VII тарау. ҚАЗАҚТІЛДІ БҰҚАРАЛЫҚ АҚПАРАТТЫҢ ЖАЙЫ
7.1 Факторларға анализ және БАҚ жұмысын ұйымдастыру
Кез келген ақиқатта сыншылдық бар.
М. Хайдеггер
Журнализм – төртінші билік.
Томас Маколей
Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде елдегі қазақ ұлты өкілдерінің, қазақтілді мектептер мен ЖОО-ның, оларда білім алып жүрген контингенттің сан жағынан артып отыруына сай қазақтілді басылымдардың таралымы пропорциялы артпады. Қазіргі қазақ баспасөзі ешкiм төзбес, нағыз нонсенс жағдайында: ақпарат таратуға жасалған жағдай Кеңес кезіндегімен салыстырғанда жақсы, эфирлiк уақыты мол бола тұра, қазақтілді бұқаралық ақпарат ойдағыдай дами алмай, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне сай орнығуына септігін тигізе алмай отыр.
Қазақ тілінде бұрыннан жарық көріп келе жатқан газеттер мен журналдарға мемлекет тарапынан маңыз аларлық материалдық көмек көрсетіледі. Өйткені, билікке қазақ басылымдарының шығып, таралып жатуының саяси маңызы бар – өздерін халық алдында сүйкімді көрсету үшін керек. Жаздыру және тарату әкiмшiлiк пәрменмен ұйымдастырылады, бюджеттік салаларда істейтіндер мәжбүрленеді, көбірек өтсін деп, арзанға сатылады. Орыс тiлiнде жарияланатын бiр газеттiң құнына қазақ тiлiнде көлемi жағынан артық үш газет сатып алуға болады. Солай болса да, қазақ тілінде шығатын басылымдардың таралымы мардымсыз қалыпта қалып отыр.
Қазақша баспасөздің даму үдерісіндегі кедергілерді анықтау талпыныстары жасалмай қойған жоқ. Қазақстанда жиі өткізілетін медиафорумдарда ішінара қазақтілді баспасөз мәселелері де ортаға салынып, талқыланып жатады. Бірақ ол талқылауларда мәселенің формалық жақтары – баспасөзді ұйымдастыру, қаражаттандыру, ақпараттық технологияларды жетілдіру жақтары ғана белсенді талқыланады.
Әрине, аталған мәселелерді қараудың мәнге қатысы бар. Бұл бағытта атқарылып жатқан игі шаралар да аз емес. Дегенмен, қазақтілді газеттер мен журналдардың таралымы мардымсыз, бұқараның алдындағы беделі төмен болып отыруының түпкілікті себебі ешкімнің қаперіне кірер емес. Қазақтілді журналистер баспасөзді дамыту міндеті оның техникалық жабдықталу және ұйымдастыру жақтарын жетілдіру шараларын қарастырумен шешілмейтінін аңғара алмады. Мәселенің сыртқы белгілерін ғана көріп, ішкі сырларына үңіле алмады. Көркем өнер, білім салаларында қалыптасқандағыдай, журналистер қазақ баспасөзінің дағдарысы да оның контентінің сапасының төмендігінде екеніне көңіл аудармады.
Қазақстан жаңа индустриялы қоғамдар мен дамушы елдер арасында баспасөзі қарқынды дамыған ел дегенге малданып жүргенде, құбылыстың екінші жағы – контент мәселесі назардан мүлдем тыс қалуда. Журналистер «біз не жазып жүрміз», «қандай идеяларды көтеріп жүрміз», «онымыз бұқаралық санаға қалай әсер етіп жатыр» деген сұрақтардың жауабын табуға талпыныс жасамады. Ылғи да бір «ақша аз бөлініп жатыр», «техника ескі болғандықтан», «кадр жетіспегендіктен» деген сияқты зарлы байбалам кемерінен шығып, түпкілікті нәтижеге бастайтын ұмтылыс болмай отыр.
* * *
Мәселенің байыбына толық бара алу үшін алдымен қазақ баспасөзінің қазіргі күйіне тура ықпал ететін факторларға анализ жасау керек. Бұқаралық ақпараттың сапасын зерттеушілердің ұйғарымынша баспасөздің таралуына мыналардың тура ықпалы болуы мүмкін:
А) басқару стилі;
Ә) материалдық-техникалық базаның жағдайы;
Б) контенттің сапасы;
В) журналистердің квалификациясының деңгейі;
Г) редакцияның саясатына мемлекеттік органдардың, құрылтайшылардың және жарнама берушілердің ықпалы;
Д) баспасөздегі тұнықтық;
Е) ақпаратқа еркін қолжетімділіктің болуы.
Бұл жерде аталған факторлардың бәріне сипаттама беріп жату мақсаты қойылмайды. Медиафорумдарда, түрлі жиындарда, баспасөзде олар жеткілікті талқыланып жатады. Ал олардың арасынан қазақтілді баспасөздің тығырығына тікелей және пәрменді ықпал етіп отырған екеуіне сипаттама беру өте қажет. Олар – «Б» және «В» факторлар.
Контенттің сапасы, оның құрмы мен мазмұнының іріктелу тәсілдеріне және идеялық бағдарларына тәуелді. Баспасөз контенті құрамын іріктеудің негізгі үш келісі бар. Олардың бірі – медиа-бағытты келістің мәні бұқаралық ақпарат құралдарының идеялық бағытының адамның санасына ықпалына негізделуінде. Бұл келісті ұстанып ақпарат таратудың үлгілері тәуелді (жалданған) БАҚ-лардың әрекеттерінен айшықты көрініс береді. Мемлекет тарапынан қаржыландырылатын БАҚ-лар қайткен күнде оқырмандарын өздерін қаражаттандырушылардың әрекеттерінің «дұрыстығына» сендіруге тырысуға, биліктің әділеттігін, жақсы басқарып отырғанын нәсихаттауға мәжбүр. Бастысы, олар бұқаралық сананы бақылаудан шығарып алмауға тырсады. Санасына есірткідей әсер ететін, төпелеп беріліп жататын ақпаратқа жалпы интеллекті мен саяси санасы төмен адамдар қарсыласа алмай қалады.
Екінші келіс – баспасөздің адамға, оның рухани қажеттігін өтеуге бағытталуы. Бұл келісті ұстанатындар адамдардың талғамын зерттейді, олардың түсіп жатқан ақпаратты таңдап, өздерінің қажеттіктері мен мұқтаждықтарына икемдеп қабылдайтынына басты назар аударады. Адамдар ақпараттың өзіне жағатын бөлігін, ұнайтынын іріктеп қабылдайды, ал жақпайтын бөлігін санадан тыс қалдырады. Бұл бағытты ұстанатын басылымдар алдына бұқараның рухани өсуін, оны прогреске жетелеуді мақсат етіп қоймайды, «халықтың сөзін сөйлеп, мұңын шағып жатырмыз» дегенге сайып, қажеттіні емес, көпшіліктің құлағына жағатынды, оған ұнайтынды тереді. Сонысымен басылымның таралымын ұлғайтуды көздейді. Шынтуайттап келгенде, олар бұқараны рухани өрлеуге бастамайды, «арба – алда, ат – артта» дегендей, өзі бұқараның соңынан ереді.
Үшінші келіс – тұлғаны қалыптастыруды көздейтін бағыт (личностно-ориентированный подход) бойынша БАҚ айналада болып жатқан құбылыстар мен үдерістерді шыншыл сипаттайды, оларды бояусыз, идеологиясыз жеткізеді, талдауды ғылыми негізге сүйеніп жасайды, қарсы жақтарға тең сөз бере отырып, пікірталасты әділ жүргізеді, қорытындыны мүддесіз сарапшыларға жасаттырады және оны бейтарап жақтан ұсынады, кемшілікті нақты көрсетеді, ақырғы таңдауды тұлғаның өзіне қалдырады, оқырманды ойлантуға, саналы талдау жасауға, ақиқатты өзі тауып алып, қорытып, қабылдауға үйретеді, сонысымен өзінше ойлап, әрекет ете алатын, белсенді тұлғаны қалыптастыруға селбеседі. Бұл бағыттағы БАҚ алдына халықты тәрбиелеу, оқыту, соңынан ертіп (ат болып), бұқараны (арбаны) алға, өркениетке қарай сүйреу, демек, қоғамдық сананы қалыптастырып, бұқараны соңынан ертіп әкету міндетін қояды.
* * *
Қазақтілді баспасөздің таралымының ойдағы межеге жете алмай отыруының себебі неде?
Оның себебін түсіндіру қиын емес. Қазақтілді баспасөздің тығырыққа тірелуінің себебі – оның контенттің құндылық сапалылығының төмендігінде, оқырманды қызықтыра алмауында, пайдасыздығында. Қазақтілді газеттер мен журналдардың жариялап жатқан материалдарына тақырыптық және мазмұндық талдау олардың заманауи оқырманның – индустриялы даму жағдайындағы азаматтық қоғам адамының рухани талабын өтей алатын, оны соңынан ертіп, прогреске жетелейтін контент құра алмай отырғанын көрсетті. Осы келеңсіздіктер көркем өнер мен мектептегі білім контентінің сапасына да тән.
Әрине, қазақша баспасөзде де, сырттай қарағанда, ағымдағы мәселелер көтеріліп, қоғамның саяси-экономикалық және мәдени-әлеуметтік өмірінде болып жатқан жаңалықтар беріліп жатады. Ішкі және сыртқы саясат, экономика, биліктегілердің әрекеті, ғылымның аяқалысы, орта және жоғары білім, бизнес, демографиялық ахуал, жемқорлыққа тосқауыл қою мәселелері қозғалады. Кейбір басылымдар бұқараның қызығуын тудыратын танымдық (ғылымдағы, техникадағы, технологиядағы жаңалықтар, табиғаттағы ғажайып құбылыстар,..); адам өмірі мен қызметінің мәнін ашатын, ұрпақ тәрбиесін дұрыс жолға қоюға бағытталған, отбасы институтын жақтайтын материалдар да жариялап жатады. Әр баспасөз құралының ақпарат кеңістігінде белгілі бір сегментті ұстап тұруға тырысуы бар. Орыстілді әріптестерінен үлгі алып, жұмысын соларға ұқсастырып құрып жүрген қазақтілді басылымдар арасында таралымын салыстырмалы тәуір деңгейде ұстап отырғандары бар. Солай болса да, бәрінің де жетістіктері мығым емес, солқылдақ, алды бұлдыр.
Бұл тұста бір ескере кететін жайт – қазақтілді басылымдардың ұстанатын саяси-әлеуметтік бағдарларының бірдей емес екендігінде. Қазіргі Қазақстан билігі тарапынан қаржыландырылатын ақпарат құралдары медиа-бағытты келісті мықты ұстанады. Олар материалдық тәуелділік жағдайында, қаржыландырушы тарапынан берiлетiн нұсқау шеңберiнде, шектеулi ақпарат береді; өзектi идеяларымен және ұстанымды тұрғыларымен оқырманның қызығушылығын тудыра алмайды; таптаурындар мен үрдiстiлiктен шыға алмайды; ынтасыз; оқиғаның артын күтуге бейiм; рұқсат етілгенді сынаған болып, сынауға рұқсат етілмегенді мақтап шығып отыруымен, ілдәлдалап күнелтеді. Қоғамда болып жатқан саяси құбылыстарды өзіндік ұстанымды тұрғысын объективті жариялауға мүмкіндігі болмауынан ақпаратты мәймөңкелей беріп, нағыздықты буалдырландыра түсіндіруімен, бұйығылығымен өздерін бұқарадан алшақтатып отырады.
Қазақстан билігі БАҚ-ның бұқаралық сананы орнықтырушы функциясын терең түсінеді. Сондықтан оларды, әсіресе теледидрды өз уысынан шығарып алмау жағына сақ қарайды. Де-юре кейбір арналар жеке меншікте деп есептелінгенмен, де-факто олардың берілімдерінің мазмұны билік тарапынан қатаң қадағаланады. Іс жүзінде, бүкіл қазақ теледидарының контентінің құрамы мен мазмұнын толығымен билік айқындайды.
Мәселені талқылауға жол бермеу – қазақ тележурналистерінің, солардың ішінде билікке бағыныштыларының өздеріне тән тұрпатты «ауруына» айналған. Қандай өзекті болып тұрса да, мазмұнынан кілтипан таба алмаса да, ғылыми дәйексіздігін немесе заңға қайшылығын дәлелдей алмаса да, олар әділ сөзді жариялаудан түсіндірусіз бас тарта салады. Оның есесіне, жұмыс берушіге жағатын, дау тудырмайтын, сүреңсіз дүниелерін жариялауды жалғастыра береді. Теледидарға түсіру үстінде айтылған тың ойлар монтаждау үдерісінде қиылып қалады. Сондықтан мазмұн қалыптасып қалған сүреңсіз күйге түседі.
Осылай, қазақ сөзін айта алмау, өздік ағыспен кері әрекет механизмі іске қосылған. Оның кейбір ұстанымдары мынадай: мәселені талқылама – талқылау болған жерде кемшілік ашылып қалады; кемшілікті көрсетпе – көрсеткенде кінәлілер аталады (олар билікте), кінәлілерді атама – аталса шу көтеріледі; шу шығарма – шығарсаң басың пәлеге ұрынады,.. Осы ұстанымдарды бетке алған қазақ тележурналистері мәселені шештірмей, бұқараны аңтарылу күйіне түсіріп қойып, әрненің басын үстірт шалып, күнкөрісінен айырылып қалмаудың қамымен жүріп жатады. Шынтуайттап келгенде онысы игілікті істің шешімін таптырмау үшін күрес болып шығады.
Билік тағайындаған және жоғарыдан берілген нұсқаудан шықпай жұмыс жүргізетін қазақ тележурналистері тәуелсіздік жағдайындағы ширек ғасырға жуық уақыт ішінде эфирлік кеңістікті рентабельді бағдарламалармен толтыра алмады, бұқараны татымды, сапалы ақпаратпен сусындата алмады. Өмірді зерттеуге, одан өзекті мәселелерді таңдап ала білуге, оны қазіргі қазақ ұлтының қажеттіктеріне үйлестіріп, дайындап беруге олардың шамалары жетпеді.
Кеңес кезінде де қазақ тележурналистері Мәскеу арналарының берілімдерін көшіріп алып, қазақшаға аударып, жергілікті мысалдармен толықтырып, қайталап берумен айналысатын. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде де олар сол үрдістерін жалғастырып келеді. Ешқандай ілгерілеу болған жоқ, Қазақтар көрсетіп жүрген «Сен сұлу» бағдарламасы орыстардан алынған «Модный приговордың», «Халық талғамы» – «Контрольная закупканың», «Наша каzаша» – «Наша рашаның», «Жар-жар» – «Давай поженимсяның», «Бармысың бауырым» – «Жди меняның», «Екі жұлдыз» – «Две звездының» көшірмелері. Кез келген көшірменің түпнұсқадан солғын болатыны белгілі.
Қазіргі қазақ тележурналистерi ана тiлiнде ақпарат таратуға бөлiнiп берiлген уақытты рухани құндылық бола алатындай берілімдермен қамтамасыз ете алмайды. Эфирлік уақыттың кем дегенде 50 %-ын қазақ тіліндегі берілімдермен толтыру туралы нұсқауды орындай алмайды.
Саясаттанушы Ә.Ғалидың контент-анализі бойынша «Хабар» телеарнасы қазақ тілінде ақпарат таратуға бөлінген 50 %-дық талапты әрең ұстап отыр. «Еларнаның» берілімдерінің 60 %-ы орысшаға айналған. Қазақ тіліндегі апталық тарату мөлшері КТК-да 9,4 %, НТК-нікі 13,7 %, «31» телеарнада 16,2 %». (Ә.Ғали. Ниет бір, үміт үлкен. Қазақ әдебиеті, 7.01.2005).
Соның салдарынан, эфирді ешкiмдi қызықтырмайтын бiрдеңелермен – жазылып қалған сапасыз концерттер мен ескi фильмдердi қайталап берумен жағдайдан шығуды медет тұтуда. Оларын саналы адамның жан дүниесін аударып түсіретін, намысқа тиетін амалдармен жүзеге асырып келеді. Қазақ тележурналистері дайындағандарын, бәрібір ешкім көремйтінін біледі, сондықтан эфирге жұрт ұйқыға кеткенде – түнгі сағат 12-ден ертеңгі 6-ға дейінгі кезде шығарады. Сол үшін жалақы алып жүргеніне мәз, беттері қызаратын түрі жоқ. Осы «қулықтарын» әлі жалғастырып келеді. Телеберiлiмдердiң өзектiлiгiн арттыру мен мазмұнын заманауилендіру шараларын жасауға олардың шамасы келмейді. Қазір мемлекеттік тілдегі телеарналар эфирлік уақытты толтырудың жаңа қайнарын тапты, көрерменнің көркемдік талғамын өсірмейтін, шетелдік арзанқол сериалдарды қосып қоятын болды.
Рас, қазақ тележурналистері ресми хабарды – әкімшілік дайындап берген пресс-релизді оқиды. Кейде бір топ адамдарды жинап алып, белгілі бір тақырып айналасында пікірталас ұйымдастырған болады. Онысы ешбір келелі ойға бара алмағандардың қызылкеңірдек дауласуы болып шығады. Сол «пікірталастарда» айтылғандардан ешкім, ашқандай қорытынды шығармайды, бәрі ескерусіз қала береді. Олардың өздерінше өзекті деп жүргендерінің көпшілікі олай емес. Мысалы, тойда беташар өткізгенде үйленіп жатқандардың туыстарынан көрімдікке берілген ақшаны кім алуы керек деген сияқты, іске татымайтын тақырыптар болып шығады.
Қазақша берілетін негізгі өнімдерінің дені, сол баяғыша, ән жарысы, күй тарту жарысы, балалар мен жастарды жинап алып ән салудан бәйге ұйымдастыру, әншілермен сырласу сияқты танымдық функция атқармайтын, көркемдіктен де жұрдай, көрерменді кеудесінен итеретін бірдеңелерден тұрады.
Мысалы: біреу бір күйді тартып отрады да, кенет үзеді. Сол кезде «қарсыласы» оны ары қарай іліп әкетуі керек. Немесе «бұл әннің сөзін кім жазған?», «бұл әнді алғаш кім орындаған?», «бұл әннің неше нұсқасы бар?» деген сұрақтарды қойып, викториналар өткізеді. Соңғы кездері біреу әнді теріс айтып, өзгелер оның дұрысын табатын «шығармашылық түрлендірулер» пайда болуда.
Осының бәрі, сырттай қарағанда, «бізде теледидар бар, түрлі бағдарламалар көрсетіледі» деп есеп беру үшін, шетелдіктерге ақпарат тарату ісі дамыған ел деген түсінік қалдыру үшін ғана қажет сияқты. Шынайылығында, телеберілмдер контентінің сапалы болуын ойлап, салада істеп жүргендер арасынан ешкім бас қатырмайды. Журналистер халыққа объективті ақпарат жеткізу мақсатын емес, алдарына сайлау науқандары кезінде жеңіске жетуге тиісті кандидатты пиарлап, лас технологиялардың көмегімен оның қарсыласын ұрып беруші функция атқарады. Қалған уақытта теледидар бас қатырушы функция атқарады.
Ақпарат кеңістігінде болып жатқан құбылыстардың себебін түсінбеген Тіл білімдері ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары формалы заңның құйрығынан ұстап алып, «барлық телеарналардың кем дегенде 50 % – қазақ тілінде болуға тиіс» (Уәлиұлы Н., Фазылжанова А. Қоғамдық сананың түрлері және тіл бірегейлігі // Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының хабарлары. Тіл, әдебиет сериясы 4 (176), тамыз-шілде, 2009. 15-19 беттер) деп, жүрген жерінде қайталап айтудан, талаптарын өзеурей қоюдан жалыққан емес. Іс тетігі осыған ғана қарап тұрғандай, «журналистер межелі уақытты әдейі толтырмай отыр» деп ойлайтын аңғал тілші ғалымдар құбылыстың себебі басқада жатқанын, заңда көрсетілген межелі уақытты рентабельді телеберілімдермен толтыруға қазақ тележурналистерінің интеллект қуаты жетпей отырғанын әлі түсінген жоқ. Бүкіл қазақ тележурналистерінің бетке ұстарының бәрін жұмылдырғанда ұлттық теледидарда баршаға рухани азық болатындай, жапырлап көретін бағдарлама жасай алмайды.
Бұл – «г» пункттегі, журналистердің квалификациясы туралы мәселе. Ой жұтаңдығы, жаңа идеяларға тапшылық – бұлар аграрлы қоғам тілінің терең тығырыққа тірелуінің салдарынан болып отырған құбылыстар. Тіл аномалиясы жағдайында сындарлы ойға, прогресшіл идеяға орын қалмайды. Елдің қазақтілді және орыстілді азаматтары өркениет дамының түрлі басқыштарында тұр. Демек, даму сатысының төменгі басқышында тұрған, аграрлы қоғам адамының лингвемасымен сөйлейтін журналист даму сатысының жоғарғы басқышында тұрған, индустриялы қоғамның проблемаларын көре де, көтере де, шеше де алмайды.
* * *
Рухани тығырықты айғақтап беретін ой мен идея жұтаңдығының салдары мынаған әкеп тіреп отыр: қазіргі қазақша баспасөзде жарияланып жатқан материалдардың ішіндегі ең сәтті дегендерінің бәрін бір газетке жинақтап бергенде де ол басылым өтімді бола алмайды. Қазақтілді журналистердің ең мықты дегендерін жинап алып, цензура атаулыдан азат етіп, еңбекақысын он есе арттырып, материалдық базаны мейілінше ұлғайтып бергеннен кейін де олар көпшілік жабыла оқитын бір газет шығара алмайды, алдыңғы абзацта көрсетілген себеп бойынша.
Кейде қазақ журналистері тарапынан «неге біз орысшаны оқығанда, орыстілділер қазақша газеттерді оқымайды?» деген уәж айтылып жатады. Осы өкпелеу орынды ма? Қазақтілділер орысша басылымдарды оқымай қойса қайтер еді? Сөйте алама?
Жоқ! Заманауи адам өйте алмайды. Орысша баспасөзді оқымаған адам көптен құр қалады. Өркениеттен жырақта, анклавта қамалып қалады. Ақпаратқа қанбау күйін кешеді. Оның рухани қоржыны қоңылтақтанады.
Ал орыстілділер қазақтілді басылымдарды оқымай-ақ күнелте береді. Онысымен ештеңе жоғалтпайды. Қарапайым орыстілді азаматтарды былай қойғанда, қазақтілді жазушы Е.Раушановтың өзі жазушылардың газеті «Қазақ әдебиетін» оқымаса, ештеңесін жоғалтпайды» (http://kitap.kz). Оның себебі орыс тілінің қоғамдағы үстемдігінен емес, тіліне қарамастан, интеллектілі адамдар үшін қазақ газеттерінде жазылып жүрген материалдардың мазмұнының татымсыздығынан. Олар қазақша баспасөзден ақпарат ала алмаса, өмірлік компетенттігі кемшін болып қалмайды.
Қазақтілді баспасөз материалдарының дені орыстілділер үшін рухани құндылық бола алмайды. Олар үшін қазақтілді басылымдардан алынатын ақпараттың татымдылығы кемшін, дәйектілігі күмәнді. Контенттің сапалық қасиеттері өз алдына, орыстілділердің дүниетанымымен қазақ тілінде көтеріліп жатқан идеялардың өзі қабылданбайды. Өркениеттің омырылу сызығының қарама-қарсы жақтарында жайғасқан екі әлем өкілдерінің тілдері басқа болуына орай, айтар ойлары, көтеретін идеялары да үйлеспей тұр. Тәптіштей келгенде, орыстілді басылымдарда бар нәрсе қазақтілді басылымдарда жоқ.
Қазақтілді басылымдардың контентінің аймақтық шектеулілігін оларда қызмет атқарып жүрген журналистердің квалификациясының төмендігінен іздеу керек. Кейбір зерттеушілер тарапынан айтылған «қазақтілді баспасөз контентінің сапасыздығынан қазақстандықтар ақпаратты Ресейден (респонденттердің 88 %-ы) және дүниежүзілік БАҚ-лардан (респонденттердің 43 %-ы) алуды артық санайды» (http://www.kapital.kz) деген сияқты пікірлерді қазақ редакторлары шынайылықпен қабылдауы керек. Бұл айтылғандар негізінен билік тарапынан қаржыландырылатын басылымдарға қатысты болса да, тәуелсіз басылымдар үшін де сабақ болуға тұрарлық.
* * *
Өздерін тәуелсізбіз деп есептейтін қазақтілді басылымдардың дені екінші келісті ұстанады. Олар тақырыпты және мазмұнды адамға, алдымен ауыл тұрғынына бағыттайды. Ауылдың сұрғылт бейнесін, тіл мен мәдениеттегі тоқырауды, ұлтаралық қатынастардағы келеңсіздіктерді мұңды реңкте сипаттауға әуес.
Ауылдан шыққан журналист ауыл шаруасының алдына шыға алмайды, оның рухани дамуына селбесе алмайды, оған прогресс жолын көрсете алмайды. Ауылдың өркениетке қосылмайтын халін күйіттеп, мақаласын ауыл адамының түсінігіне шақтап жазады. Өзге дүниеде болып жатқандардың бәріне ауыл адамының көзілдірігінен қарап, тон пішеді. Ауыл адамының көкейін тескен қорасындағы күйкі тіршілігі болғанда, журналистің айтары да соны қайталау болып шығады: «үкімет ауылға баратын жол салып берсе», «ауылды ауыз сумен қамтамасыз етсе»,.. Осылай, қазақ журналисінің жазғанының мазмұны мен ауылдағы қойшының зарының арасында ұстанымды айырма жоқ.
Ауылдың соңынан еру дегеніміз осы. Ауылды жақтаушының рөлін ойнап, бәрін ауыл адамының ыңғайына лайықтаймын деп жүріп, шынайылығында, халқын көң астында көміліп жатқан ауылынан шығармау үшін барын салып жатқанын, арттағыны – кедейлікті, сауатсыздықты, сайлау учаскелеріне айдап кіргізілетін, топас электоратты жақтап шығып жүргенін аңғармайды. Ауылдықтардың мәдениетінің кемшіндігін, әлеуметтік аурулардың иектеуін, кедейлікті, саяси-құқықтық нигилизм жағдайында итшілеп күнелтуін айызын қандыра сипаттауға әуестік танытады. Көпшілік жағдайда оларды жалбарынып сұраушы кейпінде көрсету орын алады. Тақырып қуанышсыз, үмітсіз көтеріледі. Оқырманның көңілін күпті ету бар. Тек бұған кінәлінің кім екені және не істеу керектігі ешқашан көрсетілмейді.
Қазақтілді басылымдар ауылдың экономикасын арттыру мәселесіне қатысты тұшымды пікір айта алмайды, шаруаның санасына саңлау түсіре алмайды, оның білмегенін білгізе алмайды, оған қоңыраушы да, оны оятушы да бола алмайды, еш келелі ұсыныс та жасай алмайды. Ол ауыл адамын тек алақан жайып, сұраушыға үйрете алады. Сондықтан ауыл адамында XIX ғасырда өмір сүріп отырса да, өзінің бойын билеген сорлылықтан арылуға, әлеуметтік артта қалушылықпен күресуге, өткеннен іргесін аулақтап, болашаққа бет бұруға ұмтылыс жоқ, жанталаса қарманып, тығырықтан шығу жолдарын іздеу жоқ, өздерін адам-азамат ретінде сезіну жоқ.
Рационалдық-отаншылдық тұрғыдан мұнысы журналистердің өздеріне құптарлық болып көрінеді: «халықтың сөзін сөйлеп жатырмыз». Ал шынайылығында, бұлары қоғамның даму заңдылықтарына сай бола алмайтын, лаққан ағыс болып шығып жатқанын аңғармайды. Өйткені, «ауылым» деп зарлап жүріп, қазаққа жағу арқылы басылымның тиражын көбейту мақсатының тасасында ұлттық және мемлекеттік мүдделерге қайшы әрекеттер жасалып жатады.
Ауыл адамына білім мен мәдениет емес – «нан мен ермек», сындарлы ақпарат емес – өсек керек. Осы бағытты ұстанған басылымдардың таралымы тәуір болатынын аңғарған кейбір журналистер, тұрмыс аясындағы ұсақ оқиғаларға – танымал өнерпаздардың отбасында болып жататын шу, махаббат аясындағы опасыздық, алдау,.. сияқты «қызық» оқиғаларға (мысалы, «Жұлдыздар отбасы» т.б.) немесе әр түрлі мағынасыз ойындар мен анекдоттарға үйірлігін көрсетіп жүр. Бұған қоса, ауыл қазағы ашық болам деп тантып кететін, сөз еркіндігі берілді деп, аузына өлген көртышқан тістеп ресми ақпарат кеңістігіне шығатын авторлардың материалдарын «сүйіп» оқитынын көрсетті. Балағат қазақта «батылдық» ретінде, көбірек боқтап жіберу «жеңіске жеткендік» ретінде бағаланады.
Қазақтілді басылымдар контентінің өзінше арнайылығы ретінде олардың ұлттық мүддені көбірек діттеуін айтуға болады. Бұл мәселелердің халықтың келешегі тұрғысынан өзекті екені рас болғанымен, журналистердің оларды жеткізу амалдары орашолақ, түйін шешу ұсыныстары тиімсіз болып жатады. Ізгіниетті бірдеңені діттеймін деп журналистер кейде оқырманды теріс бағыттап жібереді, сонысымен қазақты өркениетке қосқанның орнына, одан ажыратып тастаумен айналысады. Ауылды қолдаймын деп Қазақстанның, ауыл адамын қолдаймын деп тұтастай қазақ ұлтының мүдделеріне қайшы келіп жүргендерін байқамайды. Мысалы, ауыл адамының таным көкжиегі шеңберінен қарағанда қазақты ауылға қайтару керек. Ал ұлттық мемлекеттік мүдде тұрғысынан, керісінше, қазақты урбандандыру керек. Сол сияқты, ауыл үшін мал басын арттыру тиімді сияқты, ал ұлттың қамын ойлайтын қайраткер жоғары технологиялы өндірісті қалада дамытуды және қазақты соған тартуды перспективалы санаған болар еді.
* * *
Таралымы салыстырмалы тәуір деп есептелінетін «Жас алаштың» көзірі оның ұлттық мәселелерді байбаламдап айтуды меңгергенінде және билікті сықпырта сойып салуға қол жеткізгенінде. Сонысымен бұқараның билікке қарсы бөлігінің алдында недәуір бедел жинап, қазақтілді басылымдардың ішінде таралымы салыстырмалы тәуір көлемде, авангардтық шептен көрініп жүр. Екі тілде шығатын «Общественная позицияның» таралымы негізінен орыс тіліндегі материалдарының есебінен жүзеге асырылуда. Ілдалдалап күн көріп жатқан өзге қазақ газеттерінің көбі материалының сапасымен емес, демеушілердің күшімен белгілі таралым мөлшерін ұстап отыр. Бәрінің қазіргі жетістіктері мығым емес, шатқаяқ, келешегі бұлыңғыр.
Қазақ басылымдарының жарияланым көлемінің мардымсыз бөлігі ғана оқылады десек, оған ресми ақпараттар мен аздаған танымдық материалдар жатады. Басым бөлігі заманауи адамның рухани талабын өтей алмайтын, қажетсіз, көбінесе оқырманды теріс бағыттап жіберетін, зиянды материалдар болып шығады. Олардың кейбір сандарында халықтың саяси-құқықтық сауатын көтеруге септігін тигізетін, тіпті, жай танымдық мақсатта оқитын ештеңе болмай шығады. Оның есесіне, идеологиясы теріс, психологиялық әсері бұқараны күйіндіретін, мазмұны рухты сөндіретін, мәліметтері дәйексіз материалдар толып жүреді. Орта интеллектілі адам алады, парақтап қарайды да тастай салады.
Баспасөз мазмұнды контенті арқылы, азаматтардың қазақ тілін үйренуге стимул тудыратын фактор ретінде көрінуге тиісті, үш негізгі арнаның бірі болып табылады. Әзірше, қазақтілді БАҚ-ның қоғамдық санаға әсері керісінше, кесірлі салдарлы болып отыр.
Осылай, қазақ басылымдарының өздерінің бұқараны оятушы рөлін атқара алмай келе жатқанына, мінеки, бір ғасыр болды. Оның арты созылмалы ауру сияқты ондаған жылдарға созылған тілдің тоқырауына, ауқымды рухани дағдарысқа әкеліп тіреп отыр.