Қазақ қауымы толығымен әлеуметтік-психологиялық апатияға бой ұрды. Қарапайым бұқараның саясат, құқық, сайлау,.. дегендермен ісі жоқ. Байырғы әлеуметтік белсенділігінен айырылған, өзінің құқықтарын да қорғай алмайтын, іріген массаға айналды. Қазір халықтың дені қоғамдық прогресс үшін күресті былай қойғанда, өзінің жеке өміріне, ұрпағына қажетті бұқаралық сипаттағы әрекеттерге жоламайтын болды. Бұқара бас біріктіріп, саяси-құқықтық сауатты ұйым құрып, салихалы іс тындыра алмайтын деңгейге түсіп отыр.

Неге? Бұл құбылыстың орын алуының қандай себептері бар? Егер бұдан ары ұлт апато-абулизм дертінен айыға алмаса не болмақ? Төмендегі мақалалар циклінде аталған сұрақтар төңірегіндегі ойларымды оқырмандарға ұсынып отырмын.

Қазақ қандай халық?

… мен отанымды тұла бойымен, тұтастай жек көремін.

А. Пушкин

Өліксің сен, өліктен де бетерсің,

Ай, білмеймін, тіріле алар ма екенсің?

Иран-Ғайып

Егер жамандық жайлы тыңдағың келмесе,

ол өзі-ақ үнсіз келіп жаныңнан табылатын болады.

У. Шекспир

Соңғы 300 жылдың ішінде, алдымен патша өкіметі, кейін коммунистік режим жүргізген, үзілмеген репрессиялардың салдарынан қазақтар момақан халыққа айналды дегенді жиі естиміз. Расында да, халық әлеуметтік қақтығыс жағдайларында көрсетуге тиіс иммундық реакциясынан айырылып қалды.

Қазір бұқара еркіндік үшін саяси ұйымдасқан күрестің қажеттігін, оның перспективалылығын түсінбейді. Өркениеттің тарихи даму үдерісінен жырақтап қалып отыр. Мимесисін де жоғалтқан, бағалық бағдарларынан да адасып қалған. Түрлі қоздырғыштарға реакциясы жойылған. Елді дүрліктіретін сенсацияның өзіне қатардағы оқиғадай, немқұрайды қарайды. Ешқандай қияметхайым оны таңдандырмайды. Оған «Йеллоустоун атқылай бастапты» немесе «астероид «Апофис» жермен соғылуға таяп келе жатыр екен» десең де, ештеңе естімегендей, кереңдікпен, хатымханаға қарай аяңдап бара жатады.

Қазақ деген халықтың ақсүйектері мен әулетті зиялыларының басым көпшілігі Кеңес билігі тұсында жойылғаны баршаға аян. Аман қалғандары біртіндеп кейінгі кезде саяси қудалауға ұшырады. Осылай, жөн сөз сөйлеп, жібі түзу әрекетке бастайтындарының қатары тым сиреп кеткен халық қазір 42 рудан және руларға кірмейтін топтардан тұратын конгломератқа айналып, өзара қырқыспен жүріп жатқан жайы бар. Ұлт болып ұйысу қажеттігі санасына сіңбегендіктен, индустриялы қоғамда өмір сүріп жатса да, қазақтар руларын ұмытпай, бірінің артына бірі ши жүгіртумен күнелтуде. «Көктен түскен» тәуелсіздіктен кейін де, зоопарктен босатып жібергеннен кейін торға өзі қайта оралатын жолбарыс сияқты, метрополияның «жылы» бауырын қимайтын, мәңгіреген халде күн кешуде. Кедейлікке еті үйренген, өктемдікке де төзімді, ұрса – маңдайын тосады, қуса – қашады.

Соңғы кездері «транзитты күту» деген тңркес көп қылаң берді. Осы тіркесте қоғамның әлсіздігін, әрекетсіздігін көрсететін мағына жатыр. Транзитты күту бұқараның қоғамды басқару үдерісіне еш қатысы жоқ екенін білдіреді. Мемлекеттік билікке келу-кету – жоғары жақта жүрген біреулердің кәсібі сияқты. Бұқара тек салдарды күтеді, өзі араласпайды. Бұл – халықтың қатысуынсыз атқарылуға тиіс жұмыс сияқты. Өйткені, расында да, Цицерон сипаттағандай деңгейдегі, қазақ деген халық жоқ.

* * *

Қазақстан мемлекеттік тәуелсіздігін алғаннан кейін енді ешкім, ешқашан Ұлы дала елінің еркін дамуына кедергі жасай алмайтындай көрініп еді. Шынайылығында олай емес екен.

Қазір біз Қазақстан қоғамының Негізгі заңда белгіленген мәртебесіне сай бола алмай отырғанының куәсі болып отырмыз. Халықтың «демократиялық, құқықтық, әлеуметтік және зайырлы мемленкет құрайтынына» күмән туып тұр. Соңғы отыз жылға жуық уақытта ашық, азаматтық қоғамның отауын тіге алмадық. Өркениетті дүниеден, оларда болып жатқан келелі үдерістерден ажырап қалып отырмыз.

 Экономикаға шолу:

Экономика біржақты, шикізатқа телінген күйден шыға алмады. Өнеркәсіп шетелдік өнімдердің детальдарын құрастыру деңгейінде қалып отыр.  Ауылшаруашылық өнімдерінің өзінің 40 %-дан астамы шеттен тасылады. 3 млн адам (белсенді тұрғындардың 36 %-ы) төленетін жалақы шеңберінен тыс қалып отыр. Соның салдарынан, БҰЗҚ-ның жинақтаушы қызметіне тартылмаған. Төменгі еңбекақы 28284 теңгені ($77) құрайды (2019 жылдың басынан бастап бұл көрсеткіш 42500 теңгеге жетті = $ 112: Қ.Ж.). Ал дүниежүзілік институттар кедейге күніне кірісі 5 долларға жетпейтіндерді жатқызады. Ең бай және кедей қабаттар өкілдерінің табыстарының арасындағы алшақтық 15-16 есе болып отыр (Дүниежүзілік практикада байлар мен кедейлердің түсімдерінің деңгейлерінің 8-10 есе алшақ болуы шиырыққан ахуал қатарына жатады). Қазақстан полицей мемлекетіне айналып отыр. Құқыққорғау органдарының қызметкерлерінің 100 мың тұрғынға шаққандағы саны жағынан Қазақстан Еуропадан үш есе, дүние жүзіндегі орташа көрсеткіштен екі есе асып түседі (Экономика шолушысы А. Сейдалиевтің мәліметтерінен).

* * *

Жемқорлық жыл сайын өрши келе, әбден басынған формаға көшті. Қазір ол экономиканы басқарудың шенеуніктер үшін тиімді формасына және олардың өмір сүру әдісіне айналған.

Мемлекеттің сыртқы қарызы жыл сайын көбейіп барады. Табиғи байлығы бар елдердің әр баласы жарық дүниеге ондаған мың долларды құшақтап келгенде, біздің балалар сондай соманы желкесіне қарыз қып мінгізіп келетін болды.

Қазақ тілі мемлекеттік мәртебесіне сай қызметін толыққанды атқара алмай отыр. Бұл тілде өзге жұрттар өкілдері қызығатын, халықаралық аренаға ұялмай шығаратын, бәсекеге қабілетті шығармалар тапшылығы көрініс беруде. Ұлттық мәдениет ауыл өмірін натурал сипаттаудан аспаған, ауыл тұрғынының соңынан еретін, шаруаға арналған суб-мәдениет деңгейінде қалып қойды.

* * *

Кеңестен кейінгі кезеңдегі саяси оппозицияның атқарған шаралары сипаты жағынан XIX ғасыр эмпиризмі деңгейінен аса алмады: халыққа ұран тастайық, митингіге шақырайық, сонан кейін жүз мыңдық колоннаны бастап Ақордаға беттейік! Иә, ұран тасталды, митингіге шақыру болды, бірақ, жүз мыңдық бұқара жиналған жоқ. Бәрі керісінше болды. Саяси ұйымдардың саны да, қызметінің сапасы да төмендей берді. Олар ұйымдастырған бұқаралық қимылдар да жіңішкеріп барып, үзіле берді. Қатысушылары да біртіндеп азайып отырды. Қазіргі тірілері тек жабық ғимараттарда ғана жиналып, аз санды қолдаушыларымен түрлі декларациялар ғана қабылдай алады. Саяси оппозиция халық үшін, бірақ халықтың қатысуынсыз әрекет етті.

Кеңестен кейінгі кезеңде түрлі оппозициялық топтар сын сағаттарда бірлесе қимыл жасай алмады. Әр қайсысы билікке барудың өздерінше төте жолын салуға тырысты. Бәрі бұқаралық қозғалыстың толқынында билікке келіп, өзгелерден бұрын көсемдік орынға жайғасып алғысы келді. Мұнысы олардың өзара бәсекелестігін тудырды. Саясаттағы мейілінше кесірлі қылық осы болып шықты. Осы кесірдің салдарынан шешуші сәттер мүлт кетті. Шаруаға тән топтық әрекеттер нәтиже беруі мүмкін емес еді. Билік оларды бірін біріне айдап сала отырып, бәрін құрту мүмкіндігіне ие болды.

Саяси оппозиция түрлі өзекті мәселелерді көтеріп, бейбіт жиналыстар, митинглер, демонстрациялар өткізуге рұқсат сұрап, жергілікті әкімдіктерге арыздар түсірді. Бірақ, онысынан нәтиже шықпады.

Саяси оппозиция қоғамның даму үдерісінде шешуші рөл атқаратын зиялы өкілдерімен тіл табыса алмады. Халық арасында кең танымал, көпшілікті аузына қарата алатын, жоғары беделді адамдардың кейбіреулерімен қайтып жүздеспейтіндей бет жыртысты.

* * *

Авторитарлық билік мәңгілік үстемдігін орнату қамымен жүр. Барлық ресурсты қолына жинақтаған, оларды өз билігін сақтап қалудың құралы ретінде пайдалануды толық меңгерген (Ю. Хабермастың тұжырымдауы бойынша «инструментальная власть» деген осы), бұқаралық қозғалыстарды аяусыз жазалаудың былғаныш механизмдерін қолданудан тайынбайтын билік иелері сауатты, тәжірибелі және айлалы левиафанға айналды. Ал халық бұқарасы болса, саяси-құқықтық сауатты қимыл жасай отырып, билік иелерімен паритетті келіссөз жүргізуге қол жеткізе алмайтын болды.

Бұлар – қазіргі қазақтың бас сақинасына айналған келеңсіздіктердің кейбір ел құлағына жетіп жүргендері ғана. Бұл тізімді шексіз соза беруге болады. Бірақ біз өйтпейміз. Бұл мысалдарды келесі ойды осыдан өрбіту үшін ғана келтіріп отырмыз.

Егер осындай, жоғарыдағылар ашық қоғам құруға асықпайтын, төмендегілер қоғамның болашағы үшін саяси сауатты әрекет жасай алмайтын күй жалғаса берсе, онда қоғамның болашағы не болмақ? Келер ұрпақ қандай жағдайда өмір сүрмек?

Біз – кемшілігін айтқанды бірден жауға балайтын, құрғақ мақтау естігенде жаны жай табатын халыққа айналғанбыз. Бұл – көңілге қонатын қылық емес. Мен отандастарымды ащы шындыққа тура қарай отырып, бәрін сабырмен қабылдауға шақырамын. Өйтпегенде, У. Шекспир ескерткендей, «егер жамандық жайлы тыңдағың келмесе, ол өзі-ақ үнсіз келіп жаныңнан табылатын болады».

Зерделі зиялы өкілдері қазіргі қазақ қоғамының алдында кесе көлденеңдей тұрған кедергілердеі бұзып өтудің  жолдарын іздеумен келеді. Осы зерттеулердің мақсаты да сол – халықтың саяси белсенділігінен айырылып қалуы, әлеуметтік апатияға және құқықтық нигилизмге бой алдыруы, саяси сүлесоқтықтың иектеуі,.. сияқты бұқаралық санадағы мешеуліктердің орын алу себептерін ашу болып табылады. Мәселе талқылануы керек. Себеп анықталмай салдар түсінілмейді. Қанеки, бірге іздесейік.

* * *

Қазаққа дамудың дұрыс жолын көрсете алатын қандай ғылым бар?

(Сұрақтың қойылуы)

 

Қаншама том тарих жазсам да,

этнологияны да қанша ақтарсам да, қазақты

сақтап қалуға септігін тигізе алмайды екен.

 Ж. Бабалықұлы

Ақылды сұрақ қоя білудің өзі ақылдылық пен

зерделіліктің маңызды және қажетті белгісі.

Иммануил Кант

Бүкіл өмірін қайтсем қазағымды көктетем деп өткізген, үлкен жүректі, отаншыл азамат, зерттеуші Жағда Бабалықұлы Шығыс Түркістан қазақтарының тарихынан мол материал жинап, Әлікей Марғұланға барған екен. Әлекең материалдармен танысып, ғылыми құндылығын бірден танып, авторға солардың негізінде диссертация қоғауды ұсыныпты. Тақырыбын бекіттіріп, ғылыми жетекші мен көмекшілер тағайындауға, қорғауға шығуға қажетті барлық жағдайын жасауға селбесіпті. Соған қарамастан, ақсақал «қаншама том тарих жазсам да, этнологияны да қанша ақтарсам да, бұлар қазақты сақтап қалуға септігін тигізе алмайды екен» деп, кетіп қалыпты.

Осы оқиғадан екі түйін түюге болады. Біріншісі, жүрегі «отаным», «халқым» деп қана соғып тұрған, ғажап адамның өмірлік философиясына қатысты. Онысы өмірінің мәнін қазақ халқының сақталуынан, оның көсегесін көгертуден іздегені көрінеді. Ол өзінің қолайына келіп тұрған, жеке басына тиімді жұмыспен айналысуды ысырып қойып, қиын және бұлдыр болса да, халқының келешегінің жарқын болуын қамтамасыз ететін іспен айналысуды қалап алып, қалған тіршілігін соған арнаған.

Екінші түйін қазіргі қазақтың тағдырына қатысты келелі ойларға бастайды. Шынайылығында қазақтың басына үйірілген бар қасіретін сейілтіп, дұрыс жолға түсіру үшін нендей шара керек? Шығармашылық қызметтің қай түрі осы бір терең сұрақтың жауабына бастап апара алады? Расында да, қазақтың «мың өліп, мың тірілуінің» себебін, оны енді қайтып өлместей ету үшін не істеу керек екендігін ғылыми білімдердің қайсысы ажыратып бере алады?

Біз айтамыз:

– тарихыңды біл, өткеннің тәжірибесін білмей алға жылжу болмайды;

– ғылым мен техниканы меңгер – өркениет көшінен қалмайсың;

– дәстүріңді сыйла – сонда өзіңнің ұлттық болмысыңды сақтап қаласың;

– «алдымен экономиканы» өркендет – қарның тояды, киімің бүтінделеді, қайыршылықтан құтыласың;

– тіліңді дамыт, өзгелерге үйрет, өз еліңде басымдықта болсын;

– мәдениетіңді көтер – сонда өзгелер сені сыйлайтын болады;..

Иә, дұрыс-ақ. Осы бағыттарды ұстанып, жылжып келе жатқанымызға ширек ғасырдан асты. Солай болса да, «енді қайттық», «келешегіміз не болады», «ел бола аламыз ба?» деген күдікті сұрақтардан арылған жоқпыз.

Елде білім беру жұйесі жұмыс істейді. Білім беру стандарттары мен бағдарламалары жетілдіріліп, оқулықтар жазылып жатыр, жаңа педагогикалық технологиялар үнемі енгізілуде. Мектептер салынып жатыр.

«Қазақстан тарихы» пәні Республика мектептерінде бастауыш сыныптарда (эпизодтық әңгімелер), негізгі мектепте (жүйелі курс), бағдарлы мектепте (отан тарихының елеулі оқиғалары) және жоғарғы мектепте (тағы да толық курс) ретінде төрт рет қайталанып оқытылады. Оның үстіне бағдарлы мектепте «қоғамдық білім негіздері», «құқықтану», «дүниежүзілік тарих» пәндерін оқытуға бөлінген сағаттар ҰБТ-ға дайындалу сылтауымен тағы да «Қазақстан тарихын» оқытуға жұмсалады.

«Алдымен экономика» – соңғы ширек ғасыр ішіндегі биліктің басты ұранына айналғаны баршаға белгілі.

Дәстүр және оны сақтау, қазақ тілін дамыту, оны мемлекеттік мәртебесін толық атқара алатын деңгейге жеткізу, ұлттық мәдениетті сақтау және дамыту мәселелері қазақ баспасөзі қозғайтын негізгі тақырыпқа айналғалы қашан? Аталған мәселелер бүкіл оқушы мен студент атаулының ғана емес, өзін зиялы санатына қосатын азаматтардың да отырса ойын, тұрса бойын билеген, негізгі өмірлік қызметіне айналған. Бұл бағыттарды жүзеге асыруға бюджеттен қыруар қаражат бөлініп отырады.

Солай болса да, осы және бұдан басқа да атқарылып жатқан қыруар жұмыстар елдің жағдайын көңіл көншітерлік ете алмай отыр. Бүкіл бұқараның еңсесін амбиваленттік екідайлық билеген. Атқарылып жатқан істер мен олардың халыққа нақты беріп жатқан игіліктері арасындағы пропорциялылық күмәнді. Қарапайым көпшілік әлеуметтік қиындықтардан, бұқаралық-психологиялық депрессиядан арыла алмай келеді.

* * *

ХХ ғасыр басталғаннан бергі кезеңде қазақтың басын қатырып келе жатқан, оның рухани өміріндегі басты мәселе – халықтың оянбауы, әлеуметтік анабиоз күйден арыла алмауы.

Енді оны бұл күйден қалай суырып алып шығуға болады? Қайткенде халықтың санасына саңлау түседі, өзінің өмірі мен келешегі үшін белсенді әрекетке қосылатын деңгейге көтеріледі? Қашан қазақ әлеуметтік өмірде болып жатқан құбылыстардың сырларын түсіне алатын, түрлі саяси күштердің ұстанып отырған бағыттарын аңғаратын, солардың ішінен өзіне, отанының келешегіне бастайтын, прогресшіл күштерді танып, оларды өз еркімен қолдай отырып, белсенді әрекетке бара алатын деңгейге жетеді? Қазақ қашан өзін өркениет құрып жатқан өзге халықтармен терезесін тең сезінетін болады? Қазақты келешегіне сеніммен қарап, алға басатындай күйге жеткізетін қандай фактор? Қазақты Қазақстаннан қашатын жағдайдан құтылдырып, керісінше, дүние жүзінде бытырап жүргендері тарихи отанына қарай ағылатын, бақытты ата жұртынан табатын деңгейге жеткізу жолын кім түсіндіріп бере алады? Қандай ғылым осы сұрақтардың жауабын тауып, тоннель түбіндегі жарықты көрсетіп бере алады? Мінеки, дана қарияны толғандырған мәселелердің ұзын ырғасы осы болатын.

Қазақтың тауқыметі – жауабы табылмайтын, ешкім шеше алмайтын, дүние жүзі халықтарының ешқайсысының даму практикасында ұшыраспаған, ерекше тауқымет емес. Өркениетті жұрттардың ғалымдары аталған сұрақтарды бақайшағына дейін шағып отырып, жауаптарын алдыңа жайып береді. Олар үшін жоғарыда аталған басыңқы және қосалқы сұрақтардың бәрінің жауабын беретін, олармен арнайы айналысатын ғылым салаларын ажыратып алу қиындық тудырмайды. Енді біз де қолға от алып, қараңғылық түнегінің түкпірлерін тінтіп көрейік.

* * *

Абылай ханның түсі және оның жорылуы

Түс сіздің қайда тұрғаныңызды,

қайда бара жатқаныңызды көрсетіп береді.

Ол сіздің тағдырыңызды көз алдыңызға алып келеді.

Карл Юнг

Қазақ апатиясының себептерін әркім өзінше түсіндіріп келеді. Олардың кейбіреулері жалпылама сипат алып кеткен сүлесоқтықты тарихи-мистикалық тұрғыдан түсіндірмек болады. Бұқаралық санадағы тұманды сейілту үшін солардың бірінің мәнін аша кету қажет деп есептеймін.

Ақпарат кеңістігіндегі үрейлі бұлқыныстардың ішіндегі бұқаралық санада мазасыздық тудырып жүргендерінің бірі мынау: Абылай түс көріпті, түсінде жаман іс көріпті. Оған алаңдаған адамдардың көзімен қарасақ, бәрі шынайы болып жатқан сияқты. Ханның түсіне жору жасай отырып, мұңлы сарынға түсіп алып, сары уайымға батып жатады. Қоғамда болып жатқан әр келеңсіз оқиғаны, құбылысты Абылайдың түсіндегінің өңінде болып жатқанындай көреді. Сырттай қарағанда, қазіргі Қазақстанның даму барысында бәрі келіп тұрған сияқты.

Нағызында, қоғам дамуының қазіргі кезеңінде, әлеуметтік, көбінесе рухани аяларда түрлі келеңсіз көріністердің, кейде қауіпті, кейде тығырыққа тірелген жағдайлардың, қайта оралмайтын межеден өтіп кеткен сияқты болып көрінетін құбылыстардың да болып жатқаны рас. Жемқорлықтың әбден басынған сипат алуы, бұқараның әлеуметтік белсенділігін жоғалтуы, әрекетқабілетті саяси ұйым құра алмауы, мүддесін қорғай алмауы,.. түстегі «құрт-құмырсқа, бақа-шаянға» айналудың көрінісі емес деп кім айта алады?

Енді осы түстің ел арасында таралып кеткен жорылуына қатысты мыналарды алға тартқым келеді. Философия былай түсіндіреді: ештеңе де мәңгілік емес. Барлық құблыстар мен үдерістер басталады, дамиды және аяқталады. Демек, дүниедегінің бәрі белгілі бір әлемдік уақыт шеңберінде өмір сүреді. Олай болса, бірінші кезекте Абылай ханның түсінің әрекет ету мерзімі де тарихи шектеулі екенін ойға түйіп алу керек. Бұл жердегі келесі маңызды мәселе түстің сюжетіндегі оқиғалардың кімге қатысты екенін –  Абылайдың өзінің ұрпақтарына ма, әлде басқару институты ретіндегі оның хандық династиясына ма, әлде қазақтың жері мен оның халқына ма – соларды ажыратып алу болып табылады. Үшінші басқышта ханның түсінің шынайылыққа айналуының тарихи мерзімін анықтау керек.

Жоғарыда келтірілген сұрақтардың жауаптарын табу үшін алдымен бізге жеткен түс мәтінін зерделеп көру керек. Түстің мазмұнынан алдымен оның Абылайдың өзіне, ұрпағына және оның хандық династиясына қатысты екенін көреміз. Қазақ тарихында бұл Алтын Орданың тарих сахнасына шығуынан бастап XX ғасырдың басына дейінгі кезеңді қамтиды.

Тарихи анықтама:

1817 жылы Бөкей, 1819 жылы Уәли хандар дүниеден озғаннан кейін орта жүзде жаңа хандар бекітілген жоқ. Қалыптасқан ахуал хандық билікті жою және орта жүзді басқарудың жаңа жүйесін енгізу жағдайын жасап берді. 1822 жылы қабылданған «Сібір қырғыздарының жарғысы» бойынша қазақтың дәстүрлі саяси жүйесі бұзылды, Қазақстанның солтүстік-шығысында әкімшілік, соттық және аумақтық басқару өзгертілді. Енді Орта жүз ауылдарға, болыстарға, округтерге бөлінетін болды. (https://kaz-ekzams.ru/istoriya-kazaxstana/uchebniki-po-istorii-kazaxstana)

Кейінрек хандық билікті жоюға қатысты ережелер қазақтардың өзге жүздеріне де таралды. 1856 жылы Қазақстанның Ресей патшалығының құрамына толық қосылуы аяқталды. Алматы Ресей империясының оңтүстік-шығысындағы сенімді (Верный) форпостына айналды.

Абылайдың түсінде өркениет аренасына Алтын Орданың шығуынан бастап Қазақстанда отарлық жүйенің толық орнығуына дейінгі тарихтың қысқа хронологиясы мазмұндалады. Хан өзінің құдіретті бабалары орнатқан ұлы империя туралы ойлаған. Әйгілі Шыңғыс хан құрған империя Абылайдың түсіне «арыстан» болып енген. «Арыстанның» билік құрған уақыты Алтын Орданың құрылу және дәуірлеу кезеңіне сай келеді. Сонан кейін XIV ғасырдың 80 жылдарынан XV ғасырдың екінші жартысына дейінгі кезеңде ұлы империяның біртіндеп әлсіреп, жеке мемлекеттерге бөлініп кеткені белгілі. Солай болса да, бұл мемлекеттік құрылымдар жеткілікті күшті болып тұрды. Ханның түсіне олар «жолбарыс» болып енді. Ал «Қасқырдың» басқаруы қазақ хандығының пайда болып, тарих сахнасына шығуына сәйкес келеді. Ол XV ғасырдың екінші жартысынан 1730 жылға дейінгі аралықты қамтиды. «Қасқыр» деп отырғаны Керей мен Жәнібек хандар және олардың ізбасарлары. 1731–1856 жылдар аралығы «Түлкінің» – басқарған жылдары. Абылай ханның өзінің өмірі мен қызметі (хандық құрған жылдары 1771-1781) осы уақыттық рамкаға енеді.

«Түлкі» бейнесінде Абылай өзін көріп отыр. Нағызында да, оған екі алыптың – Терістіктің аюы мен Шығыстың аждаһасының арасында өз елінің еркіндігін қамтамасыз ете алмай, түлкібұлғалаққа салып өмір сүруге тура келді. Абылай қайтыс болғаннан кейін, небәрі 40 жыл өте салып, Орыс императоры Қазақ Ордасында хандарды бекітуді доғарды. Осылай, Абылай өңінде не туралы ойласа, түсінде соның символдық суретін көрген.

Абылайдың көргені көреген түс емес. Онда ешқандай аян жоқ. Түсінде ол тек өзінің хандығының кешегісін, қазіргісін және таяудағы келешегін көрген. Бұлардың бәрі – өзінің бас қатырып жүрген ойлары. Оны мазалаған, өңінде сана қалтарысында ұялаған хандығының жанкешті жағдайы түсінде, кәдімгі физиология заңдарына сәйкес, айнадағыдай «экрандалған». Ханның ұрпақтарының биліктен айырылып қалатынын көруі де ешқандай көрегендікке жатпайды. Өйткені, Абылайдың өзінің хандық құрып тұрған жылдардағы Қазақстанда қалыптасқан саяси ахуалдан туындатқанда, елдің таяуда тәуелсіздігінен толық айырылатынын сезу ешкімге қиындық тудырмасы белгілі.

Бұдан ары Абылайдың түсінің сюжеті бойынша хандық биліксіз, Ресейге бағынышты кезең басталады. Бұл – қазақ қоғамының орта және төменгі басқару органдарында «құрт-құмырсқа, бақа-шаянның» үстемдік құрған заманы. Бұл кезең 1856-1904 жылдарды қамтиды. Бұл – қазақ қоғамының депрессиясының табаны, құлдыраудың төменгі нүктесі, қазақ тарихының түнек басқан кезеңі. Бұл кезең абыз Абайдың өмір сүріп, қызмет еткен жылдарына сәйкес келеді. Абай қазақтарды басқарған «ұсақ жәндіктерді» «өңкей қиқым, кетірді елдің сыйқын» деп сипаттады.

Сонымен, үрейлі түстің әрекет мерзімі XX ғсырдың басына дейінгі кезеңмен, елдің Ресейдің қарауына толық өтуімен, жоғарғы биліктен айырылып, орта және төменгі деңгейдегі басқару буындарына патша әкімшілігіне жағынып орын алған шенеуніктердің келуімен тәмамдалады.  Қазақстанның ары қарайғы тағдыры туралы түс мәтінінде еш сөз де, сілтеме де жоқ. Қазақ халқының 1905 жылдан кейінгі тарихы түс сюжеті шеңберінен шығып кетеді. Сондықтан қазіргі тарихқа қатысты түс мәтінінен туындатып,  үрейге салынатын тұтам жоқ. Ол түсті еске алып, скептицизмге бой алдырудың қажеті жоқ.

* * *

Тарихи дамудың жаңа кезеңі

1905 жылдан қазақ тарихының бұрынғыдан басқа жағдайда және басқа арнада дамыған жаңа кезеңі басталды. Бұл аса қайшылықты кезең болды. Бір жағынан, мемлекет бүлінді, легитимді билік жоқ, ел тәуелсіздігінен айырылып қалды. Екінші жағынан, егер қалыптасқан ахуалды ескерер болғанда, бұл кезең қазақ қоғамының рухани дамуына маңыз аларлық бетбұрыс алып келді. Тарих сахнасына бұрынғылардан өзгеше, саяси сауатты, дүниежүзілік тарихтың даму бағыттарынан хабары бар, жаңа адамдар шықты. Енді олардың алдында империяның құрамында болса да, қайткенде бір өздігінен басқаруға қол жеткізу мақсаты тұрды.

Бұл кезеңнің маңыз аларлық оқиғасы ретінде ұлттық зиялының алғашқы тегеурінді тобының дүниеге келіп, әрекет етуін атауға болады. Олар «Алаш» деген атпен сауатты, әрекетқабілетті саяси партия құрды. 1905 жылдың желтоқсанында Оралда өткен съезінде Қазақ конституциялық-демократиялық партиясының құрылғаны жарияланды. Кейінрек ол партияның базасында «Алаш» партиясы пайда болды. Рухани дамуда батыл түрде ренессанс деп атауға боларлықтай, нағыз секіріс жасалды.

* * *

Бірінші ренессанс ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтарында жұзеге асырылды. Рухани серпіліс М.Сералиннің «Айқап» журналының және белгілі үш қайраткер – А. Бөкейханов, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатов шығарған «Қазақ» газетінен бастау алды. Дәл осы кезеңде қазақтың жаңа бағыттағы көркем мәдениеті сапалық деңгейге көтерілді. Көркем мәдениеттің іс жүзінде барлық жанрлары пайда болды. Позияда – лирикалық және эпикалық поэмалар; прозада – әңгімелер, повестер, романдар; драматургия және тарихи-философиялық шығармалар дүниеге келді. Қазақтың ұлттық мәдениеті заманауи, жанжақты, көпжанрлы мәдениетке айналды. Драма, опера және балет театрлары, академиялық оркестр, бейнелеу өнері пайда болып, тез қарқын ала бастады. Қысқа тарихи уақыт аралығында (1906-1936) көркем мәдениет елдегі саяси-қоғамдық өмірмен тығыз байланыста өркен жайып, қоғамдық санаға орасан ықпал етті. Ол кездегі көркем шығармалар бұқара арасына тез таралып, тұтынушысын тауып жатты. Кейінрек осы серпілістер туралы қазақ әдебиетінің классигі Ғ. Мүсірепов «Оянған өлке» романын жазды. Расында да, ол кезде қазақтар ғасырлық ұйқысынан оянғандай болып көрінгені рас еді.

Бірінші ренессанс қазақтардың кеңістікте бытырап жүрген кезінде, мал соңында, коммуникация әлсіз болып, халықтың басым көпшілігі сауатсыздық меңдеген жағдайында жүзеге асырылды. Солай болса да, рухани өрлеу тарихи қысқа мерзім ішінде мүмкін болды. Түрлі бағыттардағы, көпжанрлы көркем мәдениет небәрі үш онжылдық ішінде пайда болып, қарқынды дами бастады. Бұл ұзақтығы жағынан қазіргі биліктің елді баса-көктей басқарып отырып, көркем өнерді тығырыққа тіреуге жұмсаған уақытымен бірдей болып шықты.

* * *

ХХ асыр ішінде қазақтың санасына түбегейлі бетбұрыс әкелген екінші ренессанстық қүбылыс ХХ ғасырдың 60 жылдарында көрініс берді. Бұл жолғы рухани серпіліс Москвада оқып жүрген бір топ қазақ жастары қүрған «Жас тұлпар» атты бейресми ұйымының пайда болып, әрекет етуімен байланысты болды. Ұйымның идеялық демеушісі және ұйымдастырушысы Мұрат Әуезов болды. Оған А. Қадыржанов, Б. Тайжанов және басқалар көмектесті.

«Жас тұлпар» вокалдық-аспапты ансамблінің айналасына жиналған қоғам мүшелерінің саны аз уақыт ішінде 800-ге жетті. Кейінірек жекелеген ұйымдар Ленинградта, Киевте, Алматыда, Одессада, Ригада, Павлодарда, Целиноградта, Шымкентте және басқа қалаларда құрылып, әрекет етті. Қарағандыда қоғам «Жас қазақ», Семейде «Тайшұбар» деген атпен жұмыс жүргізді. Жастар Қазақстанда және қазақ диаспоралары шоғырланған Ресей қалаларында концерттер, лексиялар, экспедициялар ұйымдастырып, ұлттың өзіндік санасын оятуға тырысты.

Кеңес билігі бұл ұйымдардың жұмысына тосқауыл қойды. Алайда, үлттық-патриоттық идеялардың таралуын тежей алмады. Содан бастап ұлт-азаттық идеялары қазақ жазушыларының тарихи романдарына ауысты. 70 жылдардың ішінде Қазақстанда ғана емес, көптеген шет елдерге танмал болған «Дос-Мұқасан», «Гүлдер», «Айгүл» ансамблдері осы «Жас тұлпардың» ықпалымен өнер көкжиегінен көрініс берді. «Жас тұлпар» ағымы республикада ғана емес, одан тыс жерлерде де қоғамдық-саяси ойдың өрлеуіне зор ықпал етті, қазақ халқының ұлттық өзіндік санасын оятты.

Екінші ренессанс халықтың тұтастай рухани шарасыздықты мойындаған жағдайында жасалды. Ол кезде қазақ өзінің мемлекеттігін сақтау мүмкіндігі туралы ойламайтын, одан үміті үзілген, ұлттық болмысынан мүлдем айырыла бастаған болатын. Бәрі болашақта «ұлттық тілдер жойылады, мемлекеттер қосылып кетеді, «Кеңес халқы» деген адамдардың жаңа қауымдастығы құрылады» деген қағидаларға сеніп, сол кезеңге тезірек жетуге ұлшына кірісіп жатқан болатын. Бұл ұранды халық бұқарасы еш қымсынбай, тіпті қуана қабылдап, ақындар өлең жазып, композиторлар ән арнап, әншілер «мақтан сен, қазақ, төбесі көкке жетпей тұр аз-ақ» деп шырқап жүрген болатын.

Сірескен салғырттықты бұзып, санаға тықпаланып тасталған коммунистік идеяларды сілкіндіріп, екінші ренессанс та, аз уақыттың ішінде, ұлтты сақтау туралы жоғалған үмітті қайта жандандыруға болатынын көрсетіп берді. «Жастұлпарлықтардың» ең маңызды тарихи миссиясы – көркем мәдениет арқылы бұқаралық санада рухани серпіліс тудыру болатын. Бұл миссиясын олар абыроймен, жарқын атқарып кетті. Кеңестік империя шеңберінде болса да, қалай болғанда да, ұлт мүддесі үшін күресті тоқтатпауы, халықтың мемлекеттік тәуелсіздікке ұмтылуы қажеттігін санаға сіңіріп кетті. Бұл бұлқыныс қайта құру жылдарында екінші тыныс алып, ақыры қазақ мемлекетінің мемлекеттік тәуелсіздік алуына бастап әкелді.

Енді қазіргі қазақ қоғамы келіп тіреліп тұрған тығырықтың себептеріне үңілейік.

* * *

Формациялық артта қалу

Ұлттың оянбауы – формациялық

артта қалудың концентрлі көрінісі.

Тақырыптың уыты

Қазақ қоғамы келіп, тіреліп тұрған бұқаралық апатия құбылысының себептерін мен тарихи-объективті және субъективті деп, екіге жіктеп қарастыруды ұсынамын.

Тарихи-объективті себепке қазақ халқының дәстүрлі қоғамдық құрылыстан сытылып шыға алмауы, соның салдарынан, отарға түсуі, отарлықтан босағаннан кейін де аграрлық сана меңдеген бұқараның жаңа өмірге – индустриялы даму жағдайына бейімделе алмауы жатады. Бұл құбылысты қазақ халқының өркениеттердің даму үдерісінен тысқары қалуы немесе формациялық артта қалу деп атау ыңғайлы.

Субъективті себептер деп отырғанда айтарымыз дамудың қазіргі жағдайындағы билік пен оны қолдаушы зиялы қауымның әрекеті және олардың бұқаралық санаға әсері туралы болмақ.

Қазіргі сөз бірінші себеп жөнінде.

Өркениеттердің қазіргі таңдағы даму үдерісі астарында қарастырғанда қазақтың формациялық артта қалу құбылысы мұқият зерттеуді қажет ететін, іргелі мәселе болып табылады. Бұқараны маргиналдандыру үшін жасап жатқан биліктің әрекеттерінің мәні де алдымен формациялық артта қалу құбылысының сыры түсінікті болғанда ғана жеткілікті ашылады.

Қазақтың санасында ауыл – бейсаналық таптаурын сапасында орнығып қалған ұғым. Ауылдың артта қалуын айту қазақтың құлағына жақпайды. Сондықтан бұл мәселені көтеруге екінің бірінің жүрегі дауаламайды, анафемадан қорқады.

Солай болса да, мен отандастарымды қазақ апатиясына тура қатысы бар осы тақырыпты терең зерттеп алмай, қазақ қоғамының даму перспективасын айқындап алу мүмкін болмайтынына сендіргім келеді. Мен бұқараның бұйығылығының тереңнен тартылған бастауының бірін оның ауылынан көріп отырмын. Қазақ қоғамының келешегі үшін пайдалы ой қорыту қажеттігі мені бұл тақырыпқа қайта оралуға мәжбүр етіп отыр. Бұрын жарияланған материалдардың арасынан кейбір абзацтарды пайдалануым да осы себептен екенін ескерте кеткім келеді.

Өз басым осы құбылыс туралы аз жазған жоқпын. Алғаш рет сонау 1984 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде «Қалаға неге қырын қараймыз?» деген мақаламда сөз еткен едім. Онда қазақ жазушыларының бір қатарының көркем шығармалар арқылы қазақ жастарын ауылда ұстап қалуға, қалаға жібермеуге үгіттеген идеясына қарсы пікір айтқан болатынмын. Коммунистік билік иелерінің әлеуметтік алалау саясатын іске асырушы факторға айналып алған жазушылардың көркемдік шеберлігін қазақты өркениеттен жырақтатып, ауыл шаруашылық өнімдерін өндіретін күшке айналдыруға жұмсағанына қарсы шықтым. Сол тұрғым үшін аулпаттардан «сыбағамды» молынан алғаным бар. Қазір де сөз жоғары дамыған халықтармен салыстырғанда қазақтың формациялық артта қалуы және оның ұлттық менталитетіне ықпалы туралы болып отыр.

Қазақ қоғамы мемлекеттік тәуелсіздік алғанға дейін негізінен аграрлық қоғамда өмір сүріп жатты. Жаппай кенттену үдерісі тек ХХ ғасырдың 90 жылдарынан басталды. Қазір елдегі қазақтардың жартысы қалаға көшіп келді. Алайда бұл олардың индустриялы кезеңге өткен азаматтық қоғамның толыққанды мүшесі бола қалғандығын көрсете алмайды. Қазірге дейін қазақтар менталдық тұрғыдан алғанда шаруа халқы болып қалып отыр.

Шаруа демократизм, адам құқығы, жариялылық, ашықтық идеяларынан аулақ болады. Оның қоғамдық тарихи үдерісте жұмысы жоқ, оның заңдылықтарымен санаспайды, ұйымдасқан саяси күреске бармайды, әлеуметтік сілкіністермен ешкімнің назарын аудармайды, езгіге шыдай береді, белсенді әрекеттерімен үкіметке қауіп төндірмейді. Оның топтық әрекеті (егер ондайға бара қалса) ұйымсыз, бағдарламасыз, жергілікті бүлік деңгейінде ғана көрініс береді. Тарихта ешбір елде шаруалар көтерілістері жеңіске жетіп, қоғамда тәртіп орнатып көрген емес, жеңіске жетуі мүмкін де емес. Бұл  құбылыс шаруаның әлеуметтік жағдайларымен, менталитетімен шарттандырылып тасталған.

Шаруа ұлттық өзіндік сана деңгейі төмендігінен, бытыраңқылығынан ұлттық мүдделерді қорғайтын, ұйымдасқан саяси күш деңгейіне көтеріле  алмайды. Шаруа – ұлтты келбеттейтін, ұлттың негізін құрайтын тап емес. Шаруа мен ұлт – бірі бірімен кереғар ұғымдар. Шаруа – аграрлық қоғамда өмір сүретін тап, ұлт – өнеркісіпті қоғамда қалыптасатын адамдар қауымдастығы. Саяси сауатсыздық пен құқықтық нигилизм меңдеген, демократиялық мәдениет дегенмен ісі болмайтын шаруа өзінің ішкі рухани әлемімен ұлт өкілі тұрғысында көріне алмайды. Индустриялы қоғамға үрке қарайтын, ауылындағы күйбің тіршілігінен басқаны білмейтін шаруадан саяси-әлеуметтік күш екен деп ешбір билік қыңбайды.

Шаруа – дамудың демократияға дейінгі кезеңінде өмір сүретін тап. Индустриялы қоғам жағдайында саяси шаралар ұйымдастырғанда шаруаға есеп құруға да, сенуге де болмайды. Өздерінің табындық ойлауымен, бағынғыштығымен шаруа авторитарлық биліктің тірегі, қолайға жағатын электорат жасап шығаратын жанды материал рөлін ғана атқара алады. Өйткені, шаруаның прогресшіл мен кертартпаны ажыратар рухани қауқары жоқ.

* * *

Шаруа табының ешқашан ұлт мүддесі үшін күресте жеңіске жете алмайтынын тарихи тәжірибеден түйіп, «пайдалы» қорытынды шығара білген большевиктік идеологтар әр кездегі қазақ шаруасының көрсеткен дөңайбатынан сескенген жоқ, шаруамен санасқан да жоқ. Шаруа тапты қазақ халқы Кеңес өкіметіне XX ғасыр бойы құлақ естіп, көз көрмеген, жан түршігерлік әлеуметтік эксперименттер жасауға жол берді, қырса – қырыла беретін, үркітсе – қаша беретін халық екендігін көрсетті. Бірыңғай шаруа халқы болып қалған қазақтар ауылдық мешеулік пен пасықтықтан арыла алмады, өздерін ұйымдасып қорғауға сауаты жетпеді, әр кезде болған аштықтарда шыбынша қырылды, шет елдерге қашты, тоталитарлық билікке қарсы жүздеген көтеріліс жасады, бірақ ешбірінде жеңіске жетіп көрген жоқ.

Шаруа – жан дүниесімен прагматик. Мезеттік пайданы ғана көреді. Рухани жұтаңдығының салдары болып табылатын, шаруаға тән менталитеттің бір қыры – оның сатылғыштығы. Оған сүйек таста – сенің артыңнан жүреді, оның өзінде тек алғашқы тосқауылға дейін ғана. Алдынан қиындықтар үшыраса бастағанда, екінші біреу болымсыз бірдеңе ұсынса, ол бірден сатылып кете береді. Осының бәрі кез келген шаруатапты халыққа тән психология болуымен, ауылынан шыға алмай жүрген қазақтың да санасын жаулап алған болатын.

Шаруа халқы азаматтық қоғамның белсенді мүшесі деңгейіне дейін өспейді. Кедейлігі мен сауатсыздығының салдарынан шаруа өзі қалап алған билік иелерінің итпегінен ешқашан құтыла алмайды. Қажетті заманауи қорғаныс механизмдерімен жеткілікті қаруланған билік шаруаға ойына келгенін орындаттырады.

«… Тұтас халықты үнемі алдай беруге болмайды» деп А. Линкольн дұрыс айтқан. Бірақ, оны америка халқына қаратып айтқан. Ал қазақ тарихында бұл тұжырым ақталмайды. Қазақ отыз жылдан кейін озық, қырық жылдан кейін қарық қыламыз дегенге алдана салады. Кеңес кезіндегі жан түршіктірер әлеуметтік эксперименттерге сезінетіндей қарсы тұра алмауы, жаңа биліктің алдауына сене беруі шаруа халқын тәни тоздырып, рухани  аздырып жіберуге болады деген қорытынды шығаруға мәжбүрлейді.

Қазіргі қала қазағы – индустриялы қоғамға тағдыр жетектеп әкелген, кешегі малшы-батырақ. Оның ойы мен әрекетіне шаруа менталитеті жетекшілік етеді. Индустриялы басқыштағы азаматтық қоғамда өмір сүруді білмегендіктен, оның отырғаны опақ, тұрғаны сопақ, сөзі былдыр, түсінігі бұлдыр, әрекеті былжыр. Қарапайым халқы ғана емес, дипломды кадрларының басым көпшілігі сондай. Ештеңені естімейтін, ештеңенің иісін сезбейтін, өзінің еліне, жеке басына, өміріне қажеттінің өзіне құлақ аспайтын, Абай сипаттағандай, «жақсы менен жаманды айырмаған» күйде қалып отыр.

Қазіргі саясат аясындағы қазақтың жанкешті әрекеті бөтен формациялық кеңістіктегі олақтың салақ әрекеті болып шығып жатыр. Бейнелей айтқанда, қазіргі қазақтың көңіл күйін былай сипаттауға болады. Қазақ үдемелі жылдамдықпен ылдиға қарай жөңкіп бара жатқан шанада отырған сияқты. Алды терең тұңғиық. Жылдамдықты тежеуге немесе шананы бұрып әкетуге шамасы жоқ. Тек байбалам салудан басқа қолдан келері жоқтың жойылуға қарай ағылуы.

Түбінде бәрі мынаған тіреліп тұр. Формациялық артта қалған халықтың ашық, азаматтық қоғам құруға саяси-әлеуметтік құзіреттілігі жетпеді. Қазақ индустриялы формацияның жат кеңістігінде адасқан ойларымен, ерепейсіз әрекеттерімен ғана көрінуде. Сөйлеу және ойлау стилі, менталитеті жағынан дәстүрлі қоғамның адамы даму сатысының жоғарғы басқышындағы кеңістікте пайдалы іс тындыра алмады. Қазіргі қазақтың сөзі де, ойы да, ісі де – бәрі қателерге тұнып тұр.

Қазақ халқының қазіргі таңдағы рухани даму аясындағы басты кереғарлық мынау болды: ұлы гректердің тарихи дамудың барлық сатыларындағы барлық халықтардың прогресін қамтамасыз ететін, қоғам демократиялық жолмен басқарылуы қажет деген ұлы идеясы қазақтардың санасына менталды деңгейде сіңірілмеді. Қазақтың саяси аспаны астында болып жатқан кедергілер мен қателіктердің бәрі осыдан бастау алды.

* * *

Осы тұста алғашқы мақаладағы қазақтың менталитетіне берілген сипаттамаға қайта оралу қажеттігі туып отырғанын айта кетейін. Мәселе мынада болып отыр. Жалпы саясаттан тыс, сүлесоқ қалу қазақтық қасиет емес, формациялық артта қалған тапқа – тек шаруаға тән, оның тінінен бастау алатын құбылыс. Демек, қалаға еріксіз келіп, ауылын сағынумен баз кешу, заманауи дамудың ғылыми негізделген, прогресшіл дұрыс жолын таба алмау, тапқандардың ұсынысын да қабылдамау,.. бұлар қазақтың ұлттық психологиясының емес, шаруаның таптық психологиясының көрінісі.

Қазақ та қалаға қоныс аударуға қарсы емес. Қазақ та индустриялы қоғам өміріне бейімделе алады. Тек бұл жердегі мәселенің үлкені, ұлттың өркениетті дамуына кесірлі психология бола тұра, қазақтың санасының төріне орнығып алған ауыл ұғымының қазақ ойы мен идеясындағы шағылуын дәріптей берудің ақылға сыйымсыздығында болып отыр.

Барлық жерде үнемі насихатталатын, көпке созылған, өзеуреген ауылшыл идеологияның салдарынан қазіргі қазақ өркениеттердің даму практикасында ақталған саяси-құқықтық, тарихи-әлеуметтік және философиялық қағидалардың маңызын түсіне алмайтын, сондықтан, оларға сүйеніп, өзі үшін, өзінің ұрпағы, елінің болашағы үшін ұйымдасқан әрекетке бара алмайтын, іріген массаға айналды.

* * *

Шаруа бүліктерін жаншу

Кез келген жеңіліске жеңілгеннің өзі кінәлі.

Тақырыптың уыты

Іс жүзінде өмірдегі проблемалық ахуалдардың бәрінде

проблеманың өзі де, оның шешуі де сіз өзіңіз болып табыласыз

Дж. Кехо

Шаруатапты елде сауатты бұқаралық қозғалыс ұйымдастыру оңай емес. Аяқ астынан бұрқ етіп жататын стихиялық бүліктер көтеріліске айналып кетуі де мүмкін. Бірақ, олар бұқара арасынан шыққан, жартылай сауатты, шала патриоттар басқарғандықтан, түпкілікті нәтижеге жете алмайды. Жалпы Қазақстан тарихынан орын алған айқын мақсатсыз, сауатты бағдарламасыз, бейберекет әрекет  ететін  үлкен шудың бәрінің барар жері біреу-ақ – аяусыз қатыгездікпен жаншіліп тасталады. Қазақ тарихында осындай жүздеген көтерілістер болды. Бәрі нәтижесіз. 1986 жылғы Алматыда, 2011 жылы Жаңа өзенде болған оқиғалар да прогрестің іргетасын қалауға септігін тигізе алмады.

Бұл – қазақ тарихында болған көтерілістерге берілген саяси баға. Саяси баға саяси тұрғыдан беріледі. Ал түрлі саяси ұйымдардың ұстанатын тұрғылары мен идеологиялық бағыттары әр түрлі болатындықтан, бағалар да түрліше болып келеді. Халық арасында желтоқсаншыларға берілген бағалар әр түрлі. 1916 жылғы үлкен көтеріліс те нақты тарихи-менталдық бағасын алған жоқ. Соның салдарынан көпшілік А. Имановтың тарихи тұлға ретіндегі рөлін және оны алашордашылардың неге сотқа тартқанын білмейді.

Осыдан саяси бағалардың көтерілістердің шын мәніндегі тарихи маңызын ашып бере алмайтынына көз жеткіземіз. Тек тарихи-менталдық тұрғыдан зерттелгенде ғана революцияның қоғам тарихындағы маңызы объективті ашылады, берер пайдалы тарихи сабағы айқындалады. Қазақ тарихындағы көтерілістердің ешқайсысы осы тұрғыдан терең зерттелген жоқ. Демек, қазақтың келесі сауатсыз бас көтеруін де (егер ондай бола қалса) жеңіліс күтіп тұр.

Алматы оқиғасына қатысқан қазақ жастары аяусыз жазаланды: итке талату, оңалмастай мертіктіру, суық суға малшындырып алып, аязды далаға тастау, бала таппайтындай етеміз деп, қыздарды жатырынан тебу,.. сияқты жан түршігерлік, қотиындық көрініс берді. Бұлар – айтылып жүрген сөздер. Ал бұлардан басқа, дауыстап айтуға дәт шыдамайтын айуандықтар ше? Оның бәрі ел есінде. Олар туралы айтуға мені де жүйкем жібермей отыр.

Осы оқиғаларға қатысты басы ашылмаған сұрақтар көп. Солардың кейбіреуін ғана қойғым келеді: Сол кезде Қазақстан билігінде болған, көтерілісті басуды ұйымдастырған адамдар жазалаудың адам жанын түршіктіретін, аңға тән инстнктіге ұқсас, барып тұрған қотиындық түрлерін қолданды. Бұқаралық қарсылық әрекеттерін адам шығынын болдырмай-ақ басудың амалдары бола тұра, олар антигумандық әрекеттерге барды. Неге? Биліктегілер өздері жатақханаларға үгітшілер жіберіп, жастардың алаңға көбірек жиналуын қамамасыз етуге тырысты. Қызмет бабына орай, олар керісінше, адамдарды тыныштандыруы, олардың алаңға бармауын қадағалауы тиіс еді-ғой. Сонда олар керісінше, адамдардың алаңға көп жиналуын, қайткенде қазақ жастарын көп жазалауға және жазаның адамды мертіктіретін, мүгедек ететін, тәнге зақым келтіретін түрлерін қолдануға ұмтылуы нені көрсетеді? Неге?

Сол кезде жастар толқуын басуды ұйымдастырғандар кімдер, тегі қайдан шыққан, билікке қалай келген адамдар еді? Олардың адамгершілік-моральдық ұсқыны қандай еді?

Осы оқиғалар туралы томдар жазылды. Әлі де жазылып жатыр.

Шынтуайтына келгенде, ол томдарда жазылғандар ұйымдасқан көтерілістің жеңісінің емес, ұйымдаспаған бүліктің жанға батар жеңілісінің хроникасы ғана болып қалып отыр. Алматы оқиғаларынан кейін бұқаралық санаға алдағы күндерге деген сенім мен үміт ұялаған жоқ, ұлттық-оптимистік рух көтерілген жоқ. Керісінше, халықтың еңсесі түсіп, санасына «көтеріліске шықсаң көрер күнің сондай болады» деген үрей ұялады. Оқиға еске түсіріп, көздің жасын сығымдайтын, нарративтік тарих деңгейінде ғана қалды. (Тек осы оқиғалар барысында билік тарапынан айуанға тән жауыздықтың зардабын шексе де, отаншылдық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткендерге риясыз тағзым ету лазым!). Ең бастысы, халық бұқарасы жеңілген көтерілістің тәжірибесінен келесі көтерілістің жеңісін қамтамасыз ететіндей сабақ алған жоқ.

Алматы оқиғалары тек биліктегілер үшін ғана «жақсы сабақ» болды. Олар кез келген қозғалысты басудың әмбебап тактикасын қорытып шығарды: демонстранттардың бірінші қатарын қырып сал, қалғандары тымтырақай қашады. Сонан кейін бағынышты БАҚ арқылы «бүлік ұйымдастарғандар –  есірткішілер, маскүнемдер, бұзықтар мен ұрылар екен» деп жариялай бер. Билік 2011 жылы Жаңа өзенде дәл осылай істеді.

* * *

Алаштың саяси сауатты күресі

Қазақстан тарихында сауатты саяси күрес жүргізудің бір ғана үлгісі болды. Тек алашордашылар ғана мақсатқа бағытталған, айқын бағдарламамен, бірлескен, сауатты қимыл жасады. Олардың басым көпшілігі текті әлеуметтік топтардан шыққан, еуропалық білім алған, дүниежүзілік саяси үрдістердің мәнін түсіне алатын адамдар болды. Алашшылар тегеурінді әркеттерімен Қазақ автономиялық Кеңестік республикасын құру туралы құжатқа қол қоюға В. Ленинді мәжбүр етті. Қазақ Кеңес автономиясы – Алашордашылардың тарихи қызметінің нәтижесі. Кейін біртіндеп қырылып қалғанына қарамастан, олар тарих алдындағы ең басты миссиясын орындап кетті.

Қазақстан 1991 жылы тәуелсіз мемелекет ретінде бөлініп шыға алмас еді, егер 1936 жылы одақтас республика мәртебесіне ие болмаса. Қазақстан 1936 жылы одақтас республика мәртебесін ала алмас еді, егер 1920 жылы Алашордашылардың саяси қызметінің нәтижесінде автономия ала алмаса.  Бәрі алашордашылардың ерен саяси қызметінен бастау алған болатын. Ал қазіргі биліктің алашордашылардың есімдерін атауға, олардың тындырған ұлы істерін дәріптеуге құлықсыздық танытуында қандай сыр бар?

* * *

Ұлт зиялы қауымы

Менің қадірменді руластарымның басым көпшілігінің

топастығын мойындамасқа лажым жоқ.

З. Фрейдтің досына жазған хатынан

Дерті терең меңдеген қоғамға жағыну –

саламаттылықтың амалы емес.

Джидду Кришнамурти

Зиялы – қиянатқа төзбейтін адам.

А. Сахаров

Шаруаның өзін ғана емес, шаруадан шыққан зиялы атаулыны ұйымдасқан саяси күреске жұмылдыру оңай емес. Егер олардың арасынан санаулы адамдар саяси ұрандарға қосылатын болса, оны заңдылық емес, ескерту ретінде қабылдау керек. Мысалы, ауылдан ерте кетіп қалған, әулеттті зиялының отбасында тәрбиеленген,..

Адамды руханилықтың жоғары деңгейіне шығара алатын факторлар,  ақпаратты қоғам, университеттің білімі шаруадан шыққан зиялының отанға қатысты ғана емес, жеке өміріне қатысты перспективалы шешім қабылдай алуына септігін тигізе алмады. Қазақ зиялысы өзінің әлеуметтік тегіне тән, үрейге бой алдырған, батылсыз, биліктің интригалық әрекеттер объектісіне айналған күйінде қала берді.

Қазақ зиялы қауымы аграрлы қоғамнан әлі қол үзбеген, индустриялы қоғамға толық иек артпаған, формациялар аралығындағы диффузиялық белдеуде тұр. Олардың арасында прогресшіл ойлай алатын адамдар да жоқ емес. Бірақ өте аз. Көпшілігі билікке жағыну қамымен ғана өмір сүріп жатыр. Олардың ындыны – парамен мансап алу, мансап алғаннан кейін пара алу.

Қазақ зиялыларының өткен ғасырдың 30-жылдарындағы бірін бірі сыртынан айдатуының бұқаралық сипат алғаны баршаға белгілі. Қазіргі қазақ зиялылары да сол дәстүрден айныған жоқ. Тәуелсіздіктен кейінгі жылдардың өзінде олардың бұқаралық наразылық әрекеттеріне алғашында қосылып алып, артынан биліктегілер «сүйек тастағанда», сытылып шығуы мысалдары аз болған жоқ. Сатқындық – шаруадан шыққан зиялының менталитетінің айшықты көрінісі.

Адамның сөйлеген сөзі мен атқарған ісіне жауапкершілік критерийлерінің бірі моральдық қамтамасыздық делінеді. Өзін өзі сыйлайтын әр шенеунік, әр зиялы талқыланып жатқан мәселеге қатысты қалыптасқан ахуалды тура жауаптан қашпай, анық талдап, түсіндіруге міндетті.

Қоғам өмірінде, әсіресе, шенеунік пен бұқара арақатынастарында, билік адамының біржақты ақпарат беруі, сыни мезеттерден тайқып тұруы, жауапты кезеңде, сөздің тура мағынасында, қашып құтылуға ұмтылуы сияқты жағдайлар ұшырасып отырады. Жауапты адамдардың мұндай қылықтары олардың өздерінің кәсіпқойлығына, адами қасиеттеріне көлеңке түсіреді. Моральдық қамтамасыздықтың болмауы – іс жүзінде, адамгершілік деңгейдің төмендігін айғақтайды. Адамгершілігі қамтамасыздықтағы шенеунік ашықтық және жариялылық жағдайында, өзінің қоғамдық қызметі аясында туындаған барлық өзекті сұрақтарға тайсалмай жауап беруге, қадірін сақтап, көпшілік алдында абыройын жоғалтпауға тиіс.

Менталитет – адамның сенситивтік жасында (12 жасқа дейін) жұқтырған әдеттерінің жетегімен атқарып жатқан санасыз қызметі. Ұрлық – бала кезінде жоқшылық көрген адамның менталитетінің көрінісі.

Жалпы кедейлік феноменінің кесірлілігі мысалдары қоғамды басқарудың дүниежүзілік практикасында аз ұшыраспайды. Дүние жүзінде жемқорлықа мейілінше батқан елдерді басқарып отырған адамдардың тегіне қарасақ, олардың бәрінің әлеуметтің түбінен шыққандар екеніне көз жеткіземіз. Бұлар – коммунистер, социалистер және басқа кедей таптардан шыққандар. Керісінше, жемқорлыққа меңдетпеген немесе ол мейілінше мардымсыз көрініс беретін елдерді дерліктей аристократтардың немесе әулетті зиялылардың тұқымдары басқарады.

Ақсүйектен – ізгіниетті қайраткер, кедейден – ұры шығады. Бұл – Шығыста Күң Фузы, Батыста Платон айтып кеткен, содан бергі ұлылар талай қайталаған, тарихи практикада ақталған қағидалардың бірі. Қазақ дүниетанымында да осы қағидамен үндестік бар. Қазақ айтады: «Ит жоқта шошқа үреді қораға, би жоқта құл жүреді жораға» немесе «Құм жиналып тас болмайды, құл жиналып бас болмайды».

Бұқар жыраудың Абылай ханға:

«Аталыдан би қойсаң,

Адаспас жол мен жорадан.

Атасыздан би қойсаң,

Босанбас аузы парадан».

немесе

«Ақсүйекті қор тұтқан,

Қараны онан зор тұтқан,

Сорлы болған қазағым,

Тартарсың содан жазаңды» дейтіні де содан.

Қоғамды басқарудың элиттік теориясының астарына үңіле отырып, қазақ шенеуніктерінің жемқорлаққа белшесінен батып отырған күйін түсіндіру қиын емес: Қазақстан билігіне, көбінесе, әлеуметтің түбінен шыққан, бала кезінде нанға аузы жарымаған, отбасында салауатты тәрбие көрмеген адамдар жиналған. Абылайдың түсіндегі «ұсақ жәндіктердің» немесе Абай сипаттаған «өңшең қиқымдардың» ұрпақтары осылар.

Биліктегі сұғанақтарға «Отан», «атамекен», «ел», «ұрпақ», «азаматтың құқығы», «ашықтық», «ар», «адамгершілік»,.. ұғымдары жат. Сондықтан қазіргі билік құрылымдарында «мен халық игілігіне қол сұқпаймын, өзгелерге де ондайға жол бермеймін» деп немесе «мен адамды жоғарғының нұсқауымен емес, заңның талабымен соттаймын» деп айта алатын адамдар бар екеніне ешкім сенбейді. Бұрын ондай адамдар болды, бірақ, біртіндеп азая берді. Қазір «қара қарғалардың» арасынан «ақ қарғаларға” орын қалмаған сияқты. Соңғыларының көбі жойылып кетті. Қазіргі әкім-қаралардың денін құрайтын, “балақтан басқа шыққандар” ұрлықты тоқтатудың қамын ойлап жүрген жоқ.

Соңғы кездері қазақ публицистикасында «отан сату» деген ұғым пайда болды. Бұл «термин» белгілі деңгейде қазіргі шенеуніктер мен олардың одақтасына айналып алған кейбір зиялы аталатындарың әрекетінің мағынасын айқындайды. Олар тек өздері ғана сатылмайды, өзгенің бәрін сатады. Соның ішінде «Отан» ұғымына парапар жерді сатуға құлшыныс көп. Жер сатудың түрлі қитұрқылары мен айлаларын бірінен кейін бірін алға тартып, өңмеңдей түсуде. Кезінде БАҚ беттерінен тамақтары қарлыққанша «жер сатылмасын» деп, өкірештеген зиялы арасынан шыққан депутаттардың жеме-жемге келгенде жер сату туралы заңды түгел қолдап шыққаны ел есінде.

* * *

Бұқаралық санадағы метаморфоза

 (Н. Тесланың формуласы бойынша)

Резонанс пен вакуумның сырын түсінсеңіз,

сіз бүкіл дүниені билеудің кілтін қолға аласыз.

Никола Тесла

Қазір Қазақстан билігі бұқаралық санадағы қарсылық идеясы атаулыны түгел сүртіп тастау мүмкіндігіне ие болып отыр. Саяси ұйымдардың құрылуына, олардың заңды тіркеуден өтіп, әрекет етуіне шектеу қойылды. Халық өзінің дауысын билікке жеткізе алмайтын болды, адасқан қаздай, айдалада қаңқылдап қалды. Өктем сөз сөйлейтін дуалы ауыздардың да үні бәсеңсіді. Әділетсіздікке қарсы идеяларға бой алдыратын, жекелеген адамдардың көпшілік бұқарамен байланысы үнемі нашарлау үстінде.

Мұндайдың себебі неде? Қандай күш бұқаралық сипаттағы даму ағысына кесе көлденең шығып, дүниетанымды теріс бұрып жібере алды? Қазақтың санасын үйқамақта ұстауға мәжбүр еткен қандай күш?

Әрине, ондаған мың адамдар қатысқан митингілер мен демонстрацияларды бақылауда ұстау үшін түрлі психотропты элементтер немесе өзге регуляторлар қолданылатыны белгілі. Ал Қазақстандағы тыныш тіршілік жағдайында, кең ауқымда ерекше бірдеңелер қолдануға қажеттілік болған жоқ. Авторитарлық билік әкімшілік арсеналды ғана қолдана отырып, белсенділігі қажетті деңгейге жете қоймаған бұқараны сүреңсіз тобырға айналдырып жіберу мүмкіндігіне ие болды. Мұндайды Н. Тесланың резонанс және вакуум туралы формуласына сүйене отырып жүзеге асыра алды.

Резонанс – табиғатта ғана емес, қоғамда да үнемі көрініс беріп отыратын құбылыс. Өйткені, қоғам – табиғаттың бір бөлігі. Табиғатта болғанның бәрін қоғам өмірінен де ұшырастыруға болады. Н. Тесланың формуласы бойынша қоғамдағы резонанстың заңдылықтарын меңгерген билік қоғамдық сананы да қалаған жағына бұра алады. Осы әдісті авторитарлық режимдер статус-кво жағдайынан айырылмаудың құралы ретінде тиімді пайдаланып отыр.

Қазіргі билік иелері де бұқаралық санадағы резонансты қалаған жағына бұрып, тіпті кері бағыттап жіберуді де меңгеріп алған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан тұрғындарының әлеуметтік белсенділігі недәуір жоғары еді. Ол кезде 15 млн қазақстандықтардың, басым көпшілігі, әрине, толыққанды демократ болып кетпесе де, «америкалықтар сияқты өмір сүріп», еңбек етуге дайын болатын. Ол кезде тұрғындардың маңыз аларлық бөлігі саяси акцияларға, соның ішінде оппозициядағы қайраткерлер ұйымдастарған митинглерге де, қатысуға ниетті болатын. Бұл біздің биліктегілерге ұнамады. Олар қоғамдағы рухани резонанстың дүмпуін қолдамады. Халықтың әлеуметтік белсенділігін басып тастауға барын салды. Бұл ойларын жүзеге асыру үшін билік иелері түрлі антирезонанстық тетіктерді іске қоса білді.

Қазіргі билік иелері қоғамдық прогресті қамтамасыз етуге тиісті тетіктерді кері мақсатта пайдаланып отыр. Бұл жерде сөз білім мазмұны, мәдениет және баспасөз материалдары туралы болып отыр. Биліктің бұқаралық санадағы метаморфозасы рухани өрлеуге бастайтын факторларды, керісінше, санаға түсетін саңлауды жауып тастауға қызмет еткізе алуынан байыз табуда. Осылай әлеуметтік-психологиялық диссонанс қалың тұман секілді, қазақ қоғамының аспанын торлап алды және қазір өзінің ғажайыптарын пәш етуде. Рухани тоқырау алдымен қазақ тілі рецессиясынан, сол тілде жасалған мәденеттің шаң астында қалуынан және бұқараның белсенді саяси әрекеттерден жырақтап қалуынан көрініс беруде.

Тұрғындардың әділетсіздікке қарсылық көңіл күйін шайып тастау үшін әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан тыңғылықты ойластырылған, кең ауқымды, жанжақты жоспарланған шаралар жасалуда. Бұл трендті жүзеге асыруға бағышталған арнайы әдіснама іске қосылған. Ендігі мәселенің өзектісі мынада: бұқараның дүниетанымын кеңейтуге, әлеуметтік белсенділігін арттыруға тиісті тетіктерді кері бағытқа жұмсау амалдарын зерттеп алмай, қалыптасқан әлеуметтік-психологиялық ахуалдың сырларын түсіну мүмкін емес.

* * *

Авторитарлық билік әр кесірлі әрекетін ізгі ұрандарды бүркене отырып жасайды. Қазіргі таңда рухани жаңғыру ұраны астында атқарылып жатқан шаралар шеңберінде алгоритм алмастыру әдісі «тиімді» пайдаланылуда. Оның мәні мынада: ресми ақпарат көздерінің түсіндіруінше рухани жаңғыру дегеніміз – көне мазарларды жөндеп көрсету; табиғаты сұлу жерлерді тамашалау; киелі орындарға бару; жаңа кейіпкерлермен танысу (100 жаңа есім); шетелдің оқулықтарын іріктеп аудару; жерлестер форумдарын өткізу; текемет жасауды, бауырсақ пісіруді, асық ату әдістерін,.. жарнамалау; көбінесе, тұрмыстық дәстүрлерді нәсихаттау болып табылады. Әрине, мұндай шаралар да керек. Балалар үшін олардың біршама танымдық рөл атқаратыны рас. Алайда, аталған шаралар кешенінің тұтас бұқараның рухани жаңғыруына қатысы шамалы екенін атап өту керек. Бұлар қоғамдық сананы жетілдіру тетіктері бола алмайды. Мұның мәнін түсіну үшін алдымен қоғамдық сананы жетілдіру дегеннің өзінің не екенін, неден көрініс беретінін түсініп алып алу керек.

Қоғамдық сананың жетілгендігі алдымен қатардағы адамның дүниетанымын кеңейтуден, дүниені сезінуін жетілдіруден, адамның өзін қоршаған дүниедегі орнын анықтай білуінен, шынайы құндылықтарды ұстануынан, жалпы мәдениетті, соның ішінде саяси-құқықтық мәдениетті меңгеруінен көрініс беруі керек. Бұған моральдық-адамгершілік жағынан жетілуді, эстетикалық сананың биіктеуін қосу керек. Бұл трендтер жас ұрпаққа берілетін білім, көркем әдебиет пен өнер, ғылыми-публицистика, баспасөз материалдары арқылы жүзеге асырылады. Адамның рухани жетілу деңгейінің өлшемі ретінде оның әлеуметтік белсенділігін алуға болады.

Ал бізде, керісінше, мәдениет мәдениетсіздік деңгейді ұстап тұру үшін, білім беру жүйесі білім бермеу үшін, БАҚ бұқаралық сананы оятпау үшін пайдаланылуда. Қазақстан билігі шығармашылықпен қол жеткізген, рухани саладағы метаморфозаның айшықты көріністері осылар болып табылады. Енді солардың қоғамдық практикада көрініс беру мысалдарына тоқталайық.

* * *

Білім беру аясындағы құбылтулар

Ол бірдеңе туралы айтады, екінші бірдеңе туралы

ойлап тұрады, жемежемге келгенде үшіншісін істейді.

Кеңес адамына берілген мінездемеден

Елдегі білім беру мәселесіне қатысты сөз қозғалғанда, біздің есімізге білім беру стандарттары мен бағдарламаларын жетілдіру, сапалы оқулықтар дайындау, жаңа педагогикалық технологияларды енгізу, мектептер салу,.. мәселелері еске түседі. Мұғалімнің беделін көтеру тақырыбы да баспасөз беттерінен түспей келеді. Осы және басқа шаралармен біз заманауи өндіріс үшін жоғары квалификациялы кадр дайындай алатын елдер қатарынан екенімізді паш етуге ұмтыламыз. Сырт көз бізді баршаға білім берумен айналысып жатыр деп ойлайды және оған сенеді. Шынтуайтына келгенде, Кеңес адамынікіндей, бұлар – біздің айтып жүретін сөздеріміз.

Ал, біздің ойымызда не бар дегенге қатысты мынаны айтуға болады. Қазақстанда білім беру жүйесін, көбінесе, мамандығы бойынша бұл салаға қатысы жоқ адамдар басқарып келгені белгілі. Бұдан билік үшін білім беру мәселелерін шешу мақсат емес, алдымен бюджеттен салаға бөлінген қаражат пен өзге материалдық игіліктерге бақылау орнату маңыздырақ болған шығар деген қорытынды шығаруға болады. Расында да лауазымға келіп алғаннан кейін мамандығы басқа бастық не туралы ойлауы мүмкін? Қисын мынаған тіреледі: ақша қаражаты қай жақтан ағылып, қайда кетіп жатыр? Оларды қалай бағыттап, «өз үлесімді» қалай жырып алып қалуым керек? Түсімді орынды қалай көбірек ұстап қалуға болады? Жоғарылаудың қисыны қайсы?.. Мінеки, қысқаша кеңестік тәрбиенің субъектісі білім беру жүйесіндегі жауапты лауазымда отырып, осылар туралы ойлайды деп жорамалдауға негіз бар. Өйткені, халық шаруашылығы салаларының ішіндегі ең жемқорлыққа көбірек малшынғаны осы сала екені талай айтылды. Білім сапасы ешқашан қанағаттанарлық баға алып көрген емес. Осы жағдайлар бізді саладағы шенеуніктер тура жоғарыда біз келтіргендей ойлайды деп қорытынды шығаруға итермелейді. Тереңірек үңіліп қараған адамға салада түсініксіз құбылыстардың да орын алып отырғанын аңғару қиын емес.

Енді, үшіншіден, не істеліп жатыр деген сұрақтың жауабын табуға кіріспестен бұрын, оның өзекті және ұзақ түсіндіруді қажет ететін мәселе екендігін ескертіп өту керек. Біздегі беріліп жатқан білімнің сапасы жөнінде қалам тартқандардың көбі деңгейдің тым төмен екендігіне алаңдайды. Бұл бағалаудың негізсіз емес екендігінің айғағы да аз емес. Солардың бірі және бастысы ретінде мыңдаған жастардың жыл сайын «Болашақ» бағдарламасы бойынша шет елдерге оқуға жіберілуін келтіреді. Бұдан өзімізде 127 ЖОО бола тұра (2018), бюджеттен қырауар қаржы бөліп, осы бағдарламаны енгізудің қажеттігі неде деген сұрақтың тууы заңды. Оның жауабы: отандық университеттердің дипломдары бағаланбайды. Олардың жоғары квалификациялы маман дайындайтын қаухары жоқ. Бұдан басқа да білім сапасының төмендігін паш ететін, бұлтартпайтын айғақтар толып жатыр.

Енді осы мәселенің қарапайым көз аңғара алмайтын, сондықтан  осыған дейін айтылмай келген қырларына үңіліп көрейік. Бәрі түсінікті болуы үшін талдауды әлеуметтік-психологиялық барлаудан бастайық. Жазушы А. Конан-Дойлдың танымал романының кейіпкері өзінің әрекет ұстанымын былай тұжырымдағаны бар: «алдымен кімге тиімді екенін біліп алыңыз – сонан кейін қылмыскердің үстінен түсесіз». Демек, мәселе мотивацияға барып тіреледі. Осы  қисынмен бажайлап қарағанда, алдымен «білімді, жоғары мәдениетті, әлеуметтік белсенді халық кімге керек?» деген сұраққа тірелеміз. Әрине, адал адамдардың бәріне керек, тек … билікке заңсыз амалдармен келіп алып, енді одан айырылғысы келмейтіндерден басқаларға. Авторитарлық билік иелеріне бұқараның саяси сауаты төмен, құқықтарын қорғауды білмейтін, әлеуметтік пассивті болғаны керек. Мұның себебін түсіну қиын емес. Сауатты халық материалдық және рухани игілікті, оны қамтамасыз ете алмағанда, билеушінің орнын босатуын талап етеді. Ал жалпы сауаты төмен, мардымсыз жалақысынан айырылып қалам ба деп қорқып отыратын бұқара билік қалай айдаса – солай жүреді, нені бұйырса – соны істейді. Ең бастысы, сайлауларда билік ұсынған кандидаттарға 100 % дауыс береді.

Бұл жерде Қазақстан билігіне алдымен қазақтардың кедей және шаласауатты болғаны керек екенін аңғару қиын емес. Өйткені, жоғарғы және жергілікті билік органдарын сайлау кезінде биліктің статус-кво жағдайын автохтонды халықтың дауысы қамтамасыз етеді. Ол үшін қазақ айдауға көнетіндей, нұсқау бойынша дауыс беретіндей, сауаты төмен, кедей, сонысымен қорқақ, тастаған сүйекке сатылатындай, рухани әлсіз болуы керек. Осыдан елдің 45 %-ын құрайтын ауыл тұрғындарының, бюджетке қосатын үлесі мардымсыз болса да (4,5 %), «өздігінен бірдеңемен шұғылданушылар» деген атпен, өнеркәсіп өндірісінен тыс қалып отыруының себебін көреміз. Білім беру саясатына қатыстының бәрі биліктің осы ұстанымы тұрғысынан шешіліп жатқанын аңғару қиын емес.

Бұқараның жалпы сауатының төмен болуына мұқтаж тағы бір топ бар. Ол – араны ашылған кәсіпкерлер. Оларға сауаты аз адамдар жалақыны аз төлеуі және реті келгенде жұмысын істеткізіп алып, лақтырып тастау үшін қажет. Реті келгенде атап өту керек, біздегі шынайы шағын және орта бизнеспен (ШОБ) айналысушылардың бәрі жоғарыда қорғаушысы барлар. Демек, биліктің маңында жүргендердің туыстары. Өзгелерге мұнда баратын жол жоқ. Билік иелеріне ШОБ-ны дамытқаннан гөрі «дамытайық» деп, әрекідік айғайға басып қойып, шынайылығында қарапайым бұқараның ШОБ-мен айналысуына тосқауыл қойып отыру тиімді. Оның себебі жоғарыда аталды: қазақ байымауы керек.

Әрине, билік иелеріне жоғары лауазымдарға отырғызып, ойындағысын дөп басып, бүлжытпай атқарып отыратын, сауатты орындаушылар, сенімді ізбасарлар да керек. «Болашақ» бағдарламасы ол баста авторитарлық биліктің сол мақсатын іске асыру үшін жасалған болатын. Осылай елде білімді таңдаулыларға және басқаларға алалап беру бағыты ұсталған.

Жалпы, биліктің білім беру саласындағы қитұрқы метаморфозасы жас ұрпақ өкілінің білімге, ғылым мен техникаға, мәдениетке, жалпы рухани жетілуге деген мотвациясының жойылуынан көрініс табуда. Қатардағы мектептердің оқушыларының білім алуға деген құштарлығы сүртіліп тасталған.

Бұл қалай орын алды? деген сұрақтың түсіндіруі көп және ұзаққа созылады. Бұл жерде олардың кейбіреулеріне ғана қысқаша тоқталайық.

Қазақ жастарының рухани жетілуге мотивациясының жойылуының бірінші және басты себебі авторитарлық билік басқарған қоғамның өзінің қазіргі күйінен бастау алып отыр. Авторитарлы қоғам жас адамға кәсіби біліктіліктің, интеллекттің, мәдениеттіліктің қажетсіздігін, перспективасыздығын, олардың тағдырын айқындаушы фактор бола алмайтындығын іс жүзінде көрсетіп отыр. Кадр іріктеудегі жаппай етек алған сыбайластықты, бәрінің патрон-клиент деңгейінде шешіліп жатқандығын оқушы көріп отыр. Оның түсінігі бойынша бәрі түсімді орын тауып беретін ағашка немесе тәтешканың табылуына тәуелді. Олар келіп ұсыныс жасағанда мұның қалтасында тек екі нәрсе болуы керек – жоғары білімнің дипломы және бірдеңе. Орналасу деген осы.

Екінші себеп: саяси-құқықтық білім беретін пәндер қазақ мектептерінің жоғары сыныптарында оқытылмайды. ҰБТ-ға дайындық сылтауымен, 10-11 сыныптарда өтілуге тиісті «Қоғамдық білім негіздері», «Құқықтану», «Дүниежүзілік тарих» пәндері сабақ кестесінде құр жазулы тұрады. Бұл әрекет жастардың саяси-құқықтық білім деңгейінің көтеріліп кетуін болдырмау үшін ашық және басынған формада жасалып отыр.

Үшінші себеп мұғалімдердің кәсіби-интеллектілік және моральдық деңгейінің төмендігінде, оқушының санасына заманауи білім мен мәдениетті жеткізе алмайтынында, оны рухани жетілуге бағыттай алмайтынында. ҚызПУ-да дәрісті сағыз шайнап отырып «тыңдаған», тестілер жинағымен ғана жұмыс істейтін, тек «жаттап алыңдар» деген әдістемені ғана меңгерген мұғалімдердің шәкірттерінің алдында беделі жоқ, кез келген оқушы мұғалімді балағаттап кете береді. Білімді алғысы келмейтін оқушы мен бергісі келмейтін (нағызында, бере алмайтын) мұғалімнің арасындағы қатынас осындай.

Осылай бастауыш сыныптардағы оқушының санасындағы білімге құштарлық жоғары сыныптарда білім алуға қарсылық пиғылға ұласқан. Бұл метаморфоза оқушының білім мен ғылымға қатысты резистенттік тұрғы ұстануын айғақтайды. Резистенттік тұрғы ұстанған бала оқыту үдерісіне қосылмайды, сабақта уақытын бос өткізеді. Бұдан оның «санасы да бос тұрады» деген қорытынды шықпайды, әрине. Вакуум – теориялық ұғым. Материяда ешқашан бос орын болмайды. Бір заттың орнын екінші зат басып отырады. Олай болса, оқушының кәлласына барып түсуге тиісті ғылым негіздерінің орнын басып отырған қандай қоқыс?

* * *

Ол – ислам түнегі

Дін – адамның табиғи құлшылыққа бойсұнуының

кең ауқымды көрінісі.

Мартин Эмис

Діндер, бәрі бірдей ебдейсіз: моралі балаларды

шатастыруға лайықталған, уәделері

эгоистік және өрескел ессіздіктің өндірімі.

Ги де Мопассан

11 жыл мектепте оқып, екі ауыз сөздің басын құрастырып, қарапайым ақпарды жеткізе алмайтын, білімнен де, әрекеттен де мақұрым қалған ауыл жастарының ендігі үміті – құдайға сеніп, алыстағы сағымға телміру ғана. Мұғалімдері солай оқытқандай, олар «түбінде құдайдың әйтеуір бірдеңе бере салатынына» сенеді. Олардың өмірлік арманы, мақсаты, идеалы дегендерінің бәрі тек күту тұжырымдамасымен алмастырылған. Білімнен іргесін аулақ салып, тек діннен опа іздегендердің кейбір фанатик деңгейге жеткендері шет елдердегі лаңкестік ұйымдарға қосылуда. Кейбір баспасөз мәліметтері бойынша, қазақ жастарының жарты мыңнан астамы Сирияда соғыста жүр.

Қарапайым бұқара дінге бетбұрысты имандылыққа, ізгілікке бет бұру деп түсінеді. Рас, діннің адамгершілік-моральдық догмалары бір тыңдаған адамды ізгі бастауларға бастайтын сияқты. Алайда, адамзат тарихы діни жолға түскен қоғамдардың прогресін айғақтамайды. Керісінше, дін үстемдік құрғанда қоғамды түнек басатынын, ғылым жолына түскен кезден әлеуметтік прогрес басталатынын айғақтайтын мысалдар толып жатыр.

Тарихи анықтама:

Храистиан діні пайда болып, күшіне енгеннен бастап Еуропаны қараңғылық басты. Ватикан үстемдік құрып тұрғанда еуропалықтар антик дәуірінің ғажап философиясын, білімін, ғылымын ұмытты. Шіркеу білімді адамды қудалады, ғалымдарды отқа өртеді. Ақыры бір жарым мың жылдан кейін, XVI ғасырда протестанттық қозғалыстардың нәтижесінде христиан шіркеуіне реформа жасалған соң ғана еуропалық қоғамдар дамудың прогресшіл жолына түсті. Адамдардың санасы оянды, ғылыми білімдерге, мәдениетке жол ашылды. Соның арқасында, соңғы бес жүз жыл ішінде Батыс қоғамдары адамзат өркентетінің көшін бастап келе жатыр.

Ал ислам діні бүкіл Шығысты Батыстың алдында мүшкіл жағдайға түсірді. Ғылым мен техникадан адыра қалған, жағрапия мен зеңбірек дегендердің не екенін білгісі келмеген араб және түркі елдері жаппай отарлықтың зардабын шекті. Ислам ортодокиясының кесірлі тұжырымдарын ессіз қабылдаған мұсылман атаулы көттерін көтере тоңқаңдап, намазын оқып болған соң, шелпегін жеп, бет сипағанан басқа ештеңе бітірмеді.

«Адам – алланың құлы, оның тағдырын алла алдын ала белгілеп тастаған», «құран сөзін өзгертпей, сол күйінде қабылдау керек», «құдайға сыйынып, тыныш жүрсең ол бәрін өзі бере салады» деген догмаларды жаттап алған мұсылмандар бәрін құдайдан күтіп, қол қусырып, қарап отырды. Ақыры, құдай өзі «жақсы көретін» мұсылмандарына расында да бере салды. Бірақ онысы тек май шелпек емес, отарға түсіп, жүздеген жылдар кәпірлердің табанында жаншылу болып шықты. Қазақ та дәстүрі мен мұсылманшылығының қаймағы бұзылмай тұрған кезде осы кепті киген болатын.

Конституция бойынша, біз зайырлы қоғам құрып жатқан ел едік. Солай бола тұра, әр ауылға мешіт салдық. Кейбір ауылдарда оның бірнешеуін салдық. Кейбір рулардың мешіттері де пайда болды. Орта мектептерде ғылым негіздерін оқытудан гөрі, дінді уағыздауға басымдық берілетін болды. Қазір түрлі атаулармен енгізіліп жатқан дінді уағыздайтын сабақтарға (дінтану, теология, исламтану, тарих-дінтану) гранттар бөлу жыл сайын көбейтілуде (https://univision.kz/granty/granty-2018/1062). Гуманиарлық бағыттағы ЖОО-лардың «Хабаршылары» көлемінің 70-90 %-ына дейін тек дінге қатысты материалдарды ғана жариялайтын болған. Философияға, саясатқа, құқыққа қатысты немесе әлеуметтік мәселелерді қозғайтын материалдарды қабылдамайды.

Осы бағытты ұстанудың түпкілікті себебін аңғарған кім бар? Жалпы санасына дін догмалары үстемдік еткен адамның дүниетанымы шектеулі болады. Сананы меңдеген таптаурындармен өмір сүреді. Ол ғылымнан ғана емес, саясаттан да аулақ болады. Биліктен ештеңе талап етпейтін, «құдай өзі тыныш жүргенге бередімен» өмір сүретін, сауатсыз, қорқақ, бәріне енжар қарайтын, сұр массаға айналады. Бізде осы құбылыстардың бәрі бар.

«Білім берудің орнына дінді енгізуді біздің билеушілеріміз айқындаған» деген екен көрнекті орыс ақыны А.А. Фет. Жазушы А.И. Герцен дін туралы былай депті: «Дін – бұқараны ауыздықтайтын, қатардағы жұртты қорқытып ұстап тұратын басты құрал, айналада не болып жатқанын жасыратын үлкен бүркеніш». Сөйлемдегі «айналада» деген сөзді «билік дәліздерінде» деп жазсақ, бұл афризмнің мағынасы айшықтала түседі екен.

* * *

 Мәдениеттегі метаморфоза туралы

Мәдениеттегі метаморфозаның мәні мәдениеттің мазмұнын аймақтандыру және оны статикалық күйде ұстау арқылы бұқаралық сана көкжиегін дәстүрлі қоғам шеңберіне қамап отыруға тырысудан көрініс беруде. Қазақ мәдениеті қазір статикалық күйге – толық тоқырауға тірелді. Оның деңгейі өткен ғасырдың 60-70 жылдарындағы ауыл адамының талғамына сәйкестендірілген күйде қалып отыр. Қазақ тілі қазіргі бейресми қолданыс күйінен шықпаса, бұдан былай бұл тілде көркем әдебиет шығармалары тумайды, өнер өркендемейді. Қазірдің өзінде ғылыми жорналдар дінді орашолақ уағыздаумен айналысуға көшкен. БАҚ санын да, сапасын да сұйылтып келеді. Шығармашы зиялылар енді «Қан мен тердің» деңгейіндегідей романды армандағанды қойып, «Ақ маңдайлымдай» тарайтын ән де жаза алмай отыр. Мәдениеттің жойылуы – ұлттың жойылуының өзіне тән атрибуты. Бұл, білген кісіге, шаруашылық пен  әлеуметте болып жатқан апаттардың бәрінен де қауіпті құбылыс.

Кеңес кезінде көркем өнер шығармалары шаруаны алға жетектеуге дәрменсіз болды. Олардың көбінде ауыл адамының ындыны, күйбің тіршілігі, оның өзі ғана түсінетіндей тілмен, стильмен, соған жағатын сюжеттер арқылы берілетін еді. Жазушы ауыл адамының соңынан ілесуден танбады. Шаруаға үйрететіндей, оны прогреске жетелейтіндей шығармалар аз болды. Олардың көбі әлі күнге дейін шаруаны қалаға өшіктіру, Батысты құбыжық қып көрсету бағытынан айнымай келеді. Бұл деңгейдегі шығармалар өркениетті елдердің оқырмандары үшін сұрансқа ие бола алмады. Мәдениет сонысымен бәсекеге қабілетсіз күйінде қалып отыр.

Қазіргі ұлттық мәдениетте ультрапопулистік бағыттар белең алған. Ол туралы жазып жүрген сарапшылар материалдарында бүгінгі мәдениеттің аяқалысын бейнелейтін «тамашизм», «қылжақбайлық», «қайратнұртасизм» т.б. сияқты жаңа «терминдер» қолданады. Расында да, осы астарлы сөздер арқылы ұлттық мәдениеттің бүгінгі күйін дәлірек тануға болады. Қазіргінің көпке арналған туындыларында құбылған декорация, құлақ тесер дыбыс және әсіребатысшыл бұраңдау мен секіру бар. Ал жұмырға жұғын болар мазмұн жоқ. Өркениет талаптарына лайық аяқ алыс, замандастың жан әлемін тебірентер мәтін, оны ынтықтырар көркемдік деңгей, ұлт адамының рухын көтеретін азаматтық үн, тың ой, жаңа идея дегендердің бірі де жоқ. Тек оттың басындағы, ошақтың қасындағы, қой қораның маңындағы кір қожалақ адамдардың сұранысын өтейтін, мағынасыз күлкісін келтіретін, баяғыша самбырлау мен даңғырлау бар. Қазақ тілінде таралып жатқандардың бәрі қайталаулар мен мешеуліктерге тұнып тұр.

Қазақстанда қандай мәдениет жасалғаны, мәдениеттің қазақты қалай аграрлы қоғамға қамап тастау құралы ретінде жұмсалғаны, «алпысыншыжылдықтар” деп аталатын жазушылар тобының қазақты өркениеттен жырақ қалдыруға қалай себепші болғаны туралы «Философия языка» атты кітаптың V тарауында кеңінен талдау берілген. Сондықтан, мәдениеттегі метаморфозаға қатысты ойларымды осымен қысқа қайырамын.

* * *

Бұқаралық ақпараттағы метаморфоза

немесе

қысыр әңгіме туралы

Нағыздықты сана жасайды,

ал сіз өзіңіздің санаңызды жасайсыз.

Дж. Кехо

Сананы да үйқамақта ұстауға болады.

Тақырыптың уыты

Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдарының көбі жеке азаматтардың иелігінде деп саналады. Алайда меншік иесі жеке тұлғалар болғанымен, олар мазмұны тәуелсіз контент жасай алмайды. Тақырып және мазмұн жағынан биліктің қатаң бақылауынан шыға алмайды. Әсіресе саяси оппозиция өкілдерінің телеарналарға ақпаратпен шығуы қатаң регламенттенген. Олардың сөздері цензурадан сүзіліп, радикал ойлары болса, қиылып тасталады. Соңғы онжылдықтарда либерал бағыт ұстанатын қайраткерлер ойындағысын ашып айтатын материалмен телеарналардан көрінген емес.

Ал аздаған тәуелсіз баспасөз органдарының күні ауыр. Олар ойдан шығарылған кінәлармен үнемі сотқа тартылудан көз ашпай келеді. Жазықсыз, жаламен сотталып кетіп жатқан журналистер де аз емес. Басылымдардың жабылып қалуы жағдайлары үнемі көрініс беріп отырады.

Осылай ақпарат құралдарының билікке тура бағыныштылары ғана емес, азаматтардың қолындағылары да, қатаң бақылау астында бұқараның санасын демократиялық быламықтан тазартумен айналысады. Ол жолда бұқаралық сананы өзге ағысқа бұрып жіберудің бірегей амалдары қолданылады. Билікке бағынышты БАҚ-ның алдына қойып отырған басты мақсаты – көпшіліктің назарына саяси-әлеуметтік, құқықтық мазмұндағы материалдарды жібермеу арқылы бұқаралық сананы тұрмыстық тар шеңберден шығармау.

Ол үшін телеарналарға саясат, мәдениет, экономика, әлеумет мәселелерін қозғайтын, сындарлы бағдарламалар жасауға жол берілмейді. Шетелдік киносериалдарды, арзан концерттерді үйіп-төгіп бере беруге руқсат етілген. Халықтың жалпы дүниетаным кеңістігін ұстап тұру үшін немесе талғамын қалыптағыдан асырмау үшін көңіл көтеретін делінетін бағдарламалар көрсетіледі. Ермек үшін көрсетілетін берілімдер арасында мағынасыз, шектен асқан тұрпайы дүниелер толып жүреді. Мысалы, бір телеберілімде ауыл мұғалімінің (әйел адам) денесінде жүріп жатқан физиологиялық үдерістерді дыбыстық қосарлаумен балаларға естірте босатуы көрсетілді. Дүмбілез орындаушыларда тұлғалық қадір жоқ, өздерін өздері сыйламайды, ұятты да кейін ысырып қойған.

БАҚ бұқараны маргиналдандыру құралына айналған. Мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын телеарналар мен басылымдардың ешқайсысы саяси тақырыпқа жоламайды. Тәуелсіз арналар деп есептелінетіндердің де материалдары арасынан бұқаралық маңызы бар ештеңе таппайсың. Олардың бәрі рұқсат етілетін және етілмейтін тақырыптарды жақсы ажырата біледі. Телеарналар соңғы жаңалықтар топтамасының өзінде демократиялық елдердегі сайлаулар, олардағы либерал күштердің жеңісі немесе басқа өзекті саяси оқиғалар туралы тәптіштей хабарлаудан тартынады. Негізінен олардың құрғақ нәтижелері туралы ғана, сипай қамшылап өтеді. Саясат, құқық тақырыптарына арналған материалдардың болмауынан қарапайыым халық бұқарасы саяси партиялар, олардың бағдарламалары, көздеген мақсаттары, билікке қатынасы, жетекшілері, сайлауларға дайындық, әділ сайлау жүргізу механизмдері, билік тармақтары, олардың іс жүзіндегі арақатынас үстанымдары, саясат пен билік аясындағы интригалар туралы ештеңе білмейді. Халық бұқарасының құқықтық сауаты мүлдем төмен.

* * *

Қазақстан телеарналарының бірінен көрсетілетін «Дара жол» деген бағдарлама бар. Жүргізуші оған еліміздегі танымал қайраткерлерді – жазушыларды, ғалымдарды, саясаткерлерді шақырады. Демек, олар көпшіліктің алдына шығып алып, қоғамның даму жолында көлденең тұрған, өзекті саяси-әлеуметтік мәселелерді қозғайды дерсіз. Жоқ, мүлдем олай емес.  Әңгіме тек тұрмыстық және жеке басқа ғана қатыстылар төңірегінде өрбиді. Танымал қайраткерлер жиналып алып, өздерінің отбасы, балалары, жеке жетістіктері туралы, достармен бас қосқандағы «қызық» әңгімелерін айтады. Жүргізушінің оларға қоятын жетектеуші сұрақтарының сыйқы мынадай болып келеді:

– Сіз зайыбыңызбен қашан, қай жерде таныстыңыз?

– Алғаш кездескенде сіз оған гүл сыйладыңыз ба?

– Қанша балаларыңыз, немерелеріңіз бар?

– Олар сіздерді қалай сыйлайды?

– Таңертең келініңіз сізді қалай қарсы алады? Сәлем жасай ма?

– Немерелеріңіздің қайсысын жақсы көресіз?

Танымал қайраткерлер мұндай сұрақтарға құлшына және тәптіштей жауап береді. Қоғам, даму, мәдениет, ғылым, демография, тағы басқа әлеуметтің  алдында тұрған өзекті мәселелер туралы тіс жармайды. Ойға ой қосатын жаңа идея, шығармашылық табыс, саясатта, ғылымда, мәдениетте пікірталас тудырып жүрген мәселелердің маңына бармайды.

Қазақтар мұндайды қысыр әңгіме дейді. Ол еріккен, бейсауат адамдардың жиналып алып, айтатын іске татыр ойлары жоқ болған соң, уақыт өткізу үшін әрнені сөз етіп отыруын көрсетеді. Сананы тұрмыс аясынан шығармаудың кең таралған әдістерінің бірі осы. Бұқаралық ақпарат құралдарының ішіндегі ең көпшілікқолды түрі – теледидарды пайдаланып, танымал қайраткерлерді қатыстырып, ақпарат таратудағы метаморфозаның тағы бір мысалы осындай.

Осы бағдарлама бойынша 2018 жылдың желтоқсанында эпизодтың шебері атанған киноактердің өмірін арқау еткен берілім көрсетілді. Оған белгілі режиссерлер, актерлер, бенефицианттың достары мен таныстары қатысқан екен. Бұл берілімде де қазіргі қазақ киносының мәселелері туралы ешкім ауыз ашпады. Кино өнерінің тақырыбы, мазмұны, көркемдігі, мұраты, өзектілігі, көңіл аударатын мәселелері, рухани жаңғыруға қосып жатқан үлесі сияқты мәселелердің бірі де сөз болған жоқ. Кино өнерінің халықтың көзіне түсіп жүрген қайраткерлері жиналып алып, өздерінің қашан және қалай танысқаны, кімнің қанша ақша табатыны, төбелескені, түсірілім барысында арақты қалай жасырып әкеп ішкені,.. туралы қысыр әңгімемен уақыт оздырды.

* * *

Көркемөнер шығармаларының идеялық бағыты мен мазмұнын өз  қолайына қарай өзгерте отырып, бұқаралық сананы реттеуді Кеңес кезіндегі билеушілер жақсы білген болатын. Кеңестік идеология қазақтың шарасын қоқыспен толтырып кетті. Бұл құбылысты қазіргі билік өз пайдасына – биліктен кетпеу ниетін жүзеге асыруға тиімді қолданып отыр. Қазақ сауатсыз болуы керек, әсіресе, саяси-құқықтық жағынан. Бұған қоса, өзінің мүддесіне қайшы әрекеттермен айналысуы керек. Нәтиже ойдағыдай, қазіргі қазақтар өзін өзі көктетпейтін, биліктің басынуына қарсы дәрменсіз, сүреңсіз массаға айналып отыр.

Дарақы күлкі тудыратын бұралқы сөзге, әдетте, интеллекті мен мәдениеті төмен, бейсауат адамдар үйір келеді. Қазақша телеберілімдерде өлмелі кемпірдың аяқ астынан билеп кетуі, асханаға тамақ ішуге келген адамдарға аспаздың картоп тазалап беруін талап етуі, бірдеңе сатып алғаны үшін келушінің кассаға мен «көбірек төлейінші» деп тұрып алуы,.. сияқты қарапайым қисыннан тыс қылықтарды көріп, қазекең «қызық екен» деп, мәз болып күліп отырады. Осы жерде менің ойыма Австралияның жергілікті тұрғындарын зерттеген біреудің әңгімесі түсіп отыр. Онда бір топ аборигендер жиналып, біреуі аң аулауға барғаны туралы әңгіме айтып отырады. Әңгіме желісі бойынша аңшы бір ағаштың бұтағында отырған құсты көріпті. Әлгі «құс ширк-ширк деп шиқылдайды» дегенде аборигендер ішек сілесі қатып күледі екен. Австралия аборигендерінікі жөн-ақ – жаһандағы өзге халықтармен салыстырғанда, олардың интеллект деңгейі төмен екендігі белгілі. Ал біздікіне не көрініпті. Қисынсыз сөзге күлген адамды қазақ «әйелдің қары күлкіші, ердің қоры күлкіші» деп, қатты күстаналаушы еді. Сонда қазақ теледидары бұқараны қарлық пен қорлыққа бағыттайтын болғаны ма?

Сананы қисынды ойлау жолынан тайдырудың ақталған құралдарының бірі – жалған ақпарат. Жалғанды естіген адам алдымен ашуланады. Одан кейін оны елемеуге тырысады. Біртіндеп үзіліссіз жалғанға оның құлағы үйренеді. Ақыры ол өзін жалған ақпарат санасын билеп алғанын байқамай қалады.

Жалғанды үнемі қайталай беру адамды оған сендірудің кең таралған әдісіне айналған. «Шындық шалбарын киіп болғанша, жалғанның жарты әлемді аралап үлгіретіні» рас (У. Черчилль). Жалған бәрімізге қарсы басты қаруға айналып, күрес жүргізіп келеді және жеңіп те келеді (rusprav.tv/razrushitelnaya-sila-lzhi).

Сыбайлас жемқорлық аясындағы метаморфоза

Жемқорлықтың өзі жемқорды

«ақтаушы» факторға айналған.

Тақырыптың уыты

Бюджеттен нақты бір мақсатқа бөлінген қаражаттың қолды болып кетуі – біздің ел үшін таңсық оқиға емес. Мәселенің үлкені мол қаражатты жымқырған шенеуніктердің кімдер екендігінде, олардың ұсталуында да емес. Осылардың барлығы бұқараның құлағы үшін үйреншікті құбылыстар.

Мыңдаған жемқор халық игілігін жымқырып жатыр. Олардың белгілі бөлігі ұсталып жатыр. Ұсталғандардың кейбіреулерінің сотталып жатқаны, мойындатылған соманы қайтарып жатқаны туралы ақпараттар да ұшырасып жатады. Егер ол сомалар бюджетке қайтарылып, бастапқы мақсатқа жұмсалып жатса, ол да бір, көңілге жұбаныш болар еді. Бірақ, бізде осының өзі де буалдыр тартып тұр. Бұл жердегі мәселенің бастысы ұрланған қаражаттың бұғатталғаннан кейін кімнің қалтасына қонақтауында болып отыр.

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты сөз болғанда метаморфозаның келесі жаңа деңгейіне көңіл аудармасқа болмайды. Жемқордың қалтасынан қайтарылған сома алғашқы мақсат бойынша жұмсалуға бюджетке қайтарыла ма? Мінеки, біз сөз етіп отырған аядағы метаморфозаның ең «қызығы» осында болып отыр.

Сыбайлас жемқорлық үдерісі екі деңгейде жүзеге асырылады.

Шенеунік «А» бюджет қаражатын жымқырды. Оның соңынан түскен мекеменің шенунігі «Б» оны ұстады. Бірақ, қаражат бюджеттің шығысы туралы бабына сәйкес, бастапқы мақсат үшін қайтарылған жоқ. Бұдан қандай қорытынды шығады? Долбар бойынша, бұдан шенеуніктердің «Б» тобы оны өз қарауынша «екінші бөліске» салады деген ой тууы заңды. Әрине, ұстаған топтың өздерінен жоғарғылардың да кеңірдегін қуыс қалдыра алмайтыны белгілі.

Бұл жерде біз «екінші бөлістің» осы амалиятқа қатысушыларға екі жеп биге шығу мүмкіндігін алып беру айғағымен ұшырасып отырмыз. Біріншіден, олар қылмысқа өз аяғымен барған жоқ. Бюджеттің кассасына қол салған жоқ. Ұрыдан тартып алды. Ол рас. Екіншіден, әшкереленіп қалу қаупін бастан кешірмеген олар, аталған айғақтарға арқа сүйей отырып, өздерін «арымыз таза» деп есептейді. Екінші бөлістен алған үлесін жемқорлық деп есептемейді. Сондықтан, қорықпайды, кеудесін керіп жүреді. Бұл жерде жемқорлықтың өзі жемқорды «ақтаушы» факторға айналып отыр. Осындай «тиімді» жолмен, әрі ұсталып қалу қаупінен аулақ жағдайда, әрі қалта толтырып, әрі «ары таза» болып шығудан кім бас тартады?

Бұл аядағы метаморфозаның мәнді көрінісі сыбайлас жемқорлықтың жалпылама сипат алуының жемқорлардың гипотетикалық жазадан құтылу амалына айналуып кетуінде. Құтылу формуласы мынадай: жемқорлық схемасымен астрономиялық қаражат жинап алған киттер мен акулалар көбейген сайын оларды ұстау және жазалау мүмкіндігі азая береді. Бұл аядағы қайтарылмау нұктесі осы болып табылады. Тоқсан тоғыз мың шенеуніктің (https://365info.kz/2016/09/) және миллионнан астам олардың туыстары мен сыбайластарының бәрін ұстау және соттау мүмкін болмайтын жағдайға тіреліп отымыз. Оларға амнистия жарияланады. Ондай шаралар бұрын да болған. Демек, жемқор ұсталса да, жазаланбайды. Ұсталғандардың жазаланып, абақтыда азап шегіп жатқаны туралы ақпарат жоқ. Жазалау бола қалса, ол іріктеу ұстанымымен – ұры кланнан тысқары немесе билікке жақпай қалған жағдайда ғана, жүзеге асырылады. Ондайды бағынышты БАҚ биліктің жемқорлықпен ұтымды күрес жүргізіп жатқанының мысалы ретінде жамырай жариялайды.

Бұдан Қазақстанда жемқорлыққа тиым болмайтынын сезіну қиын емес. Өйткені, жемқор атаулының бәрі биліктің өз адамдары («свой сукин сын»). Билік «өз қолын өзі кесуге» бармайды. Оған тырысып жүрген де ешкім жоқ. Ал жемқорлық үдерісті үдете беруге тырысушылардың мерейі үстем болып тұр.

Аңқау бұқара қазіргі билік сыбайлас жемқорлықты ауыздықтау амалдарын жасап жатыр деп ойлайды. Мүлдем олай емес. Сыбайлас жемқорлық билік иелерінің өмір бейнесіне, қоғамдық қызметі үшін алатын сыйақысының бір бөлігіне айналып кеткен. Олар онсыз өмір сүре алмайтын жағдайға жеткен. Биліктің жемқорлықты тоқтатайын деген ойы жоқ. Жоғарғы және орта буындарындағы ұрлықтың ғарыштық цифрлармен өрнектелетін көлемде болып жатқанын жасыратын кезеңнің өзі артта қалды. Енді жасырмайды да. Олардың ойы: «бізде солай екеніне және солай бола беретініне бұқараның құлағы үйренсін. Қайтер екен?!».

* * *

Қазақ әлеміндегі метаморфозаның ерекшелігі

Мына бір сөз соққанның көсемге айналып

кету метаморфозасын түсінбедім.

Ф. Достоевский

ХХІ ғасырдағы қазақ зиялылары мен шенеуніктері француз ақсүйектерінің сонау XVIII ғасырда бетке ұстаған бір маңызды қағидасын ескермеді. Ол қағида мынау болатын: «тек француз халы мен Франция болғанда ғана ұлт ақсүйектері өздерінің мәртебесін сақтап қала алады». Осыған байланысты Бас штаттарда (француз парламенті) орын халық арасынан шыққан депутаттарға берілді. Король және зиялылар қарапайым француздардың мүдделерін үнемі ескеріп отырды. Осылай Франция әлеуметтік еркіндік идеяларының орталығына айналды. Франция – әлеуметтік революция жасаған (1870) бірінші ел. АҚШ-мен қатар француздар азаматтық қоғам құру үлгісін де бірінші болып көрсетті. Француздар «Адам және азаматтар құқықтары туралы декларация» қабылдады. Бұл кейіннен 1948 жылы 10 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған «Адам құқықтарының жалпылама декларациясына» негіз болған үш құжаттың бірі болды.

Алғашында Қазақстан да Негізгі заңының мазмұнын француз конституциясының үлгісімен құрған болатын. Әрине, қазір ол мәтіннің тамтығы ғана қалды. Оның өзі нағызында емес. Жергілікті билік органдары Конституцияға қарсы заңдар шығарып алған.

Шексіз билікке қол жеткізген, жексұрын Гитлер мен Сталиннің өздері алдымен өзі басқарып отырған елдің қамын ойлады. Билік құрған жылдары  өздері басқарып отырған елдің экономикасын аяғынан тік тұрғызды, қорғаныс қуатын мейілінше жоғары деңгейге жеткізді. Қарапайым қисын бойынша, олар елі қаншалықты қуатты болса, өздерінің де даңқы арта беретінін білді. Әйгілі латынамерикалық диктатор А. Пиночет те елінің экономикасын көтеріп кетті. Бұл құбылысты сарапшылар «Чили ғажабы» деп атағаны белгілі.

Ал біздің мырқымбаевтар мен шоқпытовтар тек қазақ мемлекеті мен халқы болғанда ғана өздерінің статус-кво жағдайын сақтап қалатынын сезбеді. Ондайға қазақ шенеуніктерінің әлеуметтің түбінен шыққандығы, тексіздігі жібермеді. Отан-ана – Жерді сатуға құлшынды, бар материалдық игілікке қырғидай тиді, бәрінен бұрын, биліктен айырылмау үшін туған халқын кедейлік пен сауатсыздықта ұстау әрекетін жасады. Олар тегі құлдан шыққандықтан, еркіндіктің өзін құл иесі болумен теңесірген Спартак сияқты, өз халқын құлға айналдырып, солардың иесі болуды көздеді.

Қазақ әлеміндегі метаморфозаның ерекшелігі осыдан – биліктің өз елі мен жеріне өзі жау болып тиісіп, ұлттық мүдделерге қарсы әрекет жасауынан көрініс беруде.

Билік метаморфозасының ең айшықты көрінісі Кеңес Одағын сақтап қалу үшін шын ниетімен, оның соңғы деміне дейін күрескен, берілген коммунистің әп сәтте сөзсоқты демократқа, ал қазір ол тұрғысынан да айнып, бықсыған автократқа айналуы болып табылады.

* * *

Қазаққа қандай ғылым керек?

(Сұрақтың жауабы)

Мен олардың қолына философия тасын

ұстатар едім. Араларында философтар жоқ екен.

Уильям Шекспир

Енді жоғарыда Ж. Бабалықұлы қойған сұрақтың жауабын іздестіріп көрейік.

«Дұшпан күлдіріп айтады, дос жылатып айтады» дегенді қазақ жақсы біледі. Сондықтан қазақта бетіне қарамай, шындықты жайып салатын, өткір адамдар аз болмаған. Өткеннен Бұқардың, таяудағыдан Абайдың әркімнің шымбайына тиетін, іреп айтқан сөздері қазақтың есін жиюына түрткі болса керек еді. Бірақ олай болмады. Қазақ нағыз шамшыл халыққа айналды, құрғақ мақтанға далиып, кемшілікті түзейік дегенге аузынан көбігін шашып, шыға келеді.

Өркениетті қоғамдарда өз халқының санасын билеген кесірлі мінездерін көзге шұқи көрсеткендер аз емес. Олар – тура жолдан тайған, кір жаққыш емес, сол халықтың ұлы тұлғалары, елін сүйетін, оның мүддесі үшін өмірін арнаған адамдар. Кемшілікті ашып айта отырып, оны түзету қажеттігін есі дұрыс адамның бәрі құптайды. «Туған халқымыз болғандықтан, оны тек мақтай берейік» деу – өсетін жұрт қабылдайтын ұстаным емес.

Қазіргі қазақ қауымында да шындыққа тура қарай алатын адамдар аз емес. Журналист С. Аббас-шах қазақты «өте жалтақ, парақор, мақтаншақ, дарақы, жағымпаз халық» деген екен. Белгілі мәдениет қайраткері Е. Тұрсынов қазақтың қылығына қатысты былай депті: «өз қолымыздан келер іс шамалы болды. Соның салдарынан біруге ұқсап бағуға тырыстық. Бірақ өзгелердің жақсысын емес, жаман қасиеттерін жұқтырдық. Көршіміз қия басса, кеңірдегінен ала түсуге дайын тұрамыз. Біз суайттыққа, біреуді сыртынан көрсетуге үйрендік. Біз өр кеуделігімізді жоғалттық, қадірімізді кетірдік» (Мы. ОП. № 44. 2018).

Объективті қарағанға бәрі рас. Қазақ құзіреттілігі тапшылығынан үнжырғасы түскен, зарлаумен өткен күйін әлі кешіп жатыр. Саяси дамудың бағыттарын, қоғам қайраткерінің рөлін шамалау қабілетінен айырылып қалған. Қоғамды дамытуға бағытталған саяси-құқыққорғау ұйымдарына бірігуге, келешектің конфигурациясын жасасуға қатысуға, қандай да бір мақсатты әрекет жасауға қабілеті де, құлқы да жоқ. Иран-Ғайып айтқандай, «өлікке тең, тіріле алмайтын», сұр тобырға айналған.

Ендігі ой сырағысын қазақтың осындай бейшаралыққа қалай тап болғаны және оны сол тұңғиықтан қалай суырып алып шығуға болатынынын көрсететін бағыттарға бұрғанымыз жөн болар. Қазіргі қазақтың санасын меңдеген келеңсіз мінездерді жоққа шығарып, қазақ ондай емес деп, халықты ақтаумен айналысудан да, керісінше, жат қылықтарын тізіп, халықты көзге шұқи беруден де келер пайда жоқ. Бәрінен бұрын осы құбылыстарды зерттеп, олардың орын алу себебін айқындап, бұқаралық сананы дұрыс жолға бағыттайтын ғылымын табу керек. Өйткені, бұқаралық санада көрініс беріп жүрген кейбір жағымсыз құбылыстардан арылмай алға жылжу мүмкін емес.

* * *

Бұл жерде сөз алдымен әлеуметтік-психология ғылымы туралы болайын деп отыр. Шығармашылық қызметтің осы саласының қағидаларына сүйене отырып, қазақтың санасын иектеген келеңсіз мінездердің пайда болу және орнығу тетіктерін объективті түсіндіріп беруге болады.

Әлеуметтік-психология – әлеуметтік сананы, тиісінше, әлеуметтік үдерістерді басқару ғылымы, саясаттың пәрменді құралы. Сондықтан бұл саланың мамандары оны XXI ғасырдың ғылымы деп атайды.

Қазақ билігіндегілер мұны жақсы меңгеріп алған. Олар ресейлік әлеуметтік-психология мамандарының ақылына сүйене отырып, әрекет етеді. Қазір ессіз тобырды құрықтының алдындағы үйірше жөңкілтеді. Ал саяси оппозиция «бұл қалай болып кетті» деп, таңданумен келеді.

Удың уытын у қайтарады. Әлеуметтік-психология теорияларына сүйене отырып жасалған бұқаралық апатияның алдын алу үшін де сол ғылымның қағидаларымен әрекет етуді білетін мамандардың қолы керек. Бұқаралық сипат алған келеңсіз мінездердің пайда болып, орын алу құбылысы әлеуметтік психологияның тармақтары – ұлттық психология және менталитет туралы теориялар тұрғысынан талдай қарастыруды қажет етеді. Олай болса, жоғарыда келтірілген мінездердің шығу тегі мен әрекет ету механизмдері былай болып шығады.

Ғылыми анықтама:

Ұлттық психология орнықты факторларға тәуелді, ұзақ сақталатын құбылыс. Оның қалыптасуына халықтың жайғасқан аумағы, оның табиғи және климаттық жағдайлары, дәстүрлі шаруашылық жүргізу формасы, халықтың басынан кешірген тарихы, тілі, мәдениеті, бұларға қоса, өмір бейнесі, дәстүрлері мен ғұрыптары себеп болады. Ал менталитет орнықты емес, тарихи  үдерістің бағытына қарай өзгеріп отыратын жағдайларда қалыптасады. Оларға билік құрып отырған режімнің сипаты, оның жүргізіп отырған ішкі саясаты, ағымдағы кезеңнің шаруашылық уклады, әлеуметтік сілкіністер мен апаттар, идеологиялық шаралар … жатады. Соған қарай, ұлттық психологияны өзгерту қиын және ол ұзаққа созылады, ал менталитетті идеологиялық, әлеуметтік, экономикалық және рухани шаралармен, салыстырмалы қысқа мерзімде өзгертуге болады (Жукешев К. Менталитет и национальная психология // Мысль, 2006, № 6. С. 17-21).

Аталған ғылыми қағидаларға сүйене барлағанда қазақтың санасын меңдеген жағымсыз құбылыстардың кейбіреулерінің сыры былай ашылады:

Рушылдық – ұлтқа дейінгі қауымдастыққа тән құбылыс. Қазақ билігін ұстап отырған адамдардың қылықтары осы тұрғыдан саралағанда, интеллект және мәдениет деңгейінің төмендігінен, индустриялы қоғамда өмір сүріп жатқанын аңғармауының салдарынан, олардың рулар қауымдастығы шеңберінде әрекет етіп жатқанын айғақтайды. Рушылдық – Қазақстан билігінің кадр іріктеуде ескеретін басты ұстанымы. Қазақ билігінің жоғарғы эшелонында елдің қамын ойлайтын, мемлекетшіл адамдар емес, рушыл адамдар отыр. Олар өздерінің индустриялы даму басқышындағы азаматтық қоғамда өмір сүріп жатқандарын аңғармайды, рулық-отбасылық тар шеңберден шыға алмайды.

Өзге кесірлі мінездерге төмендегідей сипаттама беруге болады:

Арызқойлық, сатылғыштық, күншілдік, жалтақойлық, жағымпаздықотарға түскен елдің метрополияға тәуелділігінің салдарлары. Мұндай мінездердің пайда болуының әлеуметтік астары лауазымдық қызметтерді өзгеден сұрап алуға мәжбүрлікте жатыр. Метрополия өкілі автохтонды ұлттың арасынан шыққан интеллектілі, тегеурінді, отаншыл адамдарды ығыстырып, олардың орнына не айтса да орындай беретін, жалтақой, жағымпаз адамдарды іріктеп алу үшін аталған амалдарды қолданып келгені белгілі. Қазақтың санасында бұлар мығым орын алғаны сондай, әлі қалмай келе жатыр. Оның үстіне қазіргі билікке де аталған тәсілдермен, осындай адамдарды төңірегіне жинап алу керек болып тұрғаны және бар.

Парақорлық, суайттық, мақтаншақтық, дарақылық – адамдардың әлеуметтік тегімен түсіндірілетін құбылыс. Кедей таптардан шыққан, адамгершілік ұсқыны қораш адамдар байлық пен билікке қол жеткізгенде осындай мінездер көрсетеді. Қазақта «кедейден шыққан бай жаман» деген сөз бар. Кеңес кезінде лауазым алуға қолы жеткен мырқымбайлар мен шоқпыттар, соңғы онжылдықтарда олардың ұрпақтары осындай үлгілерді бастап, біртіндеп халыққа жұқтырып келеді. Қатардағы қазақ парақор да, суайт та, мақтаншақ та, даңғой да болған емес.

Жоғары лауазымды шенеуніктердің отбасылық шараларын – туған күн, шілдехана, баланы сүндетке отырғызу, үйлену тойларын жасағанда ең қымбат мейрамханаларда, шетелден әйгілі артистер шақырып, оларға миллиондап гонорар төлеп өткізіп жүргендері белгілі. Кейбіреулері мұндай шараларды шетелге барып та жасайды. Әйелі бала тапқанда тікұшақпен аспаннан ақша жаудырғандар туралы да хабар таралған болатын. Ал «сынықтан басқаның бәрі жұғады» демекші, ондайды іліп алып, бәсекеге айналдырып жүргендер – биліктен пана тапқан орта тап өкілдері.

Әдеуметтік психология теорияларына сүйене отырып талдағанда, бұқаралық санадағы кейбір айшықты сызықтар осылар. Келтірілген ғылыми қағидаларға сүйене отырып, менталитеттегі осы және бұлардан өзге қылаңдарды тереңірек зерттей отырып, сырларын ашып, бұқаралық сананы жөніне қарай сілтеуге болады.

* * *

Халықтың рухани өмірінде ұшырасатын кедергілердің түпкілікті себептерінің көбін ашып беретін ғылыми қызметтің екінші түрі –әлеуметтік лингвистика. Руханияттың жағдайы алдымен тілдің, сол тілде жасалған мәдениеттің, беріліп жатқан білімнің, таралып жатқан ақпараттың, тұтастай алғанда, сол тілдегі менталдық сөздік қорды пайдаланып жасалған контенттің сапасымен айқындалады.

Қазақстанда лингвистика ғылымы көшіп кеткен елдің жұртында шөгіп жатыр. Дүние жүзі дамудың индустриялы басқышына аттап кеткенде, қазақ лингвистикасы аграрлы қоғамдағы сипаттамаларымен қалып қойды. Қазақ руханиятының бар кеселі осыдан туындап отыр. Осы аядағы метаморфозаның ғажабы тіл біліміндегі лысенковщинадан және биліктің тіл мәселелерін толық шешуге құлық танытпауымен ағзалық байланыста өрбіп, сананың көлегейленуіне ұласып кетуінен көрініс беруде.

Мына бір мәселеге көңіл аударып көріңіз. Қазақ жазушылары қала адамы өмірінен алынған, заманауи нағыздықтың, соның ішінде өнеркәсіптің, саясаттың, құқықтың өзекті мәселелерін көтеретін, қазақ еместерге ұялмай оқуға ұсынуға болатын, жаһандық деңгейдегі бәсекеге шыға алатын көркем шығарма жаза алмады. Әлеуметтік лингвистика тұрғысынан қарағанда мұның себебі аяқ астында жатыр. Автохтонды ұлт зиялыларының  менталдық лексикасы ауыл тіршілігін, мал шаруашылығына қатысты оқиғаларды, отбасындағы туыстық, тұрмыстық қатынастарды ауыл адамының түсінігіне лайықтап, біршама сипаттап бере алғанымен, индустриялы қоғамдағы өмір шынайылығын ойдағыдай жеткізіп бере алмайды. Соның салдарынан, қазақтың ойы мен әрекеті де дастархан басында құдалармен қауышудан аса алмай қалған.

Әлеуметтік лингвистика тұрғысынан қарағанда отандық тілтану ғылымында парадигмалық теріс бағыттарды аңғару қиынға соқпайды. Қазақ лингвистері әдеби лексика мен бейәдеби лексика, ресми стиль мен жалпақ тіл стилінің арасындағы айырманы көре алмады, тілді стандарттау, нормалау дегендердің байыбына бара алмады. Қазақтың тілі, ойы және әрекеті арасындағы детерминдік байланыстар да олардың когнитивтік картасындағы «ақтаңдақ» болып шықты. «Су айырығынан» жіберілген, стратегиялық сипат алған қателіктерді түзеп алмай, қазақ тілінің оңалмайтынын отандық тілтанушылар түсінетін түрі жоқ

Бұлар туралы да «Философия языка» кітабында жанжақты талдау берілгендіктен, бұл жерде әлеуметтік лингвистиканың руханияттағы қалтарыстар мен бұлтарыстардың сырларын ашудағы рөліне қатысты ойларымды осымен доғара тұрамын.

* * *

Қазақ руханиятының осалдығының басты себебі зиялы қауымының бар ғылымның түп қазығы, әдіснамалық негізі – философияға дендеп бара алмауынан туындап отыр. «Мен лингвиспін, маған философияның қажеті қанша» деп шатасады олар. Соңғы кездері кейбіреулер ЖОО-ларда философияны оқытудың керегі жоқ дегенді шығарып жүр. Уильям Шекспир айтқандай, бізде «философия тасын ұстайтындар жетіспейді». Рухани аядағы барлық кемшіліктердің түпкілікті себебі осыдан – философиялық талдаудың кемшіндігінен. Сондықтан қазақтың қылып жүргенінің бәрі қате.

Философия – таудан биік, мұхитттан терең ілім. Философияның қағидаларын айтып таусу мүмкін емес. Оны біреуге үйрету де қиынның қиыны. Философияны түсіну үшін философ болып жаратылу керек. Даналық әрі қарапайым, әрі әрненің бетінде қалқып жүреді. Қатардағы көпшілік оны аңғармайды. Оны жүрекпен сезіне, ақылмен саралай білу керек. (Сананы ретке келтіретін, қазақ руханиятына қатысты тұжырымдардың үлкен палитрасы да «Философия языка» атты кітапта келтірілген).

* * *

Қазақтың санасын өзгертуге септігін тигізе алатын ғылымның келесі түрі – тарих. «Тарихын білген адам отаншыл болады» деген түсінік бар. Мен бұл байламға қарсы емеспін. Солай болса да, тарихшылар мен оны мектепте оқытумен айналысушылардың көңілін мынаған аударғым келеді. Англияның тарихын білген ағылшынның отаншыл болып шығуы нағыздыққа сәйкес келеді. Өйткені, ағылшын тарихы тек прогреске ұмтылыстар мен жарқын жеңістерден тұрады. Ағылшындарда әлеуметтік өрлеу, озық мәдениет, ғылым мен техникадағы жетістіктер,.. бәрі бар, мың жыл бойы үзіліссіз өрлеу бар. Бір ғана тілімен дүниені жаулап алып отыр. Осылардың бәрі қатардағы ағылшынды мақтанышқа бөлейді, көкірегін көтеріңкі күйге толтырады.

Ал отарға түскен халықтың тарихына қатысты мұндайды айта алмайсың. Қазақ тарихының оқулықтары негативке толы. Авторлардың жазатыны: әлеуметтік салада – қайыршылық пен аштық; соғыста – жеңіліс; мәдениетте – артта қалу; саясатта – бағыныштылық; құқықта– қорғансыздық,.. Былайша айтқанда, тарих оқулықтары жылау, күңірену, қашу, қырылу,.. сияқты баланың жігерін құм қылатын сипаттаулардан тұрады. Мұнысымен қоймай, негативті тарих орта және ЖОО-ларда төрт рет қайталанып оқытылады. Осындай тарихты оқып жүрген баланың «қазақ болғым келмейді» деп жылағанына да куә болғанымыз бар.

Әрине, қазақ тарихы ыңғай сұрғылт оқиғалардан тұрмайды. Позитивті сәттер де баршылық. Ал жалпы тарихты зерттеу мен оқытуға қатысты мынаны ескеру керек. Мектепте баланың сағын сындырмайтын, позитивті оқиғалар іріктеліп оқытылуы керек. Ал академиялық тарих идеологияландырудан азат болуы керек. Ұстанымсыз зерттеушілер биліктің емеурініне икемделіп, соларға ұнайтын «тарих» жазып беріп жүр.

Идеологияландырылған тарих – ол іс жүзінде көсемнің өмірбаяны және оны әсіре әспеттеулерден тұратын мәтіндердің жиынтығы болып шығады. Әрине, онда іс жүзінде орын алған тарихи оқиғалар да қамтылады. Бірақ, олардың көбіне кезінде көсемнің өзі кедергі болғандығы, халықтың қолымен, даму инерциясымен, ағыспен жүзеге асырылып келген шаралар екендігі ескерілмейді. Ондай тарихтың басты субъектісі халық емес, көсем болып шығады. Идеологияландырылған тарих – ол жалған тарих.

XX ғасырдың екінші жартысынан бастап дүние жүзінің алдыңғы қатарлы ғалымдары менталды тарих жазу мәселесін көп көңіл аударып жүр. Оның ерекшелігі кез келген тарихи оқиға оған қатысушы халық бұқарасының менталитеті астарында сипатталады. Менталдық тарихтың бірден бір субъектісі – халық бұқарасы. Менталдық тарихта тарихи қақтығыстардағы жеңістің де, жеңілістің де, қоғамның жетістікке жете алуы да, жетпесе – жете алмауының да себептері сол тарихи кезеңдегі бұқараның дүниетанымымен, жан әлемімен – менталитетімен түсіндіріледі. Менталдық тарих арқылы бұқаралық сананы әлеуметтік апатия құбылысының меңдеуі себептерінің де нақты көрінісін көз алдыға келтіруге болады.

Тарихтың ресми басылымдарында «отарға түстік», «жерімізді тартып алды», «тонады», «қуды», «аштықтан қырылдық», «шетке қаштық» деген түсіндірулер тұнып тұр. Бұл – қате әдістеме. Осындайдан кейін, бұқара тағы қырылуға дайындық психологиясына бейіндік таныта бастайды. Негативті қайталап айта беру бұқаралық сананы келесі негативке дайындау болып шығады. «Отарға түстіктен» «енді кімнің отары боламыз» деген «идея» туындайды. Осы «идеяның» елесі әлі қазақтың санасынан шықпай жүр. «Етіміз үйренген орыстың отары болғанымыз жақсы» деген «ұсынысты» да естіп жүрміз.

Негативті зарлап айта беру қолдарынан түк келмейтін, өзін азамат, ұлт адамы ретінде сезінбейтіндерге – құлдарға тән. Негатив – рухты сөндіруші фактор. Ұлтқа сәйкестігі бар, жігері бар халық «жеңілдік», «отарға түстік» деген сөздерді айтуға арлануы, намыстануы керек.

Қазіргі таңда ашаршылық және саяси репрессиялар жылдарындағыдай, отаннан қашу идеясы тағы белең алып отыр. Жылына ондаған мың адам шет елдерге қашып та жатыр. Жүздеген мың адамның кәлласына «мүмкіндік болса – қашу» идеясы ұялаған. Қашудың бұрынғысы мен қазіргісінің айырмасы мынада: өткен ғасырда шекаралар ашық болатын. Сондықтан жаппай қашу орын алды. Қазір білімділер, қаражаттық мүмкіндігі барлар қашады. Бұл – қоғамның келешегі үшін қауіпті үрдіс.

Менталдық тарихта басты назар жеңілу айғағынан гөрі, жеңілудің себебіне көбірек аударылады. «Неге жеңілдік» деген сұраққа жауап ізделеді. Жеңілістің себептері түсіндіріледі. Келесі ұрыста жеңілмеу үшін қандай шара керектігі тарихи мәселе ретінде алға тартылады. Менталдық тарих қазақтың санасында «арыстандай айқастық», «жолбарыстай шайқастық», «тістестік», «шекістік», «кетістік», «бірақ, төтеп бердік», «беріспедік»,.. идеяларын сіңіруге тиіс. Тарихи еңбектерде трагедияның өзі оптимистік сарында баяндалуы қажет. Қырылудың өзі рухты көтеруге қызмет етуі, салтанатқа ұласуы керек. Қырылыстан тірі қалғандар бұл жолы кеткен қателіктің келесі жолы қайталанбайтынына сеніммен, көтеріңкі рухпен шығуы керек.

Қазаққа өткеннен сабақ беретіндей, өкінішті оқиғаларды қайталамауға үйрететіндей, алдағы уақыттарда тек жеңіске жетелейтіндей тарих керек. Кеңестің құрамында болған кезде қазаққа кім мейілінше аяусыз қастандық жасаса – сол ең жоғары лауазымдарды иеленетін. Ұлтқа қатыстының бәріне қаскөйлік жасау – билікке ие болудың төте жолына айналған болатын. Бұл орыс шовинистерінің ұлттарды қосу саясатынан туындап жатты. Енді мына масқараға көңіл аударыңыз: осындай құбылыстар қазір де орын алып отыр. Орыс шовинистері қазақтың елін де, жерін де қосып алу үшін сатқындар мен сұмпайыларды әдейі көтерді. Ал тәуелсіздік жағдайында антигеройлардың биліктің жоғарғы басқыштарына тез көтерілуін қалай түсінуге болады? Қазақтың басына төнген көп қырсықтың бірі осы арада көміліп жатыр. Мұның да сыры менталдық тарих арқылы ашылады. Менталдық тарих кезінде билікке келіп алып, халықты қан қақсатқандардың үрім-бұтағына сайран салдырып қоюдың алдына тосқауыл қояды.

* * *

Ж. Бабалықұлының сұрағына берер жауабымның ұзын ырғасы осылай. Бұқаралық апатияның себептеріне қатысты бұл топшылаулар әлі толықтыруды қажет етеді. Бұған қоса, төмендегі екі нәрсеге оқырманның көңілін бөле кеткенді жөн санадым. Біріншіден, аталғандардан өзге ғылымдардың керегі жоқ деген ұғым тумаса керек. Бұл жерде мен қазақтың рухани аспаны астындағы сөз болып жүрген кейбір құбылыстарға қатысы бар ғылыми шараларды сөз еттім. Екіншіден, ой ағысы ыңғайымен бұл жерде әлеуметтік психология алдымен аталып отыр. Негізінде, барлық қоғамдық ғылымдардың философиядан бастау алатыны баршаға аян.

Өкінішке орай, қазақтар арасында ғылыми-шығармашылық қызметтің аталған түрлерімен айналысып жүргендер көп деп айта алмаймын. Сандық өлшеммен алғанда әлеуметтік философия мамандығын иеленгендер баршылық. Бірақ, олардың арасынан қазақ халқының қазіргі өмірлік қызметінен алып, ұлттың бір мәселесін шешуге бағытталған зерттеу жүргізіп, татымды ұсыныс айтып жүргендер шамалы. ­Өз басым әлеуметтік психология, психологиялық лингвистика, менталдық тарих мамандарының дауыстарын естіп жүрген жоқпын.

Жалпы қазіргі қазақты орта ғасырлық түнекке қарай итере салуға да немесе дамыған қоғамдар бастан кешіріп отырған постиндустриализмнің миуалы жонына қарай                бағыттап жіберуге де болады. Оның себебі қазақтың аграрлы қоғам мен индустриялы қоғамның арасындағы диффузиялық белдеуде тұрғанымен айқындалады. Диффузиялық белдеуде тұрған индивид бейімделгіш болады. Өйткені, ол мезеттік тиімді жаққа ауыса салуға ыңғайлы жерде тұр. Қазақ демократ та, либерал да, бола алады. Қазақ ашық қоғамды қолдап шыға да алады. Қазақ таяуда ғана, қайта құру кезінен нөлінші жылдардың ортасына дейінгі кезеңде демократиялық даму жолын толық қуаттап, бұл бағытта құлшына әрекетке кірісуге дайын болатын. Ал билік авторитаризмге қарай бұра тратып еді, қазақ айтарлықтай қарсылықсыз оның соңынан еріп кете барды.

Үдерістің себебі айқын болғанда, оның даму бағытын өзгерту мүмкіндігін де көз алдыға келтіру оңайлай түседі. Бір ескеретін жай – әлеуметтік-рухани салаларда кері қайту нүктесіне таяп келіп тұрған, кейде одан асып кеткен тұстар да бар. Бұл – жалпы жағдайдың апаттық сызықтың екі жағына шоғырланып тұрғанын көрсетеді. Мәселе қазақтың өз тағдырын өзі қолына ұстауға ұмтылуында немесе ұмтылмауында. Оны қазақтың өзі ғана шеше алады. Ұлт зиялыларының міндеті бұқараға ғылыми жолын көрсетіп, дұрыс бағыттап жіберуде ғана.

Осы жазбаларымда мен қазақ қоғамы келіп тіреліп тұрған рухани дағдарыстарға сипаттама беруге, олардың орын алу себептерін ашуға тырыстым. Ендігі сұрақ чернышевскийше, не істеу керек дегенге тіреліп тұр. Бұл сұраққа беретін жауабымның нұсқасын келесі жолға қалдырып отырмын. Мен қазақтың басын қатырған барлық сұрақтың жауабы табылатынына, біз жұмыла кірісіп жарқын келешекті өз қолымызбен жасайтынымызға, және бұл мақсатқа таяудағы онжылдықта жете алатынымызға сенімдімін.