3.4 Ауыл тағдыры қалада шешіледі
Ана бір жылы ауылға 5 млрд теңге қаражат бөлінді. Ол ауылдың жұмырына жұғын болған жоқ. 2013 жылы ауылға көмек көрсетудің 3 жылдық жоспары қабылданып, тағы 10 млрд теңге қаражат бөлінген болатын.
Егер 50 млрд бөлінсе, ауылдың бағы ашылып кетер ме еді? Ал ауылға баратын барлық жолды жөндеп, ауыл атаулыны ауыз сумен қамтамасыз еткеннен кейін олардың тұрғындары ары қарай тез адымдап кетеді деп кім кепілдік бере алады? Айналасы екі-үш жылдан кейін-ақ жолдар қайта опырылып, құбырлар істен шығып жатпайды деп кім айта алады?
Ауыл мәселесі оған қаражатты мол бөлумен шешілмейді.
Сырттай қарағанда кереғар болып көрінгенімен, шынайлығына келсек, ауыл тағдырының тек қалада ғана шешілетініне көз жеткізу қиын емес. Әрине, кенттеудің жөні осы екен деп ауыл тұрғындарын ірі қалаларға жосықсыз жинап алғаннан олар өркениетті бола қалмайды. Керісінше, Алматы мен Қапшағайдың арасынан жер тілімдерін беріп, жапаларға толтырып қоюдың арты орны толмас өкінішке, әлеуметтік жарылысқа апарып соқтыруы мүмкін. Қазаққа тұрпатты Шығыс елдеріндегідей, миллиондаған жұмыссыздар тығылған шахит белдеулерімен қоршалған, айнала тақырдағы алып мегаполистің керегі жоқ.
Ауыл тұрғынына шын жаны ашитын билік оның өзін еңбекке қосып, қолында бар шикізатын пайдаланып өнім шығаратын кәсіпорындар салуды ұйымдастыруы керек. Және ол кәсіпорындарды ірі қалалар мен мегаполистерге емес, сол ауылға жақын, шағын қалаларға орналастыру керек.
Мәселенің мәні мынада: Ауыл қазағының қолында астық, жеміс, көкөніс, ет, сүйек, сүт, тері және жүн бар. Демек, қалаларда тамақ және жеңіл өнеркәсіп орындарын салу керек. Егер қалада шұжық пен сосиска, айран, май, ірімшік шығарылып, жеміс-жидек семдіріліп, мүйіздер мен сүйектерден дәрілер жасалып, былғарыдан тон, қолғап, аяқкиім тігіліп, жүннен тоқыма, маталар шығарылып, көйлектер мен костюмдер тігіліп, шет елдерге шығарылып жатса, мінеки, сонда ғана ауылдың ажары ашылып, күйі жақсарады. Ауыл адамына қолындағы бар байлығын – мал, астық, көкөніс өнімдерін кәсіпорынға сату мүмкіндігінен асқан көмектің керегі жоқ. Сондай мүмкіндік туатын болса, ауыл өзіне баратын жолды да өзі жөндеп алатын, таза су құбырын да өзі тартып алатын, республикалық бюджетке де өзіндік үлес қоса алатын ауқаттылыққа қол жеткізеді. Билік тек шеттен келіп жатқан арзан және сапасыз тауардың ағылуына тосқауыл қойып, шағын қалалардағы кәсіпкердің жолын ашып берсе болды.
Қазіргі қазақ экономикасындағы шешуші буын сол – шағын қалалардағы жеңіл және тамақ өнеркәсібін жолға қою. Осы салалардағы жұмыс оңды бағыт алса, шынжырлы реакция іске қосылып, экономиканың өзге салаларында да қыбыр туғызар еді. Осы тренд жүзеге асырылғанда Машинажасау өнеркәсібі жеңіл және тамақ өнеркәсібі өндірісі үшін станоктар мен жабдықтар; химия – тыңайтқыш; ЖОО-лар – кадр дайындап; Тасымал министрлігі шикізатты кәсіпорындарға, дайын өнімді тұтынушыға жеткізумен айналысып, бәрі әрекетке кірісетін болады. Өзге салалардың да бойына жан бітеді. Ірі қалалардағы артық жұмыс күші осылай тартылып, «Шахид» белдеулеріндегі әлеуметтік шиеленіс жұмсарады. Бұл шеттен келген қазақтарды өндіріске жұмылдырудың да оңтайлы тетігіне айналар еді. Ауылға қатысты мәселелердің тұтастай бәрі – ауылды ауыз сумен қамтамасыз ету, жол салу, білім сапасын арттыру, ауыл тұрғындарының денсаулығын жақасрту – бәрі ауыл шаруашылық өнімдерін өңдейтін жеңіл және тамақ өнеркәсібін дамытуды сара жолға салу арқылы ғана байыбын табатын болады.
Кенттенуді сауатты жүргізу үшін үдерістің азиялық емес, тек еуропалық нұсқасын таңдау керек. Ел аумағының барлық өңірлерінде орналасқан шағын қалалардың өнеркәсібінің өркендеуіне құрылған кенттену үдерісі ғана перспективалы болады.