V тарау. ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ҚАНДАЙ МӘДЕНИЕТ ЖАСАЛДЫ?

Кішкентай қоңыз үлкен қоңызға сұрақ қойыпты:

– әке, біз неге көңде өмір сүреміз? Ана

көбелекті қарашы, алуан түсті гүлдердің үстінде ұшып жүреді, солардың нәрін сорады.

Әке-қоңыз шатасына былай жауап береді:

Бұл сенің отаның-ғой, жаным-ау, О  т  а  н  ы  ң.

Анекдоттан

Шаруаның өмірін идеалдау зиянды және қауіпті.

М.Ганди

Енді осы философиялық сұрақтың жауабын iздеп көрейiк.

Қазіргі қазақ мәдениетінің барын бажайлап, өмір тынысын көз алдыға келтіру үшін оны қоғамдардың сатылы дамуы және өркениеттердің омырылуы теориялары тұрғысынан талдап бағалау керек. Өркениеттер индустриялы және аграрлы болып бөлініп, алғашқысы қара үзіп алға суырылғанда, қазақ қоғамы даму көшінің соңғы легінен табылды. Демек, ұлттық мәдениеттің сипаты мен рухани дүниеде болып жатқан құбылыстардың сырларын да қазақ қоғамының өркениет сатысының төменгі басқышында қалып қойған жағдайларымен түсіндіргенде, оған берілген баға объективті бола алады.

5.1 Көркем әдебиет және идеологиялық кейіпкерлер

Қазақстанда сонау XIX ғасырдың өзінде-ақ Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, Абай сынды ақсүйек әулеттерден шыққан ұлылардың қолымен классикалық мәдениеттiң iргетасы қаланған болатын. XX ғасырдың алғашқы жартысында Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Ш. Құдайбердiұлы, М. Әуезов және басқа көркемөнер қайраткерлері бұл ұлы миссияны ары қарай жалғастырды. Көпсалалы, көпжанрлы қазақ ұлттық әдебиеті дүниеге келіп, өзге халықтар әдебиеттерімен терезесі тең деңгейде, қанаттас дами бастады. Негізгі жанрлар прозада, поэзияда, драматургияда жаңа есімдер пайда болып, жаңа романдар, поэмалар, пьесалар жарық көріп, халық арасына тарала бастады.

Алайда, қазақ мемлекетінің тәуелділік жағдайда өмір сүруінен, тиісінше, метрополия жүргізіп отырған саясаттың шеңберінен тыс әрекет ете алмауынан, Кеңес билігі орнағаннан кейінгі кезеңдегі қазақ әдебиетінде әр түрлі үрдістер көрініс беріп жатты. Аталған прогресшіл бағытқа  қарама-қарсы таптық-идеологиялық бастаулардан тамыр алатын екінші үрдіс пайда болды. Кеңес заманының талабы бойынша, көркем өнер биліктің әлеуметтік саясатының жүзеге асырылуына үлес қосуға міндетті болатын. Сол талапқа сай төменгі таптан шыққан кейбір жазушылар өз сословиесі өкілдерін дәріптеп шығармалар жазды.

Б.Майлин Мырқымбайды, С.Мұқанов Шоқпытты өз заманының қаһармандары ретінде сомдады. Большевиктік идеология тұрғысынан алғанда осындай кейіпкерлерді сомдаған шығармалар қазақ әдебиетінің жетістікті үлгілері болып саналды. Бұдан кейінгі кезеңде қазақ жазушыларының үлкен тобы осы үрдісті жалғастырды. Өз шығармаларына арқау етіп олар жоғарыда аталған кейіпкерлердің рухани ізбасарларын таңдап алды, шаласауатты, есерсоқ, қияли, маскүнем адамдар ұнамды кейіпкерге айналып, үлгі ретінде сипатталатын болды. Осылай қазақ әдебиетінде ұнамды қаһарман ұғымы төңкеріліп түсті.

Солардың бірі О.Боранбаев деген автордың «Әңгүдік» атты шығармасының бас кейіпкері – қолы неге тисе, соны бүлдіретін, істеген ісінде опа жоқ, жүрсе сүрінетін, жүгірсе жығылатын, есі кіресілі-шығасылы әңгүдік, оған қосымша, маскүнем адам. Авторлық ремарка бойынша кейіпкердің ұнамды қасиеті – оның отанын сүйетіні: «ауру, маскүнем бол, тек билікке көз салма, саясаттан аулақ жүр, «отанымды сүйемін» деген ұранның көлеңкесінде итшілеген өміріңді сүре бер. Билік қалай айдаса – солай жүрсең болды, сонда сен жақсысың!» Рухани мешеу, надан, мәдениетсіз, білімсіз адамның «ұнамды» бейнесін жасау кеңестек идеологияның инерциясы ретінде әлі орын алып келеді. Осы шығарма М.Әуезов атындағы Академиялық театрдың репертуарынан мығым орын алып, ұзақ уақыт сахнадан түспеді.

* * *

Ғасырдың екiншi жартысында әдебиет көкжиегінде өз қолтаңбасын алып келген жаңа есімдер көбейе түсті. Ә. Нұрпейісовтың, Ә. Әлімжановтың, Б. Момышұлының, М. Мағауиннің, Қ. Жұмаділовтің, Ә. Кекілбаевтің, Жұбан Молдағалиевтің, Т. Ахтановтың, Қ. Мұхаметжановтың, Х. Ерғалиевтің, Т. Жароковтың, Қ. Бекхожиннің, О. Сүлейменовтың, М. Мақатаевтің және олар қатарлы көптеген өзге жазушылар мен ақындардың шығармалары өз дәуірінің көркемдік деңгейінің эталоны іспетті болды.

1960 жылдардың ішінде Мұрат Әуезовтың идеялық дем беруімен және  ұйымдастыруымен Мәскеуде оқитын қазақ жастарының «Жас тұлпар» ұлттық-демократиялық бейресми ұйымы пайда болды. Бұл ұйым қазақ жастарының ұлттық санасының өсуіне, республикада және одан тыс жерлерде қоғамдық-саяси ойдың өркендеуіне белгілі деңгейде әсер етті. Бұдан кейінгі кезеңде ұлт-азаттық идеялары қазақ жазушыларының тарихи романдарынан көрініс тапты. Тарихи-патриоттық тақырыпқа қалам тартқандардың алғашқыларының бірі болып С. Сматаев «Елім-ай» романын жазды. 70 жылдар ішінде қазақ прозасында тарихқа назар аудару жаңа импульспен жалғасын тапты. І. Есенберлиннің романдары бұқаралық санада рефлексия тудырып, қолдан қолға өтіп жатты.

Кейінрек кейбір бір озық ойлы қаламгерлер екінші ұстаз Әл Фараби, Абылай хан, Қабанбай батыр және солар сияқты шынайы ұнамды қаһармандардың бейнелерін сомдаған туындылар берді. Олар аталған кезеңдегi қазақ қауымының талғамы мен талаптарын бiр шама қанағаттандыратын едi. Сонысымен оқырмандардың ілтифатына бөленіп, көркем әдебиетте өзіндік із қалдырды.

XX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиетінде М. Әуезовтың «Абай жолына» еліктеп, қазақ халқының рухани өмірінде із қалдырған ірі қоғамдық және мәдениет қайраткерлердің өмірі мен қызметін сипаттап жазған дилогиялар мен трилогиялар қаптап кетті: «Аққан жұлдыз», «Ақан сері», «Жаяу Мұса», «Сұлтанмахмұт», «Қызыл жебе», «Мұхтар жолы», т.б. Бұл көптомдықтар авторлардың бейнелерді көркемдікпен көре білгенінен емес, кейіпкер ретінде сомдап отырған қайраткердің беделіне сүйеніп нысанаға жетуді көздеуден туындаған шығармалар әдебиеттегі эпигондықтың көрінісі болып шықты. Сондықтан олардың ешқайсысы мэтр сомдаған деңгейге жете алмады. Өйткені, еліктеуден туған туындының сапа жағынан ешқашан еліктеткен нұсқаға жете алмайтыны белгілі.