4.2 Тіл, ой және әрекет арасындағы детерминдік байланыстар
Ізгі Сөз – Ізгі ой – Ізгі әрекет.
Заратустра заманынан келе жатқан, ежелгі даналық
Халықтың тiлi – оның рухы, халықтың рухы – оның тiлi, бұлардан басқа осындай шендесетiндi табу қиын.
В. фон Гумбольдт
Тiл бiздiң елiмiздiң бейнесiне әсер етедi.
Ю.И. Караулов
Тiлдiң қоғамдық өнім өндірісі үдерісінде ақпарат алмасуда адамдардың қызметін үйлестіру құралы ретінде пайда болғаны белгiлi. Ойды бiлдiрудiң формасы бола отырып, тiл сонымен бiрге сананы қалыптастыруда шешуші рөл атқарады.
Қазақ лингвистерінің алдында тілдің мемлекеттік мәртебесіне лайықты өз қызметін атқара алмауының түпкілікті себебін анықтау мәселесі тұрды. Тәуелсіздіктен кейінгі ширек ғасыр бойы толассыз дискурстен, жанкешті әрекеттен кейін бәрібір бұл мәселе шешімін таппады. Тіл толыққанды іс жүргізуде қолданылмады. Оны үйрену де, өзгеге үйрету де асан болды. Оның қаржыландырудың кемшіндігінен орыстілді тұрғындардың тілге қарсы бойкот жариялауына дейінгі аралықтағы көптеген себептері аталды.
Зерттеулердің осы тарауында тіл мәселелері бұрынғыдан өзгеше – тіл, ой және әрекет детерминациясы ракурсінде қарастырылады.
Зерттеу үдерісінің алгоритмдік реті мынадай:
тіл-ой-әрекет-нәтиже-үйренуге сүраныс.
Бұл мынаны көрсетеді:
– тіл ойды құрайды;
– ой әрекетпен жүзеге асырылады;
-әрекет нәтиженің сапасын айқындайды;
– нәтиже тілді меңгеруге мүдделілік тудырады.
* * *
Бұл жерде бiр мәселенiң басы ашық деуге негiз бар. Ол – тiлдiң ойға, ойдың әрекетке тура әсерi болатыны. Тiл қолданудың күйi ойлаудың сапасын айқындайды. Қазақ ойшылдары да үнемi қазақ тiлiнiң ойлауға әсерiне көңiл аударып отырған. «Қазақ тiлiнде, – деп жазды М.Жұмабаев,– қазақтың сары сайран даласы, басынан өткен тарихы, тұрмысы, қазақ халқының асықпайтын, саспайтын сабырлы мiнезi – бәрi көрiнiп тұр» [70: 72]. Олжас Сүлейменов тiл мен санаға қатысты былай деген екен: «Адам сәби күнiнен Сөз атмосферасына түседi. Сөз оны өсiредi, өшiредi, қуат бередi. Сөз адамның көркемдiк талғамын, көзқарасын қалыптастырады, санасын оятады» [71: 20].
Адамдардың қызметiнiң интеграциясындағы тiл-ой-әрекет түйдегіндегі детерминдiк байланыстар дамыған елдерде жеткiлiктi зерттелген. Бұл туралы айтқан ғұламалардың дерлiктей бәрi тiл-ой-әрекет арасындағы бiрлiктiң үнемi болатынын ешқашан жоққа шығармайды. Бұған қатысты орыс психолингвистерінiң бiрi Н.Левитов былай дейдi: «Ой сөз бен тiркестерге енгiзiледi. Тiл де сонымен бiрге. Тiлдiң дара және практикалық қолданысындағы датта сол тiлдiң шынайылығы немесе нағыз күйi көрiнiс бередi. Сөзсiз ой болмайды, сондықтан да, адамның ылғи да оның ойларының мазмұны мен бейнесiнде көрiнiс беретiн бағыттары тiлден бөлектенiп қалуы мүмкiн емес. Адамның мiнезiн айқындау үшiн оның қалай сөйлейтiнiн, аз ба, көп пе, шын көңiлден бе, әлде жалған ба, бiр тұрпатта ма, әлде әр адаммен әр түрлi ме, қандай тiркестердi көп қолданады, сөйлеу стилi қандай,.. екенiн бiлудiң үлкен маңызы бар» [72: 190-191]. Зерттеушi ойын былай жалғастырады: «Адамның сөз саптау стилi оның мiнездемесiн берерi анық. Адамның сөйлеу стилi оның жалпы эмоциялылығын, сонымен қоса белең алған эмоциясының сипатын да айқындайды» [72: 194]. Тiлдiң стилі жалпыға бiрдей қалыпқа енiп, одан сол тiлде сөйлеушiлердiң мiнезiне, сезiмдерiне, психикасына жайлап орнығып алады. Ал «мiнездегi ерекшелiктер адамның ауызша сөйлегенiнен де, жазбаша сөзiнен де, сөздiк қорынан да, морфологиясынан да, сөз құрауынан да, сөйлеу стилiнен де көрiнiс табуы мүмкiн» [72: 198].
«Тіл де сана сияқты көне; тіл дегеніміз практикалық, өзге адамдар үшін де, тек сонымен менің өзім үшін де өмір сүретін нағыз сана» [73: 29] деп жазған еді К.Маркс пен Ф.Энгельс белгілі «Неміс идеологиясында». Ойлаудың күйін, онда болып жатқан үдерістерді, ойлаудың деңгейін тіл арқылы білуге болатыны туралы жазған ғұламалар аз емес.
Батыс және Шығыс өркениеттерін олардың тілдері мен тарихы арқылы зерттеп, терең қорытындылар жасаған көрнекті ғалым Николай Конрад тілдің рухани дамуға әсері туралы былай деген: «адамзаттың интеллектілі дамуының ең айшықты және дәл көрсеткіші оның тілі болып табылады. Таным ойлау арқылы жүзеге асырылады; ал ойлау тек тілдегі дыбыстар арқылы ғана өзінің белгілі, «заттандырылатын» формасын құрайды» [51: 313].
Томас Гоббстың пайымдауынша «адамның өмір сүруіне, ізгілік әкелуіне қажет болатын санды, көлемді, жылдамдықты, күшті, басқа заттарды сөзсіз тану мүмкін емес. Сөз болмағанда ақиқат та, жалған да жоқ» [74: 25]. Келесі бір тұста ағылшын философы «ұғу дегеніміз – сөз арқылы түсінік алу» [74: 29] деп кескіндейд».
Тiл мен ой арасындағы байланыс өзiнiң төл объектiсi болуына орай философиялық герменевтикада кең ауқымда қарастырылады. Аталған бағыттың негiзiн салушылардың бiрi Х.-Г Гадамер былай дейдi: «Теология мен рационализмнiң конвенциалистiк сенiмдерiнен iргесiн аулақ салған соң ғана, Гердер мен Гумбольдт тiлдегi дүниетанымды көре алды. Ойлау мен тiлдiң бiрлiгiн тани отырып, олар бұл бiрлiктiң сол сападағы түрлi формаларын өзара салыстыру мiндетiне келiп тiрелдi. Бiз алдымызға герменевтикалық феномен шеңберiнде түсiну мен түсiндiрудiң бiрлiгi болып көрiнетiн ойлау мен тiл арасындағы ажырамас бiрлiктi сақтауға тырысамыз» [8: 469].
Герменевтикалық спиральдің келесі айналымында әрекет тұр. Адамның сөйлей бiлу және сауаттылық деңгейi оның әрекетiнен де көрiнiс табады. Ой сөзден, әрекет ойдан туындайды. «Сөзден шатасу, жаңылыс жазу мен қате оқу, қол сiлтеу мен түрлi қылықтар – осылардың бәрiнде мән бар,– дейдi ұлы психолог З.Фрейд,– солардың көмегiмен адам әдетте ең тереңде жатқан сырларын ашады» [75: 368].
Адам бойындағы барлық сапалық қасиеттер оған тiл арқылы дариды. Бiлiм де, мәдениет те, ғылым да оған тiлмен берiледi. Өйткенi, «Тiл – зерденің өзiнiң тiлi» [8: 467]. Жүйелi тiл жүйелi ойды құрайды. Тыңғылықты әрекет те содан басталады. Тiл түзiк болған жерде нәтиже үздiк. Керiсiнше, тiлдегi шалағайлық барлық кесепаттың төркiнi болып табылады. Кiбiртiк тiл бытыраңқы ойды тудырады. Ой тұрлаусыздығы әрекет шашыраңқылығына ұласады. Тiл, ой және әрекет бiрлiгi болмаған жерден тұрлаулы нәтиже күту мүмкiн емес. «Тiл мен ойлаудың iшкi бiрлiгi – тiл туралы ғылым ұстанатын алғышарт осы» [8: 468].
Адамның айналадағы нағыздыққа қатынас тәсiлi жануарлар сияқты өзiнiң денесiн сақтап, икемдеумен емес, орныққан қоғамдық тәртіптермен, машықтармен үйлесім табуға, ортаға бейімделуге бағытталған. Адамның қызметі өз мүддесі үшiн ғана емес, басқалардың да игіліктерін қамтамасыз етуге бағыштарлған. Ол ортақ қоғамдық өлшеммен бағаланады.
* * *
Дүние жүзiне танымал тiлтанушы данышпандардың бiрi – Вильгельм фон Гумбольдт: «Адамдардың халықтарға және тайпаларға бөлiнуi және олардың тiлдерiнiң әр түрлiлiгi арасында, әрине, өзара байланыс бар, алайда сонымен қоса, олардың бәрi олардан да жоғары реттегi үшiншi құбылысқа – әр қашанда жаңа және көбiнесе мейiлiнше жетiлген формада көрiнетiн адамның рухани күшiнiң әрекетiне тәуелдi»- дегендi айтқан екен [9: 46]. Осы ойын шыңдай келе ол келесі бір тұста тілді оның иесi болып отырған халықтың рухының сыртқы көрiнiсi ретiнде қарастырады. «Халық тiлi – оның рухы, халықтың рухы – оның тiлi, бұлардан басқа осындай шендесетiндi табу қиын»– деп категориялы қорытынды шығарды [9: 68].
Рационалистiк философияда рух санамен және ойлаумен теңестiрiледi. Иррационалистер оны ерiкпен, сезiммен, қабылдаумен, интуициямен қабыстыра қарастырады. Қалай болғанда да, халықтың мәдениетi, бiлiмi, интеллектілік қуаты, менталитетi, санасы, дүниетанымы бәрi бiрiгiп отырып, оның рухының сипатын айқындайды. Көркемдiгiмен тамсандыратын өзектi романдар, жан әлемiн баурап алып, әлдебiр аққуқанат армандар мен үкiлi үмiттерге жетелейтiн поэзия, қоғам өмiрiнде болып жататын алуан түрлi оқиғалардан түйiн шығаратын, мың сұраққа әкеп тiреп, ойлануға мәжбүр ететiн драмалар арқылы халықтың ойы мен санасы көркемөнер қайраткерлерiнiң шеберлiгiмен, тiлiмен берiлiп жатады. Осының бәрi ана тiлiнде жазылып, жасалып, бұқараға жеткiзiлiп жатса, халықтың тiлі мен рухы арасындағы жанды байланыс бар деуге болады.
«Тiлдiң ақиқатты артықшылығы тек тұнықтан бастау алып және қажеттi еркiндiкте болуында, адамның барлық интеллектілік күшiнiң қуатты қызметiне селбесуiнде, оның толыққанды қаруы қызметiн атқаруында, сақталып отырған бейнелi-сезiмдiк толыққандылыққа және рухани заңғасиымдылыққа арқа сүйеп, бұл күштердi үнемi қайта оятып отыру қабiлетiне ие болуында. Тiлдiң рухқа игiлiктi ықпал етуi осы формалы қасиеттерге барып тiреледi. Тiл – рух өзi сусындайтын қайнарлары қаңсып қалмайды деген үмiттi сенiммен толқындарын ағызатын арна» [9: 161-162]. Бұл қағидалардың барлық тiлдер үшiн релеванттылығы тарихи практикамен расталып отыр.
Кезiнде, өткен ғасырларда, қазақтардың рухы күштi болғаны белгiлi. Елiм деп еңiрегенде етегi толатын ерлер көп болды. Ол кездiң идеясы : «Отан үшiн отқа түс – күймейсiң». Ұлттық және адамгершілiк құндылықтар негiзiнде қалыптасқан менталитет болғанда, тiлдiң де мерейi үстем болып тұрды. Дуалы ауыздардың айтқандары афоризмдерге, өлең жолдарына айналып тарап жатты. Бiрақ тарих жолының соқтықпалы, соқпақсыз екендiгi белгiлi: қазақ қоғамының да шуақты шағы оның көлеңкелi тұстарымен алмасып жатты. Осылардың бәрi В. фон Гумбольдтiң «Тiл адамзаттың рухани дамуымен тығыз қабысады және мәдениеттiң әр кезеңiн бейнелей отырып, оның тұйықталған прогресiнiң немесе регресiнiң әр баспалдағында онымен бiрге болады»- дегенiндей [9: 48], қазақтың жасап жүрген әрекеттерінің оның тiлі мен рухынан бастау алып жатқанын аңғару қиын емес.
Тiлдiң сипаттамалары – лексикасының байлығы немесе кедейлiгi, сөйлегенде көсiлуi немесе кiбiртiктеуi, ол тiлде берiлген ақпараттың түсiнiктiлiгi немесе түсiнiксiздiгi, жазылған материалдардың мазмұндылығы немесе жұтаңдығы, қоғамдық практикада ақпарат алмасуда әмбебап қолданылуы немесе қолданылмауы, – бәрi тiл иесi халықтың зердесіне, философиясына, ақылағына, бiлiмi мен ғылымына, көркем өнерiне, психологиясына, менталитетiне, жинақтап айтқанда, рухына тура әсер етедi. Өйткенi, «тiлдiң құрылуы мен интеллектілік қызметтiң өзге түрлерiнiң жетiстiктерiнiң арасында даусыз өзарабайланыс бар. Ол… тiлдiң шығармашылық күшi тiлде жүзеге асырылатын дүниенi ойға айналдыру актысының өзi арқылы оның облысының барлық бөлiктерiне үйлесiмдi тарататын өмiр әкелетiн ағыста жасырынып жатады» [9: 67].
«Тіл дегеніміз шын мәнінде психикалық үдерістердің кең таралған және толық қамтылған торабының мәдени сақтаушысы болып табылады деп ойлауға бізде барлық негіз бар» [69: 255] деген екен белгілі америкалық тiлтанушы Э.Сепир. Осы тұжырымға сүйене отырып, сөз қолданыстағы шашыраңқылықтың сөйлеушiнiң ойында дағдарыс тудыратынын, тиiсiнше, ой тұрлаусыздығының әрекет шалағайлығына ұласатынын бажайлау қиындық тудыра қоймаса керек. Бұлар тiлдiң иесi болып отырған ұлтқа қатыстының бәрiнен көрiнiс табады. Қоғамдық өмiрдiң барлық салаларын қамтыған жалпы тоқыраудың iшiнде тiлдiң тоқырауы әлдеқайда қиынырақ салдарларға апарып соқтырады.
Рухани мәдениет мәселелерін зерттеп жүрген белгілі ғалымдардың бірі Бенедетто Кроченің «тіл мен өнер арасында тығыз байланыс бар» деген тұжырымын терең ойдың туындысы ретінде бағалай отырып, Э.Сепир бұл автордың «тілдің негізгі мұратын ашуға қол жеткізгенін» ерекше атап, оған баса назар аударған болатын [33: 26]. Кейіннен америкалық зерттеуші жалпыға бірдей әмбебап қағида ретінде қабылданып кеткен бұл бағытты бетке ұстай отырып, оны «адамның ойы құйылып тұратын форма, бұл шын мәнінде тілдік форма, ол адамның дүниетанымымен тура қабысып жатыр» [69: 255-256] деген тұжырыммен толықтырған. Демек, Э. Сепирдің пікірінше, халықтың көркем өнері мен дүниетанымы оның тілінің өндірімі болып табылады.
Адамның айналаны қоршаған дүниенің бейнесін қалай қабылдап, қалай түсiнетiнiн айқындаушы фактор ретіндегі тілдің рөлі туралы Дж.Трирдің, Л.Вайсгербердің, С.Эманның, Г.Брутянның тұжырымдарын тереңдей талдай келiп, Ю.И. Караулов: «әр тіл дүниені өзінше паршалайды» [76: 15] деп түйіндеді. Ары қарай зерттеуші адамның тілі арқылы жасалған тұжырым мен оның санасындағы бейненің тепетеңдікте болатыны, адам дүниенің бейнесін төте өзі емес, тек тіл арқылы көз алдына келтіре алатыны, тілдің семантикасын, синтаксисін, басқа сипаттамаларын өзгерту арқылы айналадағы дүниені басқаша көруге болатыны, демек, «тілді өзгерту арқылы елдің бейнесін өзгертуге болатыны» туралы ойларын тұжырымдады [76: 244-246].
* * *
Екі фактор – біріншіден, қазақ тiлiнiң лексикалық қорының денiнiң қоғам өмiрiнiң бiр аясын – негiзiнен ауыл өмiрiн және мал шаруашылығын сипаттайтын сөздерден түзiлуi; екіншіден – сөз қолданыстағы тұрмыстық стильдiң белең алуы бұқаралық деңгейде сана жұтаңдығына әкелiп соқтырды. Қоғамдық сананың төменгі деңгейі ретінде көрініс беретін жұтаң сана табиғат және әлеуметтiк құбылыстар туралы халық бұқарасының көпжылдық тәжiрибесiне негiзделген, жүйеге түспеген бiлiмдердiң жиынтығын бiлдiредi. Жұтаң сана құрамына топтың психологиясын түзетiн әдеттер, ғұрыптар, дәстүрлер, әлеуметтiк сезiмдер, фольклор және басқа нағыздықты игерудiң ғылымилықтан алыс, көркемдiгi қораш өзге түрлерi енедi. Сезiмдiк бейнелермен қатар, ойлаудың логикалық формаларымен (ұғымдармен, пайымдармен, зерделеумен) әрекет ету де болып жатқанымен, нағызында, жұтаң сана деңгейiндегі топшылауларды ғылыми қорытынды ретінде қабылдауға, оларға арқа сүйеуге болмайды.
Жұтаң сана шеңберiнде материалистiк және идеалистiк түсiнiктер, диалектикалық және метафизикалық элементтер араласып жүредi. Әдетте құбылыстар арасындағы қатынастардың жекелеген, сыртқы детерминделуiн бетке ұстап, жұтаң сана үдерiстердiң мәнiне жеткiлiктi тереңдеп ене алмайды. Сонысымен, адамдардың практикалық қызметiнiң кейiнiрек болатын салдарларын ескере алмайды. Жұтаң сананың нағыздықты игерудегi шектеулiлiгi, таным әлсiздiгi, адамдар арасындағы қатынастарды реттеудегi ұшқарылығы әлеуметтiк шағылудың объективтілігін қамтамасыз ете алмайды. Әдетте жұтаң сана деңгейінде жасалған тұжырым қате, сонысымен зиянды болып шығады.
Объективтi нағыздықты жүйеленген, логикалық реттiлiкпен және нақты сипаттау үшiн құбылыстардың шын мәнiн ашуға көмектесе алатын, олардың қажеттi қасиеттерiн, заңды байланыстары мен қатынастарын шынайы көрсете алатын теориялық сана керек. Теория жұтаң бiлiмдерге қарағанда өзiнiң жүйелiлiгiмен, логикалық реттiлiгiмен, құбылысты дәл сипаттауымен ерекшеленедi. Теория танымның алдына пiсуi жеткен мәселе қоятын және оны шешудi талап ететiн практикамен тығыз байланысты.
Ғылым болған жерде теориялық сана жұтаң санада орын алған эмпиристiк бiлiмдердi, халық даналығын қабылдайды, жүйеге келтiредi, оларды дамытады және байытады. Ғылыми бiлiмдер мен диалектикалық дүниетаным кертартпа элементтер мен түсiндiрулердi алып жүрген жұтаң сананы ығыстырып шығарады.
* * *
Ал қазақтың рухани әлемінде бәрі жұтаң сана деңгейінде ғана қарастырылып жатқандықтан, ештеңе шешілмей отыр. Аграрлық уклад тiлiндегi жүйесiздiк пен бейнелiлiк қоғамдық ойдағы шашыраңқылыққа, тиiсiнше, ол қоғамдық әрекеттегi шалағайлыққа ұласып, әлеуметтiк сипат алған тұрлаусыздықтарға ұласуда. Бұған дейін аномалды қолданыста болған, өнеркәсiптi қоғамға қызмет етуге дайындықсыз келген қазақ тiлiнде халықтың санасына саясат пен ғылымды жеткiзу, шаруашылық iсiн жүргiзу қиындыққа соқтырып отыр.
Тiл мен сауаттың меңгерiлу деңгейi iстелiнiп жатқан әрекеттiң нәтижесiн айқындайды. Ал қазақ тiлi мүлдем енбеген қоғамдық өмiр аяларында қазақтың ұлттық қолтаңбасы туралы сөз болуы мүмкiн емес. Мысалы, мықты деген қазақ тележурналистерiнiң басын қосып, қалай қинасаң да, заманауи кәсіпорындағы технологиялық үдерiстердің басқарылуы және ондағы адамдардың кәсіпқойлық шеберлігі туралы телеберiлiм дайындай алмас едi.
Тiлдiң ойға, ойдың әрекетке ықпалын рухани өмiр мысалдарынан да көптеп келтiруге болады. Ауыл лингвемасында iс жүргiзiлетiн салаларда қалыптасқан жағдайлар осының дәлелi боларлықтай, ақпарат берiлуiндегi күңгiрттiк ой бұлыңғырлығына, ой бұлыңғырлығы әрекет шалағайлығына ұласып, берекесiздiктiң ауа жайылуына алып келді. Бiз бұл жерде осы үдерiстiң барысынан туындаған түпкiлiктi нәтиженi – қазақ тiлiнiң индустриялы қоғамның әдеби тілі қалыптарына келтiрiлмегенiнен туындаған, әлеуметтiк деңгейде көрiнiс берiп отырған бейберекеттiкке кездесiп отырмыз. Қазақ тiлi iшiнара енген қоғамдық өмiрдiң кейбiр аяларында қазақтың қолымен iстелiнiп жатқанның бәрi дүмбiлез, нәтижесi күмәндi. Сөйлеуде жүйе болмаған жерден бұдан артықты күтуге болмайды.
Тiлдегi бытыраңқылықтың әрекеттегi шалағайлыққа ұласуының мысалдарын қазақ өмiрiнен – олар атқарған iстерден, көпшiлiк тұрғындары қазақтар болып келетiн аудандардың шаруашылығынан, iс қазақ тiлiнде жүргiзiлетiн мекемелердiң жұмысынан аяқ аттаған сайын кездестiруге болады. «Бiз халқымызды жан жүрегiмiзбен сүйiп қана қоймай, оның бойындағы кемшiлiктердi, жағымсыз қасиеттердi де көре бiлiп, соған намыстануымыз қажет,– дей келiп, Ө.Жәнiбеков,– Қазақстанның қай түкпiрiне барсаңыз да,.. ең сұрықсыз, кейде бұғағына дейiн көң басқан, сырты ақталмаған, шарбағы алқам-салқам, ауласында бiр түп ағаш та бола бермейтiн үй кiмдiкi?» деп сұрақ қойып, оған «қазақтiкi» деп өзi жауап берген екен [78]. Айтса айтқандай, қазақ ауылына баратын жол қиралаң болады; сабақ қазақша жүретін мектепке көпшіліктің сенімі төмен; қазақтар басқарған шаруашылық өнiм бермейдi; қазақ газеттерi мен кiтаптары өтпей жатады;.. Осылай қазақтың қоғамдық өмiрiнде, тұрмысында, мәдениетiнде, тiршiлiгiнде, бәрiнде басы болса – аяғы жоқ, аяғы болса – баяны жоқ, түрi болса – тұрлауы жоқ, берекесiздiк орнаған. Өйткенi, «тiл қызметтiң жемiсi емес, қызметтiң өзi… Тiл ойды жеткiзуге жарайтын артикуляцияланған дыбыс шығаруға бағытталған рухтың үнемi жаңарып отыратын қызметiн алып жүредi» [9: 70]. Ойы дұрыстың iсi де дұрыс. Шалағай ой нәтижесiз әрекетке бастайды. Қазiргi Қазақстанның рухани өмiрiнен бiз оның әлеуметтiк ауқымдағы мысалдарын көрiп отырмыз.
Қазақ тiлiне қатыстының және қазақ ұлтымен ассоциацияланатынның бәрінің ойсырап тұруы, тиiсiнше, детерминдік салдар – үрку үрдісін тудыруда. Бұған дейінгі кезеңде қоғамда қазақшадан қашу немесе қазақ болғанына арлану, болмауға тырысу құбылыстарының орын алып келгені белгілі. Мұндайда төмен өркениеттiң өкiлiнiң жоғары өркениеттi халықтiкiне жармасуы және оның тiлi мен мәдениетiн қарқынды меңгерiп алуы заңды құбылыс. Г.Тард «тiлi мейiлiнше кедей жабайылардың, өркениеттi игеруге қабiлетi жетпей тұра, өркениеттi тiлдердi тез меңгерiп алатыны» [10: 283] жайында жазған болатын. Сол сияқты, өнеркәсiптен адыра қалған, қаладан қашуды әнге де, сәнге де айналдырып жүрген қазақ та, өз тiлiн ұмыта отырып, орысша, кейiнгi кезде ағылшынша былдырлауға әуестiк танытуда.