VI тарау. ТІЛ ТАҒДЫРЫН ШЕШУШІ БУЫН

Білім қоғамды тұншықтырып отыр. Бүгінгі айғақ ертеңгі адасуға ұласуда. Келешекті соққыдан қорғау үшін білім берудің постиндустриялы жүйесін бүгін жасау керек.

А.Тоффлер

Дәуірдің қайта өрлеуі дүниетанымның жаңаруынан бастау алады.

А.Швейцер

6.1 Мемлекеттік тіл және білім берудің кейбір мәселелері

Мектепте білім беру жүйесі – тіл тағдырын шешуші буын.

Үйренуші мемлекеттік тілді орта және жоғары мектепте меңгере алмаса, оның есейгенде, қоғамдық жұмыспен, отбасының қамымен қабаттастыра жүріп тілді меңгеруі екіталай. Тіл үйрететін «орталықтар» дегендердің жұмысында нәтиже болмады, болуы мүмкін де емес.

Тілді меңгертудің барлық жағдайы тек мектепте ғана жасалуы мүмкін. Оқулықты, әдістемелік құралды қолданып, маманның оқытуы; тұрақты сабақ кестесі; педагогикалық технолгияны, мультимедиалық бағдарламаларды пайдалану,.. бәрі тек мектепте ғана ойдағыдай жүзеге асырылуы мүмкін. Тек мектепте ғана түрлі стимулдар (соның ішінде – баға) арқылы балаға тіл үйренуді міндеттеуге, одан тіл білуді заңды түрде талап етуге болады. Бұған тіл үйренушілердің (оқушының) тұтастай тартылуын қосыңыз.

Ересектер интеллектілік потенциалын тіл үйренуге толық жұмылдырмайды («керек еді маған қазақтардың былшылы»). Қазіргі таңда оларды шын ниетімен тіл білгізуге ынтықтыру мүмкіндігі жоқ («қазақ тілін үйренуден маған келері бар ма?»). Тек мектепте ғана оқушыны бар интеллектілік қуатымен мемлекеттік тілді үйренуге жұмылдырып, оның балаға тән білімге құмарлығы мен қызығушылығын оңтайлы пайдалана отырып, тілді меңгертіп жіберуге болады.

* * *

Жас ұрпақ өкілінің мемлекеттік тілді үйренуге мүдделілігі білім беру контентінің сапасына тура байланысты. Орта және жоғары оқу орындарында берілетін білімнің құрамы, мазмұны және олардың игерілу сапасы тіл үйренуге құлшыныс тудыратын шешуші факторлардың бірі болып табылады.

Егер қазақ тілінде берілетін білім контентінің сапасы заманауи адамның талаптарын қанағаттандыра алса, онда ата-ана баласын ол тілде сабақ оқытылатын мектепте оқытуға құлшынады, демек, бала тілді де біліп алатын болады. Ал керісінше, мектептегі білімнің мазмұны мен сапасы оны қанағаттандырмаса, онда ата-ана баласын ондай мектепте оқытудан бас тартады, тиісінше, мектепте сабақ жүретін тілге де құштарлық танытпайды.

Қазақ лингвистері сияқты, қазақ педагогтарының да қаперіне мүлдем кірмеген, талқыланбаған, талқыланса – жеріне жете басы ашылмаған, сондықтан және басқа себептерден білім беру практикасына енгізілмеген мәселелер көп. Олардың кейбір маңыздылары мыналар:

– білім беру парадигмасын таңдау, олардың ғылыми негізделуі, қоғам дамуына ықпалы;

– Қазақстанның өздігінен білім беру саясатын жүргізе алмауы, Ресейлік знаниецентристік білім беру шеңберінен шыға алмауы, білім беру үдерісінің толық формалылануы;

– білім беруге компетенттік келіс, мектеп бітірушінің функциялық сауаттылығы;

– білім беру үдерісін ұйымдастырудың институционалдық аспектілері,  тағы басқалар.

Тәуелсіздік жылдарында білім беру саласында бір қатар құрылымдық реформалар жасалды. Орта мектепте бітірушілердің білімін бірыңғай тестілеу (ҰБТ) арқылы анықтау енгізілді. 12 жылдық орта білім беруге көшу қолға алынып отыр. Жоғары мектепте оқыту үдерісін кредиттік жүйе бойынша жүргізу, екібасқышты жоғары білім (бакалавриат және магистратура) беру, диссертациялық зерттеулерді PhD жүйесі бойынша жүргізу сияқты технологиялар білім беру практикасына енді. Мұғалімдер Батыс елдерінде қолдынылатын педтехнологияларды меңгеруде.

Алайда, білім беру үдерісін ұйымдастыруда құрылымдық өзгерістердің енгізілуі дерліктей формалы сипат алғандықтан, қисынды байыбын таппады. Сол себепті, қаншалықты жетілген болса да, олардың ықпалы сезілмеді, саланың қызметі жанданбады. Білім берудің сапасы да артқан жоқ, керісінше, қазір оқу орнын бітірушілердің интеллектілік деңегйінің төмендеп кетуіне наразылық дауыстар жиі естілуде. Қазіргі таңдағы қазақтың рухани күйін тереңірек түсіну үшін осы мәселелердің әр қайсысына жеке тоқталау керек.