3. Орыстілділер – шешуші күш

Ұлттық мемлекеттің тәуелсіз өмір сүру тәжірибесі қазақ тілі мен мәдениетінің мәселелері тек қазақтілді қауымның күшімен шешілмейтінін көрсетті. Отан тағдырына тікелей қатысы бар іске енді өзін осы елдің азаматымын деп, Қазақстанды Отаным деп есептейтіндердің бәрін қосу қажет. Қазақ тiлiнiң тағдыры оны үйренушi субъект – елдің орыстiлдi азаматтарының қатысуымен тезірек шешіледі. Тілдің мемлекеттiк болуы немесе бола алмауы орыстілді қала әлемі өкілдерінің оған қатысты ұстанатын тұрғысы мен әрекетінің сапасына тікелей байланысты.

Бұған дейiн орыстілді қазақтар қазақ тiлiне қатысты бұйығы тұрғы ұстанды, iстiң артын күттi. Оның өзiндiк себептерi болды: олар тiл мәселелерiн зерттеумен монополиялы айналысатын қазақ тiлшi ғалымдарына, олардың бар iстi нәтижелi тындыратынына сендi. Оларға тiл мәселелерiн зерттеу, оны үйрету әдiстемесiн жасау және ұйымдастыру iстерiн тiлшi ғалымдардың өз қолдарына алуы табиғи және заңды болып көрiндi. Ана тiлiнде сөйлей алмау «кiнәсiнен», оның себебiн түсiне алмай, өздерiн бұйығы ұстады. Кейiн қазақ лингвистерiнiң тарапынан «қазақ тiлiнiң толыққанды қызметiне мүдделi емес күш» ретiнде сипатталып, «патриотизмнiң кемшiндiгiмен» кiнәланғанда, олар терең фрустрация күйiн кештi. Қазақ тiлiнiң практикасы бұл кiнәлаудың әдiлеттi еместiгiн көрсетiп отыр.

Елде үнемі молынан үшырасып отыратын рухани даму мәселелерін зерттеушілердің жаңа және пайдалы идеяларын тауып, оларды қолдай отырып, орыстілділер мәселеге белсенді араласуы, құбылыстың тереңде жатқан себептерін іздеуі, табуы, табылған дәйекті бағыттарды қолдауы және түйіннің түпкілікті шешілуіне селбесуі керек. Орыстiлдi азаматтар тіл үйренуші субъект рөлінде болуымен қазақ тiлiн созылған тығырықтан шығарып ала алатын шешуші күш болып табылады.

Олар мол интеллектілік қуатымен, рухы мен менталитетi жағынан индустриялы қоғамға көбiрек кiрiгуімен, дамудың бұл басқышындағы ұлттық әдеби тілдің қандай болуы керек екенін тереңірек байыптай алады. Тұрғындардың қазақ тiлдi емес бөлiгiн және азаматтық қоғамның құрылымдарын бiртұтас қазақтiлдi кеңiстiк құруға жұмылдыра алу қазақ ұлтының тағдырына қатысты мәселенiң түпкiлiктi шешiлуіне бастап апарады.

* * *

Жоғарыда келтірілген негізгі идеялар іске қосылғаннан кейін қазақ тілін қоғам мүшелерінің бәріне конституциялық міндеттілік ретінде меңгертудің шынайы мүмкіндігіне қол жеткізуге болады.

Қазақ тілі өркениет көшіне қосылар тұстағы ұлы өзеннің жағасына келіп тұр. Осы уақытқа дейін ол өзеннің әр тұсынан кешіп өту амалдарын жасады. Бірақ асау ағыс ырық бермеді. Өйткені, ол ежелгі дәуір философы Конфуций айтқандай, «ұлы өзеннен өткелмен өткен қолайлы» [Конфуций. Уроки мудрости. – «Эксмо-ПРЕСС» Москва, «ФОЛИО» Харьков, 2002. С. 762.] екеніне назар аудармған еді.

Біз өткелдің қай тұста екенін білеміз…