6.8 Демиургтік объективті баға керек

Тыңғылықты зерттеуші үшін мектептегі білім сапасын көрсететін ақпараттар алу қиындық тудырмайды. Ол үшін мектепке барып, барлық шептер бойынша тексеру жүргізудің қажеті жоқ. Мектептің қызметіне объективті бағалауға мүмкіндік беретін тексеру жұмыстарының жанама түрлері көп.

Нәтиже тексерілетін білім мекемесін тура нысанаға алып тексергенде емес, оның шығарған өнімін тексергенде ғана объективті болады. Демек, ең объективті деп мектепті бітіріп кеткендердің өмірлік компетенттігін тексеру нәтижелерін ғана айтуға болады.

Мектепте беріліп жатқан білім сапасы жиі тексеріледі: оқушылармен бақылау жұмысы жүргізіледі, оқытушының сабақ жоспарлары, әдістемелік шеберлігі, білім мекемесінің іс жүргізу құжаттары тексеріледі. Ішінара мұғалімдерден базалық мамандығы бойынша бақылау жұмысы алынады. Алайда дәстүрлі тексеру амалдарының ешқайсысы, еш жерде, еш қашан тексерілуші тарап туралы объективті баға алуға қол жеткізіп көрген емес.

Қазір сапасыз білім беретін мекемені анықтау мүмкін болмайтын, олардың жұмысын тексеріп, объективті баға берілмейтін жағдай орнаған. Ешкім, ешқашан, ештеңені әділ тексеріп, тексерілетін ұйымның жұмысына объективті баға бере алмайды. Мұның сырын түсіну қиын емес: әділеттілік пен сыбайлас жемқорлық бірі бірімен сыйыспайтын ұғымдар. Білім беру кеңістігін сыбайлас жемқорлық  толтырып тұрғанда әділетті тексеру мен объективті баға беруге орын жоқ.

Осыдан бірнеше жыл бұрын студенттер қатысатын аралық мемлекеттік бақылау (промежуточный государственный контроль – ПГК) деп аталатын емтихан түрі болды. Ол да білім кеңістігін жайлаған сыбайлас жемқорлық механизміне оңай айнала салды. Бар мәселе емтихан тапсырушы мен алушы тараптар арасындағы келісіммен шешіліп жатты. Бұл емтихан циклін өткізу білім беру саласын басқарудың республикалық органының жауапты адамдары мен емтихан жүріп жатқан ғимаратты және тәртіпті бақылау тапсырылған ҰҚК қызметкерлері үшін тиімді шара болды.

Кадрдың мониторинг жүргізу қабілеттілігі жойылған. Тексеру комиссиясын құру оңай. Тексерілетін мекеменің жұмысына объективті баға бере алатын, ұстанымшыл қызметкер табу қиын. Тіпті ол табылған күннің өзінде тексерілетін мекеме тексерушінің алдына жоғарыдан сұсты күштерді тосқауыл етіп, оның өзіне елеулі қауіп төндіре алады. Осылай, тексеру ісін объективті жүргізуге жағдай жасалмайды. Тексеру жұмысын адал өткізуге еш жерде, ешқандай мүмкіндік жоқ. Бүкіл ел тұтастай мониторингқабілеттілігін жойып алған. Мұның түпкілікті себебі –  объективті тексеруге ешкім мүдделі емес.

Қазақстан Републикасының Білім беру және ғылым министрлігіне елде білім беру саласында қалыптасқан ахуалға дәл, терең, демиургтік баға керек. Мектептердің жұмысын объективті бағалауға мүдделі күштерді тауып, олардың білім сапасын нақты көрсетіп бере алатын, дәстүрдегіден тыс әдістемелерді қолданып, әрекет етуіне жағдай жасауы керек. Ол әдістемелер бойынша оқытушы, оның жоспарлары, білім беру мекемесінің құжаттары емес, түпкілікті нәтиже – мектеп бітірушінің өмірлік компетенттігі тексеріледі.

* * *

Елде көрініс беріп жатқан келеңсіздік атаулының бәрінің түпкілікті бастауы мектепте жатыр. Жеңіліс атаулының бәрі, соның ішінде әскердің де, дипломатияның да жеңілісі мекеп партасынан басталады. Тілдің де, мәдениеттің де, тиісінше, қоғамның өзінің де тағдыры, негізінен, мектепте берілетін тәрбиенің сапасына тәуелді. Ұлттың заманауи, ашық, азаматтық, шынайы демократиялық қоғам құра алмауы – ұлттың тарихи компетенттігінің кемшіндігі – мектептегі тәрбие мен білімнің түпкілікті қорытындысы. Өйткені, бүгінгі Қазақстанның азаматтары – олар кешегі осы елдің мектебін бітірушілер. Көзқарақты зерттеушілер үшін ол бесенеден белгілі нәрсе. У. Черчилль «соғыс майданындағы жеңіс – ол мектептегі мұғалімнің жеңісі» дегенді баяғыда айтып кеткен. Демек, елдің тағдыры мұғалімнің қолында.

Білім беру мәселесі – ұлттық қауіпсіздік мәселесі.