6.3 Білім стандарты талаптарының орындалмауы
Қазақтілді мектептердің жоғары сыныптарында білім беру стандарты талаптары толық жүзеге асырылмайды. Бағдарлама бойынша жоспарланған сабақтардың өтілмей қалуы кең таралған құбылысқа айналған.
2002 жылы қабылданған білім беру стандарты бойынша ежелгі дәуірден осы заманға дейінгі аралықты қамтитын Қазақстан тарихының мектептік жүйелі курсын 5-9 сыныптарда 221 сағат көлемінде оқыту жоспарланған (қараңыз: ҚР жалпы орта білім берудің МЖМС. Негізгі ережелер. – Алматы: РОНД, 2002.). Қазақстан тарихы бойынша ҰБТ сұрақтары осы курс материалдарына құрылған. Аталған білім стандарты бойынша, бұдан басқа, жалпы білім беретін қоғамдық-гуманитарлық бағдарлы мектептің 10-11 сыныптарында мына курстар өтілуі керек:
Қазақстан тарихы (кейбір өзекті мәселелері) – 102 сағат;
Дүние жүзі тарихы – 68 сағат;
Қоғамдық білім негіздері – 102 сағат;
Құқықтану негіздері – 68 сағат.
Зерттеулердің нәтижелері қазақтілді мектептердің басым көпшілігінде бұл сабақтардың аттары дәліздегі кестеде жазулы тұрғанымен, іс жүзінде жүргізілмейтінін көрсетті. Қазақтілді мектептер стандарттық талаптарды бұзып, бағдарлы мектептердегі Қазақстан тарихынан өзге қоғамдық пәндердің бәрін өздерінің қалауынша пайдалануға көшіп алған. ҰБТ-ға дайындық желеуімен, аталған курстардың орнына тағы сол Қазақстан тарихының 5-9 сыныптарда өтіліп кеткен материалдарын «қайталап оқытатын» болған. Сонымен, Қазақстан тарихының негізгі мектептегі жүйелі курсы заңды түрде бөлінген 221 сағатқа қосымша, 10-11 сыныптарда аталған курстардың есебінен заңсыз 342 сағатты қосып, барлығы 563 сағат көлемінде «оқытылатын» болған.
Бұл жағдайдан бірнеше күдікті сұрақ туындайды.
Бірінші сұрақ: Мектептер қоғамдық пәндер бойынша аталған бағдарламалық курстарды оқытпауды қай заңға сүйеніп, кімнің рұқсатымен жасап отыр?
Екінші сұрақ: Мектеп бітірушіге «қоғамдық білім негіздері», «құқықтану негіздері», «дүние жүзі тарихы» курстары бойынша өтілуге жоспарланған материалдарды игерудің қажеті жоқ па? Егер аталған курстарды оқытудың жас адамның ғылыми дүниетанымын қалыптастыруға қажеті болмаса, онда мектеп басшылары мен мұғалімдер неге солай екенін компетентті ғылыми мекемелерде, Білім және ғылым министрлігінде дәлелдеп, ол курстарды оқытуды стандарттан мүлдем алдыртып тастамайды?
Үшінші сұрақ: аталған пәндердің аттары мектептегі сабақ кестесінде көрсетілген, олардың өтілгені туралы журналдарға жазылып, бағалар тізіліп тұр. Стандартқа сай мемлекеттік бюджеттен ол курстарды өтуге тиісті қаражат бөлінген. Ал оқушы болса, бұл сабақтардың атын ғана естіген. Осы мәселенің қаражатқа қатысты жағын кім талдап, түсіндіріп бере алады? Осы курстардың өтілуі үшін бөлінген қаражат қандай статья бойынша, қайда кетіп жатыр?
Төртінші сұрақ: білім стандарты бойынша оқытуға берілген уақыттың 2,5 есеге арттырылуы сабақтың меңгерілуіне қалай ықпал етуде? Осыдан кейін оқушы Қазақстан тарихы курсының материалын жақсы меңгеріп алды ма? Олардың патриоттық сезімдері асқақтап тұр ма?
Білім беру жүйесінің ең өзекті және имманентті мәселесі – мемлекеттік стандарт талаптарының өрескел бұзылуы салаға қатысы бар, білім берудің сапасына алаңдайтын адамдардың үрейін ұшыруда.