7.5 Қазақ авторитаризмінің және сателлизмінің авторы
«Бұқаралық ақпарат құралдары – төртінші билік» деген кең таралған түсінік бар. Ол баспасөздің халықтың санасына ықпал ету мүмкіндігін айғақтайды. Шынтуайттап келгенде, баспасөз – төртінші билік емес, бірінші биліктің өзі. Өйткені, бұқаралық сананы баспасөз қалай бағыттаса – солай қалыптасады, баспасөз қалай тәрбиелесе – халық солай өседі. Халықтың рухани құлдырауы немесе ұлттық өздік сананың өсуі – бәрі баспасөз контентіне, оның ұстанған саяси-философиялық бағытына тәуелді. Ақпараттық соғыс жағдайында бұған көз жеткізу қиын емес.
Өркениеттің қазіргі дамуы аяқалысы жағдайында қандай істің болса да, байыбын тауып, жеріне жеткізе шешуге мүмкіндік бар. Халықаралық құқықтық реттілік халықтардың өз даму бағытын өзі айқындау құқығын мойындап отырғанда, қазақ та өз тағдырын өз қолына ала алады. Алайда, бар мүмкіндікті пайдалана алмай отырған қазақтардың өздері. Зиялы қауым жаппай жемқорлыққа бой алдырған биліктің қолындағы құралына айналып алып, қазақ арбасының дөңгелегіне көлденең таяқты өзі қыстырып отыр. Өзінің ұлттық мүдделеріне қарсы әрекет етіп отырғанын аңғармайды, аңғарса да, күйкі күнелту шырмауынан шыға алмайды. Солардың арасында журналистердің «үлесі» де аз емес.
Халық арасында қазақ саяси сауатсыз, демократиялық мәдениеттен аулақ, өз құқықтарын білмейтін, әлеуметтік белсенділігі төмен деген пікір таралған. Бұл – қауесет емес, рас. Және қазақты сол межеде қалдырып отырған сырттан келген күш жоқ. Оны жасап отырған, қазіргі Қазақстан халқының санасын қалыптастырушы факторлардың бірі – қазақ баспасөзі («ауылға қайт», «саясатқа араласпа», «Батысқа елеңдеме»,..). Баспасөз елде идеологиялық үстемдігін орнатып, ағартушы, тәрбиелеуші функцияларын атқарып отыр. Демек, қазақ авторитаризмінің авторы – қазақ баспасөзі.
Әрине, қазақтілді журналистердің дені мұндаймен келіспейді. Олардың ниеттерінің түзу екені белгілі, алайда ниеттің түзулігі әрекеттің дұрыстығын қамтамасыз ете алмай жатқаны туралы ойламайды. Олар өздерінше контентті дұрыс құрып, саяси-ғылыми дәйекті ақпараттар беріп жатырмыз деп санайды. Саналы түрде бәрін жақсартқылары келеді. Халық, Отан, болашақ ұғымдары олар үшін де киелі. Қазақтың әлеуметтік мешеулігіне аяқ аттаған сайын ұшырасып отырғанына олардың да қандары қайнайды. Бірақ, әрекеттерімен халқын сол мешеуліктің батпағына өздері батырып отырғанын, халқының көсегесін көгертем деп жүріп, оны керісінше, көтінен кейін кетіріп жүргендерін аңғармайды. Ізгі ниеттері келелі нәтижелерге ұласпайды, менталды деңгейде бәрін кері істейді. Соның салдарынан ұлттық мүдделерге қатысты мәселелер шешімін таппай жатуы, олар үшін бәріне өзгелер (орыстілділер) қастандық жасап, алға жылжытпай отырғандай болып көрінеді.
Бірақ қазақ журналистерінің өздері бұқараны татымды, сапалы қазақша контентпен сусындатуға шамасы келмей жүруінің себебін өзінен іздемейді. Неге біздің жазғандарымыз өзгелерге жақпайды деген сұрақты өздеріне қоймайды. Бар кеселдің себебін өзінен емес, өзгеден іздейді. Дүниежүзілік өркениет тұтасымен анталап қазаққа қарсы болып, оның жерін талап, елін жойып жіберу үшін ғана өмір сүріп жатыр деп бұқараны иландырмақ болады. Осы түсініктің жетегімен әрекет етеді. Дүниені өздерінің санадағы таптаурындарына сыйғызып, ауылдық «прокруст» өлшеміне лайықтап алғысы келеді: «мал баққан елміз, тек жатқан елміз»; «біз сияқты, өзгелер неге жайлауда бағланның етін жеп, қымыз ішіп жата бермейді?»
Қазақ басылымдарының редакторларының әр қайсысы өзінше бір болыс. Бәрін өзі ғана біліп тұрғандай, өзінше түсіндіруге тыраштанады. «Менің миыма қонбағанның бәрі қате» ұстанымымен әрекет етеді. Айтар ойы сүріленіп, бәрін қате талдап жүрсе де, сөздің жөнін айтатын, істің түзігін істей алатын тек өзі сияқты сезінеді. Соңғы ақиқатты айтуға құдайдан мандат алып келгендей жол нұсқайды. Бір қателікті үнемі қайталайды. Прогреске жоламауды, қалаға бармауды, өркениетке қосылмауды діттеп, сонан кейін, «қазақ неге оянбайды» деп, митингілерде жалынды сөз сөйлеуге шығады.
* * *
Азаматтық қоғамға бейімделе алмаудың салдарынан өзінен өзі өркениетке оппозиция қосынына қосылып алған қазақ оқығандары енді индустриялы қоғамға қарсы контркультура мен субкультура жасап алып, бәрімен жанкешті күрес жүргізу қажет деген далбасамен күнелтуде. Мегаполистегі өмірге бейімделе алмай, отырғаны опақ, тұрғаны сопақ болып, істегенінің бәрі игілікті бола алмай, әурешілікпен бас қатырып жүр. Әлеуметтік артта қалудың іздері сөйлеген сөздері мен қылған қылықтарында сайрап жатыр.
Қазақтілді басылымдардың аянышты күй кешуінің, журналистердің кәсіпқойлығының кемшіндігінің, компетенттігінің төмендігінің түпкілікті себебін тағы сол өркениеттің омырылу сызығының ауыл жағында көйкөйлеп жүрген халықтың күйінен іздеу керек. Өзін зиялымын деп санайтын әркім – ғалым, жазушы, журналист, мұғалім – қазақтың өркениет көшінің соңында, шаң жұтып қалып қойғанын мойындайды. Солай болса да, әрқайсысы кері кетуге өз үлестерін қосудан ада қалған емес. Бәрі қаланың зәулім ғимараттарының дәліздеріне ауылдан алып келген бір қап көңін арқалап, өзгелерді қазақша атаулыдан үркітіп жүр.
* * *
Ақпаратты қоғам жағдайында бір елдің БАҚ-ы екінші елдің азаматтарын революцияға көтере алуы мүмкін. Дегенмен, авторитарлы Ресей билігі бұл құралдың мүмкіндігін ақылмен, өзгеден бұрын, Қазақстанды өзінің ықпал орбитасынан шығармау үшін пайдаланады. Әзірше, Ресей билігі өздерінің Бұқаралық ақпарат құралдарының Қазақстанда ақпарат тарату статус-кво жағдайын сақтауға тырысады. Ал Қазақстан билігі бұл бағыттағы шараларға өздері көмектесіп отыр. Мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан, сөз еркіндігіне жол бермеудің жүйелі шаралары қазақша басылымдарда кілтік проблемаларды толық және объективті ашуға мүмкіндік бермейді. Қазақ тілінде толыққанды қоғамдық-саяси басылымдар жоқ, телеарналарда да ойдағыдай контент жоқ. Олардағы көтерілетін тақырыптар саусақтан сорып алғандай, сауатсыз қазақ шаруасына ғана арналған бірдеңелер. Осындай жағдайда Ресей БАҚ-лары ақпаратқа сусап отырғандарға шалабын ұсына қояды. Осылай Қазақстан Мәскеудің ақпараттық-идеологиялық шатырының астынан шыға алмай келеді.
Қазақстан Батысқа бұрылып кетпеуі үшін, Ресей Қазақстандағы барлық біліми-идеологиялық үдерістерді басқаруды өз қолына алып отыр. Бұл бағыттарды іске асыруға Қазақстанда арнайы құрылған және әрекет ететін «Қазақстандағы Ресей редакторларының клубы», өзге ұйымдар, жеке басылымдар, нақты адамдар жұмылдырылуда. Ресей қазақстандықтардың рухани өміріне либерализм идеялары кіріп кетпеуін, бұл елге нағыз демократия орнығып алмауын қатты қадағалайды.
Ресей билігі демократия көбейген сайын Қазақстанның Батысқа бұрылып кету мүмкінді артады деп болжайды және дұрыс болжайды. Әрине, өркениетті қоғамдармен ат құйрығын кесісіп, саяқ кеткен Ресей соңғы одақтастарының бірі Қазақстанды жанынан алыстатып алып, дүниежүзілік геосаяси мұхитта адасып қалған жалғыз кеме күйін кешкісі келмейді. Сондықтан орыс идеологтары Қазақстандағы БАҚ-ны ғана емес, рухани аялардың бәріне бақылау жасауға барын салады. Орыс тілінің Қазақстандағы гегемондығын, мәдени құндылықтарының жоғарылығын, мұндағы ақпарат кеңістігіндегі БАҚ-лары контентінің салыстырмалы сапалылығын пайдаланып, әрекет етіп отырған Ресейдің бұл межелерінің жүзеге асырылу жағдайы жаман емес.
Ресей БАҚ-лары материалдары қазақстандықтар үшін отандық БАҚ-лардікінен қызықты және сұранысты. Ресей телеарналарымен мәңгіреген қазақтар Қазақстанның ақпарат аясында ресей баспасөзінің жұмысын бағыттап, оларға демеу болып отырады. Отандық телевидениенің мүшкіл халын көріп отырып, қазақстандықтар Ресей арналарын қосуға мәжбүр. Осылай қазақстандықтар еріксізден орыс билігі жүргізіп отырған идеологияның санасына сіңіруге еріксіз итермеленген.