III тарау. ӨРКЕНИЕТТЕР ОМЫРЫЛУЫ ЖӘНЕ РУХАНИ ЕКІДАЙЛЫҚ
3.1 Тіл мәселелеріне жаңа квалитативтік келіс қажет
Осы естігендеріңізден есеңгіреп қалмасаңыз – ол сіздің ештеңе түсінбегеніңізді айғақтайды.
Н. Бор
Соңғы ширек ғасыр ішінде қазақ тілі ең ширыққан, өзекті мәселе ретінде қоғам назарынан тыс қалып көрген емес.
Тіл мәселелерін шешуге мол қаржылық, еріктік-интеллектілік ресурс жұмылдырылды, әкімшілік пәрмен іске қосылды. Бағдарламалар бірнеше дүркін қайта қабылданып, қазақ тілінде іс жүргізуге толық көшетін мерзімдер бірнеше рет қайта бекітілді.
Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде орнығу керектігі жайлы баспасөз аз жазған жоқ. Түрлі ғылыми конференциялар мен саяси шараларда аз айтылған жоқ. Бұл мәселенің түйінін шешуге республика тіл мамандары ғана емес, журналистер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері (олардың ішінде орыстілді қайраткерлер де бар), депутаттар, түрлі рангадағы шенеуніктер қатысты. Қазақ тілінің қоғамдағы маңызын арттыру, мәртебесіне сай дамыту қажеттігін көтеріп, жоғары орындарға талап қойған зиялы өкілдерінің – «отызбестің», «жетпістөрттің», «жүзотызсегіздің», «жүзелудің» хаттары жөнелтілді. Тіл жанашырларының ұйымдары құрылды, олар түрлі акциялар өткізді.
Солай болса ла, қазақ тілінің жағдайы ауыр болып қала берді, де-факто мемлекеттік тілге айналмады.
Тіл және оны меңгеру туралы сөз болғанда кімнің ойына болса да, алдымен тіл нормалары және олар жазылған оқулықтар түседі. Өйткені, оқулықта уақыт сынынан өткен, өмірлік практикада ақталған, тіл білімінің заманауи теориялары қамтылуы тиіс. Оқулықтардың сапасы арқылы тілдің өткені мен қазіргісін және қалай оқытылып жүргенін көз алдыға елестетуге болады. Тәуелсіздік жылдары қазақ тілінің оқулықтарына үнемі көңіл бөлініп, олар қайта жазылып, тілді оқытатын сағаттар көлемі үнемі ұлғайтылып отырды.
Статикалық сарынға түсіп алған нонсенстік жағдайдан сытылып шығу мүмкіндігі болмады. Ұзақ уақыт бойы оқулықтардағы қателер түзелмеді. Синтаксистік тұрғыдан дұрыс құрылмаған сөйлемдер, лингвистік категориялардың мағыналарын теріс түсіндіру, әдістемелік аппараттың тапшылығы, теріс тәрбиеге құрылған, дүниетанымдық функция атқара алмайтын мәтін, негізгі материалды түсіндіруге септігін тигізе алмайтын мысалдар формаларындағы аномалиялық құбылыстар қасақана келтірілгендей, жаңа оқулықтарда да тізіліп тұрді. Осындай оғаштықтар жаңа авторлық топтардың жаңа оқулықтарында да жалғаса берді.
Бір қарағанда сапасыз параграфтар мен тарауларды алып тастап, оны жазған адамды авторлық құрамнан шығарып, алынып тасталған параграфтар мен тараулардың орнына компетентті автордың дұрыс материалын салу туралы ұсыныс қисынды болып көрінетін. Бірақ бұл ахуалмен толық таныс емес адамның ойлауы болып шығар еді. Өйткені, мәселе қатардағыдан тыс, тым шиеленісті болатын. Қателер бір параграфта немесе нақты автор дайындаған тарауда, тіпті бір кітапта ғана жіберіліп отырған жоқ.
Ал бұл жерде мәселені авторды ауыстырумен шешу туралы сөз болуы мүмкін емес. Өйткені, қазақ тілінің кешендерін жазған ондаған авторлардың барлық оқулықтары мен әдістемелік құралдарының барлық тарауларында, беттерінде үздіксіз орын алған өрескел қателіктер тұнып тұр. Қазақ тілінің оқулықтарында ұшырасатын қателерді, олардың ұзақ уақыт бойы түзелмеуін көрген адамның ешбір елде, еш уақытта болмаған, құлақ естіп, көз көрмеген нағыз нонсенс осы деуіне толық негіз бар. Қателер қазақ тілі пәнінің жүйелі курсы жинақталған 5-сынып оқулығының бірінші бетінен 9-сынып оқулығының соңғы бетіне дейін үзіліссіз орын алған. Бес оқулықты түгел ақтарғанда, оның ішінен «шіркін, қазақ тілі» дегізетін, сөйлемі дұрыс құрылған бес абзац табылмайды, керісінше, оқушыны мезі ететін, ойын бұлдырлататын, оны кеудесінен кері итеретін мәтіндерден аяқ алып жүру мүмкін емес.
Ақыры бұқара Республика Президентінің ашулы пікірін де естіді. Н.Назарбаев «қазақ тілінің оқулықтары … адамдарды қазақ тілін үйретуге емес, қазақ тілінен қашуға итермелейді» деп баға берді. [6: 293]. Барлық буындардағы қазақ тіліне қатысы барлар қатты сілкіленіп, мемлекеттік бюджеттен тағы үстеме ақша бөлініп, жаңа авторлық топтар құрылып, оқулықтар қайта жазылды, жаңа парадигмалар қабылданып, мемлекеттік тілде іс жүргізуге көшудің жаңа мерзімдері бекітілді.
Осыдан кейін қазақ тілінің көшінің оңала қоймай, ақылға сия бермейтін, бір орында табандап тұрып алуы көзге ұрып көрінетін құбылыс екені байқалды. Тілге қатыстының бәрі нонсенстік ахуалға – қазақ тілі оқулықтарының түзелмеуі, сапасы жақсармауы айғағына келіп тірелді. Енді осы салаға қатысы бар адамдарды Президент қалай сабаса да немесе бәрін қуып жіберіп, орнына жаңа адамдарды әкеліп, ақшаны үйіп беріп, тапсырманы Өзі беріп, орындалуын Өзі қадағаласа да, іс байыбын таба алмайтыны белгілі болды.
Келесі бір маңызды мәселе – ешкім тіл дағдарысынан шығудың жолын көрсете алмады, бәрінің талабы мәселені әкімшілік әдістермен билік шешуі керек дегенге тірелді.
Бұл құбылысты қалай квалификациялау керек? Жоғарыда (I.2 тармақта) келтірілгендегідей, теориялық тұжырымдарды қате түсіндірулердің академиктер мен профессорлар жазған оқулықтан ұшырасуы және оның ғасырға жуық уақыт бойы орын алып келуі, бұған дейін оларды ешкімнің байқамауы рухани-апаттық құбылыс ретінде ерекше квлификациялауды қажет етеді.
* * *
Лингвистикалық категориялардың оқулықтарда қате берілуін Қазақстандағы тіл білімдері ғылымының әлсіздігімен немесе білім беру және ғылым саласын ауқым жағынан терең қамтыған жемқорлықтың салдары ретіндегі авторларды, редакторларды, ғылыми қызметкерлерді, жауапты кейіптерді дилетанттықтың иектеп алғанынмен түсіндіру жеткілікті квалификациялы бола алмайды. Нағыздықтың шынайы себептері басқада. Бұл құбылыстың сырлары өркениет дамуының тұтас қабаттарын ақтара отырып, терең зерттеулер нәтижесінде ғана ашылуы мүмкін.
9-сыныпқа арналған оқулықтың көлемінің ¾ бөлігіне дейін 8-сыныпта өтіліп кеткен материалдарды қайталаудан тұратыны нені көрсетеді? Неге бір авторлық топтың материалы өзге авторлардың қолы қойылған басқа сыныптардың оқулығынан орын алған?
Мұны да ортақ қазандағыны асап қалу мақсатымен, тапсырылған көлемді алдыңғы сынып оқулығына еніп кеткен материалдармен қайта толтырып, гонорарды еселеп алып кету формасындағы балаға берілетін білімді сыбайлас жемқордықтың объектісіне айналдырып алған авторлардың азған әрекеттері деп бағалау аздық етеді.
* * *
Қазақ тілі оқулықтарындағы өрескел қателер мен кемшіліктерді жіберіп отырған авторлар кімдер?
Олар – өмір бойы қазақ тілімен айналысып келе жатқан, дардай ғылыми дәрежесі мен атағы бар, осы саланың мамандары санатындағы адамдар.
Өрескел қателерге толы жазбаларды оқулық етіп, басып шығарып, мектепке дейін жеткізгендер кімдер?
Олар – оқулық дайындауға жұмылдырылған баспалардың редакторлары, сарапшылары, Білім және Ғылым Министрлігіне қарасты ғылыми-әдістемелік орталықтардың ғылыми және жауапты қызметкерлері.
Оқулықтың қолжазбасы автордың зертханасынан оқушының қолына тигенге дейін ұзақ және күрделі жолдан өтеді: талқыланады, редакцияланады, сарапталады, тестіленеді, қайта қаралады, жетілдіріледі. Мемлекеттік тапсырыс бойынша жазылған оқулықтың қолжазбасы алдымен оқулықты басып тарату құқығына ие болған баспаның редакциясына түседі. Баспа қызметкерлері редакциялайды, автормен қоса жұмыс істеп, жетілдіреді, қабылданған соң қолжазбаны «Оқулық» ғылыми-әдістемелік орталығына жібереді. Бұл ұйымның қызметкерлері тыңғылықты тексере отырып, сараптан өткізеді, оқу үдерінде пайдалануға жіберу мәселесін шешеді. Осындай үдерістік амалияттардан кейін де оқулық пайдалануға жарамайтын болып шығады.
Тілді дамытудың бағыттарын айқындауышылар, тілдік құбылыстарды бақылап, оқулықтарды қарап, қадағалап, олардың ғылыми дәйектілігін, мазмұндық құндылығын, оқушылармен меңгерілу деңгейін қадағалап отырғандар кімдер?
Олар – А. Байтұрсынов атындағы тіл білімдері институты, Мемлекеттік Тіл комитеті. Бұлар – қызмет бабымен шешуші рөл атқаруға, іске кез келген буында араласуға құқығы бар мекемелер. Олдардың артында Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті, ҚР Президенті аппараты тұр. Аталған мекемелер мен ведомстволардың бәрі кадр және материалдық ресурстармен толық қамтамасыз етілген.
Осындай оқулықтармен Республика балаларын «оқытып» келе жатқандар кімдер?
Олар – педагогикалық ЖОО-лардың филология факультетін бітірген мұғалімдер. Олардың Республикадағы жалпы саны 40 ± х мыңның маңайында.
Аталған инстанциялар мен мекемелерде отырғандардың бәрі – осы оқулықтарды қараған, мақұлдаған, осылармен білім беріліп келе жатқанын білетін адамдар. Осылардың бәрінің қолынан өткеннен кейін де жүк әлі орнында тұр. Туннель түбінен жарық көрінер емес. Енді бәрінің шаршаған сыңайы бар.
* * *
Бұл құбылысты қазақ тілін оқыту үдерісін әдейі бұзып жіберу мақсатын көздеген диверсиялық топтың әрекеті деп қарауға да болмайды. Диверсияны жеке адам немесе адамдар тобы жасайды. Ал бұл жерде біз осы салаға қатысы бар лауазымды адамдардың, ғалымдардың, әдіскерлердің, сарапшылардың, редакторлардың, тілді оқытып жүрген мұғалімдердің бәрінің жиынтық қолтаңбасын көріп отырмыз. Бұлардың бәрі түгелей сатқын болып шықты деуге айғақ жоқ.
Бұл құбылыстың сырын жалпы адам факторымен түсіндіруге болмайды. Бұл – осы істің атқарылуы тапсырылған жеке ұлықтың немесе адамдар тобының қателігі де емес. Өйткені, тіл мәселелерімен кәсіпқой деңгейде айналысады деп саналатын күштердің таңдаулыларын жинап алып, барлық оқулықты қайта жаздырғаннан кейін де қазақ тілінің жүгі әлі сол орнында тұр. Осы уақытқа дейін баспалар мен ғылыми-әдістемелік мекемелердің ғылыми және жауапты қызметкерлері арасынан, биліктің аппаратынан, жазушылардың, филология профессорлары мен академиктерінің арасынан, ондаған мыңды құрайтын қазақ тілінің мамандарының, миллиондардың басын біріктіретін тіл жанашырларының арасынан, тілдің дамуын қуаттайтын ұйымдардың арасынан дағдарыстың түпкілікті себебін ашып, даму жолын көрсетіп бере алатын интеллектілі күш табылмады. Оқулықтармен айналысатын мекемелерді басқарып отырған адамдардың арасында іс тетігін білетін, автор мен сарапшының біліктісін тани алатын, таба алатын, оған талапқа сай міндетті орындаттыруға мүдделі адам шықпай отыр.
Қазақ тілінің мәселелерінің ауқымдылығын, терең қойнауларда қордаланып қалуын, дилетанттықтың тіл саласындағы мамандар мен ғалымдарды тұтастай иектеп алуын уақыт факторымен де түсіндіруге болмайды. Өйткені, бұл келеңсіздіктер кеше немесе бүгін ғана емес, ондаған жылдар бойы орын алып келеді. Қазақ тілі оқулықтарының күйі бұдан жарты ғасыр бұрын, кеңес кезінде де солай болған. Бұл – ғасырға созылған, тарихтың маңыз аларлық үзігінде көрініс беріп келе жатқан дерт. Бұдан былайғы кезеңде де не болатынын болжауға тырысуда мағына жоқ. Өйткені, К. Поппер айтқандай, «тарих бүгінгі күнмен бітіп тұр. Болашақ әлі жасалған жоқ» [57: 486].
Бұл құбылысты демографиялық фактормен де түсіндіруге болмайды. Иә, қазақтың өз аумағында демографиялық азшылық жағдайына түсіп қалған кездері болғаны рас. Ал соңғы онжылдықтарда республика тұрғындарының арасындағы қазақтардың үлесі үнемі артып, қазақ еместердің үлесі үнемі кеми келе, қатынас соңғы тұрғындар санағының деректері бойынша, тиісінше, 65% : 35%-ді көрестіп отыр. Ал қазақ тілінің өндіріске енгізілу қарқыны осыған пропорциялы болып отырған жоқ.
Кейбіреулердің топшылауынша, Қазақстандағы қазақтардың үлесі артқан сайын қазақ тілінде сөйлеушілердің де үлесі пропорциялы арта бермек, сөйтіп, тіл мәселесі өзінен өзі шешіле салмақ. Дүниежүзілік практика бұл тұжырымды растамайды. Тәуелсіздік алғаннан кейін отаршыларды қуып шығып, өз аумағында айқын демографиялық басымдықпен өмір сүріп жатқан елдердің бәрі аборигендердің тіліне толық көше алған жоқ. Өздерінің тілдерін мемлекеттік деп жариялап, мол қаражат пен рухани күшті жұмылдырып, ондаған жыл нәсихаттап, ақыры, еш нәтиже шығара алмай, бар істі отаршының тілінде жүргізуге қайта көшіп отырғандар бар.
Қазақстан тұрғындарының ішіндегі жергілікті ұлт өкілдерінің үлесі 99 %-ға жетсе де, қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде орныға алмайды. Демографиялық фатализм қазақ тілін мемлекеттік мәртебесіне сай қызмет етуін қамтамасыз ете алмайды. Бұл да өзін қазақ тілінің маманы санатына қосып жүрген дилетанттардың көп адасуының бір мысалы, өзін өзі алдауы, өзгелерді жұбатуы.
Бұл құбылысты саяси-әкімшілік, экономикалық, құқықтық факторлардың ешқайсысымен немесе бәрімен қоса алып түсіндіруге болмайды. Өйткені, бұған дейінгі кезеңде қазақ тілі үшін аталған бағыттардағы жағдайлардың бәрі жасалды: тілге заңды мемлекеттік мәртебе берілді; қаражат та жеткілікті бөлініп отырды; мемлекеттік тілді орнықтыру бағытын көздеген саяси шаралар жүргізілді. Ал Тіл туралы заңның 7-бабына өзгеріс енгізу туралы ұсынысты сауатты деп айтуға болмайды. Тіпті, осы бапты өзгертіп қойғаннан кейін жағдайдың түзеліп кететініне кепілдік жоқ.
Қазіргі қазақ тілінің дағдарысы бүкіл рухани жүйені жайлап алған сырқат ретінде көрініс беріп отыр. Ол тұтастай және толығымен тілдің өзінің болмысын жайлап алған, сол тілде сөйлейтін халықтың өмірлік қызметін тежеп тастаған, метастазға ұласып кеткен дертке айналған. Алайда, осындай қорқынышты диагноздың өзі құбылыстың субстанциялы себебі бола алмайды. Бұл да – салдар, себеп басқада.
Қазіргі қазақ халқы ғаламат рухани апатқа келіп тіреліп отыр. Тілді құрту арқылы ұлттың мәдени-адамгершілік атрибуттарының бәрі құрып отыр. Рухани аялардың кейбір түкпірлерінде қайтаруға болмайтындай үдерістер жүріп жатыр. Әдебиет пен өнер өткен ғасырдың 60-70 жылдарындағы шыққан деңгейінде тоқтады. Алдымен тілді, артынан білімді формалыландыру арқылы рухани азғындыққа жол ашылып отыр. Мұндай құбылыстар мен үдерістерге тосқауыл қоймаса, істің насырға шабары сөзсіз.