5.12 Әдебиет демократиялы болуы керек

Әдебиетсіз демократия, демократиясыз әдебиет жоқ.

Ж.Деррида

Әдетте авторитарлық режимдер орныққан елдерде мазмұны мен идеясы билікке жақпағандықтан жарық көре алмайтын шығармалар ұшырасып жатады. Қазақстанда диссиденттік шығармалар жоқтың қасында. Мұның себебі қоғамда ашықтықтың, жариялылықтың жеткіліксіздігінен ғана емес, тағы да сол, қазақ қаламгерлерінің бұйығылығымен, өткір мәселелерді алға тартудан қаймығатынымен, қаһарман таңдау және шығарманың идеялық бағдарын айқындауда биліктегілердің әлсіз жерін аңдып отырып, соларға жағатынды ғана іздейтінімен, ескі сүрлеуді шиырлай беретінімен түсіндіріледі. Шығармашылық зерделеуден, ізденістен, батыл сөз айтудан аулақ болу қазақ авторларына таңылып тасталған. Олар ашық ойындағысын айтуға, өзгелерге түсіндіруге тырыспайды.

Алдыңғы қатарлы елдердің даму тәжірибесі көрсеткендей, көркем өнердің дамуына қажетті басты шарт – қоғамда шынайы демократияның болуы. Өйткені, «әдебиеттің тағдыры оның цензураға түспей, демократиялық еркіндік кеңістігіне (сөз еркіндігімен, пікір еркіндігімен ж.б.) шығып кете алуына байланысты. Әдебиетсіз демократия, демократиясыз әдебиет жоқ» [Деррида Жак. Эссе об имени / СПб.: Алетейя, 1998. – 49-50-б.б.]. Қандай жағдайда болса да, оларды айыруға болмайды. «Белгілі бір әдеби шығарманың цензураға ұшырауы демократияға төнген қауіптің көрінісі болып табылады, мұндаймен келісуге болмайды» (сонда. 50-б.). Демек, қазақ ұлттық өнерінің тығырыққа тірелуінің себептерін де Қазақстан қоғамындағы демократиялылықтың жетіспеуінен іздеу керек.

Қазіргі қазақ мәдениетінің мәсенлелері туралы орыс тілінде жарияланған зерттеулерде бір қатар тұшымды пікірлер бар. Зерттеушi Г.Шалабаеваның пiшiндеуiнше «мәдени дәстүрдi жалғастырушы – оны өзiнiң рухани болмысына айналдырушы, оны жаңадан қайта құрушы. Әр адаммен бiрге мәдениет өткеннен қазiргiге секiрiс жасауы керек» [Шалабаева Г.К. Этнос. Культура. Самосознание. – Алматы.: Атамұра, 1995.  190-б]. Ал қазiргi қазақ ұлттық мәдениетiн жасаушылар кешегiден бүгiнге қарай өздерi де секiре алмай, өздерiмен бiрге мәдениеттi де секiрте алмай отыр. Оларда «ұлттық мәдени дәстүрдi бүгiнгi күннiң дүниетанымы тұрғысынан қайта қарау, этностың дүниенi сезiнуiн жетiлдiру» [Шалабаева Г.К. Этнос. Культура. Самосознание. – Алматы.: Атамұра, 1995. 188-б.] П жағы қолға алынбай отыр.

Тәуелсiздiк жылдарында жекелеген авторлардың жетiстiктерiне қарамастан, тұтастай алғанда ұлттық мәдениет, соның iшiнде көркем әдебиет тоқыраудан шыға алмады. Қазақ тiлiнде мәдениет туындыларын жасаушылар болып жатқан iрi саяси оқиғалардың мәнiн қазiргi заман адамының талғамына сай, жоғары көркемдiк деңгейде сипаттаған шығармаларды дүниеге әкеле алмады. Жазған кітаптары оқылмады, газеттер мен журналдары әкімшілік пәрменмен таратылды; ешкімді қызықтырмайтын телеберілімдермен эфирлік уақытты толтырды, сонысымен жастардың намысына тидi, оларды қазақ өнерiнен жерiттi, өзгелердiң өнерiнiң соңынан еруге мәжбүрледi.

Оқырман әр танымал жазушының соңғы шығармасын iздеп жүрiп оқымаса, көрермен театрдың әр қойылымына билеттi таласып алып жатпаса, ізденуші ғылымда қандай жаңалықтар ашылып жатқанына тәнті болмаса, бұқара күнделiктi ақпаратқа ынтықпаса, ата-ана мектепте не оқытылып жатқанына араласпаса, ол – сол тілде жасалып жатқан рухани игіліктердің көмескiлене бастағанының, қазақ тiлдi өнердің, білімнің, баспасөздің көпшiлiкпен түсiнiстiк таба алмағанының көрiнiсi. Ал тiл, белгілі ғалым Х.-Г. Гадамер айтқандай, сол тiлдi қолдаушылармен «өзара түсiнiстiк жүзеге асырылғанда ғана нағыз болмысына ие болады» [Гадамер Х.-Г. Истина и метод: Основы филос. герменевтики.- М.: Прогресс, 1988.  516-б].

* * *

Қазiр бұқараның көркем әдебиеттi оқуының азайып, өзге аудио-көрiнiстi ақпарат құралдарын пайдалануға ден қойып кету үдерісінің бар екенiн әркім біледі. Бұдан қазiргi оқырманға әдебиеттiң керегi жоқ деген ұғым тумауы керек. Өзге тiлдерде жазатын авторлардың шет тiлдерiне аударылып, қолдан қолға тарап жүрген шығармалары баршылық. Порнография мен атыс-шабыс емес, кәдуелгi адамның өмiрлiк болмысы, қызметi, сезiмi, арманы, тағдыры, өмiрiнiң мәнi туралы терең ой салатын, заманауи және өзектi шығармалар бар. Солардың бірі – дүние жүзiне танымал жазушы Пауло Коэльоның кітаптары.

Ретіне қарай айта кету керек, танымал жазушы былай дейді: «Әлемнiң рухы адамның бақытынан нәр алады. Адамның бiрден бiр мiндетi – ақырына дейiн өз Тағдырын жасау. Бар мән – осында. Егер Сiздiң зауқыңыз соқса, қалауыңыздың жүзеге асуына бүкiл әлем селбеседi» [87: 7] 87. Коэльо Пауло. Алхимик. – К.: «София», 2004. – 208 б. Адамзат тарихы осы қағиданың дұрыстығын үнемi дәлелдеп келедi. Дағдарыс қаншалықты терең болса да, одан шыққысы келген қоғам сытылып шыға алады. Өйткенi, жақсылық үшiн күрес басталғанда оны қолдау өзiнен-өзi көбейе бастайды. Қазіргі қазақ мәдениет қайраткерлері осыны түсінуі керек, тұңғиыққа батып бара жатқанын зарлап айтуды қойып, мәдениетті бәсекеге қабілетті етудің жолдарын мықтап іздестіруі және сол жолда тайсалмай, табанды ілгерілей беруі керек. Сонда бар түйіннің шешуі олардың өз қолында болар еді.

Алайда қазақ мәдениет қайраткерлерінде басқа түскенді күңірене, күрсіне баяндау, көбінесе пессимистік сарынға бой алдыру, пәрменді әрекетті тек биліктен күту бар. Мұны ұлттық сипат алып кеткен, шаруа дүниетанымының көрінісі деп қарау керек. Өйткені, А.Швейцер атап өткендей, «мәдениет пен дүниетаным арасында тығыз байланыс бар. Мәдениет оптимистік-этикалық дүниетанымның өнімі болып табылады» [Швейцер А. Культура и этика (287-507) // Швейцер А. Упадок и возрождение культуры. Избранное. М.: Прометей, 1993. – 512 б. 293-б.].

Аграрлық қоғамда туып, өсіп, өмір сүріп, еңбек еткен адам, қаншалықты дарынды болса да, өзінің туындысымен индустриялы қоғам адамының рухани қажеттігін өтей алмайды. Фольклордың ықпалынан шықпаған, аграрлық мәдениеттің тамтығын ғана місе тұтып отырған, пессимистік оқшаулану психологиясына санасын меңдеткен қазақ мәдениетін жасаушылар дүниежүзілік мәдени қауымдастыққа кірігуге дайын бола алмады. Тілдің аграрлық сипаты мен автордың шаруатектілігі оған мүмкіндік бермеді. Ол баста келешегі жоқты күйіттеген далбасаның салдары осылай болуға тиіс еді.

Бұл тұстан біз көркем өнерді тоқырауға тіреген себептердің негізгі екеуіне назар салғанымыз жөн. Біріншісіөнеркәсіпті қоғамда болып жатқан құбылыстарды көркем сипаттауға жетерлік сөздік қордың тапшылығынан зардап шеккен қазақ тілінің тоқырауы; екіншісі –  шаруадан шыққан қайраткердің біліми-интеллектуалдық қуатының шектеулілігі.