5.8 Өнердің дәстүрлі түрлері

Бұл жерде өнердің дәстүрлі түрлері туралы сөз олардың қазақ тілінің таралып, қолданылуына қатысы болуынан туындап отыр.

Халық көркем өнерде ғасырлар стихиясымен біте қайнасқан, өз заманы адамдарының көкейіне қонымды, төлтума формаларды дүниеге әкелді. Қазақтарда олар айтыс, терме, жыр пішіндерінде ұшырасатын бірегей фольклорлық жанрлар ретінде алға тартылған. Қаймағы бұзылмаған, табиғи қалпында олардың өзін қазақпын деп санайтын әр зиялының ұмтылар аңсауына айналып, ғасырлар бойы жанға серік болып, тәнге рух беріп келгені рас. Алайда, рухы жағынан өнердің бұл жанрлары даму қарқыны баяу, мал шаруашылығымен айналысатын қоғамда өмір сүріп, уақытпен регламенттелмейтін жұмыстар атқаратын, даламен етене, асықпайтын, жайбасар халықтың психологиясына сай келетін еді. Сонысымен, дәстүрлі өнер аграрлы қоғаммен біте қайнасқан, онымен уақыт шеңберінде бірге өмір сүріп, бірге тарих сахнасынан көрініс берген болатын.

Өткен ғасырдың 70-80 жылдарынан бастап өнердің бір кезде ұмытыла бастаған көне жанрларын «сақтау» және «жаңғырту» бағытындағы шаралар жүргізіле бастады. Сол жылдары бұл бағытты жақтаушылар ауылдардан көптеген «орындаушылар» тауып, телеэфирлік уақытты айтыспен, жырмен, термемен толтырды. Баспасөз «ұлттық өнердің қайта жанданғанын» күн құрғатпай сарнап жатты.

Сырттай қарағанда бәрі дұрыс сияқты болып көрінді. «Ұлттық өнерімізді жаңғыртайық, дамытайық» деген ниеттің ізгіліктілігіне шүбә келтіруге болмайтын еді. Көпшілік оған кәміл сенді. Бірақ бұл сыртқы көрініс қана еді. Ал құбылыстың ішіне үңіліп көрген адам шешуі қиын түйіндерге ұшырасар еді.

Ақыры конститутивтік-семантикалық қайшылықтарынан арыла алмаған дәстүрлі жанрлар жаңа дәуірмен біте қайнасып кете алмады, заманауи жастардың сүйікті өнеріне айнала алмады. Өйтуі мүмкін емес те еді. Өйткені, дәстүрлі өнерде мазмұндық-формалық жетілу болмады (олай болғанда олар өнердің дәстүрлі түрлері деген қасиетінен айырылып қалар еді). Олардың мәтінді беру стилі де қазіргі заманның рационал адамы қабылдай алмайтын нюанстарға толы болды. Қарсыластардың біріне бірінің өрепкіген ұмтылысы, түйтіксіз еліруі мен лепіруі психологиялық-этикалық тұрғыдан заманауи мәдениетті тұтынатын тұлғаның талғамымен үйлеспеді.

Дәстүрлі өнерді жақтаушылар алға шығарып отырған қазақ абсурды алдымен контенттен көрініс берді. Көпшілікке ұсынылып жүрген жанрлар мүлдем пішінін өзгерткен, контентінің мазмұны таяз, көркемдік қауқары шамалы болды. Үнемі қайталанатын, мағынасыз, сылдыраған, шұбыртпа ұйқастардан тұратын семантикалық қойыртпақ тыңдаушыны мезі қылды.

Айтыскерлер өздерінің таптаурын сарынына түсіп:

Алыстан ат терлетіп келіп тұрмын,

Астанаға сәлемімді беріп тұрмын, – деген секілді рационал тыңдаушының құлағын тесетін екіленуіне баса береді. Шаруашылықтағы кемшіліктерді сынаған болды, әрненің басын бір шалып, әлі жеткенінше тілін безеп бақты. Осылай өнердің бұл түрлері өзінің XІX ғасырға дейінгі формаларының каррикатурасына айналды.

ЖОО-лар бұл сала үшін кәсіпқой мамандар дайындамады. Дәстүрлі өнерді орындаушылар ауыл клубына қатысушылар арасынан шыққандар болды. Олар әр ауылдан ұстап әкелінген, өздерінің сыртқы ұсқынымен бала шошытатындай, жүзіне, гримасасына бақылау жасай алмайтын, беттері жуылмаған адамдар болатын. Қарадүрсін құрастырушылардың отырысы мен тұрысында, қозғалысында да көрерменді, әсіресе, жастарды өзінен үркітетін, олардың жеріну сезімін көрсететін, мысқыл күлкісін тудыратын элементтер көп болды. Дәстүрлі өнер мен заманауи жастар арасында терең тұңғиық жатты. Қазақ теледидары журналистері арасында осы аражіктің бар екенін сезетін ешкім болмады.

Ш. Айтматовтың «Қызыл алма» шығармасының желісімен түсірілген фильмде бас қаһарман Исабековтің кішкентай қызы Анар, авторлық ремарка бойынша, Робертино Лореттидің Ave Maria-сын сүйіп тыңдайды. Фильдегі бір эпизодта ол телевизордан жыр айтып отырған манасшыны көріп, «мен мына кісіден қорқамын» деп, әкесіне жылап келеді. Бұл көрініс «заманауи ұрпақ өкіліне өзінің ата-бабаларының өнері неге жат?» деген сұрақтың жауабын іздеуге жетелейді. Сырттай қарағанда нағыз нонсенс сияқты көрінетін бұл құбылыстың түсіндіруі жоқ емес еді.

Өркениеттердің омырылуы салдарынан халықтар мен мәдениеттер тарих сатысының түрлі баспалдақтарына бөлініп түскенде төменгі баспалдақта қалған орындаушы – «өткеннің адамдары» [60: 50] мен омырылу сызығының жоғарғы баспалдағына шығып кеткен тыңдаушы – «қазіргі күннің адамдары» [сонда] арасындағы қайшылықтан ада болу мүмкін емес еді. Дамудың аграрлы баспалдағында қалып қойған қазақ айтыскерлері мен термешілерін қолына домбыра ұстатып, сахнаға жібергенде көрерменмен арада аттракция жасалмады, керісінше, анайы сампылдауымен жастар мен ұлттық өнер арасында тұңғиық орнатты. Мұның арты жастардың ұлттық мәдениетке деген ілтифатына нұқсан келтірді. Алдымен, дәстүрлі өнердің өзінің беделі түсті.

Осылай, айтыс, терме жыр қазіргі заман адамын өзіне тартатын, жастардың ұлттық сезімін жанитын құралға айналмады. Көркем мәдениеттің бір құрауышы ретінде қазақ жастарын қазақшаның айналасына топтастыруға септігін тигізбеді. Олардың қазақ өнеріне ілтифатты сезімін оята алмады. Оятқаны былай тұрсын, оларды өзінен, сонысымен өзі ассоциациялайтын қазақ өнерінен, қазақша атаулыдан жерітуші факторға айналды. Өйткені, жастарға формасы қораш, мазмұны ескірген, күні өтіп кеткен тамтықты түрінен ат үркетін орындаушының қолымен тықпалай беруге болмайтын еді.

Осыны сезгендіктен, дәстүрлі өнерді қызылкеңірдек болып жақтап, өршелене нәсихаттап жүргендердің өздері екіжақты тұрғы ұстанды. Бір жағынан, олар көпшілік алдына шығып алып, дәстүрлі өнерді әспеттеп, ұлттық патриоттығын «дәлелдеді»: «көрдіңдер ме. Мен ұлтымды қалай сүйемін. Оның дәстүрлі өнерін сақтау үшін барымды салып жүрмін». Бұл жерде нәсихаттаушылар бұқараның дәстүрлі өнерді жарататын, оны шынайы қалайтын бөлігінің сезімдерін қамшылай отырып, өздерін ұлт патриоты ретінде жағымды көрсету ындынының соңынан еріп отырды. Түптеп келгенде, олар дәстүрлі өнермен айналысуды жұмыссыздық жағдайында материалдық түсім көзі ретінде пайдаланып қалуды қағыс жібермеді. Екінші жағынан олар жасап жүрген тірлігінің мағынасыз тырбаң екенін, онысы өзі өлгенде бірге өлетінін де мойындаған күйкі тіршілігін жалғастырып жатты. Дәстүрлі өнердің маңына жоламай жүрген жастарды көре тұра, өз балалары мен немерелеріне тұтындыра да, орындаттыра да алмайтынын біле тұра, екіжүзділікпен халық алдында оны «нәсихаттаудан» жалықпады. Өздерін ұлттық мүдделер үшін тер төгіп жүрген қайраткер ретінде көрсетіп, абыройға бөленгісі келгендіктен солай істеуін жалғастыра берді. Ал үйінде өз балаларымен, немерелерімен тұрмыстық аяда орысша сөйлесті, оларға ағылшынша үйреніп алып, шетелге тұрақты тұруға кетуге кеңес берді.

Осылай қазақ жастары өнердің дәстүрлі түрлерін терең түсінетін, олардан ләззат алатын, сезімге бөленетін, шабыт табатын күйге жете алмады. Құдіретімен заманауи адамды өзіне тарта алмаған, оның рухани әлемін баурап алмаған, индивидтің жан дүниесінің нәзік қылдарын дірілдете алмаған дәстүрлі өнердің ұлттың рухани аспанындағы орны айқындалмады. Ауыл өзөнерпаздарының қолында болған өнердің бұл түрлері отаншылдыққа баулитын, тәрбиелеуші функциясын атқара алмады. Атқаруы мүмкін де емес еді. Өйткені, өркениетке төтеден қосылған уағызшылдардың оған интеллектуалдық-эстетикалық қауқары жетпеді.

Қазір дәстүрлі өнер тағы да дилемманың алдында тұр. Бірінші жол – термені, жырды, айтысты «сақтап қалу» жолы. Бұл бағыттағылар – өнердің дәстүрлі түрлерінің жақтаушылары, орындаушылары мен тыңдаушылары. Олар «ауыл аман болса – дәстүрлі өнер өлмейді, бұдан кейін де бола береді» деп есептейді. Бірақ мына сұрақтардың жауабын табу керек деп ойламайды: ауыл қашанға дейін аман бола алады? Дәстүрлі өнерді «сақтауда» мағына бар ма?.

Кез келген нәрсені сақтау үшін оны дамыту керек. Нені болса да, үнемі жетілдірмей, сол қалпында сақтау деген болмайды. Дәстүрлі өнер де солай, дамытқанда ғана сақталады. Дамытқанда, заманауи қала жастарының, соның ішінде қазақ еместердің де, жүрегіне жол табатындай дамыту керек. Бұл шарттылықтың қазақ тіліне қатысты алғандағы мәні мынада: дәстүрлі өнер бұқараның алдында сол өнердің өзі арқылы ассоциацияланатын қазақ тілінің индустриялы қоғамдағы қызметімен біте қайнасып жатсын. Олай болса, өнердің бұл формаларын дамыту ауыл өзөнерпаздарының күшімен емес, заманауи университеттерден арнайы білім алып шыққан, кәсіпқой мамандардың күшімен жүзеге асырылуы керек.

Бұл тұрғыда ескере кететін бір нәрсе – дәстүрлі жанрлардың ішінде келешекке бара алады-ау деуге болатыны – терме. Ол үшін термені қазіргі өмірдегі өзекті мәселелерді қозғайтын жаңа мазмұнға қосу керек. Сонда терме, Батыстың бард жанры сияқты, заманауи адамның жан дүниесін қозғай алатын, ықпалды факторға айналуы мүмкін.

Ғылыми-бағдарламалық жолға түсірілмеген өзөнерпаздықтың, әдетте, пайдасынан зияны көп болады. Дәстүрлі өнердің жақтаушылары мен орындаушыларына айтылар уәж мынау: егер дәстүрлі өнер университеттерде арнайы дайындалған мамандардың күшімен дамытылмаса, онда, өз заманының белбаласы Ақтамбердінің, Бұқардың, Мұрынның, Құлмамбеттің, Жамбылдың етегіне жармасып, соңынан шаң қаба сүйретілуді қою керек. Олардың тұнығы лайланбаған, қол жетпейтін, асқақ өнерін «жалғастырып жатырмын» деген жалғаннан бас тарту керек. Ауылдан келген тымақтылардың кеукеуімен келешек ұрпақтың басын қатырмау керек. Дәстүрлі өнерді дискредитациялауды, оны ұрпақты қазақ тілінен, қазақша атаулыдан үркітуші факторға айналдыруды кескін тоқтату керек.

Егер өз балаларың мен немерелеріңді өнердің осы түрлеріне ынтықтыра алмасаң, өнердің осы түрлерімен ұрпағыңның интеллектуалдық және мәдени деңгейін көтере алмасаң – онда халық өнерінің «саф алтынының» табиғи қалпындағы қадірін кетірме, халықтың есінде сақталған, төл өнеріне деген ілтифатты қатынасын лайлама. Дәстүрлі өнерді нәсихаттаудың  шымылдығының ар жағына тығылып алып, мал табуды доғар. Ұлттық өнердің дәстүрлі түрлерін ұлттық және дәстүрлі болғаны үшін ғана «сақтаудан» ешқандай келелі нәтиже шықпайды.

Осы тұрғыны ұстанушылар да аз болмаса керек. Бұған Ж.Ермановтың қынжылысы дәлел боларлықтай. Ол былай дейді: «Бір көрінбейтін құдіретті қолдар халықтың аңсаулы өнеріне тоқтау сала береді. Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған халықаралық айтыс теледидардан берілмеді. Барлық арналарда айтыстан аяқ тарту, бойын аулақ салу бар, үрей бар. Айтысқа қолдаушы таба алмай пұшайман болып отырмыз» [95]. Айтысты теледидардан көрсетуден бас тартқан қорқақтар – бұлар дәстүрлі өнердің перспективасына сенбейтіндер. Алайда ішіндегісін ашық айта алмайды, айтысты қорғайтындардың аранына ұшырап қалам ба деп қорқады. Сол себептен үндемей қарсыласу тұрғысын таңдап алған.