7.4 Ғылыми дәйектiлiк жетімсіздігі

Қазақтілді басылымдарда ғылыми дәйектiлiгі күдік тудыратын ақпараттар жиіұшырасады. Олардағы түрлі сілтемелерге, сандық мәліметтерге, тұжырымдарға сенуге болмайды.

1-мысал. «Әлемде 100 миллионнан астам сөйлеушісі бар 8 ірі тіл бар»- деп жазыпты «Ана тілі» газеті «Сіз білесіз бе?» деген айдармен берілген материалында (12.03.2009). Ары қарай оларды «қытай, испан, ағылшын, бенгал, хинди, португал, орыс, жапон тілдері»- деп санамалап береді.

Бұл санатқа 100 млн-нан астам адам сөйлейтін неміс тілі, 256 млн адам сөйлейтін араб тілі, 176 млн адам сөйлейтін индонезиялық малай тілі, 129 млн адам сөйлейтін француз тілі енбей қалған (сол кезеңнің мәліметтері бойынша).

2-мысал. «Қазақстан ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан әлемдегі бірден бір мемлекет»- деп жазады «Жас алаштың» авторы «Қатерлі қалдықтар қоймасы» деген материалында (9.04.2009.).

Кеңес Одағы ыдыраған соң Қазақстанмен бірдей және бір уақытта Украина, Беларусь ядролық қару ұстаудан бас тартқан болатын. Қазақстанның өз аумағында орналасқан атом арсеналын ұстауға ұмтылмауының төмендегідей үш салмақты себебі болды: біріншіден – елдің экономикалық-технологиялық қуаты жетпегендіктен, екіншіден – бұл аяда қызмет ететін кадры болмағандықтан, үшіншіден, ең бастысы, Ресей мен АҚШ арасында қол жеткізілген шешімге қарсы шығуға Қазақстан Үкіметінің саяси қаухары болмағандықтан. Ол кезде Ресей Федерациясын барлық халықаралық саяси ұйымдар КСРО-ның құқықтық мұрагері ретінде таныған болатын. Атом арсеналының, қайда орналасқанына қарамастан, РФ-тің құзіретіне өтуі осылай заңдастырылды.

3-мысал. «Бізде соңғы санақтан 15 миллион адам бар екені белгілі болды» дейді сүхбат беруші академик С.Қасқабасов («Постмодернизмнің белгілері бізде де бар». «Қазақ әдебиеті»,10.04.2009).

Бізде соңғы 2009 жылғы санақтың деректері бойынша Қазақстан тұрғындарының саны 16,5 млн адам болды (қар.: http://www.elim.kz/article/23/).  Реті келгенде айта кетейік: академик С.Қасқабасов өзінің қасқа басымен элементар ақиқатты  – қазақ зиялы қауымы әлі өркениеттің аграрлы басқышында өмір сүріп жатқанда, олардың шығармаларында постмодернизмнің белгілері қайдан келуі мүмкін екендігіне бойлай алмаған.

4-мысал. «Қазақстан Мәскеуден азаттық алған алғашқы жылдары-ақ еліміздегі 14 миллионның о жақ, бұ жағындағы халықтың үш миллиондайы көшіп кетіпті-мыс. Сонда… Қазақстан халқының бүгінгі саны қалайша 16 миллионға жетеқабыл болып тұр» (М.Кенжебай. Білмеймін дейтін бір жан жоқ… Ана тілі, 12-18, 01, 2012 ж.).

1991 жылдың соңына қарай Қазақстан тұрғындарының саны 16964 мың адам болған (http://demoscope.ru/weekly/2003/0103/analit03.php).

5-мысал. “Америкада ұлттық кірістің көпшілігін ауыл шаруашылығы береді” деп соғады қазақ тілінде шығатын бірден бір ғылыми деп саналатын журнал «Ақиқаттың» авторы Әлімұлы А.[Тереңнен тамыр тартсақ //Ақиқат, 2003, № 12. 13-17 б.б.].

Америкалық социолог Д.Беллдің келтіруінше АҚШ-да  «фермерлер жұмыс күшінің 4 %-дан азын құрайды» [Белл Д. Грядущее постиндустриальное общество. М.: Academia, 1999. Предисловие к русскому изданию. CХI-б.]. Соңғы мәліметтер бойынша бұл елде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысатындардың үлесі 3 %-даы құрайды. Қалған америкалықтар тек фермерлердің тапқанын тамақ қылып, қол қусырып қарап отырмағаны белгілі.

6-мысал: «Қазіргі таңда ауылдарда республика халқының 43 пайызы, яғни 4 миллионға жуық адам тұрады» («Жазушысымақ не деп сандырақтады?» // Общественная позиция, 17.11.2010.).

2009 жылғы тұрғындар санағының мәліметтері бойынша Қазақстан тұрғындарының саны 16,5 млн, соның ішінде ауылда тұратындар 45,9 % немесе 7573,5 мың адам болған (қар.: http://www.elim.kz/article/23/).

7-мысал. «Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметіне жүгінсек, жыл сайын әлемде 3 миллиард адам лас әрі ішуге жарамсыз судың кесірінен туындайтын аурулардан көз жұмады» (Общественная позиция, 10.02.2010. 14-бет).

Мұндай қарқынмен дүние жүзінің тұрғындары екі жыл төрт айда өліп таусылар еді.

8-мысал. «Бұл күнде халықтың жылына орташа ғаламдық өсу қарқыны 2 пайызға көбейіп,.. 6 миллиардқа жетті» (сонда).

Дүние жүзі тұрғындарының өсу қарқыны 2000 жылы 1,3 % болды. («Динамика населения и устойчивое развитие» – БҰҰ Бас хатшысының баяндамасы). 2011 жылдың қарашасында дүние жүзі тұрғындарының саны 7 млрдтан асты (http://ru.wikipedia.org/wiki/Население земли).

9-мысал: «Азияда тұратын халықтың саны 3 миллиардтың үстінде. Екі бөліктен тұратын Америка құрлығында 660 млн, Еуропада 690 млн, Африкада 600 млн, Австралияда 30 млн адам мекендейді». (Қай құрлықта халық тығыз тұрады? // Ана тілі, 13-19 09 2012).

Бәрін қосқанда 4830 млн болып шығады. Дүние жүзі тұрғындарының саны 2011 жылы 7 миллиардтан асып кеткен болатын (http://ru.wikipedia.org/wiki/Население земли).

10-мысал: «Аталмыш тарихи шайқас біздің жыл санауымыздан бұрын 451 жылы Каталоундағы Пламидада өткен» дейді «Қазақстан» газетіне Атилла туралы мақала жазған бір тарихшы (Қазақстан, 11.03.2010).

Атилла Батыс Рим империясының құлауы дәуірінде, V ғасырда өмір сүрді, біздің жыл санауымыздан бұрын емес.

11-мысал: «Бұл – 1986 жылдың сәуір айында болған оқиға еді… Ұзынқұлақтан Жазушылар одағы Пленумында Қазақстан Компатриясы Орталық Коммитетінің жаңадан келген, бірінші хатшысы Колбин сөз сөйлейтінін естіп,.. Жазушылар үйін үш әріптілер қоршап алды. Олар мәжіліс Залының президиумы сахнасын тексергені… (Әбілфайыз Ыдырысов, жазушы, профессор. Шуақ пен ерлік // ҚӘ. 14. 09. 2012.).

Үш жарым жолдан тұратын шағын ақпарат өрескел қателерге толы. Мұнда теріс ақпарат (мәтінде көрсетілген уақытта Колбин әлі Қазақстанға келген жоқ болатын); грамматикалық қателер (асты сызылған сөздерді қараңыз); ебедейсіз қолданыс («үш әріптілер»); тавталогия (президиум мен сахна) орын алған.

* * *

Осындай, ғылыми ақпараттағы дәйексіздік, сандық мәліметтерден кеткен қателер, тарихи айғақты бұрмалаушылықтар оқырманды қазақ баспасөзінің көпшілікке танымалдығына селбестігін тигізбейды, керісінше, бұқараны оған сенімсіздікпен қарауға мәжбүрлейді. Бұл лағыста мемлекеттік тілде шығатын басылымдардың арасынан қазақ тілінің «білгірлері» басқарып отырған, қазақша сөз саптаудың үлгісін, тіл контентінің сапалық деңгейін көрсетуге тиісті «Ана тілі» мен «Қазақ әдебиеті» газеттері алдына жан салмай келеді.

Қазақ баспасөзінде оқырманды екіжақты күйге түсіретін, жағымсыз психологиялық әсер қалдыратын, адамдардың басын қатыратын, көңілдеріне сенімсіздік пен күдік ұялататын матералдар, дәлелсіз, дәйексіз ақпараттар жиы қайталанады, көзге түрткі болады, көңілге қаяу түсіреді. Олардың кейбіреулері  клише сияқты, ақыры бұқаралық сананың бір құрауышына айналып кеткен.

Белгілі бір қорытынды жасау үшін зерттеушіге қазақша БАҚ келтірген мәліметтерді пайдалануға кеңес беруге болмайды. Оларға сеніп, пікірталастарда сілтеме жасаған адам ұятқа қалады, масқараға ұшырайды. Осылай қазақ баспасөзі бұқараны өзінен, тиісінше, қазақ тілінен жерітіп отыр.