ұдайы үдеріске айналуы керек.

Көркем өнердің демократиялылығы негізінде қоғамда демократия орнайтынын әр зиялы есінде сақтауы керек.