5.10 Сынау емес, философиялық талдау қажет

Сын дегеніміз – философиялық сана.

В. Г. Белинский

Жазушылар арасында жариялылық пен ашықтықтың жетіспеуінен, бұрыннан мандымай, екі аяғын тең басып кете алмай жүрген бір жанр бар. Ол – сын жанры. Қазақта ешқашан «сын түзелген емес», соның салдарынан «мін де түзелмеді». Әдебиетте имманентті кемшіліктер үнемі айтылғанымен, іс жүзінде ол кемшіліктер үнемі қайталанады. Алға жылжу мардымсыз. Бір орында таптап тұру бар, кейде кері кету бар. Жылт еткен бір жаңалықтың артында, ойсыраған омырылу бар.

Ашықтық пен жариялылықтың болмауынан, қазақ сыны еркін емес, әлдебір виртуал факторларға тәуелді. Сыншы сызылып тасталған шеңберден шыға алмайды. Сын мәдениетінің төмедігінен, әдетте, адресантта объективтілік бола бермейді. Сынның біреуді ұру үшін айтылатын кездері де аз болмайды. Мақтайтын, жартылай мақтайтын шығармаларды сыншы алдын ала біліп отырады. Сыналған адресат қарсы күреске шығады. Соның салдарынан, сын жүрген жерде ылғи «бас жарылып, көз шығып» жатады.

Қазақ сыншылары шығарманы кең таралған әдеби категориялармен үстірт талдайды: тақырыбы анадай екен, кейіпкерлері мынадай  екен, сюжеті сылбыр екен, тілі былжыр екен,.. деген шамада. Немесе қай жылдары, кімнің не жазғанын тізіп шығады. Мұны әдеби үдеріске шолу деп атайды.

Кеңес қазақ әдебиетінде сын идеологияға тәуелді болды. Көркем шығарманың құндылық критериі ретінде жоғарыдан социалистік реализм туралы теория түсірілді. Сыншылардың осы теория аясынан шығуға қақысы болмады. Бұл бағыттың басты теоретигі академик М. Қаратаевтың қазақ әдебиетінде социалистік реализмнің қалыптасуы туралы еңбегі Кеңес кезіндегі қазақ сынының шыңы болып есептелді. Өзге сыншылар мен әдебит теориясын зерттеушілер де осы маңайдан табылды. Ал тәуелсіздіктен кейін социалистік реализмнің бағыт ретінде ғылыми дәйексіздігі әшкереленіп қалды. Бұл Кеңес кезіндегі қазақ сынының адасып жүргенін айғақтап берген құбылыс болды.

Орыс сыншысы В.Белинский былай деген еді: «Сын және өнер. Екеуі де заманның рухынан шыққан. Екеуі де дәуірдің санасына тең. Ал сын дегеніміз – философиялық сана, өнер – сананың өзі (Белинский В.Г. Речь о критике  // Собрание сочинений в девяти томах. Т.5. М.: Художественная литература, 1979. 67-б.). Орыс сыншысының ойын заманауи философ-постмодернист Ю. Хабермас былай сабақтастырады: «философия мен әдебиеттің арасындағы жанрлық айырмашылық өте аз, сондықтан философиялық мәтіндер өзінің төл мағынасында әдеби-сыншылдық тұрғыдан талдап түсіндіруге ыңғайлы болып тұрады» [Хабермас Ю. Философский дискурс о модерне. – М.: Издательство «Весь мир». 2003. С. 198.].

Қазақ сыншыларының философиялық санасы тым таяз болды. Олар көркем шығарманы тек онтологиялық сипаттамалары тұрғысынан ғана талдады, әдебиеттің функциясы, мұраты және оның бұқаралық санаға әсері туралы мәселелер үнемі күңгірт қалып отырды. Сол себептен, қазақ әдебиеті халықты ғасырлық ұйқысынан оятушы функциясын атқара алмады, шаруаның соңынан еруші күйінде қала берді. Сын көркем шығарманың идеялық нысанасын халықтың әлеуметтік мұраты тұрғысынан түсіндіріп бере алмады. Қазақ әдебиеті Кеңес басшыларының қазақты ауыл шаруашылық өнімдерін өндіретін арзан жұмыс күшіне айналдыруды көздеген әлеуметтік саясатын жүзеге асыру үдерісіндегі сойыл соғушысына айналды. Бұл міндетін ол ұзақ және тәуір орындады.

Қазақ жазушыларының көбінің құбылыстың саяси-әлеуметтік және құқықтық астарларына үңілуге шамалары жетпеді. Олар ұлттық мүдделер мен демократиялық құндылықтардың да мәнін түсіне алмады. Либералдық сана, саяси сауат, демократиялық мәдениет жетпегендіктен, өздерін әр қашан да қоғамдық үдерістерден, саясаттан тыс ұстады. Ал әдебиет болса, пайдасынан зияны мол, лаққан идеологиялық ағыстарға толы болды, дүниетанымдық функциясын ойдағыдай атқара алмады. Қоғамдық өмірде болып жатқан құбылыстардың себептерін теріс түсіндіру созылмалы сырқатқа айналып, оның кесірі ұлттық мәдениетке соққы болып тиіп жатты.

Тұшымды қорытынды шығаруға болмайтын, ғылыми дәйексіз түсіндіруге иланып, басына оралған тұманнан айыға алмай, «қаңғыртқан мен үркіткенге» қарғыс айтқаннан басқа түк бітірмей отыра беру қазақтың әдетіне айналған. «Айлалы қоғамның әккі саясатына» біз неге қарсы тұра алмадық, өзімізді өзіміз қорғай алмасақ, онда бізді кім қорғамақ?» деген сұрақтарға жауап ізделмеді.

Батыс постмодернінің өкілі М. Блоктың  “ешқашан mea culpa (кінә менен) деп бастаудың зияны болмас еді» (Блок М. Апология истории или ремесло историка. Изд. «Наука», М., 1986. – 19-б.) дегенін ешкім есіне түсірмеді. «Бәріне өзіміз, саяси күресті дұрыс жүргізе алмаған өзіміздің қараңғылығымыз кінәлі емес пе?», – дейтін әдебиетші болмады. «Тағдырға жалбарынып, ыңырси бергеннен ештеңе шықпайды. Бұдан былай кім тарапынан, қандай әккі саясат жүргізілсе де, қаңғырмаудың, үрікпеудің долын табайық. Басқа түскен қарсықтың себебін өзгеге аудармайық. Қараңғылықты серпіп тастайық, саяси-құқықтық сауатымызды көтерейік, белсенділігімізді арттырайық. Жаңа мәдениетті, бәсекеге қабілетті қоғамды құру өзіміздің міндетіміз. Еркін адамдарша алға ұмтылып, ерлерше жетістікке өз күшімізбен жетейік. Өз тағдырымызды өзіміз қолға алайық» деген әрекетке бастайтын лебіз естілмеді. Сол бұрынғыша, «сұм уақыт, айлалы қоғам, әккі саясат қайта оралмаса екен» деп, алақан жайып, аспанға қарау ғана болды. Осылай қазақ жазушылары өткеннің сұрғылт оқиғаларын айтып зар илеуден, келесі «айдың оңынан туғанын» құдайдан жалбарына сұрап, бет сипаудан арыға бара алмады, елін күншуаққа, пәрменді әрекетке қарай бастайтын, оқырманды жасампаздыққа жетелейтін тегеуріні мен рухы бар шығарма бере алмады. Бұл қазақ әдебиетінің дүниетанымдық функциясын атқара алмай отырғанын пәш етеді.

Қазақ жұрты «тауып айтатындарға», қызыл сөздің артынан қашаған қуғандай түсетіндерге әр қашан да кенде болған емес. Қайдағы бір виртуал кеңістіктегі, тұтатын ілігі жоқ, тиянақсыз, аморфты бірдеңе туралы ұйқастыра, лепіре сөйлеп тұрған «шешеннің» айтқандарына бас шұлғып, қол соғып отыра беруді әдетке айналдырып алған. Айналаны қоршаған дүниені дұрыс тани алмағандықтан, қайдағы бір сағымның соңынан ілесіп, үнемі жорта беруді әдетке айналдырып алған.

Көркем өнердің көпфункциялы болуы керектігі туралы В. Белинский бастаған орыс сыншылары аз жазған жоқ. Көркем өнердің алдына қойылатын міндеттердің бастыларының бірі оның бұқараға айналада болып жатқан құбылыстардың сырларын санаға сіңімді сипаттап бере алуында.  Демек, кез келген көркем шығарма өмірлік практикада болып жатқан үдерістер мен құбылыстарды көркемдік-эстетикалық әдіспен репрезентациялап бере алуымен қатар, ол бұқараның дүниені тану көкжиегін кеңейтуге, әсіресе, басқару-бағыну аяларында болып жатқан оқиғаларды саяси-философиялық және танымдық тұрғыдан объективті түсіндіріп беруге міндетті еді.

«Сын – өнер» деп ат қойыпты қазақ сынына шолу жасаған М. Әзімхан әдеби жыл қорытындысына арнаған баяндамасына (Қазақ әдебиеті. 17. 03.2017). «Қазақ сыншыларының мұраты – сынды өнер дәрежесіне көтеру» дегенді Б. Тұрсынбайұлы да қуаттаған екен (Қазақ әдебиеті. 31. 03.2017). Сынның өнерге де қатысы бар екені рас болғанымен, бұл тезистің осы уақытқа дейін қазақ әдебиетін көктетуге мұрындық бола алмағаны да рас. Сынды философия ретінде түсіне алмаудың, жақсы шығарманың жақсы сыннан емес, әдеби үдерісті салауатты талдаудан туатынын түсіне алмаудың салдары, қазақ жазушыларын, бергісі әдебиеттің, арғысы ұлттық рухтың философиясын түсіне алмаған жағдайға тіреп отырғаны белгілі.

Әдебиеттің төл функциясын – бұқараның таным көкжиегін кеңейту міндетін атқара алмауының, керісінше халқын мешеу әлеуметтік ортадан шығармауға тырысуының, сынның адуынсыздығының түпкілікті себебі қазақ философиясында. Кеңес билігі жылдарында қазақ тілінде татымды философиялық шығармалар жазылған жоқ. Аздаған қазақ философтарының орыс тілінде коммунистік идеология рухындағы, «диалектиканың қазақстандық мектебі» шеңберіндегі ой кешулерінде рухани дамуды қазақ ұлты мүддделері тұрғысынан қарастырған туындылар болған жоқ. Сондықтан, қазақтың рухани аспанында болып жатқан құбылыстардың сырлары толық ашылмай қалды. Осы үрдіс әлі сақталып келеді.