II тарау. ТІЛДІ СТАНДАРТТАУ ЖӘНЕ ОНЫҢ СЕМАНТИКАЛЫҚ ЖҮЙЕСІНІҢ САҚТАЛУЫ

 

2.1 Тілді стандарттау – индустриялы қоғамның басты талабы

Норма болмаған жерден ауытқу басталады.

Ағылшын мақалы

2.1.1 Қазақ лингвистикасындағы басты ақтаңдақ

Қазақ тілінің ұзаққа созылған, шешуі қиын түйіндерінің объективті себептеріне қарағанда субъективті себептерінің кері ықпалы басым болды. Құбылысты теориялық-тұжырымдамалық келіспен зерттеудің болмауынан, осы уақытқа дейін тіл көші қонысын таба алмай, қатардағы мұғалімнен Президентке дейінгі күллі қазақтың бас сақинасына айналып отыр. Бұл тарауда сөз қазақ лингвистикасының зерттеу аясынан тыс қалып қойған, сонысымен тілді дамыту бағытына күңгірттік түсірген, өзекті мәселелерінің бірі туралы болайын деп отыр.

Отандық лингвистика картасындағы ақтаңдақтардың ішінде тілді стандарттау және оның тілдердің семантикалық жүйе бірлігіне ықпалы мәселелерін зерттеудің маңызы ерекше болып табылады.

Орыс лингвистерінің түсінігінде «тілдік құралдарды стандарттау – олардың айтылу, құрылу, морфологиялық өзгеру т.б. үдерісіндегі түрлі нұсқаларын бір арнаға тоғыстыруды; солардың арасынан тілді нормаландырудың негізі болатын, міндетті қолдануға ұсынылатын үлгісін таңдап алуды» [22] білдіреді. «Тілді стандарттау – әдеби тілді дамытудың квитэссенциясы. Өйткені, «әдеби тіл дегеніміз – нормаланған тіл» [сонда]. Ал тілді нормалау атауларды, терминдерді, фразеологиялық бірліктерді стандарттаудан басталады.

Бұл тренд шеңберінде мыналар қарастырылады:

– тілді стандарттау (тілдегі атауларды, терминдерді, фразеологиялық бірліктерді пішіндік және мағыналық орнықтылыққа келтіру);

– бейнелілік және орнықтылық категорияларының индустриялы қоғамның әдеби тіліндегі алатын орны;

– денотаттық-сигнификативтік ұстаным және оның аударма үдерісінде, термин жасауда қолданылуы;

– тілді стандарттау аясындағы полисемантизм құбылысы;

–  тілдегі синонимдердің тіл стандарты жағдайындағы алатын орны;

–  тілдегі редупликациялық құрылымдардың (қос сөздердің) тіл стандарты жағдайындағы алатын орны;

–  тілдегі мақалдар мен мәтелдердің тіл стандарты жағдайындағы алатын орны;

– тілді стандарттаудың семантикалық жүйеге ықпалы;

– ареалдық және функциялық лингвистика мәселелері; аграрлы және индустриялы қоғам адамдарының лингвемалары, олардың арасындағы айырмашылықтар;

–  тіл талғамы;

– тілдің стандартталуы және мүдделі субъектілердің оны меңгеруі.

Аталған мәселелер қазақ лингвистикасында мүлдем зерттелмеген. Тілтанушы ғалымдардың таным ойкуменасында белгіленбеген. Тәуелсіздіктен кейінгі жылдардың ішінде де, қазақ лингвистері қоғамның аграрлы басқыштан индустриялы басқышқа өту үдерісінің өзі тілдің алдына жаңа талаптар қойып отырғанын, тілді енді жаңа укладқа сәйкестендіре дамыту қажеттігін сезе алмады. Енді бұл мәселелермен айналыспау мүмкін болмайтын кезбен бетпебет  ұшырасып отырмыз.

Қазақ лингвистикасында тіл орнықтылығын жүзеге асырудың қазақ тілін дамыту үдеріндегі маңыздылығы ескерілмеді. Қазақ тілінің индустриялы қоғамның мемлекеттік тіліне айналуға тиіс екені, ол үшін тілді жаңа жағдайға лайықтап, іс жүргізуге дайындау қажеттігі назардан тыс қалды. Бұл бағыттардағы жұмыстарды атқарудың жаңа жағдайдағы стратегиясы айқындалмады.

Аграрлы қоғамда тілдегі ұғымдарды, атауларды стандартты пішінде және мағынада қолдану қатаң талап етілмейді. Тілдік бірліктерге әркім әр түрлі күңгірт коннотациялық реңк беріп сөйлей береді. Ерекше аймақтық шеңберде, ауыл шаруашылық укладының шектеулілігі жағдайында тілде терминдер сирек ұшырасады және олардың астарлы, бейнелі мағыналарда қолданылуынан аграрлық өндіріске, іс жүргізуге зиян келмейді.

Ал индустриялы қоғамда түгел керісінше. Тілді стандарттау индустриялы қоғам тілін дамыту аясындағы жүзеге асырылуға тиісті бағыттардың ішіндегі ең ұстанымдысына және маңыздысына жатады. Өнеркәсіптің өркендеген, ғылым мен техниканың өндіргіш күшке айналған, нарықтық қатынастар үстемдік құрған, ел ішінде ғана емес, шет елдермен де экономикалық байланыстар мейілінше қарқын алған шақта терминдер, ұғымдар, атаулар қатаң, стандартты мағынада қолданылуы керек.

Стандарттау – индустриялы қоғамның әдеби тілінің имманентті ерекшелігі. Ол тілдік бірліктердің пішіндік және мазмұндық орнықтылығының қатаң талап етілуінен көрініс табады. Қазіргі қазақ тілінің әмбебап дағдарысына себеп болып отырған ұстанымды мәселелердің бірі осыдан – аграрлы қоғам тілінің бейнелілігі мен индустриялы қоғам тілінің стандарттылығы арасындағы қарама-қарсылықтан көрініс беріп отыр.