3.3 Имманентті қазақ мәселесі: ареалдық лингвистика тұрғысынан
Шаруа – тарихтан тыс, қалада ұя салған мәдениет атаулыдан тыс тұрады.
О.Шпенглер
Қалай жәбірлі болса да, тарихи ақиқатпен санаспауға болмайды. О.Шпенглер айтқандай, шаруаның «тарихтан тыс тұратын, қалада ұя салған мәдениет атаулыдан аулақ тұратын тап» [64: 98-99] екенін мойындауға тура келеді. Мұндай кескін пікірге ден қоймасқа лаж жоқ. Өйткені, ол өркениеттер тарихында талай дәлелденген. Қазіргі қазақтың рухани болмысы да осы қағиданың релеванттығын айғақтап отыр.
Шаруа демократизм, адам құқығы, жариялылық, ашықтық идеяларынан аулақ болады. Оның қоғамдық тарихи үдерісте жұмысы жоқ, оның заңдарымен санаспайды, ұйымдасқан саяси күреске бармайды, әлеуметтік сілкіністермен ешкімнің назарын аудармайды, езгіге шыдай береді, белеснді әрекеттерімен үкіметке қауіп төндірмейді. Оның топтық әрекеті (егер ондайға бара қалса) ұйымсыз, шашыраңқы, бағдарламасыз, мақсатсыз, жергілікті бүлік деңгейінде ғана көрініс береді. Тарихта шаруалар көтерілістерінің ешқайсысы жеңіске жетіп, қоғамда тәртіп орнатып көрген емес, жеңіске жетуі мүмкін де емес. Бұл үрдіс шаруаның әлеуметтік жағдайларымен, менталитетімен шарттандырылып тасталған.
Шаруа ұлттық өзіндік сана деңгейі төмендігінен, бытыраңқылығынан ұлттық мүдделерді қорғайтын, ұйымдасқан саяси күш деңгейіне көтеріле алмайды. Шаруа – ұлтты келбеттейтін, ұлтқа тірек болатын тап емес. Шаруа мен ұлт – бірі бірімен кереғар ұғымдар. Шаруаның ұлттық ұрандармен күреске шығуының өзінде мән жоқ. Саяси сауатсыздық пен құқықтық нигилизм меңдеген, демократиялық мәдениет дегенмен ісі болмайтын шаруаның өзінің ішкі рухани әлемімен ұлт өкілі тұрғысында көрінуге қақысы жоқ.
Индустриялы қоғамға бүйірден қосылып, қалалықтарға ауылшаруашылық өнімдерін ғана дайындап берумен айналысатын шаруадан саяси-әлеуметтік күш екен деп ешбір билік қыңбайды. Шаруаға есеп құруға да, сенуге де болмайды. Шала сауатты шаруа ғана емес, шаруадан шыққан дипломды кадрлардың, дәрежелі ғалымдардың, танымал жазушылардың өздері елдің келешегі үшін саналы әрекетке бармайды. Олар прогресшіл идеяларды қолдаушы сияқты болып көрінуі мүмкін, соның өзінде, тықыр таянғанға дейін ғана. Өздерінің табындық ойлауымен шаруа авторитарлық немесе тоталитарлық биліктің тірегі, қолайға жағатын электорат жасап шығаратын жанды материал рөлін ғана атқара алады. Шаруа – демократияға дейінгі қоғамда өмір сүретін тап.
Шаруа сауатының аздығынан билікке кімнің келіп, кімнің кетіп жатқанын аңғармайды, саяси қайраткерлердің салауаттысы мен тектісін таңдай білмейді. Шығыстың шаруа тапты қоғамдарында билікке популизммен келген пысықай біреулердің маңайына өзі сияқтыларды топтастырып алып, ойына келгенін істегені тарихтан белгілі. Қазір де Азия мен Африканың көптеген елдерінде қоғамның ресурсын қолына уыстаған авторитарлық билік иелері талау мен қомағайлықтың болып көрмеген нұсқаларын көрсетіп жатқанда шаруа қауқарсыздық танытып, сұмдық деградацияларға жол беріп отыр.
Әлеуметтің түбінен шыққан шенеуніктер манипуляциялық амалдарды қолдана отырып, шаруаны қолындағы қуыршақша ойнатады, әкімшілік өктемдікпен, ақпараттық-психологиялық және материалдық мүмкіндіктерді пайдаланып, оларды бір арнадан ақпарат алуға мәжбүрлейді, бір партияға қабылдаттырады, сайлау учаскелеріне айдап кіргізіп, нұсқаумен “дауыс бергізедi”, референдумдарда “жеңісті” қамтамасыз етеді. Ауыл тұрғынының дауысымен өзіне қажетті адамдарды жиып алады.
Биліктен айырылмауды ғана көздейтіндер үшін тұрғындарды ауылда ұстаудың тиімділігі төтенше. Оның мәні ауылдағы сауатсыз халықты билеп тұрудың қаладағы саясаттанған халықты басқарғаннан әлдеқайда оңайлығында. Осындайдың сырын бiлетiн билеушi халқын кенттендiруге мүдделi болмайды. Олар шаруа менталитетіндегі осалдықты өз пайдасына шешу жолдарын жақсы меңгерген, жақтап сөйлеген болып, ауыл мұқтажын шешуге, тағы бірдеңелерге ақша да бөліп, ауыл тұрғындарына ұнауға, солардың дауысымен билігін сақтап қалуға тырысады.
Ауыл белгілі бір статикалық күйге түсіп алып, ғасырлар бойы өзгеріссіз қалады. Ауыл адамында өзгеріске ұмтылу, әрекет болмайды. Әрекет ету қауқарының жоқтығынан шаруа шешуші саяси оқиғалардың бәрінен тыс тұрады. “Өз басын қадірлейтін ешбір ғалым зерттеуді қажет деп таппаған шаруаның нағыз этикасы мен метафизикасы кез келген рух пен дін тарихынан тыс қалып отырады” [64: 99]. Тарихи-мәдени үдерістерден аулақ болғандықтан, шаруа оларға әсер де ете алмайды. Шаруаны саясатқа тарту, құқығын қорғауды үйрету шараларынан еш нәтиже шыққан емес, шықпайды да.
Шаруаның мәдениет жасауға, балаларын дұрыс оқытуға зауқы да, қауқары да жоқ. Сондықтан шаруа мәдениеті, ауыл мәдениеті деген ұғымдарда мағына жоқ. Тарих көшінен адасып қалып, желдің ығымен кеткен ауылда мәдениет те, білім де болған емес, болмайды да. Ауылда тарихты, мәдениетті жасайтын тіл де болмайды. Ауыл адамының тілі – аномалиялы қолданылатын, тұрмыстық қойыртпақ тілі.
Кеңес кезінде қазақ тілі ауылда сақталды дегенді жиі нстуге болады. Бұл нағыздыққа жанаспайды. Ауыл тілді ешкім өзі үйрене де, біреуді үйрете де алмайтын, аномалды қолданысқа түсіріп, оның репрезентативтік қабілетін жойып берді. Қазіргі қазақ лингвистерінің алдында тұрған міндет – қазақ қоғамын ережесіз, былыққан ауыл адамының лингвемасынан құтқару.
Өркениеттен жырақ, субаумақта қалуы халықты интеллектіден, мәдениеттен, этикадан да жырақ қалу жағдайына әкеп тіреуде. Коммунистік билік иелері кезінде әлеуметтік алалау саясатын жүргізді және оны біртіндеп, әдістемелі жүзеге асырды. Оның мәні: қазақтарды, мүмкіндігінше, ауылды елді мекендерде шоғырландыру, индустриядан аулақ ұстау, қалаға келтірмеу, керісінше, қалаға славянтекті жұрттар өкілдерін жайғастыру. Бұл бағытты іске асыру үшін жергілікті әкімшілікке құпия нұсқаулар берілді. Қала кәсіпорындарына квалификациялы жұмыс күші қажеттігін желеу етіп, КСРО-ның славянтекті халықтары тұратын республикалардан адамдар топтап әкелініп жатты. Жәйлі пәтерлер соларға берілді. Осылай, Қазақстан қалаларында тұратын славянтектілердің үлесі үздіксіз артып отырды. Ал ауылдан қалаға келуге ниет білдірген қазақтарға әкімшілік тосқауыл қойылды. Олардың қала тұрғыны ретінде тіркелуі қиынға соқты. Бұл қазақтан шыққан жұмысшыларға ғана емес, зиялы тобына жататын адамдарға да қатысты болды. Білім, ғылым, көркем шығармашылық салаларында ұзақ уақыт бойы жұмыс атқарып келе жатқан, танымал адамдардың көбінің Алматыдан пәтер алуға қолы жетпеді. Осы ахуалды дәл сипаттаған ақын Қ.Аманжоловтың
«Берсең бер, бермесең қой баспанаңды,
Сонда да тастамаймын астанамды» – деген өлең жолдары бүкіл қазақ оқығандарының есінде мығым қалып қойды.
Осылай, коммунистік билік иелері қазақтарға қатысты ғылыми негізге сүйеніп жобаланған екі бағыт ұстанды. Біріншісі – Қазақстан тұрғындарының ішіндегі жергілікті халықтың үлесін мейілінше азайту, екіншісі – олардың өзін ауылды елді мекендерде шоғырландыру. Әлеуметтік-демографиялық саясаттағы осы екі бағыт бұдан былайғы уақыттардағы қазақтардың рухани күйін де айқындаушы факторға айналды.
Әкімшілік пәрменмен жүргізіліп жатқан әлеуметтік алалау саясаты идеологиялық бағыттағы шаралармен қабаттас жүріп жатты. Большевиктер қазақтардың кенттенуінің табиғи үдерісінің жасанды бұзылғанын сезіп, оған қарсылық білдірген жергілікті халықтан шыққан зиялы өкілдерінің алдына тосқауыл қойып отырды. Өзіндік тұрғысы бар, білімді, интеллектілі, белсенді адамдарды биліктен ығыстыруға, саясаттан аулақ ұстауға, генералитетте, ғылымда, техникада, технологияда шешуші лауазымдарға араластырмауға тырысты. Билік иелері маңайына жергілікті ұлттың рухани қораштарын жинады. Оларды тегеурінді, мықты қайраткерлердің артынан түсіріп қойды. Қазақтан шыққан кадрларды ұсақтату үшін руаралық қырқысты қоздыратын тетіктерді сырттай біліне бермейтін әдістермен іске қосып отырды.
Шаруа табының ешқашан ұлт мүддесі үшін күресте жеңіске жете алмайтынын тарихи тәжірибеден түйіп, «пайдалы» қорытынды шығара білген большевиктік идеологтар әр кездегі қазақ шаруасының көрсеткен дөңайбатынан сескенген жоқ, шаруамен санасқан да жоқ. Шаруа тапты қазақ халқы Кеңес өкіметіне XX ғасыр бойы құлақ естіп, көз көрмеген, жан түршігерлік әлеуметтік эксперименттер жасауға жол берді, қырса – қырыла беретін, үркітсе – қаша беретін халық екендігін көрсетті. Бірыңғай шаруа халқы болып қалған қазақтар ауылдық мешеулік пен пасықтықтан арыла алмады, өздерін ұйымдасып қорғауға сауаты жетпеді, әр кезде болған аштықтарда шыбынша қырылды, шет елдерге қашты, тоталитарлық билікке қарсы үш жүз сексен рет көтерілді, үш жүз сексен рет жеңіліс тапты.
* * *
Ауыл – қазақтың көпшілігінің туылған, өскен ортасы, кіші отаны екені рас. Отан болған соң оны сүю керек, оның қамын ойлау, ол туралы жағымды эмоция білдіру, жазу, ән салу, бәрі керек. Ауылшыл философияның арқа сүйер тірегі осы.
Алайда ауыл әлемінің өкілдері бұл құбылыстың екінші қырын көре алмады. Кереғарлықтың мәні қазақтың кіші Отанын сүюінің астарында Үлкен Отанының бейнесінің күңгірттеніп кетуінен көрініс берді. Екінші сөзбен айтқанда, ауыл ұғымы Қазақстан ұғымынан жоғары шығып кетті. Қазақ үшін ауыл – ел, отан, ал Қазақстан және қала – түсініксіз, тылсым дүние болып қала берді. Қазақ журналистері ауылдан келген ақпаратты «елден хабар» деп жариялайды. Ал Қазақстанның 80-нен астам қаласы мен оларды мекендеген 9 млн-нан астам тұрғыны олар үшін елге жатпайды.
Қазақ қайраткерлерінің кенттену үдерiсiне ессіз қарсылығы халықтың менталитетінен айшықты көрініс тапты: қаладан қашу бетке ұстар құндылық және соның өндірімі болып шығатын менталитет ретінде қазақтың санасын әбден меңдеді, ауыл киелі ұғымға айналып, фанатиктің деңгейінде қорғалатын болды. Қазақтар өзге дүниені өзінің «үңгір идеалы» – көңді ауылдың жанындағы күлтөбенің биігінен ғана бағалады. Олардың ойынша «ауылым» деп ән салып, өмір сүру керек, ауылдың келеңсіз жақтарын айтуға болмайды. Тіпті жақсарту ниетімен, ауылдың бір мәселесін шешу мақсатында да айтуға болмайды. Ауылдағы кемшілікті айту қазаққа қарсы шығу, қорлау ретінде қабылданады.
Ауылдан тыс жерлерде болып жатқанның бәрі – ашық қоғам адамдарының сөзі, ойы мен әрекеті, олар ұстанған бағыттар ауыл адамының кәлласына сыймады. Қазекеңнің ойлау және әрекет ету стиліндегі өзгешелік оның ерекшелігінде немесе арнайылығында емес, шаруашылығын индустриялы әдіспен жүргізетін адамдардың логикасымен қабыспайтынынан көрініс беріп жатты.
Билiктiң барлық буындарындағы қазақ кадрлары мен оқығандарының дерлiктей бәрi кез келген дамыған ел экономикасындағы қала өнеркәсiбiнiң үлесiнiң басым болатындығын, қоғамның саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтiк дамуында қаланың жетекшi рөл атқаратынын, өркениеттi ұлт болып қалыптасу жолдарын тек қаладан iздеу керектiгiн, ауылда қалудың арты рухани аялардың бәрінде артта қалу, ақыры ұлттың құрып кетуіне апарып соқтыратынын түсiнбеді.
Осы уақытқа дейiн қазақ зиялысы үшін қала жат, тылсым және үрейлі болып қалып отыр. Қалаға бейiмделе алмау дерті (адаптационный синдром) ауыл әлемі өкілінің менталитетінде әлеуметтік маңыз аларлық деңгейде көрініс беретін, оның әрекетіне басшылық ететін факторлардың бастысына айналған. Қазақ зиялысы қаласы бар, өндірісі бар, экономиканың басқару тетіктерін ұстай алған халық – ұлт, қаласы жоқ, өндірістен және оны басқарудан аулақ қалған халық ешқашан ұлт болып жарытпайтынын тарихи тәжiрибеден түйген жоқ. Қазақ тарихының кезеңдерін алып қарай отырып, туған халқының қалалары мықты болған кезі мәдениеттің, білімнің, ғылымның шарықтаған, дамыған тұсына, қаладан айырылып, мал соңынан еріп, далаға кеткен кезі ұлттың ыдырауына сәйкес келетiнiн сауатты саралаған жоқ. Ұлттың қалыптасуы туралы теориялардың бәрінің ұлттың пайда болуы мен дамуының нарық ұстанымдарына құрылған капиталистік өндіріс тәсіліне, қала өнеркәсібіне тура тәуелділікте болатынын үнемі дәлелдеп келе жатқанын олар мойындағысы келмеді. Осыны мойындамаудан тартқан зардабы да қазақтың есіне ес қоса алмады.
Ауыл әлемінің адамы үшін ғарыш – кеңiстiк емес; өркениет – қауым емес; индустрия – шаруашылық жүргізетін әдіс емес; қала – тұратын мекен емес; адам еркiндiгi мен демократия – құндылық емес. Мәдениет, ғылым, техника, технология, әлеумет, саясат, азаматтық қоғам, қала адамының жан дүниесі, менталитеті, тіні, мүддесі, құндылықтары, арманы, мақсаты,.. – көркем шығармаға тиек болатын объект емес. Өмiр қалай ағып барады, дамудың беталысы қайсы, өркениеттi қоғамдар не тындырып жатыр, онымен қазақтардың ісі шамалы. Олар үшiн қаласы көп, сонда шоғырланған халықтардың бәрi ақымақ, ал ауылға жайғасып алып, ет жеп, қымыз iшiп, той жасаудың ретiн iздеумен күнелтiп жүрген қазақ қана данышпан. Ол жаһанданып жатқан қоғамның екпінін де, тегеурінін де, интеграциясын да, сайын даладағы сағым қуудың енді көзден бірбір ұшатынын да сезген жоқ.
Ал рухани өмірде қазақтардың ауылын әспеттеуі жетекші идеология болып қала берді. Ауылдың “артықшылығы” туралы ғылыммен де, нағыздықпен де үш қайнаса сорпасы қосылмайтын ахинеяға баса беру ғасырға жуық уақытқа созылды, қазір де жалғасын тауып отыр.
* * *
Ауыл қазаққа не берді?
Сұрақтың бұлай қойылуы қазақтың ауылға қатынасы мәселесін толық ашып бере алмайды. Бұл сұрақты, өңін айналдырып, ауыл қазақтың несін алды деген формада қойғанда, ауыл және қазақ мәселесі толығырақ ашылады.
Сонымен, ауыл қазақтың несін алды?
Ауыл қазақтың мемлекет ретіндегі тәуелсіздігін алды. Қаласы, өнеркәсібі, отқаруы, оны қолына ұстаған әскері болмаған қазақ Ресейге бодандықты мәжбүрлікпен қабылдады. Алдымен патша билігі артынан Кеңес өкіметі ауыл халқы болып қалған қазақтың қанын сорып, сүйегін қалдырды. Ауыл – құлақ естіп, көз көрмеген нәубеттер мен жеңілістердің потенциалы ортасы болды.
Кеңес билiгiндегi жылдарда бiр тектi ауыл халқы болып қалу әлеуметтiк артта қалудың тұтас кешенiн алға тартты. 80-жылдардың ортасына қараған шақта қазақтар «алыс» деп аталынатын аудандарда, апатқа ұшыраған аймақтарда тұратын, ұрпағы мүгедек, мәдениетi тығырыққа тiрелген, моралi тозған, тiлi тұрмыс аясына тықпаланған, саяси тәуелсiздiк пен әлеуметтiк өрлеуден күдер үзген, келешекте «бiртұтас Кеңес халқына» қосылып кетудi мойындаған, ең бастысы, өркениеттен жырақта қалған, ауыл шаруашылық шикiзатын өндiретiн арзан еңбек ресурсына айналған болатын.
Ауыл қазақтың есін алды, сергектігін алды, өзін летаргиялық ұйқыға тұншықтырды.
XX ғасырдың алғашқы онжылдықтарындағы “Оян, қазақ” ұраны, мінеки, арада ғасырға жуық уақыт өтсе де, өзектілігін жойған жоқ. Бұл уақыт қазақ шаруасы оянатын деңгейге, шаруадан шыққан зиялы оятатын деңгейге көтерілмегенін көрсетті. Оятушы фактордың осыған дейін ұстанып келген бағытынан айырылмауы оянбақты да түс көргеннен арыға жібермеген. Осы ұран да өзектілігін жоймайтын, ел де оянбайтын сиқырлы айналсоқ жалғаса берсе, келесі, одан арғы ғасырларда да қазақ атқамінерлері ұранынан, елі ұйқысынан жазбақ емес. Тек летаргияның да өзіндік қасиеті болатынын, одан оянғанның өзінің тез қартайып, ана жаққа жедел аттанып кететінін естен шығармау керек.
Абайдың тікенектей шаншу тілі қазақты бір селт еткізгенімен, оның санасына саңлау түсіре алмады. С. Торайғыров «қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шыққан, күн болды», бірақ ақынның жұрты ол күннің жылуы мен шуағын сезбеді. А. Байтұрсынов та «Масасын» ызыңдатудай-ақ ызыңдатты, ол да елінің есінеуін қойғыза алмады. М. Дулатовтың «Оян, қазақ» деп салған жарынан кейін де ұйқышыл жұртының қымталған көрпесі ашылмады.
Қазіргі заман қайраткерлері де осы ұранды қайталаумен келеді:
Сен оята алмай кеткен жұртыңды,
Мен де ұйқыдан тұрғыза алмай шаршадым, – деп налыды Ә. Қосанов досы Алтынбек Сәрсенбайұлының аруағына арнаған «Құрдаспен әңгіме» деген өлеңінде. Халқының үнемі жеңіліске ұшырап, аштық болса – қырылып, қыспақ болса – шетке қаша беруінің себебін түсіндіріп берем деген Н. Масановты ұлтпаттар сотқа тартты.
Жұртының сүлесоқ психологиялық күйін көріп, ашуы кеудесіне сыймаған Иран-Ғайып туған халқының намысына тие, оны аяусыз тілмен союға дейін барды. «Өліксің,- деді ол халқына,- батқан күнің шығар ма? Тіріле алар ма екенсің?» деп, ел болатынына күмәнмен қарайтынын жасырмады.
* * *
Содан бері де алаулап талай таң атты, қызарып талай күн батты. Ал елдің рухани аспанын торлаған сұр бұлт сейілмеді, қазақ ақиқаты ашылмады. Қазақ оянбады.
Неге?
Қазақ саяси дарынсыз халық па еді? Жоқ. “Саяси дарынды немесе дарынсыз халық болмайды” деп О. Шпенглер айтқандай [64: 468], қазақ та саяси дарынсыз емес.
Қазақ өзгеден кем бе еді? Жоқ. Қазақтың да тасқа шауып, төске өрлеген кездері аз болмаған.
Ендеше қазақ неге оянбады? Қазаққа құдай оянбауды таңып тастаған ба? Мінеки, қазіргі таңдағы қазақ халқының көкейін бүлкілдетіп тұрған негізгі сұрақ осы. Имманентті қазақ мәселесі деп осыны айтамыз.
Егер халық оянбаса – оны оятпайтын фактор бар деген сөз. Ондайдың орын алуының тереңнен қопара талдауды қажет ететін себептері бар. Өзін зиялы санатына қосатын әркім алдына осы құбылыстың себебін ашу, халқын ғасырлық ұйқыдан ояту шараларымен айналысу мақсатын қоюы керек.
Халықтың саяси-құқықтық санасының оянуына қол жеткізе алмауының субстанциялы себебін оның, тағы сол, өркениеттің омырылу сызығының аграрлы секторындағы монотонды, бұйығы тіршілігінен іздеу керек. Ауыл – оятпайтын орта. Шаруа – оянбайтын тап.
Ауыл аумағындағы табиғи байлықтың көлемін жан басына шаққанда дүние жүзінде ең бай үш елдің қатарында тұруға тиісті қазаққа кедейлік коэффициенті бойынша өз елінде бірінші орынға шығу мүмкіндігін берді.
Механикаландыру деңгейінің төмендігінен ауыл адамының еңбегі ауыр, лас және оның регламенттелмеген түрлері көп болады. Еңбекке төленетін ақының аз болуынан кедейлік туындайды, кедейліктің салдарынан тамақ рационы да шектеулі болады, мәдени демалысты ұйымдастыру мүмкіндігі аз немесе болмайды.
Ауыл халыққа сауатсыздық пен мәдениетсіздіктің салдары болып табылатын әлеуметтік аурулар әкеліп отырды.
Ауылдан шыққан қазақтың қолымен iстелiнiп жатқанның бәрi дүмбiлез, нәтижесi күмәндi. Қазақ ауылына баратын жол қиралаң; қазақтың үйінің айналасы күл мен көңге толы; сабақ қазақша жүретін мектепке көпшіліктің сенімі төмен; қазақтар басқарған шаруашылық өнiм бермейдi; қазақ газеттерi мен кiтаптары өтпейді; қазақ – кедей; қазақтар арасында көксаулар және басқа әлеуметтік аурулар көп; бала өлімінің жоғарылығы, демографиялық тұлдырлық, тастанды балардың көбеюі, қылмыскерлік, проститутизм,.. бәрі қазақты меңдеп алған. Осылай қазақтың қоғамдық өмiрiнде, тұрмысында, мәдениетiнде, тiршiлiгiнде, бәрiнде басы болса – аяғы жоқ, аяғы болса – баяны жоқ, түрi болса – тұрлауы жоқ, берекесiздiк орнаған.
Өкінішке орай, тәуелсіздік алғаннан кейін де осы үрдіс жалғасып келеді. Қазақ жазушылары мен журналистері жалпы дамудың диалектикалық заңдылықтарын, қоғамды алға бастырудың стратегиялық бағыттарын, соның ішінде қаланың рөлін түсінген жоқ. Әлі қазақты ауылға қайтарудың қамымен жүр. Сондықтан қазақ осы уақытқа дейін индустрияға етене араласа алмай, қаланың артықшылығын пайдалана алмай, қала экономикасына, оны басқару тұтқасына жолай алмай, «өздігінен шұғылданушылар» деген «мәртебеге» ие болып, табиғи байлықтан түсетін, ағылып жатқан долларлардан аулақ, қаланың ғылымынан, мәдениетінен, либерализмінен тыс, омырылу сызығының ар жағындағы анклавтағы мүшкіл өмірін жалғастырып келеді.
* * *
Қазіргі қазақтар Кеңес тұсындағы ауылын ілтифатпен еске алады. Ол кезде ешкім жұмыссыз, демек, жалақысыз қалмайтын. Бәрі өлместің күні қамтамасыз етілетіндей бірдеңе алып тұратын, «мамыражай» күн кешетін. Бірақ осы қамтамасыздықтың бұқараны өзінше ойлаудан, әрекет атаулыдан айырып тастағанын ешкім аңғармады. Ол кезде күлшелі мәмбет «коммунизмге таяп қалғанына» масайрап, «қазақ, төбесі көкке жетпей тұр аз-ақ» деп, «ауылым, ауылда туған бауырым» деп ән салуды ғана білетін. Ұлттығы мен мемлекеттігінің қабырғасы сөгіліп бара жатқанын сезбейтін.
Бір жағынан, жауынгер халық болса да, екінші жағынан, қазақ – әлеуметтік жағдайы жақсарған сайын дамуын тоқтататын, сонысымен үш мың жыл бойы өзгеріссіз қалып, киіз үйден шықпай қойған көшпелілердің ұрпағы. Осы менталитеті қазір де сақталған. Ауылда малының басы көбейсе, қабырғасын қисайтып саманнан бір үй салып алса, шетелдіктердің мініп тастаған бір автомобилін ауласына енгізіп алса,.. ендігі қазақтың бітірері – құдалық, туған күн, мерейлі күн, қаза (жетілік, қырқы, жылы), соғым, қонақ шақыру,.. болмақ. Бұл қазақты тағы үш мың жыл сілтідей тынып қалуын қамтамасыз етеді.
Қазақ «ариясының» тағы бірі былай шырқалады: «нан болса – ән болады». Қазір бұған «қой болса – той болады» деген қайырма қосылған. Малшы халықтардың жалқау болатыны бесенеден белгілі. Жайлаудағы жәйлі өмірге еніп алған қазақ, кезінде Шәкәрім айтқандай, «малының көптігінен, ұсақ жаңжалы басылмайтын,.. еңбексіз, сүт пен қымыз ішіп, ет жеп, балалары ақымақ туатын,..» [66: 58]. жағдайға түсіп алған. Қой қазақты өзге әлемнен ажыратып тастаған. Қой көбейген сайын, ой азайған. Өйткені, етке тойып алған адамның басына идея келмейді, ұйқы келеді.
Әлеуметтік жағдай бірқалыпты қанағаттанарлық деңгейге жеткен жерден тоқырау басталады деген қағида бар. Осы құбылысты зерттеген А.Тойнбидің «тиісу-және-жауап» («вызов-и-ответ») туралы теориясы бойынша «жағдайдың жақсы болуы табиғатқа қайтып оралуға икемдейді, өсу атаулының бәрін тоқтатып тастайды» [67: 120]. Қарын тойдыру мен ұйқы қандыруды ғана мұрат тұтатын ауыл қазағының қоғамды алға жылжытушы қозғаушы күштер дегенмен ісі болмауының себебі осында.
Жалпы, кез келген елдің, соның ішінде, қазақтың да ауылында қоғамды алға жылжытушы үш фактор жетіспейді. Олар мыналар:
Бірінші фактор – ауылда билік болмайды;
Екінші фактор – ауылда қаражат болмайды;
Үшінші фактор – ауылда адамның өзін өзектілендіруі болмайды (самоактуализация деген сөз. А.Маслоу бойынша адамның үнемі рухани жетіліп отыруын білдіреді), екініші сөзбен айтқанда, ауылда мәдениет пен білім болмайды дегенді білдіреді.
Республика халқының 55 %-ын құрайтын қалалықтардың бюджеттің 95 %-ын беретінінің, ауылда тұаратын 45 %-ды құрайтын тұрғындардың бюджеттегі үлесінің небәрі 5 %-ды ғана құрайтынының астарында не жатқанын және оның себебін қазақтарға түсіндіру қиын. Сондықтан, ауылдың тек қана алақан жайіп, сұраушы жағдайында болып келгенін және осы ахуалдан ешқашан шықпайтынын тұшынып, сезетін адам ауылпаттар арасынан шықпады.
Қазақтар бар байлықтың – ақша, құнды қағаздар, сәнді сарайлар, қымбат мүлік, асыл киімдер, автомобильдер мен ұшақтар – бәрінің қалада шоғырланатынына көңіл аудармады. Ал онда тұратындардың арасында осы уақытқа дейін қазақ еместердің үлесі басым болып келді. Олай болса, қазақты қаладан аулақтату елдің байлығын жамбастарына басқан өзге ұлттарды қорғау, қазақты шетке қағу болып шығатынын әлі түсінген жоқ.
Осылай, қазіргі қазақ тарихы ауыл әлемінің адамдарының қоғам өмірінің рухани аяларындағының бәрін тұралатқанының куәсі болып отыр. Шаруатекті қазақ ғалымдары қазіргі тәуелсіз мемлекетте, қаражат молшылығы жағдайында тіл мен мәдениеттің негізгі мәселелерін шеше алмай сарсаңға түсуде. Рухани салаларға жыл сайын бюджеттен бөлінетін ондаған миллиард теңге игерілмей, желге ұшып кетіп жатыр.
Орта және шағын бизнестi дамыту өнеркәсiп дегеннің не екенін білмей, қаладан аулақ өскен қазақтардың санасына кiрмедi. Қазақ әкiмдерi нарықтық ұстанымдар, құқықтық мемлекет, азаматтық қоғам, пiкiр алуандығы дегендердi қалай ерiксiз қабылдап, құлықсыз iске асырмақ болса, қала өнеркәсiбiн дамыту қажеттiгiн де сондай, сөз жүзiнде ғана қабылдады. «Орта тапты қоғам құру», «орта және шағын бизнестi дамыту» бағыттарында жүзеге асырып жатырмыз-мыс деген «шараларының» ешқайсысынан нәтиже шықпады. Индустриялық-инновациялық ұмтылысты жобалар дегендердің бәрі тұсаукесерден кейін қайта тұсалып, жабылып жатты. Аграрлық менталитет меңдеген кадр кез келген жаңадан ашылған немесе бұрыннан iстеп тұрған кәсiпорынды атқылап, одан өзi орындығында отырған кезде жеке басына түсiм түсiрiп қалудан, қытайлардан пара алып, олардың сапасыз тауарларымен базар толтырып қоюдан басқа ештеңе тындыруға ұмтылған жоқ.
Ауыл қазақтың зерде көкжиегін де ауыл кемерінен асырмады. Шаруадан шыққан кадр саясаттың бағыттарын түсінетін деңгейге дейін өспеді, ел ішінде болып жататын саяси оқиғаларға дұрыс баға бере алмады. Шаруаның өзінің жеке пікірі, таңдау еркі болмағаны былай тұрсын, шаруадан шыққан депутат та заңды қалай жазуы керек екенін жоғарыдан нұсқаусыз шеше алмады. Шаруадан шыққан кадр саяси науқандарда өзін кім айдап шықса, соны қолдайтын электорат – жанды капитал деңгейінде мәңгі қала беретінін көрсетті.
Халықты ауылдан шығармау дегеніміз оны өркениеттің омырылу сызығының аграрлы басқышынан жоғары өрлетпеу деген сөз. Ауыл менталитеті қауашағында қамалып қалған зиялы қауым тіл мен мәдениеті тоқыратып қана қойған жоқ, қисынмен ойлай алар, пайдалы идея көтерер қабілетінен айырылып қалды. Рухани аялардағы тығырықтың бәрі – мәдениет қайраткерлерінің дамудың индустриялы басқышына көтерілген азаматтық қоғам өкілінің талаптарын қанағаттандыра алмауы осы жағдаймен – халықтың өркениеттің омырылу сызығының төменгі басқышында қалып қоюымен шарттандырылып тасталған.
* * *
Қазіргі заманның қазақтары да, түйесіне жүгін артып алып, қыста қыстауға, жазда жайлауға қарай маңып бара жатқысы келеді, биебаудың басында, текеметтің үстінде тойған қарнын сипалап, аунап жата бергісі келеді. Сол XVIII ғасырдың басындағы, отарлық тәуелділікке түскенге дейінгі керенаулығы мен салғырттығы әлі орнында. Ол қазақтан XXI ғасыр қазағының рухани жағынан алыстап кеткені шамалы, кез келген уақытта, өзінің үйреншікті стихиясына қайта оралуға дайын, өзгеруді қаламайды, алға баспайды, кез келген әлеуметтік сілкіністен қорқады, алға жылжымауды мұрат ретінде қалап алған, даму үшін емес, тұрақтылық үшін күрес жүргiзедi. Мұның салдары материалдық қана емес, рухани аяларды да түгел қамтыды. Қазіргі қазақ тілі мен мәдениетінің өткен ғасырдың алпысыншы жылдары деңгейінде табандап қалуы осы тұжырымдардың дұрыстығын іс жүзінде растап отыр.
Қала әлемінің адамдары қазақ тіліне бойкот жариялап жүрген жоқ. Тілдің толыққанды меңгерілмей отыруының себебі орыстілді азаматтардың қабылдағысы келмегендігінен де емес, басқада. Түпкілікті себеп – екі рухани әлем өкілдерінің мәдениеттерінің басқалығында, соның туындысы болып табылатын ойлары мен көтеріп жүрген идеяларының өзгешелігінде. Өйткені, олар өркениеттің омырылу сызығының қарама-қарсы жақтарында жайғасып жатыр.