7.3 Идеялық теріс бағдарлар

Сіз саясатпен айналыспай қоя аласыз, бәрібір саясат сізбен айналысады.

Шарль Форба де Мошпаламбер

Қазақтілді басылымдар ұстанатын теріс идеялық бағдарлар бар. Олардың бастыларының бірі бұқараны аполитизмге – саясаттан, демократиялық қозғалыстардан аулақтатуға тырысудан көрініс береді.

Қоғам рухани жағынан қаншалықты мешеу болса, ол соншалықты саясаттан аулақ тұрады. Қазақтілді басылымдар саясатқа тартудың орнына, керісінше, бұқараның санасының саясиланып кетпеуі үшін жанталасады.

1-мысал: Жазушы И.Сапарбай «Саясиланып біткен қоғамның» сырқатынан арыла алмай жүргені туралы зарлай қалам тербейді («Тасжарған»,19.11.2008).

2-мысал: «Жас Алаш» газетінде С.Тұрғынбекұлының «Саясат сенен жерідім» [7.07.2009] деген өлең-толғауы жарияланды. Мұндағы авторлық экспликация бойынша саясат деген жаман нәрсе, лас әрекет. Жібі түзу адам саясаттан аулақ жүруі керек. Өйткені, саясат «аяр, содыр, сатқын, тікені бар, гүлі жоқ», «қаныңды ішеді, қанайды, сабайды, сояды, миды улайды», «орыстың орауы, қытайдың қысуы, өзгелерге құл қылу, жаралы елді зар қақтыру» бәрі саясаттың кесірі. Сондықтан «бұл өмірде білгенім өкініш, қайғы, мұң ғана» деп күңіренеді автор.

Авторлардың бұл материалдарындағы қарапайым оқырманға арналған уағызында үкіметтің әділетсіз саясатына деген наразылығы айшықты көрініп тұрған жоқ, жалпы саясат атаулыдан аулақ бол деген идея үстем болып тұр. Саясатқа жолама; әркім өз кәсібімен айналыссын: етікші етік тіккенді ғана білуі керек; үкіметтің әрекетіне көңіл аударма; билікке көз тікпе; байлықты жемқорлыққа батқан үкіметтегілер, олардың туыстары мен айналасына жинағандары, түрлі жолдармен түсімді кәсіпорындарды иеленіп кеткендер, миллиардтарды шетелге жөнелтіп жатқандар,.. иелене берсін; олар жаман; сен «жақсы» болып, олардың жегенін үңгіріңде зарлап айтып, сілекейіңді шұбыртып отыра бер. Мінеки, қазақ баспасөзінің саясатқа қатысты халыққа айтар уағызы осы.

Әділ жүргізілген саясаттың, қоғамды алға жылжытушы фактор ретінде, жақсылыққа бастайтыны, әлеуметтік мәселелердің бәрін тиімді шешуге мүмкіндік әперетіні белгілі. Озық қоғамдар бұқараны саясаттан аулақтатуға тырыспайды, керісінше, оны мейілінше көбірек саясатқа араластыруға жол береді, азаматтардың әлеуметтік белсенді болуын қалайды. Мемлекетті басқаруға мейілінше адал және компетентті қайраткерлерді келтіруді халық бұқарасының өзі жүзеге асыруы керек. Ашық қоғамдардың зиялылары азаматтарға «саясатпен айналыспасаң – билік иелері сенімен, сенің мүлкімен, тағдырыңмен айналысады» деп түсіндіреді. Осы бағыттарды түсіндіруге  келгенде қазақ баспасөзі мүдіре береді.

* * *

Қазақ журналистері алға тартып жүрген идеологияларының ішіндегі барып тұрған кеселділерінің бірі – олардың АҚШ бастаған Батыс өркениеттеріне бұқараны өшіктіруге тырысуы. Баспасөздің идеялық бағдары туралы сөз қозғағанда мұны ерекше назарда ұстау керек.

Антиамерикалық және антиөркениеттік бағыттардың басын ашып алудың қазақ үшін тағдыршешерлік маңызы бар. Сондықтан мұндай маңызды тақырыпты арнайы жазылған материалдарда, компетентті зерттеушілерді – ғалымдардың, тарихшылардың, философтардың қатысуымен кеңінен толғап, байыбына бара отырып, халыққа түсіндіру өзекті болып табылады. Халықтар мен өркениеттер арасындағы шептесулердiң себептерi тарихтың терең қойнауларында жатады. Оның мәнін толық түсiну үшiн сол тереңдіктерге бойлай білу керек.

Соңғы жарты мың жыл ішінде Батыс елдерінің Азияда, Африкада, Америкада отарлау соғыстарын жүргізгені, көп жерлерді басып алғаны рас. Басқыншылық соғыс барысында олар қатыгездік пен жауыздықтың жан түршігерлік үлгілерін көрсетті, Африка мен Американың тұтас халықтарын, мемлекеттерін жойды, елiн тонады.

Бірақ бұған қарап, Батыс жаман, Шығыс жақсы еді деген қорытынды шығаруға болмайды. Шығыс жиһангерлері де жауыздық пен адамға қастандықтың үлгілерін аз көрсетпеген болатын. Жалпы, жауыздықтың параметрлерін анықтап, Шығыс пен Батыстың бірін ақтап, екіншісін даттап шығуға тырысқаннан мағына шықпайды.  Батыс адамының жауыздығы Шығыс адамынікінен көбірек немесе керісінше екенін дәлелдеуге тырысу нәтижеге жеткiзбейдi. Тарихта үнемі жауыздығымен немесе үнемі ізгіліктілігімен көзге түскен халық жоқ. Батыстық немесе шығыстық, христиан немесе мұсылман екенiне қарамастан, жалпы адам атаулының айуандану деңгейлері қарайлас. Шығыс күшті болып тұрған кездерде Батысты аяп па едi? Егер Шығыс индустриялы қоғамға бұрын аяқ артса, Батыстың көсегесін көгертер ме еді? Егер ислам экстремистері мен лаңкестері қазіргі шептесуде жеңіп шығатын болса, Батыс өркениеттерінің күні не болар еді?

Өткен ғасырларда белгілі бір елдің екіншісін басып алғанына тарих ғылымы тұрғысынан қарай білу керек. Өйткені, тарихтың өзі бір халықтың екіншісін басып алуларынан тұрады. Бұған қоса, мынаны естен шығаруға болмайды. Біріншіден – тарихи уақыттың синхрондау шкаласынан қарағанда түрлі басқыштан көрініс беретін құбылыстарды да ажырата білу керек. Американың аборигендерін басып алған қазіргі Американың билеушілері емес, бұдан 2-3 ғасыр бұрын өмір сүрген адамдар. Олар – өз заманының өкілдері, қандай болуға тиіс болса – сондай болды. Екіншіден – сол тарихи кезеңде Шығыс жиһангерлері де өзгелерді аз қанқақсатқан жоқ болатын. Ал қазіргі дамыған елдердің демократтары Батыстың немесе Шығыстың өкілі екеніне қарамастан, жердегі өркениеттің прогресі, халықтардың теңдігі мен еркіндігі үшін күрес жүргізіп отыр.

АҚШ және басқа Батыс өркениеттеріне қарсы өшпенділікті қоздыратын материалдар қазақ басылымдарында жиі көрініс береді. Диатрибалық даттаулар көбінесе қатардағы, саяси сауаты төмен адамдардың ғана емес, әжептәуір танымал, атағы дардай қайраткерлердің аузынан да шығып жатады. Бейнелі және «өткір» айтылған, мағынасы ашылмаған түсіндірулер тидаусыз қайталауға түсіп, жас ұрпақ өкілдерін өз елінде жасалып жатқан заңсыздықтар мен былықтарды ұмыттырып, тұрғындардың назарын теріс бағытқа – алыстағы виртуал жауға бұрып жіберетін құралға айналып отыр.

Тарихи анықтама:

Шынтуайттап келгенде, адамзат тарихы тек соғыстардан тұрады. Соңғы 5000 жыл ішінде жер бетінде небәрі 25 жыл ғана тыныштық болып тұрған (В.Пекелистің зерттеулерінен). Егер, тарихқа тереңірек үңілетін болсақ, онда іс жүзінде «біреулердің сүйегінің үстінде» тұрмаған мемлекет кемде-кем екеніне көз жеткізген болар едік. Алыстан іздемей-ақ, мысалға қазақпен тілдік жақындығы, этностық туыстығы бар түріктерді алып қарайық. Византия деген, кезінде гүлденген мемлекетті күшпен басып алып, тарихтан атын өшіріп, солардың «сүйектерінің үстіне» мемлекетін құрып отыр.

АҚШ бастаған Батыс өркениеттеріне кіжінуден бұрын, біздің журналистеріміздің Қазақстан және КСРО-ға кірген өзге одақтас республикалардың мемлекеттік тәуелсіздігін қалай алғанын бажайлап, түсініп алғандары оң болар еді.

Тарихи анықтама:

Қазақстан және бұрынғы кеңестік республикалар мемлекеттік тәуелсіздігін өз күштерімен жеңіп алған жоқ. Қайта құру басталғанан кейін тек Балтық жағалауындағы республикаларда Орталықтан жырақтау бағытында белсенді әрекеттер көрініс берді. Ал өзге одақтас санатындағы республикалар тағдырдың берерін күтіп, қимылсыз отыра берді. Әскер құрып, Кеңес Одағының ел аумағында жайғасқан бөлімдерімен соғысып, жеңіске жеткен жоқ немесе парламентте көпшілік дауыспен Одақтан шығу туралы жария қабылдаттырған жоқ. Метрополия да халықтарға тәуелсіздікті өз еркімен сыйға тартқан жоқ.

Бұрынғы Кеңестік республикалардың тәуелсіздік алуына Америка мен Англия бастаған Батыс қоғамдарының араласуының тура қатысы болды.

АҚШ өзі егемен мемлекет болып құрыла салып, құлдықты жою үшін ұзаққа созылған, ауыр күрес жүргізді және бастаған ісін нәтижелі жеңіске жеткізді. XX ғасырдың ортасында осы ұлы халықтың бастамасымен адамзаттың моральдық абрисіне қара таңба болып түскен нәсілшілдікті жоюмен айналысып, бұл майданда да жеңіс туын тікті.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінен бастап аса ауқымды тарихи маңызы бар, XX ғасырдағы ұлы оқиға – дүние жүзілік отарлық жүйені жою, елдер мен халықтарға бостандық әперу, тағы сол, АҚШ және оның ұсынысын қолдаған Англия екеуінің ынтасымен, қажырлы әрекетімен нағыздыққа айналды. Отарға түскен «халықтардың өз даму жолын өздері айқындау құқығын» мойындау керектігін жариялаған, оны тарихи құжат ретінде БҰҰ-да заңдастырған, өздері үлгі көрсетіп өмірлік практикаға енгізген, өзгелерге осыны мойындатқан – АҚШ мен Англия. Ақыры, қырық бес жылдық қырғиқабақ соғыста коммунистік тоталитарлық КСРО-ны күйреткен де осы елдер бастаған Батыс өркениеттері болып табылады.

Егер Батыс өркениеттері экономикалық бәсеке мен қаруланудың соңынан түскенде озып шығып, коммунистік жүйені күйретпесе, бұрынғы КСРО-ның құрамында болған, одақтас аталған республикалар, соның ішінде Қазақстан да, тәуелсіздік ала алмас еді. Мұны Балтық жағалауы және Кавказдық республикалар елдерінің бәрі түсінеді. Тек қазақтар ғана білмейді.

* * *

Қазақтілді газеттердің дені өздерінің түсініктері бойынша, оқырмандарын Батысқа қарсы бағыттап, бұқараны «жерімізге, байлығымызға көз тігетініне» иландырып бағудан жазбай келеді. Осы бағытты ұстануымен қазақ теледидары да жиы көрінеді. Олар елін ешқашан Батысқа қызықпайтын, ашық қоғамдарға қосылмайтын, демократиялық құндылықтардан аяғын аулақ салатын, тек коммунистік идеологияның шатырының астынан табылатын идеократия құрып алып, соның «жемісін» тата беруді уағыздауын жалғастырып келеді. Орыстың Америкаға және басқа Батыс елдеріне қарсы идеологиясымен шабыттанған қазақ зиялылары АҚШ бастаған Батыс қоғамдарына, прогресс атаулыға күйе жағуын қояр емес. Олар әлі «қарғыс атқыр Батыстың іріп-шіріп, өлетінінен» үміттерін үзген жоқ.

Сыртқы саясаттағы бағыты жемқорлыққа әбден малшынған, авторитарлық Ресейдің итаршысына айналып, Шығыс айдаһары мен Терістік аюының ортасына еңіреген, сорлы күнін кеше беруі керектігін бұқаралық санаға сіңіріп жатқанын өздері де аңғармайды.

Бұл тұста біз Кеңес кезіндегі коммунист идеологтардың Батысқа, соның ішінде АҚШ-ға қарсы үзбей жүргізген үгітінің бұқаралық санадағы өшірілмеген іздерін көріп отырмыз. Батыспен шептесіп, оларды мәңгі жау ретінде тағайындап алған Кеңес билігі кезінде өркениетті елдерді, әсіресе АҚШ-ны құбыжық ретінде сипаттап, бұқараны олардың «агрессорлығына», «жауыздығына», «дамуды тежеуші фактор екендігіне» сендірумен айналысқан болатын. Қазіргі қазақ идеологиясы осындай, «үлкен ағамыз» көрсеткен үлгімен құрылып отыр.

Соның салдарынан бізде өз отанының тарихын өзі бұрмалайтын, геосаяси кеңістікте болып жатқан оқиғалардың мәніне бара алмайтын, сыртқы факторлардың жетегіне көзсіз еретін, өз еліне тәуелсіздіктің қайдан келгенін білмейтін, оны «көктен түскен», «құдай өзі бере салған» деп түсінетін, парықсыз ұрпақ өсіп шықты. Бала кезінен, мектептен, институттан Батысқа қарсылық вирусін жұқтырып, рухани дертке ұшыраған олар, енді тәуелсіздіктен кейін де әдеттерінен арыла алмай, өркениетті елдерді сыбап, ауыздарына келген лағынеттерін көпіртіп жүр. Кеңес кезіндегі былжырлар әлі де отандық тарих оқулықтарынан ұшырасуда.

* * *

Келесі саяси мазмұнды абсурдтың үлгісі мынадай; қазақтілді басылымдар қытайлардың Қазақстанда істеп отырған әрекеттерін сипаттауымен де халықтың жүрегіне қанжардай қадалып, көкірегіне үрей ұялатып, көңідлсіз күй тудырып отыр. Қытайлықтардың тәртібін сипаттауға арналған материалдарында Қазақстанды өз еркімен сыртқы саясатын жүргізе алмайтын, әлсіз, ұлы державаның еркін орындаушы, түбінде оның отарына айналатын аумақ ретінде бейнелейді.

Мысал: «Қарыз бере отырып, қазақтың «қара алтынына» қармақ салған Қытай… отарлау саясатын ашықтан-ашық жүргізіп жатыр» («Қара қытай қаптады». Қазақстан, 30.04.2009).

Қытайдың қарызға ақша беруі, «қара алтынға» көз тігуі, олардың Қазақстанда басынған әрекеттерге баруы (бұл отарлау саясаты емес) – бұл елдің сыртқы саясатының бағыттарының бірі. Кез келген қуатты ел, егер ол демократиялық режім ұстанбаған болса, әлсіз көршісіне үнемі, мұқият көз тігіп отырады. Бұл – заңдылық.

Бұл жерде сөз қазақ журналистерінің осы құбылысты бұқараға жеткізу әдісіның өрескелдігінде болып отыр. Құбылыстың шынайлығы мынада:

Қандай қажеттіктен екені белгісіз болса да, Қазақстан Үкіметінің Қытайдан қарызға ақша алып, оны күмәнді мақсаттарға жұмсап, материалдық тәуелділікке өзі мойнын сұғып отырған, «қара алтын» кеніштерін параға айырбастап, қытайды емексітіп отырған – ол Қазақстан Үкіметі. Үкіметтің сондай жауапсыз әрекеттерге баруына жол беріп, бетімен жіберіп отырған – қазақ халқы.

Тек журналистер ғана емес, зиялы қауымның басым көпшілігі қазақтарды айдаһар арбап тастаған қояндай сипаттауға әуес. Осылай бұқара бағыныштылыққа, ксенофобияға үйретіледі, келешекте күтіп тұрған ғаламат қырсықтан қорқып, ойына күңгірттік ұялап, үрейі ұшып өмір сүреді. Оқырманға «көнесің», «құтылмайсың» дегендерді сіңіріп отырған зиялының өзі де жанын жаншып, отаншылдық сезімін таптап келешекке сенімін жоғалтып отырғанын сезбейді.

Мысал: жазушы Ш.Мұртаза қазақ әдебиетінің келешегіне қатысты берген сұхбатында «100 жылдан кейін қазақ әдебиетінің тарихында кімдер қалады»? деген сұраққа: «100 жылға дейін әрберден соң қазақ әдебиеті деген қала ма өзі? Қазақ тілінде оқитындар қала ма? Жоқ па? Алдымен осыны ойлау керек» деп жауап беріпті. Одан ары жазушы «150 жылдан кейінгі қазақ ұрпағына қандай өсиет қалдырар едіңіз»? деген сұраққа «Ол кезде қазақтың өзі түгел болмаса да, түгелге жуық қытайланады» депті («Біз әлі жабайы демократияда жүрміз» // Кентавр. № 14, 6 маусым 2008 ж).

Бұқараға беделдінің айтқаны есірткідей әсер етеді. Ш.Мұртаза – қазақ арасында беделі бар, танымал адам. Оның айтқанын естіген қарапайым қазақ «келешекте қытайдың жаулап алатыны рас екен» деп түйеді. Бұрын келешегінің үмітсіздігіне күмәндәніп жүрсе, енді беделді адамның аузынан естіген соң, сұмдық заманның келетініне кәміл сенетін болады. Сорақысы сол – бұдан былай оқырман қытайға қарсылықсыз, тіпті белсенді берілушінің рөлін ойнауға көшеді: «бәрібір қытайланады екенбіз»! Балаларына қытай тілін оқыта бастайды. Мұндайда конформизм дегенін істей бастайды. Ол өзгелерді де соңынан ертеді.

Мұндай келеңсіздіктердің орын алуының үш себебі бар. Біріншіден, бұл – тек жекелеген журналистің немесе редактордың ғана емес, осы уақытқа дейін кеңестік идеология шырмауынан шыға алмай жүрген, ұлттық зиялы қауымның басым көпшіліне тән қателік. Олар дүниежүзілік геосаяси кеңістікте болып жатқан оқиғалар мен құбылыстардың мәнін түсінбейді. Батысқа өшігіп жүрген Ресей саясатшылары мен журналистерінің түсіндірулерін өңдемей қабылдайды. Солардың жетегімен халқын бір кезде әрең тірі шыққан Кеңестің үңгіріне қайта қамаумен айналысып жүр.

Екіншіден, қазақ журналистерінің маңыз аларлық бөлігі мұндайға еріксізден барады. Елдің сыртқы саяси векторы билікке бағынышты БАҚ-лардан Ресейдің фарватерінде қалуды талап етеді. Өйткені, қаншалықты өркениетті дүниенің жауы болғанымен, Ресей Қазақстанның досы. Демек, Қазақстан билігі БАҚ-ның құқықтық, ашық қоғамдардан іргені неғұрлым аулағырақ салып, бұған қоса, алдыңғы қатарлы елдерге, үлкен аға үйреткендей, кірді мейілінше жаға берумен айналысуын қалайды.

Үшіншіден, журналистердің енді бір тобы Батысты жұмыс берушінің нұсқауымен ианаттайды. Кейбір БАҚ иелері Батыс елдерінен емес, олар ұстанып отырған демократиялық құндылықтардың қазақстанға таралып кетуінен қорқады. Егер либерализм мен демократия идеялары шынайылығында терең тамыр алатын болса, онда құримыз деп ойлайды. Оларға Қазақстанды қайткенде жариялылықтан, ашықтықтан, заңдылықтан, әділеттіліктен аулақ ұстау керек. Батыспен жақындасса бұл «індеттер» ел ішін кеулеп кетуі мүмкін.

Қазақстан – жемқорлық терең жайлаған, авторитарлы Ресейдің жақын одақтасы. Дәл осындай Қазақстан ұры шенеуніктер үшін жұмаққа айналып отыр. Оларды ақиқатты күй, қалыптасқан шынайылық, елдің гүлденуі қызықтырмайды. Оларды қазіргі қалыптасқан сыбайлас жемқорлық жайлаған, демократиядан аулақ жатқан, тонауға мүмкіндік беретін Қазақстанның сақталып қалуы қызықтырады.