5.7 Әдебиеттегі үрдістердің музыкадан баян табуы немесе менталдық лексиконның туындысы

Музыка өнерiмен айналысушылар да өздерiнiң әлеуметтiк жайғасуына сәйкес, өркениеттен жырақ қалды, ауыл адамдарына арналған тұрмыстық жайларды сипаттаумен болды. Қазақ әндерiндегi мәдени лаг таптаурындардың жосықсыздығы мен жалпылығынан, айтылар ой немесе алға тартылар идея жұтаңдығынан көрініс берді, көркемдiк әдiс ретiнде де мызғымастығын көрсеттi. Интеллект қораштығынан, шығармашылық ауқымның тарлығынан қазақ ақындары мен сазгерлері өзекті бола алмайтын тақырыптармен қабылданбайтын идеяларды алға тартты, орындаушыларды заманауи репертуармен қамтамасыз ете алмады.

Қазақ жазушылары мен сазгерлерінің арасынан шыққан, ауылдық табиғилығымен көрінетін, индустриялы қоғам өміріне бейімделмеген тұлғалар – өңделмеген «кесек алтындар» аз болған жоқ. Бірақ олар шығармашылық қызметінде де сол «өңделмегендігін» үнемі көрсетумен болды. Көпшiлiгi табиғи қабілетінің арқасында бірдеңелер шығарып, сонысымен зиялы қатарын толтырып жүр. Жоғары білімнің дипломын үдерістік (процедуралық) әдiспен алған ауыл маргиналы постиндустриялы қоғам адамының талғамына сай мәдениет туындыларын жасаған жоқ, жасай алмайтын едi. Сондықтан, қазiргi қазақтар өткен XX ғасырдың 60-70 жылдарында пайда болған, Ш.Қалдаяқов және оның тұстастарының әндерін айтып жүр. Бұл сол кезде өмiр сүрiп, еңбек еткен авторлардың кемеңгерлiгiнiң емес, мәдениеттi жасауда жылжу болмағанының және бұқараның талғамының да өспегенiнiң айғағы болып табылады. Соңғы 30-35 жыл ішінде қазақ композиторларының ән жанырында ғана емес, классикалық (опера, симфония) жанрларда да ұсынып жүргендерінің арасында татымдылары көп емес.

Қазіргі таңда идеясы ұлттық мүддеге қайшы, тақырыбы таптаурын, мазмұны қораш, зарлы сағыныш пен ауылды аңсауға толы минорлы нотадағы, туыстар және оларға ән арнау формаларында ұшырасатын ән жанрының туындылары бұқараның жұтаң санасын әбден меңдеп алды. Құбылыстың нақты мысалдары мынадай.

1-мысал.

Сағыныш тақырыбының таптаурынға айналуы:

«Шаттығың боп шарладым,.. Сағыныш боп самғадым» («Саржалым». Өлеңiн жазған Р.Оңтағаров, әнiн жазған Т.Абылайханов. Бұдан былай осы ретпен.); «Аяулым, сағындырып келсең едi»… («Аралым – аяулым». Ж.Мәкенәлиев, Н. Алғашбаев); «Аманбысың, iнкәрiм-ау, Сағынышым, аманбысың?» («Ояндың ба?» Т.Молдағалиев, Қ.Аршабаев); «Сағына ма менi бiреу, сағына ма мендей боп. Сағына ма менi бiр жан,..» («Сағына ма менi бiреу?» Т.Молдағалиев, Қ.Аршабаев); «Әкеңнiң осы сағыныш күйiн шерте бар» («Барып қайт балам ауылға». А.Қадырбаева, Т.Бақтыгереев); «Қара көзiм, сағынасың ба, көк жапырақ көктемдердi» («қара көзiм». Т.Молдағалиев, Д.Гусинцов); «Көзiңнiң отын сағындым, жаным… Сайраған кезiн сағындым, еркем… Серпiлтер өзiң, сағындым сенi» («Жан ерке». С.Оспанов, Қ.Дерiпсалдин); «Ана деген жүрегiм, сағыныштан балқысынСағынатын кездерiмСағындырды-ау сөздерiң…» («Бала сағынышы». М. Ембергенов); «Сен менiң мәңгi-бақи сағынышым». («Ақ гүлiм». М.Ембергенов); «Сағынып кетпей ойдан туған жерiм»,.. («Туған жер сағынышы». Қ.Қазыбеков, С.Қайырғалиев); «Саған деген сағынышым бiтпедi. (үмiтiм менiң». Қ.Қазыбеков, С.Қайырғалиев); «Көңiлiм көбелек боп тағы да ұшты, қомдап ап сағыныштың қос қанатын». («қара көз». Ә.Сәрсенбаев, А.Қасымов); «Сағыныш бойды шарпыды». («Iңкәр». Қ.Жұмағалиев, Ж.Меймандосов); «Қараймын жолыңа, сенi сүйген жүректi сағындырма… Самалым-ау, сен ендi сағындырма… Бақытым-ау, сен ендi сағындырма». («Сағындырма». Ө.Оралбаев, Ж.Назаров); «Сендердi ойлап, сағынып жүрмiн бүгiн»,.. («Әдемi едiк». Г.Сейтақов, М.Нысанов); «Шет жүрсем–сағынарым»,.. («Анашым». Қ.Жұмағалиев, М.Омаров); «Түсiнер кiм бар өзiңдей сағыныш толы жанымды» («Әке арманы». Қ.Қазыбеков, М.Омаров); «Сағындым ғой, дедiң-ау, жаным, маған,.. Сағынышқа төсегiн бесiк еткен»… («Сағыныш бесiгi». М.Мақатаев, Қ.Палымбетова); «Саған арнап сағынышын жолдайды» («Сезiм нұры». Қ.Палымбетова); «Сағыныштан сарғайып түс пен өңдей» («Қайдасың сен, аруым?» С.Оспанов, Т.Тайбеков); «Сағындым сенi, арайлым»,.. (Аңсарым сен». Ө.Есекбаев, С.Тұрғымбаев); «Сағынған сазды үнiмнiң оңаша мәнiн». (Жеткiзсем деймiн өзiңе». С.Оспанов, С.Тұрғымбаев); «Әуендей ғасырдың, сағынышты асырдың». («Асылым». А.Түгелбаев); «Армандай аңсап келген аяулы елiм, сәлемiм, сағынышым саған менiң». («Елiм саған». А.Түгелбаев); «Сағыныш боп қалам деп, өзiң бе едiң кезiккен». («Аңсағаным». Т.Yшқоңыров); «Кездерiм жоқ сенi аңсап сағынбаған». («Жүрек сыры». М.Көбеева, Т.Iзтаев); «Түсiмде сенi көрiп сағынатын». («Оқжетпес». К.Салықов, К.Iлиясов); «Сағынған осы қазiр сәттерiмде». («Сағыныш». Е.Ибраим, К.Iлиясов); «Сеземiн сүйген жүрекке, сағыну соқпас оңайға». (Менi ойла». Т.Айбергенов, М.Iлиясов); «Осы әнмен балаңыз, сағынышын жолдайды». («Бала сағынышы» М.Ембергенов) [Жастық шақ әуендерi: Әндер. – Алматы: «Өнер», 1993.].

2-мысал: Ән арнау таптаурынына құрылған шығармалар:

«Аралым, саған арнап ән саламын». («Аралым – аяулым». Ж.Мәкенәлиев, Н.Алғашбаев); «Бiр балаң саған әнмен сый арнады». («Әсем қала – Алматым». Ә.Нiлiбаев, Х.Дәуiтбаев); «Өзiңе арнап жазған әнiм үшiн». («Ақ гүлiм». М.Ембергенов); «Өзiңсiң – менiң аңсарым, әнiм. Арнаймын саған әнiмдi, жаным». («Өзiңсiң сүйгенiм». Қ.Жағыпарова); «Жас дәуренде арнадым сүйiктi өлең». («Шiркiн-ай, дәурен-ай». Ж.Кәрiмова); «Арнаймын мен әрқашанда ән саған»,.. «Сенсiң – менiң арманым, әндi өзiңе арнадым». (Жан сырым». Қ.Хасанов, М.Нысанов) [сонда].

Осылардың бәрi бiр ғана әндер жинағынан алынған. Әндердің жоғарыда аталғандарынан басқасының дерліктей бәрі ауылға шақыру идеясын көтереді. Бұл идеяның қазақтың санасындағы үстемдiгi сондай, тек ауыл тақырыбына жазылған әндердiң арнайы жинақтары пайда болды. Тұрмыс тақырыбы қазақ әдебиетінің барлық жанрларын меңдеп алғаны бұрыннан белгілі. Ал ән жанрында бұл тақырып виршеплетение деңгейінде, көзге ұрарлықтай, айшықты көрініс береді.

Тұрмыс объектiлерiнiң iшiндегi қазақ авторларының көзiне көбiрек түсетiнi – тұрмыс аясында жүздесетiн адамдар болып табылады. Олар – ата, әже, әке, ана, аға, жеңге, нағашы, жиен, бауыр, келiн, бала, немере, балдыз тағы басқалар. Бұлар қазақ тiлiнде өлең ұйқастырушылардың (рифмоплет) шығармаларының негiзгi объектiлерiнiң бiрiне айналып алды. Соңғы кездерi олар «тақырыптық кеңiстiктерiн» құда, құдағи, құдаша, құда бала «бейнелерiн» жасаумен кеңейтуде және туыстарын қосарлап әнге қосатын, мысалы, «атам мен әжем», «әкем мен шешем», «ағам мен жеңгем» деп келетiн «формалық түрлендiрумен» толықтыруда. Тұрыстық қойыртпақ туыстық байланысы бар адамдарды ғана емес, сонымен қоса, тұрмыстық заттарды (мыс, дастархан, тамақтар: қаймақ, шай, май, қымыз,..), тұрмыстық оқиғаларды (той, құдалық, шiлдехана, аруақтардың құрметіне ас беру), туыстардың мерейлi күндерiн де (туған күн, баланы сүндетке отырғызу, солдатқа шығарып салу, мерейтой) қамтуда. Қазақ ақындары мен композиторларының дені өздерінің интеллекті мен дарынын тек осы объектiлердi ғана «көркемдiкпен игеруге» бағыштап келеді.

Әзіл-сықақ жазатын жазушылардың менталдық лексиконының жұпынылығы (еске түсіріңіз: 1.3 тармақ) азаматтық қоғамда болып жатқан қайшылықты мәселелерді қозғауға мүмкіндік бермеді, жанр мазмұнының қораштануына әкеліп соқтырды. Қазақ әзілқойлары ауыл анклавындағы болып жатқан, қайдағы бір мазмұнсыз оқиғаларды ғана көрсете алады. Өйткені, оларда қоғамның терең қойнауларында жатқан былықпаларды оқырманның санасына әзілмен, сықақпен жеткізетін өткір тіл болмады. Тіл білетін авторлар діттеген нысанаға шаншудай қадалатын, найза ұшты сөздерді жалпыхалықтық тіл лексикасының тереңінен суыртпақтап отырып алады. Жағымсыз қылықтарды бейнелейтін уытты коннотацияларды дәл тауып, қолдана білу сөздік қоры жұтаң жазушылардың қолынан келмейді.

Идеологиялық ресурс тапшылығынан және жазушылардың өздерінің жалпы интеллекті төмендігінен телеберілімдерде саяси немесе әлеуметтік келеңсіз құбылыстарға шанышқы ұшы тимеді. Қазіргі қазақтілді телебағдарламалар бұқараның намысына тиетін, сапасыз, дөрекі қалжыңға толы. Көрсететіндері әлеуметтің түп күйесіне малынып шыққандар – ебдейсіз бақташы, дарақы механизатор, быдық мұғалім, есірік оқушы, мылқаулар, сақаулар және соларға ұқсастар. Сырттай қарағанда бүкіл қазақ деген халық осындайлардан ғана тұратын сияқты түсінік қалдырады. Бейнелейтіндері бейпіл сөз, қисынсыз әрекет, қылжақтау, дөрекі қылықтар, арзан күлкі тудыратын көріністер. Мысалы, өлмелі кемпір аяқ астынан, жұлқына билеп кетеді немесе селфи түсіре бастайды.

Кеңес кезінен бастау алған, туыстықты дәріптеген шығармалардың, солардың ішінде әндердің идеяларының маңыз аларлық деңгейде бұқаралық санада шағылуы қарусыз көзбен көрінетіндей құбылысқа айналған. Непотизмдер (лингвистикада туыстық қатынастарды білдіретін сөздер мағынасында: әке, ана, бауыр, балдыз,..) ауыл қазағының сөздік қорының маңыз аларлық бөлігін құрайды және сана қалтарыстарында менталдық деңгейде көрініс береді. Оның салдарын мемлекеттің басқару сатысының түрлі баспалдақтарындағы лауазымды адамдардың айналасына туыстарын жинап алып, сыбайлас жемқорлықты өршітіп отырғандарынан көруге болады. Бұған қоса, адамдардың қазір қаражатын, қайдан және қалай тапқанына қарамастан, тек тұрмыстық шараларға ғана жұмсайтыны, өндіріске инвестиция салу туралы ой ешкімнің қаперіне кірмейтіні және бар. Өндірістік сана деген ұғым еш қазақтың қаперіне кірмейді, оның орнын толығымен той-сана (хатым-сана, мүшел-сана,..) жайлап алған

* * *

Субкультура туындыларын – қазақ тілінде виршеплетение жасаудың кейбір кең таралған формалары мынадай:

а) құрғақ жария немесе таптаурын эмоция: «сүйемiн», «аңсаймын», «сенен артық ел жоқ, жер жоқ», «жерi кең», «көлдерi мөлдiр», «таулары биiк», «аспаны ашық»;

ә) троптар мен мезі қылатын тіркестер: «айым», «күнім», «жұлдызым», «жарығым», «биiгiм», «асқарым», «байтерегiм»; немесе «анауың боп», «мынауың боп» немесе «анауымсың», «мынауымсың»;

б) келбет бейнелеу: «қара көз», «қолаң шаш», «қиғаш қас», «пiсте мұрын», «аққу мойын», «аршын төс»,..;

в) бата беру: «сөйте берсiн», «бүйте берсiн».

Еуропалық постмодерннің көрнекті өкілдерінің бірі Р.Барт «ақынның тек әлсізі ғана бейнені суреттеумен айналысады немесе одан басқа ештеңемен айналыспайды… поэтикалық тіл ұғымын қабылдауы бұлыңғыр… олар бәріне қайткен күнде метафоралық белгілерді таңып тастауды діттейді, демек, нені болса да, поэтизациялау үшін оны өз атымен атамаса болғаны» деген екен [93: 53]. Оның растығы қазақ тілінде өлең жазудың технологиясынан айшықты көрінеді. Қазақ ақынының өлең жазуы шабыттың шаңбозына мінуден, сонан кейін айналада не көрінсе, соны тізуден тұрады. Мысалы, шабыты күндіз келген ақын, «сен менің күнімсің, жарық берген нұрымсың,..» деп көкке өрлейді. Шабыты түнде келген ақын, тиісінше, аспандағы ай мен жұлдызды көреді де, «айымсың, жұлдызымсың,..» деп ағылады. Орманда жүрген ақын «қайыңсың», «терексің», «керексің» деген ұйқастардың айналасында ойқастайды. Виршеплетение – бұл қазақ ақындардың ән өлеңдерін жазуда көркемдiк стильдi жетiлдiруден жеткен деңгейі. Жамбыл аталарының сүрлеуімен олар теңеу іздеудің соңынан түсуді ғана әдістемеге айналдырып алған, білетіндері тек «бәріне метафоралық белгілерді таңып тастау», «нені болса да, өз атымен атамау».

Қазақ ақындары оқырман көңілін аударарға тұрарлық өмірдің бір үзігін, айналада болып жатқан бір құбылысты, адамдар арасындағы қатынастың бір қырын, көңілге түйткіл тудыратын немесе үміттендіретін бір нәрсені, адамдардың ындынын, құлшынысын, достығы мен махаббатын, сатқындығы мен алдампаздығын, алысқа кетіп жатқандар мен ауылда қалып қойғадарды, біреулердің әділетсіз өрлеп, енді біреулердің жазықсыз айдалып бара жатқанын,.. өзгелерге ұқсастырмай, бұрын айтылып кеткенді қайталамай, жаңа қырынан, жаңа тіркестермен, тың көркемдік шешіммен сипаттап бере алмайды. Сол баяғыша, «күн шалмаған арымсың, …барымсың, …жанымсың, …жарымсың; домбырамның үні сен, …гүлі сен, …жыры сен, …нұры сен» (Т. Молдағалиев: «Жанарым») деген пішінге келтірілген идеяларды, шақыруды, кейбір «оралымды» сөздерді аккумуляциялауды, шексіз қайталауды, тек кімнің (ненің) кімге (неге) ұқсайтынының ұзын сонар тізімін жасауды ғана біледі. Осылай субкультураның майталманы өзiнiң айналдырған үш мыңдық лексиконымен, үш идеяның (сағыну, ауылға шақыру, ән арнау) айналасында, үш стильдiк тәсiлдiң бiрiн қолданып, өзiнiң виршеплетение форматындағы «көркем дүниелерiн» бұрқыратып шығаруда.

Сағыныш – түрлі себептермен көптен көріспеген туыс немесе іңкәр адамдардың жүздесуге ынтыққанын білдіретін психологиялық күй. Әрине, жағымды эмоциялық құбылыс ретінде, оның да көрініс беруге құқығы бар. Ал қазақтардың сағынышында көзінің жасы мен көңілінің кірбіңі, қолға байлау, аяққа тұсау болып тұрғанды жеңе алмай, іс түйінін шеше алмай,  «сағындым» деп бейшаралықтан күңіренуі жатыр. Конъюнктура шынайылығын сезе білмейтін адамның өзінің құзіретсіздігін жариялауы, әлсіздігін әшкерелеуі жатыр. Өз өмірін дұрыс құра білетін, еркін адам ешкімді сағынбайды (сағынып бара жатса – барады немесе сағынған адамын қасына алып келеді). Бейшаралық пен зар еркін адамға ілтифат емес, жайсыздық тудырады. Ал көркем өнерде сағыныштың минорлы сарында үнемі көрініс беруі, көп қайталанып сипатталуы еркін адамды одан мүлдем алыстатады. Түптеп келгенде, сағыныш тақырыбы да – көркем шығармаға өзек бола алатын проблема емес. Өйткені, құлдың зарын тыңдау өте жиіркенішті, оқырманды (тыңдаушыны) психологиялық жәйсыз күйге түсіреді. Еркін халық мұң мен зардан аулақ болуы керек.

Орыс және өзге тілдерде жарық көріп жатқан көркем өнер туындыларының саны қанша болса, оларда сонша тақырып көтеріледі, сонша идея алға тартылады, сонша ой айтылады, әр қайсысының мазмұнына сай келетін  көркемдік шешімдер қабылданады. Ал О. Сүлейменов айтқандай, «ауылдан келiп, мұғалiмдiк жоғары оқу орнын бітірген» [94] қазақ қаламгерлері дарыннан құралақан болмаса да, рухани азығының жұтаңдығынан, ойлау стильдерiнiң орашолақтығынан, түсiнiктерiнiң бiржақтылығынан көркем әдеби туынды жасаудың заманауи тәсілдерін меңгеретiн деңгейге дейiн өсiп үлгiрмедi, ауыл бақташысының талғамына тұрарлықтан аса алмады. Сондықтан қазiргi қазақ мәдениетi орыс тілінде жасалып жатқан мәдениетпен бәсекелесе алатын деңгейге көтерiле алмады. Көтерiлуi мүмкiн де емес, өйткенi, шаруаның интеллектiсiмен, агарлы қоғам адамының лингвемасымен, шектеулi тақырыпта, терiс идеологиямен бәсекеге қабілетті әдебиет жасалмайды.