1. Қазақ тiлiнiң грамматикасын оның iшкi заңдылықтарына сай жетiлдiру және индустриялы қоғам жағдайларына бейiмдеу

Тiлдi iшкi заңдылықтарына сай дамыту оны қоғам өмірінің барлық аяларында әмбебап қолдануға дайындау жұмыстарын қамтиды.

Қазіргі индустриялы Қазақстан жағдайында қызмет ететiн қазақ тiлiн мемлекеттiк тiл ретiнде дамытудың жаңа парадигмасы индустриялы қоғамдардың заманауи әдеби тiлдерiне қойылатын талаптарды ескерiп, тіл ережелерінің мақсатты қолданылуын, әрекет ету тетiктерiнің іске қосылуын көрсететін тәжiрибелерiне сүйенiп жасалды.

Өткен ғасырдың алғашқы жартысында аграрлық уклад жағдайында қорытылып шығарылған, қазiрге дейiн қолданылып келген тiл грамматикасына негiз етiп алынған iргелiк ұстанымдар қазақ тілінің мәселелерін шеше алмады, XXI ғасырдағы тәуелсіз мемлекет жағдайында релевантты бола алмады. Заманауи тiл бiлiмi теориясы мен қазақ тiлiнiң қолданылу практикасы тұрғыларынан енді олар қайта қаралып, объективті бағалануы керек.

Тілдің конститутивтік-онтологиялық мәселелері тіл онтологиясы аясында лингвистикалық зерттеулер жүргізу арқылы шешіледі. Ол зерттеулердің негізгі бағыттары мынадай болуы керек:

I Тілді стандарттау және кодификациялау. Бұл бағыт әдеби тіл тұжырымдамасын жасаудан, оның критерийлері мен оған қойылатын талаптарды айқындаудан басталады. Әдеби тіл дегеніміз нормаланған тіл. Тілді нормалау индустриялы қоғамда қызмет ететін әдеби тілде ауызша және жазбаша сөз қолданудың бірыңғай нормалары мен ережелерін қорытып шығару дегенді білдіреді.

Тілді нормалау мыналарды қамтиды:

– әдеби және бейәдеби лексиканың аражігін ажырату;

– әдеби тіл коорпусы құрамын анықтау, оның нормалануы мен заңдастырылуын негізге ала отырып, әдеби лексиканың (формалық және мазмұндық) қолданылу стандартын жасау;

тілдің екұшты, тайғанақ, қайшылықты ережелерiн қайта қарау, ресим ортада сөз қолданыста қалыптан ауытқуға жол беретiндерiн, нормативтік шеңберден шығып кететіндерін қарапайым және бiрмәндi орындалатындарымен алмастыру;

– біріккен сөздердің, аббревиатуралардың және оларға жалғанатын жалғаулардың ережелерін жетілдіру, орфоэпиялық талаптарды орындау;

– тіл қолдану практикасындағы аномалияны – синтакистік тұрғыдан дұрыс құрылмаған сөйлемдерді, гибридтерді, макаронизмдерді, перегринизмдерді болдырмау;

– сөздерді ақталмайтын полисемантизациялауды (бірмағыналы сөзді көп мағынада қолдану) тоқтату;..

Стандартты қолдану талабы ескерілмегендіктен мағыналары күңгірттеніп кеткен ғылыми ұғымдар мен терминдердің көбі десемантизациялауды қажет етеді. Мерзімді баспасөзде, ғылыми-пулицистикалық және оқу әдебиеттерінде олардың мағыналарын айқындау қиындыққа ұрындырып отыр.

Қазақ тілінде түрлі құрылымдық тұрпаттардағы күрделі редупликациялық құрылымдарды (КРҚ) ресемантизациялауды қажет етеді. Олар таза қазақ сөздерінің 8 %-нан астамын құрайды. Деструкциялай отырып, оларды ажыратып, әр сыңарына жеке, нақты мағына жүктеп, лексикалық қорды толтыруға бағыттау керек. Бұл жұмыстар мынадай әдістермен жүзеге асырылуа тиіс:

КРҚ екі сөзден тұрса, оларды бөліп, әр сыңарына жеке мағыналық жүктеме артылады. Мысалы, «арыз-тілек»: арыз (ор. заявление), тілек (пожелание), «іс-әрекет»: іс (дело), әрекет (действие);..

КРҚ негізін еселеуден немесе сөзді қайталаудан тұратын болса, онда ол қарапайым сөзге айналдырылады. Мысалы, «шиық-шиық» – шиқылдау; «шолп-шолп» – шолпылдау; «селк-селк» – селкілдеу,..

КРҚ бір сыңары мағынасыз екі сөзден тұрса, мағынасызы алынып тасталып, мағыналысы қатардағы нақты жүктемесі бар сөзге айналдырылады. Мысалы, «өлім-жітім» – өлім; «дәрі-дәрмек» – дәрі; «ем-дом» – ем;..

КРҚ-ның күшейткіш компоненті болса, оның метафоралық бояуы сүртіліп тасталып, қатардағы сөзге айналдырылады. Мысалы, «үп-үлкен» – үлкен; «мөп-мөлдір» – мөлдір; «тап-таза» – таза; «қап-қара» – қара;..

Синонимдерді классификациялау транссемантизация әдісімен, олардың лексикалық жүктемесін айқындау, мазмұн көлемін кеңейту немесе тарылту жолдарымен жүзеге асырылады.

Синонимдер санатына қате еніп кеткен, бірақ жеке мағыналық жүктеме атқара алатын сөздердің ақталмаған десемантизацияға ұшырап, мағынасы бұлдырланып, ақпарат берілу үдерісінде түсініксіздік тудыруына шектеу қойылады. Қазақ тілін индустриялы қоғамға қызмет ете алатын деңгейге көтеру үшін, синонимдерді индустриялы қоғамның әдеби тілі тұрғысынан қайта классификациялау қажет. Тіл лексикасындағы эквивалентсіз қуыс үңірейіп тұрғанда, оның орнын толтыра алатын тілдік материалды синонимдар қатарына тізіп қою кәсіпқойлыққа жатпайды.

* * *

Қазақ тілінің өзекті мәселелерінің бірі – терминологияны ретке келтіру. Қолданыстағы ұғымдар мен терминдердің маңыз аларлық бөлігін ресемантизациялау керек.

Тіл қолдану практикасына енгізілетін терминдер мен атауларды қамтамасыз етудің ғылыми ұстанымдары мыналар:

1.  Халықаралық терминдерді:

а) жаппай аударуға болмайды;

ә) қазақ тілінде даусыз, сол терминнің мағынасын дәл беретін және басқа терминнің аудармасы ретінде қолданылмаған сөз болып тұрғанда ғана аударуға болады;

б) аударудың төмендегідей реттілігі болуы керек:

– түбір сақталып, жалғау қазақ тілінде жалғанады;

– аударылған терминге қазақ тілінің сингармониялық заңы жүреді;

– шет ел тіліндегі нұсқасы қабылданады.

2. Қазақ тілінде термин жасау және аудару ұстанымдары:

– термин жасау немесе аудару барысында ресми стиль қатаң сақталады, терминді денотатпен, коллоквиализмдермен, тұрмыстық қарадүрсін сөздермен аударуға жол берілмейді;

– термин редупликациялық құрылымдармен жасалмайды («ауыс-түйіс» ротация, «дәрі-дәрмек» лекарство), аударылмайды (қосарланған сөздермен жасалуы және аударылуы мүмкін. Мысалы: социал-демократия,.. );

– бір сөзбен берілген термин екі немесе бірнеше сөзбен аударылмайды;

– терминдер бір пішінде жазылады, бір мағынада түсініледі;

бір лексикалық бірлікке бір мағыналық жүктеме ұстанымы күшінде болады;

– бір сөзді екі немесе бірнеше терминнің мағынасы ретінде қолдануға жол берілмейді;

– термин жасауда немесе аударуда түбір сөздің узустық мағынасы туынды сөздерде алдымен ескеріледі;

Мысалы, «заман» – «время», «замандас» – «современник» болғанда, осы заңдылық бойынша «современныйдің» аудармасы «заманауи» болып шығады. Бұл қолданыс тіл заңдылықтарына жауап береді. Ал осыған дейін «современныйдің» аудармасы ретінде қолданылып жүрген «қазіргі» сөзі, біріншіден, дәл емес, «нынешнийдің» аудармасы, екіншіден, осы шақта ғана қолдануға жарайды, өткен және келер шақтардағы мағыналарда қолдануға жарамайды.

– термин жасауда немесе аударуда перспективалы сөздерге басымдық беріледі;

– терминдерді аудару барысында қажетіне қарай халықаралалық тілдерден калькамен аударуға жол беріледі.

3. Термин жасаудың лексикалық ресурстары.

Жасау немесе аудару қажет болғанда термин:

– алдымен қазақтың жалпыхалықтық тілінің лексикалық қорынан;

– одан ыңғайлы сөз табылмаса, көне қазақ (қыпшақ, шағатай) тілдерінен;

– олардан ыңғайлы сөз табылмаса ретімен: туысқан халықтар – татар, башқұрт, өзбек, әзербайжан, түрік және түркітектес өзге халықтардың тілдерінен;

– олардан ыңғайлы сөз табылмаса, араб, парсы тілдерінен алынуы керек.

Аударма жасау барысында аударманы компьютерді пайдаланып аудару жұмысын жасауда жеңілдік болуы ескеріледі.

Шешім ғылыми-шығармашылық жұмыстардың жүргізілу тәртібімен, Терминкомның Жарғысының талаптарына сай қабылданады. Терминкомның жұмысына әкімшілік немесе өзге тараптардан қысым көрсетілуіне жол берілмейді.

* * *

II. Тiлдің лексикалық қорын толықтыру және өңдеу индустриялы қоғамда қызмет ететін тілге қойылатын талаптарға сай жүргізіледі. Бұл трендті жүзеге асыру iс жүргiзуде, экономиканы басқару үдерiсiнде, саясатта, ғылыми зерттеулерде, мәдениетте, білім беруде, әскери қызмет бабында әмбебап қолдануға мүмкіндік беретін, қазіргі заман шынайылығын көрсете алатын қазақ тілінің сөздік қорына – сөздерге, терминдерге, ұғымдар мен атауларға, ерікті тіркестерге сандық анализ жасаудан басталады.

Қазақ тілінің лексикасындағы эквивалентсіз вакуумды толықтыру қазақ тілінің алдында тұрған басты нысаналардың бірі болып табылады. Ол үшін таяудағы жылдарда қазақ тілі лексикасын 25-30 мыңнан астам   индустриализмдермен, урбанизмдермен, ғылыми-техникалық терминдермен толтыру жүзеге асырылуы тиіс.

Корпустық лингвистиканың қағидаларына және ағылшын тілінің тәжірибесіне сүйеніп жүргізілген зерттеулер бойынша ресми емес деңгейде түсінісу үшін адамға мөлшермен 3000 сөз білу керек.

Екінші деңгейде тіл үйренуші субъект мөлшермен 7-8 мың сөзді меңгереді. Бұл деңгейді меңгерген адам ресми қатынастарда тілді тиімді қолданып, түсіністікке қол жеткізетін болады.

Қазақ тілін меңгерудің үшінші деңгейіне шыққан адам өзі қызмет ететін шаруашылық саласының ресми іс жүргізгенде қолданылатын арнайы лексикасын біледі. Оның мөлшері 9-10 мың лексикалық бірліктен тұрады. Бұл көлем тіл үйренушіге өндірістік жиналыста сөйлеуге, баяндама дайындауға, есеп беруге, мәжілісхат жазуға тағы басқа ресми құжаттарды дайындауға мүмкіндік береді. Тілді меңгерудің үшінші деңгейіне шыққан адамды қазақ тілін білетіндер санатына қосуға болады.

Қазақ лингвистерінің бірінші кезектегі міндеті 11-12 мың лексикалық бірліктен түратын әдеби тіл сөдігін құрастыру болып табылады. Бұл көлем заманауи мәдениетті адамның қоғам өмірінің барлық аяларында толық түсінісуін қамтамасыз етеді.

Корпустық саралау қағидалары бойынша сөздіктер лексикалық бірліктердің сөз қолданыста ұшырасу жиілігі ұстанымымен құрастырылады. Мемлекеттік тілді меңгеру корпустық саралау бойынша құрылған сөздіктер негізінде және алгоритмді сақтай отырып жүзеге асырылады.

Таяудағы онжыцлдықтарда қазақ тілінің әдеби нормаланған корпусын 80 мың сөзге, ал тұрақты тіркестермен қоса есептегенде 200 мыңға жеткізу міндеті тұр.

Қазақ тілін бұқараға меңгерту үдеріндегі көкейкесті шаралардың біріне әдеби тіл корпусының тезаурусын жасақтау жұмысы жатады. Корпустың сапалық құрамы сөздер мен фразеологизмдердің қолданылу және таралу жиілігін нақты анықтап алудан тұрады. Ол үшін әр сөз бен тіркестің қолданылу үлгісі көрсетілген, таралу жиілігіне қарай іріктелген сөздік құрастырылады.

Заманауи қазақ әдеби тіл корпусының тезаурусы тиімді және тіл үйренуге қажетті минимумды құрайды. Ол орта және жоғары мектепте міндетті оқытылады.

* * *

III. Қазақ тілінiң стильдерiн ажырату түрлі стильдердің үлгілерін жасауды көздейді. Ол жұмыстар келесі бағыттарда жүргізіледі:

мемлекеттік билік және жергілікті басқару органдарында, кәсіпорындарда, мекемелерде, ұйымдарда экономиканы басқару мен өндірісті жүргізу үдерісінде қолданылатын іс жүргізу тілі стилі қалыптастырылады. Ол үшін шаруашылықтың түрлі салаларына қатысты, өндіріс тақырыбы сипатталатын баяндамаларының, заң жобаларының, бұйрықтардың, жарлықтардың, нұсқаулықтардың, шешімдердің, іскерлік хаттардың, қатынастардың, актілердің, мәжілісхаттардың, өзге де жазбаша және ауызша берілетін ақпараттардың үлгілері жасалып, таратылады;

 – ғылыми-техникалық тіл стилі қалыптастырылады. Ол үшін ғылыми әдебиетте – зерттеу жұмыстарында, ғылым негіздерін оқытуға арналған әдебиеттерде, монографияларда, баяндамаларда, мақалаларда, тезистерде, конспектілерде, ғылыми есептерде, сөз қолданыс стилінің үлгілері жасалады.

– тілдің саяси-публицистикалық стилі одан ары жетiлдiріледі. Бұған дейінгі кезеңде де қазақ тілінде көпшілікке арналған саяси-публицистикалық мазмұнды әдебиеттер таратылды – монографиялар жазылды, газеттер мен журналдар шығып тұрды, деректі проза басылды, теледидар, радио, интернет ақпарат таратты, орта және жоғары оқу орындарында қоғамдық-гуманитарлық пәндер оқытылды. Алайда олардағы сөз саптау стилі нормаларға сай болмады. Тіл анархиясы мен аномалиясы жағдайында оспадар стилистік қателерге жол берілді. Ресми ақпарат тарату аяларының бәрінде бейресми стиль үстемдік құрды.

Қазақ тілінің саяси-публицистикалық стилі толық орнығуы үшін:

– саяси-публицистикалық ақпаратты жеткізу стилінің үлгілері жасалуы:

– ресми сөз қолдану кеңістігіне бейресми стильдермен ақпарат таратуға шығуға тосқауыл қойылуы, ресми ақпаратты таратуда стиль бұзғаны үшін жауапқа тарту шаралары жүзеге асырылуы керек.

* * *

Тілдің онтологиялық мәселелерінің – тілді өңдеу, нормалау, стандарттау және стильдерін ажырату – шешілуі оны қоғам өмірінің барлық аяларында әмбебап қолдануға жол ашады.

Алайда, тілді әмбебап қолдануға дайындау оны меңгеруді қоғам мүшелерінің бәріне міндеттеу ұстанымын жүзеге асыруға мүмкіндік әпере алмайды.  Өйткені, тілді білуді баршаға міндеттеу үшін ел тұрғындарының оны меңгеруге мүдделілік танытуы керек. Тиісінше, тiл мен оны тұтынушы арасындағы рухани-ақпараттық байланыс ол тілде оқуға татитын, сапалы контент болғанда туындайды. Контентінде заманауи адамның рухани сұранысын қанағаттандыратын сапалы мазмұн болмаса, оқырманды қызықтыратын, оның өмірлік қызметі барысында кәдеге жарайтын, пайдалы ақпарат болмаса, тілді үйренуге талпыныс та тумайды. Бұл тұстағы түйткілдердің сырына тіл философиясы аясындағы зерттеулердің нәтижелері арқылы толық қанығуға болады.