7.2 Сақтаймыз ба, әлде өзгерте дамытамыз ба?

Сөйлегендер білмейді, білгендер сөйлемейді.

Ляо-Цзы

Халыққа қазақ тілінде ұсынылып отырған баспасөз контентінің мазмұны және дүниетанымдық ауқымы қандай? Қазақ летаргиясының ұзаққа созылуына себепші болып отырған қандай фактор? Осы құбылысқа қазақ тіліндегі баспасөз қалай ықпал етуде?

Қазақ тіліндегі баспасөз, бұрынғыша, борозда бұзбайтын кәрі торы сияқты, ескі сүрлеуден ауытқымай, ауыр басып, баяу жылжып келеді. Жарияланып жатқан материалдарының бәріне ортақ идеялар бар. Олары бүгінгі қазақ ойының квитэссенциясы сияқты, бұлжымайтын «ақиқаттар» трюизмге айналып, барлық жерде – көркем әдебиетте, берілетін білімде, баспасөзде үнемі алдан көлбеңдей беретін болған. Олардың кейбіреулері мынадай: «қазақ – дана халық»; «жеріміз кең»; «тіліміз бай»; «билеріміз шешен, батырларымыз көсем»; «біліміміз озық»; «дағдарысқа қыңбаймыз»; «Батыс жаман, байлығымызға көз тігіп отыр»; «саясат – лас әрекет, оның маңайына жолама»; «қазақты ауылға қайтару керек»; «мықтыларымыздың бәрі ауылдан шыққан»; «гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз»; «қалаға, өнеркәсіпке жолама»; «қалаға барсаң қазақилығыңнан айырыласың», «мұнайдоллардың ағынын сезбе, онымен шодимашибрлар айналыссын»; «олар жаман, сен жақсы болып, үйіңде битіңді сығып, қанын жалап отыра бер»; «тыныштық болса болды»; «бас көтеруші болма, ереуілдеушілерге елеңдеме»; «тұрақтылық болса – кейін бәрін қатырамыз»; «нан болса – ән болады»; «той бола берсін»,..

Қазақтардың санасы олар бастауыш сыныптарда жүргенде ауыл мұғалімі құлағына құйып тастаған осындай таптаурын тіркестермен тықпаланып қалған. Осы трюизмдердің дүниетаным өзегіне айналып алғаны сондай, қазақ осыларды ғана қайталап өмір кешеді. Бұлардың «ақиқаттығы» қазақ ойындағы тоқырау механизмімен шарттандырылып тасталған, қазақтан шыққан қайраткер атаулының – жазушының, журналистің, композитордың, депутаттың, ғалымның, мұғалімнің санасының терең қалтарыстарына киелі ұғымдар ретінде орнығып алған. Аталған трюизмдермен тықпаланып қалған ойлау үдерісіндегі автоматтылық ауыл адамының тұтынып жүрген мәдениетінен, менталитетінен, әрекетінен шағылыс тапқан. Бөгде ойлар мен идеяларға жол берілмейді. Қазақтың санасына орнығып алған түсінік бойынша, кім болса да осы «қағидалардың» шеңберінен шықпауы керек. Егер кімде-кім бұларға күмән келтірсе немесе олардан өзгеше пікір айтуға тырысса, онда ол адамды ғаламат анафема күтіп тұр.

Таптаурын тұжырымдардың санада семіп қалғаны, қоғамдық сананың осыларға байланып, маталып тасталғаны сондай, бұқара жаңа идеяны қабылдамайтын, бөгде ойға төзбейтін, демек, сол жүз трюизмді қайталай бергннен басқаға адым аттамайтын жағдайға түсірілген.

Осылай, қазақ арасында халықты әлеуметтік ұйқыдан оятпаудың негізгі себептерінің бірі болып келген, ешқашан, ешкімге тың ой айтуға, онысын талқыға салуға, талқылау арқылы құбылыстың сырын ашуға мүмкіндік бермейтін түнерген ауарай қалыптасқан. Біздің дәуірімізге дейінгі VI ғасырда өмір сүрген қытай философы Ляо-Цзы осындай ауыр психологиялық ахуалды «сөйлегендер – білмейді, білгендер – сөйлемейді» деп сипаттаған екен [http://interesnosti.com 40 самых умных людей в истории человечества]. Санаға орнығып алған трюизмдер шеңберінен шықпайтын, көптің құлағына жағатынымен ғана өтетін тұжырымдардың авторлары оларының ұшқары, сонысымен келешек үшін пайдасы жоқ екенін аңғармайды. Ал қажетті, ұлағатты пікір айта алатындарға, жаңа идея көтеретіндерге сөз берілмейді. Екінші сөзбен айтқанда, «сөйлегендер – білмейді, білгендер – сөйлемейді» құбылысының әлі күнге дейін сыры ашылмай, әрекет ету механизмі түсініксіз болып келе жатуына байланысты,  қазақ мәселесі шешімін таппай келеді.

* * *

Келесі қазақ абсурдының мәні мынада. Қазақ көгінде рухани дүниені жайлап алған тылсым құбылыстардың сырларын білетін адамдар да жоқ емес. Тың мәселелер көтеріп, келеңсіздіктің себебін ашып, өзгеру жолын нұсқап бере алатындар да табылады. Бірақ, олар пікірлерін ашық талқыға салмайды. «Осы ойларыңызды неге жарияламайсыз» дегенге, «қазақтар ондайды қабылдауға дайын емес» деп жауап береді. Егер білетіндер ақиқатты жарияламаса, онда бұқараның ақиқатқа қолы қалай жетпек, бұқара қашан, қандай факторлардың арқасында ақиқатты тыңдауға дайын болмақ?

Қазақтілді баспасөз оларды қолдамайды, керісінше, бөгде пікірдің жарияланып кетуіне жол бермеу үшін жанталасады. Сондықтан келеңсіздікті көрсетіп, оны былай түзейік дегендердің өзіне қарсы шығудың әдетке айналып алуының салдарынан жаңа идея мен тың ойдың қылаң беруіне мүмкіндік жоқ.  Оларын ас бөлмеде немесе сыраханада отырғанда ортаға салатындар өздерін қара нөпір таптап кетуінен қорқып, үндемей қалып отырады.

Күні туғанда тылсым құбылыстың сырына қатысты ойын ортаға салмақ болып, аңқау біреу бел байлап шықты дейік. Сонда мұның арты не болады? Соны пікір кәлласына сыймайтын, тың түсіндіруді қабылдамайтын қазақтың үйреншікті дүниетанымынан бас тартуға еріккүші жетпейтін қара нөпір төте ой иесіне қарсы шығады, өлтіре соққы береді.

Ондайда конструктивті пікірсайыс болмайды. Байыбына бармай, төте ойды шаранасында құртуға құлшыну болады. Мәселе талқыланбайды, адам талқыланады. Ондайда пікір алуандығы, сөйлеу мәдениеті, аргумент, дәлел, ғылыми дәйектілік дегендер адыра қалады. Баспасөз мәдениеті дегендермен ісі болмайтындардың топырлай тас лақтыруы басталады. Тек «ұнайды» немесе «ұнамайдының» соңынан түскен ессіз көпшілік обалға қарамайды, қотиындықтың анайы түріне барады. Тасадан тығылып келіп атуға, белден төмен ұруға жол беріледі, жаланың ауыры жабылады. Шептескендер дуэльге ережемен, бірге-бір шықпайды, жеңілгенге гуманистік кесектік көрсетпейді, айғаққа – айғақпен, аргументке – аргументпен жауап бермейді, лас амалдармен қарсыласын мейілінше тұралату үшін дөрекі жанталасқа түседі. Оның артынан бықсық мысқыл, логикасыз кекесін, тура мәтінмен берілген балағат іске қосылады. Тосын пікір ғылыми мекемеде талқыланғанның өзінде осы пікірді іштей жақтайтын адамдардың өздерінің атағы мен дәрежесі бар планктон арасынан үні шықпай, арашаға түсер шамалары болмай қалады.

Әрине, айтылған пікірдің бәрі ақиқатты бола бермейтіні белгілі. Қандай ұлы болса да, пікір айтушының да мүлт жіберетін тұстары болады. Ал, қазақ арасында талқыға салынып отырған ұсыныстағы рационал дәнді тауып ала білу  керектігі ескерілмейді. Кез келген жаңа идея жөргегінде тұншықтырылады. Өркениетті елдер мұндай құбылысты пікір алуандығының болмауы деп сипаттайды. Ал, тиісінше, пікір алуандығы демократияның негізгі тетіктерінің бірі екендігі белгілі.

Әркімнің де қателесу құқығы бар. Өркениетті қоғамда талқылау кезінде қателер ашылып жатады. Біреудің қатесін екіншісі жанашырлықпен, «дұрысы былай» деп көрсетіп беріп жатса, біріншісі оны қуана қабыл алады. Мәдениетті талқылау болса, кім болса да, дәлелденгенін күтіп жүрмей-ақ, әлі пісіп жетілмеген ойларын да ортаға сала алар еді, бар тұман тез сейілер еді. Өкінішке орай, қазақ баспасөзі Еуропаны алға сүйреп шығарған рухани тұтқалардың бірі пікір алуандығының маңайына да бара алған жоқ.

Жалпы, шаруа менталитетімен өмір сүріп жатқан қазақтар сақтау, тұрақтылық деген ұғымдарды жаттап алған. Бұл сөздер санадан орын алуға тиісті өзгеру, даму деген антоним-ұғымдарды ығыстырып, олардың орнын тартып алған. Сондықтан, қазақ «өзгертейік», «өзгерейік», «талқылайық», «жаңа бағытқа бет бұрайық», «дамытайық» дегендердің шаужайынан ала түседі. Осылай, зиялы қауым тың ой, өзіндік пікір айтқандардың жауына айналып алған. Сақтау және тұрақтылық деген герменевтикалық бұлыңғырлықтар мұратқа айналып, ұлттық идея деңгейінде көрініс беретін болған.

Кез келген нәрсені сақтау үшін, оны сүрілеу керек. Сүрілегенде сему болады, даму болмайды. Даму болмаса – ыдырау болады. Ыдырау – кез келген заттар мен құбылыстардың көрініс беру циклының логикалық қорытындысы. Ғаламдастыру жағдайына бейімделе дамудың жолын таппай, тек сақталуды ғана мұрат тұтқан қазақ қоғамын аңтарылу құбылысы иектеп алған. Санада рефлексияның болмауынан ауыл қазағы прогресшіл мәдениетті қабылдай алмайтын, ол тұр-ғой, тілді, мәдениетті дамыту хақында айтылған жаңа ой мен идеяның мәнін түсінуге интеллекті жетпейтін, сонысымен өз жолына өзі көлденең тұрып алғанын білмейтін топас қара күшке айналған.

Дүниежүзілік өркениеттің қайда маңып бара жатқанынан хабары жоқ, ауылға шақыруды үгіттеуден жазбаған, жүз трюизм кемерінен аса алмайтын, шаруадан шыққан «зиялының» жұтаң санасының жеткен жері осы: “Оян қазақ” деп ұрандаймын, ал оятатын ой мен идеяға жол бермеймін, өзіңді ешқашан оятпайтын ауыл көрпесіне қымтап тастаймын”.

Қандай қоғамда болмасын, жаңалық атаулының бірден қабылданбайтыны белгілі. Алғашында жаңалықты қолдаушылар аз, оған жатырқай қараушылар көп болуы әдеттегі жағдай. Әр қашан да, жаңалықтың алдынан консервативті кадр корпусы кесе көлденеңдеп шыға келеді. Шептесу болады, шептесу болған жерде – кектесу болады, кектесудің арты кетісуге ұласады. Ал қазақ қоғамында шептесулер мен кектесулерге оңай жол беріледі. Ал контркультура мен субкультура жасап отырғандар басқару иерархиясының барлық басқыштарын иемденіп алғандықтан, жаңаның түрен тартуы тіпті қиындап кетеді.

Қазақтілді кеңістікте сыншыл ойлаудың кемдігі толеранттық мәдениеттің қалыптасуына тосқауыл болып, сынай отырып, ақиқатқа жету мүмкіндігінің тарылуына әкеліп соқтыруда. Өркениетті пікірталастың болмауынан тривиал қағидаларды қайталай беретін дәстүршілер үнемі жеңіске жетіп, жаңа ой ұшығы өркен жаймай, балауса күйінде шабылып тасталады. Айтылған пікірдің қателігінен емес, тек қазақтың құлағына жақпағандығынан оның жариялануына тосқауыл қойылуының арты лаққан әрекеттерге алып келеді. Осылай ұлттың өрлеуіне септігін тигізетін ой айтылмай, мәселе шешілмеген күйі қала береді.

Талқыланбаған құбылыстың сыры ашылмайды, сыры ашылмаған құбылыс ондаған жылдар бойы тығырық факторына айналып, бұғып жата береді, қордалана келе қоғамды іштей шіріте береді. Осылай, қазақ басылымдарының талқыламау және талқылатпау ұстанымы бір мәселенің ондаған жылдар өтсе де еш шешімін таптырмайтын, белгілі деңгейде бұқараны ұйықтатушы факторға айналып алған. Қазақ қоғамы бір ғасыр бойы осы айналсоқты үдерісті бастан кешіріп келеді. Оятпау механизмінің іске қосылуы осыдан көрініс тапқан.

Қазақтың кежегесін кері кетіріп отырған зілдей тауқымет, ол – қазақтардың өздерінің ішкі әлеміне үңіле алмауы, әрекеттерінің мотивациясын білмеуі. Екінші сөзбен айтқанда, халықтың санасында рефлексияның болмауы. Жүз трюизм шеңберінде ұлтым, тілім, мәдениетім деп өзеурей айғайлап жүргендердің айтқандарының көбі қате, алға тартып жүрген идеяларының бағыттары теріс. Ғасыр бойы осы қателіктердің үнемі қайталануынан ұлттың да, тілдің де, мәдениеттің де қапасына саңлау түсер емес. Алға жылжу жоқ, бір орында таптау бар. Оянбау дерті дегеніміз осы.